Түрік мемлекеттілігінде атам заманнан бері маңызды рөл ойнаған негізгі рулардың бірі Керей елі екендігі даусыз. Керейлер Ұлы ғұндар, Көктүріктер мен Шыңғыс империясының құрамына еніп қана қоймады, Ұлы ғұндар елі құлап, Көктүріктер елі құрылғанға дейін, сосын Көктүріктер елі ыдырап, Шыңғыстың мәңгі елі құрылғанға дейінгі өлара өтпелі кезеңде елдікті сақтап мемлекеттіліктің дәнекері болды.
Керей атауы біздің дәуірімізден бұрынғы Чинь әулеті қытай деректерінде «хэлай» болып өтеді. Онда керейлер Ұлы Ғұн ұлысының ұйытқысы болып тұрған он тоғыз арысының бірі ретінде баяндалады. Кейіннен батыстағы ел Қаңлы атанса, шығыстағы ел керей атанды деп көрсетіледі. Исенбике Тоган да керейлердің қаңлы/қыпшақпен байланысы бар екендігіне тоқталады.
Кейіннен керейлердің түрік қағанатында да белді рол ойнағанын байқаймыз. Жазушы әрі тарихшы Мұхтар Мағауин Керей елін бұрнағы Түрік қағанатының сабақтас мұрагері деп сипаттайды. Өйткені керейлер Көктүріктерден кейінгі Тоғыз оғыз қағанаты ыдырағаннан кейін Тоғыз татар рулар бірлестігінде жетекші рол ойнап, түркі даласының бірлігін сақтауға ұмтылады. 1089 жылы осы Тоғыз татар бірлестігінің бас ханы яғни қағаны болып керей ханы Мағұз сайланады. Мағұз хан Лияо патшалығынан қидандармен көп соғысады. Мағұз бұл соғыстарда жеңіліске ұшыраса да, Шыңғыс ханның тарих сахнасына шықпасынан бұрын даланың билігі керейлердің қолында болады. Он екінші ғасырдың алғашқы жартысында керейдің тағы бір беделді ханы Марқұз Бұйрық қытайларға қарсы күрес жүргізеді.
Марқұз Бұйрық ханның Құржақұз Бұйрық және Гүрхан деген екі ұлы болыпты. Құржақұз Бұйрықтың үлкен ұлы Тоғрыл, кейінде Оң хан атанған, Шыңғыс ханның әкесі Есугей Бахадұрмен «анда» болған, Шыңғыс ханның өзіне әке болған керей ханы еді. Шыңғыс хан әйелі Бөртені құтқару үшін осы Оң ханнан көмек алады. Кейіннен Шыңғыс осы Оң ханның орнына хан болып көтерілген. Басқаша айтқанда, ғұндар мен көктүріктерден бері алмасып жалғасып келе жатқан бүкіл даланың Ұлы ханы атағын Шыңғыс осы керей елінен алған. Бұл туралы Дала құрылымдарының өзгеруге бейімделігі мен шектемесі: Керей хандығы мен Шыңғыс хан атты кітаптың авторы Исенбике Тоган да тәптіштеп жазады. Бұл деректер Рашидәддиннің түгел тарихындағы мына сөздерге негізделеді: «Керейлердің күш қуаты басқаларға қарағанда көп еді. Олардың билеуші руы көне және танымал еді.» Тоган ханым керейлердің бұл күш олардың инклюзивті құрылым дамытуының арқасында болды дейді. Бұл дегеніміз керей болу үшін керей руынан болудың керегі жоқ, тек керейдің қол қанатына кіріп, керейдің үстемдігін мойындаса болды. Бұл жерде керейдердің ру деңгейінен ел деңгейіне көтерілгеніне куә боламыз. Шежіре тілімен айтсақ, керейлер кірме руларды өз құрамына қабылдайтын болған. Содан болар бүгін қазақтың ішіндегі он екі абақ керейдің бірі кезінде дербес қуатты ел болған меркіттер болып табылады. Осы құрылым туралы Исенбике Тоган айта келе, керейлердің Ашина руымен, әсіресе ғұн, көктүрік және қарахандармен қатар бағалайды. Шыңғыс ханның бүкіл Түркі әлемін біріктірген Мәңгі елі осы керейлердің мемлекеттілік дәстүріне сүйенеді.
Шыңғысханның кенже ұлы Төленің бәйбішесі Марқұз Бұйрықтың немере қызы Сұрғақтан бике еді. Ал ол Мөңке мен Құбылайдың, Арық Бұқа мен Иранды жаулап, Елхандар әулетінің негізін қалаған Құлағу ханның анасы еді. Шыңғыс хан төрт ұлына өз мұрасын бөліп бергенде керейлер төрт ұлыста да орын алады. Оң ханның Батумен бірге батысқа барған балалары мен немерелері Алтын Орда ыдырай бастағанда Қырымға ие болып, Қырым хандығын құрайды. Міне сондықтан Қырым хандарының аттары Қажы Керей, Дәулет керей ретінде келеді.
Батыс әдебиетінде Керей атауы 1007 жылы керей ханы Сары ханның христиан дінін қабылдауымен қатысты пайда болады. Онда Сары хан Марқұз яғни Маркус атын алады. Сондай-ақ ол деректе керейлердің Ертіс өзені мен Алтай тауының арасында мекендейтіні көрсетілген. Бұл жер бүгінгі қазақтың ішіндегі керей руының отырған жері болып табылады.
Ал енді керейлердің сонымен қатар наймандардың христиан болғандығына келетін болсақ, бұл туралы ғалымдардың арасында әр түрлі пікірлер айтылады. Негізі бұл жерде таңданатын түк те жоқ. Өйткені керейлер христиан дінінің Нестор бағытын қабылдаған. Ал несториандық христиандардың католик және ортодокс христиандарынан айырмашылығы несториандықтар бір құдайға сенуді яғни таухидті қолдаған. Сол үшін де басқалары тарапынан шеттетілген. Ал бір тәңірге сенетін керейлердің мұндай дінді қабылдауларында ешқандай терістік жоқ. Өйткені бұрынғы дін Тәңіршілдікпен жаңа Несторияндық бағытындағы Христиан діні арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ еді. Мұхтар Мағауин «екі жүз жыл христиан дінін ұстанған халықтың тұрмыс салтында өзгеріс болуы керек емес пе еді» деп керейлердің христиан болғандығына күмәнмен қарайды. Ал шын мәнінде тіпті Ислам дінін ұстанғанына мың жылдан астам уақыт өтсе де қазақтардың дүние танымы мен тұрмыс салтында онша өзгеріс болмағандығын Шоқан Уалиханов та жазады. Ол өз сөзінде «қазақтар Ислам дінін қабылдағаннан кейін Тәңір Аллаға айналды, онгон әруаққа айналды, бақсы әулиеге айналды. Ал мазмұны сол баяғысынша қалды» деп көрсетеді.
Қорыта айқанда керейлер бүгінгі ноғай, қырым татары, қазан татары, қарашай, қарақалпақ, өзбек сынды түркі халықтарының құрамына енді. Сонымен қатар, керей елінің үлкен қауымы қазақ халқына ұйтқы болған жұрт қатарында, бұлар: ашамайлы-керей, абақ-керей, уақ-керей, найман санатындағы қара-керей және жетіру бірлестігіне енген керейт һәм табын руының құрамындағы жаман-керей, шанышқылы ішіндегі ақ-керей, байұлы тайпасына кіріккен таздар руының бір тармағы жастабан.