«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

ЕРМАКТЫҢ ӨЛІМІ ЖӘНЕ СІБІР ҚҰРАМЫНДАҒЫ ТҮРКІЛЕР – 1

Ермактың өлімі және Сейдақ аңызы

Ермак (қазақтар Жармақ дейді) – ресейлік қарақшы. Орыс патшасының әміріне де бойсұнбаған дала қарақшысының Сібірге көз сұғын қадауы орыстық отарлаудың ойламаған ұпайы болды. Патшалыққа қарсы адам болса да оны жасырын қолдап, оның қолымен от көсеу ойынына кірісті. Сөйтіп Ермак Сібірге әлде неше рет шабуыл жасады. Соңында Көшімнің қолынан қаланы тартып алуға дейін барды.

Моңғол деректерінің баянынна қарағанда әуелде жоңғарлар жағы Ермакты жасырын түрде қолдап, оны орыс патшалығына қарсы айдап салғанға ұқсайды. «Зая Бандиданың айтуынша[1] жоғарыда аталған Абалай тайжы Ертіс бойына көшіп барған соң казак атаманы Ермакпен етене жақын достасады. Жоңғарлар Ақ патшаның алғашқы елшісін жолсерік болып Пекинге жеткізеді. Абалай тайжының Ермакпен достығы жайлы деректерді қытай жазбалары да растайды»[2].

Зерттеуді қажет ететін бұл түйінге назар салсақ, жоңғар жағының Ермакты қолдауы не орысқа қарсы, не Сібір хандығына қарсы «көзір» ретінде пайдаланғысы келген жоқ па деген күдікке жетелейді.

Тарихи деректер Ермактың 1584 жылдың (бір деректе 1585 жылы – ред) тамызында Көшім қолынан өлгенін жазады. Деседе, Көшім жеңістің жемісін көре алмады. 1585 жылы Ескер қаласын Қадырғали Жалаир би мен тайбұғалық Сейд Ахмет бастаған қазақ жасағы басып алады. Бұл іс-шараны маңғыттар не қазақ ханы Тәуекел ұйымдастырды ма ол жағын айту қиын. Бірақ төменде келтірілетін екі жайт бізге 1585 жылғы Ескер қаласының жаулап алынуы Қазақ хандығы билеушісінің іске асқан ойының дәлелі бола алады. Біріншіден маңғыт Ораз Мұхаммед Тайбұға ұлысының иесі болып жарияланған соң, Тайбұғаның шын ұрпағы Сейд Ахмет басқа жерден одақтас іздеуге мәжбүр болды. Екіншіден Қадырғали бидің қасында жүрген Тәуекел ханның жиені он бір жасар Ораз Мұхаммед сұлтан Сібір ханы атануға үміткер болды[3].

Сонымен қатар мәскеулік билік Сібірді жаулап алу ойынан еш бас тартқан жоқ. 1585 жылы Сібірге Мансуровтың жасағы аттанса, 1586 жылдың басында оған жәрдемге В. Сукин мен И. Мясновтың жасағы жіберілді. 1586 жылдың жазында орыстар Түмен бекінісін салады ал, бір жыл өте келе Данила Чулков Ескерден қашық емес жерде  Тобыл бекінісінің негізін қалайды [4] . 1588 жылы Қадырғали, Ораз Мұхаммед пен Сейд Ахмед Тобыл бекінісіне тұзаққа түсіру мақсатында қонаққа шақырылып, сол жерде тұтқындалады [5]. Тәуекел хан  сол мезетте Бұхар хандығымен арпалысып жатқан соң сібірлік шаруаға белсенді араласа алмайды. Сөйтіп  қысқа мерзімде (1585-1588 жж.) қазақ хандығының қол астында болған Сібір қайтадан Мәскеу мен Көшім хан арасындағы ұрыс даласына айналады.

Ермактың өлімі сөз болғанда, аңыз бен ақиқат арасындағы әдебиеттер әр түрлі сыр шертеді.

Абдиров М («Хан Кучим: известный и неизвестный», А., 1996) дерегі бойынша: «…Тамыздың бесінде Ермактың қарақшылары кішкене аралға түнейді. Жаңбырлы түнде Сәтбек батыр бастаған Көшім сарбаздары күзетшілердің көзін жойып,  қалжырап ұйқыға кеткен қарақшылар лагеріне шабуыл жасайды. Оянған Ермак қорғана алмасын біліп, бас сауғалап, өзен ағысына қойып кетеді де суға батып өледі»[6]. Бұл деректе Сәтбектің кім екені анық көрініс таппаған.

Тарихи деректер бойынша Сейдақ (Сейд-Ахмед) есімі – Сейтек, Сейдек, Сейдақ, Сейтен, Сәтбек түрлерінде де ұшырасады. Шежірелік деректерде Ермакты Сейтек (Сейд-Ахмет) өлтірді делінеді.

Енді біз Дәстем сал Қарабасұлының «Дәстемнама» жырына үңілейік. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы құрастырған «Ашамайлы Керей Танаш баба шежіресі» кітабында (пікір жазғандар: Х.Әбжанов, Ж.Артықбаев) Дәстем сал Қарабасұлының өмірдерегі мен «Дәстемнама» жырының қысқартылған нұсқасын береді. Кітапқа берілген Дәстем сал өмірі мен «Дәстемсал жыры фольклоршылар Қаратай Биқожин, Амантай Барлықбаевтардың дайындап ұсынуымен «Орталық Қазақстан» газетінің 1990 жылғы 6-желтоқсан күнгі санында жарық көрген екен. Онда: «Д.Қарабасұлының «Дәстемнама» хиссасын біз 1956 жылы 24-25-26 шілде күндері қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Преснов ауданындағы Петровка (Баян) селосының тұрғыны, пенсионер қарт, белгілі шежіреші Қожахмет Дәрібайұлынан жазып алдық. Қожахмет ақсақал «Дәстемнама» жырын өз әкесі Дәрібай Малшыбайұлы әншіден жазып алыпты. Көлемі 200 шумақ, «Дәстемнама» жырының 156 аузы Қазақ ССР көне мәдени ескерткіштер қорғау қоғамының орталық советінде сақтаулы» дейді[7].

Жырда басында Шыңғыс хан туралы, соңында Көшім хан туралы баяндалады. Онда «моңғол» атауының орнына «татар» атауы аталады.

Сол маңдағы халықтар мен мекендер  хақында:

Ескер, барын, барабы,

Құрлаш, сұңқар, қарабаш.

Бұлар да татар тайпасы.

Сібірде тұрған аралас.

Осы алты елі татардың,

Астана еткен Түменді.

Мекендеген жерлері,

Есіл, Ертіс, Тобылдың,

Тұтасар жері төменгі.

Қазақ, естек, өстектер,

Кәми, манса, қанттар да,

Қоныс қылып Сібірді.

Көрші қылып Сібірді,

Көрші тұрған татарға,

Осы елдерге хан болды,

Шыңғыс ханның ұрпағы,

Бақыты асқан ұл болды.

Жәдігер деген сұңқары, – дейді. Сосын:

Жәдігер ханның сардары,

Орта жүз керей Еламан, – деп, Еламан батырды атап, оның – Төс, Сейдақ деген ұлдарының болғанын айтады.

Жәдігерден соң билікке Көшім келеді.

 

Татардың ханы Көшім де,

Келешегін ерте ойлаған.

Еламанұлы Төс еді,

Ордабасы етіп сайлаған.

Төс Сейдектің ағасы,

Қазақтың еді данасы,

Сейдек еді бас уәзір,

Артықша жігіт бағасы.

Осылайша өрбіген оқиға Көшім хандығына қарсы соғыс, бұлаңшылық жүргізген Жармақ (Ермак-ред) оқиғасына тіреледі. Оның қарақшылығы суреттеледі. Арадағы соғыс кезінде Сейдек Жармақты жекпе-жекке шақырса да бетпе-бет келе алмай алыстан оқ жаудырады.

 

Бермеу үшін қонысты,

Татарға қазақ болысты.

Қазақтың ордабасы,

Дәулет батыр дер екен.

Керей-уақ көсемі,

Дәулен асқан ер екен.

Мұндағы Дәулен батыр осыдан кейінгі бөлімде сөз болатын Қожаберген жыраудың атасы.

Осылайша, қазақ қолы Жармақпен (Ермақпен) бірнеше дүркін соғыс салады. Ең соңында «Жармақтың бес жүз жендеті түгел қаза табады». Жармақ (Ермак) Бағай өзен тоғайына қашып кіреді. Бұл:

Ханнан Сейдек қалаған,

Бағай өзен тоғайын.

Қыстап сонда шықпақшы,

Шаруаның ойлап оңайын, – деп бейнелетін Сейдектің қыстауы.

Керейдің бегі Сейдек те,

Жармаққа бұғау арнаған.

Ізіне түсіп, жауыздың,

Соңынан, сәрі қалмаған.

….

Орта жүз Керей Сейдек те,

Ер еді асқан санаттан.

Сүйреп әкеп Жармақты,

Қабаған итке талатқан.

Сөйтіп, Сейдек, Жармақты ұстап, жаралы күйінде итке талаттырып өлтіреді.

Тұтас оқиға желісінен қарағанда, жоғарыдағы тарихи деректен алшақ кетпейді. Жырда Сейдектің әкесін керей Еламан деген батыр, ордабасы ретінде көрсетіледі.

Шежірелік деректер бойынша  «Сейдек батыр Көшебенiң Еламан атасынан тарайды» деп те айтылады.

Жырда айтылатын Бағай өзені және онда мекендеген аталар хақында Сібір қазақтарының тарихын зерттеуші-өлкетанушы, Қазақстан журналистері Одағының мүшесі Шалқарбек Кәрібаев мынадай дерек айтады: «Сібір ханы Сейдахмет билік құрған тұста Омбы облысының солтүстігіндегі Үлкен Үкі, Кіші Үкі, Тарск қаласының айналасы, Бағай өзенінің құйылысы, Той, Арқар өзендері мен Тебінді, Тас атқан өңірлері керейдің Тарышы, Шеруші, Шимойын тайпаларының, сырт қарауылдардың (Атқы, Жауар, Мөнтік, Сары руларының) қоныстары болды. Осы аймақтағы орман алқабының және Ертіске құятын кішігірім өзен Сібір хандарының заманында Шеруші атанған (орысша Чекруша). Қазіргі Омбы облысының Знаменский ауданы – кіші Үкі, Большеуковский – үлкен Үкі, Называев, Любин, Москаленко аудандары – Жолдыөзек, Павлоград, Русская поляна, Нововаршавский, Черлак аудандары орман-тоғайлы «Құрымбел» аймағы атанған еді»[8].

Ел ауызындағы аңыз бойынша үшінші дерек «Ермакты уақ батыры Сәтбек өлтірді» делінеді. Сейтек (Сейдақ) пен Сәтбек есімінің ұқсастығы да біраз күңгірт ойларға жетелейді.

Біз төменде уақ батыры Сәтбек хақындағы аңызға тоқталамыз:

«1584 жылы көктемде Ертіс жағасын мекендейтін Уақ тайпасының батыры Сәтбек қыстаудан көктеуге көшіп келе жатады. Өзі сүзек дертіне ұшырап әзер беті бері қараған, әлі толық сауыға қоймаған кезі екен. Жолай бәйбішесінің ауылына соқпақ болғанда жол бойында шашылып жатқан 17 өлікті көреді. Ішінде бәйбішесі, жақын туыстары бар екен. Сәтбек батыр бұл атышулы Жармақтың (Ермактың) ісі екенін біліп қалайда кек алуды ойлайды. Көшті тоқтатып, марқұмдарды жерлеуге қалдырады. Өзі баспалап қараңғы түсе бәйбішесінің ауылына келеді.

Сөйтсе Жармақ қасындағы сегіз қарақшысымен үйінде шалқып отыр екен. 15-16 жастардағы қызына ет астыртып жатыпты. Иті иесін танып үрмейді. Қарақшылардың ұйықтар алдында сыртқа шығуын тосып, бірінен кейін бірі сегізін қылышпен шауып өлтіреді. Ең соңынан Жармақ шыққанда шапқан қылышы тайқи тиіп, бір қолын салбыратып тастайды. Ана дәу өте қарулы екен, алыса кеткенде Сәтбекті астына басады.

Сәтбек те бой бермейді, бірақ сүзектен тұрған кісіде қаншалықты әл болсын. Бір кезде қызына: «Итті босат!» деп айқай салыпты дейді. Арсылдап аласұрған ит босасымен иесін қорғап Жармаққа ауыз салғанда ол жақын жердегі Ертіске қарай тәлтіректеп тұра қашыпты. Сәтбек батыр артынан қуғанда Жармақ суға қойып кетіп, жалғыз қолымен жүзе жөнеледі. Алайда арғы жағалауға жете алмапты. Орыстар бір айдан соң судан Жармақтың сүйегін тауыпты. Сәтбек батыр сөйтіп қазақтың кегін қайтарыпты дейді»[9].

«Бабалар сөзі» сериясымен жарық көрген «Сәтбек батыр» атты тарихи жырда мынадай жолдар бар:

 

Жарандар, үміт үзбе дүниеден,

Софылар ақыреттің қамын жеген.

Мекені Қызылжардың аржағында,

Бар екен жалқы жігіт бір енеден.

Көкшетау – Сәтбек мырза мекен жері,

Дүниеде жалқы жігіт болған сері.

 

Бір қызығы осындағы «Мекені Қызылжардың аржағында», «Көкшетау – Сәтбек мырза мекен жері» деген жолдар сол тұстағы Сібір хандығы териториясынан дерек береді.

Одан ары қарай тағы:

Мекені бәйбішенің Бұрматалды,

Құдайым бірдей берген бас пен малды.

Тәңірім өзі тілек бергеннен соң,

Тоқалға Орал таудан орын салды, – дейді. Бұл жолдарда жаңағы біз айтқан мекендік картаны толықтайды да Сібір жұртының бір шегі Көкше өңірі болса, екінші өңірі Орал (Еділ-Жайық) екенін көрсетеді. Аталған жырда Сәтбектің кім екені ашық айтылмайды.

Жырдағы бір шындық мұны естіген патша Сәтбекті шақырып, Ермакты өлтіргені үшін оны марапаттайды. Салықтан босатады.

Бұл аңызды тарихи дерек ретінде ұсынуымыздың бірнеше мәні бар. Аңыз бен жырда баяндалатын Ертіс, Қызылжар, Көкшетау, Бұрматал сынды жер аттары оқиғаның Сібір хандығы аумағында (Ертіс бойында) болғанын айғақтап тұр.

Мейлі, керейт, мейлі керей тарихы болсын барлығындағы бір ортақтық уақтардың ежелден бері керейлермен бірге көшіп-қонып жүргендігі. Олай болатын болса Керей мемлекеті құрамындағы уақтардың кейіннен Тайбұға құрған Сібір хандығының құрамында болғаны анық. Уақтардың кейінгі мекені саналып отырған Кереку өңірі де Сібір хандығының бір қанаты.

Тарихи деректер мен аңыз-әпсана, жыр-дастандағы Ермакты өлтірген батырдың Сейдек немесе Сәтбек екенінде еш шүбә болмаса керек. «Дәстемсалда» бейнеленетін Сейдектің бегзадалық болмысы, «уәзір болды» деуі бәрі-бәрі де Тайбұға тұқымы Сейдақ (Сейдек, Сейд-Ахмет) сұлтанға өте жақын келеді. Сейдақ  пен Сәтбекті екі адам дегеннің өзінде уақ Сәтбек болсын, керей Сейдек болсын оның Сейдақ сұлтанның қол астындағы батырларының бірі болуы бек мүмкін. Олай болған күннің өзінде де ел аузындағы «Ермакты Сейдақ (Сейд-Ахмет) өлтірді» дейтін аңызды шындық ретінде қабылдауға болады.

Тарихи зерттеу тақырыптарында Ермакты Сейдақтың өлтіргені және оның қару-жарақ, сауыт-сайманының олжа ретінде бөліске түскені хақында да деректер кездеседі.

«Его труп был найден 13 августа 1584 года в 12 верстах выше Абалака. Правитель Епан-чинских юрт, мурза Бегиша Ямыш, узнал в утопленнике атамана и распорядился вытащить тело из воды. Тело было похоронено недалеко от Епанчинских юрт, а доспехи и одежда атамана, снятые с трупа, были разделены. Панцирь был преподнесен в подарок белогорским ходжи. Кольчугу с медной опушкой и золотыми царскими гербами получил в подарок мурза Кайдаул (по всей видимости, он был непосредственным участником схватки с Ермаком). Кафтан взял себе Сейтек, а Карача получил саблю с поясом[10]. Нет среди получателей трофеев ни Кучума, ни Кутугая. Более того, если бы Кучум был организатором нападения на отряд Ермака, то уж его не смогли бы обойти при разделе столь ценных трофеев. Раз его в списке получателей нет, это значит, что к этому сражению он не имеет никакого отношения.

Хорошо известно о дальнейшей судьбе кольчуги Ермака. В 1658 году она находилась у наследника мурзы Кайдаула — Мамета. За нее давали 10 семей рабов, 50 верблюдов, 500 лошадей, 200 коров и 1000 овец. Впоследствии она была выкуплена у Мамета тобольским воеводой и отправлена в Москву»[11].

«Қазақ аңыздарында, халық жырында Жармақ қарақшының, яғни, атаман Ермактың басын шапқан – қазақтың Сәтбек батыры деп көрсетіледі. Бұл – ел әңгімесі дейік. Нақты таңбаланңан тарихи дерек – орыстар Сібірге қайта оралып келген 1586 жылы қазақтар Көшім ханның жауы, таққа талас Сейд-Ахмет (Сейдақ) бекке көмекке көп әскер береді. Бұл әскерді бастаушы – Тәуекел ханның інісі, батыс пен шығыстың барлық тарихи әдебиетінен аты машһүр Ораз-Мұхамед сұлтан болады.

1588 жылы күзде, бейбіт келіссөз кезінде Сейд-Ахмед пен Ораз-Мұхамед опасыздықпен тұтқынға алынады, бұдан соң Ескер қаласы қайтадан орыстардың қолына өтеді, ал 1598 жылы Көшім ханның ең соңғы жасағы қазаға ұшыраған соң Еуропаның әлденеше мемлекеті еркін сиятын байтақ Сібір біржола бағындырылады»[12].

Жоғарыдағы әдебиеттегі «әскерді бастаушы Ораз-Мұхамед сұлтан болды» дегенге кейбір тарихшылар күмәнмен қарайды. Атап айтқанда, тарихи дерек көздері 1584 жылы Ораз-Мұхамед сұлтанның бала болғанын алға тартады. Ораз-Мұхамед дәл сол кезде аталған құрамда болғанымен «бастаушы» тұлғаға көтерілмеген кезі. Қадырғали Жалайыр «Жылнамалар жинағында»: «Жиырма жасында ұлы мәртебелі Ораз-Мұхаммед хан тағына отырды» деп, оның орыс тұтқынына алынып, 1600 жылы Керман шаһарында (Хан-Кермен қаласында) Борис Федорович патша жарлығымен хан болғанын айтады.

Сейдақ туралы кейбір деректерді келесі бөлімдерде де толықтырып баяндайтын боламыз.

Жалғасы бар….

 

Пайдаланған әдебиеттер:

[1] Жоңғардың оқымысты, діндары Рабжам Зая Бандиданың (1599-1662) өмірбаяндық тарихи шығармасы – «Рабжам Зая Бандиданың хикаясы айдың жарығы демек-дүр»-ді меңзейді.

[2] «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері» – III том, «Дайк-Пресс», Алматы, 2006 жыл. 46 бет.

[3] Қазақ ру-тайпаларының тарихы. XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл. 96 бет.

[4] Козыбаев М.К. «История и современность». – Алма-Ата, 1991. – 158 б.

[5] Миллер Г.Ф История Сибири. Т.1. –М.,-Л.: Изд-во АН СССР, 1937. –276 б

[6] «Айбын». Энциклопедия, Алматы, «Қазақ энциклопедиясы», 2011 жыл. 307-бет.

[7] «Ашамайлы Керей Танаш баба шежіресі». 145-бет. Құрастырған: А.Күзембайұлы. Қостанай. 2011жыл.

[8] Шалқарбек Кәрібаев «Сібір жұрты немесе көшім хандығы құлағаннан кейін батыс Сібір аймағында өзгеріске ұшыраған жер-сулардың байырғы атаулары» kerey.kz.

[9] Марат Тоқашбаев, https://abai.kz/post/45160.

[10] Матюшенко В. К. Древняя история Сибири. Омск: Изд-во ОмГУ, -1994.

[11] Верхотуров Д.Н. Покорение Сибири: мифы и реальность

/ Под ред. А. М. Буровского. — JVL: ОЛМА-ПРЕСС, 2005. – 351 с.

[12] М.Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі», «Қазақстан» баспасы, Алматы,

1995 жыл. 149-бет.

Жәди Шәкенұлы

«Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» кітабынан

Ұқсас жазбалар