«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Қайрат Айтбаев. Күйші – Сәрсенғали!

Авторы tugurulhan.kz
915 қаралым

Жеңіл-желпі эстрадалық әндердің дәурені жүріп тұрған заманда киелі күй өнері жайлы тереңнен сөз қозғау үшін әжептәуір батылдық керек-ау… Күйлерді зерделеп тартатын күйші-домбырашылар да, күйші, композиторлардан қалған мұраның қадірін білетін тыңдарман да сиреп бара жатыр…

Ғалым, әдебиеттанушы Зәки Ахметовтың: «Өмірге келген соң адамға серік керек екен, мен ғылымды серік еттім», – деп айтқаны бар. Бұл күні күйді серік етіп, өнердің құдіретін өмірінің өзегіне айналдырғандар бар ма? Бар болса, «олардың тұрмыс-тіршілігінен қараорман ел хабардар ма?» деген заңды сұрақ алдымыздан шығады.

Қазақ күйтануында «Қаратау шертпелері» деген ұғым қалыптасқан. Ал Қаратау өңірі ғылыми ортада күйшіліктің ұясы ретінде қарастырылып келеді.

Қаратау күйлерін алдыңғы толқын Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Файзолла Үрмізов, Әлімхан Жүзбай, Ергентай Борсабаев сынды күйшілерден тәлім алған аға буын өкілдері Біләл Ысқақов, Жанғали Жүзбай, Секен Тұрысбеков, Рүстем Күлшебаев, Рымхан Әбілхан, Сәрсенғали Жүзбаевтардың жалғағанын білеміз. Әр күйші қадари-хәлінше атадан қалған мұраға адал қызмет етті. Күйді тұла бойынан өткізіп, өз туындысындай сезініп, еркін тартатындар да болады. Тәкен Әлімқұловтың: «Күй өз шығармаңа айналуы керек», – деген пікірін көзім шалып еді. Бір жағынан, бұл пікір кейінгі күйшілерді адастырып, күй тартушының бәрі еркінсимін деп, түп нұсқадан ауытқып кетуі де мүмкін. Ол жағдайда күйде мән-мағына қалмайды. Мәселе мынада – А. Жұбановтың Әміре Қашаубаев туралы «Әнші Әміре» атты мақаласында: «Социалистік Қазақстанның атағын жер жүзіне жайған, дарынды әнші, социализм мәдениетінің дауылпаздарының бірі Әміремен А. Затаевичтің «500 қазақ ән-күйі» деген кітабы арқылы таныстым. Онда Әміре оннан аса не бір шұрайлы әндерді беріпті. Бірінші қарағанда Әміре тек шұрайлы әндерді ғана таңдап айта ма екен деген ой келеді. Бірақ шындығына келгенде, мәселе басқада болса керек. Жақын арада болған бір әңгімеде Әміремен көп жолдас болған адамның бірі М. Әуезов: «Әміре қайдағы бір «арық» әндерді «семіртіп», жұтындырып, құлшындырып жіберетін. Кәдімгі ауылда өзіміз естіп менсінбей жүретін әндер Әміренің аузына түскенде құлпырып сала беретін еді. Бұл жағынан Әміре тек орындаушы ғана емес, композитор да еді, ол әндерді шын мағынасында өңдеп жіберетін еді», – деді». Мұхтар Әуезовтың Әміреге берген бағасы әншіліктің анықтамасын беруімен қатар хас әншіліктің сырын ашып тұр. Ән-күйді ұмытпастай қылып, сахналай алған өнерпаздар болады. Олардың бағасы қашан да, қай кезде де биік болмақ. Егер өз заманында ел құрметіне бөленбесе де уақыт шын асылды танып алады. Әнді, күйді өңдеп, өз көңілінің айтуы бойынша суреттеу немесе интерпретация жасау ерекше дарынды музыканттардың ғана еншісіне берілетін несібе. Қазақтың «дәстүрлі өнер» деп жүргенінің негізгі бағыты да осы еді. Ән де, күй де заманның көшінен қалмай дамып отырады. Музыка уақыт жылжыған сайын көктеп, көгеріп, реңкі өзгеріп тұрады. Мысалы, Сүгірден қалған күйлерді Жаппас өзінше, Төлеген, Генералдар да басқаша өрнектейтін. Бәрі бір кезеңде өмір сүргенімен көнеден қалған мұраға жаңаша сипат беріп отырды. Әбікен Хасенов пен Мағауия Хамзин шерткен күйлерді де мән беріп тыңдаған зерттеуші осы пікірмен келісер еді.

Осы мақаламыз ән-күйімізді өміршең ететін үлгіні сіңіріп өскен, қобыз бен домбыраны тең тарқан күйші Сәрсенғали Жүзбай жайында болмақ.

Сәрсенғали күйшімен жиі араласқанмен күй шерткенін ара-тұра тыңдаймыз. Домбыра тартшы деп жалынып отырған адам кім болса да, «күйді қойдық қой» деп әңгіме арнасын басқа жаққа бұрып әкететіні – әдепкі жағдай. Дәл осы кезде Сәрсен тым тәкәппар көрінуі де мүмкін. Талай жігіттің атын атап, өтініп сұраған күйлерін тыңдай алмай кеткенін көзімізбен көрдік. Бұдан «күйші білгенін біреуден қызғана ма, әлде тыңдаушысын менсінбей ме?» деген ойдың ұшығы шығуы да мүмкін ғой. «Сүгір күйші күйлерін қызғанып, елге көрсетпеген» дегенді бірнеше адамнан естігенім де бар. Әлде, бұл, әшейін қаңқу сөз бе?..

Осыдан бірнеше жыл бұрын Ақкөл-Жайылма жеріне барып көзкөрген, ескіқұлақтардан әнші, композитор Естай жайында едәуір мәлімет жинап қайтқаным бар. Сол сапарда аса құнды деректерді берген Қасымұлы Кәкен қария әншінің мінезіне байланысты ренжіңкіреп отырып: «Естай бізді менсінбеді, оған ән салғызу қиын еді ғой», – деп қалды. Әңгімесінің түбіне жеткім келіп, оның үстіне әнші мінезіне қанық болайын деген оймен қарияны ширатып, сөйлетіп алдым. Қарияның айтуынша былай; «1944-1945 жылдар шамасында бір ауылдас ағайынымыз соғыстан оралды. Он екі мүшесі сау келмесе де, тірі келгеніне шүкір деп ағайын-туыс қосылып кішігірім той жасады. Елден жырақ жүріп, сауықшыл ауылдың әнін көксеген соғыс ардагері: «Әнші ағам қайда, дауысын аңсадым, әнін сағындым!» – деді. Дастарханда отырған үлкендер Естайға адам салды. Әнші жауап қайтармапты. Сәлден соң тағы кісі жіберіп шақыртты. Естай тағы да үнсіз қалыпты. Үшінші рет «қой, өзім барып шақырайын» деп соғыс ардагері қолына балдағын алып ыңғайлана бергенде Естай сәлем беріп шаңыраққа кірді. Дастархан басында ел қанша жалынса да бір әннің бір шумағы мен қайырмасын қайырып үйіне кетіп қалды», – дейді қария.

Бір қарасаңыз алыс сапардан, қиян-кескі соғыстан оралып отырған адамның көңілін аулап бірнеше ән салып берсе несі кетеді деген де ой келеді. Бірақ, Естайды білетін жан әнші хәлін түсінер еді. Турасын айтқанда ақтап алады. Естайдың артынан ерген екі ұл болған. Бірі – аштық жылдарында өлім құшса, тұла бойы тұңғышы Жәнәбіл соғыста қаза тапқан болатын. Бұл – бір. Екіншіден, Естайдай аса дарынды әнші, ақын, композиторге «ән сал» деген жердің бәрінде сарнап отыра беру тән емес. Заманында Біржан сал, Ақан серінің соңына еріп, ел құрметіне бөленген өнерпазға лайық ақсүйектік мінездің нышанын байқаймыз.

Әңгімемізге арқау болып отырған Сәрсенғалидың бойында да дәулескер күйшіге ғана жарасатын сырбаздықтың табы сезіледі. Күйді аз шертеді. Аз шерткеніңіз былай тұрсын, домбыраны айлап-жылдап ұстамайтынын байқап жүрміз. Концертке қатысар кезде «бір-екі күнге домбыра бере тұр» деп іздеп жүретіні бар. Бір қызығы, Сәкең үшін сахнаға шығарда домбыраның күйі келіп тұрса болды, күнде күй баптап жүрген домбырашылардан әлдеқайда көш ілгері қылып тартады. Концерттің алдында шертетін күйін бір есіне түсіріп алады, сонымен болды. Сахнаға шығарда тартатын күйін қайта-қайта мыжғылай беру Сәкеңе жат. Бірде Мағауия Хамзинның «Жас қазақ» әніне жасаған фантазиясын тыңқылдатып шертіп отырғанымда: «Мына жері былай емес пе еді?» – деп ортаңғы буыннан перне бойлап сағалап барып, орта буынына лыпылдатып қайта келгенде таң қалып қарап қалғаным бар еді. Күнде қолынан домбыра түспейтін адамдай сұңқылдата жөнелсін. Пассаж. Өте шапшаң. Дыбысы құнарлы. Онан соң домбыра қорабына салынады. Әңгімеге қайта көшеді. Ағасы Жанғалиды ұстаз санайтынын байқадым. Жәкең жайында бірде былай деп естелік айтқаны бар: «Әкеміздің ағасы Сейітхан да күйші болған. Біздің үйде Сейітхан көкеміз күй шертіп отырғанда сәби Жанғали көкесінің жанына отырып домбыраның құлағын еміп отырады екен…». Баяғыда, музыка колледжінде оқып жүргенімде бір апай (шала қазақ): «Балалар, Құнанбайдың руы Тобықты болған, оның баласы Абайдың да руы Тобықты болған», – деген еді. Бала күнінен Жанғалидың құлағы қармаған күйлерді Сәрсенғали да тыңдап өскені айтпаса да белгілі ғой. Сол күйлерді ердің жасы елуге келіп отырған Сәрсенғали жүрегінде тербетіп, өзімен серік қылып жүр.

Сәрсен «Тоғыз тарау» деп аталатын алғашқы аудио таспасын отыз жасында шығарған болатын. Ол жазбаға Сүгірдің «Қаратау шертпесі», «Жолаушының жолды қоңыры» (І-ІІ түрлері), «Бозінгеннің бүлкілі», «Тоғыз тарау», «Кертолғау», «Қосбасар» сынды күйлермен қатар Төлеген Момбековтың бірнеше күйлері енген. Белгілі күйші Мұрат Әбуғазының домбырасы да мейлінше шешен сөйлеп берген екен. Маған: «Бір күйді екі тартқан жоқпын», – деді. Яғни, бір аудио таспаға жиырмаға тарта күй енген болса, запись жазу барысында дубль жасалмаған. Күй шерту сапасының күштілігі соншалықты, сол күйлердің көпшілігі әлі күнге құлағымда жүр. Күйдің ұмытылмауына ешкімге ұқсамайтын Сәрсенғалидың күй тарту мәнері, стилі кепіл болғаны анық. Домбырасының үні қоңыр болғанымен, әр дыбысы анық. Күйді сипай ғана шертіп отырғанымен әсері күшті. Ол оң қолының дыбысы әлсіз деген сөз емес, көңілі қалағанда күйдің ыңғайына қарай батырып, басып-басып алғанда қағысы салмақты, тегеурінді шығады, сүйте тұра көркем. Әр дыбысты аптықпай тербетіп отырғанмен, тым езіп те жібермейді. Кейде домбыра үні құмығыңқырап шығады да, ара-кідік қаңқылдатып алады. Саусағының тербеліп тұрғаны көрінбегенмен дыбысында қасиет бар. Жалпы шертпе табиғатында кей күйлер үзбей, әуендетіп тартуды (яғни кантилена) қалап тұрады. Кантиленаны Сәрсенғалидай игерген күйші кем де кем. «Бозінгеннің бүлкілі», «Қаратау шертпесі» сынды күйлерді шертіп бастағаннан бірден аңғарылады.

Сәкең – күйдің ішіне кіре алмай отырып, бүйірден қосылатындардың қатарынан емес. Бірінші қаққаннан домбыра иіп сала береді. Әсіресе «Қосбасар» күйін шерткенде күйшінің тумысы анық байқалады. Күйді терең меңгерген күйшілерге тән бір қасиет бар. Ол күйдің бір фразасы қайта оралғанда бір басқан жерін қайта баспай жұмбақтап, өзгешелеп тарту. Бұл әдіс Дина, Әбікен сынды күйшілерде жиі кездеседі. Сәрсен де жаттандылықтан ада. «Қосбасар» күйінде қайта-қайта оралып отыратын қайырма іспеттес фраза бар. Күйші Сәрсенғали осы қайырманы қанша тартса да бір қайталамай, өзгеше иіріп отырады. Бұл, тыңдаушыны қайтсем жалықтырмас едім деген пиғылдан туған ізденіс нәтижесі десек – қателескен болар едік, бір басқан ізін қайта басу – күйшінің өзін жалықтыратын болса керек. Бәрі табиғи күйінде.

«Қосбасар» күйі 1930 жылы болған Созақ көтерілісіне арналған деген ақпарат бар. Күй – қаралы кезеңнің куәгеріндей. Ерекше мұңлы. Сәрсенғалидың тартуына үңілсек – жеке адамға, немесе көпшілікке арнап ішкі мұң-қайғысымен бөліскен монолог іспеттес. Бұл күйді ілгеріректе атап өткен күйшілердің бәрі де тартты. Әсіресе, Төлегеннің сұлу шертісі кейінгі буынға үлгі болғандай. Қазақ күйлерінің ішіндегі сүбелі туындының бірі болғаннан кейін орта буын күйшілер мен қоса, күй өлкесіне енді аяқ басқан жас жеткіншектердің де «Қосбасарға» деген ынтызары толассыз. Әрине, «өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деген еді ғой Абай. Тоқ етерін айтқанда, «Қосбасар» Сәрсенғали Жүзбаевтың қолымен тағы бір түледі.

Сәкеңді радиотыңдарман қауым журналист ретінде біледі. Ән, күйге қатысты бағдарламалардың жүргізушісі.

Күй өнеріне айрықша үлес қосып жүрген Сәкеңнің қадау-қадау замандастары бар. Атап айтар болсақ, сыбызғышы Талғат Мұқыш, қобызшы және шертпе күйдің шебері Саян Ақмолда, күйшілерден Мұрат Әбуғазы, Еділ Басығараев, Жұмабек Қадірқұлов, Бақытжан Дүйсенғазы, Батырлан Әбеновтер. Осы күйшілердің күй өнеріне әкелген жаңалықтарын, еңбегін елеп жазып отырса қазіргі заманғы күй өнерінен оқырман қауым едәуір хабардар болар еді.

Биыл ердің жасы елуге толып отырған күйшіге арналған кішкене мақала осымен тәмәм. Қалған сөзді Жұбановша айтқанда, Сәрсенғали шерткен домбыраның пернесінен теріп аларсыздар. Оның домбырасы көсемсімей, ділмарсымай қарапайым сөйлейді.

Журналистік қабілеті мен қобызшылық өнері бөлек әңгіме.

Мәдениеттану ғылымының магистрі, күйші

Қайрат АЙТБАЕВ
adebiportal.kz

 

Ұқсас жазбалар