ЕРМАКТЫҢ ӨЛІМІ ЖӘНЕ СІБІР ҚҰРАМЫНДАҒЫ ТҮРКІЛЕР. ЖАЛҒАСЫ:
Сібір құрамындағы түркілер
Сібір хандығы туралы жазбаларымызда оның Шыңғыс ханның тікелей әмірімен Тұғырыл хан немересі (кей деректе ұлы) Тайбұға жағынан құрылғанын атап өткенбіз. Керей мемлекетінің күйреген хандығының орнынан қайта бас көтерген жаңа хандықтың құрамы әрине Тұғырыл хан – Шыңғыс хан елінің байырғы тұрғындарын өз қарамағына алғаны белгілі. Сөйтіп, Шыңғыс және оның әулеттеріне «тісі батпайтын», бірақ оларды аса қалап та кетпейтін түркілік топтың біразы осы хандықтағы халықтың құрамын толықтырып отырды. Әсіресе басқа моңғол тектілердің діндік өзгеріске ұшырауы барысында жалғыз тәңірлік дінмен келген Тайбұға және оның әулеті исламға да тез бет бүрған еді.
Бұл арада тағы бір нәрсенің басын аша кету керек, атап айтқанда Тұғырыл хан, Тайбұға туралы сөз болғанда көптеген зерттеушілер оларды христиандық бағыттан қарастырады. Оларды ең көп шатастырғаны керейттердің «айшық +» таңбасы болды. Екі зерттеушінің бірі осы таңбаға қарап-ақ арзан шешім шығаруға бейім болды. Біз бұл таңба туралы алдағы тақырыптарымызда арнайы тоқталатын боламыз. Шын мәнінде ата-бабасынан бота-тайлағына дейін, маңындағы ұлыстармен бірге тәңірлік дінді басшылыққа алған керейттердің азғантай бір бөлегі замана ағымының аумалы-төкпелі бір кезеңінде ғана христиандық діннің нестарион бағытында болса керек. Керей мемлекетінің гүлденіп-көркейген тұсындағы діндер еркіндігі де ел басқарудың басты ерекшеліктерінің бірі болған. Сондықтан да олардың ордаларында ислам дінінің көрнекті өкілдері де өз өкілетті қызметтерін жүргізе білді.
Осыдан он жыл бұрын монғол археологтары Тұғырыл хан ту тіккен Тула өзенінің бойындағы ескі хан ордасына кешенді түрде қазба жұмыстарын жүргізіп, Тұғырыл ханның батыстағы Еуропа және шығыстағы Қытай мәдениетінің жетістіктерін толық пайдаланып, өзінің Хан ордасының сәулеттік құрлымын аса шеберлікпен салғанын білген.
Қазба жұмысы барысында табылған кейбір заттар зерттеушілердің назарын ерекше аударған. Атап айтқанда, шығыстық жыл санаудың дәстүрлі 12 жануар бейнеленген, дөңгелек формалы, ортасы тесік, алтын жалатылған «Уақыт есептегіш құрал» мен бұдан басқа да тәңірлік нышандар «Тұғырыл хан христиан дінін ұстанған» дегенді жоққа шығарады. Кейінгі тарихымыздағы, әсіресе, керейлер өміріндегі шамандық және тәңірлік табынудың айқын белгілері күні бүгінге дейін сақталып келе жатқаны мен христандық дейтін бірде-бір белгінің болмауы да шындықты растайды[1].
Қазақ ру-тайпаларының тарихының XV том – «Керей» бөлімінде мынадай бір пікір бар: «Қазақтың Орта жүзі құрамындағы Керей, Найман, Уақ басқа да ру-тайпалардың сонау X-XIII ғасырларда несториан дініне табынған деп жалған тарих жазушылар, шындыққа жанаспайтын қиялдарын айтушылар бар. Әрине, миссионерлердің өздері тұтынып, содан қалып қалған бірең-сараң деректерге сүйеніп, бүтін ел-ұлысты сол дінге табынған деп айту, солай қорытынды шығару тым өрескел, тіптен қастандық саясат деп білеміз»[2].
Тұғырыл тұқымы құрған Сібір хандығының тұтас кезеңдері қаншама аударылып-төңкерілсе де исламдық (мұсылмандық) бағыттан бет бұрып кетпеді.
Кейінгі Сібір өмірінен орын алған «Сейдақ ханның қолға түсуі» оқиғасында да мұсылмандық беріктіктің айқын мысалы көрінеді. Атап айтқанда, өткен бөлімдерде айтылған сол оқиғаны қайталай еске салсақ мынадай:
Сібірді құртудың барлық айла-шарғысына барған орыстық биліктің қол шоқпары Данила Чулков – Сейд Ахмет, Қадырғали Жалайыр, Ораз-Мұхаммед үшеуін алдап Тобыл бекінісіне қонаққа шақырады. Оларға бас иген сипатпен ерекше «кішілік» көрсетіп, тікесінен тік тұрып күтіп алады. Дастарқанды жайнатып қойған. Кезегінде арақ құмыралары келтіріліп, кесені жиегіне дейін толтырып, әскербасы мұсылмандарға «ақ патшаның» (яғни Ресей патшасы) құдіреті үшін ішіп қоюды ұсынады. Сөйтіп орыс айлакерлері арақты ішсе мас қылып тұтқындауды немесе жаңжал шыңару арқылы орай жаратуды, ішпесе онысын патшаға қарсы сыңай есептеуді ойластырады.
Ежелдің ежелінен басынан сөз асырғысы келмейтін, бекзада Сейд-Ахмет арақты аузына алу түгілі, ол құйылған дастарханға отырудың харамдығын айтып, орнынан атып тұрады. Бірден шығып кетуге оқталады. Оның серіктестері де өре түрегеледі. Ақыры орыс жандайшаптары өздерінің арам ниеттерін іске асырудың орайы келгенін сезініп, «патшаға қарсы әрекетке барды» деген сылтаумен тарпа бас салады.
Осыдан-ақ, Тұғырыл ханнан жалғасқан, Тайбұға арқылы Сейдақтың бойына сіңген Хаққа адалдық идеясы айқын көрініп тұрған жоқ па?!
Осылайша қапыда қолға түскен үш бекзат Алла алдындағы мұсылмандық келбетінен жаңылмаған күйінде, жауларына бас имей кете барады. Тіпті орыс патшасы оларды өз мүдделеріне пайдалануға әрекет еткен кейінгі тұстарда да олардың дініне (ораза, намазына) қол сұға алмаған екен. Қадырғали Жалайыр өзінің «Жылнамалар жинағында» Ораз-Мұхаммед сұлтан бастаған топтың Керман шаһарында патшаның «жарылқауына» ие болып, оның патшалық таққа отырғанын баяндайды. Ораз-Мұхаммедтің таққа отыру салтанатына егжей-тегжейлі тоқталып: «… Тамашалау үшін шексіз көп халық жиналды. Шайх-Али-ханның салдырған тас мешітінің ішінде молда, данышпандар, хафиздар, бектер, мырзалар, барлық ислам дініндегілер – барлығы мешіт ішіне жиналып, келісіп, құтты алтын тақты әкеліп, мешіт ішіне құрды… Дұға-намаз оқылды… Қайыр-садақалар Алла Тағала жолына арналды…»[3] деген деректер ұсынады.
Кейбір деректер дәл сол кезеңдерде Сібір өлкесінде де көптеген мешіттердің болғанын растайды.
Олай болса Сібірді қоныстанушылардың басым пайызының мұсылман түркілері болғандығында еш талас жоқ. Сондықтан да Сібірді жаулауға ниеттенген орыстық отарлық олардың діндік негізін құрметтеген сыңаймен, өзегіне «үңгіп» кіруді мақсат етті. «Сібірде патша әкімшілігінің ірі әскери бекіністер салуы көбінесе мемлекет есебінен мешіттер салумен ұштастырылды. Мұндай мешіттердің министрлеріне жалақы да мемлекет төлейтін. Мұны билік мұсылмандарды өз жағына тарту үшін жасады»[4].
Сібірдегі исламның даму кезеңдерін қарастыра отырып, сонымен бірге қазіргі Түмен және Омбы облыстарының оңтүстік шекаралары Солтүстік Қазақстан аумағында өмір сүрген түркі тайпалары үшін көшпелі орын ретінде қызмет еткенін және ХІІІ ғасырдың басында негізінен исламданғанын атап өткен жөн. Ал Шыңғыс хан әскерлерінің Орта Азияға шабуылына қарай Сібірдің оңтүстігі мұсылман көшпенділері оларды қуып жүрген моңғол-татарлардан жасырынатын орынға айналды[5].
Осы арада бұрын зерттеу таппаған тағы бір жай – біз қазаққа исламның кеңінен жалпыласуын оңтүстік өлкелер арқылы жалпыласты деп баяндасақ та, солтүсік өңірлерімізге діннің таралу ошағы Сібір болған дегенді айтқымыз келеді. Солтүстікті, жүйеден Ертістің бас-аяғын сағалаған, жағалаған қазақ ру-тайпаларының бір тәңірлік ұғыммен жүріп, исламды сонымен бір санауынан діннің парыз, қарыз амалдарының баяу атқарылғанын байқаймыз. Сол үшін де Абайдың әкесі Құнанбай «шыр-пыр» болды, Абай өлеңінде көрініс тапқан «құранды молла теріс оқыр, дағардай болып сәлдесі» сынды өлеңдер туды. Біз өскен Өр Алтай өңіріне оның ең үздік өкілі Ақыт Үлімжіұлы халықты дінге, ағартуға үгіттеумен болды. Біздің ауылдағы ескі көз ата-апаларымыздың кейде бөскенде: «мен түгілі әжемнің де «ақ қойдың кеудесі, қара қойдың кеудесі, мен құдайдың пендесі» деп таяммен оқыған намазы да қабыл болған» деп шіренгенін талай естігенбіз. Мұның бәрі 1850-1920 жылдардағы ғана оқиға еді.
Бұл жайында Шоқан Уәлихановтың: «қазақтар орыс мемлекетінің қоластына көшкенге дейін атақ жағынан ғана мұсылман болып, Мұхаммед діні әлемінде оның сүннит деген бір дербес тарауында болып келді. Мұсылман заңдарын қазақтар ешқашан да қабылдаған емес, ол заңдарды қазақ даласына, сыртқы приказдардың жемістерімен бірге, үкіметтің өзі бастап енгізді» дегенімен толық келісуге болатындай[6].
Мұндағы «ол заңдарды қазақ даласына, сыртқы приказдардың жемістерімен бірге, үкіметтің өзі бастап енгізді» дегенінің бір мысалын біз жоғарыдағы «Сібір жеріне мешіттердің салынуынан» байқасақ, екіншіден 1822 жылғы қазақ жеріне бағытталған «жаулау жарғысы» (1822 жылғы «Сібір қырғыздары» туралы жарғы мен 1824 жылғы «Орынбор қырғыздары жөніндегі жарғы») бойынша орыстық болыстардың шариғаттық үкіммен басқаруына оң ұпай сыйлау мақсатында дінді қуаттады басшылыққа алды.
Сібір құрамындағы түркілер немесе керей әулеттері хақында сөз болғанда Тайбұға және оның айналасындағы әулетті «тайбұғалықтар» немесе «бүркүттер» (буркут, бүркіт) деп атаудың да тарихи әдебиеттер де көп кездесетіні есте болған жөн. Соның ішінде кейде «Тар» елін кейінгі «Тарышы» әулеті, «Шимон», «Шимуйн» атауларын керейдің Шимойын атасы ретінде қарау қажеттлігіне де назар аудару қажет. Мұның барлығы кейінгі кездегі қазақ Орта жүзіндегі керей руын құраған ежелгі керейттер тұқымы саналады.
«В более поздний период, а именно в 1428 году вместе с буркутами упоминается еще одно керейское племя Шиман: Решение вопроса, из кого же именно состояла следовавшая за Кебек-ходжа-буркутом и Омар-Би-буркутом его армия, можно определенно сказать, что из племени его правителей – Буркут (кереи Тайбугиды) и по названию предводителя войска – Сарыг-Шиман, т.е. Сарыг из племени Шиман. И так, Шиманы, исходя из Шежире современных кереев – это народ Сибирских татар, населявший и населяющий до сих пор территорию западной и южной Сибири, названной, по нашему предположению, согласно названия данной территории Тарышы (Тарцы, в данной местности существует одноименный город «Тар»), ветки Шимойын – Тарышы Шимойын»[7].
Қорыта айтқанда, Сібір хандығының жалпақ қазақ даласындағы тайпалармен болған рулық жақындықты басшылыққа алған діндік, тілдік, салт-сана, әдеп-ғұрыптық ұқсастықтары мен териториялық ортақтықтары олардың қазақ ордаларынан хандық ретінде де, халық ретінде де бөлінуіне еш мүмкіндік бермейтін еді.
«Бұл замандарда Қазақ Ордасы мен Сібір хандығының еншісі толық бөлінбеген шектестігі өз алдына, әуел бастан-ақ Сібір жұртындағы ең негізгі түрік рулары – керей, уақ, арғын, қыпшақ, жалайыр және табын болған; Қазақстан тарихын тексерушілер Сібір құлағанннан соң бұл рулардың қоныс-мекенімен, ауыл-аймағымен қайтадан қазақ жағына шыққанын атап көрсетеді. Жас Ораз-Мұхамедтің осы әлсіреген, ыдырап жатқан Сібір шегінде ел билеуші сұлтан болғаны айқын аңдалады. Орыс өкіметімен келіссөзге Сейдақ бекпен тең дәрежеде баруы кездейсоқтық емес»[8].
Ерекше ескере кетерлік бір жай – М.Мағауиннің «Қазақ Ордасы мен Сібір хандығының еншісі толық бөлінбеген шектестігі» деген сөзге салмақ сала жасаған баянына қарасақ, кейінгі орыс зерттеушілерінің екі бөлек ел ретінде қарастырғанындай емес, екі елдің егіз бала сынды бөлінбес бір тұтастығын байқаймыз.
Осы арада тақырыбымыздың баянына орай, өткен тарихқа сәл шегініс жасасақ, біраз шындыққа көзіміз жетеді.
«1371-1372 жылдары Моғолстанға жасаған алғашқы жорықтарының бірінде Ақсақ Темір Алмалықтың шетінде (Моғолстан астанасы) дейін жетіп керейттерге соққы берген. Бұл екі мемлекеттің қақтығысы Ақсақ Темір өлгеннен кейін де тоқтамай, одан әрі үдей түседі. Темір әулетінен шықққан Ұлықбектің 1425 жылы Моғолстанға жасаған жорығы кезінде, оған өзге тайпалармен бірге керейт аймағының басшыларының бірі Ибрагимде қарсы тұрған. Ибрагим керейт ұлысының билеушісі Түк Темірдің ұлы болатын. Екі жақ бір-бірімен жауласып жатқан шақта, екеуінің де ыдырауына тікелей қатысы бар, Орта Азияда жаңа саяси өзгерістер әкелген Әбілқайыр (Жошының бесінші баласы Шайбан ұрпағы) хандығы құрылды. Орталық және Солтүстік Қазақстандағы көптеген тайпаларды біріктіріп 1428 жылы Тұра (Батыс Сібір) өңірінде хан болып көтерілген.
Әбілқайыр хан болып сайланған Тұра өңірінде керейттердің Тайбұға бастаған ұылысы болғандығын ескерсек, Әбілқайыр мен Тайбұға арасында қандай да бір байланыс (әскери одақ т.б.) болуы ықтимал»[9] деген деректер шын мәнінде «ықтималдықтан» көрі шындыққа жақын.
Атап айтқанда, керейт ханы Тұғырылдың тұқымы Тайбұға құрған Сібір хандығына Жошының бесінші баласы Шайбан ұрпағы Әбілқайырдың бір мезет хандық құруы әрі аталған хандықтың одан арғы тарихы 1460 жылдары Әбілқайыр хандығынан Керей, Жәнібек сұлтандардың бөлініп шығып қазақ хандығын қалыптастыруы сынды сабақтастық пен бір тұтастық әлі де болса тереңдей зерттеуді, қайта қарастыруды қажет етеді.
Қазақ хандығына байланысты орын алған ішкі және сыртқы факторлардағы Сібір хандығының орыны мен рөлі аталмыш мәселеде Тайбұғалықтардың оң әсерде болғанын көрсетеді.
Олай болса бұрын да, қазірде сібірліктер жайлаған сол байтақ аймақтың қазақ даласының ұлтанды бөлегі екенін, әрі қазақ хандықтарымен тамырлас, еншілес болғанын ешкім терістей алмайды.
Сібір өлкесін мекендеген жауынгер тайпалар желдің өтінде, жердің шетінде қазақ даласына сұғына кірген орыс отаршылдығын әл-дәрменінше тосып бақты. Отарлық жүйеге қарсы атылған алғашқы оқтар да сібірліктер жағынан атылды. Сібір өлкесінің орыстар үшін де маңыздылығы сол – қазақ, түркі, мұсылмандар елдеріне бағытталған қақпа іспетті еді. Сөйтіп, біздің тарихымыз өзінің ұлтанды топырағының майлы кесегін жат табанына бастыруға мәжбүр болды.
«Қазақстанның солтүстігі мен Батыс Сібір өлкесі орта ғасырда біріңғай саяси-этникалық аумақ болған. Керейдің тайпасының Тайбұға әулеті негізін қалаған, тарихта «Сібір хандығы» деп аталатын мемлекет аумағында тек керейлер ғана емес, сонымен қатар уақ, сібір татарлары, атығай (арғын), қыпшақ тайпалары да мекен еткен. Қашлық немесе Искер (қазіргі Тоболск қаласы) және Шымғы Тура (қазіргі Түмен қаласынан алыс емес) қалаларын астана еткен Сібір хандығы сол заманғы геосаяси әрекеттеріне белсене араласқан»[10].
Орта жүздің ру-тайпалық құрамын зерттеуші ғалым М.Мұқанов Солтүстік Қазақстан және Батыс Сібір жеріне алғаш керей тайпаларының қоныстануын ХІІІ ғасырдың басындағы тарихи оқиғалармен байланыстырады[11]. Бұл мәселені тілге тиек еткен көбіне Ресей ғалымдары, соның ішінде жаңа кезеңнің көрнекті зерттеушілерінің бірі Н.Аристов Моңғолия жерінен Қазақстанның солтүстік-шығыс аймақтарына арғын, найман, керей, меркіт тайпаларының жаппай қоныстануын былайша сипаттайды: «…Шыңғыс хан әскерінен жеңіліс тапқаннан кейін, Моңғолияның түркітілдес тайпалары өздері тұрған жерінен жағрафиялық бағытта батысқа қарай ығыса бастады: алдында наймандар, меркіттер, соңында керейлер. Бұл жағдай аталмыш тайпалардың қырғыз-қазақ даласына таралуына ықпалын тигізді»[12].
Сібір тарихын зерттеген Г.Миллер осы өңірді мекендеген жергілікті халықтар туралы құнды ақпарат келтіреді. Ғалым қолда бар мәліметтерді зерделей келе Батыс-Сібірде ең ірі этникалық-саяси құрылымдардың бірі Орта Ертіс, Тобыл, Есіл (Ішім – ред) мен Тура аумағындағы түркітілдес тайпалардың бірлестігінің болғандығын, онда керейлердің басты рөл атқарғандығын атап көрсетті. Автор деректерге және халық аңыздарына сүйене отырып, бұл бірлестіктің қалыптасу кезеңін ХІІІ ғасырға жатқызады. Автордың пікірінше, олардың бәрі Тура өзеніне қазақ даласынан келген Батыс-Сібір жерін иеленген және Чинги-Тура немесе Чимги-Тура қаласын (Түмен қаласы) салған. Ол жерді Тайбұғаның ұрпақтары иемденгенін, ал Тайбұға тұқымынан соңғы билеуші Сейтақ (Сейд-Ахмед – ред.) болғанын атап өтеді[13].
Осыған орай, Г.Миллер өзінің «Сібір тарихы» атты туындысында Сібірдің оңтүстік батыс және Солтүстік Қазақстан жерлерін билеген Тайбұға әулеті туралы үш бірдей мәлімет бере отырып, Тайбұғаны Қазақ ордасының ханы Мамықтың немесе Ван ханның (Тұғырыл – ред.) ұлы деп көрсетеді. Жергілікті халықтар қазіргі қазақ ұлтының құрамындағы қыпшақ, найман, атығай (арғын), керей, т.б. ру-тайпалары болғаны жайында қажетті деректер келтіреді.
«Қазақтың ру-тайпалары және олардың ата-бабалары Қазақстанның солтүстік аймағын сонау ежелден мекен етіп, кейінгілері (керей, уақ, меркіт) Батыс-Сібірдің оңтүстік бөлігіне кем дегенде XIII ғасырдан қоныстанғанын аңғарамыз. Мұндай құнды мәліметтер бүгінгі күнге дейін жеткен еңбектерден, деректерден алынып отыр. Демек, патшалық Ресейдің қазақ жерлерін отарлау саясатын сонау XVІ ғасырдан бастау керек деген академик М.Қозыбаевтың пікірі орынды болып шығады. Өйткені, қазақ халқының негізін қалаған ру-тайпалардан құралған Батыс-Сібір хандығы патшалық Ресей тарапынан XVІ ғасырдың екінші жартысында жауланды»[14].
Сібір құрамындағы түркілер өздерінің байырғы ата-мекендерінде отырып-ақ орыстық отарлықтың боданына айналды. Сонда да тарихы мен ескі аңызын арқау еткен елдік мұрат қазірде онда қоныстанып отырған бауырларымызды өз ата мекендерінде тұрып жатқандығымен мақтанышқа бөлейді.
Пайдаланған әдебиеттер:
[1] Ж.Шәкенұлы «Ақылнама» – әулеттік баян, «Өрнек» баспасы, Астана – 2014 жыл. 184 бет.
[2] Қазақ ру-тайпаларының тарихы XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл. 38 бет.
[3] «Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы», III том. Құраст: Н.А.Атығаев, К.Қ.Ақтаева, Л.Л. Батурина, Ә.Ә.Қайдарова, Қ.З.Өскенбай. «Фолиант» баспасы.
Астана-2005 жыл. 172 бет.
[4] https://medinaschool.org/library/obshestvo/istoriya-islama/islam-v-sibiri.
[5] Религии народов современной России. Словарь. / ред-кол.: Мчедлов М.П.,
Аверьянов Ю.И., Басилов В.Н. и др. – М., 1999, с. 124-126.
[6] Шоқан Уәлиханов Мақалалары мен хаттары, «Жаңа өмір» журналының баспасы. 1956 жыл. 99 бет.
[7] Масуд бен Османи Кухистани. Тарихи Абулхаир-хани. Институт Востоковедения АН УзССР. Ташкент.
[8] М.Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі», «Қазақстан» баспасы, Алматы, 1995 жыл. 153-154 бет.
[9] «Керейт ата ұрпақтары». Құраст: Т.Асанов, Қ.Ашанұлы. Алматы, «Өнер».
2011 жыл. 11 бет.
[10] А.Күзембайұлы «Дәстем сал Қарабасұлы» (htths://tugurulhan.kz/articles/1799/d-stem-sal-arabas-ly/.
[11] Муканов М.С., «Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза». Алма-Ата. Наука, 1974. 200-с.
[12] Аристов Н.А., Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности. СПб, 1897. 182-с.
[13] Миллер Г.Ф., История Сибири. Т.1. Москва. Восточная литература, 1999. 190-191-с.
[14] Ақмарал Ибраева, «Аймақ шежіресіндегі ақтаңдақтар» «Солтұстік Қазақстан» газеті. 2016 жыл. 21 сәуір.
Жәди Шәкенұлы
«Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» кітабынан