«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

КЕРЕЙТ АТАНҒАН ТҮРКІЛЕР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ БАСҚА РУЛАРҒА СІҢІУІ

Керейт атанған түркілер

Ежелгі түркі ордаларының қара шаңырағы болған байырғы мекенге кереге жайған түркілердің ұлтанды бір бөлігі – керейттер болды.

«Керейлердің байырғы тарихы  –  ежелгі Хұннұ империясы кезеңінен бастау алады.  Хұннұларда  24 тайпалық одақ болды. Оның  құрамында ежелгі түрік тектес тайпалардың бірі керейлердің арғы ата-бабалары  болды. Алайда ол кездерде керейлердің арғы ата-бабалары өздерін   не деп атағаны бізге  беймәлім, ондай жазба деректер табылмаған. Дегенмен қазіргі Қазақстан мен Моңғолия жеріндегі хұннұ дәуірінің ірі-ірі қорғандарынан   табылған археологиялық зат-бұйымдардың көшпелі түрік, моңғол тектес этностарға ортақ» екендігі дәлелденіп отыр[1].

«Керейт атанған түркілер мен моңғолдар ең бері дегенде ІХ ғасырдан бері уақытта қанаттас тұрып жіті қатынасып келген қауымдар.

Керейттердің одақтасу географиялық орналасу тұрғысынан да моңғолдарға тиімді еді. Керейт, моңғол екеуі де Хангай жоталарына арқа сүйей әйгілі үш өзен (Хэрлэн, Онон, Туул) бойын мекен еткен жұрт. Керейттер Сэлэнгэ дариясы бойынан моңғол құмына дейінгі алқапты алып жатса Моңғолдар негізінен жоғарыдағы үш өзен бойын сағалап көшіп-қонып жүрді. Сөйтіп, бұл екі жұрт бір өзеннің суын ішіп, бір Хангайдың аңын аулап, ауылы аралас, қойы қоралас жатқан халық болатын. Тіл, мәдениет салтында да көп жақындық байқалатын. Бүгінгілер қалай десе, олай десін, әйтеуір аталған екі халық ХІІІ ғ. дейін араға аудармашы салмай бір-бірімен қатынасып келген жұрт»[2].

Бұл жайлар хақында Рашид ад-дин былай жазды:  Шыңғыз ханның әкесі Жесугей баһадүр мен Оң ханның арасында жақын көршілестік нәтижесінде ерте кезден толық достық пен келісім (орнаған) болатын. Жесугей баһадүр бірнеше рет Оң ханға жаугершілік шабуылдар кезінде көмек көрсетіп, (оны) қиын жағдайлардан құтқарған болатын. Және олар бір-бірімен «анда» деп атайды. Шыңғыз хан «сүйіспеншілік мұраға қалар» дегенге сәйкес, сүйіспеншілік жолымен жүріп, оны «әке» деп атайды. Оң хан керейт қауымының, қоңқотандардың және өзге де керейттер қатарына жататын рулардың патшасы болатын. Олар көп санды қауымдарымен, әскерлерімен, сондай-ақ көне патшаларымен даңқты болатын, әрі олар мағұл қауымдарымен мүшабахат (яғни, дәл ұқсас) келеді. Олардың дәстүрлері мен әдеттері де, ана тілі (ләхжәсі) мен луғаты да бір-біріне өте жақын (ұқсас)»[3].

«Керей – арыдағы Ұлы Ғұн мемлекеті, берідегі Ұлы Түрік қағанатының түп мекені, кейінде Татар Даласы атауымен мағлұм болған кеңбайтақ үстіртте ежелден қалыптасқан іргелі тайпалардың бірі. Ескілікті Қытайдың  «Цзинь шу» –  «Цзинь тарихында», миләди 284-287 жылдар оқиғасын баяндау барысында Ғұн ұлысының ұйтқысы болып тұрған он тоғыз арыстың қатарында  «хэлай»,  «хэйлан»  дейтін тайпа атауы таңбаланған. Керей (керейт) деп айғақтайды ХХ ғасырдағы қытай ғалымдары. Ежелгі тарихнаманың айтуынша, кейінгі керей (хэлянь, цюйлянь) –  шынында да көне ғұн жұртының тікелей ұрпағы. Бұл керей қаңлымен екеуі бір халық деп көрсетеді. «Батыстағы бөлігі қаңлы атанса, шығыстағы жұрты керей атанды», – дейді. Яғни арғы  заманда бұлар Қаңғалы (Теле–Гаогүй) бірлестігінің құрамында болды деген сөз. Сонымен қатар, зерттеушілердің байыбынша, кейінгі керей тайпасы, Керей патшалығы бұрнағы Түрік қағанатының сабақтас мұрагері болып табылады. «Олар халқының көптігімен, әскерімен және  бағзы замандағы хандарымен даңқты болды», – деп жазады Рәшид-әд-Дин. «Тайпаның түп атауы – керей, «д» («т»)  жұрнағы –  көптік белгі, сондықтан да керейт атанды», – деп жазған Ішкі моңғол оқымыстысы Сайшиял, ескілікті қытай деректеріне сүйене отырып»[4].

Моңғол тарихшысы Г.Сүхбаатардың пайымдауынша, элянь (хэрээд) атауы хұндар мен сәнбилердің аралас некесінен туғандарға берілетін болған делінеді[5].

Қазақ тарихын зерттеуші қытай ғалымы Су Бихай да керейлердің түркі ұлтының бір тармағы екенін, тілінің де түркі тілді болғанын айта келіп: «Осындай бір іргелі ұлыс әлбетте тек Юань патшалығы заманынан (Шыңғыс хан заманынан – ред) бері ғана пайда бола қалған жоқ. Ол тарихта ертеден болған. Ертеде Селенга өзенінің бір тармағы болған, кейін бұл жер Шығыс түркі қағанаты мен Біріккен түркі қағанатының саяси орталығы болды. Демек, бұл жер тарихтан бері түркі халықтарының үстемдік еткен аймағы»[6] дейді.

Кеңес одағының ғалымы Б.К.Козлов Оң ханның екінші астана қаласы Борсықтар өзені бойындағы Қара-хото жұртын қазып зерттеген. Ондағы християн дініне табынатын шіркеу абаттардан қағазға, жібекке орхон, ұйғыр, сирия жазуымен жазылған жазулар көп табылған… Оларды түркі тілінде, сирия тілінде жазған… Керейлер ғұн (һон) әдеті бойынша бұғы-маралды ерекше қадірлеп, оған табынып жүрген… Алтай, Жоңғар даласында, Енисейде жоғарыда көрсеткендей орхон жазуы бар құлпы тастар кездеседі. Олардың көбін жазған керей мен оңғыттар (уақтар)… Керейлерден қалған орхон жазуы бар құлпы тас Ибук-Туран өзенінің бойында тұр. Оған: «Алтын ілгек кісені білімге бұғұндым» (алтын ілгекті кісені беліме буындым) де жазылған. Бұл жазулар керейлердің түркі тілінде сөйлегендігін даусыз дәлелдейді[7].

Әбілғазы Баһадүр «Түрік шежіресінде» «Керейт елінің баяны» деген тақырыппен мынадай түсініктеме береді:

«Керейттің мағынасы – қара баран деген. Бір кісінің жеті баласы бар еді, барлығы да қара болды, сондықтан оларды керейттер деп атап кетті. Бұл да көне ел еді, жұрттары найманға бағынатын еді. Сондықтан, найманмен бірде соғысып, бірде жарасып жатар еді. Керейттердің Марғұз атты атақты патшасы болды. Оның Құржақыр, лақабы Бұйрық атты ұлы бар еді, оның балалары көп болды. Бір ұлының аты Тұғырыл еді, қытай патшалары оған Оң деп ат қойды, Оңның мағынасы – уәлаят патшасы деген болар. Шыңғыс ханмен соғысатын Оң хан осы болатын»[8].

Рашид ад-дин мен Әбілғазының пайымдауынша «керейт» атауының түбірінде «кері», «баран» сөзі жатыр. Бұл сөздің мағынасы түрік, моңғол, тұңғыс тілдерінде бірдей[9].

Шын мәнінде, керей тайпасы жыл санауымыздан бұрынғы II-III ғасырларда мәлім болған ұлыстар мен тайпалардың бірі. Қытай, парсы деректері және Әлкей Марғұлан секілді тарихшылар керейлерді «Санбилер тұсынан әлемге әйгілі қазақ тайпасының бірі» деп жазған. Керей атауының «керейт» түрінде кездесетіндігі хақында моңғол жазбаларынан қалса, Рашид-ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» кітабында, Әбілғазы Әл-Хорезмидің «Түрік шежіресінде» де бар екені туралы жоғарыда айттық.

Кейбір ғалымдардың пайымынша керейт атауы болса, ескі күндердегі, ғұн елінің «кер» немесе «ғар» сөзінен өзгерген. Оның сол замандағы мағынасына келер болсақ, «асқақ», «жоғарғы», немесе «биік» деген мағынаны білдіреді. Қазіргі қазақ тілі мен моңғол тілінде сақталған сөздер ішінде де кездеседі. Айталық, қазақ тілінде «асқар»,  «талғар», «құз-ғар» (құзар) т.б. сөздерді еске алсаңыз, керейт сөзі де өзіне тән ескі жалғау, жұрнақтары «-ейт» арқылы «асқақтар» немесе «өрелі ел» деген мағынаны білдіреді.

Қазіргі хакас тілінде  киреті – самұрық, алып құс, кир+ен – аққу[10], көне моңғол тілінде kerіye  –  хэрээ (қарға, қара түсті құстың бір түрі); kerіyegčin – хэрээгчин (құстың атауы), qon keriye – хон хэрээ (ірі құзғын), kermüči – хэрэмч (ақ түсті,  сілеусінге ұқсас құлақшынды құстың бір түрі)[11], манжұр-тұңғыс тілдерінде keren –  кэрэн  (қарға), kirekte – киректа (тоқылдақ) деген мағынаны білдіреді. Бұл сөздердегі ker (кер) – түбір сөзінің байырғы ортақ мағынасы «құс» дегенге саяды.

Сонымен қатар қыр+ан, қыр+ғи, қар+ға, қар+шыға, қар+лығаш, қыр+ғауыл, кер+ей, сұң+қар деген атауларындағы qar (қар) – qïr (қыр), ker (кер) түбір  тұлғалары   «қыран, жыртқыш, алғыр, аңшы құс» деген ортақ семантикалық өрiстi бiлдiредi. Көне түрік тілінде börü+ qut //qus «бөрi+құт»  – bürküt – бүркіт  дегенiмiз қасқырдай  құс, көктiң құтты иесi болмақ. Хакас тiлiнде бүркiттi қарақұс, киiкчiн деп атайды [12].

Бұған қоса Күлтегін, Білге қағанға арналған ғұрыптық кешендерінен табылған бес сайлы бөрік пен алтын тәждің құс бейнелері[13], Шыңғыс қаған қият-боржығын (бөрітегін)  әулетінің ақ  сұңқар (čaγan šiŋqor) кие тотемі, сондай-ақ  Махмұд Қашғаридің  «Түрік тілдерінің сөздігі», Рашид ад-диннің  «Жамиға ат-тауарих», Әбулғази Баһадүрдің «Шежире-и түрік», «Дафтар-и Чингизнаме» және жазба туындыларда  түрік, моңғол тектес этностардың  тотем, кие «оңғондарының»  барлығы қырандар, құстар  екендігі (бүркіт, сұңқар,  қаршыға, қырғи және басқалар )  айтылады.

Тіпт де,   Керей хандығының хандары – Qurčaqus Buyruq qan (Құрчақұс – «шапшаң алғыр құс») Бұйрық хан , Tuγurïl qan (Тұғұрыл хан – «жыртқыш құс») қызықты деректерді ерекше атауға болады[14].

Керей хандығы құрылған сәтте XI-XIII ғасырлардағы түрік, моңғол тілдерінде[15]  «Керей» деген атау болды және байырғы заманнан ұласып жеткен «Керей» сөзінің түбірі  «ker» болды[16]. Одан ker+ei  – kerei (Керей) ««қыран, жыртқыш құс» деген сөз туындаған. Олай болса, «Керей» деген атаудың мағынасы – «алғыр, қыран құс, жыртқыш құс» деген көне түрік  сөзі болғаны. Түрік, моңғол тілдерінде қазірге дейін ешбір өзгеріссіз  Керей,  Керейіт («-т» көпше түрімен бірге)  түрінде қолданылып келе жатуында соның дәлелі ретінде қарастыруға болады.

Аталған болжамдардың қай-қайсысымен қарасақ та керей атауының этимологиялық негізі түркілік тектен бөліне алмайтындығын көрсетеді.

Н.А.Аристов ХІ-ХІІ ғасырда Моңғол үстіртін мекен еткен Керейт, Наймандар туралы айта келіп, «олардың барлығы түрік тілді тайпалар болды… қазақтың қазіргі көп тайпаларының ішіндегі Найман және Керейлер Шыңғыс ханның тұсындағы Керейт, Наймандардың тікелей ұрпақтары» деп жазды[17].

Моңғол тарихшылары «моңғолдар және керейт, найман, татар, меркіт, ойраттар» деп түркі тектес тайпалар тобын үш өзен бойындағы ежелгі моңғолдардан бөліп қарап келді. Сондықтан болар «Моңғолдың құпия шежіресі», негізінен, тегі моңғол тайпаларының шығу тегі, тарихи шежіресіне мән беріп, жоғарыда аталған түркі тектес тайпалар тарихының тек моңғол тарихына қатысты тұстарына ғана тоқталған[18].

Керейттер, сөз жоқ, ежелгі түркілердің бір ұрпағы. Керейттер ХІ-ХІІ ғасырларда Моңғол үстіртінде билік құрған қуатты тайпа бірлігі болды. Моңғол тарихы керейттерді хандық (ханлиг) ретінде таныды[19].

Кейбір моңғол ғалымдары керейлердің тегін «моңғол текті» дегенге бейімдегісі келеді.

«Моңғол тарихшысы Санан-Сесеннің деректері бойынша моңғолдар Шыңғыс ханнның кезінде үш топқа бөлінген. 1. Еке-моңғол (ұлы моңғолдар). 2. Су-моңғолдар немесе татарлар (маңғыт, ұңғұт, шүршіт) және 3. Керейлер»[20].

К.Д’Оссон керейттерді өзінің салт-сана, мінез-құлқы, тілі мен мәдениеті жағынан моңғолдарға аса жақын болды деп жазады[21].

Дегенменде, «Шыңғыс хан тұсындағы моңғол тайпаларының этнотоптамасын жасаған К.Д’Оссон, қытай тарихшысы То Жи және Сайшаал найман, керейт, меркіт, қоңырат, уақтарды (онгууд) моңғол тайпалық тобына жатқызбайды[22].

Геграфиялық орналасуы мен тұрмыс, салт-дәстүрінің ұқсастығына байланысты екі ұлыс тығыз қарым-қатынаста болды. Тарихшылар мұны тайпа аралық қарым-қатынас тұрғысынан баяндап келді. Мұндай көзқарас көптеген зерттеушілердің керейттерді ХХ ғасырдың басына дейін «моңғол» деп есептеуіне түрткі болды. Қазіргі кезде керейттің түріктік тегі жайлы мәселе айтыс-тартыс тудырмайтын ақиқатқа айналып отыр[23].

Моңғолдардың керейді моңғол текті деуі шын мәнінде өздерінің түркі тектіге жақын болғандығын мойындағаны деп те қарауға болады. Алайда бізге жау пиғылмен қараушы үшінші топтағы империялар мен олардың әдебиеттері арамыздың ашыла түсуіне, мүлдемге қиыспайтын «бөтендігімізді» дәлелдеуге қызмет етіп келді. Ешкімде біздің жақын, туыстас болуымызға мүдделі болмады. Кешегі жоңғарлар жете алмаған көшпенді одақтың бірлігі, түркілік тектің тірілуі қай заманда болмасын көршілеріміздің құлағына түрпідей тиіп келді.

Олай болса, Керейлерді түрік тектес, түрік тілді этнос болған деген пікірлерге келсек – олардың әуелгісі Х. Ховорс [24], Г.Е. Грумм-Гржимайлоның пікірлері [25],  бұл зерттеушілер Керейді  түрік тілдес деп қарастырады, алайда олардың күдіктенген тұстары да баршылық.

Ал Н. А. Аристов [26], М. Тынышпаев, Ә.Х. Марғұлан [27], С. Аманжолов [28],  С.Мұқанов, М.Мұқанов, А.Күзембайұлы, М. Мағауин, Қ.Сартқожаұлы және басқа да зерттеушілер олардың түрік текті деп, түрік тілдес екеніне күмән келтірмейді. Әсіресе Сәрсен  Аманжолов қазақ тілінің тарихи диалектологиялық негіздеріне сүйене отырып, олар түрік тілдес болғандығы жайында  тарихи-лингвистикалық  тұрғыдан егжей-тегжейлі талдау жүргізді.

Түрік қағандығы, түркеш қағандығы дәуірінен (6-8 ғасырлар) қалған құлпытастар табыла, зерттеле келіп, жазба деректерді толықтағанның үстіне, керей, найман, қоңырат, жалайыр сияқты тайпалардың түркі тілдес тайпалар екенін дәлелдей түсті. Бұларды архологиялық қазбалар да растайды. Мысалы, Қарасулық архологиялық мәдениет шеңбері «… әлі күнге дейін толық зерттелмеген, ең көбірек таралған жері – Алтай-Саян тауларының қырқалары мен Енисей, Ов, Ертіс өзендерінің бас салалары», «сол Қарасулықтар кейінірек шыққан қырғыз, қыпшақ, арғын, найман, керей, моңғұл, алтайлықтардың арғы тегі болуға тиіс. Басқада толып жатқан мұрагерлік белгілерін айтпағанда, тек киізге (сырмаққа, текеметке, шиге, аяққапқа және т.б.) салған ою үлгілері қыпшақтың, арғынның, найманның біздің заманымыздың XVIII ғасырындағы үлгі-оюларына ұқсауы күшті»[29] Бұл Қарасу мәдениеті Хакас автономиялы облысы Биатен қыстағы Қарасу өзені жағасынан табылған, ол біздің заманымыздан бұрынғы VIII-IX ғасырлар мәдениетіне жатады. Бұл өңір ғұндардың және тиграхауда сақтарының шығысқа қоныс аударып жергілікті тайпаларға қосылған бөлегінің мекені болған. Сондай-ақ ертедегі қыпшақтар да бұл өңірге қоныстанған. Ендеше керейлер, наймандар, қоңыраттар, жалайырлар және уақтар сияқты қазақ тайпалары – дәл осы өңірді бұрын мекендеген түркі тайпаларының ұрпақтары екені анық[30].

Белгілі алтайтанушы ғалым Базылхан Бұқатұлы «Керей тайпасының арғы тегі кім?» дей келіп: «біздің эрадан бұрынғы үш мың жылдықта, яғни, бүгіннен есептегенде, бес мың жылдың алдында осы күнгі Қазақстанның, Моңғолияның, Орта Азияның ұлаңғайыр даласын, таулы өңірін көптеген тайпалар мекендеді. Солардың шығу тегі де жуық, әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі де жуық, түркі, моңғол тайпалары Алтағ (Алтай)-дан Ұлы Қыйаңқан (Хянган) жотасына дейінгі, Байкөл (Байкал, Байгал)-ден «қытайдың аққамалына» дейінгі өңірде, біздің жыл санауымыздың XIII ғасырына дейін де, көршілес мекендеді.

Қазіргі Моңғол Халық Республикасының жерінде XIII ғасырға дейін түрік тілді «Керей, Найман, Меркіт, Жалайыр, Қоңырат, Ұйғыр, Қырғыз, Татар» тайпалары мекендеген. Мәселен, МХР-ның шығыс өңіріндегі «Далайнуурдың» шығыс оңтүстігінде Татар тайпасы; Далайнуурдың солтүстігінде, Онон өзенінің шығыс өңірінде Жалайыр тайпасы – «Хамұқ моңғол» атты моңғол тайпасымен көршілес мекендеді. Меркіт, Ұйғыр тайпасы – Байқал  көлінің оңтүстік өңірі мен Көпсукөл (Хөвсгөл)-дің шығыс өңірін мекендеді. Қырғыз тайпасы – қазіргі Тува АССР-інің жерінде  мекендеп тұрған. Найман тайпасы  – қазіргі МХР-ның Увс, Баян-Өлгий, Ховд, Говь-Алтай, Баянхонгор аймағының жерінде мекендеген. Керей тайпасы – қазіргі МХР-ның Завхан, Архангай, Өвөрхангай, Төв аймағының жерінде, Бұлғын аймағының оңтүстігі мен Хэнтий аймағының батыс-оңтүстігі өңірінде мекендеген…

Моңғолиядағы қазақтардың тілінің (Керей тайпасы тілінің – Б.Б.) сөздік қорындағы негізгі түбір сөздерді көне моңғол тілімен салыстырғанда, сөздік қордың ортақтығы көп екендігі байқалады. Көне моңғол тілінің дыбыстық жүйесі, морфологиялық  құрылысы, диахрондық тұрғыдан есептегенде, негізінде сәйкеседі. Бұл сәйкестік, көне моңғол тілі мен керей тайпасының тілі ортақ екендігін дәлелдейді. Бұдан керей тайпасы , «моңғол тайпасы» деген қорытынды шықпайды. Олай дейтініміз:

1) Керей тайпасы – моңғол тайпа болса, Чингис хаған моңғол тайпасының басын қосып, ел еткенде, керей тайпасының ханы да, тіпті бір адамы да қатыспайды. Бұл – керей тайпасы өзара тілі жуық түркі тайпалар екендігін дәлелдейді;

2)  Чингис хаған, Керейді моңғол тайпа болса жаулап алмас еді;

3) Чингис хаған жоғарыда аталған түркі тайпаларын еркіне кіргізіп алғанда,  олармен тілмашсыз еркін сөйлесті дей аламыз. Егер, сол кездегі түркі, моңғол тайпаларының тілі өзара түсінбейтін бөтен болса, онда, Чингис хаған бұл тайпалармен тілмаш арқылы сөйлескен болар еді. Сол тілмаш туралы «Моңғолдың құпия шежіресінде» жазылған болар еді. Мінеки, осының өзі сол кездегі түркі, моңғол тайпаларының тілі ортақ екендігінің куәсі, яғни, сол кездегі негізгі сөздік қордың түбірлері – қазақ, қырғыз, ұйғыр, татар, қоңырат, жалайыр, меркіт тайпалары мен моңғол тайпаларының тілінде ортақ болды және қазірге дейін сақталды » дейді[31].

Керей хандығына енген негізгі тайпалардың санын Рашид ад-дин «200 мыңдай халқы бар еді» деп көрсетеді. Ал Арстов болса: «10 ғасырдағы керейлердің жан саны 900 мың адамға жеткен» деп жазған. Керей хандығы ХІІ ғасырдағы Маркуз Бұйрық ханның тұсында гүлденіп-көркейген әйгілі мемлекетке айналды. Орта ғасырлық жазбалар Керейлер елін «Алтын кеседен ас ішіп, алтын ер-тұрман сайлаған бұл халық еді» деп көрсетеді.

«Қазақ елі туралы айтқанда Керейт хандығы туралы үндемей кету тарихымызды жартыкеш баяндауға алып келеді. Батыс Моңғолия аймағында құрылған бұл мемлекетті әлі күнге дейін қазақ тарихына кіргізбей жүрген тарихшылар бар. Әдетте, Керейлер мен Керейттердің қазақ халқын құраған тайпалар екендігін мойындаймыз да, ал олардың байырғы Батыс Моңғолия аймағында өмірге келген алғашқы мемлекетін мойындамаймыз. Нағыз парадокс осы емес пе?»[32].

Қазіргі моңғол сахарасында XIII ғасырға дейін жасаған түркі тайаплардың «сан жағынан көбі, ықпалы күштісі керей тайпасы еді. Олар, негізінен, Хангай, Ханти жоталарының арасын, Орхон, Тула өзендерінің бойын мекендеді»[33].

Демек, Керей тайпасының тарихы  қазақтың өзге тайпаларының тарихы сынды ежелгі дәуірлерден бастау алып, сан-қилы өзгерістерімен  өрілген. Алайда, осы орайда керей тайпасының тарихы мен қазақ халқының тарихы ала-бөтен деген түсінік тумайды. Өйткені, бүгінгі қазақ халқының арғы ата-бабаларының тегі байырғы сақтар, хұннұлар, көне түріктермен, байырғы ұйғырлармен, қыпшақтармен тікелей байланысты.  Антрополог ғалым, академик Оразақ Смағұловтың ғылыми қорытындысы бойынша  қазақ халқының биологиялық жақын ата-бабалары  хұннұлар мен түрік тайпалары болды[34].

Керейлердің түркі текті болғандығының тағы бір дәлелі – кейінгі дәуірлерде қалыптасқан түркі ұлттары құрамында керейт руларының көптеп кезігетіндігі дер едік. Атап айтқанда керейлердің шашыранды бөліктері өзге түркі ұлттарының құрамын толықтыруға да өзіндік ықпалын тигізіп отырған.

Қазіргі түрік елі құрамындағы тұрғұттар да өз тектерін торғұт-тұрғақ сынды ежелгі керей тайпаларымен байланыстырады.

Қырғыздың доолос тайпасының герей руы,  башқұрлардың ішіндегі Гэрэй тайпасына кіретін қарағай, санкем, бушман және суун рулары, т.б. көптеген рулардың ежелгі тегі керейлермен байланысады.

Башқұрт шежіресіндегі «керей» термині Уфа өзенінің сағасындағы қоңырат-қыпшақ  конфедеренциясы билеушілерінің ордасы орналасқан Тура – Тау қаласымен байланыстырылады. Башқұрттың Юмран – Табын шежіресінде Уфа өзенінің сағасында өмір сүрген Герей хан туралы айтылады [35]. Д.Соколов талдаған Башқұрт шежіресінде Керей ханның сарайы туралы «нагоре на кургане» – деп, оны зерттеуші Уфаның сағасындағы Туратаумен байланыстырады[36].

Бұхар және Хиуа хандығындағы өзбектердің арасында да керейлер бар екені тіркелген[37].   Бұл аймақта керейлер XIII ғасырдағы Мұхаммед Шайбанидың 92 Өзбек руының құрамына кіреді. А. Валиди Тоган былай деп көрсетеді: «узбеки ( Оzbek) повесместно именуются «doksan iki boy Ozbek»  (Узбеки 92 племен). Бұл жерде бай тайпа дегенді білдіреді… Өзбектерде осы 91 рудың аты аталған түп нұсқаны таратып жазған шежіре бар… Бұл шежіренің Алтын Орда ( altin orda) дәуіріндегі яғни маңғыт-ноғай, қазақтың бөлініп шыққанға дейінгі ру-тайпаларын санамалап беретіндегі күмәнсіз[38].

Қазіргі өзбектерде дара тұрған керей руы жоқ, бірақ, керейдің марқабаласы бірлестігінде [39] өз руының, сондай-ақ Шығыс Бұхар, Хорезм қоңыраттарының құрамында ашамайлы[40], Ауғанстандағы өзбектерде минг руы[41]  тармақтары бар. Бұдан басқа өзбектердің кенегес тайпасында абақ және ашамайлы рулары бар.

Керей ұрпақтары қарақалпақтарда да көп кездеседі. Қоңырат конфедеренциясына кіретін ірі ашамайлы бірлестігі бар. Қарақалпақ қоңыраттарды шуллук және жаунгыр (зуунгар) деген екі бөлімнен тұрады. Шуллук Қият, Ашамайлы, Қолдаулы, Қостамғалы, Балғалы, Қандеклі, Қарамойын, Мүйтен руынан құралады. Ашамайлы саки, қарақожа, жаланғаяқ, айыллы, қабасан, түркменқара, жапар, сары, абыз, ақай, панқара, үшбас, құрама деген 13 рудан тұрады. Сондай-ақ, өзбек пен қарақалпақ керейлерінің (ашамайлы) қоңыратпен байланысы және башқұр герейлеріндегі бақылау да өздеріне көңіл аудартады.

Осылайша, біз Шығыс-Дешті Қыпшақ тұрғындарының XVI ғасырда Мұхаммед Шайбани өзбектерінің құрамында Мауереннахр жеріне көшіп келген өзбек пен қарақалпақ керейлерінің және ашамайлы ұрпақтары деп есептей аламыз[42].

Түркмен тайпасы  арасында герейлі руы бар, оның кейбір белгілерін кереймен байланыстыруға болады. Чандырдағы Жарты-Қала мен Қызыл-Имамда және Сумбара өзені құятын Шарлауықта (Шарлоук) орта ғасырлардағы зираттарда биіктігі 5 метрлік тас бағанды құлпытастар бар. Онда адамның пішіні ойылып салынған (мұсылман дінінің тыйымы болғанына қарамастан) және шеңгел сияқты шиизмге жататын атрибут және басқа белгілер де бар. Бұл жерде тұратын түркмендер-гоклен және йомудтар бұл құбылысты герей тайпасымен байланыстырады[43] . Каспийдің оңтүстік-шығысында және Огурчин аралында орналасқан орта ғасырдағы герейлер өз алдына тайпа болған. Түркмен этнографы С.Атаниязов герейлерді қазақ керейлерінің туыстары және Моғұлстан керейлерінің ұрпақтары деп есептеген[44] . Қазіргі герейлі (герей) дюеджі, йомуд, теке тайпаларының құрамына кіреді. Дәстүрлі жазбада герейлі Оғұз ханның ұрпағы ретінде оғұз ханның 6 ұлының ішіндегі күңінен туған  баласының ұрпағы деп есептейді: «назовем имена сыновей, родившихся у этих шести сыновей Огуз-хана от наложниц. Однако какой из них от [какого] из сыновей [Огуз-хана] – не известно. [Вот их имена]: Кене, Кyне, Турбатлы, Гирейли, Султанлы, Оклы, Кoкли, Сучлы, Хорасанлы, Йуртчы, Джамчи, Турумчи, Кумы, Соркы, – его [потомков] теперь называют сорхы, – Курджык, Сураджык, Караджык, Казыкурт, Кыргыз, Тикин, Лала, Мурдашуй, Сайыр»[45].

Түрікмен этнографы А Джикиев түрікмен тайпасындағы герейді VIII ғасырдағы оғыз түркменмен байланыстырады [46]. Алайда, Әбілғазы баһадүр шығармасының кеш жазылғанын ескере отырып, герейлінің қырғыз және тикин сияқты оғыз  этнониніміне жатпайтын сөздерімен бір тізімде тұрғанын көргеннен кейін біздің шынайы көзқарасымыз бойынша герей Дешті-Қыпшақтағы керейдің ұрпағы. Рашид-ад-диннің жазғанында Оғыз ұрпақтарынң ішінде герейлі жоқ, Әбілғазы баһадүр бұл персонаждың болғандығын айтады. Осыларды ескере отырып, керейдің шамамен XIV-XVI ғасырларда түрікмен тұтқындары құрамына еніп кеткендігін айтуға болады.

Қазақтың ең жақын туысы ноғайдың да «керей» трибониміне байланысты туыстық топта екені байқалады. Осылайша орта ғасырда да маңғыттарда да  керей сөздері сақталса. Яғни олардың түп атасы бұзаулық-керей болған[47] . Онан басқа  үйсін руында ашамай деген бар.

Қырым гирейлерінің негізін салушы Хаджы Керей сұлтанның жоғары көтерілуінде керей тайпасынан шыққан қырым ноғайларының үлкен рөл атқарғаны хақында  К.Э.Босворт Қырым хандарының генеологиясына арнаған еңбегінде де баяндаған[48]. Керей руының атының шығуы туралы осындай ой-пікірлерді белгілі қырым-татар тарихшысы профессор Халил Иналджикте ұстанады[49]. Ресейдің ірі шығыстанушысы В.В. Бартольд Хаджи-Герейдің екінші аты  ханзаданың арғы аталары керей руының шығуына байланысты болған деп есептеген[50].

Хаджы бұл атақты өзінің ұрпақтарына мұра етіп беріп кетуді сол кезде мақсат ете қоймаған сияқты. Оның ұлдарының ішінде тек қана Менлы Дирей деген атты алып жүретіндей мансапқа ие болмаған. Не әкесінің мұрагері атанбаған. Есесіне Менліден кейін бұл ат осы әулеттің әрбір ханзадасына беріле бастады. Кейін Қырымда арғын, шырын, барын деген рулар пайда бола бастады, бірақ, керей деген этноним сол елді мекеннің аты болып қалып қойды.

Камераль жазбаларында 1771 жылы Қырымда Қарақұр қадықлықтары Керит, Качи Беш Парсы қадықлықтарының Джан-герей[51], Маңғыт қадықлықтарының Көк-герей[52], Керей және Абақ Сақал қадықлықтарының[53], Самарчик Керейт қадылықтары, Керей және Күшік-Керей Четырлық қадықтары[54]  ауылдары болғаны айтылады.

Орталық  Поволжьеге кірген керейдің жеке топтары угрофин халқының құрамына сіңіп кетті. Керебеляк атты марий ауылының шығу тарихы кереймен байланысты. Бұл ауылдың пайда болуы туралы марий әдебиетінің негізін салушы Сергей Григорьевич  Чавайн өзінің «Иыланда» атты әңгімесінде былай жазған. Керей, Қарай, Шығақ атты ағайынды үш жігіт Еділ өзенінен өтеді. Сонан кейін өздерінің көшіп келіп орналасуына қолайлы жерді таңдау үшін көздерін байлап, үш рет айналып, садақпен атады да, оқтың бағыты бойынша тұратын жерді белгілейді. Қарай қазіргі Мари республикасының Қазан қаласына жақын Волжа ауданына орналасады. Эл Шығақ Юмут өзенінің оң жақ жағалауын таңдайды. Оның бойы ұзын болғандықтан оны Кугу Шигак деп атайды. Соған орай ол ауыл Болшое Шигаково атанады. Керей Юмут өзеніне өтіп орманның шетіне қазіргі Филипсола ауылына орналасады. Ол жер құмдақ, құнарсыз еді,  оған Керей – аң аулап та өмір сүре аламыз, тіпті мұнда үйдің терезесінен қарап-ақ ағашта отырған құсты атып алуға болады, – деп жауап береді. Кейін Керейдің ұрпағы өсіп көбейеді. Соған байланысты бұл ауыл Керебляк деп аталды. Марий тілінде керей-влак тұқым яғни керей тұқымы деген сөз. Уақыт өте келе Керей-влак дыбыстық өзгеріске ұшырап Керебляк болып айтылады [55].

Аталған әдебиеттер А.Күзембаев, Е.Әбіл еңбектерінде де келтіріліп, керейлердің түркі ұлттары құрамында молынан ұшырайтыны кеңінен баяндалады.

Түркі қағанаттарының жалғасы болған Керей, Найман, Қоңырат, Қыпшақ, Меркіт, Оңғыт(Уақ), Татар, Мұғул (төрелер), Жалайыр, Арғын, т.б. тайпалары бүгін де қазақ мемлекетін қалыптастырушы ежелгі ұлыстар саналады.

Түркі керейттердің кейінгі мұрагерлері – керейлер Тұғырыл хан, Шыңғыс хан дәуірінен кейін қазақтың Орта жүз құрамындағы керей руы мен Кіші жүз құрамындағы  керейттердің қалыптасуына негіз болды. Керейттердің аздаған бөлегі Ұлы жүз құрамына және Орта жүздің найман руы құрамына сіңіп кеткен.

Орта жүз керейлері – Абақ, Ашамайлы, Тұрғақ сынды үш рудан құралады. Кіші жүз керейттері туралы төменде сөз болады.

Жалғасы бар…

 

Пайдаланған әдебиеттер:

[1] Руденко С.И: «Хуннские изобразительное искусство, представленное только что рассмотренными вещами, по видимому, теснейшим образом было связано с изобразительным искусством других Евразийских коневодческих племен данной эпохи и в первую очередь со «сако-юечжийскими»  и другими южносибирскими племенами, искусство которых нам хорошо известно по Сибирской коллекций Петра 1     и раскопом на Алтае»  //  Культуры Хуннов и Ноинулинское курганы .  М.,Л., 1962. – С.76.

[2] З.Қинаятұлы «Шыңғыс хан» Алматы, «Арда», 2008 жыл. 128-129 беттер.

[3]  Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих». Фолиант, Астана. 2018 жыл.

[4] Мағауин М. «Шыңғыс хан және оның заманы». Деректі тарихи хикая.-Алматы,

2011 жыл.-608 бет.

[5] Сұхбаатар Г.Сяньби. УБ., 1971.55-б.

[6] Су Бихай «Қазақтың жалпы тарихы», 2-том. Ауд: Т.З.Қайыркен. «Асыл кітап» баспа үйі, Алматы. 2019 жыл. 223 бет.

[7] Н.Мыңжани «Қазақтың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, Үрімжі.

1987 жыл.

[8] Әбілғазы. «Түрік шежіресі». – Алматы 1995 жыл, 14 бет.

[9] Бұл да сонда.

[10] Бутанаев  В.Я. Хакасско-русский историко-этнографический словарь. – Абакан,

  1. -С.44

[11] Sečenčoγtu   Mongγol üges-ün ijaγur-un toli . Öbür  mongγul-un arad-un keblel-ün qoriy-a. Köke qota, 1988.- 1257.

[12] Базылхан Напил  «Қыран құстың этносимволикасы: тарихи-этимологиялық шолу» // «Рух-мирас» альманагы. – 2004.- № 1 (1). – 52-54-бб.

[13] Базылхан Напил  «Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері» (Орхон, Енисей, Талас) // Серия:«Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері» -II том. –Алматы: Дайк-Пресс, 2005. -252 +144-б жапсырма.

[14] «Моңғолдың құпия шежіресі»  (көне моңғол тіліндегі түпнұсқалық транскрипциясы, ғылыми мағыналық аудармасы мен түсіндермелерін көрсеткіштерін жасаған Напил Базылхан). Серия «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері» -I том.  -Алматы:Дайк-Пресс, 2006.-400-б.

[15] Базылхан Бұқатұлы  Қазақ және моңғол тілдерінің салыстырмалы-тарихи грамматикасы (Морфология). Алматы, 2000, 218, 395 жыл.

[16] Кейбір зерттеушілер  керей атауының түп-төркіні көне түрікше «кереге, керегелі үй» деген мағыналы  kerekü – keregü – kere’ü – kerei   деп болжаса, енді біреулер түркілердің байырғы жұрттарының бірі – «Керлін (Керулен) өзенінің тұрғындары» атауымен байланыстырады.

[17] З.Қинаятұлы. «Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түрік тайпалары: ІХ-ХІІ ғасырлар «Елорда » – Астана. 2001, 46-52 беттер.

[18] Д.Гонгор. Халх товчоон. т.1.-УБ., 1978, 72.83-бб.

[19] Бұл да сонда. 87-б.

[20] «Қазақ руларының шежіресі». Жауапты шығарушылары: Ж.С.Әбдіхалықов, Ж.Жағыпаров. «Қаламгер» шығармашылық алқасы. Целиноград қаласы. 1991 жыл. 19 бет.

[21] К.Д’ Оссон. От Чингисхана до Тамерлана. -Алматы, 1996.С.47; Саундерс Ж.Ж.

[22] Бұл да сонда. С. 202-204.

[23] «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы» (ежелгі және ортағасырлық кезең). Монографиялық зерттеу. – Алматы: «Адамдар» ЖШС. 2007 жыл. 223 бет.

       [24] Howorth  H.H. History of the Mongols from the Ninth to the Nineteenth Century. Vol.1-3. London,  1876-1888.vol.4. Supplement and Indexes. -London, 1927.

       [25] Грумм-Гржимайло Г.Е.  Западная Монголия и Урянхайский край. Том второй. Исторический очерк этих стран в связи с историей Средней Азии. Составлен Г.Е. Грумм-Гржимайло .Л., 1926.(-898). 409-418.

[26] Аристов Н.А. Труды по истории и этническому составу тюркских племен. -Бишкек, 2003.(-460). 126-128.

[27]  Марғұлан Ә.Х.  Қазақ жазуының тарихы // «Жұлдыз» журналы. -Алматы,

1984 жыл. № 8,  203-205 б.; Марғұлан Ә.Х.  Найман,  Керей,  Оңгiттердiң  жазулары // «Жұлдыз» журналы. -Алматы , 1991. 70-76 б.

[28] Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка .Часть первая. – Алма-Ата, 1959. (-452.). 7-126.

[29] М.Ақынжанов «Қазақтың тегі туралы», Алматы. 1957 жыл, 120-122 бетер.

[30] Жақып Мырзаханұлы. «Қазақ халқы және оның салт-санасы», Шынжаң халық баспасы, Үрімжі. 1992 жыл. 196 бет.

[31] Базылхан Б.  «Моңғолиядағы қазақтардың тілі» . – Улаанбаатар-Өлгий (1980), 1991.-267 (3-5); Базылхан Б.  «Моңғолия қазақтарының тілі және оның кейбір алтай тілдеріне қатысы». Баспадан шыққан еңбектері негізінде филология ғылымдарының докторы атағын алу үшін жазылған ғылыми баяндама. Алматы, 1993 жыл. 8 бет.

[32] Талас Омарбеков, «Керейт (Керейлер) хандығы». «Ана тілі газеті» 25 мамыр, 2011 жыл.

[33] Ислам Қабышұлы «керейлер керуені» «Өлгей» баспасы. Баян-Өлгей, 1978 жыл. 10 бет.

[34] Смағұлұлы Оразақ, Бекетайқызы Күлән, Оразаққызы Айнагүл    «Алтай қазақтары»: тарихи-антропологиялық зерттеу. – Астана, 2003, 53-беттер.

[35] Юсупов Ю.М. «История  Башкортостана XV-XVI веков». –Уфа:Гилем, 2009, -127 бет.

[36] Бұл да сонда, -126-127 бет.

[37] Ханыков Н. В. Описание Бухарского ханства. – СПб. 1843, – 66 б.

[38] Валиди Тоган Ахмед Заки. Происхождение казахов и узбеков // http://odnapl1yazyk.narod.ru/uzbekkaz.htm

[39] Каюмов А. Узбекские племена и роды//Этнический атлас Узбекистана. –Ташкент, 2002. -328 б.

[40] Бұл да сонда, -322  бет.

[41] Валиди Тоган Ахмед Заки. Происхождение казахов и узбеков // http://odnapl1yazyk.narod.ru/uzbekkaz.htm

[42] Қазақ ру-тайпаларының тарихы XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл.

[43] Қазақ ру-тайпаларының тарихы XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл.

[44] Атаниязов С. Этнонимы в туркменском языке. – Ашхабад: Ылым, 1994. – 93 б.

[45] Родословная туркмен. Сочинение Абу-л-гази, хана хивинского.  Изд. АН СССР. –М.-Л., 1958. – 51 б.

[46] Джикиев А.. Туркмены Юго-восточного побережья Каспийского моря. – Ашхабад, 1961. – 20 б.

[47] Трепавлов В.В. История Ногайской орды. –М., 2002. – 501б.

[48] Босворт К.Э. Мусульманские династии. Справочник по хронологии и генеалогии. Перев. с англ. П.А. Грязневича. – М.: Наука, 1971. – 209-212 б.

[49] Inalcik Н. Giray/ Emel, 1967. – N 41. – S.9-10

[50] Бартольд В.В. Гирей // Сочинения. – М.: Наука, 1968. – Т.Ч.- 522 б.

[51] Камеральное описание Крыма, 1784 года // Известия Таврической ученой архивной комиссии. Том 6. 1888. -42-44 б.

[52] Сонда, -56 б.

[53] Сонда, -63 б.

[54] Сонда, -64 б.

[55] zhurnal.lib.ru/k/kochujushie2/1142ker.shtml.

Жәди Шәкенұлы

«Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» кітабынан

Ұқсас жазбалар