ХVІ ғ. алғашқы он жылдығында Сібір жұртының территориясы Тайбұға руынан шыққан әулеттің бақылауында болды. Орталығы Искер (Кашлык, Сібір). Алғашқы дербес тайбұғалықтардың билеушілері Мұхамед бек Сайд Ибрахим хан Шайбанидті өлтірген, өз қол астына Батыс Сібірде бытырап жатқан татар ұлыстарын біріктірген. Сөйтіп бір-бірімен әлсіз байланыста болған ұлыстардан тұратын территориялық аумағы кең мемлекеттің басына келді. Тайбұғалықтардың руы түркі тайпаларының тегінен шыққан керейлердің ата тегі болатын. Есілде Шыңғысхан жорығы кезінде тұрған Он (Онсом) осы рудың негізін қалаушы екенін жылнамалық деректер дәлелдейді. Солтүстік Қазақстан бөлігіндегі керейлер монғол шапқыншылығы кезінде әрі ертедегі керейіт мемлекеті күйреген кезде келген солтүстік керейіттердің ұрпақтары болып саналады. Сібірде Тайбұға руының мекендегені, яғни осы керейіттер жөніндегі алғашқы мәліметтер Сібір жылнамаларында жазылған. Строганов жылнамасындағы Иван патша туралы аңызды керейіттердің Он хан туралы әңгімесі деп қарауға болады: «Сібір еліндегі Есіл өзенінде Магмет заңындағы (мұсылман діні – авт.), тегі татар Иван атты патша болған Шыңғыс бастаған қарапайым татарлар… оны өлтірді… Тайбұға патшазада қалды…» [1, 17 б]. Шыңғыс бірнеше жылдан кейін Тайбұға жөнінде естіп, оны қызметке шақырғаны туралы Погодин жылнамасындағы Сібір хандығының шығу тегі» атты тарауы дәлелдейді: «…Есіл өзенінде Магмет заңындағы Он атты патша өмір сүрді. Тайбұға – Онның ұлы. Шыңғыс оны жақсы қарсы алып, өзіне бағынғандардың ішіндегі бірінші кінәз деп атап, оған жеке жер үлесін берді. Кінәз Тайбұға Шыңғыс патшадан соғысуға жасақ сұрады… Шыңғыс патша жақсы дайындалған көптеген жасақтарды жинап, Тайбұғаны Ертіс өзенінің төменгі ағысымен Обь өзеніне жібереді, ал бұл жерде чуд деп аталатын халықтар тұрған. Шыңғыс патшаға қуанышты хабармен қайтып келді. Шыңғыс патша Тайбұға кінәзға үлкен құрметпен қарады, және Тайбұға Шыңғыс патшадан өзі тұрғысы келетін жер сұрады. Шыңғыс патша «қайда тұрғың келсе, сонда тұр» деп жібереді. Тайбұға кінәз бүкіл өзінің руымен Тұра өзеніне кетіп, сол жерде Шымға қаласын көтерді. Түмен қаласы сол жерде. Тайбұға мұнда ұзақ тұрды, осында өлді. Одан кейін Онның ұлы Ходжа тұрды, содан соң Онның ұлы Мар тұрды. Мардың балалары – Адер және Абалақ» [2, 63 б.] Сібір жылнамаларының ішіндегі Есипов жылнамасында да «“Сол жерде, яғни Обьта Он өлтірілді. Тайбұға оның ұлы. Тұраға келіп қала салды, қазіргі Түмен», – деп жазылған [1,18 б.]. Байқап қарасақ, бұл жылнамаларда Шыңғыс пен Он сияқты екі жеке адам туралы айтылған. Оқиғалар Батыс Монғолияда деп жазылмаған, Россияға жақын территорияда, бір жағдайда Ертісте, екіншісі Обьта болғаны баяндалған. Шыңғысхан Бұқараны жаулап алғаннан кейін Қазақ Ордасының патшазадасы Мамықтың ұлы Тайбұға монғол билеушісінен Ертіс, Тобыл, Есіл және Тұра өзендерінің бойынан жер беруді өтінеді. Бұл өтінішін Шыңғысхан орындайды. Одан кейін де Тайбұға ұрпақтары сол жерлерді иемденген. 1760 ж. Тобыл воеводасы Петр Иванович Годуновтың бұйрығымен құрастырылған «Ведомостардың» мәліметтері шындыққа жақын. Ол Сібір жылнамаларындағы кейбір түсініксіз жәйттерді анықтауға мүмкіндік береді.
Шыңғысханның өзінің бұрынғы жауларының ұрпағына Сібір өзендерінің бойынан жер беруін былай түсіндіруге болады: Қытай шекарасынан бастап Шығыс Европаға дейінгі жерді алып жатқан кең байтақ монғол империясының құрылуы әкімшілік құрылысты нақты ұйымдастыруды талап етті. Жаулап алған жерлерді жауланған халықтардың ішкі азаттық қозғалысынан әрі сыртқы жаудан қорғап, өз қолында ұстау керек болды. Шыңғысханға өз империясының шекарасында күші жағынан шамалас феодалдық иеліктер құру қажет болды. Әрі Он ұрпақтарын керейіттердің ата тегінің жерінен алыс жіберуді мақсат етті деп пайымдауға болады. Ертістің бойындағы жерлерді жаулап, Тайбұға «Тара өзеніне келіп қала салды, оны Шымғы деп атады»,- деп жазылған сібір жылнамаларында [1, 54 б.]. Бұл қазіргі Түмен қаласының орны. Шыңғысханның құрметіне керейіттерге сыйлаған жерде Шымғы қаласының салынуы Сібір жеріне Тайбұғаның келгенін дәлелдейді. Г. Миллердің мәліметтері бойынша қала арқылы ағатын және Тұра өзеніне құятын Туменка өзенінің қалалары арасында қаланың қалдығы бар. Жергілікті тұрғындар бұл қаланың қалдығын Шымғы немесе Шымғытұра деп атайды, яғни «Шыңғыс» атауына ұқсас [3, 192 б.]. Сібір жұртында тайбұғалықтардың үстемдігі ХVІ ғ. аяғына дейін, яғни Тобыл воеводасы Данило Чулков тайбұғалықтардың соңғы тұяғын тұтқындағанға дейін орнады. Бұл жөнінде Погодин жылнамасы былай дейді: «Ескі Сібірдің кінәзі Сейдақ, Қазақ Ордасының патшазадасы Саптан қараша үлкен әскери отрядымен Москва қаласына жіберілді» [2, 97 б.]. Ал олардың 500 адамы болған [2, 95 б.], кейіннен Борис Годунов патшаның сарайында едәуір роль атқарған [4, 286 б.]. Онның ұлы Тайбұға Тайбұға мемлекетінің негізін қалаған. Аңыз бойынша Тайбұға иелігін Ходжа мұраға алған. Орталығы Есіл мен Ертістің иелігіндегі қиылыстағы Қызыл төре қаласы болды. Одан кейін Тайбұғалықтар иелігі Марға мұраға қалды.
Тайбұғалықтардың ата тегі олардың шежіресіндегі бірден-бір хронологиялық бағыт болып табылады. Он ХІ ғ. басында өмір сүрген. Сонымен бірге тайбұғалықтар хронологиясындағы екінші мәселені анықтауға болады: Қазан патшасы Упақтың орнына жалғыз үміткер Сайид Ибрагим Ибақ хан болды. Нақ соны 1494 немесе 1496 ж. басында Мұхамед бек өлтіреді. Сөйтіп, 1220-1496 жж. арасында Тайбұғалықтардың алты атасы ауысқан (275 жылдың ішінде). Көптеген зерттеулер шежіреде жүз жылда орташа есеппен бес ұрпақ ауысатынын көрсетеді. Сөйтіп не Онның жаулауымен хронологиялық қатынасының дәлелдігі, не тікелей Тайбұға шежіресінің алты атадан болғаны. Шежіре деректері қысқартылған да болуы мүмкін деп ойлаймыз. Себебі жазбалар Тайбұғалықтардың өмір сүруі тоқтаған кезде жазылған, ал халық аңыздары Он мен Тайбұға сияқты ата-баба аттарын ғана есте сақтаған және ХV-ХVІ ғғ. Тайбұға шежіресінің дербес мемлекеттік құрылым болғанын айтады.
Түмен хандығында өз ықпалын нығайту үшін Ибақ кінәз Марға қарындасын беріп, Тайбұғалықтармен сүйек жаңғыртып, құда болады. Погодин жылнамасында «Упак (яғни Ибақ дегені – авт.) өзінің күйеу баласы Марды өлтірді және Шымғы қаласын талқандады, ол жерден Сібір патшалығының қойнауына кетіп, Ертісте өз қаласын салды, оны Сібір қаласы деп атады, қазір Ескі Сібір деп аталады, Тобыл қаласынан Ертіс арқылы жоғары 12 шақырым. Ал Шыңғыс хан көп жыл өмір сүріп өлді, міне сол кезде Есіл өзеніндегі патшалық құлады», – деп жазылған [2, 65 б.] Мамет Тобыл мен Ертістің орталық ағысы бойларындағы татар ұлыстарын біріктіріп, Ертістің жағасындағы угорлықтардың ескі бекініс селениесін өзінің ставкасы қылды. Ол «Сібір» немесе «Қашлық» деп аталды. Осыдан келіп саяси одақ «Сібір хандығы» деп аталады. Кезінде Г. Миллер де Искер қаласында болған. Ол Ертістің оң жағалауында Тобылдан шығысқа 19 км Ертіс пен Сибирка өзенінің қосылған жерінде орналасқан. Қазіргі кезде толығымен жойылып кеткен. Өкінішке орай Сайид Ибрахим ханды өлтіру Мұхамед бек Тайбұғаның билігінің жалғыз ғана белгілі актісі. Мемлекеттің одан қарай ХVІ ғ. ортасына дейінгі тарихы мүлдем белгісіз болып қалған. Тайбұғалық билеушілердің есімдері Көшім ханға Федор Иванович патшаның берген грамотасында аталған: «Сенің атаң Ибақ патшадан кейін Сібір мемлекетінде Тайбұға руының кінәздары Магмет кінәз, одан кейін Қазым кінәз болды», – деп жазылған Строганов жылнамасында [1, 14 б.]. Осы грамота мәтініндегі титулдардың қалай қолданылғанына көңіл бөлсек, Ибақ Көшім сияқты «патша» деп аталса, Тайбұғаға «кінәз» (бек) термині қолданылған. Себебі тайбұғалықтар Шыңғыс тұқымы болмағандықтан, хан титулына құқы болған жоқ. Сондықтан Тайбұға мемлекетіне қатысты «Сібір хандығы» деген мемлекет атауын қолданған дұрыс емес деп тұжырымдаймыз. Бұл мемлекеттік құрылымды Сібір» немесе «Искер» деп атаған жөн.
Қазіргі кезде Тайбұға мемлекетінің билеушілерінің жүйелігін нақтылау күрделі. Федор Ивановичтің жоғарыдағы грамотасында айтылған Мұхамед бек, одан кейін оның ұлы Қасым (Қазы бек), одан ұлдары Едігер (Йадигар) және Бекболат билеуші болған. Сібір жылнамаларында Мұхамед пен Қасым арасында тағы да бір бек – Агуштың (Ангши, Агаш) – Абалақтың ұлы, яғни Мұхамед бектің болғанын жазады. Ремезов жылнамасында Қасым бектен кейін ағасы Саинбахта және Сауысқан бектің болғаны айтылған [1, 14 б.]. Ал олардың оның алдындағы билеушілерге қатысы түсініксіз. Осы билеушілер жөніндегі мәліметтер Сібір жылнамаларынан басқа деректерде жоқ. Бұдан басқа Сауысқан мен Агуштың әкесі Абалақтың аттары Искер ауданындағы мекендердің атымен сәйкес келеді. Осы атауларды түсіндіру үшін халықтық этимология қолданылған болу керек. Семен Ремезовтың өзі мұндай этимологияларды қолданған. Мысалы, Сүзге, Тұра, т.б. Сүзге атты Көшімнің әйелі болған [1, 14 б.]. Сонымен бұл жорамалдар негізсіз емес екенін байқаймыз. Едігер бектің билік құруы Тайбұға мемлекетінің тарихында өзгерісті кезең болды. 1552-1558 жж. Орыс мемлекетіне Поволжье жерлері енгеннен кейін Солтүстік Оралда ғана емес, жұрттың бүкіл батыс шекарасында Орыс иеліктерімен Сібір жұрты тікелей көрші болды. Орыстардың Сібірді басып алу жолында Алтын Орданың қалдығы Сібір жұрты мемлекеті қарсы тұрды. Бұл жартылай көшпелі патшалық. Тайпалық иеліктерге бөлінген және өз қол астына татар, естек және вогул князьдарын, мұсылман дініндегілер мен пұтқа табынушыларды біріктірді. Сібір жұртының территориясы ХV-ХVІІ ғғ. аймақтық-саяси құрылым болды. Ол тарихи түрде пайда болып, әр түрлі кезеңде өзгеріп отырды. Бұл территорияны нақтылау үшін «Сібір жұрты» ұғымына тоқталған жөн деп санаймыз. Монғол шапқыншылығы кезіндегі Батыс Сібір, ХІІІ-ХІV ғғ. Жошы мемлекетінің құрылуы және құлаған кезіндегі «Сібір жұрты» термині белгілі бір территорияны білдіретін ұғым ретінде қолданылмады, алайда түп деректерде Сібір жайлы Шыңғысхан жорықтары кезінде-ақ айтылған болатын. Мысалы, Рашид-ад-дин Сібір Жошы мен Бату ханның батысқа жорығының алғашқы объектісі болғанын айтады [5, 120 б.]. Ал Жошы ханның жұрты Ертісте болған. Муин ад-дин Натанзидің айтуынша, Сібір билеушілері жошылықтардың оң қанатына жатқан [6, 127 б.]. ХІV ғ. басында, яғни Натанзи жазған уақытта болашақ Сібір жұрты территориясының бөлігіндегі үстемдікті шайбанидтер алса керек. Шайбанидтер – Шыбан ұрпақтары, Жошының бесінші ұлы. Оған 1238 ж. Бату хан көшіп қонуға оңтүстік Орал мен Қазақстаннан үлкен жер үлесін бөліп берді: «Сен тұратын жұрт менің жұртыммен үлкен ағам Ичен жұртының арасында болады: жазда сен Жайықтың шығыс жағында мекенде, Ырғыз өзенімен – Сусук, Ор, Іліктен Орал тауына дейін, қыс бойы Арақұмда, Қарақұмда және Сырдарияның жағалауымен Шусу, Сарысу өзендерінің сағаларында мекенде» [7, 160 б.]. Сөйтіп, Шыбанның алғашқы иеліктері Оңтүстік Орал мен Батыс Қазақстан иеліктерін алып жатқан болатын. Бұл жерлерді Шыбан ұрпақтары иемденді. Олардың өкіметін Жошы мемлекетінің оңтүстік қанатының билеушілері нығайтып, бекітті. Мысалы, Мангу Тимур хан бұл аудандардағы иеліктерін Шыбанның ұлы Баһадурдың атына бекіттті. Шыбан ұлысы билеушілерінің өкіметті нығайту тәртібі Жошы мемлекетінің оңтүстік қанатына енгенін дәлелдейді. Осыдан кейінгі кезеңдерде Сібір жұрты кімге тиесілі болғаны әзірше түсініксіз әрі белгісіз сияқты деп түсінеміз. Батыс Сібір Жошы мемлекетінің сол қанатының иелігінде – Орда Ичен мен Тоқа Темірдің ұрпақтарының иелігінде болса керек. Темір талқандалғаннан кейін Тоқтамыш ханның Сібірге қашуы осының қосалқы дәлелі. Бірақ ХІІІ-ХІV ғ. бірінші жартысында „Сібір жұрты” деген ұғым болған жоқ. Ол Батыс Сібір мен Солтүстік Қазақстан территорияларында дербес және жартылай дербес мемлекеттік құрылымдардың пайда болуымен қабаттас шықты. Сібір жұртының қалыптасуы Жошы мемлекетінің Шыбан ұлысының дамуымен тығыз байланысты. Өкінішке орай, деректер ХІІІ ғ. екінші жартысы – ХІV ғ. шыбандықтардың тарихын терең баяндамайды. Біртіндеп шыбандықтар өз иеліктеріне Қазақстан мен Батыс Сібір территорияларын қосты деп пайымдауға болады. ХV ғ. басында Сібір жұрты шыбандық хандар мен сұлтандар иемденген территория ретінде толығымен қалыптасқан: оңтүстік-батысында маңғыттар ұлысынан, солтүстік-шығысында Бараба даласына дейін және солтүстігінде Ертістің сағасынан оңтүстігінде Арал теңізіне дейінгі иеліктер [8, 29 б.]. Деректердің жағдайы территориялардың нақты шекарасын көрсетуге мүмкіндік бермейді. Бұл иеліктер Шайбанидтер әулетінің жеке өкілдері арасында бөліске салынған болатын: Мұстафа хан Дәулет шеих оғлан, Жұмадүк хан, Махмұд Ходжа хан араларында. Алайда тарихи оқиғалардың дамуы осы билеушілердің иеліктері сол кезде тұтас ел (Сібір жұрты) ретінде қарастырғанын дәлелдейді. Шайбанид билеушілері Сібір жұртында Шайбанидтер арасында біртұтас өкімет үшін табанды түрде күрескен. ХV-ХVІ ғғ. бойы “Сібір жұрты” ұғымы үнемі таяздана берді. Жошы мемлекетінің үйіндісінде пайда болған басқа мемлекеттік құрылымнан маңызды ерекшелігі оның табиғат жағдайы мен халқының өзгешелігі болды. Оңтүстік аудандармен қоса Сібір жұртына угор халқы кең орманды далалар мен тайга кеңістіктері енді. Сібір жұртының орталығы да біртіндеп солтүстікке жылжып, ақыры қазіргі Тобыл қаласының аудандарына жетті (Искер). Сібір жұртының территориясында бірнеше түрік мемлекеттік құрылымы қалыптасқан: ХV ғ. шайбанидтер тұқымының бір тармағы Өзбек хандығын құрды. Әбілқайыр хан оңтүстікке Батыс Сібірге көшкеннен кейін өкімет басына шайбанидтердің басқа тармағы келіп, Сібір жұртының территориясында Шайбанид мемлекетін құрды. ХVІ ғ. басында бұл мемлекет құлап, оның орнына жеке түрік (сібір-татар) феодалдары мен Искер бектері бастаған угор тайпалық князьдары иелеіктерінің федерациясы – Тайбұға мемлекеті пайда болды. ХVІ ғ. ортасында тайбұғалықтар шайбанидтермен соғыста жеңілгеннен кейін Сібір жұртының территориясы Шайбанид державасының солтүстік ұлысы – Сібір хандығына енді. Сібір хандығына Ертіс пен Обь жағалаулары, Бараба далалары, Шығыс Орал, Есіл далалары, Солтүстік Қазақстан енді. Нақ осы шекарамен Сібір жұрты Россияның құрамына енген болатын. М. Тынышпаев 1370-1400 жж. керейлер Қара Ертіс, Еренқабырғадан Алакөлге дейінгі өлкеде мекендеген десе [9], М. Мұқанов олар ХІV-ХV ғғ. Жетісу, Тарбағатай, Ертіс бойы, Зайсан көлінен Ом және Тобыл өзендеріне дейінгі өңірде қоныстанғанын жазады [10]. Көне қытай жазбаларында керейттер VІІ-ІХ ғғ. Байкалдың солтүстігіндегі Орман елімен аралас тұрып, ІХ ғ. соңында басқадай көшпелілермен бірге монғол даласына қоныс аударғаны айтылады [11, 10 б.]. Зардыхан Қинаятұлының пікірінше, ХVІ ғасырдағы төменгі (Тюмень) Сібір бойында кездесетін керейт тобы Жақақамбының үрім бұтағы болуы мүмкін [11, 44 б.]. Жақақамбы Тогорилдің інісі. Тогорил «Ваңхан» лауазымына ие болған Керейт ханы. Монғол жеріне Сібір, Кем өзендері бойындағы керейттер қоныс аударған [11, 43 б.]. Х ғ. шығыс Сібірден Халха жеріне монғолдармен қатар ең алдымен Бикин одағы, одан кейін Найман, Керейттер келіп қоныстанады. 1007 ж. керейт аты аталып, шығыстағы түркі тайпаларының ішіндегі бірден-бір көзге түскен елеулі тайпаның бірі осы керейттер екенін Абуль-Фараджы еңбегінде атап өтілген [12, 386 б.]. Рашид-ад-диннің айтуынша Бикин одағының билеушілері біріншіден, Ваңхандық керейттер, Таян хандық наймандардан гөрі мәртебесі жоғары болған [13]. Басқа жұрттан ауып келгендіктен керейттер Боданчар (Шыңғыстың 13 атасы) әулеті үшін жат адамның ұрпағы екендігі «Монғолдың құпия шежіресінде» айтылған. Сондықтан керейттердің шыққан ізі деген мәселенің сырын ашуға тарихшы З. Қинаятұлының талдауы ұтымды тұжырым деп есептейміз [11, 44 б.]. «Құпия шежіреде» «Бадай мен Кішілік екеуі менің жанымды құтқарып, үлкен жәрдем еткендіктен, жаратқан тәңір жар болып, Крей елін күйретіп, мәуелі мәртебеге жеттім мен. Осы кезде және болашақта, тұқымымның тұқымына дейін, менің лауазымымды жалғастырушылар осы екеуінің көрсеткен марқабатын мәңгі-бақи есте тұтып жүріңдер», – деп Шыңғыс хаған жарлық еткен [14, 118 б.].
«Керейлерге дес бермей,
Ешкімнен де сескенбей,
Елін бөліп алыстық.
Түбеген тобын қорқытып,
Түгін қоймай шошытып,
Түгел бөліп алыстық.
Жарты кешке жеткізбей,
Жаныштап Олан дұңғайтты,
Жаппай бөліп алыстық.
Қанды қырғын сүйетін,
Қатал жүркін әулетін,
Қаптап бөліп алыстық», – деп жырланады «Құпия шежіреде» [15, с.118].
Осы жеңілістен кейін Бартольдтың айтуынша керейттер Еділдің батысына емес, шығысына қарай босқан [15, 505 б.]. Бұл топшылау шындыққа жақын деп түсінеміз, себебі Шыңғысханнан жеңілген керейттерге батысқа қарай жүретін жол жабық еді. Керейт ұлысында жазба заңдар болған жоқ, көшпелілерге тән әдет-ғұрып нормаларына бағынды. Сатқындық жасағандарға кешірім болған жоқ, әсіресе ата жауына сатылғандарды ауыр қылмыс жазасына кесті. Ал «керейт» және «керей» атаулары жөнінде деректерде түрлі тұжырымдар айтылғанмен, екеуі де заты бір тайпаның аты [111, 46 б.].
Тайбұғалар үшке бөлініп көшкен: Сібірде; Жемге көшкені жетіруға енді. Алтайға; Алтай керейлері қазақтардың құрамына сіңіп кетті. Шығыс Қазақстанға көшкені Орта жүздің құрамына кірді. Шайбанид мемлекеті құлдырағаннан кейін ХVІ ғ. Сібір жұртында Сейд Ибрахим ханның ұрпақтары өздерінің Орта Азиядағы жекжаттарынан пана тапты. 1500 ж. мұнда Мұхамед Шайбани хан, Шах Будаг сұлтан бек, Абу-л-хаир Убайдаллахан негізін қалаған Шайбанид мемлекеті өмір сүрді. Шайбанидтердің Сібір тармағы өкілдерінің Батыс Қазақстанда қандай да бір иеліктері болуы мүмкін, бірақ бұл жөнінде нақты дерек жоқ. 1550 ж. басында сібір шайбанидтерінің мұрасы үшін нақты қарсыластар шықты. Мұртаза сұлтанның ұлдары Көшім сұлтан мен Ахмед Герей сұлтан. Мұртаза сұлтанның қандай да бір маңызды саяси ролі болмаған болу керек деп ойлаймыз, бірақ оның нақты іс-әрекетін көрсетпесе де Сібір жылнамалары мен сібір-татар фольклоры ірі билеушілердің біріне жатқызады. Сібір татарларының тарихи аңыздарында Мұртазаны тіпті «Үлкен Бұхарияның ханы» деп атайды [16, 196 б.]. Қалай болғанда да ХVІ-ХVІІІ ғғ. Мұртаза сұлтанның Орта Азияда не оңтүстік Қазақстанда керемет иелігі болды деуге бізде негіз жоқ. 1555 ж. шамасында оны өлді деп пайымдауға болады. Дәл осы кезде оның белгілі төрт ұлы арасынан Көшім сұлтан суырылып шығады. Әкесі өлгеннен кейін ол тайбұғалықтарға қарсы күреседі. Бұған негіз болған жағдай мынау: 1555 ж. Едігер бек ІV Иваннан көмек сұраған және Әбілғазының шежіресі бойынша Көшім хан билігін нақ осы 1555 жылға жатқызады [17, 156 б.]. Орта Азиядағы шайбанид билеушілерінің қайсысы оған қолдау жасағаны жөнінде қазіргі кезде дәлелдеп айту қиын.
1557 ж. ІІ Абдаллах Бұхарада өкімет басына келді. 1583 ж. ол бүкіл шайбанид мемлекетінің жоғары ханы болып, Көшім мен оның ағаларының жағдайын едәуір нығайтты. 1563 ж. Тайбұға мемлекеті құлап, Сібір жұрты шайбанидтер билігіне қайта көшті. Бірақ қайта өңделген шайбанидтік Сібір жұрты ХV ғасырдағы Шайбанид мемлекетіне ұқсаған жоқ. Сібір хандығының билеушісі Шайбанид мемлекетінің жоғары билеушісіне тәуелді екенін мойындады. Жоғары хан өзінің жаңа иелігін белгілі бір дәрежеде бақылады, сонымен бірге ханды тағайындауға құқы болды. Мысалы, 1564 ж. Көшім ханның орнына оның ағасы Ахмед Гирей хан тағайындалған, ал Көшім хан онымен бірігіп басқаратын болды. Сібір жұртына жергілікті сібір-татар ақсүйектері мен угор рулық ақсүйектері үнемі қарсылық көрсетіп отырған. Осы ақсүйектермен күресте 1567 ж. Ахмед Гирей хан өледі де, Көшім хан мұрагер болып орнына қалады. Ақыр соңында Сібір хандығы Тайбұға мемлекетінің құрылысын мұраға алды. Ол ханға номинальды түрде бағынған. Жергілікті ақсүйектердің жеке тәуелсіз иеліктерінен тұрып, мемлекеттің орталығы Искер қаласы болып қалды. Шайбанид мемлекеті құлағаннан кейін ХVІ ғ. басында Шығыс Тұра қаласы үйіндіге айналып, қалпына келген жоқ. Керей тайпаларының XVІІІ ғ. басында-ақ Батыс Сібірдің оңтүстігін мекендеген халық ауыз әдебиетінің материалдарынан, соның бірі атақты қазақ батыры Қожаберген жырау Толыбайсыншыұлы жырлаған «Елім-ай» дастанынан көреміз [18, 72 б.]. Дастан Ақтабан шұбырынды жылдарының аяғын ала жазылған Халық ауыз әдебиетінің бұл ерекше ескерткіші Кеңес үкіметі кезінде ғылыми айналысқа сол кездегі белгілі себептермен жіберілген жоқ. Тарихи дерек көзі ретінде аталған дастаннан үзінді келтірейік:
Тұтас ел бытырамай орнаған бақ,
Баласы Орта жүздің керей-уақ.
Құт қонып, қыдыр дарып ерте кезден,
Мекендеп Сібірді олар тұрған ұзақ.
Тоғайын Омбы өзені жұртым қыстап,
Баптаған алғыр тазы бүркіт ұстап.
Бес жүз жыл Керей қоныс еткен Сібір
Қорғаған жаудан халқын қару ұстап
Ертіске екі беттеп елім қонған
Төскейге қой мен жылқы, түйе толған [18, 8 б.].
Жоғарыдағы поэмадан келтірілген жолдар XVІІІ ғ. басында керейлер мен уақтардың тек Ертіс жағалауларында ғана емес, Омбы өзенінің бойында да көшіп-қонғанын көрсетеді. Керей мен уақ тайпалары орта Ертіс аумағында XVІІ-XVІІІ ғасырларға дейін, яғни қалмақ қолдарының шабуылына дейін көшіп жүрген сияқты. Қазақстанның шығысы, солтүстік-шығысы және оңтүстік-шығысындағы жерлерді жайлаған тайпа-рулардың қоныстануына біршама осылай кең тоқталуымыздың себебі, бүгінгі тарихи шығармаларда қазақ тайпа руларының Орталық, Солтүстік-Батыс, Оңтүстік Қазақстанға қарай ығысуларын уақытша болған, 1723 ж. «Ақтабан шұбырындыдан» басталған оқиға ретінде түсіндіру басым. Көп жағдайда тайпа-рулардың орналасуының тарихи-географиялық жағдайларына көп көңіл бөліне бермейді.
Қорыта айтқанда Тайбұға ұлысы – Сібірдегі Керейлер ұлысы. Сібірдегі көптеген түркі тайпаларымен бірге өмір сүріп, мемлекет дәрежесіне дейін көтерілген елеулі әулеттің бірі болған. Жалпы Ресейдегі керейлер Арқа мен Сібірде, Омбы мен Орынборда тұрып, Ресей билігінде қалып қойды.
Шамшиденова Ф.М.
тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Сибирские Летописи. – Спб., 1907
- Летописи Сибирские, – Новосибирск: Наука, 1989.
- Миллер Г. История Сибири. – Т. 1. -М.-Л., 1941.
- Вельяминов-Зернов В.В. Исследование о касимовских царях и царевичах. Ч. 2. – Спб., 1884.
- Рашид-ад-дин. Сборник летописей. – Л., 1964.
- Сб. материалов, относящихся к истории Золотой Орды. – Т.2. Извлечения из персидских сочинений. – М.-Л., 1941.
- Абуль-Гази хан. Родословное древо тюрков. – Казань, 1906.
- Ахмедов Б. Государство кочевых узбеков. – М.: Фан, 1965. – 160 с.
- Тынышпаев М. Великие бедствия…(Ақтабан шұбырынды). – Алма-Ата: Жалын, 1992. – 152 с.
- Муканов М. С. Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза. Алма-Ата: Наука КазССР, 1974.
- Қинаятұлы З. Монғол үстіртін мекен еткен соңғы түркі тайпалары: ІХ – ХІІ ғасыр. Астана: Фолиант, 2001
- Грум-Гржимайло Г.Е. Западная Монголия и Урянхайский край. -Т. 2. – Л., 1926. – 260 с.
- Рашид-ад-дин. Сборник летописей. Кн. 2.
- Монғолдың құпия шежіресі. (ХІІ – ХІІІ ғасырлардағы көшпелілер шежіресі). – Алматы, 1998.
- Бартольд В. В. Общие работы по Средней Азии. -М.: Наука, 1963. – 468 с.
- Миллер Г.Ф. История Сибири. – Т. 1. – М.-Л., 1937.
- Әбілғазы. Түрік шежіресі. – Алматы, 1993.
- Қожаберген жырау Толыбайсыншыұлы. – Павлодар, 1989