Ақыт әлемі – адамзаттың ізгілік алаңы
Алтайдың арғы-бергі бетінде Ақыттың есімін білмейтін жан жоқ.
Ақыт Үлімжіұлы (1940-1868) ақын жəне ағартушы, белгілі қоғам қайраткері. Араб, парсы тілдерін меңгерген. Моңғолша, орысша да сауатты болған. 1891 жылы Қазан баспасынан «Жиһаншаһ Тамұз Шақұғлы» атты кітабы жарық көрген, кейін ол кітап көп рет басылған. 1897 жылы орыс ғалымы профессор Николай Катанов «Деятель» журналының сол жылғы 8-9 санында осы шығарма туралы тоқталған, осыдан кейін іркес-тіркес «Хисса хабдү-мүлік» (1902, 1904, 1909 жыл), «Ахуал қиямет» (1908 жыл), «Əдеби ғахылия» (1909 жыл), «Керей ишаны Мұхаммед мумиын» (1909 жыл), «Хисса Сейфулмəлік» (1895, 1909, 1914 жыл), хисса «Сейд Жағфар шам əулие сұлтан Сейд» (1894 жыл) секілді тоғыз кітабы Қазан, Орынбор, Семей баспаларында 17 рет басылған. 1991 жылдан бері Монғолияда «Қажыбаян», «Ақиретбаян», «Жиһаншаһ», «Ғахылия» секілді төрт кітабы, Шынжаңда таңдамалы шығармаларынан екі томы, атажұрт – Қазақстанда 2007 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жағынан «Жиһаншаһ» атты таңдамалы томы, 2011 жылы Алматыда таңдамалы екі томдық жинағы жарық көрді. Ақыт Үлімжіұлы Шынжаң қазақ əдебиетінің ғана емес күллі қазақ жазба əдебиетінің іргетасын қалаушылардың бірі саналады. Өлең жырлары Абайдан бұрын баспа көрген Ақыттың Алтайдың күн бетінде өмір сүруі, айналасына сәулесін шашып, имандылық ұлағаттаушысына айналуы талайлаған көкірекке нұрын септі. Алтай аспанының жарық жұлдыздарының бірі Ақыт десек, бұл еш артық айтқандық емес. Сол Ақыттан сабақ алған немесе Ақыттың шәкірттерінен, замандастарынан, үзеңгілестерінен сабақ қабылдаған, оны өнеге биігі еткен жандар өткен ғасырдың соңғы жарымында жиі ұшырасатын еді. «Ақыт айтыпты» дейтін өлең-қиссалардың Алтай күн бетіне кеңінен тарауы, ауыздан-ауызға жатталуы әліге дейін өз өміршеңдігін жойған жоқ. Ақытқа еліктеп имандылық жолына түскен немесе ақындығын өміріне арқау еткен жандар Өр Алтай даласы ғана емес, Алты Алаштан да табылады. Ғалым болу көп адамның қолынан келетін шығар. Алайда ғалымнан ғалым тудыру екінің бірінің қолынан келе бермесе керек. Құнанбай өзінен зор қып Абайды тудырды. Абай өзімнен зор тудыма деп үміт артқан Әбдрахманынан айрылғанда соның қазасының қасіретімен көкірегіне шер байланып ерте көз жұмды. Ал, Ақыт қажы да өз ұлдарын өзіндей етіп жетілдіруге ерекше еңбек еткен адам. Соның Нәтижесінде оның біз көрген ұлдары Қалман, Мақаш, Ғазез, Нөнен түгел галым дерлік дана көкірек болды. Ғазез бен Мақаш бірігіп «Құран Кәрімнің» түсіндірмелік аудармасын жасады.
Ыбырай Алтынсариннің:
Бір Аллаға сиынып,
Кел балалар оқылық.
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық, – деп басталатын өленін еске алсақ, Алланы сүю – Жаратушысын таныған құлдың мұсылмандық парызын адалдықпен ада етуі, талай дананың басын сәждеге иген иман құдіреті. Қазақтың көрнекті ақыны Ақыт Үлімжіұлы да бар ділімен Хақты сүйген, халқын сүйген дана перзент болды. Ақытты білу үшін Ақыттың қалыптасқан мектебін білуіміз керек. Ең негізгісі тектіліктен келетін атаның қаны, ананың сүтімен дарыған таза қасиет дер едік. Ал, ес жиып, етек жаба бастаған кезінде де оның білімге деген ұмтылысы, білуге деген жан құмарлығы көкірек қоймасына көп білім жинады.
Ақын «Керей ишаны Мұхаммет мұхминн» деген шығармасында:
Пақыр Ақыт сөйлейді әрбір тұстан,
Жаста түркі танытты молда Ғұсман,
Садық аға үйретті әлфбиді,
Танытты хат қағазды асығыстан.
Ержетіп Дамолладан алдым сабақ.
Ісімі дүр Махбубұлла асыл талап,
Бұхардың ақ сүйегін дәл өзінен,
Шығады демі сайын ғылым тарап.
Қысқа жіп күрмеуге еркін жетпеген соң,
Тоқталды-ау тойым бермес қайран сабақ,
Көп оқысам болмас па ем ғылым пазыл,
Тентіреп дүние қуып жүрдім қарап, – деп жырлады.
Мұнда ол өзінің білім алу жайын қысқаша баяндай келіп, сонда да білгеніне, үйренгеніне көңілі толмай күңіренді. Ақын өлеңінде айтқанындай оның алғашқы ұстаздарының бірі болған Бұхарадан келген Махбубулла ұстазы аса білімді, терең жан болған екен. Махбубулланы кей деректе Мырзабақа деп те атайды. Ақыт ұстаз алдында зеректігімен, оқуға ынталылығмен айрықша көзге түсіп, Араб тілін меңгереді. Сонымен қоса сол заманда Қазан және Стамбұл қалаларынан басылып шыққан түркі тіліндегі кітаптармен де танысады. Кейіннен Қобдаға барып пошташылық қызмет атқарып жүріп, тағы да түрлі кітаптар тауып, талмай ізденеді. Орыс, моңғол тілдерін үйренеді. Қазан баспасында шыққан түркі тіліндегі әдеби кітаптарды, Шағатай тілінде басылған Фердауси, Хожа Хафиз, Низами, Науауи, Софы Аллаяр, т.б. ақындардың өлеңдерін оқиды. Осыдан шабыт алған Ақыт тұңғыш дастаны «Жиһаншахты» 22 жасында 1891 жылы жазып бітіріп, жарық көрер ме екен деген дүдамал оймен Қазан баспасына ұсынады. Бақытқа жарай сол кітап 1897 жылы Қазан қаласынан кітап болып шығып, халыққа тарайды.
1908 жылдары Алтай, Қобда, Жайыр болып, Мамырбек төре ішінде алпыстай адам қажыға барады. Осы кезде Қобдадан Лайық, Оразбектер бастаған сегіз адам қажыға баратын болып Ақытты жол серікке алады.
Осы сапарында жазған «Қажыбаянның» бір шумағында:
Иләһи , саған жылап қалам алдым,
Тәуекел бар ісімді саған салдым.
Жарандар, атым Ақыт – молла тайф,
Жасымда отыз тоғыз Мекке бардым, – деп жырлайды.
Не бір қиындықтар арқылы қажыға барып, Алтай Қобданың адамдары қайтып кеткенде, Ақыт жер көрем деп Мәдине, Шам (Дамашық), Құддыс (Иеру-Салам) қалаларына бармақшы болып жалғыз қалады.
Қажылық сапары жайындағы жыр жолдарында ол:
Бұл жерде тамырым жоқ, танысым жоқ,
Жолдасым қасымдағы Араб, Түрік…, – дейді.
Бір жарым жыл дегенде Мәдине, Шамды, аралап, Ислам мәдениетіне тереңдей үңіліп, араб тілін толықтап, елге үлкен олжамен оралады. Ақыт қажы сапарынан қайтып келген соң Өр Алтайдағы ел басылары оны қырық неше жасында қазылыққа сайлайды. Содан бастап ол шариғат үкімі бойынша билік айтушы – қазы болып, діни міндеттермен шұғылданады. Ақыт қазылық міндет өтеген кезде дінни заң ретінде бұлжымай атқарылатын шариғат амалдарын да өз шамасынша Пайғамбарымыздан қалған жол ретінде даулы екі жақтың өзара келісім арқылы бірлікке келуін барынша қуаттайды. Шариғат үкімі арқылы талай қиын түйінге әділ шешім жасайды. Біз жоғарыда Ақыттың ұстазы, қажыға барып білім жинауы, қазы болып шариғат үкімімен билік айтуы сынды біраз деректер келтірдік. Енді сол жинаған білімінің көрінісіндей ол кісі оқыған-тоқыған кітаптарға келсек, ақынның жолын қуған ұлы Ғазез Ақытұлы әкесі жайлы былайша еске алады: «Әкем кітапты көп жиған адам еді, өзі қолға алынған кезде конфискеленіп кеткен араб, парсы, түркі тіліндегі 816 дана кітап екен. ….Бұл кітаптардың ішінде «Құран тәпсірі» (Құран түсіндірмесі), «Хадис», «Фыққыһи» (шариғат заңдары), «Қауағие» (араб граматикасына қатысты фонетика, морфология, синтаксис) қатарлы діни кітаптар мен араб граматикасына қатысты кітаптар, мұнан басқа мынандай ғылыми және тарихи кітаптар бар еді: «Әлжамғу бәйна», «Радил хакмайн», «Диуанулуғатит түркі» (арабша жазылған), «Құдатқұ-білік», «Тарих Рашидин», «Тауарх хамса», «Тарих Чингызхан», «Шажырани түрк», «Қисасул әнбия», ( пайғамбарлар хисасы) және бас жағы жыртылып қалған, сұрау-жауап ретінде жазылған араб тіліндегі «Табқатұл ардз» (жыр қаттамдары)…». Демек, Ақыт сол кездегі мұсылман және түркі әлеміне танымал болған талай данышпандардың, дін ғұламалардың, филосоптардың кітаптарын оқыған екен. Оның Алланы тануы, Хақты сүюі жүрегіне жиған иман нұрымен тамырын тереңге жайып отырған. Мұндай Хақты тану және оны әдебиетте көрнекті тақырып ретінде көтеру, өлең өнерінде де шынайы жолға бет бұру сынды даналық сол тұстың біраз ақындарына ортақ болса керек. Соның ішінде Абай мен Ақыттың үндестігі де өз алдына бір тақырып. Ақыт 1868-1940 жылдар аралығында өмір сүрсе, Абай 1845-1904 жылдар аралығында, бір дәуірде өмір сүрді. Абай өлеңдерімен 1929-1930 жылдар ғана кештеу танысқан ақынның Абайға тіке еліктеп тоқсан өлең жазуынан көп бұрын-ақ, олардың рухани үндес, тілдес болған жан жақындығы бірден байқалады.
Айталық, 1890 жылдар жазған бір өлеңінде:
Мен келдім жеті жастан сегізіме,
Кез болдым ғылым дария теңізіне.
Тойғанша дариядан іше алмадым,
Шалындым әліп-бидің лебізіне.
Дариядан іше алмадым бір жаладым,
Ғылымды сонда неге сұрамадым.
Он жасыма келгенде онан шығып,
Онан соң бозбалалық қуаладым, – дейді. Бұл бір қарағанда Абайдың: «жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңімен өте үндес келеді.
1910 жылдар шамасы 40 жастың ішінде жазған өлеңінде де:
Өнерсіз ендігі жұрт жан сақтаған,
«Алар – деп – қай жағымнан?» – қалтақтаған.
Бір тәуір ат, бір торсық қымыз болса,
Мас болып біз жүреміз талтақтаған…
Жер асты, аспан, сумен жүрді бәрі,
Жатарсың әлі ұйқыда, жалпақ табан! – деп жырлаған екен. 1912 жылы жазған тағы бір өлеңінде де:
Қоршаған төңіректі бұлт пен тұман,
Ғылымсыз құтылмайсың тіпті мұнан.
Хан қайқы, биің бүкір, молдаң соқыр,
Ғаділет, ғылым менен өнер тілеп,
Бәрінен құрқалғанша алшы мұнан, – деген екен. Ақынның Абайға арнап жазған:
Ақындар менен бұрын өтті талай,
Әсіресе Құнанбай баласы Абай.
Дәл сондай өткір сөзді болмасам да,
Мен де біраз сөз жаздым құрап-жамай, – деуі жоғарыда келтірілген өлеңдерден кемінде 15-20 жылдай кейін жазылған.
Шын мәнінде сол кездегі Абай, Машһұр Жүсіп секілді дала данышпандарымен қанаттас өмір сүрген ақын олармен рухани жан дүниесі жағынан да ортақ болды. Осы бірлік, Алланы таныған, адамзатты сүйген адалдық – аты аталған ғұламалар арқылы Алаш рухымен сабақтастық тапты. Сол тұстағы Ақыт және оның өнегесін шашушылар арқылы мол білімге сусындап өскен Халифа Алтай Ғақыпұлы сынды ғұламалар жетісті. Ақыт ұлдары Мақаш пен Ғазез «Құран Кәрімді» қазақшалады. Сөйтіп, «Құран Кәрімнің» қазақ тіліндегі тұңғыш түсіндірмесі аты аталған Ақыт шәкірттері арқылы дүниеге келді. Х.Алтай «Құран Кәрімнің» бір миллион данасын Қазақстан тәуелсіздігіне байғазы етіп, тегін таратты. Ақытпен қатарлас өмір сүрген, өзі де ескі, жаңа білімдерге жүйрік, әйгілі ақын Арғынбек Апашбайұлы да өз замандасына аса жоғары баға беріп, былай деді:
Абақтан аты шыққан Ақыт молла,
Таралған жазған хаты оң мен солға.
Басылып Европада кітаптары.
Оқып жүр қазақ алып қолдан-қолға.
……
Тағы да өзі діндар, дияна тілі.
Дәулет, бақ, өмір басына ұялапты.
Жас күнінен ғылымға белін байлап,
Ешкімге ойламаған қиянатты…
Кеңестік және қытайлық комунистік жүйе Ақыт сынды ақындарды дінді дәріптеуші, феодалдық идеядағы ақын ретінде көрсетуге тырысты. Тіпті Ақыт туралы ең алғашқы зерттеу жасаған Николай Катановтың өзі оны дін шеңберінен іздегісі келді. Орыс отаршылдығынан құтылып, тәуелсіздік алғаннан кейін Ақытқа жаңаша көзқараспен қарау идеясы қалыптасты. Қабидаш Қалиясқар, Зұфар Сейтжанов, Айгүл Ісмақова сынды әдебиетші ғалымдар Ақыт Үлімжіұлының өмірі, шығармашылығы және алашшыл ақын екені хақында зерттеу еңбектерін жазды. Алайда Алланы сүю идеясына келгенде «дінни ағартушы» дегеннен тереңдеген зерттеулерге көп адамның тісі батпады. Ақыттың замандасы болған Абай Құнанбаев өз сөздерін «Алланың өзi де рас, сөзi де рас», «Күллi махлұқ өзгерер, Алла өзгермес», «Күні-түні ойымда бір-ақ Тəңірі» деп әр сөзін Аллаға мінәжат етумен, Хақты танумен бастады.
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тəттi.
Адамзаттың бəрiн сүй бауырым деп
Жəне Хақ жолы осы деп əдiлеттi.
…
«Аллаһ – мінсіз, əуелден, Пайғамбар – Хақ,
Мүһмин болсаң үйреніп сен де ұқсап бақ.
«Құран» рас, Аллаһтың сөзі – дүр ол,
Тəһуəліне жетерлік ғылымың шақ», – деп толғады.
Абайдың мінәжаты сыртқы көрініс түрінде емес, «өлеңнің ішіне сүңгумен», жүрекке жол табумен Хақпен үндесті.
Əуелі аят, хадис – сөздің басы,
Қосарлы бəйіт, мысал келді арасы.
Қисынымен қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын Пайғамбар мен оны Алласы, – дей келіп, өзі де өлмес шығарамалар жазды. Мұндай шындыққа діншілдік тұрғысынан қарау – өткен кезеңдердің, құдайсыздық идеяларының, отарлық ойрандардың санадағы сарқыншағы. Ақыт та әр сөзін: «бісмілла болар сөз басы, қалам, сия – көз жасы», – деп Алланың атымен бастады.
Алтайда бұлбұл сайрадым,
Көк орай шалғын жайладым.
Тәуекел деп әр істі,
Алладан медет айладым.
…
Тәупиқ берсе Құдайым,
Аз күнгі ғұмыр жасымда…
Оқыған, тоқыған терең білімі оны адастармас айқын жолға салды.
«Бісмілла деп бастайын!
Аз ғана ғазыл баяным.
Азырақ сөз сөйле деп
Түсімде көрген аяным.
Сөйле деп рұхсат берсе көп
Мен кіміңнен таямын» – міне, бұл жолдар да Хаққа мойын бұрған адал құлдың ақиқи жан дауысы.
…
Рақым қылсын бір Алла
Жүректен шешіп түйінді.
…
Күпірден сақта тілімді.
…
Жанға қылмас жақсылық,
Шариғатқа жатылмай.
Нәпсіге ерсең қояр ма,
Күнәға сені батырмай.
Ақыт Үлімжі не айтсада жан жүрегімен толқиды. Абайдың: «Күні-түні ойымда бір-ақ Тəңірі» дегеніндей оның ойында да Алланың ақ жолы және сол ақ жолмен жүруге керекті пенде баласының парызы тұрды. Ақынның «Сейтбаттал қазы «, «Қиамет ахуалы», «Мұхаммет Құнапия,» «Мұхаметтің некеленуі», т.б. роман, қисса, жырлары өзінің исламдық тұлғалар өміріне арналған тарихи құндылығымен тарихқа қалды.
Бір Алладан басқаға
Бас кессе де бас ұрма!
…
Күнәдан бойыңды тарт Хақтан қорқып,
Болмаңыз қисық қыңыр олпық-солпық…
Өзінің өмір жолы ақынның адалдығын, Алласын шын сүйгенін анық көрсетті. Біздің бұл мақаламыз Ақыттанудың басы да, аяғы да емес. Телегей теңіз Ақыт парасатының Аллатанудағы, адамзатқа ізгілік сыйлаудағы шүңеттері – көп ізденісті, мол білімді, кемел ойды қажет етеді. Шындықты тану және сол шындықпен өмір сүру, оны өшпес өнегесі арқылы, қолтаңбасы арқылы өзгелерге сыйлай білу көп адамның қолынан келе бермейді.
Рухы бай адамның ұнжырғасы түспейді, есі дұрыс, еңсесі биік болады. Ақыт өзіне аса көп білім жинады. Хақты таныған үстіне тани түсіп, айналасына сәулесін төкті. Болшақ ұрпаққа ізгілік тіледі. А.Үлімжіұлы жырларының әр үзігі «Құран Кәрім»-дегі қасиетті аяттар мен сүрелерден, Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбардың өлмес хадистерінен құралған. Оны білмекке ұмтылған жан ғұламаның игерген білімін білетін, Алла кітабын оқыған, түсінген адам болуы тиіс. Әрі сол бағалы құндылықты әдебиет тілінде, көркем шығармада сөйлете білетін, тыңдай алатын қаламгерлік қарымы бар парасат иесі ғана оның әлеміне жол тарта алады. Ақыт әлемі – адамзаттың ізгілік алаңы. Даналыққа, даралыққа беттеген жан сол алаңды соқпай өтсе, тайқы маңдайына таяқ үйір болады.
Ізгіліктің иесі – Алла, қаруы – сөз!
Ақыт айтқан сөздерден
Бажақ Ақытпен досжар болсада одан бірнеше мүшел үлкен кісі екен. Бір жолғы қонақасыда төрде отырған Бажекең табақ келгенде, бетін сипай салып, табақтағы басты Ақытқа қарай сыра салыпты да, астындағы жамбасты алып турапты. Төменірек отырған жас жігіт Ақыт басты қолына ала беріп:
Әуелі Бажақ алсын таңдағанын,
Бажақтың біз алайық алмағанын.
Басты қойып жамбасқа қол қойғанда
Бажақтың сонда білдім алдағанын, – деген екен.
Тұңғышбай – Ақыттың құрдасы. Өзі еңгезердей өңкиген денелі, қайратты, момын адам екен. Бала үшін жас тоқал алыпты. Қыста қоныс жөткеп Жөргекті деген жерде қыстап, қатқан қардан қора қалап мал қыстатыпты. Ақыт бір жолы осы үйге қонақ болып жатқанда ас батасында:
Қауқар тымақ қара шал,
Қардан қалап қора сал.
Елден шеттеп шығыпсың,
Тоқал алған жігітсің.
Тоқалыңа бала сал.
Тоқалға бала салмасаң
Қоқыраймай аласар, – деп, әзілдеген екен.
Тұңғышбайдың үйіне түскен Ақытың күтімі жақсы болмай, мынадай өлең жазып оны әйелінің қолына ұстатып кетіпті. Әйелі өзі оқи алмайтын өлеңді Тұңғышбайға беріпті. Хат танымайтын Тұңғышбай мұны елге оқытамын деп өзі таратқан екен.
Отыр екен бір ауыл,
Құлтайболат Тұңғышбай.
Елден шеттеп шығып кеп
Шыққан екен құм қыстай.
Шашылыңқы үй екен
Жиылмаған бір қыстай.
Ақыт-Ақымет біз келдік
Ұзақ күнде дым жұтпай.
Кемпір отыр бүрісіп,
Бет ауызы тырысып.
Біз отырмыз кезеріп
Жұтсақ деп сусын сіміріп.
Бір сімірім жылы айран,
Бізге болды көп қайран.
Сырып салар сырмақ жоқ
Сияқты екен өрт шалған.
Қатыны отыр қарайып,
Бұқадай көзі алайып.
Ала көзбен атады
Пейілі жаман тарайып.
Ноқталы ауыз, бүйрек бет,
Теңірейген теңмен көт,
Ай таңбасы бетінде
Белдемшесі көтінде.
Бұл қылығын көрген соң
Асықтық біз де кетуге,
Тұңғышбай өстіп байыпты,
«Жақсы қатын» алыпты.
Көрген күнің бұл болса
Деме құдай жарытты.
Осындайға біткен мал
Жанына азап берсе де
Баспайды мүлде сарықты.
Шәріпхан Жақыпұлы (шияу Шәріпхан) Шың Шысай кезінде Алтай аймақтық қоғам қауіпсіздік (сақшы) мекемесінің бастығы болған. 1940 жыл Ақыт Үрімжі түрмесіндегі кезінде Шәріпханда қолға алынып, Ақыт отырған абақтыға әкелініп қамалған. Түрме есігінен кіріп келе жатқан Шәріпханға
Ақыт:
Дегенде «жақсы» , «жақсы» қоқидыңдар,
Халықтан оқшау шығып шоқидыңдар.
Керейдің саңылақтарын құрықтасып
Түрмеге ере келіп шоқидыңдар, – деген екен.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Ақыт Үлімжіұлы шығармалары
Абай өлеңдері
Ж.Шәкенұлы «Қытайдағы қазақтар» – зерттеулер, Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2007 жыл.
Ж.Шәкенұлы «Қытай қазақтарының әдебиеті» Сын-зерттеу мақалалары. Алматы, «Politra Press», 2018 жыл.
Ж.Шәкенұлы құрастырған «Толғауы тоқсан қызыл тіл» – шешендік сөздер. Алматы:Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2008 жыл.
Жәди Шәкенұлы
Жазушы-академик