«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Құпияға толы қасиетті мекендер

Авторы tugurulhan.kz
1356 қаралым

Қостанай облысының киелі нысандары

Әлем бойынша жер көлемі жағынан тоғызыншы орынды иеленетін Қазақстанда көптеген киелі нысандар бар. Дүние жүзі тамсанатын, халық сүйсініп тамашалайтын, киелілігіне бас иген  географиялық орындарды түгендеу –  елдегі туризм саласын дамытудың бірден-бір жолы. Мәселен, француздар әлемдегі ең танымал сәулет туындысы Эйфель мұнарасын ұлықтаса, американдықтар «Бостандық» мүсінін мақтан етеді. Өз еліміздегі құпияға толы қасиетті мекендерді көпшілікке таныстырып, олардың тарихына үңілу – бүгінгі ұрпақтың борышы. Соған орай, біз бүгінгі материалымызда «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» атты кітабын негізге ала отырып, еліміздің Қостанай облысындағы сіз естімеген киелі орындар топтамасын ұсынамыз.

Қазыбай әyлие Ақпанұлының жерленген жері

Қазыбай әулие Ақпанұлының сүйегі  Жангелді ауданының Аралбай кентінде жерленген. Бүкіл аймаққа әйгілі әулие XVII ғасырда өмір сүрген. Тарихшылардың айтуынша, Қазыбай баба 1664 жылы дүниеге келіп,  78 жасында Баян-Таңат аймағында қайтыс болған.

Өз дәуірінде   Қазыбай әулие бүкіл ауыл-аймаққа сәуегей, данышпан тұлға ретінде танымал болған. Сол уақытта әулиенің ұрпағы Тоғай мен Жыланшық өзендерінің бойында өмір сүрген. Оның 11 ұрпағы жан-жаққа тарап, бүтіндей бір ауылға айналған.

Аңыз-әңгімелерге сүйенсек, Қазыбай әулие жолда сырқаттанып, Баян-Таңат руының ауылы маңында  келе жатқанда туыстарына былай дейді: «Менің тек бір-екі күндік өмірім қалды. Сондықтан өлген соң менің сүйегімді  киелі Түркістанға апармай,  осы жерге жерлендер», – депті. Мұны естіген туыстары қарсы болып: «Бұл маңда онсызда бір әулие жерленгенін білесіз ғой… Тіпті зират сол кісінің есімімен аталатындықтан, сіз еленбей қаласыз» деп шыр-пыр болыпты. Бірақ та, Қазыбай әулие қайтыс болған соң оның денесі өзі айтқан жерге жерленеді. Осы маңайдан дертіне шипа тапқан халық қасиетті орынды «Қазыбай қорымы» деп атап кеткен екен. Тіпті, бұл мекенге індет жұқтырған малдарды да әкелетін болған.

Албарбөгет (Айса бөгеті)

Бұл бөгет Торғай даласының алғашқы кәсіби гидротехниқ маманы  Айса Нұрмановтың басшылығымен Жангелдин ауданындағы Қабырға деген өзенінің бойында бой көтерген. Бөгеттің құрылысы 1924 жылы басталып, 1926 жылы аяқталған. Бірде-бір техниканың көмегінсіз тек адамдардың қажыр-қайратымен және  күшімен салынған әрі өзенді бөгеген бөгеттің ұзындығы он жеті шақырымды құрайды.

Албарбөгет бөгетін салуға төрт жүз шақырымдық жердегі Аманқарағай ауданынан  қос өркешті түйелермен жеткізген бөренелер пайдаланылды. Ал судың екпіні топырақтан өтіп кетпеу үшін бұтақтардан төсеніштер төселіп, бөгеттің жел соғатын бетіне қарай топырақтармен толтырылған қапшықтарды үйіп тастаған.

Осы бөгетті салу үшін қатарынан екі жыл осы маңайдың тұрғындары көктемнен бастап алғашқы аязға дейін жұмыс істеді. Бұған атсалысқан 160 адамның есімі әрі олардың ерліктері Торғай аймағы тұрғындарының тарихы мен жадында мәңгілікке сақталатын болады.

Ал халық бұл бөгетті оның негізін қалаған, жоба авторы әрі ұйымдастырушы Айса Нұрмановтың есімімен «Айса бөгеті» деп атап кеткен.

Құтан әулие Аталықұлы кесенесі

Құтан әулие Аталықұлы кесенесі Амангелді ауданының Қарынсалды өзені маңына жақын   Амантоғай ауылында орналасқан. Бұл кесене бірнеше рет жаңартылған болатын. Құтан әулие бабамыздың ұрпақтары 1977 жылы оның зиратының маңынан кірпіштен мазар тұрғызған. Ал 2008 жылы жаңадан кесене салған екен. Сонымен қоса Құтан әулиенің  басында күні-түні  тілек тілейтін адамдарға түнеуге арналған үй бар.

1690-1780 жылдары Ұлытау аймағында ғұмыр кешкен Құтан Аталықұлының есімі  халық арасында әулие ретінде кеңінен  тараған. Оған қоса, бойына әулиелік, көріпкелдік емшілік қасиеттер қонған. Содан ғұмырының соңына дейін халықты емдеумен айналысып, жер мәселесін шешуге де ат салысқан. Оған қоса Құтан әулие ел билеген Абылай ханның кеңесшісі және хан алқасының мүшесі болған.

Құтан әулие Аталықұлы Торғай жеріне өз ауылына көшіп келе жатқанда дүниеден озған. Аңыз-әңгіме бойынша, Құтан әулие денесін ақ түйеге артып жіберуін сұраған екен. Содан түйе қай маңайға тоқтаса, сол орынға жерлеуін өтініпті. Арада бірнеше күн өткен соң туыстары көз жұмған әулиенің соңғы  айтқан өсиетін орындайды. Сөйтіп үстіне Құтан әулиені артқан ақ түйе Қарынсалды өзені маңайына тақаған кезде тоқтаған. Осылайша Құтан әулиенің денесі осы мекенге жерленген екен.

Баймырза әулие Мергенұлының кесенесі

Жангелдин ауданындағы киелі мекендердің біріне Баймырза әулие Мергенұлының кесенесін қосуға болады. Бұл кесене ауданның Қалам-Қарасу ауылдық округінің аумағында орналасқан.

Он жасынан бастап Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте батырлығымен көзге түскен. Кейін қол бастаған батыр да болыпты. Оның әкесі Мерген батырдың бойына болжаушылық қасиет дарыған. Баймырза әулие зиратының жанында тұрғызылған кесене Торғай аймағының тұрғындары үшін сиынатын орынға айналған. Әрі түрлі дертке шалдыққан сырқаттарды емдейтін болғандықтан жұрт Баймырза батырға көзі тірісінде «әулие» атауын қосып берген.

Баймырза әулие Мергенұлы (1741-1829 жылдары өмір сүрген)  Ресейдегі Е.Пугачев көтерілісіне жан-жақты қолдау көрсеткен.

Жазы  би Жанұлы кесенесі

Жазы би Жанұлының кесенесі  (1790-1840 жылдары өмір сүрген) Қостанай облысының Алтынсарин ауданында салынған.

Жазы би Жанұлы кезінде Ресейдің құрметті адамы әрі старшина болған азамат.

Ол Шоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғыс Уәлихановтың басты серіктесі болған. Сонымен қоса  Кенесары хан Қасымұлы билік еткен жылдары түрлі мәселелерді шешу кезінде Жазы бидің ақыл-кеңесін тыңдап отырған.

Сібір генерал-губернаторы Михайил Сперанскийдің жеке өтініші бойынша Жазы би қазақтардың арғы ата-бабалары салған Есім хан (1598-1628) заманының ежелгі шекара қорғандарының негізінде Орынбор мен Сібір арасында шекара сызған болатын.

Қазіргі уақытқа дейін Шоқан Уәлихановтың штабынан Омбы қаласына дейінгі қысқа жолда Жазы би жүргізген пошта жолының іздері сақталған.

1820-1840 жылдары қазақ даласына экспедициялар Жазы бидің сүйемелдеуінсіз жүзеге асырылмаған. Әдетте ол бес жүз қылышты отрядтарды бастап жүрген. Олардың екі жүзін казактар, ал үш жүз адам қазақтардан  құралған.

Жазы би кіндік қаны тамған өз  өлкесінің шекарасының бірлігі үшін күрескен. Жазы би Жанұлы халық жадында ауызша халықтық философияның, тарихының және еліміздің географиясын зерттеушісі ретінде тарих беттерінде қалған.

Сатыбалды ишан Ғабдоллаұлы кесенесі

Бұл өңірдегі ерекше ескерткіштердің біріне қос күмбезді Сатыбалды ишан Ғабдоллаұлының кесенесін жатқызуға болады. Амангелді ауданының Амангелді ауылынан орын тепкен бұл кесенені Сатыбалды ишанның үлкен ұлы Мырзой ишан 1899 жылы салдырған.

Сатыбалды ишан (1826-1898 жылдары өмір сүрген) бала кезінен бастап дін жолына түскен. Екінші әкесі Шомақтың батасын алғаннан соң (жастайынан жетім қалған) Сатыбалды ишан Ташкентке аттанады. Ұзақ сапардан кейін көптеген қиыншылықтар мен ауыртпалықтарды бастан өткеріп, медресеге оқуға түседі. Кейін  оны Бұхараға оқуға жібереді.  Оқуға өмірінің он төрт жылын арнаған соң орталықтың мүшелері әрі Азия мұсылмандары кеңесінің алдында емтихан тапсырып, нәтижесінде оған «Ишан» құрмет атағы беріледі. Біраз уақыттан кейін Сатыбалды барша мұсылмандардың қасиетті мекені саналатын Меккеге алғашқы қажылыққа аттанады. Сол кездері ол көпшілікке танымал тұлғаға айналады. Ал оның даңқы туған жері Торғай даласына дейін жетеді. Оның ерекше қасиеттің иесі екендігін растайтын ел аузында көптеген аңыз-әңгімелер сақталған. Бірақ та бұл адамның ұлылығы оның құдайлығында ғана емес. Сатыбалды ишан Ғабдоллаұлы өзінің туған жерінде жерлестеріне ислам негіздерімен қатар, бөтен елде жүрген кезде меңгерген көптеген даналықты да үйреткен болатын.

Қайтыс болғаннан кейін Сатыбалды Ғабдоллаұлын қасиетті адам болып санала бастаған. Қасиетті Сатыбалды ишан Ғабдоллаұлының қабіріне тағзым ету әрі жүз жылдан астам уақыт бойы  дертіне шипа сұрап  бүкіл ауданнан тұрғындар осында келуді әдетке айналдырған. Бұл кесенеде Сатыбалды Ғабдоллаұлының үлкен ұлы  Сатыбалды ишан Файзулла мен оның жақын досы Омар Қалпе де жерленген.

Ақмешіт мешіті

XIX ғасырдың аяғында Қостанай қаласының діни әрі мәдени архитектурасының ескерткіштерінің біріне 1893 жылы қарапайым тұрғындардың қайырымдылық есебінен бой көтерген мұсылман мешітінің ғимаратын жатқызуға болады. Бұған басты қаржы бөлуші – XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Қостанай қаласының әйгілі қайырымдылық жасаушыларының әрі көпестерінің бірі, Троицкідегі «Ағайынды Яушевтер» сауда үйінің өкілі Абдулвалей Ахметханұлы Яушев болды. Қос қабатты мешіттің жартылай дөңгелек шығыңқы бөлігі мұсылман қауымды намаз оқуға шақыратын биік мұнарасымен аяқталған. Алты метрлік мешіт ғимараты екі бөлікке бөлінген. Киіз төселген бірінші қабатта кедей мұсылмандар, қабырғалары мен едендері сәнді кілемдермен төселген жоғарғы қабатта  жергілікті ақсүйектер намаз оқыған.

Қазіргі кезде Қостанай қаласының әл-Фараби даңғылы мен Абай көшесінің бұрышында орналасқан мешіт іші төрт бөлмелі үлкен зал мен намаз залынан тұрады. Ал мешіттің алғашқы ішкі көрінісі сақталмаған. Оның сырты кірпіштен тұрғызылған. Ал кейінірек сыланған болатын.

Татар қонысынан келген бай мұсылмандардың садақаларымен салынған мұсылман мешіті аймақтың сирек кездесетін тарихи ескерткіші болып саналады. Мешіттің ішінде бір мезетте шамамен 1000 адам намаз оқи алады.

Кейіннен мешіт ғимаратына жөңдеу жұмыстары жүргізілген. Десе де өзінің сәулетті ерекшелігін сақтап келеді. Содан 1993 жылы Қостанай соборь мешіті өзінің 100 жылдығын атап өткен. Ал 2002 жылы мешітке көрнекті ғалым Марал ишан Құрманұлының есімі берілген. Оған қоса Марал ишан (Ақ мешіт) мешіті мемлекет қорғайтын тарихи ескерткіштер тізіміне енгізілген.

Бұл мешіт Кеңес үкіметі заманында клуб ретінде қолданысқа берілсе, екінші дүниежүзілік соғыс жылдары эвакопункт болған. Ал соғыстан кейін мұнда жас көрермендерге арналған кинотеатр боп ашылған. Кейіннен бұл ғимарат облыстық филармонияның концерт залы болып қайтадан бой көтерді. Ал 1991 жылдан бастап 2016 жылға дейін тура 25 жыл бұл ғимарат мешіт ретінде пайдаланылған.

Батыр Жабағы Ипанұлы жерленген жер

XVIII ғасырда өмір сүрген Жабағы батыр жерленген моланы жұрт қасиетті орындардың қатарына жатқызады.  Жабағы батырдың зираты  қазіргі кезде облыстың Таран ауылынан бірнеше шақырым жердегі Әйет өзенінің жағасында орналасқан.

Есімі аңызға айналған әрі Қыпшақ Қобыландының ұрпағы саналатын Жабағы батыр қазақ халқының жоңғарларға қарсы шабуылына қатысқан. Ол атақты Жәнібек батырдың туысы әрі Абылай ханның серіктестерінің бірі болған.

Бізге жеткен аңыз-әңгімелерге сүйенсек, жауынгерлік ерлігімен аты шыққан Жабағы батыр өле-өлгенше халқын жаудан қорғап, ерен ерлігімен ел есінде мәңгіге сақталды. Шайқас кезінде жоңғарлардың көп әскері даланы басып алған уақытта Жабағы батыр сарбаздары жауға қарсы бастап барған. Көп қан төгілген ұрыс ұзаққа созылады. Тіпті шайқас барысында қалмақтар батырдың жылқысын жаралаған. Алайда, ол жаяу жүріп шайқасты жалғастырған. Бірақ та ту сыртынан атылған жаудың оқтарының бірі Жабағы Ипанұлына тиіп, батыр жараның ауыр екенін сезеді. Тіпті бұл жарадан сау қалмасын түсінген батыр барлық халқын жиып: «Жоңғардың өліктерін сасытпай үлкен шұңқырлар қазып, соған көму қажет. Кейін мен қайтыс болған соң, сол шұңқырдың үстіне оба үйіп,  төбесіне мені жерлеңдер. Ту сыртымыздан оқ ататын жауымыз тіріліп кетпес үшін үстінен басып жатайын» десе керек. Содан батыр бабаларының өсиетін жұрты бұлжытпай орындаған екен. Осылайша Жабағы батыр  қазақ жеріне шабуыл жасаған дұшпандарға алдағы уақытта  қылыштарын көтермеуді ескерткен болатын. Ақыры соңында батырдың аңсаған мұраты жүзеге асты. Ал батырдың мұнарасын ел аузында жергілікті халық өз қолдарымен тұрғызған деп айтылады.

Бұл жерленген орын сырттай әскери күзетшіге ұқсайды. Яғни Жабағы батыр Ипанұлы мұны биіктен  күзетіп тұрғандай ой қалдырады.

Қабірге жақын маңда орналасқан шатқалдың астында бұлақ ағып тұрады. Бұл суды ақсақалды қарттар қасиетті екенін айтады. Өйткені ағын суды ішкен адамның көңіл-күйі көтеріліп және өзін сергек сезінеді екен. Мұнда әсіресе жиі келетін қажылар  осында дұға етіп, күні-түні Жабағы батырдың киелі рухын дәріптейді екен.

Кейін батырдың маңына оның жақын досы әрі серіктесі Жаманқы батыр жерленген.

Шоқай би Балқанұлының жерленген жері

Алтынсарин ауданының Қарағайлы ауылында (қазіргі Шоқай ауылы) Шоқай Балқанұлының қабірі орналасқан. Шоқай Балқанұлы (1775-1858 жылдары өмір сүрген) – үш жүздің биі, Жәңгір ханның серіктесі әрі атақты шешен болған кісі.

XIX ғасырда Шоқай би қазақ даласының әйгілі тұлғаларының бірі болған. Ол өзінің даналығы мен адалдығы, әділеттілігі мен батыл мінезі және шешендігінің арқасында халықтың  сүйіспеншілігі мен құрметіне ие болған. Оның батырлығы, шешендігі туралы ел аузында көптеген аңыздар бар әрі қағаз беттеріне де түскен екен. Шоқай бидің берген баталары мен айтқан болжамдары дәлме-дәл орындалып отырған. Оған адамдар мыңдаған шақырым қашықтықты жүріп өтіп, жаңа туған нәрестелеріне батасын беріп, оған есім қоюды әрі әділетсіздіктен қорғауды сұрайды екен. Қазақтың соңғы ханы болған Кенесары Қасымұлының есімін Шоқай Балқанұлы берген. Көптеген даулы мәселелерде Шоқай би әділ шешім таба білген.

1995 жылы Шоқай Балқанұлының туғанына 220 жыл толуына орай  бейітінің басына мазар орнатылған болатын. Ал осы уақытқа дейін оның зиратының басын халық  қажылық орны ретінде санайды.

Күнтимес – Шоқан Шыңғысұлының туған жері

Бұл қыстау бұрынғы Аманқарағай ауданы қазіргі Қостанай облысының Сарыкөл ауданында орналасқан.

Қостанай облысының тумасы Шоқан Шыңғысұлы  ғалым,  этнограф, географ, тарихшы, шығыстанушы ретінде көп  еңбек еткен.

1834 жылы негізі қаланған Аманқарағай ауданының аға сұлтандығына ғалымның әкесі Шыңғыс Уәлиханов тағайындалған екен. 1835 жылы қазіргі Сарыкөл ауданының Күнтимес жерінде Шоқан Уәлиханов дүниеге келген.

Оның арғы атасы үш жүздің басын қосқан  Абылай хан болса, Уәли хан  (1741-1821 жылдары өмір сүрген) атасы болып келеді. Шоқанның балалық шағы әкесі аға сұлтан болып тұрғанда Құсмұрында, кейіннен Көкшетаудағы Сырымбетте өткен. Нағыз халықтың қайнаған ортасы саналатын Сырымбетте Шоқан Уәлиханов аңыз, жырлар сюжетіне көптеген суреттер салумен айналысқан. Әрі жас кезінен тарихи өлең мен дастан-жырларды қызыға тыңдап, бойына сіңіріп өскен. Жастайынан алғыр болған Шоқан Уәлиханов Құсмұрында жүрген кезінде «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырын жазып алған болатын.

1871 жылы іргетасы қаланған  Шоқан Уәлиханов мешіті ескерткішінің тастары 1993 жылы табылған болатын. Және  сұлтанның қызметшілері өмір сүрген  орындар да сақталыпты.

Бала Шоқан туылған кезде оған арабша Мұхаммед-Қанафия  есімі берілген. Кейіннен анасы ойлап тапқан мейіріммен айтылатын әрі қысқартылған Шоқан есімі оның алдағы өміріне ресми есім болып еніп кеткен. Бала кезінде (1842-1847) Шоқан Уәлиханов Күнтимес жерінде ашылған қазақ мектебінде қазақ, қыпшақ-шағатай, араб және парсы тілдерінен базалық білім алды. Аға сұлтанның ұлы ретінде Шоқан Уәлиханов бала кезінен атақты ақындармен, суретшілермен жақсы қарым-қатынаста болып әрі олардың шығармашылығымен танысуға мүмкіндік ашылды. Шоқан Шыңғысұлы ерте жасынан бастап ауызша және музыкалық халықтық өнерге және сурет салуға ерекше қызығушылық танытқан. Сурет өнерінен алғашқы сабақтарды Шоқан Уәлиханов Аманқарағай (1844 жылдан бастап Құсмұрын округі)  ауданына келген орыс әскери топографтарынан алған болатын.

Омар құдығы (Ыбырай Алтынсариннің туған жері)

Алтынсарин ауданының көрікті жерлерінің біріне Сатай ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай бес шақырым жерде орын тепкен  Омар құдығын жатқызуға болады. Бұл өлкеде Ыбырай Алтынсариннің атасы  Балғожа бидің тұрағы орналасқан. Осы жерде 1841 жылы көрнекті ғалым, ағартушы, педагог, фольклортанушы, этнограф Ыбырай Алтынсарин дүниеге келген. 1991 жылы бұл маңайға Ыбырай бабамыздың 150 жылдық тойының қарсаңында ескерткіш тақта орнатылған. Мемориалды мәрмәрдан жасалған тақтада «Ыбырай Алтынсариннің туған жері» деп жазылған.

Балғожа бидің иеліктері Қостанай аумағының Алтынсарин ауданын (бұрынғы Арақарағай болысы) иемденген. Балғожа бидің Қошан мен Алтынсары есімді екі ұлы болған. Ал Ыбырай Алтынсарин Балғожа бидің кенжесі Алтынсарының  жалғыз перзенті екенін айта кетейік. Ал оның ағасы Қошанның Оспан, Омар, Нұғман есімді үш ұлы болған.

Балғожа би ғұмыр кешкен Қостанай мен Алтынсарин ауданында қазіргі таңда оның ұрпақтары өмір сүреді. Көбінесе Балғожа би өмір кешкен әрі Ыбырай Алтынсарин дүниеге келген жер Мезгіл ауылы деп аталады. Негізінен мұнда Үлкен Мезгіл, Кіші Мезгіл және Қошанның Мезгілі сынды атаулар көптеп кездеседі.

Сарытүбек ауылы (Ахмет Байтұрсыновтың туған жері)

Алаш ұлттық партиясы жетекшілерінің бірі Ахмет Байтұрсынов  (1873-1937 жылдары өмір сүрген)  топырағы киелі Торғай өңірінде   ел арасында үлкен беделге ие Байтұрсын Шошақұлының отбасында өскен.

Жастайынан зерек болып өскен  Ахмет Байтұрсынов тура екі жыл ауыл мұғалімдерінен алғаш хат таниды. Кейін Торғайдағы мектепті бітірген соң, төрт жыл Орынбордағы мұғалімдерді оқытатын білім ордасын тәмамдаған. Содан Ахмет Байтұрсынов ұстаздық жолға түсіп, бала оқытумен айналысады.

Жангелдин ауданының Ақкөл ауылы жанында Ахмет Байтұрсынов дүниеге келген үй бар. Бірақ та бұл үй қайта қалпына келтірілгенін еске сала кетейік. Ал ауылға жақын маңда Байтұрсыновтар әулетінің қорымы орналасқан. Мұнда Ахмет Байтұрсыновтың әкесі мен Қали мен Мәшен есімді қос ағасы жерленген.

Ахмет Байтұрсынов – XX ғасырдағы Қазақстанның саяси  қайраткері және тарихымызда өшпес із қалдырған тұлға. Халықтың санасын оятуға аянбай еңбек еткен Ахмет Байтұрсынов өз заманының ең білімді, көзі ашық адамдарының бірі және «Алаш» саяси қозғалысының жетекшісі ретінде үлкен беделге ие болған.

«Алашорда» партиясының мүшесі  Ахмет Байтұрсыновты Сталиндік лагерьге айдап жібергенге дейін ол өзінің жақын адамдарының жерлеу орындарын аралап шыққан болатын. Біраз уақыт өткен соң Ахмет Байтұрсыновпен қоса  Алаш партиясының өзге де жетекшілері репрессия құрбанына ұшырайды. ГУЛАГ лагерьлерінде азаптауларға төтеп бере алмаған Ахмет Байтұрсынов 1937 жылы қайтыс болады.

Ахмет Байтұрсыновтың қазақ әдебиеті мен жазба әдебиетін дамытуға әрі халықтың қоғамдық санасын оятуға қосқан үлесі орасан зор. Оның барлық қызметі өз халқының жарқын болашағын құруға бағытталған. Ал халықтың ол туралы және оның қызметі жайында ұмытуға еш хақысы жоқ.

Мұхамеджан Сералиннің жерленген жері

Мұхамеджан Сералин (1872-1929 жылдары өмір сүрген) – XX ғасырдың бас кезінде журналистиканың негізін қалаған. Ол қазіргі Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы  Өрнек ауылында дүниеге келген. Алдымен өз ауылындағы медреселердің бірінде сауатын ашқан соң, Қостанайға барып, ондағы  орыс-татар мектебін тәмамдайды.

Қазақтың көрнекті өкілдерінің бірі  Мұхамеджан Сералин Троицк қаласында «Айқап» атты журнал шығарумен айналысқан.  Мұнда 1911 жылдан бастап 1915 жылға дейін  тура төрт жыл жұмыс істеген журнал жастар арасынан зиялы қауым өкілдерін көптеп жинаған болатын. Оған қоса ақын әрі журналист бір жылдай  «Ұшқын» газетінде жұмыс істеген. 1922 жылдан бастап 1923 жылға дейін Қостанай губерниясында қызмет еткен. Одан кейін тура үш жыл газеттердің бірінде  редактор болып жұмыс істеген.

Оның журналистика саласында атқарған қызметінде  2 кезеңді ерекше атап өтуге болады. Бірінші кезең яғни революцияға дейін «Айқап» журналында қырықтан астам мақала жарық көрді. Екінші кезең, 1918 жылдан бастап 1928 жылға дейін тура он жыл «Ұшқын», «Еңбекші қазақ» сынды саяси басылымдарда халық шаруашылығы мен мәдениетіне арналған мақалалар басып шығарылды.

Сонымен қоса, 1900 жылы тарихи шығармалардың қатарына енгізген «Топжарған» поэмасы оқырман қауымға тарайды. Арада тоғыз жыл өткен соң   әйелдердің теңсіздігі туралы жазылған «Гүлкашима» поэмасы  басылып шығады. Мұнда  қазақ даласында кеңінен таралған ескі  әрі  зиянды салт-дәстүрге  қарсы екендігі жан-жақты жазылған.

Мұхамеджан Сералин көпшілікке журналистика пен баспа ісінде атқарған қажырлы жұмыстарымен қоса аудармашы болып та еңбек еткен. Көпшіліктің сүйіп оқитын шығармаларына айналған «Фердоуси», «Шаһнама», «Рүстем-Зорабты» парсы тілінен және Сорокиннің «Жусан» оқиғасын орыс тілінен қазақ тіліне тәржімалаған болатын.

Мұхамеджан Сералин (1872-1929 жылдары өмір сүрген) Қарабалық ауданының Өрнек ауылынан 10 шақырым жерде жерленген. Ал жерлеудің үстіне ескерткіш тақта орнатылған. Мұнда Мұхамеджан Сералиннің портреті бейнеленген және «Сералин Мұхамеджан қазақ жазушысы, журналист, аудармашы. 1872-1929 жылдары өмір сүрген» деп жазылған.

Татыр шайқасы болған жер

Арқалық-Торғай тас жолынан жарты шақырымдық, Тауыш ауылынан үш шақырымдық жерде ескерткіш орнатылған. Ол жерде «1916» деген сандарды айқын көруге болады. Яғни бұл Татыр көлінің жанында болған шайқас уақытын көрсетеді.

Амангелді мен Жангелді аудандары арасында орналасқан Татыр көлінде Амангелді Иманов бастаған сарбаздар Торғайдан келген патшаның жазалаушы отряды арасында алғашқы ірі шайқас өткен болатын. Бұл шайқаста көтерілісшілердің қысымына төтеп бере алмаған жазалаушы отряд артқа шегініп, Торғайға қайтуға мәжбүр болды. Куәгерлердің айтқан деректері бойынша Татыр көлінің маңындағы шайқаста жүз мың қазақ  төрт мыңнан астам жазалаушы отрядтың әскерлерімен шайқасқан.

Татыр шайқасы кезінде Амангелді Имановтың әскери көшбасшылық қабілеті көрінген болатын. Олар жауға тойтарыс беру үшін Татыр көлінің жағасында  қалың қамысқа жасырынып күтіп, алаңсыз жақындап келе жатқан патша әскеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, оларды талқандап жеңген болатын. Бұл шайқас туралы жаңалықтар бүкіл қазақ даласына жайылып, Амангелді Иманов пен  1916 жылғы көтеріліске қатысып, ерлік көрсеткендердің есімі халық арасында үлкен беделге ие болды.

Бұл жеңіс қазақтар үшін тек әскери тұрғыдан ғана маңызды болмады. Оның құндылығын моральдық-психологиялық  және әлеуметтік-саяси аспектілер тұрғысынан көбірек бағалау қажет. Оған қоса Татыр көліндегі шайқастың сәтті аяқталуы ұлттық сананың жоғарылауына және бүкіл Қазақстанды қамтыған ұлт-азаттық қозғалысының кеңеюіне ықпал еткен.

Жалпы бұл қанды  шайқас  «Татыр соғысы» деген атпен тарихқа енген болатын.  Ал жол бойында орналасқан  ескерткіш жерімізде болған ұлт-азаттық  шайқаста жеңіс үшін  қаны төгілген көптеген сарбаздардың рухына арналып салынған.

Батыр Маңдай Байдәулетұлының жерленген жері

Батыр Маңдай Байдәулетұлының зираты Меңдіқара ауданының Алқау ауылында  орналасқан. Маңдай батыр Тобыл өзенінің биік жотасына жерленген. Оның басына салмағы он тонна болатын тас қойылған. Онда парсы тілінде жазу жазылған екен.

Маңдай батыр туралы көптеген аңыздар бар. Оның ержүрек батыр болғандығы әрі қалмақтарға тойтарыс беруге қатысқаны жайында тарихи дәлелдер қазақтардың эпикалық мұраларында әлі күнге дейін сақталған. Тәтіқара жыраудың «Қамыстың басы майда, түбі сайда» деп басталатын жырындағы «Деріпсәлі, Маңдайды айт қыпшақтағы» деген Маңдай батыр осы кісі болған.

Маңдай батыр  кең иықты, ірі денелі, қос алақаны күректей жалпақ, ат үстінде жүрудің хас шебері, жекпе-жек өнерін жақсы меңгерген жан болған. Ол ақ шашты және үлкен маңдайлы болып дүниеге келген.

Халық жадында ол туған жеріне басып кіруіне қарсы тұра білген дарынды қолбасшы ретінде қалды. Үш жүздің басын қосқан хан Абылайдың жанында Маңдай батыр көптеген жорықтарға қатысты. Біраз уақыттай ол тіпті Абылай ханның жеке күзетшісін де басқарған болатын. Кейін ол өз Отанына оралып, Қазақстанның Ресейге қосылуына дейін қалмақтар мен башқұрттардың шабуылынан шекарасын қорғаған болатын. Маңдай батырдың заставалары Тоғызақ, Шадықсай, Былғашы, Талды, Қайрақ, және Маңдай ауылында болған.

Қоянақ әулие Жолшарақызының кесенесі

Қоянақ әулие Жолшарақызының кесенесі Наурызым ауданы Шилі және Шолақсай ауылдарынан он сегіз шақырым жердегі Қарасу мен Қопа қоныстарының жанында  орналасқан.

Қоянақ әулиенің ұрпақтары оның қабірінің үстінен заманауи кесене тұрғызған болатын.

Қоянақ әулие кесенесі емдік күші бар қасиетті орын болып саналады және көптеген науқастардың дертіне шипа табылуы осыған байланысты екен. Халық арасында Қоянақ әулие жайында көптеген аңыз-әңгімелер айтылады.

Оның әкесі Жолшара мен атасы Тастемір де әулие адамдар болған жандар  және тағдырға қатысты оқиғаларды алдын-ала болжай ала білген. Ал мұндай қасиет Қоянақ әжемізге өз әкесінен дарыған  екен. Қоянақ әулие табиғат күштері басқара алатын қасиетке ие болған. Және аспандағы бұлттарды жылжытып, дауылды тыныштандыруға қауқары жеткен.

Қоянақ Жолшарақызының күйеуінің аты – Бисара. Күйеуі достарымен және туыстарымен қалыңдығын алып кетуге  ауылына  бара жатқанда адасып кетеді. Ақыр соңында далада дұрыс жол таба алмай тұрғанда кенеттен алыстан қабірді көреді. Сондағы тастардың біріне дастархан жайылып, одан жолаушылар ауқаттанады. Кейін дастархан олардың көз алдарында жоқ болып кетеді. Ал ескерткіш тастың арт жағында жол айқын көрініп тұрады. Осылайша Қоянақ әулие өзінің болашақ күйеуіне жол табуға көмектесіпті.

Көпшілік Қоянақ әулие жергілікті тұрғындарды қорғайтынына сенеді, өз аймағына жақсылық әкеледі деп есептейді. Мұнда келушілер кесенедегі дұға-тілектер олардың түрлі ауруларынан айықтыратынын әрі қиындықтарын жеңуге және сәттілік әкеледі деп есептейді. Осында келген адамдардың пікірінше, мұнда бір түн түнегеннен кейін дерттерінен жазылуға болады екен. Адамдардың тілеген тілектерінің орындалуы таңқаларлық жағдай емес екені рас… Бәлкім бұл жердің сыры осында ат басын тіреген жандардың ішкі жан дүниесінің үйлесім табуында жатқан шығар…

Түркібай әулие Ақанұлы жерленген жер

Түркібай әулие Ақанұлының зираты  Наурызым ауданының Қараменді орталығынан  Өлеңді ауылы бойындағы тасжолдың бойында орналасқан.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Түркібай ата XIX ғасырдың емшісі ретінде танымал болған. Қайтыс болар кезде Түркібай  әулие «Менің күшім тағы екі жүз жыл сақталады», – деген екен. Сондықтан қабірдің басына барған кез келген адам дініне қарамастан жолдың бойындағы белгіге немесе әулиенің басына тас қойып, құран бағыштап, тілек тілеп, көмек сұрайды екен.

Түркібай әулие Ақанұлы (1759-1832 жылдары өмір сүрген)  қырық жасында бүкіл ауыл-аймаққа танымал әулие болған.  Әулиелер ұрпағы құрастырған шежіренің деректеріне сүйенсек, Түркібай әулие мен Қоянақ әулие арасында жақын туыстық байланыс бар екен. Түркібай әулиенің әкесінің бойында да Алланың берген ерекше қасиеті болған әрі алыстағыны бірден көретін қырағы жан болыпты. Тіпті өзінен отыз-қырық шақырым жердегі оқиғалардан хабардар болған.  Ал Түркібай әулиенің анасы Үкі – әулие Тастемірдің қызы, Жолшараның туған әпкесі  болатын.

2017 жылы зираттың маңына  осында келушілерге арнап үлкен үй салған болатын.

Қобызшы Тілеп Аспантайұлының жерленген жері

Тілеп Аспантайұлы (1757-1820 жылдары өмір сүрген) Торғай маңында туып-өскен. Он үш жасында Тілеп Аспантайұлы қобыз аспабында ойнай бастаған. Ол қазақтың музыка өнеріне үлкен үлесін қосқан. Музыка мұрасының алтын қорына  автордың тек үш толғауы енген. Олар «Толғау», «Аллам жар», «Негіздер» атты толғауы бүгінгі күнге дейін сақталған. Халық арасында Тілеп Аспантайұлы халық емшісі әрі көріпкел ретінде де танымал болған. Адамдарды түрлі дерттен емдеген оның қара қобызы өзі қайтыс болған соң, өз отбасында көненің көзі ретінде бүгінгі күнге дейін сақталған.

Бір кездері Тілеп Аспантайұлы атақты Қойлыбай бақсыдан бата алған болатын. Оның «Бақсы» күйінің пайда болу тарихы туралы аңыз  «Тілеп пен Сарықыз» поэмасында суреттелген. Сонымен қатар Тілеп атты жігіттің ерекше тағдыры жайында осы аттас драма құрылған болатын. Жазық далада алғаш рет бақсыны жолықтырған Тілеп сиқырлы қобыз үнінің адам жанын айықтырған құдіреттілігінің куәсі болады. Осылайша ол қобыз аспабында ойнауды үйрену үшін емші және оның  Сарықыз есімді қызымен бірге қалуға ұйғарады. Сол қобыз арқылы ол адамдарға жақсылық жасауға тырысады. Әкесі Аспантай әскерімен үйден кетсе де, өз шешімін өзгертпей, қария бақсының өнерін бойына сіңіруге ұмтылады. Арада жылдар өтіп, Тілеп пен Сарықыз арасындағы достық үлкен махаббатқа ұласады. Осы уақытта Тілеп Аспантайұлы бақсылық өнердің музыкамен емдеудің қыр-сырын меңгеріп,  өз бетінше ем-дом жасай алатын жағдайға жетіп, ұстазынан жеке бөлініп шыққан. Және бірін-бірі сүйген ғашықтар да екіге ажырайды. Содан Тілеп Аспантайұлы әкесімен  ұзақ сапарға аттанады. Ірі ұрыстардың бірінде зұлымдық күштері жеңіске жетіп, бақсы қайтыс болады. Ал Тілеп қобызшы әскерді киелі қобыздың үнімен рух беріп әрі шабыттандырып, оларға жеңіске жету үшін күш береді. Кейін  сүйіктісімен мәңгі бірге болуды қалаған ол жетім қалған  Сарықызды іздеуге аттанады. Өкінішке қарай сүйіктісі Сарықызын іздеу жұмыстары сәтсіз аяқталып, оны таба алмайды. Содан жалғыз қалған Тілеп Аспантайұлы қобызшы  тек өзінің қобыз үнімен жұбанады.

Қобызшы Тілеп Аспантайұлы қазіргі кезде Жангелдин ауданындағы Қалам-Қарасу ауылдық округіндегі Шоқыркөл ауылынан он екі шақырым жерде жерленген.

Әулие Никольский шіркеуі

Әулие Никольский шіркеуі Ұзынкөл ауданының  Пресногорьков ауылында орналасқан. Ғибадатхананың  негізі 1766 жылы қаланған болатын.

XIX ғасырдың басында Солтүстік Қазақстан аумағында сақталған бірнеше шіркеулердің бірі болып табылады. Бұл ғибадатхана ағаш дуалмен қоршалған қысқы және жазғы қос бөліктен тұрады. Шіркеудің жанында көптеген зираттар бар. Мәселен, Омбы облыстық басқармасының бастығы  әрі дивизия командирі болған Василий Иванович де Сент-Лоранның зираты орналасқан.

 1920 жылдары шіркеу тұтастай тоналған еді. 1935 жылы ғибадатхана ауыл тұрғындары өткізген жиналыс шешімімен жабылып, астық сақтау қоймасына айналған.

2005 жылдың жазында ғибадатхана қалпына келтірілді. Сөйтіп бұл орын келушілерге есігін қайта айқара ашты.

Әулие Никольский шіркеуі сол дәуірдің ерекше рухымен «қаныққан» болатын. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, осы маңдағы көлдердің жанында ғибадатханаға апаратын жерасты өткел бар болуы мүмкін.

Міржақып Дулатов кесенесі

Қазақ халқының біртуар азаматы Міржақып Дулатовтың денесі 1992 жылдың қазан айында туған жеріне жеткізіліп, Жангелдин ауданының Қызбел ауылдық округінің Бидайық ауылында жерленген болатын.

Міржақып Дулатов (1885-1935 жылдары өмір сүрген)  Қостанай облысы  Жангелдин ауданына қарасты  Сарықопа ауылының тумасы. Өткен ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің өкілі, ақын, жазушы және  қоғам қайраткері болған. «Алаш» қозғалысы жетекшілерінің мүшесі болған оның   саяси қызметі 1905 жылы басталған. Осы жылы ол Омбы қаласында Әлихан Бөкейханмен кездескен болатын.

 Міржақып Дулатовтың алғашқы өлеңі Санкт-Петербург қаласында «Серке» газетінің алғашқы санында басылып шығады. Ал оның алғашқы «Оян, қазақ!»  өлеңдер жинағы 1909 жылы Қазанда жарық көреді. Жинақтың атауы  XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының халыққа үндеуі болған. Содан жан-жаққа тараған кітаптың барлық  таралымын өртеп жіберсе, ал  авторын қудалап, түрмеге жапқан еді.

Алайда Міржақып Дулатов өзінің әдеби және публицистикалық қызметін белсенді түрде жалғастыра берген. 1910 жылы жазушының Орынборда «Бақытсыз Жамал» романын басып шығарады. Қазақ әдебиетіндегі алғашқы романда автор жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы Шығыс елдеріндегі мұсылман әйелдердің теңсіздігі мәселесін жан-жақты көтерген болатын.

1913 жылдан бастап Орынборда өмір сүрген Міржақып Дулатов Ахмет Байтұрсыновпен бірге 1918 жылдың қазанына дейін «Қазақ» қоғамдық-саяси  газетін шығаруға атсалысады.

Сонымен қоса, Міржақып Дулатов «Ақ жол», «Еңбекші қазақ» газеттері мен «Қызыл Қазақстан» журналында қызмет еткен болатын әрі аударма ісімен шұғылданған болатын.

1928 жылы Міржақып Дулатов қамауға алынып, 1930 жылы ату жазасына кесіледі.  Кейін жаза он жылға лагерьлерде өтеуге ауыстырылады. Алайда Міржақып Дулатов  1935 жылы бесінші қазан күні Сосновец лагерінің орталық ауруханасында қайтыс болып, мәйітін тегін зираттардың біріне жерлейді. Мазар тек 1988 жылдың қараша айында қайта қалпына келтіріледі.

Сәбина Кәкімжан

el.kz

(Суреттер Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының сайтынан алынды)

Ұқсас жазбалар