«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

ҚОЖАБЕРГЕН ЖЫРАУ ЖӘНЕ СІБІР ЖҰРТЫ

Қожаберген жыраудың өмір жолы хақында: «Қожаберген 1663-қоян жылы наурыз айының басында (осы ақынның өзiнен кейiнгi ұрпаққа мұра боп қалған жылнама-шежiре бойынша) қазiргi Солтүстiк Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Благовещенка совхозына қарасты Гүлтөбе (XIX ғасырдың екiншi жартысынан, яғни 1855 жылдан бастап Маманай атанған) орманды, көлдi әсем қоныста өз кезiнде Қазақ, Ноғай, Қарақалпақ, Сiбiр татары халықтарының бiрiккен әскерiн көп жыл бойы басқарып ерлiкпен даңқы шығып, Ордабасы – Баһадүр деген құрметтi атақ алған от ауызды, орақ тiлдi шешен, ел бастаған көсем Толыбай сыншы Дәуленұлы (1603-1680 жж.) отбасында дүниеге келген» дейді. Аталған мақалада сонымен бірге  «Қожаберген өнерпаздың өз әкесi Толыбай сыншы да, атасы Дәулен батыр да, бабасы Таузар да өздерi өмiр сүрген кезеңдерде Үш жүздiң әскербасы-баһадүрлары және Орта жүз қазақтарының ардақты ел билеушiлерi болыпты» делінеді[1].

Демек, Сібір хандығының соңғы жылдарындағы қазақтардың қан майдандық соғыстарында әскер басы болғандардың бірі Сейдақтың замандасы Дәулен батыр екенін жоғарыда келтірілген «Дәстемнама» жыр үзінділерінен көріп өткенбіз.

Қожаберген батыр, жырау ғана емес, шежiрешi, бiлiмдар адам болған. Жас кезiнiң өзiнде-ақ қазақ халқының шығу тарихын жырға қосып «Ата тек» деген дастанын шығарады.

 

Түрiктен өрбiген елдi тоғыз дейдi,

Тартатын күй аспабы қобыз дейдi.

Башқұрт пен қазақ , ноғай, қарақалпақ

Төртеуiн шежiрешiлер оғыз дейдi, – деп басталады да, одан әрi:

 

Алтай тау қазақ атам туған жерi,

Қытай-шүршiт, қалмақты қуған жерi.

Алатау, Алтай мен Сыр мекен болып,

Оғыздың қобыз тартқан көсемдерi.

 

Қазақтың түп атасы Оғыз-Түрiк,

Құт қонған ұйытқы болып орнап бiрлiк.

 

Монғолдың Шыңғыс ханы шапқан кезде,

Керей түгiл Оғызға салған бүлiк.

 

Атанған бабам Ғали – Ашамайлы,

Өсiрген мыңдап тайлақ, құнан-тайды.

Сiбiрге ұрпақтары қоныстанып,

Ел болып ерте кезден қанат жайды.

 

Шалқар көл, ну орманды Сiбiр жерi,

Сiбiрдi мекен еткен Керей елi.

Егiн сап, күн көрудiң қамын ойлап,

Бас қосып кеңес құрған би мен бегi. – деп Керейлердiң қай жердi мекендеп, қай жерге қоныс аударғанын кеңiнен баяндайды»[2].

«Керейлер қоныстанған, Сібір өлкесі орманды дала. Шоқ-шоқ қайыңды-қарағайлы, жалпақ жапырақты орман жиі кездеседі. Бұлардың аралықтары – негізінен бозды-бетегелі, шытырлы бөде өскен шүйгін дала. Керейден ағаш шеберлері: балташылар, ағаш ұсталары, ершілер, үйшілер, шыбық өріп тоқушылар көп шықты. Қазақтың әшекейлі ағаш үйлерін, кебеже асадалдарын, бесік, ат арба, шана, ер тоқым, соқаларды жасап керейлердің ұсталарының даңқы алты алашқа жайылды.

Керейдің батырлары «көк найзаның ұшымен, көк семсердің күшімен» ұлан-байтақ территорияға ие болған…»[3].

Қожаберген жырау «Қызылжар» дастанында былайша толғайды:

 

Қол бастап әкем Толыбай туын тіккен,

Есілдің күңгей бетін күздік еткен.

Көлденең көк Есілдің жар қабағын,

Әкеміз Қызылжар деп атап кеткен.

 

Енді бір жырында жоңғар шабудан бұрынғы қазақ елінің өмірін суреттеп:

Тұтас ел жігі ажырамай, орнаған бақ,

Ішінде Орта жүздің Керей-Уақ.

Құт қонып, қыдыр дарып ерте кезден,

Мекендеп Сібірде олар тұрған ұзақ.

 

Тоғайын Омбы өзені жұртын қыстап,

Баптаған алғыр тазы, бүркіт ұстап.

Бес жүз жыл керей Керей қоныс еткен Сібір,

Қорғаған жаудан халқын қару ұстап…

 

Астасқан Арқа, Сібір жерін жайлап,

Жаз болса, бие менен інген байлап.

Теңге атып, бозбалалар көкпар тартып,

Ән шырқар ақындары топта сайрап, – деп суреттейді.

 

Қожаберген жырау өзі ол туралы баянында:

«Танытып сарбаздарға оң мен солын,

Басқардым Керей-Уақ, татар қолын», – дейді[4].

Бұл жолдар жоғарыдағы Сейдек немесе Сәтбек батыр туралы баянымыздағы керей-уақ қолының Сібір жерінде бірге болғандығын растай түседі.

Қожаберген жыраудың өзі қатысып, қазақ жасақтарына қолбасшылық еткен еліміздің солтүстік өңіріндегі шайқастар «Елім-ай» дастанында толық баяндалады:

 

Татарды қуған Ойрат бізге жетті,

Жыл сайын шабуылын жиілетті.

Қарашада топ ат түяғынан жер ойылып,

Көп қалмақ Омбы өзені суға кетті…

 

Тастауға Омбы өзенін ақыр көндім,

Ептеуге жан шығынын көңіл бөлдім.

Ойратпен бір жарым ай ұрыс салдық,

Маңында Ашамайлы дейтін көлдің…

 

Керейден Омбы өзенін тартып алды,

Ертіске орнап Халхи жатып алды.

Көк шалғын қазақ жерін қанға бояп,

Жауыздар сахарамда лаң салды…

 

Ертістің батысына өтіп алды,

Доп атып жиі-жиі бүлік салды.

Шегіндік мылтық бізде аз болған соң,

Сибан көл, Тарышы көлі жауда қалды.

 

Ежелден ата-бабам қоныстанған,

Орманда, ішкі ашыққа қыстау салған.

Ертіске Омбы өзені құяр жерін,

Айнала тоғаймен қалмақ алған.

 

Аққас көл, Қарақас көл және қалды,

Жастабан жалын қоса ойрат алды.

Аянбай табан тіреп соғыссақта,

Жылжымай сол араға шебін салды.

 

Оқ атып дамыл бермей қалмақ елге,

Сын болды қол бастаған біздей ерге.

Шегіне ұрыс салып ақырында,

Тірелдік Танаш көл мен Аббас көлге.

 

Бекініп екі көлдің арасына,

Шатырды тігіп судың жағасына.

Отырдық Көшебе орман қойнауында,

Жауынгер дәрі жағып жарасына…[5].

 

Сонымен ежелден Керейдің қонысы болған Ертістің батысындағы Сибан көл, Тарышы көл, Аққас, Қарақас көлдері Омбының Ертіске қүяр алқабы жау қолында қалды. Қазақ қосындары Танаш, Абақ, Көшебе көлдеріне келіп тіреледі.

Ары қарай жырау:

Болсада ерлігі мен көпке мерей,

Мылтықсыз әлсіреді біздің керей.

Тоқтаттық Есілкөлде қалың жауды,

Үздіксіз шабуылдап есе бермей, – деп бейнелейді[6].

Академик Манаш Қозыбаев Қожабергеннің әйгілі «Елiм-ай» дастаны туралы: «Қазақ тарихында «Елiм-ай» дастанының орны ерекше. Оны тек «дастан» деу аз сияқты. Ол – бiр ғасырдың тарихты саралап, ұлттың сан ғасырлық салт-санасын, мемлекет билеу жүйесiн бағалап, жүздеген мемлекет, әскери, саяси қайраткерлерiн жеке-жеке даралап, дүбiрлеген оқиғалар болған жердi аралап жазылған ұлы эпопеялық туынды. «Елiм-ай» ұлттың сергелдеңге душар болғандағы мұңы, болашаққа құлаш сiлтеп, қайсар намысшыл қазақтың ұлт болмысын жаңғыртуға ұмытылысы», – дейдi[7].

Қожаберген жырау шежіресінде Жанай батырдан Бағлан бидің туғанын жазады. «Бағлан би осы күнгі Солтүстік өңірдегі көп керейлердің түп атасы болып есептеледі. Бағлан бидің бейіті Ресейдің Қорған облысының Половинка (Ақсиыр) ауданына қарасты Звериноголовка (Бағлан) қалашығының түбінде, Тобыл өзенінің жағасындағы Керей тоғайында жатыр. 1928 жылға дейін ол жерде атақты Бағлан жәрменкесі болғаны тарихтан мәлім. Бағлан би өз заманында қазақ халқының айтулы көсемдерінің бірі болған». Бағлан бидің немересі Танаш би Фархадүлы да кінгдікті ата болып, бауырынан не бір әйгілі ұл-қыздар өрбіген екен. Керей елінің қара шаңырағы Танаш бидің бәйбішесі Айшадан туған кейінгі ұлдарының бірі – Көшебе батырда қалған деседі. Шежіре бойынша Көшебе батыр бір соғыста ауыр жараланып, оны ауылға үлкен баласы Жауынгер мен сарбаздары найзаға салып алып келеді. Қазіргі Омбы қаласы орналасқан жерге жерленген.

Қожаберген батыр ғана емес, қазақ халқын қорғау жолында қан төгіп, құрбандық берген не бір саңлақ сардар-сарбаздардың өткені белгілі. Сондай баһадүрлердің біразын атай кетсек, барлығыныңда мекені Сібір өлкесі болғаны анық көрінеді.

«Керей руының Бал­та тайпасына жататын Ертісбайұлы Тұрсынбай. Ол 1700 – ба­рыс жылы  көрші Ресейге қарасты қазіргі Түмен облы­сын­дағы Есіл ауданының жерінде дүниеге келіп, 1801 жылы сол Ресейге қарасты Челябі облысындағы Иткөл ауданындағы өзі­нің соңғы мекенінде 101 (жүз бір) жасқа келіп, ауырып дү­ние­ден өтіпті»[8].

«Қазақ елі сонау көне заманнан қазіргі Батыс Сібір мен Солтүстік Қазақстанның орманды дала­сын мекен еткендігіне көз жеткіземіз. ХVІІ ғасырдың со­ңында Сібір хандығы ыдыраған кезде қазақ жерлерінің көп­ші­лігі Ресей меншігіне өтті. Міне содан бері талай жылдар өтсе де, халықтың тарихи санасында Сібірдің орманды даласы қа­лып қойған. Басына қауіп төнгенде ата-анасын, ата-қонысын, ту­ған жерін іздейтін бала сияқты, кешегі ел басына күн туып, ауырт­пашылық көрген ХХ ғасырдың 30-жылдары қазақтың көп­шілігі Ресейде қалған Сібір жерінен пана тапты. Көпшілігі осы күнге дейін сол жерді мекендеп жатыр»[9].

«Едіге Танашұлы – батыр. 14 ғасырда өмір сүрген. Ресейдің қазіргі Омбы қаласының орнындағы «Керей тоғайы» деген мекенде дүниеге келген. Орта жүз құрамындағы керей тайпасының Ашамайлы керей руынан шыққан. Едіге ағалары Балға, Балта батырлар сияқты Алтын Орда хандарының әскербасы болған. Кейін Әмір Темірге қызмет етіп, оның әскерімен бірге ауыр шайқастарға қатысқан»[10].

«Жабай Қарабиұлы (шамамен 1697-1777) – батыр. Жабай батырдың Тоқсан, Сексен, Мыңжасар есімді ұлдарынан тараған ұрпақтар бүгіндері Ресейге қарасты Түмен облысы мен Солтүстік Қазақстан аумағында тұрады»[11].

Тарихи деректерді сабақтай келіп, бүгінге мойын бұрсақ, қазірде Омбыдағы Сібір аймақтық «Мөлдір» қазақ мәдени орталығының төрайымы Жүнісова Алтынай қарындасымыз ел мен жер тарихына, мәдениетіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан әулеттің бір буыны саналады.

Мұның барлығы Сібір жұртын мекендеген керей әулеттерінің мекендік айғақтарын көрсетеді.

Тарихи жыр-дастан, аңыз-әңгіме, шежірелерде кездесетін жер атаулары кейде аталған аймақтың картасын кеңінен бейнелейді. Бұл туралы «Құнды қазына» аталатын кітаптағы мына бір дерек те назар аударуға татиды. Онда былай делінеді: «… Ресейдің қалмақтармен жер мәселесі жөнінде келісе алмай, мылтық пен оқ-дәрі беруді тоқтатқан 1745 жылы жаздың басында Қожаберген жырау мен оның інісі Асқап Шора бастаған, құрамында Атығай-Қарауыл жігіттері, Шалабай естектері жасағы, Сібір татары әскерлері бар Керей-Уақ қолы Шортанды бастап ата қоныстарын жаудан қайтарып алу үшін шабулды үдете түседі. Сонда жауға күйрете соққы берген қолдың бірі – Бөкенбай Мамаұлы бастаған жасақ екен. Жекпе-жекте Бөкенбай найзалап жаудың бірінен соң бірін жер жастандырып, ерекше көзге түсіпті. Ол Балта керей Байсымақ, Аббас керей Қожаберген (Қазақ тарихындағы үшінші Қожаберген батыр), Нұрымбет керей Құрман батырлармен тізе қосып, жауды талқандай беріпті.

Керей-Уақтар Қорғалжын көлі аймағын 1723-1745 жылдар аралағында мекен еткен екен. Солтүстігі Түмен шаһарына тірелетін, оңтүстігі Шортанды болған, батысы Тобыл өзеніне, шығысы Тармақкөлге (Нобосібір облысының Шанин ауданы орналасқан өңірге) тірелген жерді, яғни ата қонысын 1745 жылы жазда жоңғар-қалмақ басқыншыларынан күшпен тазартыпты»[12].

Бұл деректегі аумақтық мекен және онда қоныстанған ру аттары да көп дерек береді. Тіпті Сібір өлкесін мекендеген қазақ руларының қоныстанған аумағының сонау Түмен, Омбы өңірінен бері қарай бір қанатының қазіргі Ақмола облысын қамтып жатқаны анық көрініп тұр.

Сібір хандығымен бірде бөлек, бірде бірге күн кешкен Алтын Орда дәуірін атағанда олардың құрамындағы елдің бір ғана халық болғаны анық. Атап айтқанда, Шыңғыстың ұлдарына енші еткен ежелгі түркі жұртының бөлінбес құрамы болған Алтай тауы, Ертіс, Есіл алқабы тұтастай қарағанда бүгінгі қазақ мемлекетін құраушы ұлыс-тайпалардың ортақ отаны болды. Тек қана орыстық отарлау жүйесі бізді екі хандық ретінде қарастыруға үйретті. Түмен, Омбы сынды байырғы мекенімізде талай қазақтың басы жатыр.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Ресей Федерациясындағы облыстарда, өлкелерде және автономиялы республикаларда құрылған 22 қазақ ұлттық мәдени қоғамдарымен мәдени-рухани байланыс жұмыстарын жүргізіп келді. Атап айтқанда: Орынбор, Омбы, Астрахань, Мәскеу, Санкт-Петербург, Саратов, Самара, Екатеринбург, Қорған, Түмен, Челябі, Волгоград облыстарында, Алтай Республикасында, Татарстан, Башқұртстан, Саха, Қалмақ Республикаларында[13].

Демек, қазірде ол өңірлерде мекендеп отырған қара көз қандастарымыз аз емес екені белгілі.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

[1] Шаймұрат Смағұлов, «Қожаберген жырау» мақаласынан, «Дауылпаз баба – Қожаберген» (зерттеулер) Құрастырушы-редакторы: Бекет Тұрғараев. Петропавл, Облыстық Баспа үйi – 2010 жыл.

[2] Гүлнар Мұқанова, Қайролла Мұқанов, «Қожаберген Толыбай сыншыұлы» мақаласынан. «Дауылпаз баба – Қожаберген» (зерттеулер) Құрастырушы-редакторы: Бекет Тұрғараев. Петропавл, Облыстық Баспа үйi – 2010 жыл.

[3] «Жошы хан – Ұлы дала» (Хан Джучи – Великая степь), Ф.М. Шамшиденова «Керейлердің саяси-әлеуметтік тарихы және Тұғырыл – Он ханның тарихтағы орны» мақаласы. Нұр-Сұлтан», 2020 жыл. 181 бет.

[4] Қожаберген жырау «Елiм-ай». Құраст: Б.Тұрғараев. Петропавл. Облыстық Баспа үйi. 2009 жыл.

[5] Бұл да сонда.

[6] Бұл да сонда.

[7] Бекет Тұрғараев, «Қожаберген жыраудың өмірі мен ерлік жолдары» мақаласы. «Дауылпаз баба – Қожаберген» (зерттеулер) Құрастырушы-редакторы: Бекет Тұрғараев. Петропавл, Облыстық Баспа үйi – 2010 жыл.

[8] «Ашамайлы Керей Танаш баба шежіресі». 169 бет. Құрастырған: А.Күзембайұлы. Қостанай. 2011жыл.

[9] А.Күзембайұлы, Е.Әбіл. «Казахская Сибирь».Костанай.1997 жыл.

[10] «Айбын». Энциклопедия, Алматы, «Қазақ энциклопедиясы», 2011 жыл. 284 бет.

[11] «Айбын». Энциклопедия, Алматы, «Қазақ энциклопедиясы», 2011 жыл. 317 бет.

[12] Мұсатай  Ғалым «Құнды қазына», Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті. Көкшетау, 2009 жыл. 228 бет.

[13] Т.Мамашев, «Алыстағы ағайын», Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы. 2008 жыл. 33-34 бет.

Жәди Шәкенұлы

«Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» кітабынан

Ұқсас жазбалар