«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

ҚАЛНИЯЗДАН ҚАЛҒАН ІЗ

Авторы tugurul
997 қаралым

Бала күнімізден құлағымызға сіңген Махамбет жырының сарыны өрлікпен басталып, ерлікпен желпитін. Кейіннен Өмірзақ Озғанбаев ағамыздың еңбектері арқылы Маңғыстау өңіріндегі ерлерлер есіміне тіпті де қаныға түстім. Жақын күндерде Кенжебек Сержанұлы құрастырған Қалнияз Шопықұлының «Қалнияз едім күнінде» аталатын жинағына да қол жетті. Маңғыстау өлкесі, соның ішінде адайлар төңірегіндегі ерлік шежірелер тұтастай қарағанда сонау һұннан, түркіден қалған баһадүр батырлықтың бір парасы іспетті. Қалнияз жырларынан    Мүсірепұлы Балуанияз есімін де кеңінен тани түсеміз. Балуанияздың ерлігі, оның сенімді серігі – Құла аты жөнінде Қалнияз ақын «Балуанияз батыр» дастанында тамаша жырлайды. Махамбет жырларында оның Исатайға серік болып, сарбаздарды ұранды жырларымен ұрысқа шақырып, олардың жігеріне ерлік, қайратына айбат қосқанын білеміз. Балуанияз батырдың соңғы жорығында сардармен сарбаздарды рухтандырып, отты жырымен дем берген қанды көйлек досы Қалнияз батыр Шопықұлы да өзінің «Балуанияз батыры» арқылы сол тарихты тағы бір қырынан қайталап, жаңғырықтырып тұрғандай болады. Ерліктің бәрі бір-бірімен үндес, тілдес, рухтас жатады десек, Қалнияз жырларында Махамбет жырының, төкпелі, төгілмелі шабытының лебі, арыны бар. Қазақта батыр көп. Алайда, Қалнияз бейнесі арғымақ мінген жауынгер, жорықшыл ақын есебінде тілге тиек етіліп, бір қолында қару, бір қолында домбыра дегендей жеке ерекшелігімен көзге ұрады. Қалнияздың батырлықты мадақтау түріндегі жырларының астарында өздерінен кейінгі жауынгерлерді, жастарды қанаттандырудай үндеу аңғарылады.

Қожалақ батырды ерлікке шақыру жырында ол, намыс, жігерін жанып:

Халқына мақтан Қожалақ

Жауына шапқан жағалап

Әруақты ердің сойы едің

Аржағың Сармыс, ер Жанақ,

Екіталай егесте

Жерің жоқ қалған қорғалап, – деп бастайды да:

Ерлігің сенің кем бе еді

Кешегі Төлеп, Қармыстан?

Ағаларың бұрынғы

Есенғұлдың Есегі

Таутайлақпен алысқан,

Жезтырнаққа жабысқан.

Сармыс, Шотан, ер Жанақ

Қалмақ жаумен шабысқан,

Атағозы, ер Лабақ

Дұшпанды қуған қоныстан,

Дауымшар, Мыңбай, Құдабай

Патшаға қарсы ұрысқан.

Аржағың Адай ұранды

Сен соларға туысқан.

Атаға тартып ұл өсіп

Ерлігі саған жұғысқан;

Егесер жерге келгенде

               Ер өлмейтін бе еді намыстан? – деп, аталар атын ұрандап, ұрысқа шақырады. Сонда Қожалақ батыр: «Осы жаудан қорқып қайтқан кісінің өзі кәпір, қатыны талақ. Ал аттаныңдар соңымнан» – деп жауға қарай қалың қолды бастап, лап қойған екен.

                     Енді бірде, Қалнияз ақын Құнанорыс Шабай батырдың балалары Сүгір мен Есен батырларға келіп, оларды қайрап былай дейді:

Баласы ер Шабайдың Есен, Сүгір

Тұра алмас тұлпар аттай шықса дүбір…

Баласы ер Шабайдың Сүгір, Есен

Жүйрігім жауға шауып мүдірмеген

Әруағың ақ бұлттай күнге өрлеген

Ежелгі ер емес пе ең дүбірлеген ?

                    Сонда Есен мен Сүгір қылыштарын суырып, ұрандап жауға шаба жөнеледі. Мұндай ерлікке шақыру – Табын Дәуіт батырға,  Асар сұпыға, Амантұрлы батырдың қазасына қиналып дағдарып қалған батырларды жігерлендіріп, «Ерлерге ажал келер Алласынан…» деп басталатын  жырында айтқандарынан да кездеседі. Маңғыстау өңірінде туындаған ерлік іздерін бажайлай қарағанда оның барлығында өз елін, жерін қорғаған, ата дәстүрін сақтаған; жеріне, дініне, діліне кім жау болса солармен соғыс салған даралық, далалық өрлік жатады. Кешегі Махаммет, Истатай көтерлісі,  Маңғыстау қазақтарының патша отаршыларына қарсы Досан Тәжіұлы мен Иса Тіленбайұлы бастаған халық көтерілісі сынды қанды ұрыстарының бәрінде де қазақтардың өз жерін – отанын қорғағаны айдан анық. Аталған соңғы көтеріліске Қалнияз ақын да қатысқан.  Дерек бойынша, Әбілғазы батыр Итенұлы, Маңғыстау ойындағы елді шапқан Хиуа әскеріне қарсы тұру мақсатында, Үстірттегі Балуаниязды шақырады. Балуанияз батырдың басшылығымен, Асар софы ту ұстап, Қалнияз батыр ақындық жырымен рух беріп, Амантұрлы, Қосқұлақ Көтібар, Үдекеұлы Арыстанбек т.б. Адайдың асыл ерлері тізе қоса отырып, Хиуа әскерлерін «Қарағанды-Босағада» күтіп алып, ұрыс салып, жетім-жесірді, мал-дүниені құтқарады. Бас қоса күрескен баһадүрлер тағы бір мәрте ерліктің, елдіктің байрағын көтеріп, тарих бетіне алтын әріптермен із қалдырады. Айталық, Қалнияздың Хиуа ханына айтқанынан талай сырларды аңғарамыз:

Иә, тақсыр, хан ием,

Сол айтқан кісің мен едім

Ақ-қарамды тексермей

Қудырып алған сен едің.

Мен жайымды білдірсем,

Түсінерсің себебін,

Сахыра жайлау, кең қоныс

Еркін өскен ел едім,

Бұл күндері болғанда

Болмай тұр менің дегенім.

Дауымшар мен Құдабай

Жығылғасын өренім,

Исатай мен Махамбет

Қолға түсіп қорланып

Құлағасын тіреуім

Досан мен Иса түлегім

Көріп келген ел едік

Ақ патшаның әлегін…

Кейінгі жетпіс жылда «орыс» десе бүгежектей қалатын құлдық сана Қалнияз тұсында болмаған.

…Аржағым Алаш ұранды

Ел едік байтақ құралды

Құралым тарқап бүгінде.

Көрдік қиғаш заманды.

Атақоныс Маңғыстау

Орыс алып даламды,

Туын жығып ерлердің

Жылатып қатын-баламды,

Орыстан қашып ығыстап,

Келіп едік жеріңе.

Сағалауға панаңды.

Өзімсініп келгенде

Қимайсың ба қараңды?

Қалнияз бұл толғауында хан тұқымдарының тегі – халыққа ие болу, «бізбен бір «Алаша» туы астына жинал!» сынды ұранға ойысады.

Хан Шыңғыс – арғы бабаң бұрын өткен

Патша боп бар әлемге туын тіккен,

Дұшпанын аяғына жығылдырып

Қаһарлы қастасына зәрін төккен,

Әбілғазы, Жәдігер, Серғазы мен

Жолбарыс заманында хан боп өткен,

Елтезер, Аллақұл мен Мәдірейім

Олар да ата жолын дүрілдеткен

Үзілмей жеті атаңнан хандық жолы

Алтын тақ мирас болып сізге жеткен,

Дегендей «қырда қазақ, ойда өзбек»

Алдыңа құлдық ұрар бар ізетпен,

Қай адам ханға қарсы жүрек еткен?

Шапағат – рахымыңнан, Рахим хан

Біз бұқараң хұзырыңнан тілек еткен… – деп хандық шежіресін ханның есіне салады. Сонда Қалнияз ақынның сөз жүйесіне жығылған Хиуа ханы Мұхаммед-Рахим оны қасындағы жолдастарымен бірге босаттырып жіберіпті деседі.

Құлақтың түбінен күңіреніп:

Биік қылып сөйлейін,

Асқардың Алатауындай.

Нөсерлетіп сөйлейін,

Селдете құйған жауындай.

Тәтті қылып сөйлейін,

Жаңа піскен қауындай.

Шыны қылып сөйлейін,

Жіліктің аққан майындай,

Қылтыңдатып сөйлейін,

Қысырдың емген тайындай,

Сылаңдатып сөйлейін,

Жалғыз үйдің қызындай.

Бай ұлыға белгілі

Ұстазым Тіней Өгізбай,

Неше буын жыр төккен.

Он екі баспа қобыздай,

Тосылып сөзден көрмеген

Адайда айтқыш Абылдай

Шабатын жүйрік мен едім.

Сөзге қамшы салдырмай,

Қаумалаған қарындас,

Құмарыңды сөзбенен,

                   Кетейін неге қандырмай?!! – деп дауылдатқан Қалнияздың термесі ақынның үнін ғасырдан-ғасырларға жалғап тұрғандай болады. Қалнияз жырлары Балуанияз сынды ерлердің рухын қалай көтерсе, өзі де солай көтеріліп рухтанып отырады. Тарихшылар мен әдебиетшілер үшін де асау жыр иесінің ашылмаған қыры мен сыры да көп. Ақтаңдақтарды бағындыруға талпынған жас зерттеушілердің болашақ еңбектерінде де Қалнияз Шопықұлының есімі жарқырап тұратындығын сеніммен айтуға болады.

Қалнияз сынды ерлер қалдырған із – ерліктің жалауы, елдіктің ұраны. Ол із жәй із емес, тұлпарлар шауып өткен далада қара жерге ошақтың орнындай ойып із қалдырар жүйріктің табан мөрі.

Қ.Шопықұлының «Қалнияз едім күнінде» аталатын жинағы – қазақ халқының батыр ұлдарынан қалған бір табарк. Кейінгі буын жастардың осы тақырыпқа үңіліп, ел қорғаған ерлер мұрасын жалғауы – бүгінгі күннің мерейі.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

Қалнияз Шопықұлының «Қалнияз едім күнінде» аталатын жинағы.

Қалнияз Шопықұлы «Балуанияз батыр» дастаны.

Өмірзақ Озғанбаев «Мерей» жинағы.

 

Жәди Шәкенұлы

Жазушы-академик

 

Ұқсас жазбалар