«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

«ШИПАГЕРЛІК БАЯН» ХАЛЫҚҚА ҚАЛАЙ ЖЕТТІ?

Авторы tugurul
1314 қаралым

                    «Шипагерлік баян» кітабы жайында ақпаратты жұрттың бәрі біледі. Мен өзім естіген бір естелікпен бөлісу арқылы әңгімемді жалғайын.  Қытайдың Алтай аймағында әкім (уәли) болып тұрған Қадыс Жанабылұлы деген ақсақал бар. Қазірде сексеннің сеңгірінде. Сол кісімен бірнеше реткі әңгімемде «Шипагерлік баян» туралы мынадай әңгіме айтты:   ˗ Мен Алтай аймағында уәли болып тұрғанда, құлағыма осындай бір кітаптың бар екендігі туралы хабар жетіп, кітап иесі Нұртаймен сөйлестім. Кітапты көрейік, бер, шығарайық дедім. Оған бірден келіспегесін ақыры бар жағдайыңды жасайын деп жалынғандай болдым. Алтай аймағында жаңадан қазақ дәрігерлігі орталығын ашып жатқан кезіміз еді. Айта кетерлік бір жай Қытайдың, Тибеттің, Ұйғырдың әлем мойындаған ұлттық медицинасы бар. Ал Қазақтарда неге жоқ? Қазақтар неше мың жылдық тарихында өздерін емдеп-сауықтыра білмеген бе? Өздерінің ұзақ жылдық емдеу әдістерін жинақтап, өзінің ұлттық медицинасын жасайтын емдеу, зерттеу орталықтары неге болмайды? – деген сауал мені ұзақ уақыттардан бері мазалап, қазақ емханасын арнайы ашқан едік.  Нұртай Түменбайұлына қызметіңді сонда ауысырып жұмыс берейін, қазақ емшілігін көтерейік, отбасылық жағдайыңды жеңілдету үшін екі бірдей балаңның да жұмысқа орналасуына қолғабыс жасайын деп, ақыры айтқаныма көндірдім. Көмегімді де аямадым.  Қолжазба тарихы туралы айтқанда ұрпақтан ұрпаққа қалдырылып, Нұртайдың арғы бабалары Топадан соң оның ұрпақтары Райымбет, Шыбыл, Қоңырбөрік, Там, Бұршақ биге (1827-1828) өтеді. Бұлардың бәрі кезінде Ұлы жүзге белгілі болған үлкен тұлғалар. Кейіннен аласапыран замандарда Түменбай Ыстанбайұлы арқылы Іле аймағының, Текес ауданы, Шиліөзек ауылында сақталады. Ал 1952 жылдан бастап сонда ұстаз болған Кәтіп екеуі көне тілден аударып, Кәтіптің қолымен қайта көшіріліп, ескі нұсқасын толық жойып жібереді. Көшірілу нәтижесінде көптеген бәйіттер қалып кеткен. Марқұм Кәтіп ағартушы ғана емес, Албанға атағы шығып, қазаққа танымал болған Әсел ақынмен айтысқа түскен адам екен.  Нұртай кейіннен қызмет бабымен Алтай аймағының Буыршын ауданына қоныс аударып, кітаптың соңғы көшірмесін өзімен бірге сақтайды. Осы Нұртай Түменбайұлының қолынан қолжазбаны 1968 жылы «мәдениет төңкерісі» тұсында «қызыл жеңділер» тартып алып, өртеп жіберген екен. Өрт ішінен Нұртай кітаптың 1095 беттік күйік шалған қалдығын ғана алып шығады. Сол шала қалған дүниеге де жиырма жыл болған екен. Нұртаймен ақыры әңгімеміз жарасты. Кітапты халық игілігіне жаратуға кірістік. Нұртай кітапты алтыншы рет көшіріп, 1994 жылы Үрімжі қаласында төте жазуда арнайы  кітап етіп шығарды. Араға екі жыл салып 1996 жылы Қазақстанда Алматыда «Жалын» баспасы (Д.Мәсімхан, К.Елемес аудармасымен) баспадан шығарды.

         Кітаптың басылуы, жарық көруі айта салғанмен көп әңгіме болды. Менің тікелей жұмыс жасауыммен баба еңбегінің баспадан шығуына және зерттеліп мемлекеттік сыйлыққа ұсынылуына сондағы қазақ ғалымдары: Ә.Тышанұлы, Қ.Ыбырайұлы, Х.Әкімжанұлы, Т.Ыбырайұлы, М.Сүлейменұлы, Д.Құрмашұлы, Ж. Мұсағұлұлы, Қ.Мұқанұлы, Ж.Мырзақанұлы, О.Асылұлы, Т.Қабаев, Ә. Қалиұлы т.б. бастаған көптеген азаматтар өзіндік еңбек сіңірді. Сөйтіп, шипагер бабамыздың осыдан 550 жылдай бұрын жазылған еңбегі халық кәдесіне жарады, ұлт мұрасына қосылды. Қадыс аға мақтанды сүймейтін қарапайым адам. Алайда кітаптың жарық көру барысы жайында осылай толғағаны есімде. 1997 жылдың маусымында Жуңго мемлекеттік сыйлығын иеленген санаулы адамдардың қатарында Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы есімді қазақтың аты аталды. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (1388-?- жылдары жасаған) қазақ ұлтынан шыққан қара үзген шипагер. Оның шипагерлік өнері елден ерек, қазақ ханы Әз-Жәнібек оның шипагерлік өнерін жоғары бағалап, киелі шипагер санап, маңызды міндет беріп, «Шипагерлік баянды» жазуды әмір етіпті. Өтейбойдақ хан тапсырығын алғаннан кейін, төңіректің төрт бұрышын кезіп шипагерлік істеп, ұлағатты адамдардан тәлім-тәрбие алып, ел арасындағы аса құнды емдерді, шипашақтарды жинап, өзіне талай рет сынақ жасап, талай рет уланып, талай рет құтқарылып, соңында ұзақ уақыттық жапалы күрес арқылы кесек туынды «Шипагерлік баянды» жазып шығады. Кітапта 728 түрлі өсімдіктен, 318 түрлі жануардан, 60 түрлі тас-кендерден алынатын дәрілерден 1106 түрлі дәрі, 4577 түрлі шипашақ (рецепт) қамтылған. Бұдан тыс кітапта астрономия, философия, психология, этика, морал, метерология сияқты салаларда қамтылып, сонымен, бұл туынды қазақ шипагерлік назариясының негізін қалады. Өтейбойдақ өмір бойы шипагерлік зерттеумен айналысып, бас құрап, бала сүймеген. Өзі айтқандай: «Менің артымда ұрпақ қалмады, бірақ, шипагерлік баян менің ұрпағым» – дейді. Кітаптың алғашқы нұсқасын аяқтатып, ханға енді тапсырамын дегенде, жаудың ордаға жасаған тұтқиыл шабуылынан Әз Жәнібек қаза тауып, шипагердің өзі де әрең қашып құтылады. Соңында бұл шипагерлік шығарманы Өтейбойдақ өзінің ең жақын інісі Топайға өткізіп береді. Ол өсиетінде, «Шығарманы еркек кіндік мирас қылсын, әйел адам мирас қылмасын, мирас қылған адам жауапкершілігі күшті, сенімді болсын, ұрпақтан-ұрпаққа жалғассын, шипагерлік шығарманы жария етуге болмайды» деп жазған.

         Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабы – Шығыс медицинасының үлгісімен жазылған, бірнеше ғылымдардың басын біріктіретін, адам баласының ең басты байлығы – денсаулықты сақтап, сырқаттарды емдеудің негізін қалаған терең де тарихи ғылымнама екендігі көп жұртты мойындатты.  Кітаптың тереңіне бойласақ онда айтылатын сырлар мен тарихи деректер, емдік түйіндер ұшан-теңіз.  Қазақтың халық шипагерлігінің осыдан 600 жылдай бұрын сонау ХV ғасырда Қазақ хандығы туын тіктеген кезден бастап-ақ ілім-ғылым негізі қаланып болғанын қара үзген шипагер Өтейбойдақ бабаның  «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиялық еңбегі айқындап берді. Дала ойшылы, ғалым, шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиялық еңбегі бес жарым ғасырдан кейін туған халқымен қауышты. Оның еңбегімен қазақ, қытай т.б. шет елдер ғалымдары да танысып, оң бағаларын берді. Сөйтіп аталған еңбек күні кешеге дейін белгісіздеу болып келген қазақ шипагерлігінің әлемдік деңгейдегі орнын анықтауға жол ашты.

         Бұл кітапта қазақтардың, яғни Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының 500 жылдың алдында шешекке қарсы вакцинаны Англиялық медицина ғалымы Эдуард Дженнерден 350 жыл бұры тапқаны адамдарды таң қалдырды. Табу жолы аса қарапайым «Баланың шешек іріңін алып, тананың шап терісін тіліп қан шыққан соң жағады. Бір жұмадан соң жұмыртқадай болып томпиғаннан кейін оны жарып, қамсақ қурай қуысымен бүйрек қабына құйып, күн түспейтін салқын орынға қойып, ағашты қаламдай үшкірлеп, шешек шыққан баланың білегіне жағып, жаққан жерді инемен сызып қойса болғаны» делінген. Өтейбойдақ тағы ұзақ уақыттық тәжірибе жасау, клиникалық сараптау арқылы жүрек пен мидың өзара байланысын шешіп түсіндіреді, бұл жаңалық харвий (Harvey), «Жүрек қан қозғалысы ілімін» (1682 жыл) ортаға қоюдан 100 жыл бұрын болған.

         Шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы ХV ғасырда-ақ қазақтың Әз Жәнібек ханына ұрпақ тазалығы мен денінің саулығы үшін: «Жеті атаға толмай үйленбеу, жөн-жөнсіз сүйіспеу және неке тазалығын сақтау» туралы ұсыныс айтып, ол хан Жарғысының шығуына ықпал етті. Қазақ тектілігінің алтын өзегі болған – тән саулығы, жан саулығы сынды  тұқымымыздың таза, рухымыздың биік болуына, ұлттың ұлағатына жан-тәнімен қызмет етті. Ғұламаның «Шипагерлік баянында» медицина ғана емес ғылымға, тіпті, тарихқа да қажетті тұжырымдамалар өте көп. Шипагер еңбегінің ең құндылығы ˗ он сегіз мың ғаламды жаратушы құдіретті Алланы, оның елшісі Мұхаммед /с.ғ.с./ пайғамбарды тануды және ислам діні қағидаларын сақтауда адал, ізгі болуға үндеуі, адам баласын имандылыққа, адамгершілікке, қайырымдылыққа, әдептілікке, Отан сүйгіштікке тәрбиелеуі сынды көп жақтан көрінеді.

         Уақыт өткен сайын асыл қазыналардың құны арта береді десек, «Шипагерлік баян» еңбегі де қазақ халқының емшілік өнерінің құнды мұрасы саналып, өз бағасын күн сайын арттыра бермек.

Қайрат Айдарханұлы

Медицина ғылымының,

Тарих және қоғамдық ғылымдардың академигі,

«Құрмет» орденінің иегері,

 «Шипалы емдеу орталығының» директоры

әрі бас дәрігері

Ұқсас жазбалар