«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Бек Берді батыр Жүкейұлы

Авторы tugurul
483 қаралым

Бек Берді батыр Жүкейұлы

Источник: https://e-history.kz/kz/news/show/33322/
© e-history.kz

Қазақ елінің ұлт болып ұйысып, халық болып қалыптасуына телегей тер төккен, сол ұлы жолда шахит кешкен әр батыр, әр боздақ – тек ру-тайпаның ғана емес, жалпы ұлттың ортақ рухани мұрасы екенін бір сәт естен шығарып алғандаймыз. Олай дейтініміз, қазақ халқының, әсіресе XVII-XVIII ғасырларда өмір сүрген көптеген батырларымыздың ел арасында аңызы бар да, нақты құжаттық деректері жоқтың қасы. Өкінішке орай, оны зерттеп, зерделеп ұрпаққа қалдырғысы келетін шынайы тарихшылар да көп емес. «Ел тарихсыз болмас, тарих құжатсыз болмас» деген сөздің қадірін осы кезде түсінгендей болдық. Әрине, көшпелі бабаларымыз архив сақтап, құжат хаттап кеткен жоқ. Әйткенмен, кейбір деректерді көрші елдердегі сақталған құжаттермен ел арасындағы аңыз-әңгімелерді салыстыра отырып, тарихи ақтаңдақтарды аршып алуға болатыны баршамызға мәлім. Айтпағымыз бұл да емес. Көптеген ізденістердің нәтижесінде, қазақ елінің тарихына тағы бір әйгілі батырдың есімін көршілес Ресей елінде сақталған нақты тарихи құжаттар негізінде ел есіне қайта жаңғыртудың орайы туып отыр. Ол – қазақ елінің белді батырларының бірі Бек Берді батыр Жүкейұлы!

Әйгілі әнші, композитор Біржан салдың «Теміртас» әнінде:

«Жөкейдің ат суардым тұнығынан,
Ажалдың кім құтылар құрығынан» -деген өлең тармағындағы Жөкей (Жүкей) атымен аталып кеткен айна көл бар. Бұл Берді батырдың әкесі Жөкей деген адам.  Бек Берді батыр Жүкейұлы сонау алмағайып заман, қазақ елінің сындарлы сәтінде ерекше ерлігімен танылған XVIII ғасырдың көрнекті қайраткері, даңқты батыры. Ол – жер шоқтығы Көкше жеріндегі Бүркүттер тауының бөктерінде, Жөкей көлінің жағасында Сейтен (Сейдақ хан) ауылында (қазіргі Ақмола облысы, Біржан Сал ауданы, Қызылұйым ауылы) дүниеге келген. (Әзірге батырдың өмір сүрген жылдары жайлы мәлімет кездеспеді).

Берді батыр – Орта жүз ішінде Керейдің Тұрғақ руы Бүркүт тармағынан тарайды. Керей ханы Тұғырыл ханның ұлы Сібір хандығының негізін қалаған Тайбұға ханның 17-ші ұрпағы. Тегінен хан, бек, батыр үзілмеген нағыз қаракөктің тұқымы.

Берді батыр Абылай сұлтан, Әбілмәмбет сұлтан, Ералы сұлтандардың тұсында даңқты қолбасшы, дарынды дипломат (елші) болыпты. 1728 жылы Торғай даласында жоңғарларға ойсырата соққы беріп, жаудың бетін қайтарды. Жеңіске жеткен қазақ жасақтары оларды сол бетінде Іле өңіріне дейін тықсырып тастайды. Берді батыр осы сұрапыл соғыста орасан зор ерлігімен ел құрметіне, елеулі даңққа бөленді.
Берді батыр керей руының хан әулеті Тайбұғалықтардың жалғасы болғандықтан Бек лауазымы кей деректерде бірге аталады. (Бек – ежелгі түркі қауымдастығында қолбасшы дәрежесін білдіретін әскери шен, жоғары мансапқа ие тұлға. Бектердің бір бөлігі түркі қоғамында сот билігін атқарушы, салық жинаушы, елші т.б. саяси-әкімшілік істерді басқарды. Бек лауазымы кейде «аймақ басшысы» екенін білдірсе, енді бірде ру-тайпа көсемдері ретінде қолданылған. Ж.Баласағұнның «Құтты білік» еңбегінде де Бектер билігін осылай сипаттайды. Сонымен қатар Ұлыс бегі, Ел бегі және Ұлы бек деген титулдар болған. Кейін Бек немесе Беклер бегі атақ-дәрежесі түрік халықтары елдерінде кең тарап, ханның арнайы жарлығымен беріліп, тағайындалған. Бұл лауазым Түрік қағанаты заманынан бері қолданылып, ХХ ғасырдың басына дейін жалғасқан, яғни Қоқан, Хиуа хандығында аса ірі тайпаларды (мысалы, қарақалпақты) басқаратын хан ұлығына Беклер бегі атағы берілген. Тарихи деректерге сүйенсек, мұндай Бек лауазымды тұлғалар Тайбұғалықтарда да көптеп кездеседі).
Бұл сөзіміздің дәлелі ретінді тарихы-жазушы Мұхтар Мағауин «ежелгі қаракөк тұқымның (Оң ханың – редакция) еркек кіндікті тұяғы Сәнгүнмен және Керейтаймен бітпеген екен. Оң ханның «Жинақты тауарих» пен «Қастерлі шежіреде» арнайы аталмайтын ұлдарының бірі, бәлкім, немересі Тайбұға (Тай-Бұқа), сірә, кейінгі Найман одағы жеңіліске ұшырағаннан соң, азды-көпті жасағымен Батыс өлкеге қарай қашып, Ібір-Сібірден бір-ақ шығады. Ертістің етегі, Есіл мен Тобыл аңғарын жайлаған жергілікті түрік нәсілді, фин-угор текті ру-тайпаларды бағынышқа түсіріп, Сібір хандығын негіздепті. Арада жиырма жыл өткенде Хорезмді, одан жалғас бүкіл Шығыс Дәштіні ғұзырына келтірген Шыңғыс ханның дүмпуін алыстан сезінген Тайбұға қол қусырып, әлем әміршісінің дәргейіне барады. Қыран құс пен ұлпа елтірі, арғымақ аттарын алға тартып, кеңшілік сұрайды, мәңгілік бағыныш білдіреді. Қапияда айрылысқан Оң ханның өліп, тірілген ұрпағын көргенде Шыңғыс хан рақымы ғана түспеген, мейлінше мейірленген сияқты. Тайбұға әулетіне Ібір-Сібірді біржола билеп тұруға өкілет береді, үлкен ұлыс ішіндегі мәртебелі иелік, хандық емес, бектік, соған орай Сібірдегі Оң хан ұрпақтары алдағы уақытта бек атануға тиіс екен» дейді «Шыңғысхан» деректі романында.
XVIII ғасырда қазақ халқының мемлекеттік құрылымы ру-тайпалық жүйе негізінде қалыптасты және ру (тайпа) аралық қарым-қатынас маңызды рөл атқарды. Хандар мен сұлтандар рулардың билеуші топтарына мүдделі болды. XVIII ғасырдың бірінші ширегінде керей руы Әбілмәмбет сұлтанның қарамағына өткені туралы тарихшы ғалым Ерофеева мынадай мәлімет келтіреді: «Во время правления своего дяди хана Самеке (1723-1738) Абулмамбет-султан управлял племенами уак, керей, частично – кыпшак и большинством подразделений рода атыгай племени аргын Среднего жуза» [1, с.243].

Сыртқы жаулардан ел қорғаған батырлар, шешен жыраулар қатарында Бек Берді батырдың алар орыны ерекше. Және орыс патшалығымен қарым-қатынасты реттеуге білікті де қабылетті әрі ержүрек батырлар елші қызметін атқаруға аса қажет болды. Берді батырдың осы қатерлі әрі жауапты ауыр жүкті өз мойнына алғаны туралы мына деректен көреміз: «1737 г. – Коменданту Орской крепости полковнику Б.Л. Останкову.

Я, Абулмамбет-салтан, всемилостивой государыне челом бью, г-ну подполковнику Борису Лукичу челобитье. Какое с нами слово положено, в том и ныне стою; и какие присланы будут от е.и.в. ко мне указы, и те прислать з Бекбердеем.

А е.и.в. состою в верности и по ея указам служить готов, и чтоб и к нам посланцы от вас были и посланы были без опасности.

К подлинному переводу ахун Мансур Абдрахманов подписался по татарски» [1, с.249]. Яғни, Әбілмәмбет сұлтан хат алмасу қарым-қатынасын тікелей елші Бек Берді батыр арқылы жүргізгенін байқаймыз.

1738 ж. Бек Берді батыр, Байдәулет батыр, Есіргеп батыр және олардың атқосшыларымен Орыс Патшалығына негізсіз тұтқындалғаны туралы баяндалады. Бұған қазақ халқы наразылық білдіріп, Патша үкіметінен тұтқындарды босатуды талап етті. Осы арада Бек Берді батырдың қазақ елі үшін көрнекті мемлекет қайраткері болғанын көруге болады. Әбілмәмбет сұлтан мен Абылай сұлтан батырларды босатуын талап еткен хатында былай делінген:

«1738 г. Апреля 9. – Тайному советнику В.Н. Татищеву и полковнику А.И. Тевкелеву

С переводов татарских писем, полученных 9 апреля от Абулмамбета и Аблая салтанов, в которых по переводе написано.

В 1-м

Ея императорского величества великополномочному г-ну тайному советнику и благородному мурзе мы, Абулмамбет и Аблай салтаны, и другие беи и батыры желаем доброго здравия и чрез сие обьявляем: гулебщиков по степи наших людей, которые ездили не злым намерением, поймав, содержут в Яицком городке, о чем вы и сами известны. О которых-де от вас был послан и указ, чтобы их отпустить, но токмо и поныне не возвратились. А мы жили во всякой верности и чистым намерением, яко ваши меньшие братья, и какую б на нас службу не положили, охотою служить желали. А ныне во всей орде мыслят, что которые-де наши люди ездят не худым намерением, и их-де ловят и держут напрасно; и ежели хотите жить в совете, то просим оных людей пожаловать приказать отпустить. А если хотите вражду – и оное состоит в воле вашей. А посланцы наши Исергап-батыр, Пайдевлеть-батыр, Бекберды-батыр и при них три человека косчеев» [1, с. 250].

Әбілмәмбет сұлтан мен Абылай сұлтан батыр тұлғаларды босату туралы Жайық казак атамандарына да талап қойды. Бұл шартты орындамаған күнде Жайық қаласындағы казак жендеттеріне шабуыл жасамақ ниеттерін білдірді:

«1738 г. апреля 9. – Атаману Яицкого казачьего войска А.Я. Карпову

Во 2-м

От них же [Абулмамбет и Аблай] салтанов яицкому казацкому атаману и всем добрым большим и малым людям челобитье, после челобитья слово наше то. Мы думали, что вы с нами будете жить в совете, чего ради ближе и кочевали, а ныне у нас у всех сердца очень болят для того, которые наши бедные люди для звериной ловли отлучились на степь, тех поймав, держите у себя. И ежели хотите жить с нами в совете, то оных людей отпустите обратно, а если желаете совет нарушить и держать вражду, то просим нас уведомить. Если же желаете совета, то оных отпустите к нам. Посланы от нас [с сим] Исергап-батырь, Байдавлет-батырь, Бекбердей, Урус-батырь, Ирсибай-батырь да при них косчей Шикимби.

Подлинные письма переводил Осман-мурза, князь Богданов» [1,с. 251].

Кейіннен Берді батыр мен керей Киікбай батыры Ор қаласында елші болып қызмет атқарды. Әбілмәмбет сұлтан өз хатында Берді батыр арқылы дәрі-дәрмек пен жазу қағаздарын сұратқан. Және көшу-қонысы Торғай өзені бойында деп хабарлайды: «Прошу ко мне прислать лекарства, которые бывают от нутряной пользы и от лихорадки, да прислать же ко мне десть пищей бумаги, которая в службу ея величества потребна бывает». [1, с.257].

1740 жылы қыркүйек айының басында керей руы Әбілқайыр ханның Бопай ханымнан туған екінші ұлы Ералыны өздеріне хан сайлады: «После возвращения в Степь Ералы управлял родом таракты и многими родами племен уак и керей Среднего жуза, а в начале сентября 1740 г. был избран кереями ханом» [2, с.330]. Сол мезгілден бастап Бек Берді батыр Ералының қарамағында қызмет істегені туралы дерек кездестіреміз:

«1744 г., мая 31. – Коменданту Орской крепости полковнику В.Г. Пальчикову

Получено мая 31-го ч[исла].

Высокоблагородному и высокодостойному г-ну полковнику Пальчикову от меня, Эрали-солтана, поклон.

Гирейского роду чрез киргисца Бекберду-батыря весною получил я от генерал-майора фон Штокмана грамоты, в которых написано о возвращении взятых киргисцами русских пленных и с пажитью. Прошлой зимы как меня батюшка Абулхаир-хан призывал, чтобы итти разорять каракалпак, то я у него был и при нем зимовал, а в дом свой недавно приехал; а таких воров, кои грабили пленных русских, близ моих улусов не имеется, а об оных ворах слышно, что есть в усюнском, найман-кукзярлынском родах, которые кочюют в урочисче Актау-Ортау, вы об оном и сами изволите, разсудя, знать…

Сие письмо послал я до вас с Татлыкадамом, Тайкатбаем-батырем, да Субаком и Тайыркулом, которых прошу пожаловать отпустить неудержно, и для верности, я, Эрали-салтан, печать свою приложил» [2, с. 332]. 1744 ж. 28 шілдеде Бек Берді батыр арқылы Орынбор Губернаторы құпия кеңесші И.И. Неплюевке жіберген хатында керей және уақ руларына ықпалы жойылғаны туралы жазады [2, с.333]

Ералы хан 1748 жылы Әбілхайыр ханның өлімінен кейін керей және уақ руларынан кетті. Бұл туралы: «После гибели Абулхаира в конце августа 1748 г. был покинут ранее подвластными ему родами кереев и уаков, которые вновь признали своим патроном хана Абулмамбета» [2, с.330] делінген.

Сургут қаласының архивінен табылған құжаттарда 1896 жылы санақ тізімінде Берді ру басы (предводитель рода) ретінде көрсетілген. Тізімде «Джантось Сейтенов из Джукей-куль» деп жазылған. Мұндай деректі белгілі өлкетанушы Социал Жұмабаев «Ел мен жер» деректер жинағы кітабында да келтіреді – Жөкейкөл, Қотыркөл болысы [3, с. 332].

Оңтүстік Сібір даласындағы Керей Бүркүт тайпасының тіршілік еткен мекенін «Бүркүт Тауы», «Жөкей көлі», «Құдірет бұлағы» деп атай бастайды. Сібір халқы туралы И.В. Шегловтың еңбектерінде Үкіметтің заң шығару және әкімшілік құжаттамасының хронологиялық реттілігі туралы мынадай деректер кездестірдік: «1658 – 1720. В Москов. гл. архиве Мин. иностр. дел имеется на этот период времени любопытное известие о обидах, учиненных в Сибири от жителей городов Томска, Кузнецка, Красноярска, Тарска и Тобольска Теленгутскому, Киренскому (керейскому авт.) и прочим народам с начала построения этих городов. (Пуцилло)» [4, с.82]. Бүркүттер жайлы естеліктер керей топонимімен бірге кеш кезеңдердегі деректерде кездеседі: «границу утвердили с северной стороны на речке Кяхте караульное строение Российской Империи, с полуденной стороны на сопке Орогойте караульный знак Срединной Империи. Между тем караулом и маяком землю разделить пополам. На середине первый знак разграничения поставить. И тут имеет быть обеих стран пограничное купечество быть, оттуда в обе стороны для учинения границы комиссаров послать, починая на левую сторону по верху сопки Бургутейской, крайней к полудню, и по хребту до караула Каренского» (кирейского, авт.) [4, с.125].

Сонымен қатар, 1845 жылы Ресей тарапынан картографтар жинақталып қазақ даласын картаға түсіру жұмыстары жүргізілді. Олардың картасында Бүркүт руымен байланысты топонимикалық атауларды қазіргі Солтүстік Қазақстанның аумағында да кездестіреміз: Теке өзені жанындағы Кебек Бүркүт орманы (Кебек – Тайбұғалық батыр. Бек Берді батырдың арғы атасы. 1428 жылы Бұхар ханы Жұмадық пен Көшпелі Өзбек ханы болған әйгілі 16 жасар Әбілқайыр сұлтанды тұтқынға алған). (СҚО Уалиханов ауданы). Ғ. Мүсірепов сипаттаған Теке өзені де Теке жырау атымен байланысты. Көкшетау тауы ертеректе Бүркүттер тауы деп аталғанын осы картадан көреміз. [5, с.125].

Осы орайда Берді батырдың жерленген жері Жөкей көлінің жағасындағы Жартас маңында екені және оның сенімді серігі Есіргеп батырдың жерленген жері де Біржан Сал ауданында екені картадан айқын көрініп тұр. Сондықтан да Біржан Сал ауданы аумағында туып өскен мемлекет қайраткері, елші, қолбасшы батыр Бек Берді есімі аудан аумағында ескерілуі қажет.

Қорыта келгенде, ендігі мәселе – осынау батыр бабаларымыздың есімін, ерлік тарихын ұрпақ санасына сіңіру үшін, олардың есімі сол жердегі елді мекен атауларына қайтару. Яғни Бек Берді және Есіргеп батырлардың есімі – олардың мәңгі дамыл тапқан Біржан сал ауданы ғана емес, жалы солтүстік өңірде қайта жаңғыруы керек.

Пайдаланған әдебиеттер

1. Эпистолярное наследие казахской правящей элиты 1675-1821 годов. Сборник исторических документов в двух томах. Том І. Письма казахских правителей. 1675 – 1780 гг. / Автор проекта, введения, биографий ханов, научных комментариев; составитель и ответственный редактор И.В. Ерофеева. Алматы: АО “АБДИ Компани”, 2014. – 696 с. + вкл. 44 с.
2. Эпистолярное наследие казахской правящей элиты 1675 – 1821 годов. Сборник исторических документов в двух томах. Том IІ. Письма казахских правителей. 1738 – 1821 гг. / Автор проекта, введения, биографий ханов, научных комментариев; составитель и ответственный редактор И.В. Ерофеева. Алматы: АО “АБДИ Компани”, 2014. – 1032 с. + вкл. 12 с.
3. Социал Жумабаев. Ел мен Жер. – Петропавловск, 1996. – 498 с.
4. Щеглов И.В. Хронологический перечень важнейших данных из истории Сибири: 1032 – 1882 гг. – Сургут, Акционерный Информационно – Издательский Концерн «Северный дом», 1993. – 463 с.
5. Атлас Сибири. Российское географическое общество, 1845 – г. Омск.

Нұржан Игібаев

Есбол Нұрахмет

Источник: https://e-history.kz/kz/news/show/33322/
© e-history.kz

Ұқсас жазбалар