«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ АТА-ТЕГІ МЕН ХАНДЫҚ ТАҒЫНА ҚАТЫСТЫ КЕЙБІР ТҮЙТКІЛДЕР

Авторы tugurul
159 қаралым

Мейлы моңғол деректері болсын, мейлі өзге деректер болсын моңғолдың түп төркінін бөрілік тектен таратуды жоққа шығара алмайды.

Тарихшы Зардыхан Қинаятұлы моңғолдың жаратылыс тегі мен Шыңғыс ханға дейінгі хандар әулетіне тоқталғанда: «Бөрте Чино мен Коа Маралдан тараған ұрпағы Баташа ханнан Тэмужин-Шыңғыс ханға дейін 22 ұрпақ жалғасады» деп қарайды да, одан ары қарай ретімен «Бөрте Чино, Баташа хан, Тамашы, Хоричар мерген, Уужим Бурыл, Салихачу, Ике нуден, Сам Сошы, Қаршы, Боржигидай мерген, Торголжин бай, Добу мерген» деп 12 атаны таратады. Әрі: «аталған он екі ұрпаққа дейін  Бөрте Чино әулеті Қият деп аталады» дейді.

Осы тұжырым бойынша «Шыңғыс хан Қият руынан шыққан» дейтін дерекке қарағанда, Бөрте Чинодан Шыңғыс  ханға дейінгі жыл мерзімі (22 ұрпақ) бар-жоғы 500-550 жыл ғана болады. Сөйтіп Бөрте Чиноның 600-650 жылдар төңірегінде өмір сүргенін межелеуге болады. Демек, бұдан Қият руының қалыптасқанын кезеңін де 500-600-жылдардан ғана қарастыруға болады деген ұғым туады. Бұл кезең түркілер дәурендеген тұс еді. Олай болса ол дәуірдегі Қияттар түркілердің бір бұтағы ғана болып шығады.

Ал Мөде дәуіріндегі ежелгі түркілерді құраған тайпалар ішінде «Қият»-тың кезігуі де тайпа тарихының ұзақ әрі түркілермен сабақтасытын түсіндіреді. Атап айтқанда: «Модэнің басқарған елі күншығыста жиырма тайпадан артық тайпадан тұратыны жайлы олар: қыпшақтар, қыяттар, қайлар (оғыз), қырғыздар, динлиндер икюй т.б» деп көрсетіледі.

М.Мағауин өз деректерінде керей тарихына кеңінен тоқталып, Қияттар хақында, керейлердің «Татар, жалайыр, меркіт, найман, қият, басмыл және тарихи құжаттарда аты таңбаланбай қалған тағы бір тайпалармен тізе қоса отырып, жат жұрт басқыншылығына тосқауыл қойғанын» жазады.

«…1125 жылы Терістік Қытайдағы қидан өкімі біржола құлап, шүршіт тайпасы билікке жетеді. Енді Қара-қидан Ләуо мемлекеті Шүржен, немесе Цзинь (Шын) патшалығы атанады. Күшіне енген соң көп ұзамай-ақ ежелгі империялық саясатты одан әрі жалғастырады. Қорғаныс және шабуыл соғыстарын қатар жүргізген сақара жұртының  бастаушы ең негізгі қауымы – керей тайпасы болыпты. Шын мәнісінде Ұлы Даланы басым бөлігінде өз билігін орнатқан Керей хандығы Шүржен империясынан мүлде тәуелсіз, дербес ұлысқа айналады. Керейлердің бұл кездегі тікелей боданы әрі берік одақтасы –  қият руы екен».

«Марқұз-Бұйрық ханның өлімі – 1150 жыл шамасы. Бұдан соңғы заманда керей мен татар арасы мүлде ушықса, керей мен найман, керей мен меркіт арасы да татулықтан алыстаған. Ал қият пен екі ортадағы ежелгі туыстық, құда-аңдалық қатынас бұзылмапты».

Сөйтіп аталған деректер «керейлер мен қият екі ортадағы ежелгі туыстық, құда-аңдалық» байланысты айқын көрсетеді.

Жоғарыдағы Шыңғыс ханның ата-шежіресі одан ары қарай Добу мергеннен Боданшар тарайды деп қарайтын аңыз бойынша – «Боданшардан Есукей батырға дейін 10 ұрпақ, Олар: Боданшар, Хабч батыр, Мэнэн Туден, Хачи Хүлэг, Хайду хан, Байшинхор, Домбанай шешен, Хабул хан, Бардамбатыр, Есукей батыр» деп таратады.

Бір қызығы, соңғы таратылым бойынша шежірені жыл деректерімен сәйкестірсек, Боданшардың өмір сүрген кезеңі және ол туралы әр қилы аңыздың таралуы 850-900-жылдар төңірегіндегі оқиғалар болып шығады.

Бұл дәуір қытай деректері бойынша керейлердің «Цзубу»  деп аталатын, туыстыс рулар бірлестігі ретінде дәурендеген шағы еді. Оның сол дәуірдегі әйгілі мұрагерлерінің бірі ретінде керейдің Марғуз ханы дүниеге келген болатын.

Жоғарыдағы жылнамалық (салыстырмалы) деректермен қарағанда, Бөрте Чино, Боданшар аңыздары жұмбаққа толы арғы дәуірлердің емес, түркі дәуірлерінде, керейт мемлекеті қалыптасқан дәуірлерде орын алған болып шығады. Олай болса Шыңғыстың ата-бабаларының «теңіздің арғы жағынан келді» дейтін қисынсыз хикаясы қайта қарауды қажет етеді. Атап айтқанда, олар «теңіздің ар жағынан» да «аспаннан» да келген жоқ, түркілердің қайнаған ортасындағы солармен туыстас тайпалардың бір тармағынан шықты дейтін болжам шындыққа барынша жақындай түседі.

Ал енді, Шыңғыстың қашан, қалай хан тағына ресми отырғаны жөнінде тарихшылардың басым пайызы мән бермей өте шығатын – белгілі, алайда, көбінде ескерусіз қалатын кейбір түйткілдер бар.

Тарихи деректерге үңілгенде, Темужіннің хан тағына отыруын екі кезеңнен қарастыруға болады.

Біріншісі, Темужіннің өзінің туысқан тайпалары арасындағы хандық (сұлтандық) лауазымға ие болуы. Атап айтқанда, туысқандық одақ басшысы кезеңіне көтерілуі. Бірақ оның хан болғанын Оң ханнан (Тұғырыл ханнан) басқа ешкім білмеген, мойындамаған шақ болатын.

Екіншісі, ресми түрде хандық таққа отыруы, яғни, көрші елдерге өзін ресми хан ретінде жариялауы. Әлем тарихшылары ортақ «Шыңғыс хан» ретінде таныған кезі.

Көп тарихшылар осы екі мерзімдегі «хандық» дегенді дұрысынан түсінбейді. Тіпті көп сандысы оның алғашқы руластарының ішіндегі басшылығын Тұғырыл ханмен бой теңестірген, шен таластарған хан ретінде қарайды.

Лувсанданзанның «Алтын шежіресін»-де мынадай баян бар:

«Темүжінге ерген ұлыс тайпалар көші толастар емес. Кеңгістен Құғыс бастаған бір алқа қотан; Дәрітай кенже бастаған бір алқа қотан; Зендірден Мұқылакүл; Үжін саураннан бастаған бір алқа қотан ауылдарымен келіп қосылды. Бұлардың сыртында Жамұқадан бөлінген Шешен бекі мен Тайшы батыр екеуі бір-бір алқа қотан және де Тайшының баласы Алтын Құшыр бір алқа қотан; Қотала ханның ұлы Алтын кенже бір алқа қотан болып, Темүжіндер Кеміргі бұлағына қоныстанып жатқанда келіп қосылды. Темүжін Кеміргіден көшіп, Сеңкір өзенінің бойындағы қара жүрек тауының етегіндегі Көк көлге келіп қонды. Жаңа қоныста Алтын Құшар, Шешен бектер өзара ақыл қосып, Темүжінге бүй дейді: «Сені хан көтерейік! Хан көтеріп:

Олжалы соғысқа,

Аттанып бірге.

Ару қызын,

Орда үйін –

Жүзі сұлу ханымы мен

Жүйірік сәгүлігін

Желдіртіп айдап келейік.

Қашаған киік ауласаң,

Қайырып алдын берейік!

Тоғайдан киік ауласаң,

Тойтарып алдын берейік!

Қыр киігін ауласаң,

Құрсағын сығып берейік!

Түнеген жерін түгендеп,

Төгілтіп алдыңа салайық.

Жылға киігін ауласаң,

Жонын сығып берейік.

Жатқан жерін түгендеп,

Қағысқан кезінде –

Қалқаның болмасақ,

Елден безді деп,

Қара басты алғайсың!

Қырқысқан жеріңде,

Қорғаның болмасақ,

Қалың ұлыстан безді деп.

Қара басты шапқайсың!» – деп ант беріп, көк аспанға тағызым етіп, қара жерге бас иіп, тоғыз тұғырлы ақ туды тұғырына қондырды. Шыңғыс хан осылайша барыс жылы – өзінің қырық бес жасында, Онон дариясының бойында ұлы қағанат тағына отырып, тоғыз тұғырлы ақ туын тұғырына қондырды».

«Сонан Керейдің Тұғырыл ханына Тақай мен Сүкейді жіберіп: «Шыңғысты хан сайладық» деп айттырып еді, Тұғырыл хан: «Ұлым Темүжінді хан сайлағандарың өте орынды болыпты. Моңғолдар басшы болар ханы жоқ, қалай күн көрмек!» деп ризашылығын білдіріп:

«Бұл бірлікті бұзбаңдар,

Берекені жазбаңдар.

Біріңді-бірің сыйлаңдар!» – деп сәлем айттырады».

Аталған оқиға «Моңғолдың құпия шежіресімен» сарындас келеді.

Дегенменде, мұндағы «Шыңғыс хан осылайша барыс жылы – өзінің қырық бес жасында, Онон дариясының бойында ұлы қағанат тағына отырып, тоғыз тұғырлы ақ туын тұғырына қондырды» дегендегі «қырық бес жас» – әр түрлі сұрақтар тудырады.

Тарихи деректерде, бір-бірімен сәйкес келмейтін мәліметтер өте көп.

Айталық, кей деректерде, Есукейді 1118 жылы, Темужінді 1162 жылы дүниеге келген дейді. Енді бір деректе Есукейді 1125 көкшіл жылан жылы туып, 1170 ақшыл барыс жылы 45 жасында дүние салды дейді.

Рашид ад-дин болса Шыңғыс ханның 1227 жылы 72 жасында қайтыс болғанын жазады. Бұл бойынша қарасақ, Шыңғыс хан 1155 жылы дүниеге келген болады. Көп деректерде Шыңғыс ханның қайтыс болғанын 66 жаспен көрсетеді.

Енді бір деректе, оның 1189 жылы жиырма сегіз жаста моңғолдардың ханы болғанын жазады. Бұл дерек бойынша санасақ, Шыңғыс хан 1161 жылы дүниеге келген болады.

Демек, көп әдебиеттерде көрсетілген – Шыңғыс хан 1162 жылы дүниеге келген деректің өзі тиянақты емес. Соған қарамастан Шыңғыс ханның мерейтойларын атауда осы уақыт өлшем болып келеді.

Рашид ад-дин бір дерегінде:

««Чингиз» сөзінің мағынасы «гурхан» сөзінің (мағынасы) сияқты, яғни «күшті, ұлы патша». Ол иелікте соңғы уақытқа дейін, (яғни) нируун деп аталғанға дейін, ұлы патшаларды гурхан деп атау дәстүрі бар еді. Өзге адамдар атынан бұл атау орнығып қалғандықтан және оларға (ол атау) береке әкелмегендіктен, олар (муғулдар) Шыңғыс ханға дәл сондай мағынадағы, (бірақ) мұғул тіліндегі (Чиңгиз деген) атауды берді. Оған дейін оның есімі, әкесі атағандай Тимужин (Теміршың) болатын. Жұлдызшылар мен кейбір тарихшылар осыған сүйене отырып, оның патшалығының басталуын осы жылдан бастап есептейтін болды. Ол пікірге сәйкес келесідей кездейсоқтық орын алды: оның әкесі доңыз жылы дүниеден өткен еді және доңыз жылы патша болып, тағы да доңыз жылы дүние салды. Мұғул тарихында оның патшалығының бастауы ретінде наймандардың патшасы Таяң ханды өлтіріп, «Шыңғыз хан» лақабын алған жылды айтады» дегенді айтады.

Автор аталған еңбегінде – «Шыңғыс ханның жалпы өмір сүрген жылдарына сәйкес оқиғалардың баяндамасына» тоқталып: «Шыңғыс ханның өмірінің ұзақтығы жетпіс екі түркі жылы болған. Ол доңыз жылы болып табылатын қақа жылы дүниеге келіп, сол сияқты қақа жылында Таңғұт уәлаятында дүние салған» дейді.

Рашид ад-дин дерегін шындыққа жақын деп есептесек, жоғарыдағы жолдардан өте көп тарихи мәліметтер аңғарылады.

Доңыз жылғы жыл санаулар бойынша, сол дәуірдегі доңыз жылы –1155, 1167, 1179, 1191, 1203, 1215, 1227 жылдарға сәйкес келеді. Бұл көрсеткіш бойынша, мынадай жорамалдар жасауға болады:

Есукей 1167 доңыз жылы дүниеден өткен.

Шыңғыс хан 1155 доңыз жылы дүниеге келіп, 1203 доңыз жылы хан тағына отырған, 1227 жылы доңыз жылында қайтыс болған. Бұл болжам бойынша Есукей дүниеден қайтқан 1167 жылы Темужин жыл есебімен 12 жаста (мүшел есебімен 13 жаста) болады.  Шыңғыс ханның 1227 жылы қайтыс болуы да Рашид ад-дин дерегіндегідей 72 жасқа сәйкес келеді.

Темужіннің хан тағына отыруына қатысты деректерді де жоғарыдағы Рашид ад-дин дерегінен қарастыруға болатын секілді.

Атап айтқанда көрсетілген деректе, сол кездегі моңғол деректері бойынша «ұлы патшаларды гурхан деп атау дәстүрі бар» екен. Олай    болса Темужін моңғол ханы аталды дейтін 1189 жылы не үшін оны «гурхан» деп атамады? Керісінше, Жамуқа гурхан аталған. Сол жылы оның хан тағына отырғаны туралы қандай деректер бар? Онда ескі дәстүр бойынша қандай салт-дәстүр орындалды немесе Темужин есіміне қосымша қандай лауазымдық ат берілді? – шын мәнінде бұл сауалдарға моңғол деректері ешқандай нақтылы жауап бере алмайды. Бар болғаны «хан болғысы келді, елші жіберді», оған Тұғырыл хан: «Менің Темүжін ұлымды  хан көтеру өте орынды. Моңғол хандарсыз қалай болмақсыңдар сендер. Бірлік берекелеріңді бұзбаңдар; еп тірліктеріңді үзбеңдер; аға-жағаларыңды жыртпаңдар!» деп қайтара жауап жіберіпті» делінеді.

Ал қызығы, осыдан кейінгі, яғни аталмыш «хан сайланды» дегеннен кейінгі басым пайыз оқиғаларда Темужин хан ретінде емес, тек қана Тұғырыл ханның көлеңкесінде жүреді. Тіпті керейлердің бір бөлімін де Темужиннің басқаруына бергені көрінеді.

«1198 жылы Қытай мен татарлар одағының арасында соғыс өрті тұтанады. Керейлер Қытай жағына шығып, монғолдармен бірге жорыққа аттанады. Қытай мен керейдің біріккен әскері татарларды күл-талқан етеді. Сөйтіп Тұғырылға қытайша ван яғни «патша» атағын беріп, Орталық Азияның тәу­елсіз ханы деп мойындайды. Сол кезден бастап Тұғырыл Ван хан атанады». Ал Шыңғыс болса бұл ұрыстағы ерлігі үшін «үздік сардар» дәрежесіндегі ғана марапатқа ие болады. Тіпті оны ешкім де хан екен деп елеп ескермейді.

Шыңғыс ханды 1155 жылы туды десек, осы ұрыста ол 43 жаста болады. Егер оны 1162 жылы туды десек, онда ол осы кезде 36 жаста болады.

Демек, осыған дейін Темужиннің Тұғырыл ханның қарамағында, оған бағынышты болып «айтқанына көніп, айдағанына жүріп» келгенінде еш шүбә жоқ. Оның мысалы «Моңғолдың құпия шежіресінің» өн бойында тұнып тұр. Темужин қара бұлғын ішікті Тұғырыл ханға тарту еткен 1170-1175 жылдар шамасынан, керей ордасын қытай, татарлармен бірігіп шапқан 1203 жылға дейінгі 30 жылғы барлық сөзінде, сәлемінде Тұғырылдың атын атамай «хан әке, хан әкей, хан әкем» деп өтеді. Тарихта қай хан, патша өзі бағынышты болмаған ханды дәл осылай «әке»-леп өтті?! Ал керісінше қарағанда осы жылдар ішіндегі барлық оқиғада Тұғырыл хан Темужинді «балам» деп келеді. Темужин шынында да бір елдің дербес ханы болса, қалайша Тұғырыл оны отыз жыл бойы «балам» деп өтеді. Тарихшылардың дәлелдеуге тырысып, екеуаралық қатынасты «андалық» деп түсіндіруі де логикалық жақтан шындықтың тереңіне бойлай алмайды. Бастысы қандастық, әке-балалық, «төскейде малы, төсекте басы қосылған» бауырмалдықтың ізі көп екеніне назар аударған дұрыс. Ал оларға жауығушы елдер жағынан жасалған, туысқандығы жоқ, қастас ойлы, ірітуші идеялардың авторларының еңбегін де аса абайлап пайдаланған жөн.

Темужиннің Шыңғыс хан аталғанға дейінгі барлық тарихы Тұғырыл ханмен байланысып, бағынышты болып, тамырласып жатады. Тіпті екі әңгіменің бірінде Темужиннің бала-шағасы Тұғырыл ордасында қызмет етіп жүргені немесе солардың қамқорлығында болғаны аңғарылып қалады.

«Моңғолдың құпия шежіресі», «Жамиға-ат тауарих» сынды еңбектердің барлығының да Шыңғыстың ұрпағы немесе солардың хан ұрпақтарының ықпалымен жазылғанын ескерсек, он ғасыр бойы тарих Шыңғыс ханды күнгейіне, Тұғырыл ханды теріскейіне ұстауға тырысып келді. Соған қарамастан түркілер рухы, алтын іздері, Тұғырыл хан тұлғасы тұтас тарих бойынан асқақтап тұрады.

Рашид ад-дин өз шығармасында Шыңғыс ханның хандық таққа отыруына қатысты деректерін бірнеше рет қайталап отырады. Соның бірінде тағы да: «Шыңғыз хан Оң ханның әскеріне соққы беріп, қиратты және оның ұлына жеңіліс татқызып, (оларды) қашуға мәжбүр етті. Сөйтіп, керейт рулары оған бағынып, ол ұлыс пен мемлекет оның иелігіне өтті.

599 хижри жылының айларына сәйкес келетін туңқуз (доңыз) жылы болған осы жылдың қысында ол Тимаүн кихара (Тимаүн даласы) аталатын жерде аңшылық жасады. Сосын соғыстан жеңген және жеңіске жеткен күйінде, бақытты және көңілі тоқ (күйде) өзінің үйіне, құтты ордасына қайтып келді.

Оның осындай ұлы жеңіске жетіп, атына патшалық ісі (билігі) бекігендіктен, оған шартараптан (түрлі) қауымдар өз бойсұнушылықтары мен бағыныштылықтарын білдіріп келіп жатты. Ол осындай ұлы шапағаттың шүкіршілігі үшін үлкен жиын жасап, игі бұйрықтар мен берік жарғыларын бекітіп, бақытты күйде хан тағына отырды» дегенді айтады.

Сөйтіп, «… Ол керейттер патшасы Оң ханды, наймандар патшасы Таяң ханды жойып, сөйтіп оған Шыңғыз хан лақабы бекітілді» деген деректі ешкім жоққа шығара алмайды.

Рашид ад-дин мұндағы ресми таққа отыруды 1203 жылдың қысында дейді. Демек, түркілік мүшел есебімен есептегенде, доңыз жылының 1204 жылдың наурызында шығатынын ескерсек, таққа отыру дәстүрінің доңыз шығар қарсаңда (1204 жылдың наурызында) өткенін межелеуге болады. Бұл Рашид ад-дин ұсынған деректер негізіндегі болжам. Ал әлем елдеріндегі көптеген тархшылар таққа отыруға қатысты бұл оқиғаны 1206 жыл етіп көрсетеді.

Қалай болған күнде де, Темужиннің өз руластарының арасындағы сұлтандықпен ел басқаруын хандықпен шатастыруға әсте болмайды. Сахараның тұғырлы ханы Тұғырылдың қол астында жүрген бас әскери сардардың бірі ретінде, әр түрлі амал-айласы мен жасырын әрекеттері арқылы ханның билігін тартып алу күресінің оны тарих сахнасына көтергені айдан анық. Сөйтіп, түркілер жұртынан бой көтерген жаңа мемлекеттің тізгін-шылбыры Шыңғыстың қолына тиді. Оның өз дарынын танытуына әр түрлі мүмкіндіктер туды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

З.Қинаятұлы «Шыңғыс хан» Алматы, «Арда», 2008 жыл.

Қ.С.Қаражан, Ж.Әбсеметова, С.С.Саржанова «Қазақстан тарихы», Алматы.

2009 жыл.

Мағауин М. «Шыңғыс хан және оның заманы». Деректі тарихи хикая.-Алматы,  2011 жыл. 608 бет.

Лувсанданзан «Алтын шежіре» Моңғол тілінен аударған: Абай Мауқараұлы, Алматы, «Өнер» баспасы, 1998, 2009 жылдар. 47-48 беттер.

Пэрлээ Х. «Монголын түүхэнд урьд мэдэгээгүй зарим он цагийн мэдээ». УБ., 1956. 6-б.

Цэрэнбалтавтар. Тэмужин-Чингис Намтар. УБ., 2002. 164-б.

«Моңғолдың құпия шежіресі», моңғол тілінен аударған: М.Сұлтанияұлы, «Кіріспе» (Ц.Дамдінсүрін), «Өнер» баспасы, Алматы. 2009 жыл. 24 бет.

Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 2-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл. 220 бет.

«Моңғолдың құпия шежіресі» –  көне моңғол тіліндегі түпнұсқалық транскрипциясы, ғылыми мағыналық аудармасы мен түсіндермелерін, көрсеткіштерін жасаған Нәпіл Базылхан. Серия «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері». -I том.  -Алматы:Дайк-Пресс, 2006 жыл.

Қазақ ру-тайпаларының тарихы. XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл. Күзембайұлы А, Әбіл Е, Әлібек Т «Орта ғасырдағы Керей хандығы» мақаласы.

Жәди Шәкенұлы

Жазушы, Академик

Ұқсас жазбалар