«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

ҚАРАҒҰЛДЫҢ ЗАРЫ

Авторы tugurul
873 қаралым

                 Қарағұл Райысханұлы (1863-1940) Алтайда өткен ел ағасы әрі ақын. Керейдің Жәнтекей атасының тасбике руынан. Жасынан көзі ашық, көкірегі ояу өскен Қарағұл 1905-1914 жылдары Мәми бейсіге хатшы, шабарман болса, 1915 жылы тасбике руының залыңы болған. Сол тұстағы үкіметтің әмірімен шекара қорғау жұмыстарына да жетекшілік еткен. 1933 жылғы Шәріпхан Көгедаев тұсында халықтық ағарту ісіне жәрдем жасап, мектеп салу қимылдарына белсене араласқан.  Алтай халқының ұлт азаттық қозғалысының басталуына түрткі болған абыройлы екі қария – Қарағұл залың мен Ақыт Үлімжіұлы еді. Елдің рухани оятушысы болады деп алаңдаған сол кездегі қытайлық билік өкілі Шың Шысай ең әуелі қанды шеңгелін осы тұлғаларға салды. Оның Алтайдағы жендеттері «қару-жарақ жасырдың» деген жаламен қолға алады. Бұл жайында жазушы, тарихшы Асқат Татанайұлы «Қарағұл мен Өнерханның Сарысүмбе түрмесінде аққан қаны төңкерісшілерден ең алғаш аққан қан еді. Шың Шысай үкіметіне қарсы күрестің құпия басталуы да, осы 1939 жылы желтоқсан айында болды» деген еді. Қарғұлдың өмірбаянына тоқталғанда, «Тасбике шежіресінде» жасаған уақытын  1864-1942 жылдары деп, қолға алынғанын 1941 жыл деп көрсетеді. Біз А.Татанайұлының деректерін негіз еттік. Қарағұл залың түрмеде жатқанда өзінің әйгілі: «Қарағұлдың зары» атты өлең толғауын шығарады. Оның қасында жатқан адамдар арқылы түрме камераларын аралаған бұл жыр, халықтың құлағына жетіп, ауыздан-ауызға тарайды. Біз төменде көрсететін нұсқа түрмеде бірге жатқан Шонжы жеріндегі Сқақ деген адамның жаттап айтуы бойынша ел ішіне тараған екен. Сол нұсқаны Қарағұлдың немересі Ілияс Сиыршыбайұлы мен Дөрбітхан жинап, Алтай қаласының ауыз әдебиеті топтамаларына бастырыпты. Ал, аталған жыр жайында А.Татанайұлы: «Шың үкіметіне қарсы айтылған халық қарғысының ең алдыңғысы. 60 шумақтан астам бұл өлеңді мен Қарағұлмен бірге түрмеде жатқан азаматтардан және ел арасынан толық жазып алып, 1946 жылы «Ерікті Алтай» газетінде жарияладым, – деп баяндайды.

Қарағұл залыңның түрмеде жазған сондағы өлеңі төмендегідей:

Жауласып талай жылдар Моңғұлменен,

Ақтабан шұбырынды болды қазақ.

Моңғұлдан қалған жанды арашалап,

Алтайды мекен еткен бас сауғалап.

Ақ орыс, төрт дүңгенмен қызыл аяқ,

Көрмеді бұлар-дағы тіпті аяп.

Күш әлсіз, қару мешеу, айлада аз,

Болмады аз көрінгеннен жеген таяқ.

Соғысып біраз жыл ел өмір сүрді,

Ен жайлап, еркін көшіп сауық құрды.

Билейтін өзін-өзі шама қайда?!

Гоминдаң билеп төстеп тағы тұрды.

Тоймайды алған сайын ала беріп,

Салықты үсті-үстіне сала беріп.

Сенімсіздік жасады арсыздықпен,

«Құрал бар» – деп бір пәле ала келіп.

Аз адам ақылдасып ақыл құрап,

Тиегін кек пен өштің алдық бұрап.

Мал мен басқа билік жоқ болғаннан соң,

Соғысқа дайындалдық түгел бірақ.

Гоминдаң дерек алды бұл бір істен,

Тимеген жүрегіне қанды ішкен.

Әйгілі айқындалған қарсыларды,

Ұстады бір шетінен арам күшпен.

Ұстады Кәріш, Мәнкей, Шәріпханды,

Айбарлы жауға қатал арыстанды.

Қалел, Бұқат, Байқадамға салды құрық,

Біледі өзіменен алысқанды.

Ел іші түгел ғана ала болды,

Гоминдаң қол аяқсыз пәле болды.

Ниеті түгел құрту жауыздардың,

Қазақ десе көздері қанға толы.

Кетіп қалу қиын болды елді тастап,

Кір жуып-кіндік кескен жерді тастап.

Адам жейтін жендеттер жетіп келіп,

Бір күні ұстап алды тарпа бас сап.

Ертістен ат шанаға келді басып,

Жендеттер ұстап алған желдей тасып.

Енгізді қапас зындан – ер мекені,

Сыртынан қара құлып салды басып.

Сұрақшы кейде айғайлап ақырады,

Кезекпен ұзын таңды атырады.

Тілменен сыр алмаған сұм жауыздар,

Шаршаумен ақырында қалжырады.

Ежелден болған емес түрме тәуір,

Қинауды көрсетіп тұр тым-ақ ауыр.

Қасқайып жау алдында именбедім,

Өлтірумен тынатынын, білдім ақыр.

Түледім биік жартас шың ұяда,

Айналдым әуеледім құз қияға.

Жауменен кескілесіп қолға түспей,

Амалсыз жау ұстады қапияда.

Қашанда ер жалынышпен күн көреме,

Мұндайда жүдеп-жасып сыр береме?

Өмірдің шауып жеткен көмбесінде,

Ер жігіт жау алдында тіл береме?!

Бұл иттің былшылдатып жегені боқ,

Тойынған қан соқтамен қарыны тоқ.

Өлмесем өмір бойы қарсыласам,

Түбінде бұл қытайдан жақсылық жоқ.

Алтайдың ат сұрадым бұлағынан,

Ертістің шөп шаптырдым құрағынан.

Жетпістің жетеуіне келгенімде,

Мылтықтың тұтқындалдым сұрағынан.

Өтірік пәле жапты не амал бар,

Зарығып жатыр мұнда талай жандар.

Бұл істен қайыр үміт ете алмаймын,

Шығып тұр қиыншылық түрлі заңдар.

Қу тамға терезесіз қойды қамап,

Бермейді уағыменен түйір тамақ.

Жасымда бақ дәулетті болсам дағы,

Шағым да өлетұғын жедім таяқ.

Ұрғаннан жауыр болды жараларым,

Тіпті жоқ жазулы істен қараларым.

Бұл жолдан қайтам деген үмітім жоқ,

Көрмесем қош аман бол бауырларым!

Нақақтан әділ болса қараларма?

Құдайдан бұйырық болса шара барма?!

Үйімді қайтып барып көре алмаспын,

Сәлем айт аман барсаң балаларға.

Қараңғы өзі суық жатқан жерім,

Қазақтың баласынан кетті сенім.

Біз бүйтіп қараңғы үйде жатырмыз ғой,

Не болар қайран жұртым, қайран елім!

Дүние-ай! Мұны көрдім бұл заманда,

Береді құдай жәрдем жылағанға.

Бір талай жан танитын Қарағұл ем,

Сәлем айт атымды атап сұрағанға.

Ағаңның уайымы, зары осы,

Нешелер бейнет көрген жанның досы.

Көңіліңде қалсын жастар тірі болсаң,

Зарыққан шыным да осы, зарым да осы.

Керейдің қалмай барат ескісі де,

Мен тұрмын дәл жетпістің жетісінде.

Замандас тұрғыластың бәрі кетіп,

Мен қалдым кәпірлердің тепкісінде.

Құдайым тілегімді берер ме екен,

Жан шығарда тіл иманға келер ме екен?!

Сүйегімді қытайдың иті жемей,

Мұсылман қолына алып көмерме екен?!

Сәлем айт тірі барсаң керейіме,

Қуаныш көзге көркем Мерейіме.

Өмірдің аяғында мұны көрдім,

Дүние-ай, жетпей кеттім дегеніме.

Жасыма жетпіс жеті келген кезім,

Алланың көрдім маған құрған тезін.

Бір зауал бұл иткеде болады ғой,

Жалғыз-ақ көрмейді ғой менің көзім.

Өлімнің разымын міндетіне,

Мың жасап адам жүрмес жер бетінде.

Өлі-тірі болсамда арманым сол,

Ел болып шыға алмадық жер бетіне.

Кейінгі ел үміт үзбес әлі менен,

Керейдің таныс едім барыменен.

Тірі боп ел көрсеңдер жолдастарым,

Айтып бер өлеңімді әніменен.

Жігіттер ойнада күл, ойнада біл,

Дүние баяны жоқ өтеді бұл.

Күңіренген абақтыда кім десеңіз,

Баласы Райысқанның мен Қарағұл.

Жігіттер алданбаңдар жылы сөзге,

Ішіне сүңгіп көрсең сыры өзге.

Өмірді өткізіңдер күреспенен,

Жетпейді ер өмірі еркін жүзге.

Орын жоқ қашандағы аралықта,

Пайда жоқ ойлап көрсең алалықта.

Береке мен бірлікті нығайтыңдар,

Салынбай бос әулекі балалыққа.

Жігіттер бақыт табар жолыңды ізде,

Түспеңдер сонау заман сүрдек ізге.

Арыстанның ауызында мал менен бақ,

Айбарынан қорқып қап күдер үзбе.

Жігіттер жасымаңдар оймен тозып,

Қол жетпеске көріңдер қолды созып.

«Талаптыға нұр жауар» деген сөз бар,

Сонда ғана шығарсың үздік озып.

Ер туар ел жағасы аман болса,

Болмайды ердің ісі жалаң болса.

Қанды – қан, кекті – кекпен қайтарыңдар,

Берекелі жұмырланған шамаң болса.

Тарих бар бұраң жолды бабаң басқан,

Ел бүгін арқалаған, асу асқан.

Жауменен майдандасқан талай ердің,

Қаны бар тау мен тасқа қою қатқан.

Алтайдың тауы құлап дала қалды,

Керейден кәрі кетіп бала қалды.

Тап берсе табжылмайтын сарбаз кетіп,

Тар заман, тас босаға араға алды.

Талай іс қайғы болып түсер ерге,

Мұң-зарын шағатұғын туған елге.

Аузыммен айтқан сөзім анық жетсін,

Бұрмалап әр біреуің жетелеме.

 (Ілияс Сиыршыбайұлының нұсқасы).

Жоғарыда жоқ екі шумақ А.Татанайұлы нұсқасында кездеседі:

Халықтың тату едім бәріменен,

Ағайын, туысқан жас, кәріменен.

Барсаңдар елге тірі жолдастарым,

Айтыңдар өлеңімді әніменен!

Сәлем айт тірі барсаң керейіме,

Қуаныш көздің көркі мерейіме.

Ойдағы істі орындар біреу шығар,

Мен ғана жетпей кеттім дегеніме.

                      Қарағұл залың 77 жасында Алтай түрмесінде ауыр қинаумен өлтіріледі. Ол өлгенмен оның өшпес жыры мен аңызы арттағы ұрпаққа мирас болып қалды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

«Тарихи дерек, келелі кеңес», 2-кітап, Үрімжі. Шынжаң халық баспасы. 1996 жыл.

«Тасбике шежіресі», құраст: Ілияс Сиыршыбайұлы. Үрімжі, 2005 жыл.

«Алтай қаласының халық өлең-жырлары» топтамасы. 1991 жыл. Алтай қаласы. 52 бет

Ж.Шәкенұлы «Қытай қазақтарының әдебиеті» Сын-зерттеу мақалалары. Алматы, «Politra Press», 2018 жыл.

 

Жәди Шәкенұлы

Жазушы-академик

Ұқсас жазбалар