«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

КЕРЕЙТ АТАНҒАН ТҮРКІЛЕР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ БАСҚА РУЛАРҒА СІҢІУІ. ЖАЛҒАСЫ:

Кіші жүзге сіңген керейттер

Тарихи деректер мен құжаттардың дәлелдеуінше керейттердің Шыңғысханға қосылған бөлігі оның империясының іргетасын қаласып қана қалмастан, түркі тайпаларымен бірге Алтын Орда мемлекетінің қалыптасуына да ұйтқы болды.

Батысқа қарай ығысқан керейттер жөнінде М.Тынышбаев: «1203 жылы керейттер Шыңғысханнан жеңіліп, оған мойынсұнды, ал бағынбағандары монғолдар талқандаған меркіттердің бір бөлігімен батысқа қашты. Соңына түскен Шыңғысқан әскерлері оларды 1216 жылы Торғай облысы аймағында соңғы рет бас көтермейтіндей етіп жеңді. Біздіңше, Кіші жүздегі Жетіру құрамына енетін керейттер – осы босқын керейттердің ұрпақтары»[1] – деп жазған.

Бұл деректерді В.В.Востров пен М.С.Мұқанов та қолдап, Ш.Уәлихановқа сілтеме бере отырып: «… керейттердің қазақтарда қалған азғана бөлшегі Кіші жүзге қосылды»[2] десе, осы пікірді З.Қинаятұлы да растап, қазіргі Жетірудағы керейттерді солардың тікелей ұрпағы деп қарайды[3].

Зерттеуші ғалымдардың басым пайызы «Керейт» атауындағы «т»-ны көпше жалғауы ретінде қарастырып, «т»-ның түсіп қалуынан керей атанғанын алға тартып, «керейт, керей» сөзін бір мағынадан іздеп, екеуін бір ғана тайпа атауы есептейді. Н.А.Аристов, В.В.Бартольд, Р.Г.Кузеев, С.А.Аманжолов сияқты ғалымдар да бұл пікірге қосылады.

«Монғолдармен Орта Азияға келген керейттердің орналасуы туралы мәліметтер тек ХІV ғасырдан бастау алады. Тарихи деректерге сәйкес XIV-XV ғасырларда керейттер Іленің сол жағасында және Ианги (Тараз) ауданында қоныстаны Моғолыстан қарамағындағы өз алдына дербес аймақ болған. Шыңғысханмен бірге келген керейттер бірден Іле, Талас, Шу өзендерінің бойларында Дулат, Қаңлы тайпаларымен көршілес отырып қоныстанған. Шыңғыс ханның Тайбұғаға Батыс Сібірден жер бөліп бергендігін ескерсек, оның Орта Азияны жаулауға өзімен бірге келген керейттерге осы аймақтан жер үлесін беруі мүмкін дегенді тарихшылар жоққа шығармайды. Уақыт өте келе керейттер басқа тайпалармен бірге Моғолстанның негізгі әскери күшерінің біріне айналып, алғашқы Моғол ханы Тоғылық Темірдің Мауереннахрды бағындыру үшін жасаған жорықтарына қатысқан. Ақсақ Темір мен оның ұрпақтарының Моғолстанмен саяси байланыстығы кезінде де керейттер аталады»[4].

Сөйтіп,  ХІІІ-ХIV ғасырда шығыстан Шыңғыс хан әскерімен бірге келген керей тобы жергілікті қыпшақ тұрғындарымен белсене араласып, мемлекеттің түрлі ағарту және саяси бірлестіктеріне кіріп, Қазақстанның солтүстігінде Тайбұға ұлысын, Жетісуда Моғұлстан, Орталық Қазақстанда және Аралда керей-қоңырат одағын қалыптастырған. Керейлер алғашқы он жылдықта қыпшақ ортасына тез бейімделіп басқа рулармен бірдей қазақ халқының этногенезіне түрліше ықпал етті. Кіші жүз құрамына сіңген кереттер де Жетіру бірлестігінің негізгі бөлегі саналды.

Қазақ жүздері арасындағы көмескіленген ескі тарих іздерінде ашылмаған сырлар да көп.

«Ақсақал-Абақ батырды үйсіндердің ата-тек шежіресіне былай жатқызады: Ақарыс (Байшора) – Ұзынсақал Ыбырайым (Жұмабай) – Күрті –Кейкі би – Төбе би – Майқы – Бахтияр – Үйсін Ақсақал (Абақ) – Айдарлы – Қараш – Бәйдібек – Жайменбет – Ысты – (ұлдары Ойық және Тілік).

Ұлы Жүз қазағы мен Кіші Жүз керейлерін тағы бір қатарластық байланыстырады. Керейдің ата-тегін қуғанда туыстық тармақтары: Керей (Кереит) – Күрзіхан (Ақсақал батыр) – Бозаншар – (ұлдары Еспембет және Қоспамбет) болып келеді.  Бозаншардың ұлдары туралы аңыз керейді Ұлы жүзбен байланыстырады. Бозаншылардың әйелі мен барлық балалары қайтыс болады да ұрпақ қалмайды Кереймен Бозаншар қайта үйленіп, екі ұлына той жасайды. Қонақтар біз кеткен соң саған байлық қой болып келеді, сондықтан құлағына ен сал, осы ұлдарыңның ұрпақтары сол таңба бойынша аталады дейді. Қонақтар кеткен соң Бозаншор қойдың құлағына «тілік» белгісін, ал, әйелі «ойық» салады. Міне осы таңба бойынша Еспенбет ұрпағының таңбасы Ойық, Қоспанбеттігі Тілік болады. Ұлы жүздің Ысты руының Ойық, Тілік деген екі тармағы бар. Олар – Ысты ұлдарының аты»[5].

Біз осылайша керейдегі Абақ батыр, үйсіндегі (Ысты) Ақсақал – Абақ, кереит Ақсақал батыр бәрінің прототиві бір адам деп сеніммен айта аламыз. Ал, бұл олардың арғы түбі қазақ болғандығын көрсетеді. Біздің байқауымызша Күрзіханды керейтпен, Күртіні үйсінмен, Құржақұс ханды орта ғасырдағы кереймен байланыстырудың болашақта маңызы зор болмақ.

Зерттеушілер Кіші жүздегі телеу мен төртқара руларының кереймен түп-тамыры бір екенін көрсетеді. Телеу – Жетірудың біріккен тайпалық аты. Телеу этнонимін зерттеушілер VІ ғасырда түрік қағандығына енген ертедегі теле руына – төрт негізгі тармақ: ажиахмет, ноғай, самат, керей кіреді[6] деп қарайды.

Жетіру бірлестігінің құрылуын қазақ халқы Тәуке ханның қайраткерлігінің арқасында болған деп есептейді. Ол туралы: «который соединил слабые 7 родов Средней Орды в один союз и включил в Младшую»[7].

Аталған мәліметті Левшин дерегі де қуаттайды: «Кіші орда ең бастысы Алшын руы мен жеті ұсақ рудан құралды, осы ұсақ тайпалар өзара қырқысу мен араздасу шайқастарына төтеп бере алмай, алшын тайпасымен күресуге әл-дәрмені жетпей, әйгілі қырғыз ханы Тявканың[8] (Тәуекел) қоластына келіп бірікті. Қазіргі таңда осы тайпалық құрам Жетіру деп аталады[9]. Жетіру жетіге бөлінеді: Жағалбайлы, Телеу және Рамадан, Кердері, Керейіт»[10].

Бізге одағай оймен қараушы зерттеушілердің түркілік тегімізді бөлектеп, бөлшектеп көрсетуге тырысатыны сияқты  керейт, керей атауын бір-бірінен бөліп қарастырған ғалымдар да бар. Шын мәнінде, бүгінгі Орта жүз құрамындағы керейлер мен Кіші жүз құрамындағы керейттердің шығу тегі, ұсақ рулар атауы, генетикалық жақындығы сынды бірлігі оларды бөлек қарастырудың негіздемелерін жоққа шығарады.

Қазіргі тарихи оқулықтар да: «қазақ ұлтының бір бөлігі – Кіші жүздің Жетіруының құрамындағы керейттерге келсек, олар 1203 жылы Шыңғыс ханнан жеңіліп бытыраған керейттердің тікелей ұрпағы екені дау тудырмайды… Ғасырлар өте келе атауы сәл-пәл өзгергені, болмаса «керей» мен «керейт» − түп-тамыры бір тайпа»[11] деген тұжырымын алға тартады.

Ал Шоқан Уалихановтың: «керейттер – Кіші жүздің құрамына кірген ертедегі керейттердің бір бөлігі, оларды Орта жүзді құрайтын негізгі тайпа – керейлермен шатастыруға болмайды»[12] деуі екеуінің этностық емес этнонимикалық ерекшеліктеріне жүгінгендіктен немесе керейттерді моңғол тобына жатқызып келген бұрынғы конценциялық бағытты ұстанғандықтан болар. Әйтпесе, тарихтағы керейлер мен керейттерді еш бөле қарау мүмкін емес[13].

«Ағасыз ел, жағасыз тон болмайды» дегендей, тексіз халық та, тарих та өмір сүрмейді. Сондай халықтың бірі – «қазақ халқының іргесін көтеріп, мәйегін ұйытқан, дара дербестігі үшін ұзақ күрескен»[14] керей-керейт тайпасы да Орталық Азияның көне заманнан келе жатқан ұлысының бірінен саналады[15].

Керейт шежіресін алғашқылардың бірі болып қағаз бетіне түсірген зерттеушілердің бірі Н.А.Аристов өз еңбегінде керейттердің ыдық, жартай, ашамайлы, сайшақ, арбалы, ершақ, жастабан, шайкөз, сарман, қонақбай, обаған сияқты он бір атасын атайды[16].

Шежіреші З.Сәдібеков Кіші жүздегі Керейттер Шыңғыс хан заманында бөлініп кетіп, батысқа қарай ауып Алшынды паналаған Керейдің Тілік тармағынан пайда болғандар деген пікірін білдіреді де, Керейт ұрпақтарын Тіліктің Құлдаулы, Сандаулы, Саужайлы аталарынан өрбітеді[17].

«Керейт» кітабы – Керейттен Бозаншар, Одан Ақсақал, Ақсақалдан: Еспембет (Ойық), Қоспенмбет (Тілік) деп[18] бөліп, одан ары бұтарлайды.

Біздің жоғарыдағы деректермізді және керей-керейт бірлігін Кіші жүз руының шежірелік – «Керейт»[19] кітаптары толығынан дәлелдейді.

Қазақтың Орта жүз құрамындағы керейлер мен Кіші жүз құрамындағы керейттерден қалса, түркі керейттерінің өзге ұлттарға сіңген құрамы да көп екенін жоғарыда да айттық. Бастыларынан – моңғол, қырғыз, башқұрт,  өзбек, қарақалпақ, түркмен, Ноғай, т.б. құрамына шашырай сіңген ұсақ рулардағы керейлерді атауға болады. Бұдан сырт кейбір ғалымдар Сақа, Тва секілді ұлттарды да байырғы керейт елінің тұқымы ретінде қарастырады.

Керейт әулетінің ескі үрім-бұтағын қазбаламаған күннің өзінде, «Құршақұс Бұйрық ханның көп әйелінен  оның 40 ұлы болғанын»[20] еске алсақ, сол  қырық отаудан өрбіген әулеттің қилы тағдырлы қырғынынан аман қалған кейінгі бұтағы – түркі жұрты, қазақ қауымы арасында өмір сүріп жатқандығында еш шүбә жоқ.

«Орталық Азия аймағындағы орта ғасырдағы және жаңа замандағы тарихи процестер керейдің жеке топтары әртүрлі моңғолтілдес және түркітілдес этностардың құрамына кіруіне алып келген. Оған қоса, қазақ этносының құрамына енген керей барлық үш жүздің де қазақ руларының бүкіл бір қатарының қалыптасуында үлкен рөл атқарды. Анықтап айтқанда, олар – Орта жүздегі керей мен найман, Кіші жүздегі кереит және телеу, Ұлы жүздегі үйсін, албан және ысты рулары. Онан басқа, қоңырат пен керей арасындағы тікелей байланыс болғаны байқалады. Осылайша тарихи мағлұматтар қазақтың шығуы мен әр түрлі ру-тайпалық топтардың өзара байланысының тұтастығын бекіте түседі»[21].

Тұтастай қарағанда түркі керейттерінің кейінгі ұрпақтарының басым пайызы бүгінгі түркі ұлттары құрамында болғанымен бір бөлімі өздерін байырғы керейт ұрпағы ретінде моңғол ұлтын құраушы тайпалар қатарындағы торгууд (торғұт немесе торғауыттар) руы санайды. Біз аталған еңбегімізде оның барлығын бір ғана түркілік тектен қарастырамыз.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

[1]  Тынышпаеп М. Великие бедствия …, -А., 1992. –С.19.

[2]  Востров В.В., Муканов М.С. Родоплеменной состав и расселение казахов. -А.,

  1. -С.92.

[3] Қинаятұлы З. «Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түрік тайпалары»: IX-XII ғасыр. –Астана, 2001. -49 бет.

[4] «Керейт ата ұрпақтары». Құраст: Т.Асанов, Қ.Ашанұлы. Алматы, «Өнер».

2011 жыл. 11 бет.

[5] Қазақ ру-тайпаларының тарихы XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл.

[6] Қазақ ру-тайпаларының тарихы XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл. (http://www.turklib.ru/?category=articles).

[7]  Тынышпаев М. История казахского народа. –Алма-Ата, 1993, 102 б.

[8] Ресей деректерінде Тәуекел ханды Тявка хан деп атаған. Мұндай қолданыс сирек кездеседі. көбінесе Тевкеле деп атаған.

[9] Левшин А.И. шығармасы 289 бет. Аталмыш дерек 1740 жылы құрастырылған Тевкелевтің жазбаларынан алынды.

[10] Бұл да сонда.

[11] «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы» (ежелгі және ортағасырлық кезең). Монографиялық зерттеу. – Алматы: «Адамдар» ЖШС. 2007 жыл. 233 бет.

[12] Чокан Валиханов. Собрание соч., т. 2. –Алматы. 1985.C.148.

[13] «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы» (ежелгі және ортағасырлық кезең). Монографиялық зерттеу. – Алматы: «Адамдар» ЖШС. 2007 жыл. 233 бет.

[14]  Т.Жұртбаев «Дулыға» 2-том. Алматы, «Жалын», 1994 жыл. 193 бет.

[15] Қазақ ру-тайпаларының тарихы IV том – «Керейт», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2006 жыл. 138 бет.

[16] Аристов Н.А. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности. – СПб, 1897. -114 бет.

[17] Сәдібеков З «Қазақ шежіресі», Ташкент. 1994 жыл. 124 бет.

[18] Қазақ ру-тайпаларының тарихы IV том – «Керейт», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2006 жыл. 250-253 беттер.

[19] «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2006 жыл, «Керейт ата ұрпақтары». Құраст: Т.Асанов, Қ.Ашанұлы. Алматы, «Өнер». 2011 жыл.

[20] Юань чао би ши/ Қазақша аудармасы Базылхан Н. Қазақстан тарихы туралы монғол деректемелері. – Т. І: Монғолдың құпия шежіресі. – Алматы: Дайк-Пресс, 2006. 209 бет.

[21] Қазақ ру-тайпаларының тарихы XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл. 128-129 бет.

Жәди Шәкенұлы

«Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» кітабынан

Ұқсас жазбалар