«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

ТҰҒЫРЫЛ ХАН (тарихи эссе)

Авторы tugurul
816 қаралым

(тарихи эссе, жалғасы)

Арпалыспен өткен андалық өмір

                                Осы түні Көкше де, Шыңғыс хан да түні бойы дөңбекшіп, көз шырымын ала аламай шықты. Көкше әулиенің ойынша Шыңғыс хан асып барады, жүрген жері қан жоса, тіпті өзінің анда әкесі Тұғырылды да жамсатты, бұлайша тегін ұмыта келе әулиенің өзіне ауыз салуы ғажап емес. Сондықтан ар жақ-бер жағын алдына бір елестетіп қоюды жөн көріп, алғашқы тақпақты «Тұғырыл ханнан қуат алдың, керейден бақсы алдың…» деп бастауы сол ойдан туындаған-ды.Қағанның қатігездігін жеке әңгімеде бұрын да ескерткен. Бірақ туғанда қан уыстап туып, билік тұғырына қан ұстап шыққан өркеуде патша оның айтқанын кәперіне де алмады.. Сол себепті Көкше бұл жолы айтарын көпке естіртіп, топ ортасына тастаған болатын. Ал Шыңғыс ханнның ойы онан бөлек.Ол алты өзен өңірін өзіне бағындырып болды (Тула, Орхон, Селенгі, Онон, Иңгүн, Керулен өзендерін мекендейтін халықтар тұрған өңірді кейде «алты өзен өңірі» деп атайтын). Онан соң Алтайдың күнгей беті мен анау Алакөлге дейінгі кең алқапты иелеп жатқан ірі Найман хандығын да бағындырып үлгерді, қазіргі ежелгі Найман кух –кейін Шыңғыс тауы атанған өңірде өзінің қалың қолын машықтан өткізіп, алдағы жерде жеті өзен өңіріне –Жетісуға, онан сол кезде Сартауыл атанған тұтас Орта Азияға жорық жасау дайындығында тұрған еді. Көкше әулиенің алғашқы қышқыл-қышқыл сөздері қағанды қатты шамдандырған болатын. Бірақ ашуын көп жағдайда ішіне бүгіп, өштескенін қан шығармай, қапысын таба салатын көп айлалы хан тек ызбарлы әлпет танытып қана отырғанда бақсының ағынан ақтарылып, өзінің жорық жолына арнаған көңіл қуантарлық тілегі мен ниеті хан бойындағы ашудың уын қайтарып, ісін оңына бастағандай болды. Көкше әулие және оның әкесі Мұңлық бақсы тегінде Керей Құршақұз, Бұйрықхан мен Тұғырыл хан заманында бақсылық құрған, «Төбе тәңір» атанған әйгілі адамдар болатын. Тұғырыл ханның дәурендеп, алты өзен өңірін алақанында ұстауына осы киелі жандардың көп септігі тиген. Бұлардың даңқы кезінде найман еліне, онан Бесбалық, Қашқария еліне дейін жеткен. Алты өзен өңірін аттап өтіп, мынау Бесбалық төріндегі асқар шың –алып тауды мекендеп, сол таудың солардың атындай «Тәңір тауы» атанып, сол сол асқар шыңның солардың атында «Тәңір жаратқан жан», яғни, «Боғда» блолып кетуінде де қатпарлы қалың тарих жатқандығын жұрт біле бермейтін. «Сонау ерте, ерте, заманда бір ханның жеті ұлы болған екен, ұлдарының өң-түсі ылғи «кер», яғни ақсары болғандықтан –әуелде «керлер» атаныпты да, бара-бара «керейлер» болып өзгеріпті.Бұл ұрпақ ұзақ жылдар бойы түркі қағанатының құрамында болып, өсіп-өркендей келе Шеп, Сеп, Байлау, Қойлау, Елдей, Көлдей, Изен, Жусан деген руларға жіктеліпті. Бұлардың сол кездегі мекені қазіргі Жоңғария  екен. Заманмыздың VII ғасырының бас шеніне келгенде бұлар түркі қағанатының үстемдігіне қарсы көтеріліс жасап, 607 жылы Шеп тайпасының көсемі Керін Еркінді хан көтеріп, «Изен – баға қаған» деп атаған.Оның хан ордасы «Тан хан тауында» (қазіргі Боғда) болған. Ол Бесбалық пен Боғда өңіріндегі тайпаларды бастап соғысып, түркінің шор қағанын жеңіп, Құмыл, Құшар қатарлы жерлерді бағындырған, осы Керінің баласы Хилей қаған атанған. Хилейдің әкесі «Кері» Сүй хандығы дәуірінде «мықты тегін» атағын алған» (Нығымет Мыңжаниден). Демек, «керей» деген халық этнонимі өздерінің алғашқы хандары «Кері», «Хилей» деген есімдерден келіп қалыптасқан… (Ескерту: «керей» сөзі осы уаққа дейін қытайша «кілей» болып жазылды. З.С.) Міне, содан бері 5-6 ғасыр өтті. Бірақ Мұңлық пен Көкше әулие өз елінің алғаш рет хандық құрып,  салтанатты күндер өткізген атамекен, қасиетті ордасы Бесбалық пен Боғданы қалай тастап кете алсын? Өздерінің алғашы Кері мен Хилей осы Боғдада жатыр, соларды тастап, сол бір киелі аруақтардың алдында күнә өткізгендік болмай ма? Бұлардың ойынша, керей еліне келетін атақ-даңқ, ырыс-бақ осы арадан табылмақ, бәрі де Боғданың меруерт тұмаларынан тулап шыққан тұнық судай осы арадан құйылып тұратын тәрізденеді. Атамекен, алтын бесікті тастап кету – хандықтың қадірін,елдіктің ырысын аяққа таптағандай сезілетін. Сол үшін елімен де, ханымен де ренжіскен жерлері бар. Ақыры, бұл екеуі дәурендеп тұрған ххандары Марғұз Бұйрық пен Тұғырылдан да, шалқып жатқан елінен де қол үзіп бұл күндері найман елі мен ұйғыр елінің шекарасы болып қалыптасқант Боғда тауына келіп алған болатын. Бұлар үшін өздеріне біткен бақсылық дарын, киелі құт, тәңірмен тілдесетін құдірет осы арадан – керейлер алғаш хандық құрған алтын тұғырдан келіп тұрғандай сезіледі. Ата-бабалары басып өткен ізді көріп, солар мекендеген қордалы қонысты иіскеп жүрсе, соның өзі бұларға мәңгілік қуат, таусылмас  азық болатындай білінетін. Боғданың биік шыңдары өз елінің алып тұлғасындай, қарақошқыл жалама жартастары өз елінің кең жайылған керегесіндей, қалың орманы қаптаған қалың малындай сезіліп,көздеріне оттай басылатын да тұратын… Бақсылардың ежелден тау-таудың ғар-үңгірінде, ну орманның арасында, кейде өзенді-өлкелі өңірде, дала кезіп жүріп, жалғыз жасайтыны жұртқа мәлім. Мұңлық ата мен Көкше әулие осынау Боғдының биік ғар үңгірін тұрақ етіп, осы жерді тәңірге тәуап қылатын тәкілгенге айналдырған болатын. Елінің болашағын, өзінің тағдырын болжататындар, әулиеден медет, көмек тілейтінде, науқасына шипа іздейтіндер осында ат өксітіп алыстан әдейілеп келетін. Сәмен батыр сияқты талай-талай азаматтардың іздеп келетін себебі де осыдан еді. Кейде хан-патшалар да шабарман шаптырып, Мұңлық ата пен Көкше әулиеге әдейілеп ат жіберетін. Ол күндерде Балқаш пен Сырдария өңірі батыс Жетісу, Бесбалық пен Қашқария арасы шығыс Жетісу, ал Алтайдың теріскей өңірі сахараның көшпенді халқы атпен-ақ арылтып, осы аралықта болып жатқан уақиғаларды өз алақандарынан таратып отыратын. Мұңлық ата мен Көкше әулиенің осынау кең алқапқа тұтас даңқы кетіп, «Төбе тәңірі», «Көкше әулие» атанып, әулиелердің ірісі, бақсылардың пірі есептелетін себебі де, міне, сол сахаралық салттың қасиетінен еді…

1179 жылдың күзі болатын. Тұғырыл хан сонау Керулен бойынан Боғдаға кісі шаптырады. Қос атпен келе жатқан бес адамдық шабармандар тобы толық қаруланған, өңшең ығай мен сығай жандар болатын. Бұлар жолшыбай қағыр дала,  шөл жазираны басып, уақ еліне, найман елін аралай өтіп, Бесбалық өңіріндегі ұйғыр еліне жету жолында көп хикаялардың басын шалып, Көкше әулие туралы ел ішіне тараған аңыз-әңгімелерді шертіп келеді: «Бұл кез Мұңлық атаның шау тартып қалған шағы. Сондықтан ауылдан көп ұзап шықпайтын болған. Тек ел ішінде ем-дом жасап,  балгерлікпен шұғылданатын. Ал Көкше әулиенің даңқы атадан асып, алыс жерлерге жеткен, сәуегейлігі Мұңлықтан да асып түсіпті, ол ақбоз атына мініп, әр күні аспанға көтеріліп, жаратушы тәңірдің өзімен тіке тілдесіп тұрады екен, ол Мамаржадағы ғар үңгірден шыққанда ақ мылтық боран тұрып, қапалақтап қар жауып, бұрқасын көтеріледі екен немесе нөсерлі жаңбыр төгіледі  екен, оның амандығын алпауыт бөрілер қорғап, иен тауда жападан жалғыз еркін жүруіне мүмкіндік тудырады екен дейтін аңыздар сахараның сай-саласын кернеп, ел құлағын елеңдетіп жататын. Қыстың қақаған аязында Көкше әулие  Керулен өзенінің мұзын басқанда, көк жалтыр мұздан бұрқыраған бу көтеріліп, лезде еріп суға айналып кетеді екен, тіпті мұны өз көзімізбен көрдік деп гуілдесетін қалың жамағат… ». Осындай киелі бақсыға жіберілетін адамдар да қаражаяу адамдар емес, кейі Мұңлықтың шәкірті, кейі дала жорығына әбден ысылған өнерлі жандар. Бұлар әңгіме тақырыбын енді Тұғырыл ханның Көкше әулиені шақырту себебіне қарай ауыстырды. Темучиннің тоғыз жастан 13 жасына дейін төрт жыл бойы қайын жұрты қоңырат елінде болып, Тай шешеннің тіке тәрбиесін алғаны жұртқа мәлім. Сол елдің өскелең мәденетінен тәлім алып, тіліне жетіліп, мергендік, қылышпаздық, ат өнеріне  машықтанып, әжептәуір жетілген шағында  аяқ астынан Есүкей батырды татарлар өлтіріп, Темучин еліне қайтуға мәжбүр болады. Басы кеткен соң, басқаның барымтасына түскен ел тоз-тозы шығып, кешегі кердең қаққан батырдың бәйбішесі бір-ақ күнде мүсәпірге айналып, қаңғырып,, жұртта қалған сәтте қайғыға ұшыраған күйін көріп, оның тұла бойын кекті ашу кернеп кеткен болатын. Мұндайда азаматты мұң емес, мұратқа жетектету, қайғы емес, қайратқа жеңдіру керек деп білген еді ол. Осындай ой түйіндеген Темучин әртүрі амалдармен шешесін және бауырларын ата жауының қастандығынан әлденеше рет аман алып қалған. Тіпті «Қозы жүні қырқуға жарады» деп, жастай жамсатпақ боп, соңына түскендерден де ол айласын асырып, сау-саламат қалып отырды. Осындай қатері көп, жазатайымы төніп тұрған тайғанақ өмір Темучинді тез ширатып, 14 жасында туған інісі Бектерді өлтіріп, 17 жасында ел жию қамын қарастыруға аттандырған-ды. Сол жылы ол қоңырат еліне қайыншылап барып, Тай шешеннің ақыл-кеңесін алды, ел көріп, жер көріп, әлді мен әлсізді парықтап, алты өзен өңірінің алып ханы Тұғырылды танып білген-ді. Бөрте 30 адаммен ұзатылып келді, жалғыз үйлі Темучин енді қордалы мұқым елге белгілі қоңырат Тай шешеннің күйеу баласына ендігі жерде тисетіндер де аяғын байқап басатын болды. Іс оңына басайын дегенде адам ақыл соңына түседі ғой. Темучин ауылының іргесін көміп, алды-артын жиып алған соң, шешесі Ұлан мен Бөрте ханым оған осы рет китке келген бұлғын ішікті кезінде анда әкесі болған Тұғырыл ханға апарып кигізіп, сол  кісіні арқа тірек етуді тапсырады. Темучин бұған мақұл болды.

– Аса қадірлі хан әке, – деді Темучин Тұғырыл ханға үлкен ілтипатпен иіліп тұрып, – ата-бабаларымыз құда-андалы болып, өте тату-тәтті өтіскен екен. Әкем Есүкейге арнап құда жақтың кигізген қара бұлғын ішігін анда әкем өзіңіздің киюіңізді лайық көріп, құзырыңызға келіп тұрмын, қабыл алғайсыз… Тұғырыл хан кесек денелі, толағай тұлғалы, алып адам болатын. Оның үстіне аңқылдақ, ақеділ жан еді.Бұл күнде елуге келіп, ел қадіріне бөленіп, арғы-бергіні ақыл безбеніне салып, сараптай алатын дәрежеге көтерілген хан алыстан ат өксітіп келіп, әдейілеп үлкен сый-сияпат көрсетіп отырған мына жас азаматқа бірден лақ ете түсті. Оның үстіне Темучиннің дене мүшесіне, көз отына, сөз мәнеріне сыңал қараған хан болашағынан үлкен үміт күттіретіндей белгілердің қалпын байқаған соң, пейілдене разы-қоштық білдіреді:

– Рас айтасың, балам, – деді өте көңілді әлпетпен, – сенің әкең – Есүкей батыр, оның әкесі – Мардан хан, бабаң Қабыл хан заманынан бері ата-бабалармыз анда болып, тату-тәтті өтіскен екеен. Адам бірден қатарға қосылып, хан болып туа қалмайды. Мен де жеті жасымда бір рет, 13 жасымда бір рет жау қолына тұтқынға түстім, алғашында әкем келіп құтқарды, кейінгі ретінде өзім амалын таптым. Көш жүре түзеледі деген осы.Әкем Бұйрық хан өлген соң, керей елінің берекесі кетті, өз туысың өзіңе жау болды, дүниеде ірге жаудан қатерлі жау болмайды ғой. Менің көзімді алдымен солар құртпақ болды. Осындай жағдайда мені қанат астына алып, қауіптен құтқарған жарықтық сенің әкең Есүкей батыр болды. Халқымның басын құрап, мені хан тағына отырғызды. Сонан кейін-ақ өз атымның басына өзім ие болып кете бардым. Сол әкеңнің істеген жақсылығы үшін хақ жарылған халқыңды алдыңа жиып берейін. Хандық деген ұстай хандық, ұстай алмасаң – бітеу сандық. Оның қызығын кілтін тауып аша алмасаң, айрылып қалуың оңай… Ол күнде әр хандықтың ақыл-кеңес көрсетіп, болашағын болжатып отыратын өз бақсы-жырауы болатын. Есүкейдің баласынан еш нәрсесін аяғысы келмеген Тұғырыл хан сонау  Боғда биігінде жатқан Көкше әулиеге ат шаптыртқан себебі де осы ойдан туындаған шаруа еді. Алты өзен өңірінде болып жатқан уақиғаларды Көкше әулие күні бұрын сезіп-біліп отырған. Бал ашқанда өзіне келетін тілдің шоғыры мол сияқтанған еді, ол қосар ат болып шықты.

– Маған ат әкеліп әуре болғандарың не? – деп бастады Көкше әулие сөзін, – осы ғар үңгірде  Сайынбурыл деген тұлпар бар, сол мені баратын жерге сендерден бұрын жеткізер еді.

– Еліңіз аман, жұртыңыз тыныш, әулием, ханыңыздың шұғыл сәлемі бар, – деді елден келген шабармандар.

– Білем, білем, ұғып отырмын. Жолшыбай сендерге небір қиыншылықтар кезікпек еді, тәңірдің өзі жолдарыңа жар болды.

– Онда көп аялдамай жүрелік, әулием, ханыңыздың айтқаны солай. Сізге көп, көп сәлем айтты.

– Тәңір жар болғай! Боғданы, Мамаржаны бір өзіңізге тапсырдым, – Көкше әулие анау биік-биік құздарға, тырайған тарғыл тастарға аса бір қимастық раймен тесіле қарап тұрып, онан соң әлденелерді күбірлеп, ғар үңгірге қарап айғай салды. Алдымен жан-жақты зілзала қылған күркіреген дауыс көтерілді, төбе-төбеге топ-топ аңдар жиылып, аспанда әртүрлі құстар ән қосқандай болды. Мелшиіп жатқан иен тау лезде думанды дүниеге айналды. Бір кезщде ғар үңгірден кісінеп, бурыл ат шыға келді. Бір майы бір майына қосылып, мынау еркін өмірде әбден күйленіп алған аттың мойыны тұр. Сөйте тұра жануар оқыранып келіп, иесінің алдына тоқтады. Бұлар ат-көлігін жабдықтап, енді жүрерге келгенде Көкше әулие  бурылды маңдайынан сылап тұрып:

– Мынау Сәмен деген батырдың аты еді, – деп мұңая сөз қозғады ол, – о бір жылдары осы Боғдаға тәуап ете келіпті. Салиха деген қызға ғашық болып, сол ғашықтықтың дерті оны осында айдап әкелген екен. Амал нешік, тәңір оған жар болмады, біріншіден, ғашығынан, екіншіден, атынан айырды. Тәңірден маған аян келді: дүниеде бұйрықтан артық нәрсе жоқ, мына ат Сәмен батырға емес, ханға бұйырған ат, болашақта алты өзен өңіріндегі монғолдан бір ұл туады, түбінде сахараның билігі соның қолына өтеді. Бұл ат соның бәсіресіне тимек…

– Мен ойласам, – деп сабақтады сөзін, – монғолдан туатын сол ұл енді туған тәрізді. Біздің қадірлі ханымыз Тұғырылға келіп, үлкен ілтипат көрсетуі – жолының оңалғандығының белгісі. Киелі хан Тұғырылдың ықыласын алу , оған өмірлік азық болмақ. Бірінші тәңірдің, екінші мәртебелі ханымыздың оған ықыласы ауған екен, мен де пейілімді бердім. Мына атты соған апарып тартайық. Ханға лайық тақ, батырға лайық ат болады, деген осы…

– Оның ісі бірден оңала қоймайды, жолында әлі де азды-көпті қырсық тұр, – деді ол онан ары, – оның жаулары талай аяқтан шалады, ауыр азап тартады, қатын деген қатынынан да айырылады… Бірақ ақыры Тұғырыл  ханның көмегімен ісі оңға басып, хан тұғырына қайта отыратын болады.

– О, жасаған, о, тәңір, ақ сөйлеңіз, – деді елінен келген азаматтар ілтипатпен иіліп.

Бұлар сол беті суыт жүріп кетті, асқар Боғда алыстаған сайын Көкше әулие қимастықпен жалтақтап келеді. Қайтсін-ай, бауыр басқан атамекені, тәңірмен тілдескен киелі өр-керейдің тұңғыш рет хандық көтерген қарашаңырағының қасиетті жұрты… Бұл жердің өр кеуделі алып шыңдары, қайысқан қалың қарағайы, сыңсыған жыныс орманы, қаптаған қалың аңы, мөлдір меруерттей әсем көлі, тұнық ауасы, жыр-думан құрып жататын әнші құстары… қандай тамаша, қандай қызықты еді! Табиғаттың осы бір қызықты да әсем көркінен бақсы-жырау талай-талай тамылжыған тәтті әуендер,мұңды-сауды күйлер туындатқан болатын. Міне, сол қызықтардың бәрі кейін қалып барады. Алыстан мұнартып көрінетін алып Боғда қашықтаған сайын әулиенің көңіліне күдік тудырып, екінші қайтып  көрмейтіндей, қайта орала алмайтындай буалдыр дүниенің сағымдай құбылған тұрлаусыз елестері  көз алдына көлденеңдеп, Көкшенің көңілін құлазытып келеді. Өзін жіпсіз байлайтын бір тағдырдың күтіп тұрғанындай көңілсіздік еңселетіп алған тәрізді.

Зейнолла Сәнікұлы

“Тұғырыл хан” тарихи эссесінен алынды

(жалғасы бар)

Ұқсас жазбалар