«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

«Шаңды жорық» оқиғасы және Абылай хан

Авторы tugurul
3259 қаралым

ҚАЗАҚ-ЖОҢҒАР ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫ ЖӘНЕ АБЫЛАЙДЫҢ ТҰТҚЫННАН БОСАУЫ – 3. Жалғасы:

Біз бұдан бұрынғы тақырыптарымызда Еділ қалмақтары туралы баяндағанбыз. Сол деректерді қысқа қайырсақ, біздер жоңғар атаған Ойрат хандығынан қақпайлау көрген торғауыттар екі дүркін көшпен Еділге барып, кейіннен орысқа бағынышты болған еді.

Еділ қалмақтары мен қазақтар арасындағы көптеген ұрыстар  орыстардың тікелей арандатуы нәтижесінде орын алып отырды.

Жоңғар шапқыншылығынан ығысып қансыраған қазақ топтарының батысқа қарай құйылып, Еділ-Жайық бойларына қарай ойысуы Ресей империясын және оның қол астындағы – башқұрт, қалмақтарды да алаңдатты. Орыстар олардың құлағына: «қазақтардың болашақта сендерді жаулап алу қаупі бар» екенін сыбырлап, қорғану шараларын қарастыруға шақырды. Онсызда көшпенділер тұқымын өз өзіне салып, солар арқылы от көсеп үйренген орыстық отарлау жаңа сылтаулар тапты. Орал аймағына жаңадан әскери бекіністер салу шараларын қарқынмен қолға алды.

Шынында да батысқа қарай босқан қазақтардың тағдыры аса ауыр болғанға ұқсайды. Мүшкіл күйдегі қазақ ауылдарында қайыршылық, тонаушылық сынды әр түрлі келеңсіз оқиғалар да жүз берсе керек. Сол замандағы Мәуреннахр деректерінде «Қазақтар Мәуреннахр қалаларына толып кетті, тонаушылықпен айналысып Мәуреннахрды құртуға айналды» делінген.

Қазақтардың әр түрлі кіріптарлық күйі Ресейдің қазақ даласын соғыссыз басып алуына түрліше шарт-жағдай әзірледі.

Бекен Қайратұлы «Қазақия қалай отарланды?» атты еңбегінде: «Еділ бойына қоныстанған қалмақтар Аюке ханның (1670-1724) тұсында 1655 жылы Ресей билеушісі І Петр патшамен шарттасып, патшалықтың түстік шекарасын Капқаз халықтары мен Түрік елінің шабуылынан  қорғауды міндеттеп алды. Ежелден жауынгер қалмақтар мойнына алған міндетін ойдағыдай атқарды. Атап айтқанда: 1681 жылы Башқұртияға шабуыл жасап, оларды орыстың қол астына қуып кіргізді; 1709 жылы шведтерге қарсы Полтава шайқасында орыстың сойылын соқты; 1710 жылы түріктерге қарсы майданға қатысты; 1728 жылы Персия жорығына атсалысты; 1786 жылы орыс солдаттарымен бірге Қапказды ойрандап, Қырым хандығының соңғы демін тауысты; 1814 жылы орыс-француз майданы өткен атақты Бородина шайқасында қалмақтар асқан ерлігімен көзге түсті.

Француз патшасы Наполеон Бонапарт Ресей патшасы І Александрға жазған хатында: «Сіз бен біздің майдан адамзат тарихында өзінің көркем талғамын сақтап, әскери өнердің ерекше үлгісі ретінде есте қалуға тиіс еді. Бірақ сіздің армия сапында пайда болған жабайылар (қалмақ жасағын айтады) біздің мәнді-мағыналы соғыс өнерін көрсетуімізге мүмкіндік берер емес. Бұндай жабайыларды айдап салып, ұлы Русь армиясы олардың артына тығылып қалуы жараспайтын қылық. Мен бұндай жабайылармен емес, өзімізге сай орыс солдаттарымен соғысуды қалаймын», – деуіне негіз болған дүние – осы бір жауынгер тайпаның әрекеті болатын» деген деректер келтіреді[1].

1771 жылы қаңтарда қопарылып шығысты бетке алып жолға шыққан көштің нақ саны – 30 909 шаңырақ, шамамен 180-200 мың адам. Көшті қорғауға тиіс қарулы қолдың өзі – 40 мың. Бұл салқар көш қалайда, Қазақияны басып өтуге тиіс, басқа жол жоқ. Патша бұларды қайтарып келуге Жайық орыс-казак жасағын жұмсайды. Олар қалмақтармен шайқасудан бірден бас тартады. Ал, генерал Траубенберг басқарған үкімет әскерлері, ауыр қару-жарағын сүйретіп жолға шыққанымен көшке жете алмай, арып-шаршап орта жолдан кері қайтады[2].

Қытайдың қазақтанушы әйгілі ғалымы Су Бихай «Төрт ойраттың қысқаша тарихы» атты еңбекке сілтеме бере отырып, бүгінгі торғауыттар ішінде керейлердің ру аттары сақталғанын айта келіп: «Г.Хоуорттың «Моңғол тарихында» Еділ торғауыттарының арасындағы керейттердің саны «1767 жылы 3861 түтін болғанын, хан тұқымындағы ерекше тайпаға тән жоғары деңгейдегі монах әулеттері 7672 түтін, ал көкшынар (қосшылар) 3861 түтін болғанын жазады. Осындағы үш бөліктің ішінде 3861 түтін түгел керейт болудан сырт, қалған екі тайпаның көп бөлігінің де керейттер екені шүбәсіз. Өйткені, Торғауыт ханының сақауылдары, зайсандары, көк шынарлары негізінен керейттерден құралатын. 1771 жылы Еділ бойынан қайта көшкен кездерінде керейттер ханның сақауылы болғандықтан хан мен ру-тайпа ақсүйектерінің, монахтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз деп жолшыбай туындаған жау-жалам кезінде көп құрбандықтар берді»[3] деген мәліметтер келтіреді.

Еділ қалмақтарының көшіне қатысты бірнеше болжамдар бар. Түпкілікті себеп осы бір жауынгер тайпаны өздерінің дініне, діліне, тіліне енгізіп бір жолата «жуасытып», құлданып алуды көздеген орыс отаршылдығының оларға тізесінің барынша батқандығы дер едік. Шындығында да қалмақтардың құқықтары елеулі түрде шектелді. Мал жайылымы жетіспеді. Қалмақтардың бір бөлігіне христиан дінін күштеп қабылдату саясаты жүргізілді. Олар Ресей армиясына жыл сайын әскери жасақтар беріп тұруға міндетті болды. Ресейдің көптеген басқыншылық соғыстары кезінде орыстардың айтақтап алдыға салып қоюымен қыруар қалмақ қырылып қалды.

Қытай деректерінде аталған көш хақында: «Ұбашының торғуттарды бастап отанға қайтып келуі» деп баяндалады. Қытай тілінде жазылып (2005 жылы), кейіннен (2007 жылы) ұйғыршаға аударылған сондай тарихтың бір үзбесі «Шынжаң тарихындағы әйгілі тұлғалар» деген кітапта берілген. Онда баяндалуынша, Еділ бойынан «1712 жылы Аюқаға жіберген елшілер үйірмесі Сиберия арқылы  жүріп, екі жылдан астам уақыттан кейін Бейжіңге жетіп келген», «олардың бұл сапарынан қатты әсерленген Каңши патша өзінің 32 адамдық елішелер қосынын аттандырып, олар 1712 жылы 23 маусым күні жолға шығып, екі жылдық машақатты сапар арқылы 1714 жылы 12 шілдеде Аюқа тұрып жатқан Мантұқайға жеткен». Олар онда 14 күн болып 1715 жылы 30 сәуірде Бейжіңге оралып, Каңши патшаның марапатына ие болған әрі «Жат жұрттар хақында естелік» деген кітап жазған.

«1730 жылы Юң Жиң патша Тошы жетекшілігіндегі елшілер тобын Петрбургқа россия әйел патшасы Аннаның таққа отырғандығын құттықтауға жіберген. Сонымен бірге Мантай жетекшлігіндегі елшілер тобын және бір мәрте торғуттардан хал сұрауға жіберген.

Аюқаның немересі Донроблаш сардар болған мезгілде Чу Жапты тағы да елшілікке жіберген. Ол орыстардың кедергілерін бұзып өтіп, үш жылдық машақатты сапармен, 1756 жылы (Чиян Лұңның 21-жылы) Чиңдидағы жаздық демалыс орнына барып, Чиян Лұң ханға Садақ секілді сауғалар тапысырған әрі Чизаңға (Тибетке) барып, Далай ламаға ғибадат қылуға өтініш білдірген»[4].

Осылайша, жалғасқан қытайлар мен Еділ торғауыттары арасындағы байланыстың үзілмегенін көреміз.

«1761 жылы 19 жастағы Ұбашы сардарлық таққа отырып, торғуттардың батысқа көшкеннен кейінгі 7-ұрпақ сардары болған. Ол көкірегі даңғыл, ақкөңіл болғандығы себепті өз қауымының ерекше қолдауына ие болған. Келесі жылы әйел патша Екатарина II жарлық шығарып, торғуттар тұрған маңның айналасына бекініс қамалдарын салдырып, көптеп жасақ жіберіп, оларды ерекше бақылаумен барынша қыса түскен. Әрі оларды мәжбүрлі түрде ресей-түркия соғысына қатынастырған, соғыста 70-80 мыңдай торғут қаза болған. Солай бола тұрса да патшалық ресей үкіметі 16 жастан асқандардың барлығын ұрысқа қатынастыру туралы жарлық шығарған. Қатты азап-тозақ ішінде қалған әрі құрып кету қаупіне дүп келген торғуттар ақыры төзіп тұра алмай, қарулы көтеріліс жасап, отанына қайтуға бекінген.

Шығысқа көшу жоспары жасалғаннан кейін, бүкіл тайпадағылар жедел түрде көш қамына кіріседі. Ақырында сатқындардың ішкі құпиялықты әшкерелеп қоюы себепті торғуттар белгіленген мерзімнен бұрын қозғалуға мәжбүр болады»[5].

Шын мәнінде олардың, 1770 жылдың күзінде өздерінің атамекеніне қайтадан қоныс аударуы туралы сол кездегі Қытай патшалығымен мүлдем құпия түрде келіскені туралы да дерек айтылады.

Қалмақтарға бұрынғы отандарына оралу туралы үгіт-насихатты Әмірсан Шерен жүргізді. Қалмақтар 1770 жылдың күзінде Қытай билігімен қоныс аудару жайлы келісті. Еділ қалмақтарының бір бөлігі будда дінбасылары жүргізген үгіт-насихатқа бой алдырды. 1771 жылдың қаңтарында жалпы саны 180 мың қалмақ Қытай маңына қоныс аударуға әрекет жасады. Еділдің оң жағалауында 60 мыңға жуығы қалып қойды, себебі мұз өте жұқа болғандықтан олар өзеннің сол жағалауына өте алмады. Сонымен бірге, көшіп-қонушылар арасында өздерінің тарихи отанына қоныс аударған бірнеше мыңдаған жоңғарлар да болды. Олардың саны 10 мыңнан 25 мыңға дейін артты[6].

Жоғарыдағы қытай дерегі бұл айтылғандарды терістемейді. «1771 жылдың 17 қаңтарында жолға шыққаны» айтылады. Әрі әйел патша Екатарина II-нің бұдан хабар тауып, қуғындап тосу туралы жарлық шығарғанын жазады[7].

Орыс жағы осы орайда «екі көшпенді жауынгер тайпаны бір-біріне соғып, құртатын тағы бір соңғы орай келді» деп есептеп, қазақ жағына хабаршы аттандырып, «қалмақтар сендерді шапқалы бара жатыр» деген өсектер таратты. Қалмақтар Жайық өзеніне жақындап келе бергенде Орынбор губернаторы Неплюев Нұралы ханға: «олар қазақтарға шабуыл жасау үшін келе жатыр» деген хабар берді. Оның үстіне, Неплюев қазақтарға патша үкіметінің атынан қалмақтарға қарсы шайқасқа шығып, қан майданда олжаға түскен қалмақтардың бүкіл дүние-мүлкін бұлап-талап, иелік ету құқын беретіндігін ұқтырды.

Ал қазақтар жағына қалмақ басшылары алдын ала жол сұрап хат жазған болса да олар: «бұл қалмақтардың бізді алдаған арамдығы болмасын» деген күдікті ой келтірді. Сөйтіп, ата кекті қуса да, малды-күйлі торғауыт тобын бұлап, оңай олжа алуды мақсат етсе де, орыстың сөзіне құлақ асып, солардың сойылын соқсада қазақ жағы торғуттарға тап береді.

Бұл туралы қытай жазбалары: «… қалың қармен құрсанған қазақ даласына кіргенде, олардың казактардың шабуылына ұшырап, 9 мың адамынан айрылғанын» жазады. Әрі олардың казак қолын тас-талқан етіп, жалғасты ілгерлегені айтылады. «Іле-шала патшалық ресейдің 50 мыңдық бірлескен жасағының шабуылына ұшырады» дейді[8]. Мүмкін, бірлескен армия деп қазақ қолын меңзегені болар. Осыдан кейін олар «қоршауды бұзып шығып, Балқаш көлінің оңтүстігіне қарай ілгерлеген». Осы арада ойламағн жерде қосын ішіне ауру тарап көп адамның өлгендігін айтады. Сөйтіп олар 1771 жылы 17 шілдеде Іле өзені бойына ілінген. Сапарға шыққан 170 мыңдай адамнан, не бәрі 70 неше мыңы ғана аман жеткен[9].

Тағы бір жай, аталған деректе көрсетілуінше, «Патшалық ресей торғуттардың шығысқа кетіп қалуына қатты қапаланып әрі жауығып, көзсіз наразылық білдіріп, оларды қуа соққылау туралы пәрменін жеткізген. Чиян Лұң патша: «соғыс жасау немесе тұрғын етуді патшалығымыз өзі шешеді» деп Патшалық ресейге тойтарыс берген»[10].

Сөйтіп, қытай патшасы Чиян Лұң Ұбашы бастаған топты арнайы қабылдап, қонағасы беріп, Пу Тозұңчиң ғибадатханасының алдына «торғуттардың отанға оралғандығының ескерткіші» және «торғут қауымына ізет көрсету естелігі» атты екі айбатты ескерткіш тас қойғызған екен.

Абылай хан және «Шаңды жорық оқиғасына» қатысты айтқанда, босқын халықтың қазақ даласы арқылы басын аман алып өтпекші болған мұқтаждығына назар аударған дұрыс. Кейбір әдебиеттерде айтылғандай олардың «қазақ даласын қақыратып, қырып-жойып өтетіндей» арам пиғылы болмағанын жоғарыдағы деректерден айқын аңғарамыз.

1771 жылғы 16 сәуірде Князь Урусовтың Астрахан губернаторы Н.А.Бекетовке жазған хатында: … менің естігенім, қалмақ билеушлері Шерең мен Бамбар Абылай ханға хат жазыпты: Еділ бойынан шығысқа, қытайға қарай ауып бара жатқан қалмақтарды қазақ жері арқылы аман өткіз, қалмақтың жүз жақсы қызын береміз, депті. Шерен мен Бамбар өзінің аймақтарын бастап, Убашының алдында 20 шақыырмдай озып кетіп барады. Қазақтардың өзара әңгімесінен естігенім, қытайдың ханы Абылай сұлтанға хат жазып, «Астрахандағы қалмақтар бізге келе жатыр, олардың жүретін жолын ашып қой» деп талап етіпті-міс. Оған Абылайдың не жауап бергенін білмейміз, бірақ осы естігеніміз шындыққа ұқсайды»[11].

Кейінгі тарих бойынша қарағанда, жоғарыдағы құжаттық дерек кейбір нәрсеге нақтылы емес, ерін ұшындағы күдікті емеурінмен қараса да уақыт атты төреші соңғы нәтиженің сонда айтылғанындай болғанын көрсетті.

«1771 жылы Еділ қалмақтарының жоңғарға қазақ жері арқылы үдере көшіп, Балқашқа жақындаған кезде Абылай бастаған қазақтың қалың қолы қалмақтарды қоршауға алды. Осы кезде қалмақ басшылары Ұбашы мен Серен бітімге келуді, бүкіл ел-жұртымен бодандыққа қабылдауды сұрап, елші жіберді. Кіріптар ұсынысты талқылау үшін шақырылған әскери кеңесте Абылай тағы да көрегендік танытып, жеңілген жауды қырып-жоюдың қажеті жоқ екендігін дәлелдеуге тырысты. Еділден ауған қалмақпен келіссөзге келіп, тым құрыса олардың жоңғарға еркін өтіп кетуіне мүмкіндік беру жөніндегі Абылай түйінінің аржағында шығыстағы ұлы көршімен болашақтағы қарым-қатынасты ойлау жатты. Жоңғардан азат етілген шығыстағы жерлерге қазақ ауылдарын апарып түпкілікті қоныстандыру да Абылай саясатының тереңдігін, кемеңгерлігін айқын көрсетеді. Оның әрбір іс-әрекеті қазақ халқының бүтіндігін, елі мен жерінің тұтастығын сақтауға бағытталды»[12].

Шежірелік деректер бойынша, қалмақтарды қазақ жерінен аман өткізіп жіберу идеясын Абылай қолдағанымен оның қол астындағы батырлары мен билері оған келіспеді делінеді. Сөйтіп келісімнің шешімін күтіп жатқан қалмақ жағына: «қазақтар сендерді алдап, әскер топтап, тез арада құртып жібермекші» деген сыбыс жетеді. Қалмақ жағы қазақ қоршауын бұзып шығып, қашуға әрекеттенеді. Оларға жауыққан қазақ тобы: «әне, айтқанымыз келді. Бұлар бізге қару көтерді» деп оларға лап қояды. Соғыстың бір шеті ұлы жүз жерін шарпығандықтан жоңғар заманында олармен одақ болып, көп күрестен шет қалған ұлы жүз ауылдары да торғауыт тобының мал-мүлкін олжалап, шабан-шалағай адамдарын тұтқынға түсірді.

1773 жылғы 26 қаңтарда қазақ тұтқынына түскен  Дерегар деген Еділ қалмағы мынадай мағлұмат қалдырған: «…Балқаш көліне жеткенімізде атымыздың аяғы сынып, қазақтардың қолына түстік. Мені сибан керей болысының қазағы Қожаназар Сәттібай иеленді. Жағдайым жаман болды. Қожаназар менен әйелін қызғанып, ұрып-соқты, қорлық көрсетті. Содан соң, еріксіз қашып шығып, орыс бекінісіне келдім. Мен бұрын Ресейдің азаматы болғанмын…»[13].

Бұл деректер қазақ тұтқыны болған қалмақтардың кейіннен алдыңғы ізбен кеткен ел-жұртының соңынан қашып барғандығын байқатады.

Император Академиясының мүшесі, дәрігер, дәрілік өсімдіктерді зерттеуші-ғалым Иоанн Сиверстің 1792-жылы қазақ даласына жасаған саяхат естелігіндегі:  «…5-шілде күні Ұржар өзенін бойлай, 40 верстадай алыстан көрінген Жай-Төбеге бет алдық. Жолда Астраханнан 1770 немесе 1771 жылдары қашып шыққан қалмақтар мен қытайлықтардың арасында болған соғыстың ізіндей, жан-жағына ор қазылған қамалға кездестік. Ал қазір, осы халықтардың көптеген қалдығы, Ертістің басы мен Бора-Тал, Қанжып өзендерінің бойында емін-еркін тұрып жатыр», – деген жолдары «шаңды жорықтың» іздері мен ары асқан қалмақ жағдайынан азда болса дерек береді[14]. Дегенменде, мұндағы «қашып шыққан қалмақтар мен қытайлықтардың арасында болған соғыс» дегені жаңсақ айтылған. Онда не қазақ-шүршіт қақтығысы не қазақ-қалмақ қақтығысы болуы мүмкін. Ал қалмақ-қытай арасындағы ұрысты айтпақ болса оның жыл шамасы 1750 жылдарға тура келеді.

«Шаңды жорық» оқиғасында Ілеге қарай бет түзеген торғауыттардан қуғын-сүргін, соғыс кезеңінде бөлініп қалған бір бөлек ел Қырғызстанда «сарт қалмақ» атанған бір ауыл болып тұрады деген де дерек  бар.

Ескере кетерлік, тағы бір жай – бұдан бұрын да тілге тиек етілгеніндей, қазақ жерінде тұрғылықты қалмақтардың да болғандығы. Оның бір тобы Абылайға қарасты Ерейментау өңірінде болған. «Шаңды жорық» оқиғасынан кейін олар да: «түбі мына қазақтардан бізе опа жоқ екен» деп біліп, алдыңғы көштің ізімен қаша көшеді.

Омбы мұрағатында 1773 жылғы ақпан айында қазақ тұтқынынан қашқан қалмақ әйелінің түсініктемесі туралы келесідей дерек келтіріледі: «Менің атым Жарга Бардазамаева, 40 жаста­мын. Бұрын Еділ бойында, Енатьев бекінісіне қарсы мекенде, Дотбир Дундуков князьдің қарауындағы елде тұрғанмын. Жайлауда 15 жасар қызым ауырып, оны емдету үшін Обашы ханның еліне баруға мәжбүр болдым. Ол ел шығысқа, бұрынғы жоңғар жеріне жап­пай ауып бара жатыр екен. Мен солармен бірге кеттім. Балқаш (Балхасы) көлінің жаға­сына келгенде атымыз өлді, отыз шақты адам жаяу қалдық. Бізді қазақтар ұстап алды да ауыл-ауылға таратып, бөліп жіберді. Мен Абы­­лай сұлтанға қарайтын уақ болысының ел ағасы Баян батырдың иелігінде болдым. Баян батыр қайтыс болардың алдында мені өзінің інісі Хабин Тулту Булуковқа (Бөлек) берді. Осы уақытқа дейін сонда болдым. Ол елде жағдайым қиын болды. Басқа қалмақтар сияқты мен де бұрын Ресейдің қоластында болғандығымнан қашып шықтым. Түн ішінде бір түйені ұстап міндім. Приозерный стани­цасына бір шақырым қалғанда, түйені далаға тастап, өзім Баян аулаға (Баянауыл – ред) жаяу келдім[15].

Үмбетей жыраудың «Жантай батыр» жырында да  «қашқан торғауыттарды соңғы қуу» аталған деректердің, 1773 жылғы ақпан айындағы жоғарғы деректермен уақыт жақындығын көрсетеді.

Аталған жырда торғауыттардың көшуге қамданғаны хақында:

Құртып қысқа аяқты қара малын,

Төлдетпей ұзын аяқ жануарын.

Тұлпарын тусыратып, бедеу баптап,

Торғауыт жасай берген кету қамын», – деген жолдар бар.

Жырда қашқан торғауытты қуған Жантай батырдың мерт болғаны баяндалады.

Осы кезеңдерге дейін қытай-қазақ арасындағы торғауыттардың даулы мәселелері де біразға дейін созылған көрінеді. «Чиң әулеті сарай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» атты кітапта 1773 жылы 11 желтоқсандағы Чиян Лұң патшаның мынадай бір хат-жарлығы тіркелген:

«Әскери құпиялық амбандарына: Елто (Тарбағатай кеңесші амбаны – ред) Абылайдың қазақ жеріндегі торғауыттар мен торғауыт жеріндегі қазақтарды өзара ауыстыру туралы тілек білдіргенін хабарлады. Былай істеу қажетсіз. Торғауыттар Еділден бері қарай ауғанда қазақтар олардың бірталай адамын жолда ұстап қалған. Бұл қарауыл бекіністер тұрғызылудан бұрынғы іс болғандықтан басқару қиын. Оларды өзара ауыстыруға келіссек, өзімізге көп әуре тауып аламыз. Оның үстіне, қазақтардың ындыны жаман. Осы істі сылтауратып өзге жаңжал шығаруы да ықтимал. Әмбе, бізге алғаш көшіп келгенде торғауыттардың әл-ауқаты өте төмен еді. Сан мәрте қамқорлық көрсетіп, орналастыруымның нәтижесінде тұрмыстары әнтек оңалды. Егер адамдарды өзара ауыстырсақ, олар өз жандарын баға алмай, арада қолайсыз жағдайлар туылуы мүмкін. Елтоға менің осы жарлығымды жеткізіңдер: егер Абылай бұл істі тағы да қоңырытса (қайта қозғаса – ред), торғауыттар да, қазақтар да Ежен ханның жамағаты, қай жерді қоныс етсе де болады. Өзара ауыстырудың қажеті де шамалы деп айтсын. Менің ойымды олар да білсін!…»[16].

Тағы бір қызық жағдай, қазақ-торғауыт арасындағы қарым-қатынас, барыс-келіс мұнымен де тоқтап қалмайды. Қытай деректерінде Әбілпейіз сұлтанның қайын атасы Бозүк (сүйегі ойрат) пен баласын ертіп қазақ жерінен қашқан торғауыт әйелге қатысты 1775 жылы Іле генералы Илытұға жазған бір парша хаты сақталған.

Хаттың қазақ тіліндегі аудармасы былай: «Ілені билеп тұрған генерал, амбандарға Əбілпейіз уаңнан дұғай сəлем. Демекшім мынау: Қоян жылы сіз Шəуешекте едіңіз, бір кəрі атамның барлығын сізге мəлімдеген едім. «Қартайдым, енді қалмақ жұртына барып, өз дəстүріммен бақилық болсам», – деп Шəуешекке барып еді. «Өлгенше асырап тұрсын», – деп бір кішкене бала мен бір əйелді сіздің рұқсатыңызбен қарияның жанына апарып орналастырып едік. «Қария қайтыс болған соң өз қалауы бойынша қайтар», – деп едіңіз. Енді естісек, (олар) Қайнүк-Құлжаға барыпты, (бізше, олар) өз еркімен немесе жарлықпен барды. Қоян жылында келгенде «қайтарармын» деген жарлығыңыз бар еді, «өлгенше байды асырап тұрсын, өлген соң қайтарармын», – деп едіңіз. Егер қайтарсаңыз, (біз) балаларыңызға сауабы тиер еді. Бабық маған жолыққалы келген екен, соның арасында бір торғауыт əйел бір кішкене баласын алып кетіпті, бала өз қалауымен кетпеген. Тағы бір қазақ зағип науқас екен, Бұрттың қасындағы бір дəрігерге ауруын қаратып кетсе, Бұрт алып кетіпті, бұл зағиптың сүйегі қазақ екені бергі қазақ жұртына мəлім. Мұндайлар сіздің жаққа барса, айтпаса болмайды. [Мөр] Əбілпейіз баһадұр сұлтан»[17].

Жоғарыдағы құжат мазмұнынан байқағанымыздай, онда төмендегідей үш үлкен мəселе хатқа арқау болған: біріншісі – қазақ ханы – Əбілпейіздің атасы: «қартайдым, енді қалмақ жұртына барып, өз салтым бойынша бақиға аттансам», – деп Шəуешекке баруы əрі оны асырап тұруға жіберген бір əйел мен бір баланы қазақ жағына қайтару туралы өтініш беруі; екіншісі – бір торғауыт əйелдің баласын алып қазақ жерінен қашуы; үшіншісі – дəрігерге қаратқалы қойған қазақ зағипты Бұрттың алып кетуі.

Əбілпейіз хан осы жолы жазған хаттарын Іле генералына табыстап келу үшін кіші ұлы – Бопыны елші сайлап аттандырады. Бопы 14 жастағы бозбала болғандықтан, деректе елшілерді Төбет бастап келгені айтылады. Ендеше, хатта айтылған оқиғалар қалай туындады, осындағы Əбілпейіз уаңның «бір кəрі атам бар еді» дегендегі атасы, сірə, кім?

Дерек көздері Əбілпейіздің бір əйелінің қалмақ қызы – Шаған ханым екенін, оның» тегі – ойрат (торғауыт – ред), Бозүктің қызы екенін көрсетеді. Ол – əсілі, Барақ сұлтанның жесірі, Барақ қайтыс болған соң Əбілпейіз оны əменгерлік жолмен алған, соңынан Жошы туған. Сондықтан болар, Илытұ өз патшасына жазған мəлімдемесінде «ойрат қарияны Жошының нағашы атасы» деп арнайы таныстырған екен. Зерттеушілердің көзқарасынша, Бозүк қария жай адам емес, малды-жанды, бегзат әулеттен болса керек. Сондықтан да екі жақ та аталған қарияға қатысты оқиғаға бей-жай қарамайды. Жай ғана біреудің қызы болса Шаған ханымда қазақ хандарының ұлықтаған әйелдерінің бірі болмаса керек еді.

Бұдан бұрынғы баянымызда айтылғанындай қазақ-қалмақ (торғауыт) қатынастарында әлі де жұмбақ күйінше қалып келе жатқан қаншама оқиғалардың барлығының бір мысалы осы хаттан көрініп тұр.

Орыстың «жоңғар мен қазақ бірігіп кетпесін» деп өлердей қорыққаны сияқты, кейінгі «шаңды жорық» оқиғасында да қытай жағы «Еділ қалмағы мен қазақтар жасырын ымыраға келіп, біздің жерімізге кіріп алғасын, әлде қандай арам пиғылдарын іске асырып жүрмесін» дейтін алаңдаушылықта болғаны да бар. Оны мынадан көруге болады:

1772 жылғы 19 қараша күнгі Абылай мен торғауыт ханы Убашының байланысы туралы Қытай патшасының жарлығында: «Қазақтардың ішінен келген Дауа деген адамды Бейжиңге әкеліп…тергедік. Оның айтуынша: «Былтыр Убаштар (торғауыт ханы) келген кезде Еділге саудамен барған Кункер бастаған 8 адамды жеке-жеке алып жүрген еді. Бірақ, жолда біреуі қашып кетіп, Абылайға барып паналады. Абылай оған жол қаражат, астына ат беріпті. Және оған: сендердің Убашы хандарыңмен екеуіміз тетелес қандас едік. Қонысымыз шалғай болды да, тіл табыса алмадық. Убашы енді Ежен ханға бағынып, менің қарашаларыма бөгет жасамайтын болды. Енді хат-хабар алысып, сәлемдесіп тұрайық», – депті. ШухатУбаштарды жасырын тергеп, онымен бірге келген Кункер сияқты жеті адамның ішінен жөн білетін бір-екеуін тауып Бейжиңге жеткізсін.

Бұған қоса: Абылай орысқа жағыну ниетімен, орыстарға жаушы салып, хат жолдап отырғаны даусыз. Сондықтан, он жасқа дейін өзімен дәмдес болып, бірге өскен Дауаны Абылай бізге тыңшылыққа әдейі жіберіп отырған жоқ па екен? Абылайдың сыртынан тергеп жатқанымызды өзі естісе, оның күдіктенуі мүмкін. Бұл қазақтармен қарым-қатынастағы өте маңызды іс. Дауаға тарту тартып, оны Ілеге жеткізіп салып, ағасы Кұбітпен бірге тұрғызып, бас қамдаушы Шотынға құпия бақылаттырып, қолдан шығармау керек. Дауаны Абылаймен де хабарластырмау керек»[18].

Бұдан жоғарыда айтқанымыздай орыс пен қытайдың да көшпенділер тұқымының жасырын бірігіп кетуінен қатты алаңдайтындығы мен қытай патшасының «Абылайдың сыртынан тергеп жатқанымызды өзі естісе, оның күдіктенуі мүмкін. Бұл қазақтармен қарым-қатынастағы өте маңызды іс» деуінен олардың Абылаймен сақтықпен санасатындығын көреміз.

1773 жылғы 26 ақпан. Қазақ тұтқынынан қашқан Еділ қалмағы Даразы Шарытовтың айтқандарынан: «1771 жылы мамыр айында… Балқаш көліне жеткенімізде, атымыздың аяғы сынып, қазақтардың қолына түстік. Мені керей болысының қазағы Сегізбай алып кетті».

… Қазақтардан естігенім: Абылай сұлтанға Қытайдың ханы елші жіберіп, қолындағы қалмақтарды босатып, қытай жағына беруді сұрапты. Оған Абылай сұлтан: «Менің қолымда біраз Еділ қалмақтары бар екені рас. Олардың көбі кәрі, ауру, бала-шаға, әл-қуатсыз адамдар. Басқаларын қазақтар бөліп-бөліп алып кеткен. Және де бұрынғы кезде қалмақтар қазақтарға көп жаулық көрсетіп, қазақтарды қырған, талап-тонаған. Сондықтан, қазақтар бұл қалмақтарды оңайлықпен бермейді», – деп жауап беріпті[19].

Мұның барлығында Абылайдың өзгелердің алдында өзін кесек, биік ұстаған өр тұлғасы менмұндалайды. Әрі дипломатиялық қарым-қатынас, туысқан халықтар арасындағы адами қасиеттер сынды парасатты пайымдары хандық кескінін айғақтайды.

Шын мәнінде, Қалмақтар мен Жоңғарлар Патшалық Ресейдің Тұран даласына жасаған экспанциясына қаратқан ең үлкен тосқауыл еді. Олардың құртылуы орыс отаршылдарына қазақ даласына кедергісіз кірудің мүмкіндіктерін жасап берді.

Абылай мен «шаңды жорық» оқиғасында шындықтың тасасында қалған күңгірт беттер әлі де болса зерттеуді қажет етеді. Ол зерттеулер империялық идеялар шеңберінен шығып, көшпенді халықтардың ішкі-сыртқы шынайы қарым-қатынастарын барынша басшылыққа алғанда ғана көздеген нысанасына жете алады. Жаттанды идеялар мен әдебиеттерден алыстамайынша нағыз шындыққа жете алмаймыз.

Аталған оқиғалар ғана емес, оқулықтарда қазақ-орыс қарым-қатынастары мен Абылай билігі де дұрыс көрсетілмеген. Айталық, 8-сыныпқа арналған  Ж.Қасымбаев құрастырған «Қазақстан тарихы» оқулығында:  бір қарап шығайық. «Абылай хан билігі» тақырыбында – орыстар 1778 жылдың 24 мамырында Абылайды орта жүздің ханы етіп бекітті»[20] деп жазылған. Шын мәнінде бұл тақырып тарихи құжаттарды саралап, тәуелсіздік тұрғысынан қайта қарауды қажет етеді.

Абылайтану ғылымының бір ізділікке түспеуі, әліге дейін ханның шынайы бет-бейнесін көрсете алмауымыз тарихшыларға ғана емес, тұтас қазақ қоғамына сын болып табылады.

Абылай 1760-1780 жыл­да­р ішінде Ре­сей және Қытай елдері­мен толық дип­ло­мати­ялық бай­ла­ныс­тар ор­на­тты. Шекарлық аймақтарды тыынштандырып, көршілес елдермен болған талас-тартысты шешті. Осы­лай­ша ол қазақтың жерін көршілерінен қорғап қалу са­яса­тын ұстан­ды. Абы­лай хан­ның ше­бер дип­ло­мати­ялық са­яса­тының нәти­жесінде XVI­II ғасыр­дағы сахара билеушілігіне таласқан көшпелі халықтардың ішінде қазақтар ал­дыңғы орынға шықты.

Сұлтан Абылай өзімен замандас хан-сұлтандардың қай-қайсысынан болсын қулығы мен ақылы жағынан басым, оның бойында қуатты билеушіге тән қасиеттің бәрі бар. Ол Орыс императорымен де, Қытай Боғдыхандарымен де, тіл табысып, іс жүзінде тәуелсіз билеуші болды[21].

Ш.Уәлихановтың атап көрсеткеніндей: «Сол уақыттың күңгірт жағдайы Абылайға батылдығын, тапқырлығы мен ақылдығын жарқырата көрсетуге мүмкіндік берді»[22].

Шыңғыс хан арқылы Жошыдан өрбіген әулет ішінде Абылайдың қазақ халқы үшін сіңірген еңбегі тарих бетіне алтын әріптермен жазылып қалды. Бүгінгі мемлекетігімздің шекарасы да Абылай сілтеген ақ алмас қылыш пен болат найза арқылы қалыптасқан еді. Абы­лай хан­ның көре­гендікпен жүргізген ішкі және сыртқы са­яса­ты ба­рысын­да Қазақ хан­дығы қуат­ты, біртұтас мем­ле­кет­ке ай­нал­ды.

Абылай өзіне сенген, ерген қара ормандай халқын еркіндік, елдік тұғырына қалай көтерсе, халқы да оны солай көтерді, ардақтады. Аңыз, жырларға арқау қылды.

«Бұқар жыраудың мұраларында Абылайдың кезінде 20 шақты батырдың есімдері аталады. Ал Үмбетей жырау Абылайдың тұсындағы ірі батырлар мен билерді: «…Керейде батыр Жәнібек, Қаз дауысты Қазыбек, Қу дауысты Құттыбай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Абылай сенің тұсыңда, Сол бесеуі болыпты-ай! – деп жырға қосқан. Атақты Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Шапырашты Наурызбай т.б. халықтық батырлар жекелеген шайқастардың ғана емес, қазақ-жоңғар соғысының барысын өзгертіп, нәтижесін анықтауға қомақты үлес қосқан…

Мұхтар Әуезовше тарқатсақ, «Қазақтың дербес ел болуына, әрі-беріден соң сол қазақтың қазақ болуына, басы қосылып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға еңбек сіңірген Абылайдан артық адам болмас»»[23].

Абылай ханның Көкшенің бауырында атығай-қарауыл ұлысына орнығып, оның атақ-даңқы мен билігі шарықтай бастаған тұста аты шыққан батырлар қатарында Құлсары, Құлеке, Жәпек, Жантелі, Тілеке батырлардың есімдері аталады.

Кешегі күні Темужіннің басына ауыр күн туғанда, Тұғырылдың оның қасынан табылып, шашыраған елін жинап, хандыққа көтергені сияқты, Тұғырыл хан ұрпақтарынан ту ұстаушылар болған қос Қожаберген, Ер Жәнібек, Тұрсынбай сынды көптеген батырлар да Абылай тіктеген ақ тудың астынан табылды. Қазақ мемлекетін бірге құру жолында толарсақтан қан кешіп, ел-жұрт, байтақ даласын қорғады. Ерліктің жырын жазып, елдіктің қамалын жасады.

Тарих сахнасында «Абылай заманы» атанған дәуір туған халқының жүрегінен мәңгілікке орын алды.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

[1] Б.Қайратұлы. «Қазақия қалай отарланды?». «Жарыс.kz», Астана 2016 жыл.

99-100 беттер.

[2] Осы әскер сапында болған орыс саяхатшысы капитан Николай Рычковтың күнделік жазбасы академик Әбдуәли Қайдардың «Қазақ қандай халық» атты кітабының 216-261 беттерінде  Р. Шәймерденовтың аудармасымен берілген.

[3] Су Бихай «Қазақтың жалпы тарихы», 2-том. Ауд: Т.З.Қайыркен. «Асыл кітап» баспа үйі, Алматы. 2019 жыл.  243 бет.

[4] «Шынжаң тарихындағы әйгілі тұлғалар». 3-том. Құраст: Лию Чаңмың, Жу Шуан. Шынжаң халық баспасы. Үрімжі, 2007 жыл. 80-82 беттер.

[5] Бұл да сонда. 85-86 беттер.

[6] Касымбаев Ж.К. Теоретические, историографические и источниковедческие аспекты антиколониальных восстании в Казахстане. Алматы. 2010. 24 c.

[7] «Шынжаң тарихындағы әйгілі тұлғалар». 3-том. Құраст: Лию Чаңмың, Жу Шуан. Шынжаң халық баспасы. Үрімжі, 2007 жыл. 87 бет.

[8] Бұл да сонда.

[9] Бұл да сонда. 88 бет.

[10] «Шынжаң тарихындағы әйгілі тұлғалар». 3-том. Құраст: Лию Чаңмың, Жу Шуан. Шынжаң халық баспасы. Үрімжі, 2007 жыл. 88 бет.

[11] Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты 1-қор, 1-тізбе, 173-іс, 213-218 беттер.

[12] «Айбын». Энциклопедия, бас ред. Б.Ө.Жақып. Алматы, «Қазақ энциклопедиясы», 2011 жыл. 17-18 беттер.

[13] Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты 1-қор, 1-тізбе, 184-іс, 235 бет.

[14] Иоанн Сиверс «Письма из Сибири (Сібірден келген хаттар)» «Ғылым» баспасы» Алматы. 1999 жыл.

[15] Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты.1-қор,1-тізбе,184-іс, 216-пар.

[16] «Чиң әулеті сарай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» Іле халық баспасы. Күйтұн. 2009 жыл. 101-102 беттер.

[17] Əбділəшімұлы Д. «Қытай бірінші тарихи мұрағатында сақталған қазақша құжаттар». – Пекин: Ұлттар, 2016. – 278 бет.

[18] 100 құжат – «Қазақ хандары мен Чиң империясы арасындағы қарым-қатынастарға байланысты құжаттар». Алматы, «Санат», 1998 жыл. 76-77 беттер.

[19] Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты 1-қор, 1-тізбе, 184-іс, 235 бет.

[20] «Қазақстан тарихы». Құраст: Ж.Қасымбаев. Алматы «мектеп» -2012. 31-37 беттер.

[21] Левшин А.И. «Қырғыз-қазақ, немесе қырғыз-қазақ ордалары мен даласының сипаттамасы». – Алматы, 1996. – 254-б.

[22] Уәлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. /Шоқан Уәлиханов, Алматы: 2010.Т.4. 119 бет.

[23] Б.Аяған «Абылай және оның заманы».  Абылай ханның 300 жылдығына арналған «Абылай хан және Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Көкшетау, 2013. – 521 б.

Жәди Шәкенұлы

«Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» кітабынан

Ұқсас жазбалар