«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

ҚЫТАЙДАҒЫ ТҰҒЫРЫЛ ХАН ҰРПАҚТАРЫ ЖӘНЕ ТОРҒУТТАР

Марқұс, Құршақұз, Тұғырыл ханның қай-қайсысы болмасын ұрпақты, кіндікті болған. Олардың жер бетіне тараған әулеттерінің іздері де аз емес.

«Шыңғыс хан тарапынан бағындырылған керейлер түгелімен Орта Азияға көшіп барған жоқ. Олардың бір бөлігі Ішкі және Сыртқы Моңғолиядағы түрлі ру-тайпаларға сіңіп кетті. Әсіресе, батыс моңғолдарының ішіндегі торғауыттарға сіңгені көп болды. Сондықтан, кейбір батыс моңғолдарын зерттеуші ғалымдар керейлерді торғауыттардың ата-бабасы деп есептейді. Мысалы; Жабан Салабо «Төрт ойраттың қысқаша тарихы» деп аталатын еңбегінде ойраттардың арғы атасы XIII ғасырдағы Керей билеушісі Оң ханның нөкері болған дейді. Бүгінде торғауыттардың ішінде керейлердің ру аттары сақталып қалған»[1]. Мұндағы «торғауыттарға сіңді» деген сөзді «торғауыт руын қалыптастырды» деп торғауыт-керей ұғымын бірге қарау қажеттілігін ұғынған дұрыс. Ал, «Ішкі Моңғолия» деп Қытайдың қазіргі Ішкі Моңғол автономиялы өлкесін меңзеп отыр.

«Оң ханның (Тұғырыл ханның – ред) бірге туған інісі – кейінгі тарихта көбіне-көп Жақағамбу атанатын Керейтай еді ғой… кіші қызы Сұрғақтан-бике Шыңғыс ханның кенже ұлы Төленің бас бәйбішесі, ең сүйікті жары… Сұрғақтан-қатынның екінші ұлы Құбылай – Мөңкеден кейінгі ұлы қаған және Юань әулетін негіздеген Қытай императоры[2].

Осылайша, Сұрғақтан-бикеден туған атақты хандар – Мөнке, Құбылай, Құлағу, Арықбұқа төртеуі әлемге машһұр тұлғаларға айналған еді.

«Юань империясы құрылғаннан кейін Хубулай хан (Құбылай – ред) басқарған күшті хандық билікті біріккен мемлекет құруға тырысуымен сипатталатын «байсалды» саясатты жақтайтын топ жеңіп шықты. Ұйғырлар, наймандар, керейлер, жалайырлар, қыпшақтар осы саясатты жүргізушілер болды. Хубулай хан және оның ізбасарлары мемлекетті басқаруда кең көлемді қытай тәсілдерін қалдырғанмен, кадр мәселесіне келгенде қытайлықтарға қарағанда ұйғырларға, наймандарға, керейлерге тоқталды… Хубылай ханның басқаруы кезіндегі Юань империясында түркілер елеулі орын алатын билеуші таптың пайда болуына тура келді»[3].

«Моңғолдар Қытайда өз билігін толық орнықтырғаннан кейін, түркілер басқару ісінде үлкен беделге ие болды. Моңғолдар қытайларға сенбегендіктен, «сэму» (басшылықтағы бас ақылдастар – ред) түркілерге (найман, керей, оңғут, арғын) сенім артты… Барлық қытай жері он провинцияға бөлінді. Барлық пробинциялар мен кішкене қалаларды 25 жастан асқан моңғол-түкілер басқарды. Қалған ұсақ билікті қытайлықтар иеленді. Хан ордасын 12 мың әскер (тұрғақ – ред) күзетті»[4].

Енді бір деректе Тұғырыл хан тұсындағы тұрғақтардың бір бөлегінің кейіннен Құбылайға тигені айтылады.

Жазба деректерде Тұғырыл ханнан Шыңғысқа мирас болған торғут, тұрғақ тобынан жасақтаған он мың адамдық гвардия Шыңғыс ұрпақтарына тән болып, Моңғол империясының келесі ұлы ханына мұраға өтіп отырған. Бұл туралы  «Құпия шежіреде» де айтылғаны жайлы, Козин С.А. өз деректерінде жазған еді[5]. 1259 жылы Мөңке хан өлгеннен кейін ұлы ханның гвардиясының басым бөлігі Қытайдағы Юань әулетінің негізін салушы моңғол ханының тақ мұрагері Құбылаймен бірге кіші інісі Арық Бұқаға өткен. Гвардиядағы торғуттардың бөлігі Құбылай мен Хұлағуға тиген сияқты[6].

Қытай ғалымы Су Бихай да аталған тақырып аясында: «Юань дәуірінде (Құбылай заманында – ред) моңғолдардың орталық билігіне қызмет еткен керейлердің тағы бір бөлігі таза қытай ұлтының құрамына енді»[7] дейді.

Демек, қытайдағы Юань аталатын патшалық кезеңнің билігін сақтаушы топтың басым бөлігінің түркілер болғанын, оның ішінде Тұғырыл хан әулеті саналған сардар, сарбаздардың да көп санды ұстағаны байқалады.

Бүгіндері Қытай жағындағы өздерін бүгінгі моңғол ұлтының өкілдері санаушы байырғы ру-тайпалар жүйеден Ішкі моңғол автономиялы өлкесі және Шынжаңның Байынғолын моңғол автономиялы облысы, Бөратала моңғол автономиялы облысына шоғырлы қоныстанған.

«Шынжаң мұңғұлдары ежелден батыс өңірде тірлік етіп келе жатқандықтан «батыс мұңғұлдары» деп те аталады. Чиң патшалығының алғашқы жылдары (1644-1640) уалалар күшеиіп ойраттар деген әтпен қытайдың батыс солтүстігінде еңсе көтерді. Ойраттар 16-ғасырда зуынғар (жоңғар) хұшұыт, торғұт (торғауыт), дүрбіт, қатарлы төрт тайпаға бөлінді.
Сол кезде дүрбіттер Ертіс өзенінің екі жағасын мекендеген еді, ал хұшұыттар мен торғауыттардың бір бөлігі жоңғарлардың қысымынан амалсыз батысқа яғни Еділ мен Жайық бойына қоныс аударған болса, хұшуыт тайпасының жарымы Чиңхайдың Көкнүр деген жеріне көшуге мажбұр болды. Ертіс бойындағы дүрбіттер қалқа жаққа ауып кетті. Бодан қалған тайпалар өліт (қалмақ), ораңқай, көкмоншақ (туа) тайпалары Іле бойында, Тарбағатай, Алтай өңірлерінде тіршілігін жалғастыра берді. Ал, қазіргі Шынжаң мұңғұлдары Тияншан тауының оңтүстігі мен солтүстіне яғни Байынғолин мұңғұл автономиялы обылысы, Бұратала мұңғұл автономялы обылысына, Үрімжі. Шонжы, Жемсары, Іле, Тарбағатай, Алтай өңірлеріне бытырай қоныстанған. Жан саны 180 мың[8].

«Шынжаң энциклопедиясында» торғауыттар хақында мынадай түсіндірме бар:

«Торғауыттар – мұңғылдардың бір тармағы. Чиң дәуіріндегі деректер оларды Юан патшалығының (Құбылай – ред) уәзірі Ұыңкханның (керейт –ред) ұрпақтары деп қарайды, зерттеушілердің басым көп сандысы оларды керейлерден тараған деп қарайды. XV ғасырда ойраттарға бағынышты болып, төрт ойраттың бірі атанды. Миң патшалығының Чұңжын жылдарының алғашқы кезінде Керлік (Хо Үрлік – ред) 50 мың түтін халқын бастап Еділ бойына қоныс аударды. Батысқа қоныс аударған соң да Чиң патшалығының орталық үкіметімен барыс-келісін үзген жоқ, елшілер жіберіп, ат ізін жиі салып отырды. Каңшидің 51 жылы (1712)  Чиң ордасы ішкі істер ұлығы Ту Личын қатарлылардан құрлған елшілер үйірмесін Еділдің төменгі бойында отырған торғауыттарды көріп қайтуға жіберді. Елшілер екі жыл дегенде әрең жетіп, олардың ерекше си-сипаты мен құрметіне бөленді. Елшілер үйірмесі Каңшидің 54 жылы Бейжіңге қайтып оралды. Ту Личын манжу және ханзу тілдеріндегі «жат жұрттағы естеліктер» атты еңбегін жазып, жол-жөнекей көрген-білгендерін түгелдей хатқа түсірді. Чиянлұңның 36 жылы (1771) Ұбашы торғауыттардың 33 мың түтіннен астам келетін, ұзын саны 169 мың халқын бастап шығыстағы отанына қайтты. Бұл көш сегіз айға созылып, түмен шақырым жол жүрді, жол бойы не бір тауқыметті бастан кешті. Көш Ілеге жеткенде не бәрі 70 мың адам ғана аман қалды. Чиян Лұң патша Рыхыдағы жайлауында Ұбашы қатарлыларды қабылдайды және өз қолымен «торғауыттардың толық оралуы туралы естелік» қатарлы екі құлыптасқа жазу жазып, оларды Чыңдыдағы Путозоңжың ғибадатханасына орнаттырды. Шығысқа қайтып келген торғауыттарды Чиң үкіметі жаңа торғауыт және ескі торғауыт деп екіге бөледі. Мұның алдыңғысы Жұлдыз, Қобықсары, Шиху, Жың қатарлы жерлерге, ал соңғысы Алтайға қоныстанды»[9].

«Бүгінде Синьзянның (Шынжаңның – ред) оңтүстігіндегі көне торғауыт тайпасының құрамында керейттер ең басым көпшілік санды иеленеді, олардан соң шатың, барун, жансар, шербинар, дүнер деген рулар тұрады. Керейттер онда он сұмынға бөлінеді, солардың ішінде Ике сұмыны көш бастап тұр. Хан, вандардың қарастылығындағы рулар одан кейін тұрады»[10].

Шын мәнінде, басқа тақырыптарда да айтқанымыздай, торғут, торғауыт аталып жүрген тайпалар ежелгі керейт мемлекетінің төл тұрғындары еді. «Керейдің көпшілік тобы 1771 жылы торғауыттармен бірге Убашыханмен Шыңжанға кетті. Халық аузындағы аңыз-әңгіме бойынша Ресейден 70 мыңдай отбасы кеткен. Алайда Жайықта қалғандардың арасындағы 6 торғауыт ұлысы сол жерде қалып қойған. Дала зерттеуінің материалдары бойынша Эркетен ұлысында керейдің екі тобы – «Хуучин кераад» (бұрынғы керей) және «шине кереад» (жаңа керейлер) сақталған»[11].

Қалмақ керейлердің аталмыш ұлыстағы жалпы саны 1903 жылға сәйкес 104 отбасы көрсеткішіне тең[12].  Аталмыш ұлыстан кереиттердің көбі Мочагиге балық аулау кәсібімен айналысу үшін көшіп кетеді. П. Неболсиннің берген дерегі бойынша  ХІХ ғасырдың  ортасында Хошеуутов ұлысында 25 керей шаңырағы болған[13]. Алайда 1880 жылғы мұрағат деректері бойынша керей тайпасының үш аймағындағы Хошеутов ұлысында 263 керей шаңырағы бар. Яндыков ұлысында тұрған керей тобы Долбан аймағына кіретін, ол Батут әкімшілігі аймағы 1000-нан аса отбасы бар «барун-керейтовских» деген топпен ерекшеленеді.  «Керейт» деген аттағы ұсақ белгілер (арбан, ясун) 13 аймақтағы  дон қалмақтарында  және Икицохуров және Багацохуров ұлыстарындағы қалмақтарда кездеседі[14].

Мұнан басқа Авляевтің дала материалы бойынша бұрынғы Толтанкин аймағындағы Молодербет ұлысындағы тұрғындардың арасында альмот этнонимі Рашид-ад-диннің керей албатымен сәйкес келеді[15].  Эрдниевте ХІХ  ғасырдың аяғы мен  ХХ ғасырдың басында торгуудтың құрамына керей,  хошут, тубан (туба) кірген; дорвод құрамына керей, хошут, сохад (саха); Хошет ұлысында хошеут және керей кіргендігін көрсетеді [16]. Туба (тумаут, тубаут?) тобы туралы 1880 жылғы мұрағат құжаттарында айтылады. Ол Багаоцохуров ұлысында саны 20 шаңырақ ( ОММ, ф.9 оп, 1, д. 2 т за 1880 ж),  1905 жылғы белгіленген басқа құжатта табанкин руы 35 шаңырақ деп еске алынады (ОМА, ф. 9, оп 1, п. 219 п. 15) [17].

«Шынжаң тарихындағы әйгілі тұлғалар» атты кітапта: «1771 жылдың 17 қаңтарында жолға шыққан» торғуттардың 1771 жылы 17 шілдеде Іле өзені бойына ілінгенін, Чиян Лұң патшаның Ұбашы бастаған топты ресми түрде арнайы қабылдап, қонағасы беріп, Пу Тозұңчиң ғибадатханасының алдына «торғуттардың отанға оралғандығының ескерткіші» және «торғут қауымына ізет көрсету естелігі» атты екі айбатты ескерткіш тас қойғызғанын жазады[18].

Әрі олардың кейінгі орналасуы хақында: Чиң патшалығы торғұттарды ежелгі тайпалық бөлінісіне сай хошуын етіп ұйымдастырып, жеке-жеке қазіргі Хычиң (Боратала), Қобықсары, Буыршын, Шиху, Жың қатарлы жерлерге, олармен бірге қайтып келген хошуттарды қазіргі Хошут ауданына орналастырған. Олар шұрайлы жайылысы, аңғарлы өзені бар аумақтарға ие болып, алаңсыз өмір кешкен. Ұбашыға «жанқияр торғуттардың батыр ханы» атағын берген…»[19] деген деректер келтіреді. Мұндағы мәлімет бойынша көшіп барғандардың басым пайызы торғуттар, бір бөлімі хошуттар болып көрсетіледі.

Қытайдағы әйгілі адамдар сериясымен «Тұғырыл хан» атты деректі кітап жазған, жазушы, тарихшы, этнограф Зейнолла Сәнікұлы былай дейді:

«Бұл күндері Алтайда жасайтын уранхай елін ежелгі керейт хандығы құрамында «уранхайт» руының ұрпақтары деуге болады. Демек, керей –  қазақ, өзбек, монғол, қарақалпақ құрамындағы соншалық мол халықты өрбіткен аса ірі тайпалық одақ, үлкен рулар бірлестігі. Бізбен бірге істейтін монғол маманы Дорбаның айтуынша Шыңжаңның Байынғолын монғол облысында өздерін керей Тұғырылдың ұрпағымыз деп атайтын екі ел бар екен. Олар «ек керей», «бақ керей» деп екіге бөлінеді, Мұнысы «үлкен қарға», «кіші қарға» деген сөз.

Қазір сол торғауыттардың арасынан Тұғырылдың 27 ұрпағы табылып отыр деген еді ол маған. Осы дерек бойынша мен 1999 жыл Бейжинде ханзу (кытай) тілінде басылып шыққан «Торғауыт тайпасының тарихы» атты кітапты көріп шықтым. Онда былай делінген: торғауыттардың арғы тегі Уаң хан Тұғырылдан таралады, ол адам керейттердің көсемі болатын. «Керейт» сөзі торғауыт тілінде «қорғаушы» деген сөз. Өйткені Уаң ханның ұлысындағы керейттер өз кезінде Шыңғыс ханның толық сеніміне ие болып, «торғауыттар» (тұңғұтта-қорғаушылар) деп аталған… торғауыттар төрт үлкен топқа бөлінеді, олар керейт керлат, торғауыт, қалмақ деп аталады. Керейттердің рулы таңбасы: +, х (бұл қазақ керейлерінің рулық таңбасымен ұқсас. – 3.Cәнік), керлаттардың рулық таңбасы: I, II, III (қыпшақтардын бір әліп, екі әліп, үш әріп таңбасымен ұқсас келеді) торғауыттардың рулық таңбасы Бағаналы, Балталы наймандардың балта яғни балта сабы таңбасына меңзес келеді, қалмақтардың рулық таңбасы қоңыраттардың босаға таңбасына келеді. Батыс монғолда Торғауыт сөзі «керейт» сөзінен өзгеріп қалыптасқан, ол «күшті», «құдіретті» деген мағынаны білдіреді. Чяианлуңның 40 жылы (1775 жылы) ежелгі торғауыттардың оң қанатына қарайтын керейтчи (керей ауданы) тарихы ұзақ, адамы көп, ұрқынан кісілік үзілмеген ықпалды ел есептелінеді. Торғауыттар өз ата шежіресін Марғуз ханнан бастап есептеген, яғни 1-әулет: Марғұз хан, 2-әулет: Кұршақұз хан, 3-әулет: Уаң хан Тұғырыл, 4-әулет: Арсалаң, 5-әулет: Әмекұлан… деп келіп, 31-әулет, 27-ұрпақ: Гүңбіндіжет деп келіп тоқтаған. Бұл адам қазір Үрімжіде тұрады.

Демек, торғауыттар – монғолдар құрамына енген Тұғырыл хан әулеттері. Жоғарыда көрсетілген тізімдікке қарағанда, олардың алғашқы түркі текті есімдері біртіндеп өзгеріп, кейіндеп монғол текті есімдерге айналған. Егер ежелгі керейлерден тараған тайпаларды дәл осылай бұтарлайтын болсақ, бұл халықтың тарихтағы ұлы халықтың бірі екеніне көз жеткізетін болар едік»[20].

Тарих сабақтастығы, ұрпақ жалғастығы тарихтың алтын арқауын үзбестен ұзын желіге байлап отырады.

Қытай жағында жарық көрген материалдар ішінде жоғарыда сөз болған – Еділ бойынан елін бастап көшкен торғут баһадүрі Ұбашының да кейінгі әулеті хақында баяндар кезігіп қалады. Соның бірінде Шынжаңда өткен көрнекті тұлға Бұрһан Шаһидидің[21] 1947 жылы Ұбашының 12-ұрпағы Манчүкжаппен түскен суреті берілген. Сол кездегі атау бойынша оны «моңғол қағаны» деп көрсеткен. Аталған деректе Манчүкжаптың әйелі У Жиңбин туралы «Моңғол қағанның турашыл Ғазиза әйелі» деген тақырып аясында сөз өрбиді.

Онда: «У Жиңбин 1914 жыыл Бейжіңде дүниеге келген, атағы жер жарған моңғол ордасының әулеті, оның әкесі Гүңсаңнороп қаған тағына мұрагерлік еткен ханзада, солтүстік үкіметі моңғол-заңзу (тибет) бөлімшесінің бастығы болған. У Жиңбин 15 жасында Хыжыңдағы моңғол қағаны Манчүкжаппен тұрмыстанып(некеленіп), екеуі бастарына отау тіккен, шығысқа оралған торғауыт моңғолдарының отаншылдық рухымен суарылып, шымыр шыңдалған ол бір тайпа елдің мөралына іскерлігі сай келген әйел сардарына айналады»[22] деген жолдар бар.

Аталған  деректе  Ұбашы ұрпағы Манчүкжап түрме, ұрып-соғу, қинау сынды не бір ауыр күндерді бастан кешеді. Әйелі қытайдың жоғарғы билігінің есігін қағып жүріп, оны түрмеден, азаптан босатып, арнайы емдеп қатарға қосады. У Жиңбин 1975 жылы Үрімжіде қайтыс болады.

Демек, осы тақырып аясындағы деректерді тұтастай бір көгенге тізбелесек, Тұғырыл хан ұрпақтары мен оның хандығынан ыдыраған қауымы тағдырдың сан түрлі тезіне түсіп, тарих толқынында «мың өліп, мың тіріліп», бүгінгі қытай топырағына да шашылғанын көреміз. Өкініштісі, көбі түп атасы керей екенін білгенімен өздерін өзге ұлт ретінде атап, өзгелердің телегейіне батып кеткен. Дегенменде, тарих өзінің қазанына салып қанша қайнатса да текті әулеттен тараған көкжалдың тұқымы екенін бір жерден болмаса, екінші жерден көрсетіп жатады. Тұтас адамзаттық үрдісте де мұндай жағдайлар көп кездеседі.

«Қытай және Моңғол деректеріне қарағанда Жалайыр Мұқалы қытайдың бүкіл шығыс-солтүстігін билеген. Оның ұрпағы сол жерде – Ордос өңірінде қалған. Шыңғыс ханның тоғыз өрлігінің бірі керей Сорхан сары өз кезінде ұйғырларды билеген. Ұрпақтары солардың арасында қалған. Қытайдағы Оңтүстік ШУАР-дың Меркіт ауданының байырғы тұрғындары баяғы Шыңғыс дәуірінің меркіттері екендігі, ол жердегі «Доландықтар» аталған халықтың «Төлеңгіттер» екендігі жөнінде жаңа зерттеулер дүниеге келіп жатыр. Олардың тілі, салт-дәстүрі ұйғырлардан гөрі бізге жақын екен. Бұл күндері ұйғырласып кеткен сол меркіттер мен төлеңгіттер бәлкім баяғы керей Сорқан сарының билік жүргізген елі болуы мүмкін»[23].

«Тод номын Гэрэл» журналында жарияланған Г.Лижээгийннің «Шинжааны  ойрадуудын түүх, соел» атты Шыңжандағы ойрат тобын суреттеген үзіндісінде хошу әкімшілігінің бетке ұстарлары керейден шыққан деп айтылады. Солай торғуттардағы Тэнгэр уул (Тяньшан) 10 суманнан тұратын Хэрэд хошу[24].

Көрнекті тарихшы ғалым Тұрсын Жұртбайұлы өзінің қытайда болған сапарында Ішкі моңғол автономиясы аталған аймақта байырғы керей, найман ұрпақтарының қазірге дейін кәдімгі ордалы ел ретінде өмір сүріп отырғанын жазады.

Т.Жұртбай: «Орайы   келгенде   айта   кетейік:  Сорқақтан тікелей өз меншігіне тиесілі сол аймаққа ет туысы, қағанаттың құрамында сақталып қалған керейлерді қоныстандырады. Олардың тұқымы 2008-2013 жылдары аралығында «Керей тарихы» атты бес томдық жинақ шығарып, құрылтай өткізді. Танюаньға сіңіп кеткен бір тұқым: «Ұлы сар дала! Ұлы бабалар рухы!  Қытайланып кеткен мен сендерді сағынып, кезең басына шығып, көзімнің жасын төгіп тұрмын, кеш мені!» – деген мағынада ән шығарыпты. Осы әнді айтып көз жасын көл еткен  монғолданып, қытайланып кеткен найман, қоңырат, керей ұрпақтарын өз көзімізбен көрдік. Оны «Күнделігімізде» және «Бір суыртпақ», «Төркін» атты мақалаларымызда қазбалай баяндаған едік» деген деректерді айтады да, бұл әңгімені одан ары жалғап, «Ішкі Монғолиядағы (ҚХР) – монғол керейі атанған олардың дені қазір Бағылық тауында тұрады…» дейді[25].

Әрі наймандар хақында: «2013 жылы Ішкі Монғолиядағы Найманши ауданына барып, алты қорғаннан қабатталып салынған хан сарайын көріп, найман, ақсүйек найман, ақ найман деп шежіре таратқан, найман-монғол жазуын қазір де пайдаланып отырған ұзын саны жүз алпыс екі мың қауыммен дидарласып қайттық» деп арнайы барған сапар жайын баян етеді. Ондағы қоңырттар жайында да: «Ішкі монғолиядағылар – монғол қоңыраттары атанып, 2013 жылы Тұңияу торабында қоңыраттардың құрылтайын өткізді. Қоңыраттардың атажұрты Құрынбел – монғолдардың ең қасиетті де көрікті мекені»[26] деген дерек келтіреді.

З.Сәнікұлы, Т.Жұртбайұлы ұсынған деректерді салғастыра қарағанда мазмұндық жағынан бір екені байқалады. Соның ішінде керейт мемлекетінің тұрғындарынан қалыптасқан, өздерін Тұғырыл хан ұрпағы санайтындардың қазіргі қытай аумағында тұрып жатқандығына толық дәлел бола алады. Әрі Ішкі моңғол атанған аумақтың бір бөлегі ежелгі керей, найман елдерінің байырғы жұрттарының бір пұшпағы болғанын көрсетеді. Ондағы моңғолдасқан керей, наймандардың өз тарапынан жарық көрген тарихи шежірелік деректері қазақ тіліне аударылса, біз білмейтін біраз сырлар толығынан ашылуы мүмкін.

Осы деректерден, ойға түскен тағы бірнеше тайпалық топ туралы да айта кетейік. Атап айтқанда, қытай ұлтының телегейіне шөгіп кеткен қаншама ұлыс-тайпалар бар десек, соның соңғы көздеріндей болған – салар, сарыұйғыр сынды түркі рулары да бар. Көз көргендер қазақтарға жақын екенін айтады.

Салар – ҚХР, Чинхай провинциясы, Шуынхуа-Салар автономиялы ауданында және оның маңайындағы өңірлерде  тұратын түрік тілді аз халық. 1990 жылғы санақ негізінде 88 мың.  Тілдері түрік тілінің Оғыз тобына жатады. Қазір қытай тілін қолданады. Саларлар ислам-сүннит дінін ұстанады. Ұлттық мерекелерінен ораза айт, құрбан айтты тойлайды. Саларлар туралы М.Қашғаридың сөздігінде,  Г.Н.Потанин, Э.Р.Тенишев еңбектерінде аздап айтылған.

Сарыұйғыр – ҚХР-ның Гансу өлкесіне, Жючюан қаласының Сарығдоруақ ұйғыр автономиялы ауылына қоныстанған. Бұдан тыс ҚХР-ның Ланжоу секілді ірі қалаларында да сарыұйғырлар шашыраңқы түрде  кезігеді. 2000 жылғы санақта 13 мың 719 адам болған. Зерттеушілер оларды байырғы Орхон ұйғырларының ұрпақтары санайды. Олар түрік тілді және моңғол тілді екі топтан тұрады. Түрік тілділер өздерін ақ йұғұрлар деп атаумен бірге, өздерінің шығысындағы моңғол тілді йұғұрларды қара йұғұрлар деп те атайды, ал моңғол тілділер өздерін шира йоғұр (сары йұғұр) атаумен бірге, батысындағы түрік тілді ағайындарын хара йоғұр (қара йұғұр) деп те атайды. Бұл туралы Г.Н.Потанин 1886 жылы жазған.

Кейбір зерттеушілер меркіт тайпасынан бөлініп, ұйғырласып кеткен топтың «мэкіт, мекіт, мекит» атанып, сол өңірде бір ауданды (Мекіт ауданын) құрап отырғанын мысалға алып, Салар, Сарыұйғырлардың да – керей, найман, уақ руларымен жақындығы болуы мүмкін дегенді алға тартады. Бұлармен қанаттас өмір сүретін қыпшақ, долан сынды ескі тайпаларда кездеседі. Аталған рулардың барлығы да өз тегінің бізбен төркіндес екенін теріске шығармайды. Кемінде түркі бұтағының шашыранды сынықтары екенінде шүбә жоқ.

Демек, бүгіндері қазақ халқын құрап отырған ру-тайпалардың жер шарына тарыдай шашылған тұқымдары қазір өзге ұлт құрамында жүрсе де әлі де болса ескі шежіре, тарихынан айрыла қоймағанымен жұбаныш сыйлайды. Генетикалық жақтан қарастыратын ғылыми жүйеге жүгіну арқылы да қандас, жақын туыстардың төркіндестігін тауып алу да қиын емес.

Ежелден келе жатқан әулеттік баян шежірелерінде бекзаттық үрім-бұтақты жалғаушылардың өздерін хан тұқымы ретінде мақтаныш сезінетін дәстүрі бар. Мұны қазақтар «көкжалдың тұқымы», «тектінің әулеті» «ұрқынан қара көк үзілмеген» деген секілді ақсүйек-бекзадалықтың асыл қиқымы ретінде айрықша бағалап келген. Мейлі қай ел, қай жерде жүрсе де Тұғырыл хан сынды тұғырлы ханның тұқымы да өздерін әлі күнге дейін текті аталар болмысынан қарастырады.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

[1] Су Бихай «Қазақтың жалпы тарихы», 2-том. Ауд: Т.З.Қайыркен. «Асыл кітап» баспа үйі, Алматы. 2019 жыл. 243 бет.

[2] Мағауин М. Шыңғыс хан және оның заманы. Деректі тарихи хикая.-Алматы,

2011 жыл. 608 бет.

[3] К.Р.Аманжолов. «Түркі халықтарының тарихы», Алматы:«Білім», 1-том,

258-259 беттер.

[4] К.Р.Аманжолов. «Түркі халықтарының тарихы», Алматы:«Білім», 1-том,

261-262 беттер.

[5] Козин С.А. Указ.соч., § 269, с. 191.

[6] Петров К.И. К истории движения киргизов на Тянь-Шань и их взаимоотношений с ойратами в ХIII-XV веках. – Фрунзе, 1961, с. 93.

[7] Су Бихай «Қазақтың жалпы тарихы», 2-том. Ауд: Т.З.Қайыркен. «Асыл кітап» баспа үйі, Алматы. 2019 жыл. 244 бет.

[8] Батуа Бидуаұлы (мұңғұл) «Шынжаң мұңғұлдарының шежіресі». «Мұра» журналы, ҚХР ШҰАР, Үрімжі. 2006 жылғы 6-сан.

[9] «Шынжаң энциклопедиясы» 1-том. Шынжаң халық баспасы, Үрімжі. 2005 жыл.

139-бет.

[10] Су Бихай «Қазақтың жалпы тарихы», 2-том. Ауд: Т.З.Қайыркен. «Асыл кітап» баспа үйі, Алматы. 2019 жыл. 243 бет.

[11] Қазақ ру-тайпаларының тарихы XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл.

[12] Небольсин П. Очерки быта калмыков Хошеутовского улуса. – Спб., 1852,  40 б.

[13] Авляев Г.О.. К вопросу о происхождении кереитов и их участии в этногенезе средневековых ойратов Джунгарии и калмыков Поволжья// Проблемы этногенеза калмыков – Элиста: Республиканская типография Государственного комитета Калмыцкой АССР по делам издательств, полиграфии и книжной торговли, 1984.

[14] Бұл да сонда 36 б.

[15] Бұл да сонда 36 б.

[16] Эрдниев Е. Калмыки. – Элиста: Калмыкия, 1980. – 69 б.

[17] Хойт С.К. Кереиты в этногенезе народов Евразии: историография проблемы. – Элиста: Изд-во Калм. ун-та, 2008. 56-61 б.

[18] «Шынжаң тарихындағы әйгілі тұлғалар». 3-том. Құраст: Лию Чаңмың, Жу Шуан. Шынжаң халық баспасы. Үрімжі, 2007 жыл. 88-89 бет.

[19] Бұл да сонда 90 бет.

[20] З.Сәнікұлы «Тұғырыл хан», тарихи деректер жинағы – Алматы: «Palitra Press»,

2020 жыл.110 бет.

[21] Бұрхан Шаһиди – ҚХР ШҰАР билігінің басында болған көрнекті тұлға. Шынжаңдағы шағын ұлттарды басқаруда билік пен халық арасын жалғаушы болған.

[22] Шын Хұңжаң «Моңғол қағанның турашыл Ғазиза әйелі» мақаласы – «Өткен күнде елес бар», 2-том. Құраст: А.Қалиұлы, Юсүп. Шынжаң әсемөнер-фото сурет баспасы. Үрімжі. 2009 жыл.180 бет.

[23] З.Сәнік, «Қытай тарихындағы қазақ тайпаларының көсемдері». http://mail.ult.kz/post/kytay-tarikhyndagy-kazak-taypalarynyn-kosemderi.

[24] http://khamagmongol.com/chuulgan/viewtopic.php?f=9&t=15&start=20.

[25] Тұрсын Жұртбай «Кекті бесік немесе «кекті қатындар» мен «кекті жатырда» ұйыған хандық». «Ұлт порталы», 23.10.2016. http://ult.kz/post/tursyn-zhurtbay-kekti-besik-nemes-kekti-katyndar-men-kekti-zhatyrda-uyygan-khandyk.

[26] Бұл да сонда.

Жәди Шәкенұлы

«Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» кітабынан

Ұқсас жазбалар