«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Қаламгер Кекілбаевтан – қайраткер Кекілбаевқа дейін

Авторы tugurulhan.kz
529 қаралым

Әбіш Кекілбаев өкілі болып табылатын ұрпақтың маңдайына тәңірі күрделі де тағлымды тағдырды аямай бұйыртқаны аян. Олар байырғы қазақ даласында зорлықпен, қиянатпен жасанды түрде орнатылған кеңестік биліктің қатыгез қоғамында өмірге келіп, ата-ананың аялы алақанының жанды жадыратар жылуын да сезінуге мұршасы болмады. Өйткені әкелері екінші дүниежүзілік соғыстың алапат отына сұраусыз аттандырылып, ол жақтан қайтып оралмай, жарлары жесірліктің зарын кешіп, қанаттары қатайып үлгермеген перзенттері өмір бойында жетімдіктің мейірімсіздігінің жапасын шегіп өсуіне тура келді. Содан да болар, осынау бірегей ұрпақ өкілдерінің есею барысында қабақтарынан кірбің арылмаған қайран аналарының жүзін жадырату, қолдан келгенінше айналасындағы ауыр, азапты өмірді аз да болса жеңілдетуді, демек жалпы қоғам өмірінің бейбіт бейнеде, жаңа мазмұнда дамуына араласуды мақсат тұтуы, ол үшін, ең алдымен оқу-білімге ұмтылыстары орасан болып, Алматыға аттанулары табиғи көрінеді.

Иә, кешегі қаһарлы хандар мен көзсіз батырлардың байрағын құлатпай, елдікті қайта қалпына келтіру мұратында қилы заманда тарих сахнасына көтерілген Алаш қайраткерлерінің ізбасары, ұлы Мұхтар Әуезовтың алдын көрген, осынау алыптар тобының қастерлі мұрасын ұстап қалудың жауапкершілігін қабылдаған қарымды жастардың бел ортасындағы жас қаламгер Кекілбаев өзінің де алдағы өмір жолында дербес мемлекет құру ісіне тікелей қатысатындығын о бастан сезгендей. Олай дейтініміз, Ә.Кекілбаевтың әдебиет пен тарихты, әлеумет пен мәдениетті түбегейлі зерттеуге, білім мен ғылымның ықылым замандардан бергі терең қатпарларын ақтаруға, ақыры бүкіл адамзат дамуының үрдісін танып білуге ұмтылысы қаламгер ретінде қалың оқырманның сол кезеңдегі қажеттілігін қапысыз сезіне отырып ұсынған әйгілі тарихи романдарын жазу талабынан тым жоғары екендігі аян.

Мемлекеттің, қоғамның қалыптасқан белгілі бір заңдылықтар бойынша өз жолымен даму үдерісіне қайшы түрде күштеумен орнатылған коммунистік кеңестік жүйенің іргетасы шайқала бастаған тұста, ақыры келіп 1986 жылы Желтоқсанда шыбын-жандары шырқырап, лүпілдеген жас жүректерін жалаңаштап аязды Алаңға алып шыққан қарагөз іні-қарындастарының күнәсыз қаны төгілгенін көрген Әбекең елең-алаң шақта ел сеніп отырған ұлттық зиялы қауымның танымал, беделді, көрнекті өкілі болғандығынан да, осылайша тарих толқындарына сан мәрте құлаш ұрған қайсар халқын бастаған Елбасымен тізе қосып, тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрудың ұлы миссиясын орындауға барымен де арымен де аянбай кірісті. Қаламгер Кекілбаевтың қайраткер Кекілбаевқа ұласуы осылайша заман талабымен, уақыт ағысымен, қоғам тынысымен орай келді.

Ұшан теңіз білім иесі Кекілбаев кеңес халықтарының кешегісі мен бүгінін түпкілікті білуі өз алдына, бүкіл адамзат тарихының тамыршысындай болғандықтан да, екі жарым ғасырдан астам уақыт дербес мемлекет иесі болу тәжірибесінен ажыраған төл халқының алдында тұрған ұлы сынақты, теңдессіз төзімділік пен ғаламат жауапкершілікті бүкіл болмысымен сезіне отырып, жас тәуелсіз елдің ендігі сан алуан ұлыстардан құралған тұрғындарының назарына тереңдей жеткізе білуге жанын салды. Ендеше, бүгінгі күн тұрғысынан келгенде біздер Әбіш Кекілбаевтың осынау атан жүктің азабын ұзақ мерзім бойында арқалай жүріп, адалдықпен, арымен һәм абыроймен атқарып шыға алғандығына тағзым етеміз.

Кеңестік империяның ойламаған жерден күлпара ыдырай бастағанын қаламағандар өз егемендіктерін жариялаған республикалардың негізінен көпұлтты тұрғындарының арасына от тастау жолымен іріткі салып, соны сылтауратып күшпен ұстауды көздегендіктері мәлім. Бұл тұрғыда алдымен отарлық кезеңде, одан кейіндері саяси зорлық-зомбылық салдарынан жасанды түрде көпұлттыға айналған Қазақстандағы ахуал өткір пышақтың жүзінде тұрғандай еді. Сырттан айтақтаушыларға іштен үн қосушылардың да қарасы мол болғаны белгілі.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев Әбіш Кекілбаевтың интеллектуалдық қуатын осынау ең шетін, ең нәзік, ең қатерлі салаға бағыттауына көрегендікпен мүмкіндік туғызды. Осылайша ата-бабасының байырғы мекенінде тәуелсіз мемлекетіне ие болудың шаттығын сезінген қазақ ұлты мен бойлары үйреніп қалған бұрынғы жүйенің тым тез жоғалуын күтпегендіктен, жолайрықта тұрып қалғандай болған көптеген өзге ұлттарды ендігі жаңа дәуірге бірге қадам басу мақсатында өзара түсіністікке, бірлік пен ынтымаққа, сенімге шақырып қана қомай, бейбағдар күйдегі көңілдерін сендіре білудің жойқын міндетін, биік парызын жасампаздықпен өтей білген қайраткердің қуатты үні биік мінберлерден, баспасөз беттерінен, қауымның тікелей ортасынан да қажетті тілде әрбір саналы тұрғынның жүрегіне жете алды. Өйткені мемлекеттік биліктің жоғары лауазымды өкілі Ә.Кекілбаев ең бір сындарлы сәттерде сөйлеген сөздерінің өзінде халықаралық ресми құжаттарды көлденең тарта отырып, тарихи фактілерді жайып салғанда, қарсылық білдіру жайы өзінен-өзі ғайып болатын. Ойымыздың бір ғана дәлелі ретінде депутат Ә.Кекілбаевтың 1992 жылғы 28 мамырда Республика Жоғары Кеңесі сессиясында «Азаматтық келісім» депутаттар тобының күні бүгінге дейін күрделі күйінде қалып отырған мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты қайшылықты мәлімдемесіне осынау күретамырлы саладағы әлемдік тәжірибені, тіпті цифрларына дейін дәйектеп алға тарта отырып, жойқын тойтарыс бергендегі: «онсыз да халықтың шыдамы таусылып, жүйкесі тозып отыр. Бірақ, сол жағдайды пайдаланып, онсыз да қиын тіршіліктің буырқанған көлінде қалт-қалт етіп әзер тұрған орнықтылық қайығын әрлі-берлі шайқап көрудің, кемді күн тыныш өмір сүргізіп тұрған бір-бірімізге деген сенім мен төзім ахуалының онсыз да нәзік шілтерін үсті-үстіне тырналап бағудың қажеті қанша еді? Бәрінен де мұндай мәлімдемені азаматтық келісімге келуге жасалған жағдай деп бағалаудың еш қиысын келмейтінін айтсаңызшы», – деген тегеурінді тұжырымын еске алсақ та болады.

Расында, өтпелі кезеңнің аумалы-төкпелі бұлыңғыр күндерінде сөз қадірін түсіне білетін қалың жұртымыз ең қиын сәттердің өзінде зиялы ауыздан шыққан құнарлы ойларға, қапысыз уәжге тоқтай білгендігінің өзіне тәуба дейміз. Ал мұның барлығының айтылған құрғақ сөз, берілген уәде күйінде қалмайтындығының бірден-бір кепілі – ресми заң жүзінде бекітілуі болғандықтан, Әбіш Кекілбаевтың Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы болып сайлануы да айқын дәлелдейді. Жас мемлекетті жан-жақты нығайту жолындағы қисапсыз күрделі істердің заңдық мазмұнда шешімін табуында, анығында мұншалық ауқымды мүлде жаңа заңнамалық тұғырды дайындауға қабілеті жетерлік парламентаризм институтын қалыптастыруда да Әбекеңнің алып тұлғасының тұруы сондықтан. Халқымыздың елдігін сақтап дамыту шежіресіндегі дәстүрлі ерекшелігі – билер институтының ендігі жаңа дәуірге сай нысандағы рәмізі абыз Әбіш осынау салмақты сабақтастықты жалғастыру миссиясын атқарған тарихи тұлға деп бағалауымыз әділдік.

Кейде ғасырдан да ұзақ күндердей көрінетін қысқа мерзім ішінде еліміздің іргесі бекіп, қазіргі адамзат қоғамдастығының қабырғалы мүшесіне айналып, уақыт өткен сайын еңсесі биіктей түсуінің шежіресінде, жойдасыз теперіш көрген қасиетті қазақ тілі мен руханиятының қайта жаңғыруы, ұлтаралық келісім мен татулықты сақтау, әлеуметтік тұрақтылық, идеологиялық тұтастық, заңнамалық саланың гуманистік сипатын арттыру, үкіметтің халықпен қатынасын реттей білуіне әрдайым жасампаз ықпал ету жолындағы майданда Министрдің орынбасары, Депутат, Төраға, Мемлекеттік хатшы, Президент кеңесшісі, Сенатор Әбіш Кекілбаевтың қолтаңбасы ұлт, мемлекет тарихының жомарт сыйындай ұрпақтардан ұрпақтарға жетіп мәңгілік айшықты тұрмақ.

Мұхтар Кәрібай

Abai.kz

Ұқсас жазбалар