«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒА ТҰҒЫРЫЛ ХАН

Авторы tugurul
1168 қаралым

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Д.Ә. Абаевтың төрағалығымен 2021 жылғы 20 тамызда ономастика жұмыстарын жүргізу туралы өткен жиналыстың хаттамалық тапсырмасының 2.2-тармағын орындау мақсатында ономастикалық жұмыстарын жүргізу туралы өзектендірілген «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізілген Тұғырыл хан туралы деректер.

ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒА ТҰҒЫРЫЛ ХАН
Түркі қағанаттарының жалғасы болған Керей, Найман, Қоңырат, Қыпшақ, Меркіт, Оңғыт(Уақ), Татар, Монғол, Жалайыр т.б. тайпалары бір бәйтеректің алтын бұтақтары.
Керей тайпасы жыл санауымыздан бұрынғы II-III ғасырларда мәлім болған ұлыстар мен тайпалардың бірі. Қытай, парсы деректері және Әлкей Марғұлан секілді тарихшылар керейлерді «Санбилер тұсынан әлемге әйгілі қазақ тайпасының бірі» деп жазған. Көне деректерде керей атауы «керейт» түрінде кездеседі. Мұндай деректер XIV ғасырдағы парсы тарихшысы Рашидденнің «Жамих-ат тауарих» кітабында, Әбілғазы Әл-Хорезмидің «Түрік шежіресінде» де бар. Кейбір ғалымдардың пайымынша керейт атауы болса, ескі күндердегі, ғұн елінің «кер» немесе «ғар» сөзінен өзгерген. Оның сол замандағы мағынасына келер болсақ, «асқақ», «жоғарғы», немесе «биік» деген мағынаны білдіреді. Қазіргі қазақ тілі мен моңғол тілінде сақталған сөздер ішінде де кездеседі. Айталық, қазақ тілінде «асқар», «талғар», «құз-ғар» (құзар) т.б. сөздерді еске алсаңыз, керейт сөзі де өзіне тән ескі жалғау, жұрнақтары «-ейт» арқылы «асқақтар» немесе «өрелі ел» деген мағынаны білдіреді.
Тағы бір тарихшылар тарихтағы тоғыз-оғызды керейлер деп қарайды да, олардың түрік елін қалыптасырушы негізгі тайпа болғандығын атайды. Және де «ұйғырлар» (ұйғырлар бүгінгі ұлт атауы емес «тайпалар одағы» немесе «біріккен» деген мағынада) аталып келген елдің негізгі иесі де осы тоғыз-оғыздар болғанын, Шығыс түрік қағанаты құлағаннан кейін де оның заңды мұрагері ретінде билік құрып, ел атауының «Керейт мемлекеті» болып жалғасқанын тілге тиек етеді. Тіпті Қожаберген жыраудың жырында да: «түріктен тараған ел тоғыз дейді, тартатын күй аспабы қобыз дейді» деген жолдар кездеседі.
Керей мемлекеті IX ғасырдың аяғында Алтай алқабы мен бүгінгі Монғолия далаларының батыс және солтүстігінде қалыптасады. Керей тайпалары көсемдерінің екі ордасы болған. Солтүстік ордасы Орхон өзені бойындағы Қатынбалық қаласында және оңтүстік ордасы Хуаңхы өзені бұрылысының теріскейінде. Орхондағы Бас орда өте қолайлы географиялық жерге – тоғыз жолдың торабына орналасқандықтан, өзге елдермен әр түрлі қарым-қатынас және сауда дамуына да аса қолайлы болды.
Керейлердің ірі мемлекет болуына байланысты сол төңіректегі басқа елдер мен ұлыстардың олармен санаспауы мүмкін емес еді. Тіпті бүгінгі қазақстанның өзін-өзі әлем діндерінің орталығы деп атағанындай, керей мемлекеті де әлемдік діндердің бас қосатын рухани орталығы, сауда-саттықтың түйіні болды. Мұсылман діні кіруден көп ілгері христиан, будда мәдениетінің де көп ықпалы болған. Десе де халқының басым бөлігі Тәңіршілдік дінін ұстанып, Көкке (Тәңірге) табынды. Жер-су (Иер-су), бұғы-марал секілді аңдарды қасиеттеді. Шын мәнінде олар аспанда бір ғана тәңір бар деп, исламдық нанымға өте жақын өмір сүрді. Керей хандығына енген негізгі тайпалардың санын Рашид-ад-Дин «200 мыңдай халқы бар еді» деп көрсетеді. Ал Арстов болса: «10 ғасырдағы керейлердің жан саны 900 мың адамға жеткен» деп жазған. Керей хандығы ХІІ ғасырдағы Маркуз Бұйрық ханның тұсында гүлденіп-көркейген әйгілі мемлекетке айналды. Орта ғасырлық жазбалар Керейлер елін «Алтын кеседен ас ішіп, алтын ер-тұрман сайлаған бұл халық еді» деп көрсетеді. Тайпалар мыңдықтар мен жүздіктерге бөлінген. Олардың бас қаласы Қарақорым болды. Маркұз Бұйрық ханның ұлы Құржакұз Бұйрық хан қаза болғаннан кейінгі тақ таласында немересі Тұғрыл хан (Уаң хан) тарих сахнасына көтерілді.
Тұғырыл хан 1130 жылы туған. Шыңғыстан 32 жас үлкен. Есукейдің серт байласқан досы.
Ол осы тұста өмір сүрген жеке тұлғалар арасындағы әйгілі адамдардың бірі еді. Бірнеше жылдың алдында монғол археологтары Тұғырыл хан ту тіккен Тула өзенінің бойындағы ескі хан ордасына кешенді түрде қазба жұмыстарын жүргізіп, толыққанды зерттеуді бастады. Тұғырыл ханның ордасы бүгінгі моңғолияның ел астанасы Ұлан-батырдан 30 шақырым жерде Тула өзенінің бойына аспанмен бой таласқан Боғда тауының етегіне орналасқандықтан кейіннен «Хан тауы» атанған. 1204 жылы Керей хандығы құлағаннан соң Шыңғыс ханның орда құруына байланысты тарихта «Шыңғыстың ІІІ ордасы» деп те аталған.
Тұғырыл хан батыстағы Еуропа және шығыстағы Қытай мәдениетінің жетістіктерін толық пайдаланып, өзінің Хан ордасының сәулеттік құрлымын аса шеберлікпен салған.
Бүгінгі (2010 жылдар) хан ордасына жасалған қазба жұмыстарының дәлелдеуі бойынша құрлыстың архитехтурасы шығыс үлгісінің мәнерінде жасалған. Жоғары шатырдан аққан суды пайдаланатын канализация жүйесінің сорабы жақсы сақталған. Сарайдың ішкі жағының төбесі шығыстық мәнер бойынша безендірілген. Дала аңдарының бейнесі көркем түрде нақышталып қабырғаларға қашалған. Айдаһар, мешін, пілдің мүсіндері, гүлдердің әсем оюлары бейнеленген заттар, Үнді-қытай зергерлерінің қолынан шыққан жәдігерлер көптеп табылған.
Бұлардан сырт қазба жұмысы барысында табылған тағы басқа дүниелер зерттеушілердің назарын ерекше аударған. Атап айтқанда, шығыстық жыл санаудың дәстүрлі 12 жануар бейнеленген, дөңгелек формалы, ортасы тесік, алтын жалатылған «Уақыт есептегіш құрал» мен бұдан басқа бірнеше түрлі сиынатын пұттар мүсінінің табылуы «Тұғырыл хан христиан дінін ұстанған» дегенді жоққа шығарады. Сол кездегі айналадағы елдермен болған әр түрлі қарым-қатынастардың қажетіне қарай орда төңірегіндегілердің ішінде аз санды адамдар христан дінін ұстанған шығар, бірақ жалпылық жақтан олардың басым көпшілігі тәңіршілдік дінінде болды.
Кейінгі тарихымыздағы, әсіресе, керейлер өміріндегі шамандық және тәңірлік табынудың айқын белгілері күні бүгінге дейін сақталып келеді. Айталық, тәңірге қатысты: «тәңір жарылқасын», «тәңір тілеуіңді бергір», «тәңір атсын», «тәңірге тапсырдым», «тәңір қолдасын», «құмырысқаның тас басқаны тәңірге аян», «иттің иесі болғанда, бөрінің тәңірісі бар», «кезек екі, тәңір бір» секілді толып жатқан сөздер бар. Және де мұның барлығында да «Тәңірдің біреу ғана» екені айтылады. Керейлер арқылы қағандыққа көтеріліп, әлемді тітіреткен Шыңғыста осы «бір ғана Тәңірге» сиынған. Бүгінгі заманғы жаңаша ойлы ғалымдардың көзімен қарағанда Тұғырыл хан және ол басқарған керей мемлекеті орыс, қытай деректерінде көрсетілгендей орта деңгейдегі қарапайым ел болмаған. Монғол империясының тарихын зерттеушілер: Шыңғыс қағанның алғаш адам болып, ат жалын тартып мініп, күйзелген елін бүтіндеп, күйреген жұртын жинауы осы Тұғырыл ханның арқасы екеніне еш шүбә келтірмейді. Тіпті моңғол ұлтының арасында күні бүгінге дейін өздерін мақтанышпен Тұғырыл ханның әулеті санайтындар да аз емес. Осы жолдардың авторы (Ж.Шәкенұлы) ежелгі Түркі жұртын кезіп, Тұғырыл ханның қыс қыстау, жаз жайлауын көргенде Ұланбатыр өңіріндегі жерлік ауылдағы моңғолдардың ол орындарды қасиеттеп «Тоғырыл ханның – Уан ханның жұрты» деп күні бүгінге дейін ақтық байлап әспеттейтінін де өз көзімен көрген.
Тарихи деректер бойынша Алтын елінің императоры Тұғырылға «Хандардың ханы» деген мағынамен «Уаң хан» деген атақ беріп, кейін келе ол ханның есімі ретінде аталып кеткендігі айтылады. Тегі италян, жиһангер Марко Поло: «Әлемге аты әйгілі, әсіресе еуропалықтар қатты әсерленетін шығыстағы «Иоан поп» дегеніміз осы «Уаң хан»» деп жазады. Орыс жылнамаларында «Ван хан» деген атпен белгілі. Кейде «Оң хан» деп атайтындар да бар. Тұғырылды христанға телушілер өз кезіндегі империялық саясаттың қажеті үшін сондай дақпыртты оң ұпай көрді.
Заман өте келе Тұғырыл хан да Шыңғыспен шайқасып жеңіледі. Шегініс жасап батыстағы найман хандығына бас сауғалап бара жатқанда шекара күзетіндегі қарауылдар қолынан оқыс жағдайда қаза табады. Кім екенін танымай оқиятта өлтірілген адамның атақты керей Тұғырыл хан екенін кеш таныған найманның Таянханы қатты қайғырып, оның бас сүйегін күміспен күптетіп, өзінің алтын тағының үстіне қойып аза тұтқан екен. Бұл 1204 жылы болған оқиға. Сол сәттен бүгінге жеткен жоқтауда:
Уа, Тұғырыл, Тұғырыл,
Айбатты алып хан едің,
Даңқың кеткен әлемге,
Атағы зор жан едің,
Құтлық әже өсірген,
Бұйрықтан туған дана едің…, – деген жыр жолдары бар.
Тұғырылдың інісі Жақа батырдың асқан сұлу төрт қызы болған. Оның үшінші қызы Сұртоқтыға Шыңғыс ханның кіші ұлы Төлегетай үйленеді. Сұртоқтыдан атақты хандар – Мөнке, Құбылай, Құлағу, Арықбұқа төртеуі туған. Демек, қазақтың «ер тағайына тартып туады» (тағайы – нағашысы) немесе «жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» деген сөздері осындайға қаратылып айтылған ғой. Атақты Тұғырыл ханның жиендері бүкіл әлемді алақанына салған әйгілі тұлғаларға айналды.
Тұғырыл хан өлгенмен оның халқы торғайдай тозып кеткен жоқ. Олар Шыңғыс ханның түркі-моңғол әскерлері құрамындағы негізгі күшке айналды. Әлемді ат тұяғымен бағындырып, қазақ халқының қалыптасуына негіз болды. Шын мәнінде қазақ мемлекеттігінің төркінін ұлт ретінде атала бастаған бергі тарихтан емес, арғы дәуірдегі қыпшақтар, қаңлылар, меркіттер, керейттер мен наймандардың мемлекеттерінен қарастырған жөн. Қыпшақ-Керей дәуірі Шыңғыс ханның жорықтарымен аяқталып, енді Қазақ халқы өз тарихындағы шешуші кезеңге – Алтын Орда-Ақ Орда кезеңіне аяқ басады. Бұл кезең Шыңғыс ханның көшпенді империясының құрамына енген қазақ халқының байтақ жерінде «Жошы ұлысы» және «Шағатай ұлысы» деп аталған мемлекеттердің құрылуынан басталады.
Жәди Шәкенұлы

Ұқсас жазбалар