«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

ТҰҒЫРЫЛ ХАН (тарихи эссе)

Авторы tugurul
830 қаралым

             (тарихи эссе, жалғасы)

Арпалыспен өткен андалық өмір

                          Сартауылға сапар шегу алдында Шыңғыс хан көп ойланып,  көп толғанды. Шыңғыс таудағы Отчегинге салдырған алып қарағай мұнараның басына шығып алып, өзінің бақсыларымен, игі жақсыларымен  әлденеше рет кеңес өткізді. «Көрініп тұрған үйден көңілдегі үй жақын» деп білетін ол қатын-балаларынан тартып қатарлас, үзеңгілес адамдарына дейін іріктеу жүргізді. Сонау бір кезде Шыңғыс Шұғыла еліне шабуыл жасап, өзіне қаратқанда сол елдің ханы Бұқахан Құлан атты қызын қойнына салған болатын. Жас иіс жан дүниесін өзіне қалай құлатып алғаны қағанға да беймәлім, сол құшақ оны едәуір уақыт шырмап алды да, есіне Бөрте оралған бір сәтте Маңдай өрлік Мұқалыны Бөрте бикеге жіберіп, рұқсат сұратқанда оның: «Қабат шапан тоңдырмас, қабат арқан тоздырмас», – деп мақұл болғаны қағанның есінен мәңгі шығар емес. Сонан бастап ол әр хандықты бағындырған кезде бірден бірнешеге дейін жаңа иісті жанына жатқызған сайын Бөрте бикенің рұқсатындағы «Қабат шапанның» бірі деп қарап, артына алаңдамайтын болған. Қаған өзінің балаларын да ұзын сырықтан өткізіп, сарапқа тартып отырған, бір күні балаларының ішіндегі үміт күттіріп жүрген Үгедей кіріп келеді. Қаған кірген жерден:

-Тойдың ең үлкені қандай той? – деп сұрайды. Қаған қойған сұрауға пәлендей пәтуалы жауап таюба алмаған жас азамат сәл кідіріп барып:

-Ескі жыл есіркесін, жаңа жыл жарылқасын деп, жылдардың ауысуын тойлау ең үлкен той болар ма екен, – деп жауап қатады. Қаған бұған риза болмай, зілдене тіл қатады:  «Олай емес, сәби боп туып, ат тағынбасаң, құрсақтан шығып, жарық дүниені көрмесең,  кімнің тойын тойлар едің? Кімнің атын атар едің? Бұдан былай атадан жаралып, анадан туған күніңді  біліп, сол кезді құрмет тұтып, көпті жинап, тойласаң, тойдың ең үлкені осы болады.

       Ұғып қой осыны!.. Қағанның сөзінің соңы жарлық іспетті болып, қатты шықты. Сонан тартып бүкіл патшалық осы жарлықты ұстанды. Мұнда да үлкен сыр жатыр, өйткені туған күнін тойлаған сайын адамдар ата-анасын, өзін баулып өсірген өнегелі күндерді еске алады. Қағанның ойы ұрпағына осыны ұмыттырмау еді. Хан алдына кірген адам рұқсатсыз кірмейтін, сол сияқты «Қайтуыңа рұқсат» демесе, қалшиып тұра беретін. Сол салт бойынша Үгедей әлі қалшиып тұр. Сәлден соң ханға қарап:

-Рұқсат па, хан-әке? – деді. Хан-әкесі оған рұқсат бермей тұрып:

-Әлгі сөзді кімнен естідің? – деп сұрады.

-Тақсыр, хан-әке, – деді Үгедей иіліп тұрып, – жұрт солай деседі екен, әсіресе біз шеру тартып барғалы тұрған Сартауыл, әру-мәру елдері жаңа жылды құрмет тұтатын көрінеді…

– Біздің өз жолымыз бар, – деді қаған сөзін нығыздай түсіп, – елге еліктемейміз, айтқанға емес, көз көргенге сенеміз, жүрісіңнен азынаған жел, тұрысыңнан арбаған тер шықпасын!

Сөзге ерме, езге сенбе,

Көпірме кісіні ертпе,

Көп сөздіні көкітпе,

Етегіңе қоңырау қақпай жүр,

Бұтқа шана тақпай жүр, –

деген ғахылия есіңде болсын!

                  Қаған ұлына рұқсат беріп, далаға шығарды. Кейін бұл сөздер де әулет үшін қасиетті дұға ретінде жатталып қалды. Бұл күнде ханның ойы кемелденіп,толғамы толғанып қалғандай еді. Алты өзен өңірі мен Алтайды күнгей теріскей бетіндегі 12 хандықты ол алғашқы арнымен, білектің, найзаның ұшымен қаратқандай сезілді өзіне. Өйткені бұл- өзімен араласып жүрген сыралғы жаулар. Ал мына Сартауылға жорық жасау қыруар мол күш, қайратқа лайық тәсіл, арынға лайық ақыл керек сияқтанды. Әсіресе Тарғутай шешен мен Көкше әулиенің сөзі оған өте қышқыл тиді әрі ой салып кетті.Қаған қазір осы ойдың омбысында отыр: Шыңғыс хан бұл екеуін де оншалық тәуір көрмейді, ішке бүккен өштігі де бар. Өйткені екуі де кейде беті-жүзі демей, айыбын айта салып қарап отырады. Бірақ «Көргер көп тобырдан өнері бар дара артық, қалың қара шобырда билік бәлер бола артық» деген сөзді тұтынған қатігез Қаған бұл екеуін сол өнері үшін, дағдарғанда дәл тауып айтатын, дана көкіректен төгілетін асыл ақылдары үшін ғана хан ордасында қалықтатып жүрген жайы бар.

    –Тақсар, хан ием,- деді бір кезекте Тарғутай шешен,- еңсегей хан болып ел бидеу үшін күндей сарқылмайтын, теңіздей тартылмайтын күш-қуатың болсын!…

    – Шешенім, ол не дегенің, мағынасын түсіндір? –деп сұрағанда шешен былай шешіледі:

    –Күннің нұры жақсыға да, жаманға да, өліге де , тіріге де тең түседі, оның нұр шұғыласы сарқылмақ емес. Хан тақсырда да халқына сол күн сияқты тең жылылық беретін әділ көзқарас болғаны жөн. Сонда ғана бұқараң басқаға қарап, емінбейді. Еліңнің іргесі кемімейді… Қаған көзің тарс жұмып, үнсіз тыңдап отырған. Алдында бір өлімнен қалған жаутаң көз шешен хан тақсырға қарап еді, оның түр-тұлғасынан жаратқан яки жаратпаған бейне білінбеді. Шешен көмейіне келген сөзді айтып бір-ақ тынғысы келді:

    –Теңіздей тартылмайтын болу керек дегенім,- деп сабақтады ол сөзін,- теңіз-көлге таза да, лас та түседі, бәрі де шомылып, кіріг шығарады. Көл оларды сен таза екенсің, сен лас екенсің деп алалап жатпайды, бәрін де жарылқайды. Хан болған адам жақсыны да, жаманды да, өтірікті де, шынды да естиді. Сонда соның бәрін айдын шалқар көл сияқты құшағына алып, халіне қарай тазартып, артық сөзге ермей, кем сөзге кейімей әділдік жолдан таймаса екен деймін. Шешен айтарын айтып, рұқсат алып шығып кетті, қаған қалды. Бірақ оның сөзінен қатты секем алды. Қай хан күндей сарқылмайтын, теңіздей тартылмайтын болғысы келмейді-ау, бірақ оған кімнің дәрмені жетер? Кім күн сияқты бар жылылығы мен нұрын жер бетіндегі тіршілік дүниесіне бағыштай алар? Кім шалқар көлдей қара тобыр, қалың бұқарасын ластан тазартып, оның бәріне қайтіп жәреукеленіп шыдар? «Әй, ондай болу менің қолымнан келе қоймас. Мен көрмес жерде көзімдей, алыс жерде құлағымдай болған жандарды ғана жарылқауым керек» деп түйді ол. Өзінің соңғы ойын «Көкше әулиенің айтқаны » деп Қаған енді солай қарай аунатты: «Қарамаққа бәрі рас, тәңірден суат алғаным, Тұғырыл ханнан қуат алғаным, найманнан хатшы, керейден бақсы, қоңыраттан ақыл, жалайырдан батыр… бәрң де рас. Бұл оны неге айтып отыр, кімнің жыртысын жыртып отыр? «Осы елдердің киесі басына бақ, астына боп орнады» дейді. Бұл не дегені? Мына сөздердің астарында ауыр сыр жатқандай сезіледі ғой өзі. Менің басыма қонған бақ олардың ілтипатпен ұсынған сауғасы емес, тәңірдің шапағаты, жаратушының жарылқағаны. Ал тақты қан төгіп жүріп, сұрапыл соғыспен, арпалыспен алдым. Тек ата-бабамның рухы, көкжалдың құдіреті маған қолдаушы болды. Иә, «аңдалап жүріп, әкеңнің көзін құрттың» демек қой тегі, найман ханы Таяанның «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды, екі ханның бөксесі бәр кесек киізде отра алмайды» деген сөзі бар. Бұл сахараға осы бір ауыз сөз ереже болып қалыптасып қалған. Сондықтан екі хан қатар біреуі ғана билік тұғырына көтірілуі кере. Бұдан кейін де осы жолмен жүру керек. Мені әлем билеушісіне апаратын жол- тек осы ғана». Әулиенің соңғы бір сөзі ғана көңілге қонады: «Балық боп сүңгігенде басына пана болғандар да –осылар » деген сөзі керей Тоыққан Сарыға қаратылған болар. Қаған бір сәт сол кезді еске алды:

                   «Иә, ол кез 1177 жылдың жазы, Темучиннің дәл 16 жасқа шыққан жылы болатын, Дайшығұттар Темучиннің ауылына тұтқиыл шабуыл жасап келіп:   «Басқаларына тимейміз, Темучинді шығарып беріңдер » деп шұрқан салады. Олардың айрықша сұқтанғанын білген Темучин ретін тауып орманға қарай қашады да , қуғыншыларды адастырып , зым-зия жоқ болады. Бірнеше күннен кейін қайтыа шығуға қамданса да, аңдаушы күшті болғандықтан, қайтадан бас сауғалауға мәжбүр болады. Ол сол жатқаннан тоғыз күнді нәр татпай, орманда өткізеді.Ақыры тағаты таусылған Темучин: «Бұлайша орманда қор болып өлгенше, орманнан шығып , тағдырдың басқа салғанын көріп өлейін» деп нар тәуекелге бел буады. Бірақ, оны орманнан енді ғана шыққан сәтте аңлушылар ұстап алып, ауылдарына әкеліп, қол-аяғын кісендеп, қамап тастайды. Көп өтпей Дайшығуттардың ауылында үлкен той болады. Осындай сәтті көптен күткен Темучин ары қарап, әлдебір нәрсесін шұқылап отырған бошалаң күзетшіні қолын байлаған темір күрзімен төбеден бір қойып жамсатып,өзі бір әредікте сытылып шығып, ауыл жанындағы қалың қамысты қарасуға түсіп,ғайып болады. Сәлден соң күзетші ес жиып, жұрт тойдан келген сәтте жапатармағай кісендегі тұтқынды іздеуге кіріседі.Олар қалың қамысты әрлі-берлі сүзіп шықса да, қашқынды кезіктіре алмайды. Тек Торыхан сары ғана Темучиннің қалың қамыстың арасында судан басын шығарып жатқанын көріп: «Ізі жатпас, іздеп таппас жерге тығылған екенсің жата бер. Мен сені, сен мені көрмеген болайық » дейді де, іздеушілерді басқа жаққа бастап кете барады. Күн батып, ымырт үйірілгенде ел орынға отырады, кісендеулі тұтқынды су сорып, әбден қалжыратады. Сонымен Темучин ептеп судан шығып, өрмелеп жүріп, түн ортасында Торыхан сарының үйін әрең табады.

    –Ой, үйіңе кетпей, мұнда нең бар? Енді мені құртатын болдың ғой,-деп Торыхан сары оған шошына тіл қатады. Осы арада Торыхан сарының Шымбай, Шылауын деген екі ұлы арашаға түсіп, Темучиннің қол-аяғындағы кісенді алып, отқа тастап, өзін әбден тамақтандырып әлдендіреді. Сол аралықта таң атып, жұрт қимылы бастала Темучинді арбаға тиелген қалың жүннің арасына апрып тығады. Таң атысымен: «Кісендеулі тұтқын алыстап кте алмайды, ауыл үйлерінің бірінде тығылып жатқан болар » деп, қайта іздеу салып, ауылдың қорыс-қопасын шығарады.

    –Кезек Торыхан сарының үйіне келеді, олар үйді тінтіп болып, арбадағы жүнді шаша бастайлы, Темучиннің бақайы көріне бастаған сітте Торыхан сра ыоны қалқалай беріп: «Ой, ары жүріңдер, әрең жиған жүңм шашылды, осы шіліңгір ыстықта жүнге тығылатын адам бола ма?» деп іздеушілердің  назарын басқа жаққа аударып жібереді.Сонымен ол арбаны Қадан деген қызына күзеттеріп қойып, сол күні түнде Темучинді ат-көлік, азық-түлік әрі садақ, қылышпен қаруландырып,өз үйіне жолға салады». Бұл жақсылықты Темучин өмірі ұмытқан жоқ. Ол сахараның биік қағаны атанып, мәртебесі өрлегенде Сылдыртайдың Торыхан сарысын тоғыз өрліктің (уәзірдің) ағасы етіп тағайындайды, меркіттердің ежелгі мекені Шіліңгір өзенінің бойын оның ұрпағына мирас етіп қалдырады, оның үрпағы патша тіке кіріп-шығу орайны ие болады.Қаған дәурен деген шығында тоғыз өрліктен кеңес сұрайды:

 Ұрлап тығып, жүн-жұрқалы күймеге пана болған,

Ұлыс монғолдың иесі етіп,хан тағына жеткізіп, аға болған.

Кең пейілін кетіге бостпаған, шар жүректім!

Кектімін деп есапат істемеген ет жүректім!

Торыхан сары, сен де бір сөйле!-

дегенде хан иесі аға тұтқан Торыхан сары: -Жиһанды жиып, билік құрған әулием! Жартастан жарық ап дәурендеп тұрған хан ием!

  –Ауыр тәніңді

Асыл деп ойнама!

Ерекше күшіңді

Әлмізге балама!

Пәлеқор пендені

Жаныңа жуытпа.

Жаныңа жақынды

Жарылқап,көп сыйла!-

                         деп ақыл берген екен.Міне, керейт деген халықтың Торыхан сарысы Темучинді өлімнен құтқарды, Тұғырылхан оны «анда балам» деп ардақтап, хан тағызына отырғызды. Көкше әулие болса, оның болашақ жолына жөн сілтеп, баспалдағын биіктетіп отырды.Бір адамға мұнан артық істелетін жақсылық болар ма? Сөйткен Тұғырыл хан мен Көкшенің ақырғы ажалы жарылқаған жанның қатігездігінен болады. Қағанның солтүстігі мен шығыс солтүстігін биледі. Шыңғысхан өзі «бүкіл шығысымның тірегі» деп қараған Мұқалы 1223 жылы 54 жасында қаза табады.Сонда қаған жарлық түсіріп: «Бүкіл патшалық бір ай аза тұтыын » деп әмңр етеді. Ал аға деп ардақтаған Торыхан сарының соңғы өмірі жөніндегі пәлендей дерек таба алмадық. Әйтеуір Мұқалының ұрпақтары Ордұс өңірінде қалды, Торыхан сарының ұрпағы «ұйғұт» деп аталады деген жазбалар бар. Оол кезде ұйғырларды «ұйғұт» деп те атайтын, соған қарағанда оның ұрпағы ұйғұр ішінде қалған тәрий. Шыңғыс хан наймандарға қарсы 20 жылдай соғыс жүргізді.Ал өзі қатты өшіккен меркіттердің тұқымын тұздай құртам деп Тоқтабектің немерелеріне дейін қуғындап, ақыры оның ұрпағын керейлердің бір бұтағы етіп тынды. Тайпалардың арасында керейлерге аздап рақым жасаған тәрізді, сол себептен болар, Тұғырылдың ұрпақтарының бірін батысқа ауған керейлердің әмірі деп тағайындаса (Байбұқа), ал шығыста қалған керейлерге Тұғырылдың тағы бір ұрпағын Жор деген адамды әмірші етіп белгілейді, батыс елдері  «Георги боп» деп атайды. Шыңғыстың өзінен бастап балаларына дейін, немере-шөберелеріне дейін керейден қыз алады. Бірақ оларға мынандай ереже бекітеді: ханымның үш ері болады: ең әуелі патша атты ері, онан соң абыроай атты ері, үшіншісі – өзі тиген күйеуі. Патшаға адал болса, абыроай атты ері азып-тозбайды. Патшаның жолынан таймаған, абыройын таза ұстаған әйел – алтын қазық. Сондаьғана өз күйеуі оны айналсоқтап, екі елі алыстап кете алмайтын болады. Қағанның келіндері де, қыздары да өз дәуірінде осы жолды ұстанып, Шыңғыс хан әлем билігіне аттанғанда қолтығынан демеп отырыпты. Ұлұн айке (әз бәйбіше Ұлан) дүниеден өткен соң, хан ордасының ұйытқысы керей қызы Шақыр бике және қоңырат қызы Мандуке ханым болыпты…

                  Алып Алтайдың күнгейі мен теріскейін түгел өз уысына қаратып, айбыны асып, көңілі тасып тұрған тәкаппар өзінің тоғыз өрлік, бес тайжи және Бақауыл, Сақауыл, Қарауыл, Жортауыл басыыларын түгел келуге жарлық шығарды.Дәл қазір қағанның қасында өзі:

Дұшпанды жайнасып,

Олжаны байласып,

Күліктің жалына

Күнді қондырып,

Құйрығына

Құйынды ойнатып,

Жаудың ізін өшіріп,

Есендікті айттырған,

Жалайлардың жақсысы

                                                                                           Мұқалы батыр сен едің! – деп мадақтайтын маңдай өрлігі Мұқалы                 ғана отыр. Сонау Бұрхан тауынан найман тауына (найман кух) дейінгі байтақ аралықты бағындыруда Мұқалының еңбегі ерен, сондықтан оны таяуда ғана маңдай өрлік етіп тағайындаған болатын. Бұрынғы заманда қазақтар Салбурынға шыққан кезде шабыты келіп, тіленіп тұрған қыранның жер бетінен ілетіндей ешнәрсені  шалықтырмаған жағдайда өз иесіне  түсіп қалатын қатерлі жайттар болады екен. Соған сай қазақтар қатты ағаштан қорғаныс лыпа жасап, құсының құйы бұзылатынын көзінен танып, Салбурынға шыққанда басына киіп алады екен. Бұл жабдықты қазақтар кезінде өрлік деп атапты. Қалай екені белгісіз Шыңғыс хан өз уәзірлерін өрлік деп атаған. Бұл күндері оның сайдың тасындай іріктелген сарабдал тоғыз өрлігі бар. Олар: Жалайыр, Мұқалы, Шүршүт Шумерген, Арлат Күлік Боршы, Керей Торыхан сары, Ұранхай Желме, Бесұт жебе, Ойрат Қара Керу, Жүркі Бөріқұл, Татар Шекітқұтық болатын. Осылардың қай-қайсысын хан иесі қияметтің қыл көпірінен өткізгендей, сан рет сынап, сапалық сырықтың үстінен жорғалатқан болатын. Заудеғалам бір де бірі жаңсақ кетсе, жақтан отырғызып, ағат кетсе, алқымдап тастай салатын. Қатыгез ханның қасында олар мың өліп, мың тіріліп, жанын шүберекке түйіп жүріп, әрең жеткен.Айталық, Күлік Боршы Темучиннің баяғы сегіз құла аттан айырылып, сергелдең болып жүрген бала кезіндегі досы. Тіпті оны:

      -Жаныма жалықпай ерген тұс көлеңкем,

      Жорықта жылыспайтын  жақпар тасым,

Байласқан сөзден таймайтын түйіншегім,

      Бек қиын істерімді тындыратын сүйенішім,

      Басыбайлы өгізімдей Боршы досым,

– деп мадақтайтын. Сол Боршыны жолдасқа алып, бір жолы Шыңғыс хан Тибет пен Үндінің аралығындағы жерді шолуға шығады.Жолшыбай Жыл деген ноян Шыңғыс ханға құла қасқа ат, тиін ішік, құлынды бие –үш нәрсе сыйға тартады. Үйіне қайта оралған сәтте бұл олжаны алыданан шығып, атын ұстаған адамға береді де, жан жолдасы Боршыны құр қол қайтарады.  Мұны естіген Боршының әйелі бұлқан-талқан болып: «Қамқор болар хан иеңнің сиқы осы ма, күндіз-түні қасынан салпақтап қалмайсың, арам тер боп нең бар?» быжалақ қағады. Сонда Боршы әйеліне: «Шапаны ұзын, ақылы шолақ әйел деген осы екен-ау, адал болып,артынан ере берсем, ақыры бір сыйлар, тек қасиетті ханның алтын тұғыры берік болса екен!» депті. Осы істің аңдысын аңдау үшін Шыңғыс хан Очыр шешен деген адамды арнайы сыбыршыға жіберіп, мән-жайды әбден ұққан соң:

-Ауыздан шығар желіңді бас,

Арыстан алғаннан кем соқпас,

Аузыңнан шығар деміңді баспай,

Ақырған ашумен ештеңе таппас…

Көргені жоқ көп тобырдан

Өнері бар жалғыз жақсы.

Қалың қара шобырдан

Билік білер жалғыз артық.

Хас тұяғы қайырылса,

Хан мен қара тең болар.

Жаңа шапан жыртылса,

Жағасынан бүрген ілер.

Халық азып тозанда,

Ханым мен күң тең болар.

Қараша ханша сөйлесе,

Қара басынан айырылар.

Қара аспанға табынған оң болады,

Қара суды қайнатқан сор болады.

Қатыныңа сенбесең жөн болады,

деп уағыз жарлық шығарған-ды.

Зейнолла Сәнікұлы

Тұғырыл хан” тарихи эссесінен алынды

(жалғасы бар)

Ұқсас жазбалар