«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

ТҰҒЫРЫЛ ХАН (тарихи эссе)

Авторы tugurul
760 қаралым

  (тарихи эссе, жалғасы)

Арпалыспен өткен андалық өмір

                         Бір мезгіл дала жорығында болып, үйіне оралған Күлік Боршы келген жерден әйеліне ақшия тіл қатты:

-Анау күнгі екеуміздің арамыздағы әңгіме хан иемнің құлағына жетіп болған тәрізді, «Қара аспанға табынған оң болады, қатыныңа сенбесең жөн болады», – депті хан ием. Керейдің Көкше әулиесі келіпті, әулиенің көріпкелдік, болашақты болжайтын батылы бар емес пе, бұрын жорық жолын болжаушы еді, енді хан сол әулие арқылы қол астындағылардың не істеп, не қойып жатқанын, қалай қамданатынын бүгесі мен шігесіне дейін біліп отырады деп жорықта жүрген қалың жасақ гу-гу етісіп жүр…

    – О, тәңірім, онда алдымен мен құрыдым ғой, қу аузыма әлгі бір бейпіл сөздер қалай түсті екен?! Әйел жағасын ұстап, тұрған орнында қалшиды да қалды. Қол-аяғынан дәрмен кетіп, тұла бойын тер басып, қалш-қалш етеді.

     -Мен айттым ғой, бір елі ауызға екі елі қақпақ. Ақылыңның шолақтығы айпарадай ашылды. Еркек мәрт, қатын дүниеқор деген осы. Хан иемнің қатыгез екені рас, бірақ қайырымы мол, шын түспесі келсе, қойнындағы қатынын бере салатын мерттігі де бар емес пе?!

    – Айналайын Бөреке, осының бәрі хан иемнің құлағына тағы жетпесін, доғарайық сөзді, – деп келіп әйелі күйеуін құшақтай алды. Сахара өмірінің іңір әлеті қандай думанды десеңізші! Мөңіреген сиыр, маңыраған қой, у да-шу адам, асыр салып ойнаған қалың бала… Ел орынға отырып, жұрт тыныш ұйқыға кеткенше жорықтан қалжырап келген Боршының мазасын алып, тұлымынан тартқылап, тұқыржыта бергендей сезілді. Оның үстіне әйелі құрғырдың күйбіңі түгемей, оның тәтті ұйқысын әлсін-әлі бұза берді. Сәлден соң оынң ұйқысы мүлде ашылып, ширап сала берді, тіпті көпке дейін арлы-берлі дөңбекшіп, ой омбысына шомды. Міне, оның көз алдына балалық, жастық шақтың буылдыр күндері елестеді: Ол кезде Темучиннің де, Боршының да 16-17 жастарға енді ғана аяқ басқан кезі болатын. Баяғыда өздері жұртқа тастап, әбден қорлап кеткен Тарғутай бастаған дайшығуттар «Қозы жүні көтерілді, тоқтының еті толды» деп келіп, өздері қалт-құлт етіп, әрең отырған Есүкейден жетім бала мен жесір қатынды тарпа бас салмасы бар ма? Әйтеуір тәңірдің берген қуаты болар, Бұрхан тауының ну орманына тығылып жүріп, әрең құтылды. Ал Темучин тұтқын болып қолға түсті. Кейін тәңір жарылқап, сол елдегі Сылдыртайдың Торыхан сарысының көмегімен әрең құтылып, өз үйін зорға тапқан. Темучин Сеңгір өзенінің бойында отырған үйіне келіп, енді ақыл-есін жиып, серги бергенде бұларды тағы бір пәле киіп әкетті. Аң аулап жеп, азығын сонымен айырып, бетіне қарап отырған сегіз құла атын бір түнде-ақ қарақшылар айдап әкетіп, бұларды тақыр жерге отырғызып, дәт дегізді. Қолда тек Белгітай саршұнақ аулауға мініп кеткен шолақ құла ғана қалды. Бір  топ жетімнің ішіндегі естияры Темучин болатын. Сондықтан жоғалған жылқының ізінен түсуге әлгі құла шолақпен сол аттанды. Темучин сол жүргенннен мол жүріп, үш күн, үш түн дегенде бір ауылдың шетіне ілінді, бір тәуірі алғашқы сұраған адамы жоғалған жылқының беталысын көзі шалған болып шықты. Жөн сұраған жоқшы жігіт жүруге ыңғайланған сәтте жөн сілтеуші оған таңырқай қарады.  Мынау жат ел, жат жерде оның қаннен-қаперсіз жалғыз жүруі , барды жиып баратын барымтаға жалғыз жол алуы, сонда да қатерге қарсы шапқан батылдығы оны ойландырып тастады:

   -Ей, жігітім, – деді ол Темучинге ойлы көзбен сынай қарап, – мал ашуы – жан ашуы, сен сауыққа кетіп бара жатқан жоқсың, сайысуға кетіп барасың, мына түріңмен оларға қайтіп төтеп бересің?

    -Амалым не? Басқа салғанды барған соң көрермін деп тәуекелге бел байлап тұрмын ғой.

    Темучиннің отты көзінен мүсіркейтіндей белгі байқалды. Жігітке қарап, жаутаң-жаутаң етеді.

    Осы аралықта жөн айтушы жігіт те бір байламға келгендей тәуекелге бір-ақ тартты:

    -Жігітім, мен де біреудің жалғызы едім. Әкемнің «Татымасқа бола тартыса берме,жалғызға жар бола жүр» деген ақылы бар еді, жау бетіне жалғыз аттаныпсың, мен саған жолдас болайын, иынау астыңдағы атың да бұрлығып қалған тәрізді, сондай жорыққа мінетін менің «Сұркөжек» деген атым бар, сен соны ұстап мін… Далада кездейсоқ табысқан екі жігіт аттарын ауыстырып, азық-түлік, қару-жарақтарын толықтап алған соң, сегіз құланың сезікті ізін қуып, суыт жүріп кетті. Сол жүрген беті үш күн дегенде бір ауылдың шетінде тұрған өз жылқыларын Темучин тани кетті, бара қуа жөнелді. Жат ел, жат жерге бауыр баса қоймаған жылқылар өз иесін тани қойғандай, алдына түсіп шұрқырап жөнеп берді, келген жағын білетін есті жануар алған бетінен қайтатын емес… Қарақшылар да аңдуға адам қойған екен, апыл-ғұпыл қимылдап, соңына түсті, боз атты, қызыл шапанды біреу ентелеп, жетуге таяды, жолын тоспаса, боз жүйрік қоятын емес.

    – Мен садақ тартып, ананы жамсатайын, сен жылқыңды қуа бер, – деді Темучиннің жолдасы. – Жоқ, жалғызды жазымға ұшыратсам болмайды, жылқыны сен қу,  мен тартайын садақты, – деп Темучин садақты қолына ала, алды-артына қоя берді. Бір кездері қоңырат елінде үйренген өнердің құдіретін ол бүгін көргендей болды, алды-артында борап тұрған оқтан сескенген қуғыншы сәлден соң, кібіртіктеп қалды. Сол аралықта қас қарайып, жер беті ала көлеңкеленіп қалған болатын, бұлар қоңыр түннің құшағына кіріп, зым-зия жоқ болды… Шыңғыс хан сондай бір жалғыздық көріп жүрген кезінде жарылқаған, қатерлі сәттерде жанына сая болған Нахубайдың Боршы атты жалғыз ұлы осы еді. Сол сегіз құланың күшімен ол қоңырат елінен Бөртені әкеліп, ұлы думанды той жасағанда інісі Белгітай әдейілеп Боршыға жіберіп, жақсылыққа шақырды, сол тойда екеуі бауыздап жеп отырып, мәңгілік дос болысты. Содан бері 30 жылға таяу уақыт өтті, бұлардың құшағы жазылып көрген жоқ, Дайшығуттарды жою, меркіттерді талқандау, Алтын хан елін қарату, керейдің Уаң ханын жою, наймандарды бағындыру соғыстарының бәрінде де Боршы жаудың беті, оқтың өтінде жүріп  Шыңғыс хан үшін өзінің бойындағы барлық қажыр-қайратын аяған жоқ. Оны хан иесінің «басыбайлы өгізім» деуі де осыдан. Ойлаған сайын оның ой иірімдері тереңдеп, тұңғиық құзға түсіп, шыңырауға сүңги берді.

    – Хан ием мені қалайша қаға береді, әлі де сынына толмай жүрмін бе, жоқ, арада біреудің әзәзілдік қылып, от тұтатып жүрген жайы бар ма? Мұны да қой, бәрінен қиыны мына керейдің Көкшесі арқылы көкірегімізден саңылау ашып, көңілдегіне көгенге тізіп отыратыны қиын болды ғой, қатынмен сөйлессе де, қалтырап тұратын халге келген деген болды. Пай, пай, аңдудың аяғы әлекке, қысудың аяғы қырғынға апарып соғар ма екен?! Ол осы араға келгенде өз ойынан өзі шошығандай боп, қиял шыжымын қымқыра ұстап, қайта тартты. «Қойшы, – деді ол, –кейде хан иемнің өз балаларын сынап, ойлам-толғамын безбенге салып жататын сәттері де бар ғой, мені де інісіне-өзіне балап жүрген шығар, – деп өз-өзін сабырға шақырды. Боршаның мұнысы да рас еді. Бір реткі салтанатты тойдың ақырында той тарап, Шыңғысхан төрт баласымен ғана қалады, бұлар арақты сілтеп отыр. Хан ие балаларының қалай жығыларын қадағалап, айтқандарын андап отыр, өзі де араққа есеңгіреп қалған болатын. Сәлден соң балалары бірден мастыққа жеңдіре бастады., әуелі Жошы, онан соң Шағатай, үшінші ретте Төле өздерінің мендегендігін байқатты. Ал Өгедей өзімен тең түсіп, қызара бөртіп, балбырап тарасты. Шыңғыс хан сол беті қағанат билігі жөніндегі кеңес құрып жатқан елдің игі жақсыларының ортасына келіп қалады. Келсе, неден қозғалғаны белгісіз, арақ туралы айтыс жүріп жатыпты. Хан ие келгенде бұлардың бәрі орындарынан тік тұрып, құрмет білдірді, хан бұларды отыруға шақырып, жұрт орындарына жайғасқан соң, үй-іші құлаққа ұрған танадай, жым-жырт күйге шомды. Соңғы сөзді естіп қалған жайы бар, сондықтан хан сол сөзді қайталап:

    -Қанеки, әңгімелеріңді жалғастырыңдар, мен де естиін, – деп Қамдауыл өрлігі Торыхан сарыға қарады:

   – Тақсыр, сөз арақ туралы болып жатыр еді, –деді ол.

   –Соларыңды естігім келіп тұр.

–Мәртебелі хан ием, – деді ол, – осындай салтанатты тойда шарбат-шарап жоқ болса, шарапат шаттық қалмайды деп білемін…

                Не дер екен дегендей қаған енді жалайыр Мұқалыға қарады. Ол да бөгелген жоқ:

–Тақсыр, хан ием,

Келіскен сөзіміздің

Қадірі кетпей ме?

Көңілді желіктіріп,

Жел сөзді үдетпей пе?

Алған бағыттан адастырмай ма,

Арамызға от жағып

Біріміз бен бірімізді жамандастырмай ма?

деп басын шайқап, өзінің бұған қарсы екендігін білдірді. Сөз кезегі Шумергенге келгенде:

– Көк орманға жасырынған аңды тазы қуып шығарады,

Көңілге жасырынған ойды арақ қуып шығарады.

Бәрімізді көсілдірмей ме?

Іштегі сөзді шешілдірмей ме?

Ішкелі ұзақ болды,

Сонымен көңіл толды, –

деп өзінің ішу жағында екендігін білдірді. Хан тақсырдың көзі Күлік Боршыға аунай бергенде дайын отыр екен, айтқызбай іле жөнелді:

–Ауызға тамғанда алтын шіркейдей,

 Ауыздан шыққанда арыстан-пілдей,

Тілге тигенде тірі шіркейдей,

Тілден төгілгенде тістеуіктей.

Сонда бұл ақылдың киесін адастырмай ма?

Жиған дүниеңді шашпай ма?

Жақсы мен жаманды шамалайық,

Арақты асқа санамайық…

                          Осылайша игі жақсылар арт-артынан біріне бірі қарсы керіске түседі. Желме батыр: «Қара арақ болмаса хан иемнің ұлысы ұлыс болып тұра ма?» деп дүрілдесе, Жебе батыр: «Достардың басын түйістіріп, жауға айбар көрсететін, көңілдің көркейген көбігін шығаратын арақты неге ішпеске», –деп оны қостай кетеді. Ал Бөрікұл батыр бастаған бір топ: «Аяқ астынан дау шығарады, жоқ жерден жау шығарады, ақымақты көбейтіп, ақылды қашырады», – деп оларға қарсы пікір айтады. Бұлар бірінің сөзіне бірі қонақ бермей, алды-алдына дүрілдеп бара жатқан сәтте хан тақсыр бәрін сабырға шақырып, таласты доғартады да, есік күзетінде тұрған бала жігітті үйге кіргізеді. Сонан соң: –Болмай туған болымсыз бала, сен не айтар едің? – деп сұрайды. Бала ханға қарап жапақтап, қорғаншақтаған рай білдіріп еді, қаған жүзінен жылы шырай көрсетіп, балаға сөйлей бер дегендей бас изеп қойды. Бала кібіртіктеп тіл қатты:

–Уәзірдің орнына барсам деймін,

Өз ойымды ортаға салсам деймін…

–Бөгелме, – деді қаған тағы бас изеп, – ойыңдағыны ортаға салып көр.

Бала тәуекелге бел буған тәрізді, сыдырта жөнелді:

–Көп ішсе, сырқат болар,

Артық ішсе, өмір солар.

Бас қосып ішсе, бақыт емес пе!

Бәрі мас болса, малғұндық емес пе?!

Үнемі ішу – азғындық болар,

Өзін тежемесе, пәлеге жолықтырар.

Мастықты мақтан етпеңдер,

Жау келгенде біріңді-бірің тастап кетпеңдер.

Шарап шаттықты жебесін,

Ақылды жемесін!…

                       Бала жігіт осыны айтып, қағанға қарап еді, хан иесі көзін жұмып, ұий тыңдап отыр екен, соның өзіне көңілі сабасына түсіп, орныға қалды. Бірақ, өр жақта отырған Шадана шешен:

–Тоғыз өрлік тұрғанда,

Толғанатын кім едің?

Шешен-жүйрік тұрғанда,

Шешілетін кім едің?

Хан әулием тұрғанда,

Басынатын кім едің?

Артық ішкенді азғын деп,

Ашынатын кім едің?

                   Шадана шешен осы сөзді айтып болып, хан не дер екен деп жалтақтап қарап еді, жүзін сәл суыққа салып көзін жұмған беті үнсіз отыр екен, сол отырыстан жазбады. Соның өзінен хан райының қабағын байқаған бала жігіт тағы сөз алып:

Қараны хан жетізеді,

Жетімді ел жеткізеді,

Бәйгені жем жеткізеді,–

деп бір тынды.

                       Қаған кенет орнынан тұрып, сөзбен емес, қол ишаратымен айтысты тоқтатты, жиылған топты таратып та үлгерді. Бұлай істеу хан қаһарының бір қыры еді.Кімдікі оң, кімдікі теріс, оны ашып айтпады, қарамаққа мынау бір бала жігіттің сөзі бәрінен биік шығып, асып түскен тәрізді. Бұрыннан бері хан ордасында ауыздыға сөз бермей, аяқтыға жол бермей келген Шадана шешен баладан жығылғанына балуан іспеттеніп, ордадан қорланып қайтқандай болды. Бұл бала кейінгі кезде кемеңгер ноян атанған Кетбұға жырау еді деседі ел аңызы.

     Ордадағы айтыс қағанды әлдеқашан сергітіп тастаған болатын. Сондықтан ол Кетбұғаны «Бағана менің балаларым үйде қалған еді, нендей әңгіме қозғап жатыр екен, соны біліп кел» деп жұмсады.

   –Тақсыр хан ием, – деп Кетбұға бұл жұмысты бітіріп келгендігін айтып, сөйлеуге рұқсат сұрады.

   Қаған үйдегі барлық адамдарды түгел шығарып жіберіп, Кетбұғаны жалғыз отырып тыңдады.

    –Балаларыңыз қызулау екен, бірақ сөз сорабы дұрыс, айтқан сөздерінің орны бар, пәтуалы сөздер екен, бәрі жиылысып, «Ең жақсы рақат не болмақ?» деген тақырып үстінде таласып жатыпты.

   –Иә, тәуір ғой,–деп Шыңғыс хан елең ете қалды,– болатын адам осындай болымды әңгіме қозғағаны жөн. Мен әлі де ішіп-жемнен ілгері аса алмай жатыр мадеп ойлап едім, жарайды, айт.

    –Көп жылқыны ен жайлата семіртіп, сахара төсінде салтанат құрып, сайран салғаннан артық рақат бар ма? – деді үлкен ұлыңыз Жошы. Қаған сәл тіксініп қалды: «Бойындағы меркіттің қаны түбі оны біздің үйірден бөліп әкетеді-ау! Мынаның әлден сахараға аңсары ауып, салтанат қызығын көргісі келуі тегін емес шығар, сағымнан пайда болған көкжалдар тобына қосылғысы келмей жүргенін-ай» деп іштей кейісе де, оны сыртына шығармады, тек: «Менің үлкен ұлым Жошы осы қағанатты құруға бізбен бірдей атсалысты ғой, табан ет, маңдай терін төгіп жүріп, бағындырған қыпшақ даласының әмірлігін соған бердім, өзі де солай ыңғайланыпты ғой», – деді Кетбұғаға естірте жауап қатып.

   – Шағатай атты балаңыздың айтқаны, – деп сабақтады сөзін Кетбұға, жауымды жапырып, егескенді еңіретіп, бұлаң пендені бұқтырып, тізеліні бүктіріп, ханбыз дегендерді қан қақсатып, алдыма айдап әкелсе, соны көргеннен артық рақат бар ма?– деп қарайды екен. Мұны естігенде қағанның жүзіне болмашы күлкі үйірілгендей болды. «Нағыз өзіме тартқан ер» деп ұлына риза болғандығынан ба, жоқ, болмай жатып, боз боран шығарған көпірме сөзіне көңілі толмағандығынан ба, ол жағы белгісіз.Енді бір қарағанда оның жүзіндегі әлгі болмашы жылылық мүлде жоғалып, оның орнын қаһарлы, сұсты бейне иелеп болыпты. Оның көз алдына сонау Алтайдың арғы бетіндегі бір-біріне ұласқан ауыр қырғыншылық, сондағы еңіреген ел, күңіренген дала елестеді, арбаның күпшегіне асқандары топ-тобымен сойысқа  айдаған малдай бауыздаған аянышты көрініс, меркіттерді жойғандағы мейірімсіздік, найман хандығын күйреткендегі қалың халықтан қашамын деп жүріп, Ертістің құз қиясынан дарияға құлап жоқ болғандағы жойқын қырғын көз алдынан кетпей тұрып алды. Ол онан ары қатуланғандай астыңғы ернін ішіне қарай қымқыра тістенді: «Қабағат қырғынның қалың ырғынға батыратыны рас. Біз бұл қағанатты осы жолмен құрып, керегесін кеңейттік. Боғда хан әулетінде белдескеннің белін үзетін, алысқанын аямайтын осындай ағылескер рух болуы керек. Бірақ артық ширатса, арқан да үзіледі, айқастың жасайтын, нөсердің толастайтын шағы болады. Осының ебі таба білмей, ескеуілдей берудің өзі Шағатайдың ойын шағып кетіп жүрмесін… » деген байламға келген қаған: «Ауызбен арыстан алу оңай ғой, нағыз ерлікті егескенде көрерміз» деп ойын түйіндеді Кетбұғаға қарап. Онан соң: –Шаңырақ басар кенжем еді, Төле қалай қарайды екен?– деп қабағын көтерді қаған жадырай тіл қатып.

   –Төле балаңыз, –деді Кетбұға сөзін  сабақтап:

Бозбалалар қаршығасын қолға алып,

Сәйгүлігін жаратып,

Тау-өзенді жағалап,

Қаз-үйректі қамалап,

Салбурын құрудан артық рахат бар ма?

дейді. Қаған бұл сөзге бас шайқады, ойланып та отырмады тек: «Е, ол ақымақ хан болу, қағанат құру дегенді саудагерлердің керуені, саудайының серуені деп білген екен-ау!» деп бір-екі рет шықылықтап қойды. Хан иесінің Төлеге көңілі толмағанын біле қойған Кетбұға:

   –Үгедей балаңыздың ойы бұлардан басқашарақ шықты, – деді іле тіл қатып.

   –Иә, соны айт, – деп қаған елең ете қалды, үмітін соған артқаны ма, ден қоя тыңдамайтындай ыңғыл байқатты.

   – Дана хан иеміз әкеміздің,–  дейді ол, қиындықпен құрған ұлы қағанатының етек-жеңін кеңейтіп, халқын ен жайлатып, іргесін нығайтып, үлкендерін бақытқа кенелтіп, жас ұрпақтарын көркейтсек, рақаттың ең үлкені сол болар деп ойлаймын мен. Бұл сөздерді естігенде қаған бас изеп, ризашылық рай білдіргендей болды. Бірақой омбысында отырған тәрізді, тіс жарып ешнәрсе айтпайды, мұнысы бәлкім балалары өз сынына толмағандығынан ба, жоқ, айтарын ірке тұрып, соңынан ой түйіндегісі келіп отырғандығынан ба, ол жағы белгісіз. Бір қауым уақыттан кейін барып балаларын шақыртты. Бұлар кәдуелгі жүйеге түскен тәртіп бойынша хан алдына тағзым жасап, рет-ретімен келіп жүгініп отырды, бәрінің де сергіп, серпіліп, қалғандықтары қимыл-қарекетінен, түр-тұлғасынан байқалып тұр. Сонан бірер кілтипат шыға ма деп ден қойған қағанның сынағынан олар сүрінбей өтті. Онан соң кәдуілгі әкесі бұрыннан жаттатып,  әбден бойына сіңірген айтулы хан уағызы: –Жан мен тәнім шаршаса да, жамағатым азбасын, қара басым қажыса да, қағанатым тозбасын, – деген сөзді бір ауыздан үш рет қайталады. Бұл сөз бұл күндері қағанат ұранына айналып үлгерген, хан алдына келгенде оның өрліктері мен тәйжілері де,шешендері мен шерікбасылары да, сондай-ақ, өз балалары да осылай ант беріп келіп, ант беріп аттанатын болған. Қаған балаларының бұл қимылына да ризашылық танытқандай болды. Сонан соң бала жырау Кетбұғаны жанына алып, балаларына мынаны айтты: –Сендер хан ұғылы,  қағанат иесі боласыңдар,әлемнің билігі сендердің алақандарыңда болуы тиіс. Байлық-бақыт, рахат-күлкі дегеннің бәрі найзаның ұшы мен қылыштың жүзінде тұр. Бүкіл Сартауыл, Әру-мәру, Болор, Арап өңірі монғол тұлпарының тұяғымен тапталуы керек. Қызық тамаша, рахат дегеннің бәрі сонан табылады…

                 –Сөз осы араға келгенде Жошы мен Төле көздерінің астымен бір-біріне қарап, өздерінің ағат кеткенін сезгендей әжеп-тәуір ұялып қалды. Ал Шағатай мен Өгедей намазға ұйыған жандай қатып қалыпты, Шағатай тіпті марсиып, іштей: «Хан әкем аузыма түкірген екен-ау» дегендей мақтаныш сезіммен жүзінен қуаныш лебі есіп отыр.

       –Біліп қойыңдар, – деп сабақтады сөзін қаған аса бір «зарлы» үнмен сұстана, –Жол ұзақ, сапар алыс, атар күн мен батар күннің арасы тұтас біздің жұмсақ жұдырығымызда, ашсақ алақанымызда болуға тиіс. Көкше әулие маған аспан иесінің жарлығын әкеліп: «Әлемнің иесі өзің боласың» деп мөр таңбасын қолыма ұстатып кеткен.

        –Бұл сапарда сендер, –деп қаған сөзінің аяғын жырмен түсірді:

–Асқар таудың асуын көзде,

Алып теңіздің өткелін көзде,

Алыс екен деп қорықпа,

Жүрсең жетесің.

Ауыр екен деп қамықпа,

Ілсең көтересің…

Асқар тауға шапсаңдар,

Айғайлап ұран салсаңдар.

Дариядан өтіп, шапсаңдар,

Дауылдап ұран салсаңдар.

Азық шайнар тісің аузыңда болсын.

Адам шайнар тісің ақылыңда болсын.

Білегі мықты бірді жеңеді,

Білімі мықты мыңды жеңеді… –

деп бір тынды. Сонан осң ол балаларына, онан Кетбұғаға бір қарап алып, сөзін онан әрі сабақтады:

       – Бұдан кейін мына бала жырау Кетбұға ақылшы болады, мен Көкше әулие, Қорғасын қобызшы, Тартуғай шешен, Бадана шешендерді қандай құрмет тұтсам, сендер де Кетбұғаны сондай құрмет тұтыңдар. Қайталап айтып қояйын: «Аяқтың адасқанын бастан, баланың адасқанын әкеден көруші болмаңдар…» Міне. Күлік Боршы осыларды еске алып, ой бұйдасын созған сайын оның хан иесіне деген ықыласы артып, алғашқы бөтен ой, бөгде көңілден сейіле бастады. Ана бір кезде Жошы орман еліне жорыққа аттанарда Шыңғыс хан өзі атынан Жошыға ақ жол тілеп, бата бергізгенін еске алғанда оның пейілі хан иесіне қарай лақ етіп, бір-ақ ақтарыла жаздады. «Ойпырым-ай, тәңір мені қаңғырта жаздап, бір сақтаған екен-ау, бұрынғы алған бетім дұрыс болған, хан иеме адал болып, артынан ілесе берсем, бір күні Жаршыдайды жарылқағандай қарық қып тастауы ғажап емес қой…» деп алғашқы райынан мүлде қайтқандай болды. Иә, Шыңғыс ханның Жаршыбайды жарылқағаны да табы суымаған қызықты әңгіменің бірі болатын. Ол кезде Шыңғысхан мен Уаң хан Тұғырыл ортасында  сұрапыл соғыс жүріп жатқан еді, қара нөпір қалың адам, жер бетін басқанқарақошқыл шаң, арпақ-торпақ алысқан адамдардың жүзін жан танығысыз етіп, айбақ-сайбақ халге келтірген, біреуді біреу біліп болмайды, сол аралықта кеш батып, жер бетін қараңғылық тұмшалап болған кез, керейлер кері қайтып, Шыңғыс хан Қалқа өзеніне қарай бет түзеп, едәуір алыстап барып түнеді. Хан таң бозынан тұрып, адамдарын түгендегенде Өгедей жоқ болып шықты, бұған ол қатты абыржып, қайта атқа қонбақ болып тұрғанда өзінің сенімді батырлары Жаршыдай мен Ойшылдардың да жоқ екендігі мәлім болды. Сонда барып Шыңғыс ханның көңілі орнығып, екі батырының қалайда Өгедейді құтқарып әкелетіндігіне кәміл сенім байлағандай болды. Таң жарығы жерге түсе бере мінгесіп, ұшқасып олар да жетті, соғыста жараланған Өгедейді олар жанкешті ерлікпен құтқарып, хан иесіне әкеліп табыс етті. Ал керейлердің соғысын басқарған Уаң ханның ұлы Сенкумге оқ тиіп, олар өзімен-өзі бөлек болып жатқанда Уаң хан Тұғырылдың інісі Жақа батыр меркіттер мен наймандарға қосылып, олардан бөліне қашады. Мұны білген Шыңғыс хан дереу Жаршыдай бастаған Орғуттар қолын аттандырады. Соғыс өнеріне әбден ысылған Жаршыдай бұл соғысты да сәтті аяқтатып, Жақа батырды жайратып қайтады. Осы ерліктерін еске алған Шыңғысхан:

– Жан беріскен күндерде

Жанын аяп қалмаған,

Өлім келген сәттерде

Өзін маған арнаған…

               жаныма биік таудың панасындай пана болған жанкүйерім» деп, қойнындағы әйелі Ибаға бикені үлкен қошаметпен сыйға тартады.

– Сенің, – деді ол Ибаға бикені құшақтап жатып, – көрікті жүзің, мінсіз тәнің маған ләззат бағыштап, құшағың шырымды кандырып, бойымды жылытқан еді, осындай қимас асылым өзінді қысасты кезде қалқан болғаны үшін, бытыраған елді біріктіргені үшін, жарылған жұртты жамаған жақсылығы үшін, Ұлысты ойлап, Жаршыдай батырға сыйға тарттым! Ибаға бике керейдің ержүрек батыры Жақа қамбаның үлкен қызы болатын. Темучин мен Тұғырыл хан андаласқан әке-бала болып тұрған тату-тәтті күндерінде үй үстіне үй тіккендей құдаласып, Ибаға бикені салтанатты тоймен еншілеп ұзатқан болатын. Оның сән-салтанатының биіктігі соншалық, Ибаға бикеге бәсіре ретінде Ашық Темір атты аспазды, Елшік деген қобызшыны 290 адаммен қосып аттандырған болатын. Шыңғыс хан Ибаға бикені Орғут еліне аттандырарда:

– Ибаға бике, сен маған Ашық Темір атты аспазың мен қобызшыңды және 100 кісіңді тастап кет, бұлар мен үшін сенен қалған белгі болып жүрсін. Сенің құрметің үшін мен өз жағымнан 100 адам қостым…  Сонан соң ол Жаршыдай батырды шақыртып әкеліп:

– Міне, адамың, бүгіннен тартып ана 400 мың Орғут елі сенің билігінде болсын, – деп жарлық етті. Бұл қағанның мәрттігі ме, мекерлігі ме, ол жағы белгісіз. Ой облысында жаткан Күлік Боршы мынадай түйінге келді:

– Иә, асыққан алдырар деген. Тағат сақтап, хан иемнің айтканына көніп, айдағанына жүре берсем, бір күні Жаршыдай сияқтандырып мені де қарық қып тастамасына кім кепіл…

Міне, осындай тәтті ойдың әлдиінде жатып, ұйықтап қалған екен, таң бозынан шабарманның:

– Ханнан жарлық! Қағанаттың барлық сардарына жиын-топ. Шұғыл атқа қоныңдар! – деген айқайынан шошып оянған ол апыл-ғұпыл аттанудың қамына кірісті. Кешені ұйықтар алдындағы тәтті қиялының немен басталып, немен аяқталғаны өзіне де күңгірт тәрізді.

Зейнолла Сәнікұлы

“Тұғырыл хан” тарихи эссесінен

(жалғасы бар)

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар