Жәпек батыр Бердіұлы – ХҮІІІ ғасырдың соңын ала өмір сүрген. Дәлірек, Абылай хан заманында ерлігімен көзге түскен қолбасшы батырлардың бірі. Ұрпақтарының айтуынша, Жәпек батырдың әкесі Бек Берді батыр Көкше жеріндегі Бүркүттер тауының бөктерінде, Жөкей көлінің жағасында Сейтен (Сейдақ хан) ауылында (қазіргі Ақмола облысы, Біржан Сал ауданы, Қызылұйым ауылында) дүниеге келген. Жәпек батыр да сол маңда туған болуы керек деп топшалаймыз. Жәпек батыр – Орта жүз ішінде Керейдің Тұрғақ руы Бүркүттер тармағынан тарайды. Ол – Сібір хандығының негізін қалаған Тайбұға ханның 19-ші ұрпағы. Тегінен хан, бек, батыр үзілмеген нағыз қаракөктің тұқымы.
Әкесі Бек Берді батыр Абылай, Әбілмәмбет және Ералы сұлтандардың тұсында даңқты қолбасшы, дарынды дипломат (елші) болыпты. Сыртқы жаулардан ел қорғаған батырлар, шешен жыраулар қатарында Бек Берді батырдың алар орыны ерекше болған. Және орыс патшалығымен қарым-қатынасты реттеуге білікті де қабылетті әрі ержүрек батырлар елші қызметін атқаруға аса қажет болды. Берді батырдың осы қатерлі әрі жауапты ауыр жүкті өз мойнына алғанын мына деректен көреміз (Эпистолярное наследие казахской правящей элиты 1675-1821 годов. Сборник исторических документов в двух томах. Том І. Письма казахских правителей. 1675 – 1780 гг. И.В. Ерофеева 2014.). Яғни, Әбілмәмбет сұлтан хат алмасу қарым-қатынасын тікелей елші Бек Берді батыр арқылы жүргізгенін байқаймыз.
Жәпек батырдың есімі әйгілі ғалым Шоқан Уәлихановтан өзге көркем әдеби шығармаларда көптеп кездеседі. Айталық, Мағжан Жұмабаевтың, Ілияс Есенберлиннің шығармаларында бар.
Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында Жәпек батыр Батыр Баянмен бірге керей-уақ қолын бастағаны, қалмаққа қарсы соғысқаны жайлы және қалмақ қызын тұтқындап әкеліп, Баян батырдың інісі Ноянға тарту ететіні айтылады. Керей-уақ ежелден іргесі ажырамаған, еншісі бөлінбеген бірге көшіп, бірге қонып жүрген ру-тайпалар.
Ал ақын Мағжан Жұмабаев «Қалданға ханмен бірге тұтқын болған, жолдасы Абылайдың батыр Жәбек» деп жырлайды («Шығармалар» Алматы «Жазушы» 1989 ж 234 б). Алайда тарихта үш Жәпек батырдың аты аталады: Керей Бердіұлы Жәпек батыр, Атығай Жәпек батыр және Шапырашты-Қарасай Жәпек батыр.
Керей-Тұрғақ Жәпек батырдың шежіресі былай: Жәпектің әкесі айтулы батыр Бек Берді Тайбұға ханың 18-ші ұрпағы. Бек Бердіден: Баба, Тайшыбек, Ораз, Төртқара, Бесқара, Күбі (академик Тұрсынбек Кәкішовтың атасы), Жолдыбай, Жәпек. Жәпектен: Ителі, одан Сары. Сарыдан: Салқазақ, Оразақ, Кенжебай. Керей-Тұрғақ-Бүркүттер руының шежіресі сонау хан әулеті – «Сібір жылнамасынан» бері жалғасып келеді.
Абылай хан заманында жасаған батырлар көп. Нақты тарихи деректер жоқтың қасы. Кейбір батырлардың атағы мен ерлігі басқа бір батырға телініп кеткен жайттар көп. Бұл ақтаңдарқтарды аршуға шынайы тарихшылар атсалысса жүзеге аса жатар.
Бүгінде Жәпек батырдың тікелей ұрпақтары Ақмола облысына қарасты Көкшетау, Степногорск, Щучинск қалаларымен қатар, Бурабай, Бұланды, Біржан сал ауданындарында тұрып жатыр.
Бақыт Бек Қадыр
Жазушы, жазушылар одағының мүшесі
Источник: https://e-history.kz/kz/news/show/33477/?fbclid=IwAR02j8MKAQislFld8QXGQJFARdwqTAl4fkrhwdpkwGUmPaxWr2dgi1YLWJs
© e-history.kz