«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Ақыт қажы мешітіне 25 жыл

Авторы tugurul
568 қаралым

Асылбек Баяжұма

Кеше Қарағандыда дүбірлі той өтті. Қазақтың ақыны, дін қайраткері, ағартушы Ақыт қажы Үлімжіұлы атындағы мешіттің 25-жылдығы аталып өтті. 1996-жылы іргетасын жас имам Мамбар ұлы Жанарбек қалап, тапжылмастан 25-жыл имамдық қызмет атқарып келеді. Тойда Монғол Парламентінің мүшесі Бәделхан Қабдыисламұлы, Монғолияның бас мүфтиі Батырбек қажы Қадысұлы, Түркиядан Ақыт қажының қызы Мастура Ақытқызы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басқарма басшысы Байжұма Асылбек, Қарағанды облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Ерлан Құсайынов, ҚМДБ Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ Бекқожа, “Тұғырыл хан-Он хан” корпоративтік қорының төрағасы Асылхан Игібаев, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері, белгілі жазушылар Болат Бопайұлы, Жәди Шәкенұлы, Назарбек Мәненұлы, “Қожаберген батыр” қоғамдық қорының төрағасы Жұлдызбек Қойшыбайұлы, “Зерделі ақыл ой дамыту мектебі” жүйесінің директоры Рысбек Мәуіт, өнер қайраткері Меруеш Башай, ауыл тұрғындары атынан Қашақаев Қалиасқар, Жекебаева Роза апа құттықтады. Кешті “24kz” телеарнасының тілшісі, журналист Дәуренбек Бағдаулет жүргізіп отырды. Кеш қатысушылары Сортировка ауылындағы жаңа қорым басына барып құран оқып, мешіт жанындағы Ақыт қажы өлеңдері басылған тастың ашылу салтанатына куә болды. Сонымен қатар Сортировка ауылындағы теміржолшылар Мәдениет Үйінде өткізілген тамаша құттықтаулар, ән-күйлер мен сыр-сұхбатты тамашалады. Мешіт асханасында ас беріліп, құран бағышталды. Ең қызығы қазақтың балуан күрес, арқан тарту, гир көтеру, қой көтеру сынды спорт ойындарында болды. Жүлде қорына 1-млннан астам тенге тігілді.

Бас демеушісі “Тұғырыл хан-Он хан” корпоративтік қорының төрағасы Асылхан Игібаев. Сайдың тасындай тізілген азаматтар арасында жүлделер үшін талас пен тартыс ерекше өтті. Сонымен бірге “Керей молқы” халықаралық қайырымдылық қоры офисінің ( төрағасы Жанарбек Мамбарұлы) ашылу салтанаты өтіп “Тұғырыл хан-Он хан” корпоративтік қоры атынан автокөлік сыйлады. Жалпы алғанда, рухани кеш жоғары деңгейде өтті. Тәуелсіздіктің 30-жылдығы, “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында өткізілген кеште Ақыт қажының өмірі мен шығармашылығын дәріптеу, өскелең ұрпаққа жеткізу мәселесі де қозғалды. Бірлігі бекем, ұлтым деген Жанарбек Мамбарұлындай азаматтар ұйымдастырған мерейтой діттеген мақсатына жетті. Ақыт қажының шығармашылығын дамытуға үлес қосқан бірқатар азаматтар “Керей Молқы” қорының “Ақыт қажы” медалімен марапатталды. Барша үлкендер ризашылығын білдіріп, баталарын беріп тарқасты. Ел аман, отанымыз тыныш болып, Ақыт қажыдай аталарымыз ұлықтала берсін. Тойдың ұйымдастырушысы Жанарбек бауырымыз аман болсын!

Материал фейсбук әлеуметтік желісінен алынды

Ұқсас жазбалар