«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Боралдай сақ қорғандары

Авторы tugurulhan.kz
1664 қаралым

Бұл Алматы қаласы бойынша Жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген 6 ескерткіштің бірі саналады. Ықылым заманнан келе жатқан, көне дәуірдің куәсіндей болған Ұлы дала елінің ескерткіштері елдік сананы жаңғыртады. Біздің елдің қай өңірі болсын, тарихи нысандарға бай. Осыдан тура 36 жыл бұрын ЮНЕСКО-ның шешімімен ең алғаш рет Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні мереке ретінде аталып өткен болатын.

Содан бері  жыл сайын осы  күні әлем бойынша осы салада еңбек етіп жүрген сәулетшілер, ғалымдар мен тарихи ескерткіштерді қалпына келтірушілер, мәдениет саласының қызметкерлері аталған мереке арқы­лы ескерткіштерді сақтауға қо­ғам назарын аудартып келеді.

Жуырда осы айтулы күнге орай Алматы қалалық Мәдениет бас­қармасы мен Алматы қаласы музейлер бірлестігінің бастамасымен «Боралдай сақ қорғандары» ар­хеол­огиялық паркі аумағында «Боралдай – тарих куәгері» ат­ты тарихи-танымдық, мәдени-спорт­тық іс-шара өтті.

Туған жер мен туған табиғатты аялап, тамыры терең тарихымызды насихаттауға арналған бұл дүбірлі мерекеге Алматы қаласындағы мә­­дени мекемелер мен қоғамдық ұйым­­дар өкілдері, жоғары және ар­наулы орта оқу орындарының студенттері мен Алатау ауданы мектептерінің оқушылары қатысты.

Боралдай сақ қорғандары – Алматы қаласы бойынша Жал­пы­ұлттық қасиетті нысандар тізіміне ен­ген 6 ескерткіштің бірі. Биыл ар­хеологиялық парк аумағынан «Сақ мәдениеті орталығының» құ­ры­лысы басталады деп жоспарлап отырмыз. Ұлан-ғайыр даланы мекен еткен бабаларымыздың тұр­мыс-тіршілігінен сыр шертетін бұл бірегей нысан – Елбасы Н.Ә.Назар­баевтың қолдауымен жіті бақы­лауымен іске асып отыр­ған жоба. Қазір бұл нысанның жобалау-сме­талық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Ен­ді аз уақытта құрылыс жұ­мыс­та­ры басталмақ», – деп атап өтті мере­кенің ашылу салтанатын­да сөз алған Алматы қалалық Мәдениет басқармасы тарихи-мәдени мұра бө­лімінің жетекшісі Назерке Каки­жанова.

Назерке Аманбайқызының айтуынша, бұл құрылыс «Райымбек батыр мемориалдық кешені» мен Розыбакиев пен Штраус  көшелері қиылысындағы сақ қорғанын музеефикациялау жобаларымен бірге Алматы қаласының әкімдігінің бас­тамасымен іске асы­рылатын драй­верлік жобалар тізі­міне енді.

Мерекелік шара «Алатау» дәс­түр­лі өнер театрының әнші­сі Сәу­лежан Тақзияның орындауын­дағы Тұр­сынғазы Рахимовтың «Қазағым-ай» әнімен ашылды. Іс-шара барысында қонақтар Алматы қаласы аумағындағы ескерткіштер туралы толық мағлұмат алып, қы­зықты викторинаға қатысты. Туған өлке, туған қаламыздың та­рихынан қо­йыл­ған сұрақтарға Алатау ауданында орналасқан №26, 156, 180 жалпы білім беретін мектептердің, №150 Р.Хамраев атындағы ұйғыр орта мектебінің және №152 мектеп-гим­назиясының оқушылары нақты әрі толық жауап беріп, естелік сый­­лықтар мен Алғыс хаттарға ие болды.

«Алатау» дәстүрлі өнер теа­тры­ның «Алатау серілері» тобы, №156 жалпы білім беретін мектеп­тің «Әуен» тобы сынды өнер майтал­ман­­дарының мерекелік әндері мен мың бұралған «Шейнан» тобының әсем билері ешкімді де бейжай қал­дырмағаны анық.

Осы кезде мерекелік алаңның келесі бір бұрышында спорттық жа­рыс­тар қызып жатты. Кір көтеру, ар­қан тарту, қол күресінен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар жігіттер лайықты марапат пен көрермен ықыласына бөленді.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген «Атқа міну мәдениеті» туралы да ұйымдастырушылар кешенді сабақ өткізді. Ат ерттеу, ат әбзелдері туралы шеберлік саға­тын өткізген Алматы музейінің аға ғы­лыми қызметкері Алмат Нұр­ғалиев жастарға мол мағлұмат берді. Ауыздығымен алысқан тұл­пар­ларға мініп, шашасына шаң жұқ­тыр­майтын дүлдүлдердің жалына жабысқан шабандоздарға ұқсап баққан жас­өспірімдер аяғын үзеңгіге салып, өзде­рін кешегінің батырларынша сезінді.

Ал арнайы орнатылған қазан-ошақ басында Алматы музейінің қызметкерлері  бауырсақ пісіріп жатты.  Сол бойда қыз-жігіттер кел­­ген қо­нақ­тарға буы бұрқыраған  бауыр­сақ ұсынды.

Шара шымылдығы жабылар сәтте археологиялық парк аумағында жасыл желек көшеттер егілді. 150 жас тал ежелгі сақ қорғандары аумағында жайқалып тұрды.

«Алматы қаласы Табиғи ресурс­тар және табиғатты пайдалануды реттеу  басқармасының, Nur Otan партиясы Алматы қалалық бөлім­шесі, Jas Otan жастар қана­ты Алматы қаласы бөлімшесі, Ала­тау ауданының әкімдігі мен осы аудан­да орналасқан орта мектептер, колледждер мен жоғары оқу орын­дары  көмегімен атқарылған бұл іс-шара еліміздегі барлық тарихи ескерткіштері маңында атқа­рылатын  игі бастама болса нұр үстіне нұр болары сөзсіз! Және осын­д­ай көгалдандыру, абаттандыру шараларын жүргізуге барша қазақ­стандық әріптестерімізді, жастарды шақырамыз!», деді мерекені қорытындылаған «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК директоры Сержан Саров.

Иә, өткенімізден сыр шертіп, бүгінге дейін жеткен ескерткіштерді қорғау мен сақтау, насихат­тау әрбір аза­маттың еліне, туған жеріне деген жана­шырлығы, мәдени мұраларға деген қамқорлығы бол­мақ.

Сапарбай Парманқұлов

“Егемен Қазақстан” газеті

Ұқсас жазбалар