«Аспанда тәңірі, жерде түркі» болған бағзы күндердің ізіне үңілгенде тарих өз арнасынан асып-толып сан аунап, қилы іздерін қалдырды. Рулық-тайпалық кезеңнен іргелі ұлт, кемелді мемлекет болғанға дейінгі аралықта талай-талай оқиғаларды бастан өткеріп, жер бетіндегі халықтардың қалыптасу негізін жасады. «Түбі бір түркі халықтары» деген ұғымның шынайы мәні – түркі ұлттары бір бәйтеректің бұтақтары деген ұғымды білдіреді. Біздің ата-тегіміз біреу, бір атаның баласымыз деген сөз. 1074 жылы жазылған «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінің «Түрк халықтары мен тайпалары жайында» тарауында Махмұт Қашқари: «Түрктер тегінен 20 тайпалы. Олар барлығы Тәңірі әзіз көрген Нұқ пайғамбардың ұлы Иафас және Иафастың ұлы Түркке барып тіреледі… Әрбір түрк тайпасының қаншама ұрық-шәріптері бар, олардың саны ұлы Тәңірінің бір өзіне мағлұм. Мен бұлардың түптамырлары мен ана тараптарын жаздым. Ру-аймақтарын тастадым…Мұсылман болсын, болмасын мейлі» дейді. Шәкерім Құдайбердіұлы да осы тектік шежірені қайталап: «Жоғарғы әр түрлі шежіре кітаптардың сөзінен біздің қазақ Нұх пайғамбардың Яфас деген баласының нәсілінен, қытайша Тукю – біздің тілде түрік аталған халықтан екені анық болды» – дегенді айтқан. Жер бетінде ұлтқа, дінге, тайпаға бөлінген қаншама халық болса да барлығының ата-ана туралы атауларының 60 пайызы бір-біріне өте жақын келеді. Мысалы: Әкені – баба, папа, дада, әке, ака мағынасында, анасын – мама, ана, апа, мами, еже, әже деген тектес жақын үндестікпен атау. Тіпті кейбірінің атауы басқа болғанмен ішкі мағынасы мен ата-атаны сыйлауға қатысты ұрпаққа айтар ұлағаты біреу ғана. Адамзат өркенінің екінші даму кезеңі, яғни топан судан аман қалған Нұқ пайғамбардан өрбіген әулет сөз болғанда бүкіл адамзаттың оның балалары – Хам, Сам, Яфустан(Яфас) тарайтындығы сөз болады. Дәлелденуі қиын ескі шежірелердің сол елесін қуғанда біздің арғы тегіміз Яфус (Яфас) – Түрік (Тиюрк) – Түтік (Тұнык) – Елжахан – Бақой – Киікхан – Аланшыхан (Алаша хан) – Мұғұл – Қарахан – Оғызхан – Теңізхан – Елхан болып жалғасады да бүгінгі қазақ, моңғол сияқты біраз халықтар осылардан тарайды. Бір-бірімізді жау санап кеткен қазақ-моңғол Яфус (Яфас) сынды бір атаның баласымыз. Қазақ шежірешілерінің таратуы бойынша Ғажам-Қақап – Аннас – Жәжел – Мағаз – Ақшолпан – Аламан – Алаш – Жайылхан – Саяң (Саян немесе Софиян) қазақтан арғы атамыз ретінде шертіледі де, Қазақтан – Ақарыс (Ұлы жүз), Бекарыс (Орта жүз), Жанарыс (Кіші жүз) деген үш ұлды таратады. Рашид ад-динде «мұғулдар мен түркілер бір ғана Яфестен тараған» дегенді алға тартады. Қытай деректеріне негізделгенде, «түркі» сөзі біздің заманымыздан бұрынғы V ғасырда алғаш рет көшпелі халықтың атауы ретінде пайда болған. Қытайлар түріктерді «сюнну-ғұндар» деп атаған. Мұның өзі түріктердің ғұн тайпаларының жалғасы екенін көрсетеді. Ғұн дәуірінде дүниеге келген атақты қолбасшы, батыр Еділ тарихқа «Едіге», «Аттила» сынды аттармен белгілі болды. Ғұн империясының заңды мұрагері болған Түрік қағанаты (551-603 жж.) күллі әлемді тітіретіп: «Көкте – Тәңір, жерде – Түрік» деп өздерін теңдессіз, қуатты ел санаған. Олар бас көтерген тұста алдында тау тұрса кесіп өткен, дария тұрса кешіп өткен. Ешкім, ештеңе оларға бөгеу бола алмаған. Және де бір-біріне аса бауырмал текті халық болған.
Осылайша түркілер Моңғолиядағы және Қытайдың солтүстік шекарасынан Қара теңізге дейін созылып жатқан ұлы көшпелі империяның негізін қалады. Ұлы далада түркі мемлекетінің, түркі тілінің қалыптасу дәстүрінен дерек беретін Күлтегін ескерткіштерінде былай деп жазылды: «Әлемнің көгінде аспан, төменінде қоңыр жер пайда болғанда, осы екеуінің арасында адам баласы жаратылды. Адамзат баласының үстінен менің бабаларым Бумын қаған мен Истеми қаған билік жүргізді. Таққа отырған олар өз мемлекетін қорғап, Түркі заңдарын шығарып, оны бекітті». Мұнда дүниенің төрт бұрышын түгел өзіне табындырған алғашқы Түркі қағандарының билік құрған уақытымен байланысты суреттеледі». Түркі халықтарының шығу тегіне зерттеу жасаған ғалымдардың пайымынша, Хұн империясы ежелгі түркі мемлекеті болып саналады. III-IV ғасырдың соңында Тұрпан тауларына, одан кейінгі бір мезетте Алтайға қарай жылжыған. Олар бірте-бірте өз ықпалын барынша кеңітіп, VI-VIII ғасырларға келгенде Қытайдан Қырымға дейінгі байтақ жерге иелік еткен көне түркілердің іргелі елін құрды. Шығысы Хинган, Сарыөзен, батысы Көктеңіз, оң жағы Ұлы Қытай қорғаны, солы – Сібір аралын қамтыған қуатты елдің мәдениет өресі де аса жоғары болған. «Хұндар мемлекеті өз кезінде Шығыс Еуропаны өзіне қаратса, біздің заманымыздың VI ғасырының ортасында алтайлық тайпалардың ең ірісі – Түркі қағандығы өз мемлекетін құрып, Алтайдан Қырымға дейінгі жерге иелік етті. Ол көп кешікпей Шығыс және Батыс Түркі қағандықтарына бөлінді». Түрколог-ғалымдар Лев Гумилев, С.Кляшторный, Л.П.Окладников, қазақ ғалымдары Әлкей Марғұлан, М.Ақынжан, Кемел Ақыш, Алтай Аманжол, Олжас Сүлеймен, Манаш Қозыбай, Әбдуәли Қайдар, Рахманқұл Бердібай, Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғараұлы, Мырзатай Жолдасбековтер түркітектес халықтардың Ана жұрты – Қазақ, Ата жұрты – Түрік деп айтқанда, оның өркениет деңгейін 3000 жылдың аясына сыйғызады. Тілі, мәдениеті, әдебиеті, өзіндік жазуы болған халық өркениеттің төрінен орын алуға тиіс. Олай дейтін себебіміз, 3000 жылдың алдында алтынмен аптап, күміспен күптеп, темірден түйін түйген Тұрандай халық көп болмаған. Қазақтардың ең ғажабы, басқаның жерін жауламаған, атақонысынан ауа көшіп кетпеген, ежелгі мекенінде мың өліп, мың тірілсе де тілін, ділін, дінін, ата салтын ұмытпаған байырғы халық. Қазақ даласында байырғы сақ, хұннұ, усунь, кангюй, сармат, савромат, юечжи, эфталит сияқты алғашқы көшпелі және жартылай отырықшы этностардың, сондай-ақ сяньби, жұжан, түрік, ұйғыр, моңғол, қыпшақ дәуірінің көптеген ру-тайпаларының тарихы алма-кезек өріліп, сан-қилы оқиғаларға толы болып өтті. Біздің заманымыздан бұрыңғы IV-III ғасырлардан алғашқы номадтар дәуірінен бастау алып Қазақ хандығы заманына дейінгі ұзақ уақытта Еуразиялық кеңістікте мекен еткен рулық-тайпалық одақтар, этносаяси бірлестіктер, қағандықтар, хандықтар сияқты көшпелі мемлекеттік құрылымдар, қуатты империялардың басым көпшілігі түрік тектес ру-тайпалардан құрылған болатын. Бұл түрік әлемінің дүниежүзі тарихындағы айрықша тарихи орнын көрсетеді. Хұннұлардың ізін баса Еуразия даласында олардың тікелей ұрпақтары көне түріктер билік құрды. Түрік империясы бүгінгі түрік тілдес халықтардың барлығының байырғы ата бабасы болып табылады. Оның ішінде қазақтардың арғы аталары да көне түріктер болып табылады. Күлтегін, Білге қаған бітіктастары мәтінінде: Жоғарыда Көк Тәңірі, төменде «қоңыр» жер жаратылғанында, ол екеуінінің аралығында, кісі ұлдары (адам баласы) жаратылды. Кісі ұлдарының (адам баласы) үстіне ата-бабам Бұмын қаған, Естемі қаған таққа отырды. Олар тақта отырып-ақ, Түрік халқын, Елін, төрелігін ұстай білді, жеткізе жетілдіре берді» деп сол кездердегі алғашқы түрік қағандарының саяси тарихын баяндайды. Бұмын қаған (542-552 жылдары билік құрған) 546-551 жылдары «теле» («киіз үйлі биік арбалылар» деген мағынадағы көне түрік сөзі) деп жалпылай аталатын қазіргі орталық Моңғолиядан Каспий теңізі аралығында мекен ететін қалың қол іргелі түрік тайпалар одақтарын өзіне бағындырады. Демек, қатпарлы қалың тарихтың астарына үңілгенде немесе әдебиеті мен мәдениеті, тұрмыс-салты мен тіршілігі жағынан қарағанда, көк түріктердің көне жұртында отырған Тәуелсіз Қазақстанды, әрине, атадан қалған байырғы мекен деп білеміз. Ал алысқа кеткен жан туысымыз Түріктер біздің бір қанатымыз сияқты. Олай болса, көк түріктердің нағыз мұрагері Қазақстан мен Түркия елі деп айтуымыздың еш әбестігі жоқ. Десе де, осы арада тағы бір сауал туындайды. Ол: көк түріктердің көне ордасы болған қазіргі Моңғолия жері немесе моңғол ұлты сол аталардың зәузаты ретінде не үшін ауызға алынбайды? – деген сұрақ. Жер бетіндегі әрқандай тарих немесе ұлыстар мен ұлттардың ескі шежіресі аңыздардан бастау алады. Олай болса, біз осы орайда моңғол ұлтының қалыптасуы жөніндегі аңызға азырақ тоқтала кетейік.
«Моңғолдардың ата-тегі туралы айтылатын аңыздардағы Қият атты адамның әйелімен бірге көрші елдің қанды қырғынынан қашып құтылып, Еркене һон (Erkene Qon) тауына барып жасырынып, сонда тұқым-жұрағаты өсіп-өніп, рулы елге айналуы туралы аңыз көне түріктердің ата-тегіне қатысты аңыздардағы көрші елдің шабуылынан аман қалған жалғыз еркектің Гаочанның солтүстігіндегі тауға қашып барып, сонда қаншық қасқырмен қосылып, одан тараған ұрпақтардың Ашына атты рулы елге айналғаны туралы IV ғасырға тән аңызымен сарындас келеді. Енді моңғолдардың бұл аңызын көне түріктердің осынау аңызының моңғолдар арасындағы жаңғырығы десе де болады. Осының өзі моңғолдардың арғы аталары мен түріктердің арғы ата-бабалары ортасындағы қандай да бір тарихи сабақтастықтардың жатқанын дәлелдеуге жеткілікті еді. Алайда моңғолдардың ата-бабалары туралы аңыз мұнымен аяқталмайды. Арада қанша уақыт өткені белгісіз, бір заманда Бөрте-Чино деген адам зайыбы Марал сұлумен бірге Онон өзені басталатын Бұрхан-қалдун тауына көшіп келіп, мекен еткені баяндалады. Әрине, бұл да – аңыз. Бар болғаны, түріктердің көк бөрі туралы аңызының басқа бір қырынан қайталануы еді». Демек, хұндардың даласынан Түркі қағанатының қалыптасқаны сияқты Түркі қағанатының орнынан бас көтерген моңғолдардың да бізге аса бөтендігі жоқ. Көп тарихшылар бұл екеуін бір-бірімен байланыстырғысы келгенімен, ежелден орыс және қытай елдерінің ішкі мүддесіне тиімсіз саналғандықтан империялық шектеулерге ұшырап келді. Ірі империялар Түрік қағанаты мен Моңғол империясының тарихынан ортақтық тауып, батыр әулеттерді бір тудың астынан іздейтін болса, бұл, әсіресе, қытай мен орысқа жақпайтыны белгілі. Айналасында анталап отырған түрік, моңғолды бір атаның баласы десе, күндердің бірінде олар идеялық ортақтық тауып бас біріктіріп жатса, әрине, қытай мен орысқа үлкен қатер әкелер еді. Әсіресе, осы тақырып төңірегінде алғаш қалам тартқан орыс ғалымдары мәселенің мәнін басқа жағынан іздеуге тырысты. Солай етті де. Біздің діндік айырмамыз арадағы сызатты ұлғайтушыларға көптеген ұпай сыйлады. Ал атақты ғұлама «Рашид ад-диннің (1247-1318) әйгілі «Жылнамалар жинағының» («Жамиғ-ат-тауарихтың») Уғуз (Оғыз) әулетінен тараған мұғулдар (моңғолдар) мен түркілер жөнінде былайша баяндайды: «Түркілер Яфесті Абулжа хан деп атап келеді… Сөйтіп, барлық мұғулдар мен түркі тайпалары және барлық сахараны (жазық даланы) мекендеушілер оның (Абулжаның) әулетінен болып табылады. Бұл жағдайдың егжей-тегжейін олар келесідей түрде әңгімелеп жеткізеді: Абулжа хан сахаралық (жазықтық далада өмір сүретін көшпенді) болған. Оның жаздық қонысы Уртақ (Өртау) пен Куртақта (Куртауда – Қаратауда) еді. Олар (ол екі мекен) өзінше аса үлкен де, алпауыт әрі биік таулар болып табылады. Ол аймақта Инанж аталатын шаһар болған. Оның (Абулжа ханның) қыстауы да сол өңірлердегі Бурсуқ (Борсық), Қақийан (Қақиян), Қаарақұрым, (оны) тағы Қараақұрұм деп те атайтын аймақтарда болған. Бұл жерлердің жақын маңайында Талас (Тараз) және Қари-Сайрам (Кәрі Сайрам) қалалары орналасқан… Абулжа ханның Дип Жақый атты ұлы болған…Оның – Қара хан, Ор хан, Көз хан және Көр хан атты төрт ұлы болды. Олардың барлығы кәпірлер (Құдайға сенбейтіндер) қауымынан еді. (Дин Жақый дүние салған соң) Қара хан әкесінің орнына мұрагер болды. Сонда оның ұлы дүниеге келді…». Осылай баяндаған Рашид ад-дин ендігі жерде киелі туған сол ұлдың хикаясын шертеді. Ол «шынайы құдайға (тәңірге) табыныңдар, мені Оғыз деп атаңдар!», – дейді. Әрі әкесі құда түспек болған қыздарға: «Хақты (Алла Тағаланы) сүйсеңдер аламын» дейді. Солай келіскен қызды жар етіп алды. Әкесі оның «басқа құдайға берілгенін» танып көзін құртпақ болады. Хақты таныған әйелі аңда жүрген Оғызға бұл хабарды жеткізеді. Сөйтіп екі жақ соғысады. «Сонымен Оғыз жеңіске жетті: Талас пен Сайрамнан Бұхараға дейінгі аймақты иеленді, ол (өңір) оған тиесілі болды. Онымен бірікпеген кейбір немере ағалары мен бауырлары және жиендері (Оғыздың) шығыс жағына орналасты. Олардың арасындағы (осы күнге дейін өсіп, көбейген) мұғұлдардың бәрі солардың (Оғыз дәуіріндегі шығыста орналасқан тайпалардың) әулетінен болып табылады. Ол дәуірлерде олардың бәрі кәпір болатын, алайда уақыт өте келе олар (Шыңғыс хан) әулетімен бірге жалғыз Құдайға табынушылықты ұстана бастады. Ол өңірлер Оғызға бағынған, оның патшалығы орныққан кезінде, ол алтын киіз үй тігіп, ұлы той ұйымдастырды…». Сөйтіп аталған тойда өзін жақтап біріккен тайпалар одағына «ұйғұр» (одақтас, бірігуші мағынасында) деген ат береді. Осыдан кейін Оғызға қосылған және онымен одақтас болған түркілер – Қанқлы (Қаңлы), Қипчақ (Қыпшақ), Қарлуқ (Қарлық), Қалач (Қалаш), Ағачири (Ағаш ері) тайпаларын атайды. Рашид ад-дин ендігі жерде: «Оғыз ұлдарынан тараған жиырма төрт тайпаның жартысы әскердің оң қанатына, екінші жартысы сол қанатына жатады. Қазіргі кезде де бұл тайпалар мен тармақтардың әрқайсысы өздерінің шығу тегі мен шежіресін, яғни қай қауымнан екенін біледі» дей келіп, Оғыздың: Кун (Күн), Ай, Йулдуз (Жұлдыз), Кук (Көк), Тақ (Тау), Диңгиз (Теңіз) сынды алты баласын атайды. Әлемнің біраз елін бағындырған Оғыз ата жұрты Уртақ, Куртаққа оралып, той жасайды, ұлдарына енші береді. Оғыз өлген соң орнына Күн хан отырып, жетпіс жыл патшалық етеді. Күн хан да ел-жұртын, басқару құрылымын тәртіпке салып, енші бөліп, таңба (белгі) үлестіреді. 24 ұлыс елге 24 жануарды ұлықтап, кие тұтып, пір санауды тапсырады. Сөйтіп, сол 24 қауым елден шыққан сахарадағы көшпелі қауымдар және олардың хандары қалыптасады. «Жамиғ ат-тауарих» осыдан кейін «қазіргі уақытта мұғул» деп аталып келе жатқан түркі тайпалары туралы» деген тақырыппен баяндайды. Түркі тайпаларының жалпылама татар аталғаны да осы бөлімде айтылады.
«Және (татарлар) билік, күш құдіретке және сый-құрметке ие болғандықтарынан, өзге түркі рулары өздерінің түрлі атаулары мен дәрежелері болғанына қарамай, олардың (татарлардың) атымен танымал болып, барлығы «татар» деп аталып кетті. Сондықтан да әр түрлі рулар өздерін оларға жатқызуды және олардың атымен танымал болуды өздеріне мәртебе әрі атақ санаған. (Бұл жағдай) қазіргі кездегі өз болмысынан мұғул болған Шыңғыс ханның және оның әулетінің (басына қонған) бағының себебінен басқа жалайыр, татар, ойрат, үңгіт, керейт, найман, таңғұт сияқты басқа түркі руларының барлығы өздерінің (ежелден) белгілі атаулары мен өзіндік лақаптары бола тұра, атақ-абырой үшін өздерін (әдейі) «мұғул» деп атайды. Алайда көне дәуірлерде олар бұл атауды қабыл алмаған болатын. Ендеше, олардың қазіргі дәуірдегі ұрпақтары «біз көне дәуірлерден бері осы «мұғул» деген атауға қатыстымыз және (осы атаумен) аталамыз» деп ойлайды. Алайда бұл олай емес, өйткені мұғулдар ертеде (Ұлы) далада мекен еткен барша түркі халықтарының ішіндегі бір қауымы (руы ғана) болған. Оларға Раббының ерекше рахымы болғандықтан: яғни мұғул нәсілінен Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары шыққандықтан, олардан көптеген ұрпақтар таралуы себебінен, әсіресе Алан Қуаның дәуірінен бері үш жүз жыл бойы көп тармақтары бар нируун аталатын тайпасы тарап, олар атақ-даңққа ие болғандықтан, бәрі (яғни, басқа түркі тайпалары да) «мұғул» деп танымал болды». Рашид ад-диннің «Алан Қуаның дәуірінен бері үш жүз жыл бойы көп тармақтары бар нируун аталатын тайпасы тарады» дегенін Әбілғазы Баһадүр «Түрік хандары шежіресінің» «Моғол елдерінің баяны» бөлімінде былайша түсіндіреді: «Ел ханның ұлы Қиян, інісінің ұлы Накүз екеуі Еркінеқон тауының ішінде отырғанда балалары көп болды, Қиянның балаларын Қият, Накүз балаларын Дарлікін деп атады. Бара-бара әр жамағат бір елдің атын алып, Қият аты да, Дарлікін аты да жойылды. Қиян нәсілінен Құрлас руынан Аланқо деген әйел ерсіз үш ұл туды. Тәңірім бұйырса, оның тарихын кейін айтармыз. Бұл жерде айтпағымыз – сол үш ұлдың нәсілі ғажайып көп болды. Оларды Нирун деді. Мағынасы – пәк нәсіл, түрікше айтқанда «Ару тұқым» деген болады. Бұл есімді қою себебі: моғолдардың түсінігі бойынша бұл үш ұлды нұрдан жаратылды деп ойлар еді. Шыңғыс ханның үшінші атасы Қабыл ханның алты ұлы болып еді, баршасы батыл, ұшқыр, батыр еді. Соған қарап бұл жігіттерді Қияттар деді. Таудан аққан селді моғолдар «Қиян» дейді, Қият соның көпшесі. Қабыл ханның үлкен ұлы Бұртан хан, оның ұлы Шыңғыс ханның әкесі Есүгей баһадүр еді. Есүгей баһадүрдің көзі шаһла еді моғолар шаһланы «Боржығын» дер еді, сондықтан оның руы, Есүгей баһадүрдің нәсілі өздерін Боржығын Қиятпыз деп атады. Қият елі Қабыл хан ұрықтарынан кейін де көп уақыт солай аталды. Барша түрік руларының бірін қалдырмай түгендеп айтып шығу бір адамның қолынан келмес, өзіміздің хал-қадірімізше бір сыпырасын айтып шықтық» дейді. Әбілғазы Баһадүр мұнда да «барша түрік руларының бірін қалдырмай түгендеп айтып шықтық» дегенде моғолдарды да сол тапқа кіргізеді. Бүгіндері моңғол аталып отырған ұлттың арғы тегіндегі хандар, Шыңғыс әулеті түгелдей түрік хандары ретінде баяндалады. Кітаптың «Түрік хандары шежіресі» аталуы да соны көрсетеді. «Түркі және мұғул тайпалары мен руларының бәрі бірі-біріне ұқсас және олардың тілдерінің негізі, яғни шығу тегі де түгелдей бір, мұғулдар тек түркілердің бір сыныпы (тобы) ғана болып табылады…». Енді, «Чжао Хунның «Мен-да бей-лу» атты дерегіне назар аударалық. Қытай барлаушысы Чжао Хун Шыңғыс ханның маңғолдары жөнінде: «Татар тайпалары ша-то деген ерекше рудан тарайды. Олар ақ, қара, жабайы деп үшке бөлінеді. Жабайы дегендері өте надан, қолдарынан ештеңе келмейді. Олардың бар білетіндері: әркімнің артынан еріп шапқылай беру. Қазіргі император Шыңғыс және оның қолбасшылары, министрлері мен шонжарлары қара татарлардан» дейді. Осы деректі аударған қытайтанушы Н.Ц. Мункуев: «Ша-то – батыс түріктерінің бірлестігі, бір деректерде олардың 7-ші ғасырда Ферғана жақтан келгендері айтылады» дейді. Ша-толарды керейлер, оңғыттар дейтіндер де бар. Қазіргі маңғолдардың аталары деп ешкім де айтпайды. Чжао Хун осыны жақсы біліп айтқан. Сондықтан да, оларды «ерекше ру» деп атаған. Және де, татарларды, яғни, көшпенділерді үшке бөліп, Шыңғыс ханның қара татар екенін айтқан». Жоғарыдағы аңыз-әпсаналар, деректер, халықтардың кейінгі болмысы сынды сан тараулы түйіндерді сараптай келе, бір жүлгеге жинақтасақ, аталған тайпалардың шығу тегінің біреу ғана екені еш талас тудырмайды. Оғыз аңызындағы «оң қол, сол қол» сынды әскери құрлымның өзі кейінгі керей, моңғол әскери құрлымының бастауы екені көрінеді. Далалықтардың бір тәңірлік ұғымы, көк бөріні қасиеттеуі, қазірге дейін еш өзгермеген өмір сүру дағдысы сынды ұқсастықтар мұғул (моңғол) аталған туысқандардың бізден бөлек емес екенін ұғындырады. «Құпия шежіреден» Шыңғыс ханның: «Көкте – Аспан (Тәңір), Жерде – Қаған» («Мөнх тэнгэрийн хүчин-дор, хаганы суу залийн ивээл дур…») тұжырымдамасын айқын көреміз. Бұл шын мәнінде «Биікте Көк Тәңірі төменде қара жер жаралған. Адам баласының үстіне ата-тегім Бумын қаған, Істемі қаған отырған. Отырып, түркі халқының ел-жұртын қалыптастырған, иелік еткен» деген Күлтегін сөзінің қайталануы ғана. Тұтас болмысынан қарағанда Шыңғыс хан – Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөктің тірі рухындай солардың мұратын жалғаушы болып көрінеді. Л.Н.Гумилев «Көне түріктер» еңбегінің «Көк түріктер өздері туралы» атты тарауында – Күлтегін мүсінінің бас сүйегінің «моңғолдық» бөгенайын баса баяндай келе: «басына бес тісті таж кигізілген, онда бүркітке ұқсас құс мүсіні бейнеленген» дейді. Бұдан екі түрлі қорытынды жасауға болады. Біріншісі – сол дәуірдегі моңғолдық, түркілік бет пішін бір ғана формада (үлгіде) болған. Кейіннен тек сол Күлтегіннің көне мекенін күзетіп қалған тайпаларда сақталған бет пішін, өзге топыраққа қоныс аударған түркілер түрінде басқаша бейнелерге өзгере бастаған. Екіншісі – бас киімдегі «бүркітке ұқсас құс мүсіні» сол тұстағы түркілерге ортақ белгі болған. Оған түркілердің қыран құстарды бағалауы, Тұғырыл хан есіміне байланысты тұғырыл құс (аса қыран жыртқыш құс), Шыңғыс ханның қаршығасы, т.б. көптеген мысалдарды көлденең тартуға болады. Осы тұрғыдан қарағанда Л.Н.Гумилевті қуаттаған күннің өзінде Күлтегінді Шыңғыстың да, Түркінің де «ортақ Атасы» деуге негіз бар.
Бет пішін туралы сөз болғанда бір таңғалатыным – ішкен тамақ, тілдік сөйлеу мәнері, жасаған орта сынды үш фоктор бірнеше ұрпақ ауыса келе кейде адамның тума тегіндегі бет әлпетіне өзгеріс әкеледі екен. Жер шарының әр түкпіріне шашылған қазақтардың бет әлпетінен өзім (Ж.Ш) соны анық аңғардым. Өзге жұртқа көшіп кеткен қандасыңызды бір ғасырдан кейін, байырғы топырғандағы тіке туысымен салыстырып көріңіз, айырма-парық анық көзге ұрады. Ал моңғол үстірті мен Алтай тауларының байырғы тұрғындарының түріндегі ұқсастықтардың да қазірге дейін әуелгісіндей сақталғаны байқалады. Тек қана жұмсақ тағамдарды көбірек тұтыну (күш жұмсап, жақ қимылдатпай, құрт кемірмей, сүйек мұжымай) және экологиялық ортаның бұзылуы сынды әсерлерден кейінгі ұрпақтың жақ сүйектерінің кішіреюі мен мойынының жіңішкеруі белгілері бар. «Рашид ад-дин хатқа түсірген даланың ауызша тарихының дерегін бүгінгі жазба тарихтың дерек беру стиліне көшірсек, онда бұл «барлық моңғолдардың да, түрік тайпаларының да және барлық дала тұрғындарының да шыққан тегі бір, бәрі бір халық – түріктер» дегенді білдіреді». Алайда «Нақты деректермен басы ашық шындықты мойындамай, түпкі бастау бір болғанымен, өскен өрісі бөлек, тағдыры ортақтас болғанмен, таралып танылуы бөлек екі халықты ендігі жерде бірін-біріне сапырылыстырып, қойыртпақтай берудің ешқандай қисыны жоқ. Моңғолды «түрік» деп шатыстыруымыз бәйтеректің діңін бұтағымен шатыстырып, діңі қайсы десе бұтағын, бұтағы қайсы десе діңін көрсеткенмен бірдей, қолайсыз дүние. Түрік – бүкіл түрік тектес халықтардың діңі. Моңғол мен татар – сол діңнен өніп, өсіп тараған көп бұтақтардың бірі ғана».
Абай Құнанбайұлы да қазақтың арғы тегіне үңіліп, қазақтың тегі түркі-моңғол жұртымен тарихи тығыз байланыстылығына дәлел іздейді: «Есте жоқ ескі мезгілде, маңғұлдан бір татар аталған халық бөлінген екен … Асыл түбі қазақтың – сол татар» – деп жазады. Тарих ғылымдарының докторы, көрнекті тарихшы З.Қинаятұлы: «Моңғолдардың Ғұн ұрпақтары деп қарайтын пікірді жапония тарихшысы Сиратори және моңғол тарихшысы А.Амар осы бағытты құптайды. Моңғолдарды Оғыз-Түркі ұрпағы деп қарастыратын болжамды Рашид ад-дин, Әбілғазыдан бастап негізінен парсы және түрік тілді ғалымдар тобы қолдап отыр» дейді. З.Қинаятұлының баян қылыуынша, моңғол шежіресінде Тэмужиннің тәңірлік нанымы туралы жазылған деректер тым көп кездеседі. Бірде ол Зэлмэ, Чу Мерген, Шихихутуг, Богорчы, Мухулайлармен бірге келе жатып өздерінен саны әлдеқайда көп жау қолына тап болады. Шыңғыс хан төбеге шығып, тоқымын жайып, белбеуін мойнына салып тұрып «Уа, менің жаратушы тәңірім! Мен өзімнің мықтылығымнан емес, мәңгі тәңірімнің қуатымен әмір болдым, бір сенің қуатыңмен жауымды жеңдім, хан болдым, әлі де қолдай гөр!» деп тәңіріне құлшылық еткені жайлы баяндалады. Шыңғыстың бір тәңірге жалбаруы және тәңірдің бұйрығын орындаушы ретінде атқа қонып, басқаларды бағындыруға аттануы шын мәнінде түркілер дәстүрін жалғастырып, түркі қағандарының аманатын орындау еді. Махмұд Қашқари еңбегіндегі Түріктер хақындағы мына жолдардан соны байқауға болады. Онда: «Қашқарлық Халафтың ұлы білімдәр имам Құсайынның маған айтып беруінше белгілі еларалық ұстаз Абубәкір мүфти ақыр заман жайында жазған бір кітабында мынадай жайды рауаят қылады. «Ұлы Тәңір айтады: Менің бір тайпа қосыным бар. Оларды Түрік деп атап, күншығысқа қоныстандырдым. Кейбір тайпаларға ренжісем, түріктерімді қарсы аттандырамын!». Бұл жағдай Түріктердің басқалардан ерекше екенін көрсетеді. Сондықтан Түріктерге Тәңірдің өзі арнайы ат қойған. Жер жүзінің ең биік, ауасы таза бөлегіне қоныстандырып, «Өз қонысым» деп атаған…» делінеді. Осылайша, моңғолдардың пайда болуы жөніндегі аңыз бен Шыңғыс ұстанған дәстүрлердің барлығы да түркілік наным-сенімнен бастау алып отырады. «Ол ержетіп қол бастап атқа қонған кезінің өзінде әрбір сапарының алдында киелі Бурхан Халдунға шығып тәңірінен қуат тілеп Онон – ананың суынан бір жұтып аттануды дәстүрге айналдырған. Тэмужин мұны жастайынан жадына мықтап сақтап өсті. «Эх болсон газар, эзэн тэнгэр» (туған жер, жаратушы тәңірі) моңғолдардың табынары. Моңғолдар жер-суды киелінің киелісі санап оны адамзатқа тәңірдің берген сыйы деп есептейді. Осы бір ұлы сенім оны әрдайым періштедей қорғап жүрді». Шыңғыстың ұлдары мен немерелері де сол бір тәңірлік – бір құдайлық ұғымда болды. Гильом де Рубруктың «Шығыс елдеріне саяхатында» оның 1253 жылы бүгінгі моңғолия жеріндегі Мөңке хан ордасына барғаны сөз болады. Қаған хақында: «… Ол маған өзінің сенімін уағыздай бастады: «Біз, Моаладармыз» деді ол, «Тек бір Құдайдың бар екеніне сенеміз, біз өмір сүреміз және өлеміз және біздің оған деген жүрегіміз пәк»…» деген деректер келтіреді. Плано Карпини де өз саяхат естелігінде бұл туралы: «Татар елі тек бір Тәңірге сенеді» дейді. Әдебиеттер оған: «моңғолдар тек көк Тәңіріне табынады. Көк Тәңірін оларға табиғаттың бергені деп есептейді. Олар шабулға шыққанда да «Мәңгі Көк Тәңірінің күшіне» (Mongke kuke tengri-iin kucun dur) сенді» деген түсініктеме береді. Кейінгі тарихымыздағы, әсіресе, керейлер өміріндегі шамандық және тәңірлік табынудың айқын белгілері күні бүгінге дейін сақталып келеді. Айталық, тәңірге қатысты: «тәңір жарылқасын», «тәңір тілеуіңді бергір», «тәңір атсын», «тәңірге тапсырдым», «тәңір қолдасын», «құмырысқаның тас басқаны тәңірге аян», «иттің иесі болғанда, бөрінің тәңірісі бар», «кезек екі, тәңір бір» секілді толып жатқан сөздер бар. Және де мұның барлығын да да «Тәңірдің біреу ғана» екені айтылады. Керей мемлекетінің ханы Тұғырыл арқылы қағандыққа көтеріліп, әлемді тітіреткен Шыңғыстың осы «бір ғана Тәңірге» сиынуына таңдануға да болмас. Бұл арада Рашид ад-диннің Шыңғыс хан хақында: «… кейін ол кейбір туысқандарын (түркі руларын – ред) және өзіне туысқандығы жақынырақ болған (бірнеше) мұғул руларын бағындырды. Одан соң оған туысқан рулардың бірі керейттер патшасы Оң ханға (Тұғырыл ханға – ред) қосылды» дегенін еске алсақ, «туысқан» атауы алыс емес, жақын қандас-туыстықты меңзейді. Бұл арада «керейлер христандық несториан дінінде болды» дегенге келсек, оның ел ішінде қалған сарқын-жұрнағы, халық дәстүріндегі қалдық салттары тіптен жоқ. Керейлердің белгілі тобы несторианда болды деген күннің өзінде билеуші топ арасында сол тұстағы халықаралық қарым-қатынастарды негізге алған дипломатиялық көрініс ретінде уақытша өмір сүрген болуы да мүмкін. Алайда жалпы халықтың қабылдамағаны айдан анық. Арғы төркін атасы ғұндар да тәңірге сыйынып хандары Тәңірқұт аталса, Түркілер де дерлік жалғыз тәңірге бас исе, олардың ордасының түтінін тұтатып, жұртын басқан керейлерді бірден өзге дінге көшті деу мазмұндық қана емес, логикалық та қателік болар еді. Қазақ даласындағы софылық ілім туралы айтқанда да оны білетіндер, қабылдағандар – бір тоғыз; білмейтіндер, қабылдамағандар – тоқсан тоғыз. Ұйғыр ұлтында да мұсылман ұйғыр, кәпір ұйғыр (сары ұйғыр) аталған екі топ бар. Бір елде, бір халықта ішінара топтардың өзге дінге кіруі ежелден бар құбылыс. Моңғолдарды мың жерден буддис есептесек те, олардың қазіргі тұрмыс-тіршілік, әдет-ғұрпынан қарағанда тәңірлік салт-сананың исі аңқып тұрады. 2012 жылы қыркүйекте Ұланбатор қаласына бардым. Таңертең ерте сыртқа шықсам, бір салауатты жас жігіт, қолына кесе алып, ішіндегі арақты саусақтарының ұшымен аспанға, биікке, айналаға шашып жатыр. «Не істеп жатыр?» десем, «тәңіріне мінажат етіп, ақ жол сұрап, жолаушы жүрмекші» дейді қасымдағылар. Моңғолиялық қазақ қаламгері Хабсатарұлы Ғалыммұраттың «Қазақ болмысы» кітабында: «… Жоңғардың ұранқай сынды руларында әлі күнге дейін тәңірге сыйынатындар кезігеді. Ол – ол ма, сол тәңірін тұп-тура қазақ атауымен «ата тәңір» (ата тэнгір) деп атайтынын қайтесің. Демек олар да ежелгі түріктің (қазақ) бір ұрпағы болды ма кім білген?!» деген жолдар кездеседі. Моңғол, қазақ арасында өмір сүрген автор көзімен көріп, көкірегіне түйген жайларды одан ары ұштап былай дейді: «Көк түріктің кезінде қазақ (түрік) та қалмақ (моңғол) та бір дін Тәңірге табынғандықтан олардың бүкіл болмысы өте жақын болды. Ал артынан қазақ исламға кіріп, моңғол буддизмге сеніп екі туыс халық ұзай берген. Айдаладағы екі бөлек мәдениет бұларды екі жаққа тартып ұзатқаны сондай ақыры бұларды бір-біріне туыс десең шамданатын болды. Ал басында осы екеуі де бір тәңірге сыйынғанын бір нәрсе бұлжытпай дәлелдейді. Түріктерге ұқсап моңғолдар да өздерін көк моңғол деп атап келді. Екеуі екі бөлек дінге кіргелі сандаған ғасыр өтсе де бұндай атаудың әлі күнге дейін сақталуы бұрынғы дін із-тозсыз толық жойылмайтынын дәлелдейді». Қазақ, моңғол, қырғыз ұлттары арасындағы көшпенді тірлікте аса ұқсас келетін тұрмыс-салт, дәстүрлік ерекшеліктер өте көп. Айталық, қазақтардағы сияқты, моңғолдарда да жаңа туған баланың шілдехана тойын атайды. Қой сойып, қалжа таратады. «Шілдеханаға келгендер, оның ішінде кіндік шешесі, жас нәрестеге арналған өз сыйлықтарын тарту етеді. Әйелдер жағы баланы орайтын жаялық, үй малдарының жұмсақ етіп иленген терісін, ит көйлегін, алқа тастармен, күмістермен әдіптелген киім-кешек, ақша әкелсе, үй иесінің жақын туыстары нәрестеге арнап қой, бұзау, қозы, құлын атайды. Әсіресе ер балаларға сапылы бәкі, жебелі садақ, аттың ері сияқты көптеген тарту-таралғылар жасайды. Шілдехана соңы нәрестеге және оның әке-шешесіне арналған жүрекжарды бата-тілекпен аяқталады». Шын мәнінде аталған салт-дәстүрдің бәрі де ежелгі түркілерге ортақ құндылықтарға жатады. Бұдан басқа киіз үй және төрт түлік малға қатысты ырым-тыйымдар, дәстүрлер, ғұрып-әдеттер дерліктей «бір тоннан туғанын» анық көрсетеді. «Қазақ-қалмақ бір туған, қара сартты кім туған», «өрісте малы, төсекте басы қосылған бір киіз туырлықтымыз» деген ескілікті сөздер де содан қалған. Кейіннен өздерін Шыңғыс әулетіне балаған моңғол ұлты өкілдерінің өзге діннің құшағына құлауына байланысты, өздерінің ескі тәңірлік ұғымы мен сол ұғымды ұстанған кездегі туысқандарынан барынша алшақтап кеткені де, жаратылыс тегінен өгейлегені де рас еді. Шын мәнінде ол «өгейлік» Шыңғыс хан жүрегінен туындаған далалық бекзадалық пен тәңірлік құлшылыққа жат, кейінгілердің қолдан жасаған «жаңалықтары» болатын. Шыңғыстың бір ғана Тәңірге бас ұрғаны сияқты оның немере-шөберелері «жалғыз Хаққа» бас иді. Бүгінге дейін жеткен Жошы мазары мұсылмандықтың үлкен ескерткіші. Рашид ад-дин дерегі бойынша Құбылай ханның немересі Ананда мұсылмандықты ерте қабылдаған. «Ананданды Мұхтар Хасан ақташы деген түркістандық мұсылманға өсіруі үшін берді. Ол кісінің Зулейха (Зылиха) атты әйелі оны көкірек сүтімен емізіп өсірді, сол үшін мұсылман сенімі оның жүрегінде мықтап бекіді және мызғымас (берік) болды. Ол Құранды үйренген әрі тәжікше жақсы жазады. Ол әрдайым (дінни) парыздарды орындауға, құлшылық етуге уақытын жұмсайды. Тағы оған бағынышты жүз елу мың мұғул әскерінің көпшілігін ол мұсылмандыққа кіргізген… Темір қаған бұдан (оның мұсылманшылықты қабылдауынан – ред) қатты ашуға мінді, сөйтіп оны қамап қоюға бұйырды. Ал ол болса Ислам (мұсылманшылықты) мен иманда (шынайы сенімінде) табанды әрі берік болды, сөйтіп: «Біздің ата-бабаларымыздың барлығы мүуаххид болған, яғни бір Құдайға табынушылардан еді әрі Құдайды «Жалғыз!» деп білетін. Сөзсіз, ізгі сенімдеріндегі бұл ынталылығының берекесінен мәңгі Құдай оларға күллі әлемді сыйлап, олардың (бәрін) адамдардың көшбасшылары мен патшалары етті, осылай олар атақты әрі даңқты болды, сондай-ақ олар ешқашан пұттарға сәжде еткен (табынған) емес», – деп айтумен болды… Ананда балалық шағынан бері мұсылмандықты ойлап, оны ұстанғанына қарамай ол Ислам патшасы Ғазан ханның (Оның патшалығын мәңгі етсін!) анық мұсылман, жалғыз Құдайға табынушы, әрі мінсіз сенімнің адамына айналғанын, оның Иран жеріндегі барлық мұғулдарды мұсылман дініне кіргізіп, пұттың бәрін қиратып, (мүшіріктердің) пұтханасын қиратқанын есіткенде, бұл мәселеде ынталылық танытып, (өз мүмкіндігінің) шегіне жетті… Исламды мойындамай Ананадаға жала жапқан Сартақтың өзі де қазір мұсылман болды…». Жошы, Хулағу ұрпақтары да мұсылман әлеміне «балдай батып, судай сіңіп кетті». Жоғарыдағы Ананданың: «Біздің ата-бабаларымыздың барлығы мүуаххид болған, яғни бір Құдайға табынушылардан еді әрі Құдайды «Жалғыз!» деп білетін» дегені біз айтып өткен Шыңғыс бас ұрған «бір тәңірлік – бір құдайлықты» растап тұр. Шыңғыс хан ғана емес6 сол замандағы оның төңірегінде жасаған көшпенді тайпалардың басым пайызы бір-бірімен сабақтас, мазмұндас болған жалғыз құдайлық «бір Тәңірліктен» «Бір Алла» ұғымына оңай көшті. Бір ғажабы басқа халықтарда кездесе бермейтін тарихтың бұл таңдауын түркілер тұқымы бастан кешті. Әрі олар қолдан жасалған құдайлардан аулақ, өздерінің нағыз жаратылыс тегіне барынша жақын өмір сүрді. Тарих тереңіне шындық көзімен үңілуші ғалымдардың пайымынша, «Шыңғыс ханға дейін моңғол деген халық, ел, тіпті жеке тайпа да болмаған». «Жамиғ ат-тауарих»-тың өн бойында бір ғана «мұғул» атауымен баяндалады. Тарихты өз мүддесіне бейімдегісі келген түркілерден жат өзгелер ескілікті аудармалардағы дыбыс үндестігіне саналы-санасыз икемделіп, «моңғол» сөзін бұрыннан бар атау ретінде дәріптеумен келеді. Шыңғыс хан дәуірі сөз болғанда кейбір ғалымдар «моңғолдардан жеңілген түркі әскерлері батысқа қарай ауып кетті» деп жазды. Бұл, шын мәнінде, шындыққа жанаспайды. Айталық, қазақ даласына орыс өктемдігі орнай бастағанда, шет жұртқа қанша қазақ ауып кетті. Бар болғаны бестен бірі ғана. Ендеше, Шыңғыс хан өзі жеңген тайпалардың қуатты қосынын, батырларын өзіне қосып алып отырған. Ал ауған ел аса көп емес. «1206 жылға дейін боржігін тайпасының жас көсемі Темучин маңайындағы ірілі-ұсақты түркі-моңғол тілді тайпалардың бәріне бас игізді, мақсатына жету үшін көшпелі рулардың ұйымшыл одағын құрды, оларды ұлыстық жүйеге енгізді және әлемді жаулап алатын ұлы соғысқа дайындады». Шынында да, азғана мұғулдарды өз құрамына алған Шыңғыстың қалың қолы көктен жауған жоқ. «Көпшілік отрядтар бағындырылған халықтар арасынан құрылды» (Бартольд В.В). Ал жоғарыда аталған Рашид ад-диннің Иранның «Алтын дафтарынан» («Алтын дәптерінен») алған «мәліметі бойынша, Шыңғыс ханның өлер алдында (1227 жыл) 129 мың жауынгері болған» екен. Әрине, оның көбі-ақ сол кезде сахарада жасап жатқан керей, найман, қоңырат, қыпшақ, жалайыр, татар, т.б. ержүрек түрік ұлдарынан еді. Шыңғыс ханның дүниені жаулауының сырының өзі осы ер түріктердің арқасы. Мәселенің мән-жайын тереңнен іздегісі келген ғалымдар көп жағдайда «Түрік-моңғол әскері» немесе «Моңғол-түрік әскері» деген атауды қолданады. К.Аманжолов пен А.Тасболатовтың аталған еңбегінде де осы идея қуатталады. Шыңғыс ханның Түрік елдерін жаулауына байланысты: «Олардың қалаларын, мәдениетін бүлдірмеңдер. Дініне құрмет етіңдер», – деуінің де өзіндік себебі бар болса керек. Шыңғыстың кезінде Күшлік Хотанды жаулап, ондағы мұсылмандарды дінінен айыруға қатты қысым көрсетеді. Алланың дарғайына бас ұрып, өз айтқанын дәлелдемек болған Хотандық имамдардың басшысы Ала ад-дин Мұхаммед Хотаниды Күшлік «өз медресесінің есігіне төрт шегемен (Иса пайғамбарды крестке шегелеген сияқты) қағып тастады… (Мұсылман) халық дұғаға қолдарын көтерді. Кенеттен жәбірленгендердің дұғасының оғы (Ұлы Тәңірдің дұғалары) қабыл ету нысанасына (дәл) тиіп, ол (пұтқа табынушы) залым кәпірге тойтарыс беру ісі әлемге иелік етуші патша Шыңғыс ханның әскерінің қолымен атқарылды… Жебе ноян нөкерлерімен жаршылар арқылы жар шақыртып: «Әр адам өз дінін ұстанып, ата-бабаларының жолын сақтайтын болсын!» деп хабар етті. Ал мұсылмандардың үйінде өмір сүріп жатқан Күшлік әскерінің барлығының көзі жойылды… Күшлікті Сариғ кун (Сарықон) аталатын шатқалда ұстап алып, өлтіріп, кері қайтты». Мұндағы Жебе ноянның: «Әр адам өз дінін ұстанып, ата-бабаларының жолын сақтайтын болсын!» деуі шын мәнінде Шыңғыс ханның әмірі еді. Шыңғыс ханның түркі мұсылмандарына жасаған жорығы олардың дінін қорғауына, ортақ әділеттікке ұйысуына, түркілік мемлекеттердің қалыптасуына өзіндік ықпалын жасады. Шыңғыс хан десе, «құрушы, бірлікке келтіруші» дегеннен көрі, «құртушы, жауыз» ретінде бейнелейтін өгей әдебиеттер көп. Әлемдегі ірі империялық елдің бірі болған қытай тарихы: «…1271 жылы Құбылай орта Қытайды бағындырып, Юан патшалығын құрды, Бейжіңді астана етіп, оны Даду «Хан орда» деп атады. Сөйтіп Құбылай Қытай тарихындағы бірінші реткі көшпенділердің билік жүргізген; патшалығы Юан хандығы өмірге келеді. Юан патшалығының еңбегі – Таң патшалығынан бері 370 жылға жалғасқан өз алдына бектік құрып, бір-бірімен қырылысқан берекетсіздікті тиып, көпұлтты біртұтас мемлекет құрды. Юан патшалығының территориясы гүлденген Таң патшалығының териториясынан әлдеқайда ұланбайтақ. «Солтүстігі Иншан (Тияьншан) тауларынан ары, батысы құмға (Тарымға), шығысы Ляузуға (қазіргі Корея), Оңтүстігі Хайбяуға (қазіргі Вьетнамға) дейін жетіп», осы заманғы Қытайдың территориясы Құбылай заманында қалыптасты» деп Шыңғыс әулетін ерекше ұлықтайды.
Мағжанның:
Тумайды адамзатта Шыңғыстай ер,
Данышпан, тұңғиық ой, болат жігер.
Шыңғыстай арыстанның құр аты да,
Адамның жүрегіне жігер берер, – дегені тегіннен тегін айтылмаса керек. Біз кейінгі бөлімдерімізде Шыңғыс хан тақырыбына тағы да тоқталатын боламыз. Империялардың итермелеуі және діндік, ұлттық айырмашылықтар, жоңғарлар заманындағы жауластық сияқты себептерден алыстап кеткен ағайынымыз – моңғолдардың бізбен болған ара-қатынас тарихы әлі де болса тереңдей зерттеуді қажет етеді. Көшпенділердің бір текті түркінің ұрпағы болуы – ешкімге де залалын тигізбейтін, адамдардың жаралу тегіндегі сүйекке бітіп, қанға сіңген тамырластық пен бауырластық қана. Оған «изимдерді» байлап, көлеңкелі көзбен қарау немесе жақынға тартқаннан көрі жаттыққа бейім болу санаға орнаған «алып мұздықтардың» әлі де жібімей жатқандығының белгісі. Әсіресе, «аттан түссе де, үзеңгіден түскісі» келмейтін моңғол ғалымдарының түп төркіндегі жақындығымызға баса назар аударғаны жөн болар еді. Жалпы «түркі» және «түрік» атауларына келсек, тарихшы ғалымдар көп жағдайда екі ұғымды бөлек атау ретінде қарастырады. Ал ұлттық идесы анық, құлдық санадан аулақ түрікшілдер оны «түрік» атауымен ғана атауды жөн санайды. Қазірде түркиядағы түріктер ондағы қазақ бауырларын «қазақ түріктері» атайды. Демек, ортақ түрік атауына жүгінсек, ұлттық айырмаға қарай – қазақ түріктері, ұйғыр түріктері, өзбек түріктері, қырғыз түріктері, моңғол түріктері, т.б. атаулармен атау шындық тегімізге барынша жақын болар еді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Махмұд Қашқари «Дивани лугат т-тюрк», «Ана тілі» баспасы, Алматы. 1993 жыл.Шәкәрім Құдайбердіұлы. «Шәкәрім» – II том, Алматы «Ел-шежіре» – 2008 жыл.
Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 1-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл. 56 бет.
Қ.Р.Аманжолов, «Түркі халықтарының тарихы», Алматы: «Білім», 2005, 13 бет.
Ислам Қабыш «Тұран әлемі». Алматы: «Санат», 2007 ж. 80 бет.
Қазақ ру-тайпаларының тарихы XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл.17 бет.
«Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері», V том, Алматы: «Дайк-Пресс», 2006 жыл. 57 бет.
Әбілғазы «Түрік шежіресі». Алматы, «Ана тілі» баспасы. 1992 жыл. 40 бет.
Қ.Зарыпхан «Шыңғыс ханды түрік қылған Рашид-ад-Дин», «Алаш айнасы»
Л.Н.Гумилев «Көне түріктер». Алматы, «Білім», 1994 жыл. 329 бет.
Қ.Салғараұлы, «Ұлы қағанат». Астана:«Фолиант» баспасы, 2008, 345-346, 357-беттер.
Құнанбаев А. Шығармалары. – Алматы: «Ғылым», 1977. – Т.2.
«Монголын нууц товчоо. Улаанбаатар, 1990. 149-бап.
З.Қинаятұлы «Шыңғыс хан» Алматы, «Арда», 2008 жыл. 100 бет.
«Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы», III том. Құраст: Н.А.Атығаев, К.Қ.Ақтаева, Л.Л. Батурина, Ә.Ә.Қайдарова, Қ.З.Өскенбай. «Фолиант» баспасы. Астана-2005 жыл. 402 бет.
Плано Карпини «Маңғұл тарихы», ауд: Т.Ә.Тыныбайын. «Шапағат-Нұр», Алматы, 2013 жыл. 23 бет.
Хабсатарұлы Ғалыммұрат «Қазақ болмысы», Ұланбатыр. 2009 жыл.
Галим Құдайбергенов «Таныс та бейтаныс Монголия», 1-том. Астана-2012 жыл. 149 бет.
Ж.Артықбаев «Қазақстан тарихы», оқулық. Астана: Фолиант. 2013 жыл.131-132 бет.
К.Аманжолов, А.Тасболатов. «Қазақстанның әскери тарихы», Алматы: «Білім», 2008, 33-бет.
Су Шуяң «Қытай туралы білімдер» – Қытайтану. «Хұснихат» баспасы. Алматы, 2010 жыл.
Жәди Шәкенұлы
Жазушы, академик