ТҰҒЫРЫЛ ХАННЫҢ МЕКЕНІ МЕН СОҢҒЫ ӨМІРІ. ЖАЛҒАСЫ:
Қытай патшалықтары мен түркі, керейттер арасындағы түйткілдер
Қытай патшалықтары мен түркілер арасындағы қарым-қатынасқа тоқталар болсақ, оның баяны тым ұзақ. Біздің тақырыбымыз Шыңғыс хан, Тұғырыл хан заманы аясында сөз өрбіткендіктен біз көршілес елдермен болған қақтығыстардың кейбір тұстарына ғана тоқаталмақпыз.
Қытай тарихи деректері бойынша қытай патшалықтарының кезеңі 618 жылға келгенде Таң патшалығы құрылды, Таң Гаузу патша болды. Осыдан кейін таққа 627-649 жылдары Таң Тайзұң, 712-756 жылдары Таң Шуанзұң отырды.
«Таң патшалығының алғашқы жылдарында түркілер шапқыншылығын жою үшін шығыстағы және батыстағы түркілерді жеңді. Қазіргі Шынжаңда және орта Азиядағы қазіргі Шу өзені өңірінде Сұяб мекемесін құрды. Күсен (қазіргі Күшар), Ұдұн (қазіргі Хотан), Қашқар (жаңа шаһар) және Сұяб (қазіргі Тоқмақ) жерлерге әскер тұрғызды. Таң патшалығының бұл шаралары орта жазық пен батыс өңірлердің шаруашылық, мәдени байланысын күшейтті»[1].
Қытай дерегіндегі жоғарыдағы мәліметке зер салғанда, қазіргі қытай аумағымен қарасақ «шығыстағы және батыстағы түркілерді» деуі олардың айналасын негізінен түркілердің қоршап жатқаны және де олардан келетін қауіпке қарсы Таң патшалығының Түркілердің жерлерінің біразын басып алғандығы байқалады.
Бұл туралы қазақ-түркі дерегі былай дейді:
«Таң патшалығы үкіметі 742 жылы Ашина тайпасы ақсүйектерінің бірі Ашынашын деген адамды «оң оқ қағаны» деп тағайындап, Түркеш қағандығына жіберді… Осы оқиғадан соң Түркеш қағандығына Елетміш Құтлық білгі қаған (747-753 ж), Тәңірі Ілміш қаған (753-756 ж), Ата Бойла қаған (756-766 ж) билік жүргізді[2]…
VIII ғасырдың ортасына дейін Орта Азияның біраз бөлігін жаулап алған араб әскерлері Түркеш қағандығының жеріне төніп келе жатты. Олар 751 жылы Таң әскерлеріне килікті. Ұрыс Талас өзені бойында, Атлах жанында болды[3].
Түркеш қағандығы соңғы кезде сары түркеш, қара түркеш болып екі иелікке бөлінді. Сары түркештердің ордасы Шу жағасындағы Суяб (Сояб) қаласында, Қара түркештің ордасы Талас өзенінің бойындағы Талас қаласында болды[4]. Сары түркештер мен қара түркештер арасындағы таққа талас 20 жылға созылды. Міне, осы жағдайды Тань империясы пайдаланып қалуға тырысты. Түркеш қағаны Сұлу (Сүлік) қаза болғаннан кейін және Түркеш мемлекетіндегі Шаш бегі бастаған көтерілісті пайдаланып, Қытай Шығыс Түркістанды, одан соң 748 жылы түркештердің астанасы Суяб қаласын басып алып, ойрандады.
749 жылы Қытай армиясы жалпы саны 70 мың әскермен Шашты жаулап, Шаш патшасын өлтірді. Сол жылы қытай армиясы Тараздағы араб армиясын қоршауға түсірді… 30 маусымда қытайлықтардың тылына кенеттен түркештер мен қарлұқтар шабуыл жасайды. Дәлі сол 30 маусымдамқарсы майдандағы шабуылды арабтар бастайды. Қатігез соғыс 30 маусымнан 29 шілдеге дейін созылады. Араб тарихшыларының айтуынша 45 мың қытайлық соғыс даласында өліп, 25 мыңы тұтқынға түседі»[5].
Осы арада ерекше айта кетерлік тағы бір жай – ислам дінінің қытай териториясындағы халықтарға таралу мәселесі. Бұл туралы қытай дерегі: «Ислам діні VII ғасырдың орта шенінде Қытайға енді. Таң дәуірінің У-ды жылдарында (618-626), Мұхаммедтің Қытайға жіберген «төрт кемеңгер діндарының» бірі Гуаңжоуға, бірі Яңжоуға, екеуі Чуанжоуға барып Ислам дінін таратты. Мұхаммед пайғамбардың нағашы ағасы Оңқас құранды жан-тәнімен қорғап, Гуаңжоу арқылы Чаң-анға жеткізді. Ол жінгуаннің 6-жылы (632 жылы) яғни, Мұхаммед пайғамбардың жылдығы болатын күні еді. Бұл барыста ол Таң Тай Зұңның қызу қарсы алуына ие болып, Чаң-ан, Жяңниң, Гуаңжоу қатарлы жерлерде мешіт салуға рұқсат алды. Қазір Гуаңжоуда Қытайдағы Ислам дінінің ең ертедегі белгісі болған Хуайшиң мешіті (нұрлы мұнара мешіті) биіктігі 165 Чы болып, көркімен көз тартып, гүлденген Таң мәдениетінің дарқан пейілін әйгілеп тұр»[6] дейді.
Демек, біз осы дерекке және жорағыда аталған арабтардың Таразда қытай қолын тас-талқан етіп, қазіргі қытай аумағындағы мұсылмандар қоныстанып отырған аумақтарға дейін ислам дінін таратып, орнықтыруға жорықтар жасағанын еске алсақ, қытай жеріне исламның жалпыласуы екі дәуірді – 618-632 жыл және 749-765 жылдарды қамтығанын байқаймыз. Демек, аталған жылдар ішінде қытай патшалығы териториясына исламның жетуі онымен көршілес және әр түрлі қарым-қатынаста болған түркі тайпалары мен Керей мемлекетіне де түрліше дәрежеде ықпал еткендігінде еш күмән жоқ.
Таң патшалығы «жаһанды жалпағынан баса бастаған» осы кезеңде оның қоластындағы түркілер 755 жылы қарулы көтеріліс жасайды. Ол туралы қытай дерегі тағы да былай дейді: ««Ан Лушан-Шы Сымиң бүлігін» Южу қалашығын қорғап тұрған Таң патшалығының әскер басы Ән Лушан қозғаған еді. Ол көп өтпей астана Чаң-Анды басып алды. Ән Лушан өлген соң оның қоластындағы Шы Сымиң бүлікшілердің атаманы болды. Ән Лушан да, Шы Сымиң де солтүстіктегі аз ұлттардан шыққан болатын. Олар әскери көтеріліс жасап әр ұлт халқын тағылықпен қырғындады.
«Ан Лушан-Шы Сымиң бүлігі» үкімет жағынан жанышталғанымен Таң патшалығының қоғамдық шаруашылығын, әсіресе Хуаңхы алабындағы шаруашылықты ауыр ойрандады. Чаң-Ан, Лояң және басқа да көптеген қалалар мен қыстақтар бұл жолғы бүлікте аса ауыр ойранға ұшырады»[7]. Қысқасы, Таң патшалығының іргесі шайқалды.
Ендеше, «Ән Лушан да, Шы Сымиң де солтүстіктегі аз ұлттардан шыққан», «Хуаңхы алабындағы шаруашылықты ауыр ойрандады» деген сөздерге қарасақ, олардың қытайдың ұлы қорғанының сыртындағы көшпелі түркілер екені анық көрініп тұр.
«Ан Лушан-Шы Сымиң бүлігі» тұсындағы «Тараз қаласы мен Шу өзені түбіндегі қытай әскерін күйрете жеңудің Қазақстан мен Орта Азия халықтары тағдыры үшін үлкен тарихи мәні болды. Тань әскері енді Жетісу жерін ғана емес, Ұйғырлар мен Тибетті, Шығыс Түркістанды тастап кетуге мәжбүр болды»[8].
Осылайша түркілерге ұйтқы болған түркештер бір мезет дәурен құрып, қытай патшалықтарының алдындағы түрік халқының үстемдігін нығайтты.
Қытай дерегі бойынша, «907 жылы Жу Уын Таң патшалығын жойып, соңғы Ляң патшалығын құрды. Сонан кейін соңғы Таң, соңғы Жин, соңғы Хан, соңғы Жоу патшалықтары құрылып, Хуаңхы алабын иемденді. Бұл тарихта бес дәуір деп аталды.
Бес дәуір жарты ғасыр (907-960 жылға дейін) дәурен сүрді. Бұл тұста Хуаңхы алабындағы бес патшалық үкіметінен басқа бүкіл ел көлемінде тағы да феодалдық ірге бөлген он үкімет өмір сүрді. Ол тарихта «Он мемлекет» деп аталды.
Бес дәуір мен он мемлекет тұсында Кидан елі (916-1125 жылдар) шығыс солтүстіктегі Ляухы өзенінің алабынан күшейіп, кейін келе Санши, Хыби өлкелерінің солтүстік бөлегіндегі 16 аймақты басып алып, мемлекет атын Ляуға (Ляоға) өзгертті. Янжиңді (қазіргі Бейжіңді) астана етіп, бірте-бірте күшті елге айналды»[9].
Осындай алмағайып заманда «ұйғыр қағандығы» аталған түркілер одағында пайда болған «тоғыз оғыздар», «тоғыз татарлар», байырқулар сынды тайпалар жұртында керейлер бас көтере бастады.
Қытай тарихшысы Су Бихай: «Таң дәуірінен кейін, солтүстікті уысына ұстаған Ляо патшалығы кезінде Орхон және Тоғла өзендерінің бойында көшпенді малшаруашылығымен шұғылданатын этностардың ішінде керей атауы кездеспейді. Есесіне олардың бәрі «цзубу» деп аталды»[10] дей келіп: «тайпи жылнамасының 6-жылы (1026 жылы) цзубулар көтерілді, оларға қарсы Ляо қосындары барды, Ляо қосындары үлкен зардап шекті делінеді»[11] дейді.
Осы жылдар ішінде, атап айтқанда XI ғасырдың алғашқы жартысында Ляо мен цзубу-керейлері арасында көп рет қан төгістер болып, көбінде керейттер жағы жеңіске жетіп отырған.
Аталған оқиғалар хақында қытай ғалымы Вэнь Доуцзянь өз еңбектерінің бірінде: цзубу тайпалары Ляо патшалығының бастапқы жылдары оларға бағынғаннан кейін, оларға қарсы күресін бір сәтке де тоқтатқан жоқ деп жазады[12]. Шын мәнінде Ляо патшалығының күйреуі де цзубулардың азаттық күресімен қатысты болды. Керей ханы Марқұс Бұйрық ханның кезекті күресі Кидандардың қытай жеріндегі билігінің құрдымға кетуіне себеп болған көптеген тарихи оқиғаның бірі болды[13].
«Ляо патшалығының соңғы кезінде, мемлекет саясаты шіріктесіп, ұлттық езгі күшейе түскендіктен, цзубу тайпаларының (керейттердің – ред) қарсылық күрестері де күн сайын жиілей түсті. Осы кезде солтүстік цзубуларға жататын керей тайпасының Ляо патшалығына қарсы қарулы қарсылығы барған сайын күшейді. Солардың ішінде уақыт жағынан ең ұзаққа созылғаны солтүстік цзубуға тән Могустың (Марқұс ханның – ред) Ляо әулетіне қарсы әрекеті еді»[14].
Қытай дерегі осыдан кейін де Могус атаған Марқұс ханның қытай әскерлерін көп рет шығынға ұшыратып, ойсырай жеңгенін тілге тиек етеді. Әрине, арада болған әр түрлі дипломатиялық қарым-қатынасты басшылыққа алған бейбіт кезеңдер де болған.
Дегенмен де арадағы ұрыс-соғыс толастамайды. «Нәтижесінде, Ляо патшалығы қол аттандырып, араға 7 жыл салып, шоулун жылнамасының 6-жылы (1100 жылы) қаңтар айында Могусты әрең дегенде қолға түсіреді. Сол жылы ақпан айында «Могусты қалың жұрттың көзінше бұтарлап өлтірді»[15]. Дегенмен, халықтың аш-жалаңаш жағдайында шекара халқының Ляо патшалығына қарсы күресі толас таппады. Сондықтан, Могус өлтірілген 1100 жылдың келесі жылы, яғни 1102 жылы цзубулар Ляо патшалығына қарсы тағы көтерілді. «Ляо тарихы. 27-бума. Тяньцзуо патша баянында»: «цянтун жылнамасының 2-жылы (1102 жылы) шілде айында цзубулар шапқыншылық жасап кірді, Отыра қатарлылар оларды жеңіліске ұшыратты», – делінеді. Бұл әсте керейлердің жаужүректігінен емес, керісінше, саяси және шаруашылық саладағы түрлі қайшылықтардың шиленсуі нәтижесінде пайда болған қақтығыс еді. «Ляо тарихы. Елюй Чжаоның баянында» шекара аймақтағы халықтың құлдық кіріптарлықтағы аянышты хал-жағдайы ашып көрсетілген. Халық өмір сүруге шарасыз қалған жағдайда, Ляо үстемдігіне қарсы алау алып атқа қонды, сөйтіп соғыс өрті барған сайын өршіді. Могустың Ляо үстемдігіне қарсы қайта-қайта көтерілуі (олардың шапқыншылық, отарлауына қарсы ұрыс салуы – ред) халқының қамын ойлағандығынан еді. Ол керей тайпасының тарихта өткен айтулы батыры, ол бастаған көтерілістер (шын мәнінде ұрыстар – ред) Ляо патшалығының негізін шайқалтып қана қоймай, күйреуге әкелді.
Тарихи деректерге сүйенсек, Могус – керей тайпасының көсемі Оң ханның ата-бабасы…»[16].
Марқұсдың өлімі туралы Рашид ад-дин еңбегінде: «Оң ханның атасының есімі Мурғуз (Марғұз) болатын, оны Буйрук (Бұйрық) хан деп атайтын. Ол кездері татар рулары саны көп және құдіретті болатын, (соған қарамай) әрдайым Қытай мен Жұрша патшаларына бағынышты болатын еді. Ол замандарда татар патшаларының басшысы Науыр Буйрук (Науыр Бұйрық) хан атты (кісі) болатын. Оның жұрты Буйур науыр (Бүйір науыр) деп аталатын жерде еді. (Ол) бірде ыңғайлы кезді пайдаланып керейт патшасы Марғұз Бұйрықты ұстап алады, (оны) Жұрша патшасына жібереді. Ол оны (Марғұз Бұйрықты) «ағаш есекке» қағып өлтіреді» [17] деп жазады.
Рашид ад-дин баянын қытай ғалымы Су Бихай да растайды: «Могустың Ляо патшалығы тарапынан тұтқындалуы «Ляо тарихында» оны Отыра қолға түсіріп, одан соң Ляо патша ордасына тапсырып берді деп тым жадағай ғана баяндалады. Анығында; Татар тайпасының көсемі Науыр Бұйрық (Naour-Bouyourouc) оны Ляо патшалығының сардары Отыраға тапсырып берген соң ғана ол Ляо патшасы Даоцзун Елюй Хунцзидің алдына жеткізіледі… Дәл осы оқиғаға бола татарлар мен керейлердің арасында өшпенділік болады»[18].
Марқұс хан өлгеннен кейін Керей хандығы өміріндегі бізге мәлім тарихи оқиғаның бірі – Марқұстың жесірі Қутуқтай Харикчи қатұнның татарлардан кек алу оқиғасы болды, айтулы оқиға асқан ақылдылық пен ерліктің нышаны ретінде аңызға айналып соңғы дәуірге жетті. Рашид ад-диннің мәліметі бойынша: «Арадан біраз уақыт өткенде Марғұз Бұйрықтың Қутуқтай Харикчи (Құтықтай Харықшы) атты әйелі, харықшы – жарқыраған (жəне) толқытатын (дегенді білдіреді), бұл атпен аталуының себебі оның жүзі (әркез) жарқырап, әсемдігімен (көргенді) толқытатын (еді). Сосын олардың жұрты (тұрақтау орны) татар руларына жақын болғандықтан, (әйел бір кісіні) жіберіп: «Мен татар патшасы Науыр Бұйрыққа жүз қой, он бие мен жүз ундир (үндір) қымыз сыйға тартқым келеді», – деді. Үндір сөзінің мағынасы – теріден тігіп, арбаға тиеп (алып жүретін) үлкен мес. Оның әрбіріне бес жүз ман қымыз сыяды.
(Құтықтай харықшы) күйеуі үшін кек алғысы келді, ол үндiрлердің (местердің) ішіне толық қаруланған жүз батырды салып, (местерді) арбаға тиеді. Олар (татарлар мекеніне) келгенде қойларды бауыршыларға ас дайындау кірісулері үшін берді, сөйтіп: «Ас болып жатқан кезде біз қымызды арбалармен алып келеміз», – десті. Сосын тойға (дастарқанға) отырған кезінде олар әлгі үндірлер (тиелген) арбаларды алып келіп, олардың тойлап жатқан жеріне қарама-қарсы қойды, (оларды арабадан) түсірді. Батырлар сыртқа шығып, патша әйелінің (Құтықтай харықшының) басқа да қызметшілерімен бірге (шабуылдап) татар патшасын ұстады, оны өлтірді. Сол арада болған татар қауымының көпшілігін (мерт қылды). Бұл оқиғаның әйгілі мазмұны – осындай жолмен Марғұз ханның әйелі өзінің күйеуінің қанын (кегін) алды» [19].
Сөйтіп, қытай патшалықтары мен түркі халықтары арасындағы жаулықтың биік бір кезеңі қытайдың Таң патшалығы мен түркештер мемлекеті тұсына тура келсе, сол жаулықтың сахарадағы кейінгі мұрагерлерінің белдісі тарих сахнасына керейлер болып көтеріледі. Марғұз хан тұсында сахарадағы моңғол текті көптеген тайпалар оған бағынышты шағын-шағын рулық топтар ғана болған. Ляо атанған қытай патшалығы қаншама күштімін деседе, керейлердің жойқын соққысы олардың да шаңырағын шайқап жіберді.
Марқұс Бұйрық ханның қидандармен соғысумен бірге өзінің оңтүстігіндегі екінші бір көршісі Таңғыт шекарасына айтарлықтай қауіп төндіріп тұрғаны хақында сол тұста оңтүстік қытайда билік құрған Сун патшалығының тарихынан дерек беретін кейбір жылнамалық еңбекте өздері «татар» деп атаған ел мен Таңғыт елі арасында түрлі қақтығыстар етек алып, қақтығыстардың соңы жаугершілікке ұласқаны туралы мәлімет келтірілген. 1084 жылдан мәлімет беретін бір деректе татарлардың мұндай атақ-даңқы шалғайдағы Оңтүстік Қытай жерінде билік құрған Сун патшалығына жетіп, Сун елі оларды елеулі саяси және әскери әріптес ретінде бағалап, солардың күшімен Таңғытты тәубеге келтірудің жолын қарастырған[20]. Мұнда сөз болған «татарлар» шын мәніндегі татар тайпасымен еш қатыссыз деуге негіз жоқ, дегенмен аталған деректерде айтылған «татарлар» ел аумағының бір шеті таңғыттардың іргелес жатқан Керей хандығымен тікелей қатысты болған[21].
Марқұс бастаған көшпенді түркілермен болған сегіз жылға созылған соғыс Ляо патшалығының жеңісімен аяқталғандай көрінгенімен соғыс зардаптары патшалықты әбден тұралатқан еді. Шаруашылық құлдырап, елде қаржы тапшылығы орын алып, мемлекеттің сыртқы жаудан қорғану қабілеті мүлдемге әлсіреді. Ақыр соңында Манжұрия тарапынан келген тұңғыс тілді нюйчжэньдердің (шүршіттердің) шабуылына төтеп бере алмай патшалық шаңырағы ортасына түсті. Нюйчжэньдердің Солтүстік Қытайдағы бұрынғы Ляо патшалығы аумағында құрған мемлекеті тарихта «Цзинь патшалығы» деп атады.
Дегенменде, «жүз жылда қайтқан кек – ерте қайтқан кек» деп есептейтін қытай философиясы бойынша, олардың ерте ме, кеш пе – жауыққан керейлерден есесін қайтаруды ұмытпауға бекіп, тісін қайраған күйі қала бергендігінде күмән жоқ еді.
Осылайша, ендігі жерде керей елі мен жаңадан бой көтерген Цзинь патшалығы арасында да әр түрлі қайшылықтардың орын алу алғы шарттары да пайда болған еді.
Деседе, билікке жаңадан келген Цзинь патшалығы аталған кезде далалықтарды түбегейлі бағындыруда қауқарсыз еді. «Нюйчжэньдер құрған жас мемлекеттің дұшпандары көп, атқарар міндеті ауыр болатын. Сол себептен Цзинь патшалығы бастапқы уақытта далалықтарды өзінің бірінші дұшпаны санаған жоқ, олар Ляо патшалығы үлгісінде көшпенділерді билеуге бағытталған әскери, әкімшілік органдар орнатты, бірақ бұл органдарды Ляо патшалығы сияқты даланың қолқа жүрегіндегі Керей хандығы астанасы болған Ордабалық маңында емес, Қытай қорғаны ішінен орнатты. Есесіне бұрынғы шекаралық қорғандарды күрделі жөндеуден өткізді және жаңадан қорғаныстар тұрғызды. Бұл далалықтарға бір сәт болса да еркіндік әкелді. Осы орайда далалық аймақта тайпалардың бірін-бірі бағындыруы, этно-саяси одақтарға онан әрі бірігу үрдісі жедел түрде жүріп жатты. Міне сөйтіп, Керей, татар сияқты азулы елдерге қайта күш ала отырып, сахара билігіне ұмтылудың қолайлы сәті туды»[22].
«Бұл дәуір туралы Л.Л. Викторовтың «Монғолдар» монографиясында дұрыс талдау жасалған. Оның пікірі бойынша ХІІ ғасырдың 30-шы жылдары Жүржендермен Қидан империясы күйрегеннен кейін Керей Орталық Азиядағы ең ықпалды күшті мемлекетке айналды, сөйтіп, керей мен монғол жері шын мәнінде Цзинь империясынан тәуелсіз өмір сүреді»[23].
Марқұс Бұйрық ханнан кейін керей хандары ретінде Сарық хан, Құршақұс Бұйрық хандар есімі аталады.
Марқұс Бұйрықтың екі ұлы болды: бірі Құршақұс Бұйрық, екіншісі Гур хан[24]. Құршақұс Бұйрық керейттің әйгілі ханы – Ваңхан Тұғырылдың әкесі, ал Гур ханның үрім-бұтағы туралы мәлімет кездеспейді.
Моңғол жылнамаларында айтылуы бойынша, Марқұс Бұйрық өлгенде ұлдары жас қалады. Татарлардан бәйбішесі өшін алған соң, хан тағына Маркуз бұйрықтың інісі Сарықтың уақытша керейттің хан тағына отыруының сыры осында[25]. Сөйтіп ХІ ғасырдың соңында керейттерді Сарық хан билейді. Сарық ханның тұсында татарлар керейіттерді үш дүркін шабады[26] . Жеңіске құнығып, керейттің соңынан өкшелей қуып жеткен алшы татардың әйгілі батыры Күміс-Синжанды Сарық хан қолға түсіріп өлтіреді. Бұл хабарды естіген Хоридай-татар дүйім қолмен Сарықты Орхон өзенінің бойында қуып жетіп, қырғын соғыс болады. Бұл соғыста Сарық ханның қырық мың қолынан қырық адамы ғана тірі қалып, басқасы түгел қырылады[27].Сарық хан керейтпен қанаттас тайпа ханы Қажыр ханнан көмек сұрайды. Сарық хан мен Қажыр ханның біріккен қолы татарларды шауып, Керайчин ұлысын азат етіп Сарық ханның билігіне береді[28].
Бұл оқиға хақында П.Пельон өз еңбегінде: «Татарлардан жеңілген Керейдің Сарық ханы батыс жағындағы наймандардың бетекин тайпасына қашып барған, бетекин билеушісі (Қадыр ханның әкесі) өз қызын Сарық ханмен бірге келген Керейдің Құршақұс Бұйрық ханына ұзатып, олармен құда болған, сол себепті Қадыр хан Сарық ханның Керей хандығын қайтарып алуына көмек көрсеткен» деп түсіндіреді [29].
Осы жеңістің арқасында Сарық хан он екі жасар Тогорил мен оның шешесі Илма қатынды татарлардың қолынан азат етеді. Илма қатынға көзі түскен татардың белгілі батыры Элжидай керейтке кірмек болады[30].
Сарық хан керейтті қанша жыл билегені туралы нақты мәлімет жоқ. Әйтеуір, ХІІ ғасырдың орта тұсында керейт билігі Марқұс Бұйрықтың тұңғыш ұлы Құршақұс Бұйрықтың қолына өтеді.
Керей хандығының хан тағында Құршақұс Бұйрық хан отырған кезде, ол келешек хан тағына мұрагер аға-інілері мен мұрагер ханзадалардың билікке болған таласын болғызбау мақсатында ұлыс территориясын жекелеген иеліктерге бөліп бергенін еске алсақ, патшалық ішінде кіші хандықтардың өмір сүру мүмкіндігі де байқалады.
Осыдан кейінгі тақтар таласы тұсында сан қилы оқиғаны бастан кешіп, Құршақұс Бұйрық ханның ұлы билік басына шығып, Тұғырыл Керей мемлекетін қуатты елге айналдырып, атағы айдай әлемге жайылды.
Деректерде Тұғырыл хан кезекті хан тағына отырғаннан кейінгі ең елеулі оқиға ретінде оның Цзинь патшалығы тарапынан «ван» деп ұлықталу оқиғасына кезек берген. «Цзиньши» кітабы берген мәлімет бұл оқиғаның 1196 жылы болғанын хабарлайды. Аталмыш еңбек берген мәлімет бойынша татар билеушісі Меучжэн Сяолиту 1195 жылы Цзинь патшалығының қатаған, салжиут тайпаларын жазалау жорығында жүрген қолбасшысына шабуыл жасап, олардың ат-көліктері мен азық-түлігін тонап алған көрінеді. Келесі жылы Цзинь мемлекеті татарларды жазалау үшін Ван яньсян есімді қолбасшының басқаруынна арнаулы қосынын аттандырған. Бұл жолы татарлар Ван яньсян бастаған нюйчжэнь қолынан жеңіліп Олжа өзеніне қарай шегінген. Цзинь мемлекеті қолбасшылары Моңғолиядағы тайпаларға жаушы жіберіп татарлардың қылмысын жариялап, оларды Цзинь қосындарымен селбесіп татарларды жазалауға үндеу жолдаған. Деректердің хабарлауы бойынша, мұндай үндеу ең алдымен Темүжіннге жеткен, ол бұл хабарды татарларда ата-бабасының кегі бар Тұғырыл ханға хабарлаған. Олар аттанып барып Мегүжін Сегүлтінің жасаған қамалын талқандап, оны өлтіріп, дүние мүлкін олжалаған, онан соң ортақ дұшпанды өлтіргендерін айтып, Оңғын Шынсианға барған, ол бұған қатты қуанған. Олардың еңбегін марапаттап, Шыңғыс қағанға «Чауыт құры», Тұғырыл ханға «Оң (Ван)» атағын берген[31].
Цзинь патшалығының бұл жолғы Темүжінге берген «шекарашы қосындар қолбасшысы» деген ұғымды білдіретін жағұтқұри («Ja`ut-quri») деген мансабы, Тұғырыл ханға берілген «ван» (хан) деген шенмен салыстырғанда, түкке тұрмайтын бірдеңе болатын. Соған қарағанда бұл соғыста оның сахарадағы беделі соншалық төмен болумен бірге аталмыш соғыста татарларды жеңуде көзге түсерлік үлесі болмаған дерсің. Француз ғалымы Р. Груссе өз еңбегінде осы жағдай туралы тоқталған: бұл туралы тарихи деректер, бізге Шыңғыс ханға аталған соғыста, оның өз сюзеренінің, атап айтқанда енді ғана ұлықталған «Оң ханның» өте жақсы қолқанаты ретінде ғана мәміле жасалғанын керемет дәлелдеп береді деген қорытынды шығарған болатын[32].
Демек, аталған соңғы оқиғалар бойынша Тұғырыл ханның – қытайдың Цзинь патшалығы үшін де, Темужін үшін де «түптің түбінде өздеріне қауіп төндіретін жаңа жау» ретінде назарға іліккенін байқаймыз. Дәл осы жолы әр екі жағының да «мұның көзін құртпасақ, күндердің бір күнінде өзімізге қатер болар-ау» деген қоқынышты күдікке байланғанын жоққа шығаруға болмайды.
Жалғасы бар…
Пайдаланған әдебиеттер:
[1] Жян Бозан, Шау Шұнжың, Жу Хуа «Қытай тарихынан шолу» (аударған: Ғ.Ақылұлы). «Орхон» баспа үйі, Алматы. 2017 жыл, 44 бет.
[2] Н.Мыңжани «Қазақтың қысқаша тарихы». Шынжаң халық баспасы, Үрімжі.
1986 жыл. 190 бет.
[3] «Қазақ ССР тарихы» 1-том. Алматы, 1957 жыл. 70 бет.
[4] Бұл да сонда, 191 бет («Таң патшалығының жаңа тарихы», 217-бөлім, «Қарлық тарауынан»).
[5] К.Р.Аманжолов. «Түркі халықтарының тарихы», Алматы:«Білім», 2005, 1-том, 142-143-беттер.
[6] Су Шуяң «Қытай туралы білімдер» – Қытайтану. «Хұснихат» баспасы. Алматы,
2010 жыл.
[7] Жян Бозан, Шау Шұнжың, Жу Хуа «Қытай тарихынан шолу» (аударған: Ғ.Ақылұлы). «Орхон» баспа үйі, Алматы. 2017 жыл. 45-46 беттер.
[8] К.Р.Аманжолов. «Түркі халықтарының тарихы», Алматы:«Білім», 2005, 1-том,
144 бет.
[9] Жян Бозан, Шау Шұнжың, Жу Хуа «Қытай тарихынан шолу» (аударған: Ғ.Ақылұлы). «Орхон» баспа үйі, Алматы. 2017 жыл. 48 бет.
[10] Су Бихай «Қазақтың жалпы тарихы», 2-том. Ауд: Т.З.Қайыркен. «Асыл кітап» баспа үйі, Алматы. 2019 жыл. 224 бет.
[11] Бұл да сонда.
[12] Вэнь Доуцзянь. Чжун го минь цзу гуань си ши ган яо (Қытайдағы ұлттардың тарихи қарым-қатынастары тарихы). – Пекин: Жэньминь чубаньшэ, 2001. 519 б. WēngDújiàn: «Zhōngguó mínzú guānxì shǐ gāngyào», Běijīng: Rénmín chūbǎn shè, 2001 nián).
[13] Қазақ ру-тайпаларының тарихы XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл. 47 бет.
[14] Су Бихай «Қазақтың жалпы тарихы», 2-том. Ауд: Т.З.Қайыркен. «Асыл кітап» баспа үйі, Алматы. 2019 жыл. 226 бет.
[15] Тото. Ляошии (Ляо патшалығының тарихы). – Пекин: ЧХШЦ, 25 ц. 1976.(Tuōtuō: «Liáo shǐ» juǎn 25. Běijīng: Zhōnghuá shūjú jiàokān běn, 1976 nián).
[16] Су Бихай «Қазақтың жалпы тарихы», 2-том. Ауд: Т.З.Қайыркен. «Асыл кітап» баспа үйі, Алматы. 2019 жыл. 227-228 беттер.
[17] Рашид ад-дин. «Жамиғ-ат-тауарих». Астана Фолиант, 1-том. 2018 жыл.119 бет.
[18] Су Бихай «Қазақтың жалпы тарихы», 2-том. Ауд: Т.З.Қайыркен. «Асыл кітап» баспа үйі, Алматы. 2019 жыл. 228-229 беттер.
[19] Рашид ад-дин. «Жамиғ-ат-тауарих». Астана Фолиант, 1-том. 2018 жыл.
119-120 беттер.
[20] Ли Тао. «Суй цзы чжи тун цзянь чан бянь» (Цзы чжи тун цзянь кітабының жалғасы). – Пекин: ЧХШЦ, 1979., 520 ц. (Li Tāo:«Xù zī zhì tōng jiàn cháng biān», Běijīng: Zhōnghuá shūjú jiàokān běn, 1979 nián).
[21] Мэн Нань. «Керейлер мен Таңғыт мемлекетінің қарым-қатынасы» // Чжунго жэнь минь да сюэ фу инь бао кан цзы ляо К23. −1998. −№3. («Lùn Kè liè rén yǔ Xīxià de guānxì» zhōngguó rénmín dàxué fùyìn bàokān zīliào K23 «sòng liáo jīn yuán shǐ» jìkān. 1998/3).
[22] Қазақ ру-тайпаларының тарихы XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл. 53 бет.
[23] Күзембайұлы А, Әбіл Е, Әлібек Т «Орта ғасырдағы Керей хандығы» http://edu.e-history.kz/ru/publications/view/418. «Тұғырыл хан». Алматы, Palitra Press», 2019 жыл.
221 бет.
[24] Қара қытайдың Гур ханы осы Маркуздың ұлы Гур хан деп жазады. БНМАУ-ын түүх. Гурван боть.-УБ., 1960,181-б
[25] Рашид ад-дин. «Жамиғ-ат-тауарих». Астана Фолиант, 1-том. 2018 жыл.
[26] Бұл да сонда.
[27] Бұл да сонда. 87-б
[28] «Керейчин ұлыс» атауын Рашид ад-диннің «Жамиғ-ат-тауарих» еңбегінен (Астана Фолиант, 1-том. 2018 жыл) көре аламыз. Бұл елді татарлардан азат етіп, Керейт ханы – Сарыққа бергеніне қарағанда бұл керейттен өзге және керейіттерге жақын тайпа болуы мүмкін. Және Қуржакуздың ұлы Жақамбаның алғашқы аты «Кереайдай» екенін еске алыңыз.
[29] Pelliot, Pauland Hambis, Louis, Histoire des campagnesde GengisKhan. Chen-wouts’intcheng lou. Leiden: E. J. Brill, 1951.P. 246.
[30] БНМАУ-ын түүх. Гурван боть, Дэд боть.-УБ.,181-б.
[31] «Моңғолдың құпия шежіресі» (көне моңғол тіліндегі түпнұсқалық транскрипциясы, ғылыми мағыналық аудармасы мен түсіндермелерін, көрсеткіштерін жасаған Нәпіл Базылхан). Серия «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері». I том. -Алматы:Дайк-Пресс, 2006.152 бет.
[32] René Grousset. L̉Empire mongol par// Вэнь Доуцзянь. – Пекин, 1989. 80 б. (Léinà. Gélǔsài. Gōng Yuè yì, Wēng Dújiàn xiào. Ménggǔ dìguó shǐ, Shāngwù yìn shūguǎn, 1989 nián).
Жәди Шәкенұлы
«Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» кітабынан