Марал Ишанның өмірдерегі туралы аңыздарда Қалдан Церен Абылайды өз тұтқыннан босатқанда құдалық жолымен қазақ әйелінен туған екі қызын оған сыйға бергені айтылады. Сол екі қыздың бірі Топышты Абылай өзі алып, екіншісі Фатиманы өзінің сүйікті елшісі Құрманға қосады. Осы Фатимадан 1780 жылы Қызылжар өңірінде Марал туады.
Маралдың ата таралымына келсек, керейдің Ашамайлы табынан Ақсары – Нұрымбет – Құттықадам – Мырза – Кенжебай – Құрман – Марал болып жалғасады.
Марал Құрманұлы діндар, білімді болып есейеді де, мешіт салып, медресе ашу сынды халықтық жұмыстарға белсене кіріседі. Бір мезет Қызылорда төңірегінде, енді бірде Қостанайда өмір сүреді. Көріпкел, ғұламалығымен көпке аты жайылады. «Марал Ишан», «Марал әулие» атанады. 1815-1820 жылдар шамасы орыс өктемдігіне қарсы күрес ұйымдастырып, жеңістерге жетеді. Кейіннен Кенесары қолына қосылып, күресті жалғастырады. Кенесары қырғыздарды шаппақ болғанда, Марал Ишан «діні бір, түбі бір өзіміздің туыстарымыз» деп оған келіспейді. Сол себепті де Кенесарымен арасына енжарлық кіріп, бөлініп қалады да, бұрында өзі болған, кейінде талай қолқалап шақырған Сыр өңіріне ат басын бұрады. Қазіргі Қармақшы ауданының Жосалы қыстағының терістік шығысындағы Қарабдал мекеніне көш басын тірейді. Ұрпақтары кейіннен Жосалы кенті, Абыла стансасы секілді жерлерді мекендейді.
Бүгінде онда Марал Ишан ұрпақтары мен онымен бірге көшіп барған керей ауылдарының ұрық-жұрағаттары бар. Марал Ишан әулетінен Мамырбай, Оспан, Қалқай (Қалмұхамед), Үндемес сынды ізін қуған ишандар шыққан екен. Өздерін Марал Ишан тұқымымыз дейтіндер Қызылордадан қалса Қостанай, Ақтөбе, Петропавл, Көкшетау өңірлеріне де қоныстанған. Енді бір бөлімі Ташкентте және Тәжікстанның Гисар ауданында тұрады. Марал Ишан әулеті мен олардың ағайын-туыстарын қосқанда жалпы саны 500-ге жақындайды.
Марал Ишан 1841 жыл шамасы қайтыс болып, сүйегі Қызылорданың Қармақшысына жерленген. Бабаның есімін ардақтаған халқы дүниеге келгендігінің 225, 230 жылдығын салтанатпен еске алып, оның атына көше және мешіт аттарын берді. Бүгін де Қостанай қаласындағы бас мешіт пен Қостанайдың Қамысты ауданы Бестау ауылындағы мешіт «Марал Ишан» атымен аталады. Қызылорда және Қармақшының Жосалы кентінен көше аттары берілген. Жосалы мешіті де сол кісінің атында. (Осы жолдардың авторына да сол жерлерді көріп қайту бақыты бұйырды – Ж.Ш). Марал атаның сүйегі жатқан жер қазақ даласындағы қасиетті орындардың біріне айналды.
Ж.Шәкенұлы
«Ақылнама» кітабынан