РЕДАКЦИЯДАН: Газетіміздің 2 шілде күнгі №26-санында шетелде тұратын қандастарымыздың қатысуымен өткен онлайн конференцияның жазба нұсқасын жариялаған болатынбыз. Онлайн конференцияға Түркиядан тарихшы ғалым Әбдуақап Қара, Даниядан экономист Әкбар Аюби, Өзбекстаннан педагог Қарлығаш Жақсыбаева және Қытай елінен көшіп келген ауыл шаруашылығының маманы Шәмелхан Бұқатханұлы қатарлы қандастарымыз қатысқан еді. Олар қазіргі қөші-қон саласы және «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының атқарып жатқан жұмыстары жайлы өз пікірлерімен қатар ұсыныстарын да айтқан-ды.
Атап айтқанда, Түркияның Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдуақап Қара мырза шетелдегі қазақ диаспорасын қолдау саясатының кемшін түсіп жатқанын айта келе, «Осы орайда диаспора саясатын мықты белгілеуде ең маңыздысы Қазақстанда қазақ диаспорасын зерттеу орталығы болу керек. Қай елде қанша қазақ тұрады, олардың жас мөлшері, сауаттылық деңгейі, кәсібі, мамандықтары сияқты әр елдегі қазақтардың ерек-шеліктерін зерттеп білетін мамандар болуы керек» деген ұсынысын айтты. Сонымен қатар даниялық қандасымыз Акбар Аюби: «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы атқарған жұмыстарымен енді танысып жатырмыз. Дейтұрғанмен мемлекеттік деңгейде рухани-мәдени қарым-қатынасты нығайту үшін атқарылып жатқан іс-шаралар көп болғанымен, нәтижесі анау айтқандай емес. Еуропадағы қазақтар мәдени орталық құрып, Қазақстанмен байланыс жасаймыз деген мақсат бар еді. Ол жүзеге асқан жоқ. Жоспарлар көп. Бірақ айтарлықтай іс өнген жоқ», – деген сыни пікірімен қатар «шетелдегі қазақтілді ақпарат құралдары жайлы айтсақ, Еуропада бұл жағы кемшін. Ал атажұрттағы БАҚ-пен байланыс бар. Қазір интернет заманы. Бірақ сол ақпаратты тұтынатын жастар азайып бара жатқаны алаңдатады. Бұл – «Отандастар қорының» қолдауын қажет ететін ең маңызды сала», – деген ұсынысын да атап өтті. Осы орайда, «Отандастар қоры» вице-президенті Мағауия Сарбасов мырза конференцияда көтерілген мәселелер мен ұсыныстарға қатысты қор тарапынан арнайы жауап берген еді.
Мағауия САРБАСОВ: – Халықаралық «Түркістан» газетінің Аtajurt жобасы бетіндегі қандастар жайында жарияланып тұратын әр материалды жіті қадағалап, көтерілген мәселе мен сауалдарға «Отандастар қоры» тиісті сала бойынша дер кезінде жауап беруге тырысып келеміз. Оған газет оқырманы және қандастарымыз да куә. Бұл жолы елордасының мерейлі мерекесіне орай, шетелдегі қандастарымызбен ұйымдастырылған онлайн конференцияда айтылған пікірлер мен ұсыныстарға жауап бере кетуді жөн санадық. Елбасының тапсырмасымен құрылған «Отандастар қоры» және Елбасының өзі басқаратын Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы сынды екі ұжым қазір бірлесе жұмыс атқарып келеміз. Қандастар мәселесі жайлы айтылған сын-пікірлерді қашанда назардан тыс қалдырмаймыз. Ондай пікірлерді біз «сын» емес, шетелдегі ағайынды қолдауға бағытталған жұмыстарды жетілдіру бойынша айтылған «ұсыныс» деп қабылдадық. Сондықтан аталған онлайн әңгіме барысында қандастарымыз сыни пікір айтып, кейбір кемшін тұстарды атап өткені бізді қуантады. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүргізілген көші-қон саясатын қолдап, биіктен бағалаған пікірлермен қатар, атажұртқа деген сағыныш және ақжарма тілектерін де оқып тебірендік. Сонымен бірге, шетелдегі қазақ диаспорасын қолдау және зерттеу орталығын ашу, шетелден жастарды тарту, шетелдегі қазақтілді ақпарат құралдарымен байланыс орнату, оларды қолдау және кейбір жоспарлы жұмыстардың кешеуілдеп жатқаны жайлы сыни пікір және ұсыныстар айтылыпты. Бұл жөнінде тоқталып өтпес бұрын, қазіргі атқарылып жатқан бірқатар елеулі істер мен тарихи қадамдарға сәл шегініс жасайық. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері сырттағы бауырларды ешқашан естен шығарған емес. Өздеріңіз білесіздер, осынау тәуелсіздік жылдарынан бері еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Нұрлы көш» бағдарламасының кешенді құжаттары қабылданып, соның нәтижесінде 1 млн 57 мың қандасымыз атамекенге көшіп келді. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдегі қазақтарды қолдауды ерекше назарда ұстап отыр. Президент тапсырмасымен 2019 жылы Қазақстан Үкіметі жанынан Шетелдегі отандастармен мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды. Комиссия төрағасы – Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов. Комиссияның құрамына Президент Әкімшілігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Бас прокуратураның өкілдері, орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының орынбасарлары және өзім де аталған комиссияның мүшесімін. Комиссияның отырысында шетелдегі қандастарды мемлекеттік қолдау саясатын нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету және мемлекеттік органдардың өзара тиімді іс-қимыл мәселелері, шетелдегі қазақтарды және ерікті қоныс аударуды қолдау жөніндегі іс-шаралар жобасы және қандастарға «бір терезе» қағидаты негізінде мемлекеттік қызмет көрсету барысындағы бизнес-процестерді оңтайландырудың жайы қаралды. Менің ойымша, бұған дейін шетелдегі ағайынның мәселелері осындай үлкен деңгейде қаралған жоқ. Қазір еліміз сырттағы қандастарды қолдауға ерекше көңіл бөліп отыр. Себебі шетелдегі қазақтарға тарихи Отаны қаншалықты маңызды болса, еліміз үшін этникалық қазақтардың маңызы одан да зор. Ал енді жоғарыда айталған ұсыныстар мен пікірлерге жеке-жеке тоқталып өткесек. Кейбір жоспарлы жұмыстардың кешеуілдеп жатқаны әлемдік пандемияға байланысты екені баршаға мәлім. Бірақ біз пандемияға қарамастан, шетелдегі қандастармен онлайн байланысты нығайтып отырмыз. Елімізде карантин жарияланғаннан бері көптеген онлайн байланыстар жасалды. Зерттеу орталықтарына тоқталсақ. Қазақстан тәуелсіздік алғалы әлемдік жаһандану үрдісіне сәйкес ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға, демографиялық ахуалды сауықтыруға және елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған өзіндік көші-қон саясатын жүргізіп келеді. Шетелдегі қандастарды қолдау – қазақ қоғамы үшін өзекті мәселелердің бірі. Осы ретте, «Отандастар қоры» КЕАҚ 2019 жылдан бастап қандас ағайынға көмек көрсету, елге қайтару практикасы, мемлекеттік бағдарламалар мен диаспоралық саясатты түсіндіру мақсатында этнобірегейлікті дамытуға бағытталған талдамалық зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Жалпы, Қазақстанның диаспоралық саясатында келесі бағыттар көзделген. Этникалық қазақтарды Қазақстанға қайтару – репатриация саласындағы мәселелерді реттеу, шетелде тұратын отандастарды қолдау және т.б. Ал тарихшы ғалым Әбдуақап Қара мырзаның шетелдегі қазақ диаспора саясатын қолдау және зерттеу орталығын ашу қажет деген ұсынысы ерекше. Алайда қазіргі «Отандастар қоры» мен Дүинежүзі қазақтарының қауымдастығы дәл осы жұмысты жүзеге асырып келеді. Оның дәлелі ретінде мәдениет бағытында да шетелдегі қазақ диаспораларымен тұрақты түрде жұмыс істеді. Бүгінгі күні әлемдегі барлық ұлттық мәдени орталықтармен байланыс орнатылды. Олардың саны 250-ге жуық және тек 2019 жылы олар мәдени-гуманитарлық, іскерлік, білім бағытындағы 3 мыңға жуық, ал 2020 жылдың бірінші жартысында 100-ден астам (барлық мемлекеттердегі карантин режиміне орай іс-шаралар саны азайды) іс-шара өткізді. Осы мәдени орталықтардың 57-сімен ыңтымақтастық туралы меморандум жасалды. «Абай үйі» жобасы шетелдегі қазақ ұлттық мәдени орталықтарын бірыңғай желіге біріктіру, мәдени мұраны танымал ету, таяу және алыс шетелде қазақ диаспорасымен іскерлік және гуманитарлық байланыстарды дамыту, нығайту, шетелде қазақстандық бизнесті немесе алыстағы ағайынның кәсібін Қазақстанда ұйымдастыруға жәрдем беру. Бұл жоба арқылы мәдени-гуманитарлық, білім беру блогы бойынша жұмыстарды қамту, іскерлік бағыт бойынша шетелде қазақ бизнесін ілгерілету және шетелдік қазақтар арқылы Қазақстанға инвестиция тарту. Бұл мәселе бойынша нақты жұмыстарды атап өтсек:
- Шетелде тұратын этникалық қазақтар арасындағы тілдік жағдай жөнінде сараптамалық шолу дайындау үшін сауалнама жүргізілуде;
- Шетелде тұратын этникалық қазақтар үшін «Киелі Қазақстан» бойынша еліміздің киелі жерлеріне экскурсиялар өткізу;
- Шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің сапындағы оқушылар арасында шығармашылық байқау өткізу жоспарлануда;
- Қандастарымызға білім алу мүмкіндігін оңтайландыру мақсатында БҒМ Комиссиясына енді;
- БҒМ, МСМ-мен жыл сайын шетелге жіберілетін кітаптар легіне өзгертулер енгізуде;
- Қазақстандағы ЖОО-лармен Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелдегі қандастарымыздың Қазақстанға келіп тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін қарастыруда жұмыстар атқарылуда.
Шетелдегі қазақ тілді ақпарат құралдарымен байланыс орнату және оларды қолдау бойынша конкурстар өткізу және елімізде жыл сайын өтетін журналистік марапаттауларға іліктіру мәселесімен айналысып жатырмыз. Бұл бойынша Atajurt деген бірлестік құрып, соның аясында шетелдегі қазақтілді БАҚ-ты бір орталыққа топтастыру және оларға жан-жақты қолдау көрсету, «Жас қазақ» жастар клубы негізінде шетелдегі қазақ жастары ұйымдарын бір желіге біріктіру секілді шаралар әлдеқашан қолға алынды. Шетелден жастарды тарту бойынша айтар болсақ, біз шетелдегі қандастарды әлбетте тек білім жолымен елге шақыра аламыз. Ол бойынша өткен жылы алғаш рет стипендиялық бағдарлама құрылды. 12 мемлекеттің 23 қаласынан онлайн түрде оқытатын 31 қазақ сыныбы ашылды. Қазақ тілін 4 тілде оқытатын оқулық жасалды. Жалпы, Қазақстанға келіп білім алатын қандастарымыздың саны 2019 жылы 20 000-нан асты. Қазір кандастарға арналған білім саласы бойынша 15 жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде айрықша атап өтерлігі – ЖОО-на дайындайтын дайындық бөлімінің жұмыстары. Бұл жоба бойынша елге келген жастар білім алып, мамандық иесі атанған соң, елде қалып жұмыс істеуде. Соның нәтижесінде демографиялық ахуал, жұмыс күші, маман тапшылығы секілді мәселе өз өзінен жойылып отыр. Сондықтан жастарды тарту мәселесі бұрыннан бар, бұл мәселе жыл сайын жетілдіріліп келеді. Бұрын дайындық бөлімдеріне 1 000 грант бөлінсе, қазір 1 300-ге жетті. Көші-қон мәселесі бойынша әрине, Көші-қон басқармасы жауапты. Алайда қандастарымызды тағы бір қуантарлық жаңалық – көшіп келген қандастар құжатын «Бір терезе» қағидатына сәйкес оңтайландыру жобасы бойынша, талап етілетін құжаттар санын 46-дан 20-ға, қызмет көрсету мерзімін 6 айдан 3 айға, өтініштер санын 10-нан 5-ке дейін (қысқамерзімді перспективада), ал одан әрі 2-ге дейін (ұзақмерзімді перспективада) қысқартылды. Сөз түйіні Кейбір сараптамалық деректерге қарағанда, алыс және жақын шетелдерде 7-8 млн қазақ тұрады. 2019 жылы жүргізілген әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесінде, Қазақстанға 1,5 млн этникалық қазақ тұрақты тұруға қоныс аударғысы келеді. Бұған қоса, сарапшы мамандардың пікірінше, қазіргі кезде Қытай еліндегі этникалық азшылықтарға қатысты саяси ахуал түзелген жағдайда, 800 мың этникалық қазақ құжаттарын түгендеп, Қазақстанға көшуге дайын отыр. Ал елге көшіп келген ағайынға көмек ретінде, қазақстандық қоғамға бейімделуіне жәрдемдесу үшін «Отандастар қоры» жанынан құрылған «Қандастарды ақпараттық қолдау орталығы» жұмыс істейді. Орталықтың басты мақсаты – елге оралған қандастардың қоғамға бейімделу процесін барынша жеңілдету, бюрократиялық кедергілерді жедел еңсеру, туындаған мәселелер бойынша қандастарымызға жан-жақты көмек беру және мәселелердің шешілуін соңына дейін бақылауда ұстау. Айта берсек, атқарылып жатқан және атқарылуға тиісті жұмыстар баршылық. Бірақ біз жоғарыда қандастардың ұсынысы мен сұрауларына ғана тоқталып өттік. Осылайша, газет тілшісі жіберген сауалына қанағаттанарлық жауап қайтарылды деп есептеймін. Көтерілген мәселені жауапты орынға жолдап, дер кезінде тиісті жауабын сұрап, мәселенің шешілуіне атсалысып отырған халықаралық Turkistan газетінің редакциясы және журналистері шетелдегі қандастармен байланыс орнатып қана қоймай, көші-қон саласындағы қабылданған шешімдердің орындалуын тұрақты назарға алуы басылымның редакциялық жауапкершілігі жоғары екенін көрсетеді.
turkystan.kz сайтынан
https://turkystan.kz/article/111093-ma-auiya-sarbasov-lem-aza-taryny-syn-eskertpeleri-eskerusiz-almajdy