«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

ТҰҒЫРЫЛ ХАННЫҢ МЕКЕНІ МЕН СОҢҒЫ ӨМІРІ. ЖАЛҒАСЫ:

Тұғырыл хан өмірінің соңғы кезеңі және керей-найман қатынастары

Керейт хандығы тұсындағы көшпенділер өмірінен қарағанда сол дәуірдегі хандықтар мен халықтар арасында Тұғырылдың абырой, даңқы аса жоғары болды.

«Моңғол жылнамаларында Керейт ханы Тұғырыл ата-бабасынан бері тек Хабул хан әулетіне арқа сүйеп келген сияқты етіп көрсететін сыңар жақтылау сарын бар. Ал іс жүзінде бір-біріне көмек қолын созу екі жақта да болғандығын моңғол шежірелерінің өзінен-ақ көруге болады. Айталық, 1179 жылы Меркіттерге қарсы бірлесіп аттанып Бөртені азат ету жорығы тікелей Керейт ханы Тұғырылдың қолдауымен ұйымдастырылды. Бұл кезде Тэмужин тым осал болатын .

1182 жылы Тэмужинды Хамаг моңғолдың ханы сайлағанда бұл хабарды естіп «Өкіл ұлының (Тэмужин) хан болғанын» қолдап алғаш батасын берген де осы Тұғырыл еді.

Тэмужиннің әкесінің ант-су ішіскен досы Тұғырыл үшін бұлай еті қисынды қадам еді. Тіптен әкесімен достығын, өкіл әкелік міндетін былай қойғанда, Керейттер үшін көрші халықтың береке-бірлігі мен тыныштығы ауадай қажет болатын. Керейттер де тайпа аралық қақтығыстардан мезі болған жұрт. Сондықтан Тұғырыл мұнда ел іргесінің тыныштығын бірінші орынға қойып отырғаны сөзсіз»[1].

Шыңғыстың кейінгі өміріндегі әлемге тыныштық, әділдік, теңдік орнатқысы келген арманы шын мәнінде керей  ханы Тұғырылдың қол созған биігі болатын.

Тұғырыл ханның Моңғол үстірті аталған байтақ сахарадағы басты тұлғалық келбеті 1196 жылға дейін қалыптастып болған еді. Өздерін аспан астының иесі санайтын Цзинь патшалығының «Ван» деген атақпен ұлықтауы оның далалық аймақтағы билігін заңды тұрғыдан мойындағаны болды. Бұл жолғы ұлықтау Тұғырыл ханның өз ұлысына, тіпті өзге көшпенділерге өз билігін жүргізу үшін батыл қадамдарға баруына керемет мүмкіндіктер берді.  Сөйтіп, Тұғырыл хан   бұдан былай  өзінің Моңғолиядағы (көшпенді түркілерге – ред) ықпал көлемін арттыруға барынша атсалысты, оның осы мақсаттағы келесі қимылдары Моңғолиядағы түрлі тайпаларды өзіне бағындыру жолында жасаған жорықтармен көзге түсті[2]. Тұғырылдың хандық тұлғасы бұрынғыдан да асқақтап, мейманасы таси түсті.

Бұдан бұрын Тұғырыл хан өзінің солтүстіктегі көршісі меркіттерге екі мәрте жорық жасап, оларды біржолата бағындырып алмаса да, бір бөлім елі мен жерін өз ықпалына алған еді. Одан кейінгі оның Шығыс Моңғолиядағы татар қолбасшысын өлтіруі оның аталған аймақты өз ықпалына қаратуына кең жол ашты.

Дәл осы тұста Найманның әйгілі Инанш Білге ханы өліп, оның мұрагер ханзадасы Таян хан мен Бұйрық хан тұтас бір ұлысты екіге бөліп, біреуі байырғы найман жерінің жазық өлкелеріне, екіншісі таулы аймақтарына билік жүргізіп, бір-бірімен қырғиқабақ болып отырған еді. Наймандардың мұндай жағдайы Тұғырыл үшін оларды бағындырудың жаңа мүмкіндіктерін тудырды. Рашид ад-дин дерегі бойынша, бұл жолғы жорық 1199 жылы болған. Тұғырыл хан бұл жорықта Таян ханға соқпай, әуелі Ұлықтақ  және Қобда өзенінің басындағы Соғоқсу деген жердің маңындағы Бұйрық ханға шабуыл жасаған. Олар тосын келген қалың қолды көріп Алтайдың күнгей бетіне таман жылжып кетеді, осыдан кейін Тұғырыл хан әскерлері наймандардың алдыңғы шептегі қосындарымен Құмсеңгір мен Үліңгір маңында соғысып жеңіске жетеді әрі оларды қазіргі ҚХР СУАР Буырылтоғай ауданы аумағындағы Қызылбаш көліне дейін қуып барады[3].

Сөйтіп, Тұғырыл хан бұл жорықты сәтті жүргізіп, табысты аяқтап, ат басын кері бұрып өз ұлысына қайтып бара жатқан жолда ойламаған жерден найман қолбасшысы Көксау Сабрақ қосындарының тосқауылына тап болады. «Юаньши» кітабы бұл оқиға мен жоғарыдағы Үліңгір маңындағы соғыс арасында көп күн араламағанын айтады. Алайда Рашид ад-дин айтулы оқиғаның сол жылы қыста болғанын хабарлаған, сонымен бірге аталған соғыс Байтарақ Бэлчир  деп аталған найман жерінде болғанын жазады.

Моңғол деректері мен «Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері»[4] ұсынған мәлімет бойынша  екі жақ бір күн соғысып күн батырады, күн кешкіріп кеткендіктен олар келесі күні жалғасты соғыспақшы болып қосынды реттеп қатарласа қонып қалады.  Дәл осы күні кеште ғалымдар күні бүгін толық баға бере алмай келе жатқан бір оқиға болады. Осы түні Оң хан өзінің «тонымен туған ұлы» Темүжіннің өмірін қатерге тіккен қадамға барып,  оны жұртқа тастап өзі түнделетіп аттанып кеткен еді. Темүжін өзін Тұғырыл ханның жұртына тастап кеткенін ертеңінде тәңертең бірақ сезген. Ол «олар бізді отқа тастап өздері аман-сау құтылып кетіпті ғой» деп қатты налыған. Таңқаларлығы Темүжін бұл жерден аман-сау шығып, моңғол жеріне барып жеткен.

Тұғырыл хан да аман-сау Керей хандығының орталық аймағындағы Туыл өзені бойындағы өз ордасына жеткен. Алайда көп өтпей ұлыстың наймандарға шекаралас жағы Көксау Сабрақтың сұрапыл шабуылына тап болады. Көксау Сабрақ қосындары Жақамбұ және  Ілқа Сеңгүм бастаған керей қосындарымен соғыс  жасайды.

Тосын соққы Тұғырыл ханның жағдайын шынымен де аса қиын жағдайға душар етеді. Тұғырыл ханның тығырыққа тірелгені соншалық, одан шығудың оңтайлы жолын таба алмады, ақыр соңында шамалы уақыт бұрын найман қолымен бетпе-бет келген кезде жұртына тастап кеткен Темүжіннен көмек сұрауды жөн көреді. Қолда бар мәліметтердің барлығы Темүжіннің бұл жолы да өз сюзереніне шексіз адалдық танытқанын, өткен-кеткен өкпе-назды кәперіне алмай өзінің «төрт күлікін» дереу Тұғырыл Оң ханға көмекке аттандырғанын, олар Ілқа Сеңгүмді құтқарып алып, керей қосындарын қайта реттеп қайтарма соққы ұйымдастырып, наймандар тартып алған ел-жұрт пен мал-мүлікті түгел қайтарып алып, Тұғырыл Оң хан мен Ілқаға табыс еткенін, міне солай моңғолдың Темүжіні  Тұғырыл хан билеген керей ұлысын тағы бір қатерден аман сақтап қалғанын хабарлайды[5].

«Құпия шежіре» берген мәліметтер бойынша  бұл жолы Тұғырыл хан Темүжінге шексіз сүйінген, ол өзінің қартайғанын, інілерінің ынжықтығын, ұлының жалғыздғын, ұлысының болашақ тағдырына алаңдайтынын ескертіп, «Темүжін ұлымды Сеңгүмнің ағасы етіп екі ұлды болып өтсем» деген арманын айтып, Темүжін мен Оң хан Туыл өзені  бойындағы Қаратүнде жиналып әке мен ұл болған, артынша не бір жақсы уәделер айтып бекіскен [6].

Осы оқиғаның өзі Темүжіннің  Тұғырыл ханмен арасындағы селкеу түсе бастаған қатынасын қайта реттеп, Темүжіннің  бір сәт бұлыңғыр тарта бастаған арманына қайта ұмтылуына кең жол ашқандай болды. Алдағы жерде ол моңғол ақсүйектері арасындағы өз билігін мойындамай келгендерді Тұғырыл ханның күшімен тәубеге келтіре бастады. Көп өтпей Темүжін Тұғырыл хан  қосындарының құрамында Шығыс Моңғолиядағы тайпаларды бағындыру жорығына белшеше кірісті.

Тұғырыл ханның  бірінші жорығы Темүжіннің қандастары тайшығұттарды бағындыру үшін жасалды. Бұл шайқас әуелі Онон өзенінің бойында болды. Тегеуірінді соққыға төтеп бере алмаған тайшығұттар шегініп қазіргі Ресейдің аумағындағы Чита қаласының оңтүстігіндегі жерлерге барып, қайта соғысуға дайындалғанына қарамастан жеңіліс тауып өлгені өліп, қалғаны Барқұжын тоқымға қарай қашты. Белгілі болғанындай айтулы жорықтан кейін тайшығұттар жеке тайпа ретінде қайта бас көтере алмайтын күйге түскен еді.

Тұғырыл ханның Темүжінге қарасты моңғолдармен бірлікте әуелі найманды, артынша  тайшығұтты жеңіп атақ-абыройының асқақтауы далалық тайпалар мен тайпалық одақ билеушілерін қобалжыта бастады. Олар өздеріне қандай бір қауіптің төніп келе жатқанын сезінді. Мұндай үрей оларды да одақтасуға мүдделі етті. Тарихи деректерге қарағанда,  одақ құру туралы бастаманы көтергендер  қатаған, салжиут тайпасы болған. Осыдан шамалы уақыт бұрын Темүжін олардың нояндарына өзіне бағыну туралы елші жіберген, өкінішке орай олар келген елшінің бетіне ыстық сорпа шашып, қорлап қуып жіберген. Одақтастар қатарында дөрбен, татар, ікірас, қоролас, қоңырат және тайшығұт тайпалары болған. Олар одақ құрып, ақ айғыр сойып серт беріскен. Бірақ осы топтың ішінде болған Темүжіннің қайын атасы қоңыраттың Дей шешені бұл хабарды Темүжінге жеткізген. Бұл хабарды алғаннан кейін Тұғырыл хан мен Темүжін  жедел түрде дайындалып, Онон өзені бойынан Көлүн-Бүйір көлі тарапқа қарай жорыққа аттанып, қазіргі Моңғолия мен ҚХР ІМАА-ны аумағындағы Бүйір көлдің маңында одақтастар армиясын талқандайды. Бұл оқиға 1200 жылы болды[7].

Тұғырыл хан мен Темүжіннің кезекті жеңісі дала билеушілерін бұрынғыдан бетер үрейлендіріп, одақты онан әрі нығайтуға мүдделі етті. Сөйтіп, 1201 жылы Тұғырыл ханға қарсы одақтың басы қайта бірікті. Кезекті одаққа қатысқандардың саны өте көп болды, ол қатарда  Алтай тауы маңындағы наймандардан бастап Моңғолияның қиыр шығысындағы татарларға дейін, солтүстікте тайганың қиыр шетін мекендеген ойраттардан оңтүстіктегі шөлге дейін қоныстанған тайпалар толық дерліктей қатысты. Жорықты ұйымдастырушы тарихи тұлғалардан найманның екі ханының бірі Бұйрық хан, меркіт Тоқта бек, ойрат Құттұқ бек және Жамұха сияқты билеушілер болды. Олар әуелі Ергүне  өзенінің маңына топтасып Жамұханы «Гүр хан» деп ұлықтады. Бұл жолғы соғыс  Манжұрия  тараптағы Ергүне өзеніне келіп қосылатын Хайлар өзені маңында болды. Соғыс бұл жолы да Тұғырыл ханның жеңісімен аяқталды[8].

Одақтастардың Тұғырыл хан және оның вассалы Темүжінді жою әрекеті 1202 жылы тағы жалғасты.  Бұл жолғы жорықтың негізгі ұйымдастырушысы найманның Бұйрық ханы болды, бұдан сырт меркіт Тоқта бектің Ходу  деген ұлы, Жамұха және дөрбін, татар, қатаған, салжиут, ойрат қатарлы тайпалардың жекелеген топтарының билеушілері болды. Бұл жолы олар Тұғырыл хан мен Темүжінді жер бетінен түбегейлі жоюға бекініп жорыққа аттанды. Одақтастар қатарындағы Жамұха жорықта олармен бірге аттанған жоқ, тіл біріктіріп, қосынының соңынан көмекке баруға уәде берді. Бұл әскери жоспар да астыртын ұйымдастырылғанына қарамай,  құпия жоспар Темүжінге жетті. Темүжін бұл хабарды Тұғырыл ханға  мәлімдеді. Олар уағдалы жерде бас қосып, Керлен өзенін бойлап шығысқа қарай аттанады.

Тұғырыл хан мен Темүжін қосындарының алдыңғы шеп қосындары бірінші мәрте Көйтен деген атпен белгілі жерде одақтастар армиясымен алғашқы қақтығысқа түседі. Алғашқы қақтығыс кезінде одақтастардың әскер санының көптігі мен олардың жауынгерлік рухының үстем болғаны соншалық,  Тұғырыл хан олармен бетпе-бет соғысуға батылы жетпей қосынды бастап,  «Юаньши» кітабы «Алань қамалы» деп жазған Қытай қорғанына барып бекінген. Ондағы қолайлы жер бедері, тау үстіндегі берік қамал Тұғырыл ханға өз көмегін тигізе алды, одақтастар жағы таудың етегінен тау басындағы қамалға неше дүркін шабуыл ұйымдастырғанымен барлығы нәтижесіз аяқталды[9].

Осы кезде табиғат тосын мінез танытып қарлы боран болады. Күн райының қолайсыздығы наймандар бастаған одақтастар армиясын мүлде ырықсыз күйге түсіріп, шеріктердің қол-аяғы үсікке шалдыға бастайды, тау жолы қиындап көк тайғақта ат-көліктері мен адамдары таудан құлап мерт болады. Ауа райының қолайсыздығы одақтастар армиясының жауынгерлік қуатын әлсіретіп тастағанын білген Тұғырыл хан қамалға бекіне отырып қарымта шабуылды ұйымдастырады. Шешуші шайқас жоғарыда көрсетілген Көйтенде болады. Нәтижесінде наймандар мен оның одақтастары жеңіліп, тоз-тозы шығып шегініп кетеді.

«Юаньши» мен Рашид ад-дин  шығармасы  мәліметтері бойынша бұл соғысқа Жамұха мүлде қатыспаған. «Ол өз әскерін бастап наймандарға көмекке келген кезде, олардың жеңіліп шегініп бара жатқанын көріп, ат басын дереу кері бұрған. Онымен қоймай қайтар жолда өзін  «Гүр хан» деп сайлаған тайпаларды түгелімен тонап алған»[10]. Сонымен, Бұйрық хан бастаған наймандар Алтай тауы жаққа шегінген, меркіт Құтұ Селеңгі жаққа кеткен, ойрат Құтұқа бек орманды бетке алып Шікшіс жаққа тура тартқан. Ал Тайшығұттың Ағұчұ батыры Онон өзеніне қарай, Жамұха Ергүне өзеніне қарай жылжыған[11] еді.

Соғыста жеңілген одақтастар армиясы бытырап кеткеннен кейін Тұғырыл хан мен Темүжін қашқан жауды бөлініп қуған. Тұғырыл хан өз жеріне беттеген найман, меркіт және ойраттардың еш қайсысының соңынан қуғыншы жібермеген. Тұғырыл Оң хан Ергүнеге қарай Жамұханы қуған, Шыңғыс қаған Онон өзені жаққа тайшығұт Ағұчұ батырды қуған. Тарихи деректер тайшығұттардың соңына түскен Темүжін қолы Онон өзенінің бойында Ағұчұ батырдың тегеуірінді қарсылығына тап болып, осы шайқаста Темүжін қосындарының  ауыр жеңіліске ұшырағанын, оның өзінің мойнынан оқ тиіп  ауыр жарақат алып жаны әрең қалғанын, соғысты онан ары жалғастырған Темүжін  ақыр соңында әрең жеңіске жеткенін[12]тәптіштеп жазғанымен,  Жамұханың соңынан түсіп Ергүне өзені бойына қарай кеткен  Тұғырыл Оң хан туралы мәлімет жазылмаған. Соған қарамастан, біз тарихи деректердің келесі парақтарынан Жамұха атты осынау моңғол ақсүйегінің есімін Керей хандығының, нақтылап айтқанда ханзада Сеңгүмнің вассалы ретінде атала бастағанын көреміз. Бұл Жамұханың аты шулы шайқастан кейін Тұғырыл ханнан жеңілгенін растайды[13].

Тұғырыл ханның 1199 жылдан кейінгі Шығыс Моңғолиядағы түрік-моңғол тайпаларын бағындыру жолындағы қимылы нәтижесінде наймандарды өз ішіне алған түрік-моңғол тайпаларының екінші тобы уақытша болса да «Гүрхан» деп ұлықтаған моңғол билеушісі Жамұха оның өз вассалына айналған еді. Міне сөйтіп моңғол тайпаларының келесі бір бөлігі Тұғырыл  ханның билігіне көшкен еді. Алайда осынау өзгерістің өзі Темүжінді моңғолдардың ішіндегі бірден бір билеуші деңгейіне көтергендіктен,  оған қарсы  бас көтеруші моңғол нояндарының тағдыры бұлыңғыр тарта бастады.

Соған қарамастан Тұғырыл хан Темүжінді әлі де болса өз қажетіне толық пайдаланып отырды, дәл осы мезгіл көлемінде ол Темүжіннің күшіне сүйене отырып дөрбен, татар, қатаған, салжиут, қоңырат қатарлы бес тайпаны өзіне бағындырып алған еді.  Бұл да Тұғырыл ханның аталған уақытта  Шығыс Моңғолияда қол жеткізген табыстары саналады.

Тарихи деректерде Темүжін 1202 жылы өзінің шығыс жағындағы қуатты көршісі татарларды түбегейлі жоюды мақсат еткен соғыстар жүргізгенінен хабардар етеді. Міне сөйтіп,  Темүжіннің татарларды жаулап алуы оның ықпалын Ононның жоғары бойынан Хинган тауына қарай кеңіте түскен еді.

Міне осылайша, сахара билігінде болған таластың күшеюі түрлі алауыздықтардың ушыға түсуіне түрткі болды.  Сондай алауыздықтар Керей хандығының саяси өмірін бұл жолы да айналып өткен жоқ. Кезекті орда кикілжіңі енді Тұғырыл  хан мен Жақамбұ ортасында басталады.  Жақамбұ тарапынан ұйымдастырылған Тұғырыл ханға қарсы осы жолғы қара жиынға Алин-Тайші, Алтұн-Ашүқ, Күл-Бүрі, Ел-Құри, Ел-Құтқұр, Нарын-Тоғырыл қатарлы адамдар қатысқан. Сөйтіп,  қастандық ашылып қалады да, Жақамбұ Оң ханның Ел-Құри,  Ел-Құтқұр, Нарын-Тоғырыл,  Алин-Тайші қатарлы төрт әмірімен бірге Оң ханның дұшпаны найман ханына қашып кетеді [14].

Мұндай алауыздықтар Тұғырыл хан мен Темүжін арасында да белең ала бастаған еді. Жоғарыда көрсетілген жорықтар кезінде қол жеткен жетістіктер Темүжіннің моңғолдарда болған билігін күшейтіп, оның моңғол тайпаларын өз туының астына жинауға болған ынтасын күшейте түсті.  Көп кешікпей  татарлардың жойылуы Шығыс Моңғолиядағы бұрынғы саяси және әскери күштердің тепе-теңдігін бұзып жіберді.  Бұл жағдай  Тұғырыл ханнын Темүжіннен күдіктенуі мен оған сақтықпен қарауына түрткі болды. Сөйтіп, Тұғырыл хан Темүжіннің ең басты бәсекелесі Жамұханы жеңе тұра оны бірден жазалауға асықпады, оған өз вассалы ретінде мән беріп,  өз ұлысынан орын берді. Ізінше Темүжінмен жаңжалдасып қашып шыққан Алтан, Құчар, Дарытай қатарлы моңғол нояндарын да жылы қабылдап алды.

Осы шаралардан кейін Темүжін өзі,  Тұғырыл хан арасындағы қатынасты сақтап қалудың тың жолдарын қарастыра бастады. Міне сондай мақсатта «Жошыға Сеңгүмнің қарындасы Чағұр бегімді атастырып, Сеңгүмнің ұлы Тұсақаға біздің Қожын бегімді алмасып берейік» деп сұрастырды, бірақ бұл құдалықты керейлер құптамады, моңғолдарды кемсітіп қыз беруден бас тартты[15]. Бұл оқиға Тұғырылхан мен Темүжін ортасындағы «әке-балалық » және хан мен оның сюзерені болған бұрынғы байланыстың мәресіне жеткенін көрсетіп тұрғандай болды.

Артынща Темүжінге қастандық жасау операциясы басталды. Оқиға 1203 жылы болды.  Оң хан мен ханзада Сеңгүм «құда болу туралы бұйымтайыңды лайық көрдік» деп шақырып алып, өлтіріп тастауды жоспарлады. Алайда,  Темүжін бұл тұзаққа түспей аман қалады.

Тұғырыл хан өзінің бұл жоспары іске аспай қалғаннан кейін, дереу әскер бастап жорыққа аттану туралы кеңес құрды. Алайда, жылқышы Кішілік бұл істі естіп, Бадай деген інісі екеуі Темүжінге астыртын хабар жеткізді[16].

Айтулы шайқас ҚХР ІМАА-ны аумағындағы Дунучжумуцинь ауданының солтүстік бөлігіндегі  Халалжин-элет деп аталған жерде болғандықтан  тарихта «Халалджин-элет шайқасы» деп аталып келеді.  Шайқас басталмас бұрын, жорыққа Тұғырыл  Оң ханмен бірге аттанған  Жамұха Оң хан әскерінің шабуыл жоспарын Темүжінге толық мәлімдейді және Темүжінге «Сен қорықпа. Берік бол» деген сәлем айтып, оның қобалжыған көңілін сабасына түсіріп, жігер берген. Темүжін Жамұхадан құпия хабарды алғаннан кейін Жамұханың жөн көрсетуімен соғыс жоспарын құрып, қосынын жасақтап отырған.

Бұл шайқас туралы дерек көздері  моңғолдар күші өзінен неше есе басым керей қосындарымен соғысу барысында аса жауынгерлік танытып, керейлердің лек-легімен келген қосындарын түгелдей талқандап тастап отырғанын жазады. Солай дегенмен шайқас кезінде керейлер Темүжін қосындарын айқын басымдықпен күйретіп тастаған еді. Шайқас аяқтаған кезде Темүжіннің қол астында бар болғаны 2600 әскер-шерігі ғана қалған, ол  Моңғолияның қиыр шығыс жақ аймағына барып бой тасалап, ол жақта аң атып, Керлен өзенінің төменгі бойындағы Балжұнақ көлінің шалшық суын ішіп әрең жан сақтаған. Керісінше,  керейлердің соғыстан кейінгі жағдайы  мүлде басқаша сипатталған. Керей ханзадасының бетіне оқ тигені болмаса, олардың соғыстан кейінгі мерейі үстем, көңілдері көтеріңкі, рухы биік болған. Темүжінді мүлде құртып жіберу мүмкіндігі бола тұра, алдағы уақытта оның қайта бас көтеруіне күмәнмен қарап, өзі келіп бағынады, келмесе ат үстінде, ағаш астында сай-сайды сағалап тозып жоғалады деп сенген[17].

«Мәуелі биік шайқасы Тэмужин өмірінің алғашқы кезеңіндегі аса ауыр шайқастардың бірі және ол аяқталмаған шайқас. Тарихи деректерде шайқас тек Тэмужин жағынан 400-ге жуық адам қаза болды деген дерек бар. Оның қорытындысы туралы да түрлі пікірлер кездеседі. Моңғол тарихшыларының басым көпшілігі бұл жолғы жеңісті Тэмужинге жазса, П.Рачневский, Е.Кычановтар бұл жолы Уан хан жеңді, бірақ ол бұл жеңісін ақыр соғына дейін жеткізе алмады деп жазды»[18]

Алғашқы ұрыста жеңіске жеткен керей жағы өз күшінің басымдылығына сенгені де рас еді. Бұл соғыс хақында тарихшы Зардыхан Қинаятұлы: «Әрине бұл жолы Керейт жағының күші басымдырақ болғаны рас, бірақ соғысты бастаушы және күші Тэмужиннен әлде қайда басым бола тұра Уаң хан бұл жолғы мүмкіндікті толық пайдалана алмай, орта жолдан қайтты… П.Рачневскийдің айтуынша Тэмужин соғыс кезінде бір орында тұра бермей, үнемі қозғалыста болып, әр қадамында жаңа әдіс-айлаға көшеді. Ал жеңіліс тапқан немесе күші әлсіреген жағдайда әрдайым Цзин мемлекеті, Қытай шекарасындағы құмға қарай шегініп, күш жинап алғасын қайта оралып отырған. Бұл жолы да солай болды…

Керейт жағына келсек жағдай басқаша өрбіді. Жалғыз ұлы ауыр жарақат алғанын көріп қаны қайнаған Уаң хан жауын қайта айналып шапақшы болады. Егер саны басым керейттер бұл ойын дереу іске асырса, Тэмужиннің жағдайы ауырлап кетуі мүмкін еді.

Бірақ керейттер өз мүмкіндігін асыра бағалап алды…  Мәуелі биік шайқасынан кейін Уаң хан өз батырларының күшіне сеніп ордасына қайтса, Тэмужин дереу іске кірісіп кетті және ол керейт ішіндегі өз адамдары арқылы қарсыласының қия басқан әрбір қадамын қалт жібермей, қадағалап отырды»[19]деген деректер келтіреді.

Осыдан кейінгі Шыңғыс ханның Тұғырыл ханға тұтқиыл шабуыл жасап, керей мемлекетін күйретуіне көп тарихшы ат үсті қарайды. Басым пайызы мұның Шыңғыс ханның «айрықша таланты», «тарихи шешуші жеңіске жеткен дарабоздығы» ретінде бағалайды. Мәселенің шынайы мән-жайына үңілсек, тарихтың қалтарыс беттерінде қалған жасырын оқиғалар көп.

Атап айтқанда, Тұғырыл ханның «Шыңғыс ханнан күйрей жеңілуі», «Керейт хандығының құлауы» сынды тарихи оқиғаның тасасында қалған бір шындық – Тұғырыл ханды Шыңғыс хан ақыл-айласы арқылы тікелей түрде соғысып жеңбеген. Сол кезеңдегі қытай патшаларының арамдық торы арқылы, Шыңғыс ханға жол-жорық және көмек ұсынып, ордаға жасырын шабуылға өткені туралы жазба деректер мынадай мәліметтер ұсынады:

«Цзиньши» кітабында кездескен мәліметтер бойынша,  Оң хан жыл басында Темүжінге шабуыл жасап,  оны қуып жібергеннен кейін, Цзинь патшалығының шекаралық аймақтарына әлде қандай қатер төндірген.  Бұл Цзинь патшалығының Керей хандығы арасындағы қалыптасқан  қатынастарын өзгертуге түрткі болған. Нәтижеде олар шекаралық  аймақтарда жаңа қорғандар тұрғызумен қатар,  әскер аттандырып Цзинь елінің шекарасына басып кірген Оң ханға (Тұғырыл ханға – ред) шабуыл жасап, оны ауыр шығынға ұшыратқан. Цзинь қолбасшылары Цзунхао мен Вусан Куэй қосындары Оң хан қосындарын шекара сыртына қуып тастағаннан кейін,  шекара аймақтарға жақын маңындағы қоңырат, салжиут сияқты тайпаларды бағындырып, оларды Оң ханнан соққы көрген Темүжіннің басқаруына беріп Оң ханды жазалау міндетін Цзинь патшалығының «жаотаохуы» болған Темүжінге тапсырған. Цзинь патшалығының көмегін алған Темүжін осы жылдың күзінде ішкі-сыртқы себептерден әбден әлсіреп қалған Керей хандығына күтпеген жерде шабуыл жасап, Оң ханды тағынан тайдырған. Оң ханның хандығы жойылып, шекараға төнген қауіп сейілгеннен кейін Цзинь патшалығы Темүжінмен қандай бір мәмілеге келе отырып, өз қолбасшыларын кері шақыртып алған[20].

Осы арада ерекше ескере кетерлік бір жай – аталған оқиға төңірегіндегі барлық жазбаларда Шыңғыстың татарлардан қомақты көмек алып, керейлерге шабуылдағаны елеусіз ғана тілге тиек етіледі. Шын мәнінде дәл сол кезде қытай патшалығына бағынышты болған татарларды соғысқа итермелеген және оған өзінің қомақты әскери күшін қосып, Шыңғысқа көмектескен қытай патшаларының жасырын әрекеті мүлдемге айтылмайды.

Тарихшы З.Қинаятұлының жоғарыда келтірілген дерегіндегі: «П.Рачневскийдің айтуынша Тэмужин соғыс кезінде бір орында тұра бермей, үнемі қозғалыста болып, әр қадамында жаңа әдіс-айлаға көшеді. Ал жеңіліс тапқан немесе күші әлсіреген жағдайда әрдайым Цзин мемлекеті, Қытай шекарасындағы құмға қарай шегініп, күш жинап алғасын қайта оралып отырған. Бұл жолы да солай болды…» деген жолдар Шыңғыстың қытай жағынан көмек алу мүмкіндігінің аса жоғары болғандығынан нақты дерек береді.

Жоғарыдағы оқиғаларды негізге алғанда, қытайдың Таң, Ляо, Цзинь елдері тұсындағы түркі, керейлерге жаулығы көшпенділердің басын қоспау амалымен тағы бір мәрте өз ойынын сәтті ойнап, керей мемлекетінің күйреуіне тікелей ықпал еткенін көрсетеді.

Аталған мәліметтер көктемде ғана керей шабуылынан күйрей жеңілген Темүжін араға аз ғана уақыт салып, сол жылдың күзінде қуатты Керей хандығын қалайша оп-оңай күйрете салды деген жұмбаққа азда болса жауап береді. Келесі тақырыптарда бұл мәселелерге кеңірек тоқталатын боламыз.

Қытай, орыс сынды елдердің ежелден бірімізді бірімізге қақпақылша соғып үйренгенінің бір мысалы осы оқиғалардан және оның хатқа түсуіндегі қалтарыста қалған беттерінен айқын көрінеді. Мүбәда, Тұғырыл ханның сол тұстағы сахарадағы көшпенділерді біріктіру идеясы толығынан іске асқан жағдайда өзге империялар өлердей қорқып келген жаңа Түркі мемлекеті қайтадан бас көтерер ме еді, қайтер еді?!

Тұғырыл ханның өлімі туралы екі түрлі аңыз бар.

Біріншісінде – XIII ғасырда «Марко Полоның саяхатнамасындағы» дерек бойынша, ІІІыңғыс хан моңғол үлысының өзіне хан болғаннан кейін, елші жіберіп Оң ханның қызын айттырып алмақ болады. Келген елшілердің сөзін естіген Оң ханның төбе шашы тік тұрады. Ол елшілерге ақырып: «Темучин менің қол астымдағы құлым еді, менің қызымды алам деп қай бетімен айтып отыр, оның мейманасы тасыған екен. Жоғалыңдар көзімнен, барып айтыңдар оған, бұдан былай бұл әулекілігін тастамаса, үнін өшіремін!» деп оларды қуып жібереді. Бұл сөзді елшілерден естіген Шыңғыс хан қаһарланып, ат-азаматын жинап келіп, Оң ханның ордасына шабуыл жасайды. Оң хан қамданып қарсылық көрсетеді. Нәтижесінде күйрей жеңіледі, Оң хан майданда қаза табады. Шыңғыс хан Оң ханның жерін жаулап, қызын қолға түсіреді[21].

Екіншісінде – Рашид ад-дин баянында: «Осы жеңіліс пен қашып құтылудың кезінде ол наймандар өлкесіндегі Никун Усун (Никун Үсін) аталатын жерге дейін келді. Найман патшасы Таяң ханның екі әмірі: бірін қоры Субашы, ал екіншісін Татик шал деп атайтын, олар сол өлкеде қарауыл болып тұрған еді, сол жерде оны (Оң ханды)тұтқынға түсіріп, өлтірді. Оның басын өздерінің патшасы Таяң ханға жіберді. Таяң хан бұл істі құптаған жоқ, содан: «Неліктен мұндай ұлы қарт патшаны өлтірдіңдер? Оны тірідей алып келу керек еді!» – деді»[22].

Рашид ад-диннің бұл дерегі «Моңғолдың құпия шежіресіндегі» оқиғамен желілес баяндалады.

«Моңғолдың құпия шежіресі» 188-бөлімінде: «Оң хан, Сеңгүм екеуі жанын сауғалап қашып шығып  Дыдық сақалдың Некүн суында Оң хан сусындап шөлдеп кірерде Найманның қарауылы Қоры Сүбешіге кезігіпті. Қоры Сүбеші Оң ханды ұстап алып «Мен Оң ханмын дегеніне қарамастан танымай, табынбай сонда өлтіріпті»[23] делінсе, 189-бөлімде: «Найманның Тайаң ханның шешесі Күрбесү: «Оң хан ежелгі қарт ұлы хан болатын. Басын әкелсін. Ол болса табыныс сый көрсетейік біз»[24] дейді» деп баяндалады.

Соңғы өлімге қатысты бірнеше сұрақ туындайды. Атап айтқанда – Тұғырыл хан не үшін найман еліне қарай қашты? Қаншама ғасырлардан бергі әдебиеттер не үшін Тұғырыл ханды «Шыңғыс хан өлтірді» деп емес, «наймандар өлтірді» деп қарап келді? Екі ру арасындағы қарама-қайшылықтарды ұлғайта пайдаланған кейінгі империялар ойыны сияқты Шыңғыстың да әлде қандай айла-шарғы жасап, араздық, жаулық тудыруға  баруы мүмкін бе? Шыңғыс ханның Тұғырыл ханды мерт қылып, хандығын құлатуында біз білмейтін қандай сырлар бар?

Біз бұл сұрақтың бәріне толық жауап бере алмасақ та, тақырыбымызға орай Тұғырыл ханның соңғы өмірі мен ол өлгеннен кейінгі кейбір жағдайларға тоқталамыз.

Ерекше ескерерлік бір жай – мейлі «Моңғолдың құпия шежіресі», мейлі Рашид ад-диннің баяны болсын бұрындары керейлерге жау болып, онымен неше мәрте соғысып келген найман жағы Тұғырылдың өлімін естігенде оған еш қуанбайды, табаламайды да. Керісінше: «Оң хан ежелгі қарт ұлы хан болатын. Басын әкелсін. Ол болса табыныс сый көрсетейік біз!» деп оның өліміне өкініш білдіреді. Ақтық рет құрмет көрсетуді жөн санайды.

Тіпті «Тайаң хан: «Осы шығыста азғана моңғол бар делінеді. Солар ежелгі ұлы Оң ханды оқ садақпен қорқытып қашырып өлтірді. Енді хан боламыз деп ойлап жүр ме олар. Тәңірі жоғарыда күн мен ай екеуі жарықты болған еді,  Жер үстіне екі хан қалай болмақ. Біз барып сол моңғолдарды әкелейік» депті»[25] делінеді. Мұнда Тұғырылдың өліміне қайғырып, оның мерт болуына себепкер болған моңғолдарды жазғырып, кектене тісін қайрайды. Оң ханның сахарадағы бет-беделі, орны, атадан жалғасқан хандық тағы ерекше құрметтеліп, «ханды өлтіріп өздері хан болғалы жүр ме?!» деп Шыңғыс ханға текті хан әулеті емес, қара сирақ құл тұқымы ретінде қорашсынып қарайды.

Осы жайларды қайталап, Әбілғазы Баһадүр де: «Оң хан найман Таяң ханға бара жатқан жолында найманның Қорысамажу және Танеке атты екі төресі кездесті. Найман мен керейт әуелден ескі дұшпан еді. Екі төресі ақылдасып, егер біз мұны өлтірмей тірі апарсақ, Таяң хан тірі алып қалар деп ойлап, оны өлтіріп, басын Таяң ханға алып келді. Таяң хан: «Мұндай ұлы патшаны және кәрі кісіні неге өлтірдіңдер, тірі алып келу керек еді» деп, төрелерін айыптады. Оң ханның басына күміс қаптап, бетін есікке қаратып, тақтың үстіне қоятын еді»[26] дейді.

Шын мәнінде, аталған азғана жолдардың өзі тірі күнінде айрықша айбатты болған ханның өлгеннен кейінгі қадірін де айқын көрсетіп тұр. «Ежелгі ұлы Оң хан» немесе «Ұлы патша» деп, оның «хандардың ханы, хандардың тұқымы болған» бекзадалық, ақсүйектігін әспеттеуі де талай сырды аңғартады.

«XII ғасырда орта азиялық көшпелі тайпалардың күшеюі олардың арасындағы ірілері – найман, керейіт, оңғыт тайпаларын ерте феодалдық мемлекеттік құрылыс – ұлыстарға бірігуге алып келді. «Ұлыс» ел, халық билігі деген ұғымды білдірді, алғашқыда оның құрамында рулық жақындастығы жоқ адамдар тобы кірді, кейбір жағдайларда ұлыс құрамында ең бастысы ханның руластары мен туыстары және өзінің адамдары болды. Ұлыс тұрақты жер аумағын иеленді, ал ірі найман және керейіт ұлыстарының өз шекаралары болды, мұндағы шекаралар кей-кейде күзетілетін[27].

Қоныстанған аумақ пен қандастық жағынан бір-біріне жақын келетін тайпалар ежелден өзара көршілес отырып, түрліше қарым-қатынастарда болып келген. Адамзат әлеміндегі ежелгі тайпалардың одақтасып өмір сүру салтының кейбір белгілері олардың осындай тамырластығы мен тағдырластығынан байқалып отыратын.

«Керейлер, наймандар, қоңыраттар және меркіттер кезінде моңғолдармен қоныстас күшті тайпалық хандықтар еді. Тарихи естеліктерде керейлер мен наймандар жөніндегі деректер мол. Бұл екі тайпа туралы деректер Шыңғыс ханға қатысты тарихи оқиғалармен байланысты болғандықтан, Шыңғыс хан мен моңғол патшалығына байланысты зерттеліп, саяхат естеліктері және әдеби шығармалар жазылып келеді. Бұл екі тайпа қазақ орта жүзіндегі белді тайпалар екені, ал еліміздегі (қытайдағы – ред) бір миллион қазақ халқының (1985-1990 жылғы дерек бойынша – ред) басым көпшілігі осы екі тайпаға жататыны әлемге аян»[28].

Аталған екі тайпа хақында көрнекті тарихшы М.Мағауин былай деген:

«Шыңғыс хан атқа мінер қарсаңда теңіздей толқыған ұлан-ғайыр жұрттағы туыстас, қанаттас тайпалар ішінде керей мен найманның саны мол, айрықша қуатты, әрі  өзіндік мемлекеттік құрылымы бар, қатарынан озық, бәсіре мәдениетке жеткен, ең көрнекті жұрт болғаны арғы-бергі барлық тарихта атап айтылады. Дамыған шаруашылық, қалыпты тіршілік өз алдына, ұлыстық құрылымға орай, белгілі бір деңгейдегі билік жүйесі, «Еке төре»  атты  ұлыстық заң үлгісі, мемлекеттік мөр, яғни таңбалы жарлық, нақты құжат негізіндегі ішкі-сыртқы қатынас тәртібі  және үйреншікті жазу үрдісі қалыптасқан екен»[29].

Тарихи орны жағынан моңғолдар дәурендеген кезеңнің көлеңкесінде қалғандай көрінгенімен, екі тайпа сол дәуірдегі әлемге әйгілі елдер қатарында болған.

Керей-найман ежелдің ежелінен қоңсылас болып, құдандалы отырған ел. «Құршақұс Бұйрық ханның көп әйелі болған, ол осы әйелдерінен көп ұрпақ сүйген. «Юань чао би ши» («Моңғолдың құпия шежіресі») шығармасында  оның 40 ұлы болғанын хабарлайды[30].

Олардың кімдер екені жөнінде Рашид ад-дин өз еңбегінде Құршақұс Бұйрық ханның ұлдары ретінде Тұғұрыл (Tūğ(u)rīl) [бұл Оң хан], Еркеқара, Тай Темүр Тайшы, Йұла Марқұс (Yūlā-Māğūs), Бұқа Темүр, Елке Санкүн (īlqeh-Sānkūn), Жақамбу (Žakambu) (оның өз аты Керейдай (karāīdāī) қатарлылардың атын атайды. Осында аты аталған ұлдардың ішіндегі Тұғұрылдың анасының аты Елма қатұн болса, Тай Темұр Тайші, Йұла Марқұс,  бұдан басқа тағы төрт ұл бетекин  найман хан әулетінің қызы Тура-Ғайміштен (Tūrāğāīmīš) туған»[31].

Кейінгі оқиғаларда баяндалатын Ерке Қараның, Жақамбудың наймандарға қашып баруы – өздерінің сондағы нағашы жұрттарынан пана, көмек сұрап барғаны деп те қабылдауға болар еді.

Әбілғазы Баһадүр «Түрік хандар шежіресін»-де: «керейт пен найман жұрты бір туыс және қатар отырар еді, соған қарамастан бір-бірімен үнемі жауласып, бірде ұрысып, бірде жарасар еді»[32] дейді.

Керей хандығы мен Найман хандығы арасындағы этносаяси және этномәдени байланыстары  өте көне дәуірлерден бастау ала отырып, өз жалғасын тауып келгені белгілі. Мұндай қарым-қатынастар Тұғырыл  Оң ханның заманында да жалғасын тауып жатты. Бұл дәуірде Тұғырыл Оң ханмен араздасқан керей ақсүйектерінің көпшілігі  Найман хандығынан өз орнын тауып отырды.

Деректер 1204 жылы орын алған найман-моңғол соғысы кезінде бұдан бұрын Оң ханмен жанжалдасып наймандарға қашып келген керей Арын Тайшыны осы реткі моңғолдарға қарсы одақтағы Таян ханның басты одақтастары ретінде көрсетіп, оның атын меркіт Тоқта бек, ойрат Құдұқабек қатарлы қабырғалы елдің бектерінің қатарында атап, оған ерекше мән берген. Бұл соғыста Арын Тайшының басты одақтас ретінде атының аталуы, оған қарасты керей қосындарының одақтастар армиясы қатарындағы орны мен үлес салмағына қатысты болған еді. Керей хандығында «он мың үйдің ұлығы болған» Арын Тайшы кезінде наймандарға өзінің ауыл-аймағын, ел-жұртын, аламандарын ала барған-ды. Айтулы тұлғаның наймандарға кету оқиғасы 1202 жылғы Жақамбұдың наймандарға кетуімен байланысты айтылады. Бұл жолы Жақамбұ өзімен бірге Арын Тайшыдан басқа, Оң ханның Ел Құри, Ел Құтқұр, Нарын Тоғырыл деген әмірлерін ерте кеткені туралы мәлімет бар. 1204 жылы моңғолдарға қарсы  ұйымдасқан «найман одағына» сол адамдардың барлығы қатысқан[33].

Тұғырылдың  Еркеқара есімді інісі Тұғырылдан қорқып қашып наймандарға баруы, кейіннен ағасының орынтағын тартып алып наймандардың ықпал-күшімен бір мезет хан болуы  сынды талай оқиғалар баян қылынады.

Еркеқара таққа отырғаннан кейін бұрынғы Керей хандығының территориялық аумағына да толық иелік ете алмаған. Сол себепті кейбір ғалымдар найман ханы Еркеқараны хан тағына отырғызғаннан кейін, осы орайды пайдалана отырып Керей хандығының батыс жақ территориясын өзіне қаратып алса керек, сол себепті Рашид ад-дин наймандардың өріс қоныстары туралы баяндаған кезде Қарақорым өңірін олардың жері ретінде қарастырған  деп қарайды[34].

Тұғырыл хан тақтан тайып, мемлекеті ыдырағаннан кейін, «ақыры, керей жұрты үлкен қазаға ұшырайды, хандығы құлап, біраз халқы әр тарапқа бытырайды. Әйткенмен де көп ұзамай-ақ Шыңғыс хан ордасының өзінде әжептәуір ықпалға жетіпті. Және негізгі әскер құрамына қосылады. Қытай деректерінің айтуынша, 1204 жылы, Таян хан мен Жамұқа гөрхан бастаған қалың қолға қарсы аттанған Шыңғыс хан әскерінің басым бөлігі – керей жұртынан екен. Атақты Сүбітай-бахадұрдың жеке мыңдығы керей мен найман, меркіттен құралған («Юань ши»)»….  Татар даласындағы дүрбелең мен бұлғақ нәтижесінде шашыла тозып, қарасыны кемігенімен, арада жарым ғасыр өтпей қайтадан еңсе жазған керей тайпасы үлкен әскери қуатқа жетеді. Ұлы империя екіге жарылып, әуелде Құбылай мен Арық-Бұқа, оған жалғас Құбылай мен Қайду арасындағы қырық жылдық қырғын басталғанда Ұлы Даладағы, Дәшті-Қыпшақтағы керей, туыстас найманмен бірге, Арық-Бұқа қағанның, Қайду ханның негізгі жасақтарын құрапты»[35] дейді Мұхтар Мағауин.

Керей мен Орта жүздегі ірі тайпа найманның қаракерей руының тікелей байланысы бар. Қаракерейдің құрамына – Тоқымбет, Ақымбет, Сыбан, Мұрын, Байжігіт, Қаржы, Байғана, Бегімбет, Ақсеміз, Болатты, Тұзақшы, Тортуыл, Садыр және Қожамбет рулары кіреді. Бұл тізімде найманға да керейге де ортақ үшем: Ақымбет, Тоқымбет, Сыбан  (Сибан) бар[36].

Керей-найман арасындағы оқиғаларға тоқталған Н.Мыңжани, М.Мағауин, Ш.Құдайберді, А.Татанайұлы сынды біраз тарихшылар қазіргі найман құрамындағы қаракерейлерді осы кезеңде найманға сіңген керей тайпасы ретінде қарастырады. Ол туралы М.Мағауин: «Ежелгі керей тайпасының ең үлкен қауымы қазақ халқына ұйтқы болған жұрт қатарында, бұлар: ашамайлы-керей, абақ-керей, уақ-керей, найман санатындағы қара-керей  және   жетіру бірлестігіне енген керейт һәм табын руының құрамындағы жаман-керей, шанышқылы ішіндегі ақ-керей, байұлы тайпасына кіріккен таздар руының бір тармағы жастабан» деген дерек келтіреді[37].

Қытай ғалымы Су Бихай да: ««Қазақ шежіресіне» сүйенер болсақ, аталған керейлердің үш үлкен тобы бар, олар: 1- Қаракерей, 2- Сарыкерей, 3- Уақ керей… Бүгінде қазақ ішіндегі Қара керейлер найманға жатады»[38] дейді.

«Бұл жолы моңғолдар Керей хандығын жойғанымен, ұлыстың ұлан-ғайыр аумағын бірден өз иелігіне алғаны байқалмайды. «Юань чау би ши» керей елін азайтып сол жылы Абжыға Көдекері деген жерге қыстады»[39] деген мәлімет ұсынады.

Аталған дерек көздері осы кезеңде керей халқының қазіргі қытай аумағына қарасты Ішкі моңғолдың біраз аймағы мен қазіргі моңғолия жеріндегі байырғы керей жұрттарында қоныстанып отырғанын, бір қанатының наймандармен шекаралас Алтай тауына тірелетіндігін меңзейді.

Деректерде керей хандығы жойылғаннан кейін олардың бұл тұстағы аумағын моңғолдардан бұрын наймандар иелене бастағанын көрсетеді. Ол тұста керейлер хандығы құрамындағы біраз жұрт Шыңғыс ханның қол астына өткеніммен біразы найман хандығының құрамында өмір сүріп, олармен ниеттес болғанынан дерек береді.

Жер картасы туралы айтқанда моңғол-найман арасындағы бір реткі соғыстың Алтайдың Үліңгір бойында болғаны хақында баян бар. Рашид ад-диннің деректері бойынша, бұл жолғы жорық 1199 жылы болған. Тұғырыл хан бұл жорықта Таян ханға соқпай, әуелі Ұлықтақ  және Қобда өзенінің басындағы Соғоқсу деген жердің маңындағы Бұйрық ханға шабуыл жасаған. Олар тосын келген қалың қолды көріп Алтайдың күнгей бетіне таман жылжып кетеді, осыдан кейін Тұғырыл хан әскерлері наймандардың алдыңғы шептегі қосындарымен Құмсеңгір мен Үліңгір маңында соғысып жеңіске жетеді әрі оларды қазіргі ҚХР ШҰАР Буырылтоғай ауданы аумағындағы Қызылбаш көліне дейін қуып барады[40].

Керей мемлекеті құлап, моңғолдардың наймандарға шабуыл жасау барысы сөз болғанда, «Юаньши» кітабының бір тарауында:  «Наймандар мен Мэрцитай (меркіт) күш біріктіріп шабуыл жасады,  көптеген тайпалар олармен астыртын тіл біріктіріп, олар бір-бірімен одақ құрған еді, ойламаған жерден Тайцзу (Шыңғыс хан) әскер бастап жорық жасап дер кезінде барғандықтан, тайпалар бет-бетіне тарап кетті, [Тайцзу] осы орайда оларға шабуыл жасады, Шучитай олардың Чжахацзянпу (Жақамбұ) деген билеушісі мен оның екі қызын тұтқындап алып келді, тайпалар түгел бағынды, [Тайцзу]  Чжахацзянпумен (Жақамбұ) одақ құрып, оны өзіне қосып алды. Көп ұзамай наймандар қайта бүлінді, Шучитай Чжахацзянпудан (Жақамбұ) айласын асырып, оның өзін өлтіріп тастап, мемлекетін тыныштандырды»[41] деген жолдар бар.

«Юаньши» кітабының осы баяны баянынша, Жақамбұның наймандармен одақтасып, моңғолдарға қарсы жорыққа қатысқаны, соғыста жеңілген Жақамбұның қашып кеткені, кейін моңғолдың Шучитай бастаған қосындары жағынан қолға түскені, Шыңғыс ханға бағынып, оған қызын бергені, онан соң бұрынғы найман жерінде наймандар мен бірге қайтадан көтеріліс жасағаны айтылған. «Юаньши» кітабының осы тұсындағы мәтінінде кездескен «наймандардың қайта бүлінуі» мен осы бұлғаққа ат салысқан «Жақамбұның өлтірілуі», Жақамбұның бұл кезде найман жерінде тұруы мен көтерілісті наймандармен бірлесе жасағандығымен байланысты айтылған. Сөйтіп бұл дерек наймандар мен керейлердің ара-қатынасын зерттеуде осы уақытқа дейін орын алып келген бірқатар көмескі мәселенің бетін ашады…

Тарихи деректерге сүйенсек, Керей хандығы тарихында орын алған айтулы шайқастан кейін ұлыс халқының көші-қон бағыты күнбатыста іргелес жатқан Найман ұлысы бағытына қарай жылжығанын көреміз. Оң ханның өзі наймандарды паналамақша болып жүріп, сол елдің шекарасында мерт болды. Оның мұрагер ханзадасы Ілқа Сеңгүм әуелде әкесімен бірге сол жаққа бет түзеп, әкесі қайтыс болғаннан кейін Таңғыт еліне барды, одан шығып қазіргі Шыңжаңдағы Күшар маңында өлді»[42].

Керейттерді құртқан Шыңғыстың ендігі негізгі жауы – меркіт пен найман болды. Қытай ғалымы Су Бихай 1208 жылы көктемде Найман Күшлік ханы мен Меркіт Тоқтабектің қолының қазіргі ШҚО Бұқтырма жерінде Темужіннің тегеурінді соққысынан Тоқтабектің өлгенін, Күшліктің жеңіліп қашқанын жазады[43]. Қара киданға қашып барған Күшлік Қашқарды паналап, Памир үстіртінде Шыңғыстың Жебе нояны жағынан басы алынады.

Сөйтіп, бір кездері бір-бірімен қырғи қабақ болып келген керей, найман, меркіт тайпалары басына ауыр күн түскен қиын жағдайда бірігіп, Шыңғыс қолына қаншама қарсы шапса да жеңіліске ұшырайды.

Тарихи деректерге жүгінсек,  моңғол тектестер  Керей хандығын құлатқаннан кейін,  хандықты құраған қалың қол тайпалардың бір бөлімі моңғолдар тарапынан талапайға түскенімен, олардың бір бөлігі моңғолдармен бірге күн кешті, ауқымды тобы Найман хандығы аумағына, Қашқарияға, Жоңғария мен Жетісуға, одан әрі Дешті Қыпшаққа қарай қоныс аударды[44].

Тарихи деректерге тіркелген керейлердің батысқа аууы туралы мұндай үлкенді-кішілі оқиғалар  Орталық Моңғолиядан қоныс аудару Керей хандығы күйрегеннен  соң орын алған елеулі оқиға болғанын түсіндіреді. Сол себепті 1220-1221 аралығында Қазақстан мен Орта Азияда болып қайтқан Шүршіт елінің елшісінің көрген-білгендері негізінде жазылған саяхатнамада керейлерді найман, қырғыз, меркіт, қаңлы, қарлық, ұйғыр қатарлы тайпалардың қатарында Алтайдан Жетісуға дейінгі аралықта кездестірген[45]. Бұдан тыс моңғолдар керейлердің ең соңғы тобын 1223 жылы Дешті Қыпшақта қаңлы, қыпшақтармен бірге бағындырған, олар меркіт, найман, керей, қаңлы, қыпшақ қатарлы тайпалардың мыңдықтарын біріктіріп арнаулы бір қосын ұйымдастырған[46]. Бұл керей, найман және меркіттер бұдан 20 жыл бұрын моңғолдардан ығысып Дешті Қыпшаққа келген еді.

Аристовтың дерегі бойынша сол тұстағы керей халқының жан санынының бір миллионға жақын екенін ескерсек, Шыңғыс соққысынан кейін аздаған бөлегі батысқа ауғанымен, Шыңғыстың әскери қосынын толықтаған негізгі бөліктен қалған бір бөлімі найман хандығы құрамында болып, солармен тағдырлас күн кешті. Тіпті бір бөлімі бүтіндей моңғолдық ұлттың қалыптасуына үлес болып қосылды.

«…Шыңғыс хан әскерінен жеңіліс тапқаннан кейін, Моңғолияның түркітілдес тайпалары өздері тұрған жерінен жағрафиялық бағытта батысқа қарай ығыса бастады: алдында наймандар, меркіттер, соңында керейлер. Бұл жағдай аталмыш тайпалардың қырғыз-қазақ даласына таралуына ықпалын тигізді»[47].

Шын мәнінде Шыңғысханның тарих сахнасына көтерілуіне бір тәңірі өзі жар болса керек. Оның қуатты қолы Керей, Найман мемлекеттерін бірінен соң бірін күйретіп, жалпақ сахара билігін өз қолына алуына мүмкіндік тудырды.

Тарих сахнасындағы Тұғырыл хан өмірі аса ауыр және қайшылыққа толы кезеңдерді бастан кешті. «Туыстың азары болса да безері болмас» дегендей, бір кезде өзімен талай мәрте қан майданда қақтығысқан найман ұлысы, ол өлгеннен кейін оның бір бөлім халқын бауырына тартып, туысқандық тамырын кейінгі қазақ даласына жалғады.

Керей, найман сынды екі ірі ел ертерек бас қосып, ұлыстығын бекемдегенде Шыңғысқа тарих сахнасынан орын да болмас па еді, қайтер еді?! Ал Шыңғыс хан және оның ұрпақтары дәурендеген тұста жазылған тарихтың барлық парақтары, әрине, бір ғана ұлы қағанды – Шыңғысты ұлықтап, өзге тайпаларды қауқарсыз, берекесіз көрсетсе оған да еш таңдануға болмайды. Солай болса да Шыңғыс хан хақында баяндалатын барлық тарихи деректер Тұғырылдың аса қуатты, әлемге әйгілі хан болғанын жоққа шығара алмайды. Сол себепті де моңғол, қытай жазбаларында Тұғырылхан тұлғасына және басқада найман, жалайыр, меркіт, қоңыраттарға қатысты өз мүддемізге тиімсіз болған көлеңкелі жолдар кезігіп жатса, оған тарихи шындық тұрғысынан шынайы баға беруді қарастыруымыз қажет. Қалай болғанда да қазақ тарихының жаңа парақтары қайта қарауды қажет еткен бүгінгі күннің көзімен қарағанда – Ұлы Дешті-Қыпшақ аталған байтақ аумақтағы халықтардың тарихы ұзақ, тамыры терең, ұлдары ұлық болғанын тағы бір мәрте ұғына түсеміз.

Тақырып тақиясына қарар болсақ, «ендеше, Тұғырыл ханның қабірі қайда?» дейтін бір сауал туындайды. Келесі тақырып соған жауап іздейді.

 

Үш көл аңызы және Тұғырыл ханның қабірі хақында

 

Қытайдағы орта Азия мәдениетін зерттеу қоғамының орынбаср төрағасы болған, зерттеуші, қоғам қайраткері Қадыс Жәнәбілұлы «Керей тайпасы және батыр хан – Тұғырыл» атты мақаласында: ««Моңғолдың құпия шежіресіне» негізделіп жазған «Көкжал» (жапон жазушысы – ред) кітабында: «Үшінші күннің түн ортасы тұсында керейлердің қарсы күштері түгел жойылып, әлденше жүз ауыл моңғұл әскерлерінің қарауына өтті. Еркектерінің басы кесіліп, әйелдері тырыстырыла байланды. Төртінші күні Тұғырыл ханның сүйегі Харшұғидың солтүстігінен табылды. Мұнан соң оның ұлы Сәнкүннің де сүйегі әкелінді, тек Жамұқаның ғана дерегі білінбей кетті.

Темучин үздік қолбасы Тұғырыл ханның сүйегін керей әскерінің сүйегімен бірге жерлеуді бұйырады да, барлық керей әскерлерінің басын алады» деген дерегін келтіреді[48].

Мұндағы «Харшұғидың солтүстігі» деген жер атауының нақты қай жер екені белгісіз.

Рашид ад-дин Тұғырыл ханның Шыңғыстан жеңіліп, қашқан оқиғасын: «Осы жеңіліс пен қашып құтылудың кезінде ол наймандар өлкесіндегі Никун Усун (Никун үсін) аталатын жерге дейін келді»[49] дейді.

Аталған «Харшұғи», «Никун Усун (Никун үсін)» деген жерлердің қазіргі атауы қалай екені де зерттеуді қажет етеді.

Өр Алтайдың қытайға қарасты аумағында Шіңгіл атты аудан бар.

«Шіңгіл ауданы Жоңғар ойпатының шығысы және Алтай тауының оңтүстік бөлігінде орналасқан.Теңіз деңгейінен орташа биіктігі 1500 метр, ең биік жері 3700 метр, Шығысы мен солтүстігі Моңғолия Республикасындағы Баян-Өлгей аймағымен шектесетін болса, батысы Көктоғай ауданымен, оңтүстігі Жоңғар құмдығы және Бәйтік, Қаптық тауларымен шектеседі.

Жерінің солтүстігі биік, оңтүстігі аласа батысқа қарай көлбеу келеді де, негізі бөлігін биік таулар мен күрделі адырлардан тұрады. Аудан көлемінде Үлкен шіңгіл өзені, Кіші Шіңгіл өзені, Шағанғол өзені, Бұлғын өзені сияқты төрт үлкен өзеннен және он шақты үлкенді-кішілі өзендерден және Үшкөл, Таушағанғол көлдері сияқты мемлекеттік саяхат орындары бар»[50].

Үшкөл аталған көл жағасында ескі тас қорым (алып кесене) бар. Жергілікті аңыз бойынша, біреулер «Ясукейдікі», біреулер «Тұғырыл хандікі» дейтін алып кесененің сыры әлі толық ашылып болған жоқ.

«Алтай аймағының жалпы жағдайы» деген кітапта: Үшкөл туралы баяндай келіп: «Орта көлдің шығысында ескі молалар бар, бұл молаларда құлпы тастар көп. Кейбіреулерінің ұзындығы 3 метр келеді. Құлпытастардың бетіне мал баққан, аң аулаған кісілердің және аттың суреті салынған, образдылығы өте жанды. Мұндағы бір моланың тереңдігі 24 метр, түбінің кеңдігі 64 метр екен» деген дерек келтіреді[51].

Қазірге дейін осы жерден үлкенді-кішілі 60-тан астам ежелгі қорым табылған. Ал аумағында ірілі-ұсақты 10-нан астам көлі бар Шұбаркөл жайлауының қақ ортасында «Хан мазары» аталған, бірыңғай тастан қалап жиналған ең үлкен қорым ерекше сәулетімен көз тартады.

ҚХР мемлекеттік сыйлығының иегері Шәміс Құмарұлы «Тұғырыл хан» атты тарихи романында аталған алып қабірдің Тұғырыл хандікі екенін баян қылады. Аталған кітабында жазушы Тұғырыл ханды Шыңғыспен соғыста улы жебе тиіп осы Үшкөлдің қасындағы Шұбаркөлге түсіп өлді деп суреттейді. 1211 жылы көл бойына керей ұрпақтары жағынан алып кесене орнағанын жазады[52].

Қадыс Жанабылұлы жоғарыда аталған еңбегінде өз дерегін былайша баяндайды: «халық арасында: Шыңғыс хан Алтайдың оңтүстігіндегі найман тайпасымен соғысып қайтқан жолында Шағанғол өзенін өрлеп, Үшкөлге шығып тыныстаған кезде, Тұғырыл ханның әбден болдырған әскерінің Бұлғын өзенін өрлей қайтқан жағдайын естіп, «сахараға қожа болу орайы енді келді!» деп білген Шыңғыс хан тұтқиыл шабуылдау арқыыл керей тайпасының әскерін талқандап, Бұлғын өзенінің бас жағынан Тұғырыл ханның, аяғынан баласы Санкүннің табылған сүйегін көрген Шыңғыс хан: «мен мақсатыма жеттім, бірақ Тұғырыл хан әкем Ясукеймен анда болған адам еді. «Әке» деп атап, ол кісіге көп арқа сүйедім. Менің бүгінгі күнге жетуіме қосқан үлесін әсте естен шығармаймын. Алайда, бүкіл сахараға мен ғана қожа болуға тиіс болдым. Сол үшін қолға түскен әскердің басын алып, Тұғырыл хан және баласы Санкүнмен бірге құрметтеп қойып, жақсы зират салғызамын» деп Үшкөлдегі (Шұбаркөлдің солтүстік жағындағы) үлкен үйген тасқа жерлеген деген аңыз бар»[53].

Зейнолла Сәнікұлының «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар» сериясы бойынша Қытайдың «Ұлттар баспасы» жағынан жарық көрген «Тұғырыл хан» атты деректі кітабында: «Кезінде Ханбише атанған Гүлбишенің тапсыруы бойынша наймандар Тұғырыл ханды Алтай тауының биік жеріне апарып, басын денесімен біріктіріп, арулап қойды, әрі қабіріне тауап қып, тағзым жасады. Арулау және тауап қылу салтына найман елінің хан бишісі, Таян хан және елдің игі жақсылары түгел дерлік қатынасты» дейді[54].

Зерттеуші Мақсай Қожанайұлы «Шіңгіл ауданының жалпы жағдайы» мақаласында: «Шіңгілдің тау-өзендерін араласаңыз, толып жатқан жартас суреттері мен «Мықтың үйі» деп аталатын тас молаларды жиі ұшыратасыз. Бұлардың бәрінің де өзіне тән тарихи аңыз-әңгімелері бар. Мысалы: Үшкөл жайлауындағы биіктігі 24 метр, диаметрі 64 метр келетін тас мола, халық аңызында айтылуынша Шыңғыс ханның немересінің бейіті немесе сол тұстағы керей тайпасының ханы Тұғырылдың бейіті делінеді» деген дерек келтірген[55].

«Шіңгіл ауданының тарихи материалдары» кітабындағы «Шіңгілдегі тарихи мұралар» деген мақалада да кесене жағдайы баяндалып, «Тұғырылдікі болуы мүмкін» деген болжам қайталанады[56].

Жергілікті қытай зерттеушілері бұл алып кесенені Шыңғыс ханның немересі, Шыңғыс хан империясының үшінші ұрпақ қағаны Күйік ханның (1206-1248) қабірі немесе көне тас дәуірі мен қола дәуірінің бірінен қалған ескерткіш болуы мүмкін деп те жорамалдайды. Олардың ғылыми табан тірер дәйегінің аздығын ескерсек, Алтай тарихын қазақтарсыз елестеткісі келетін ескі әдетінің ерін ішіне көмілген емеуріні деп қарауға болады.

Рашид ад-диннің баяны бойынша: «Күйік хан Самархан жерлеріне жеткенде, ал ол жерден Бесбалыққа дейін бір апталық жол болып табылады, оған тағдырында жазылған өлім сағаты жетті. Сөйтіп, оған ол жерден бір адым да алға басуға да мүмкіндік берген жоқ, дүние салды… Күйік ханның табытын оның ордасы болған Емілге алып барды», – деп жазылған[57].

Бұл дерек Күйік ханның сүйегінің қазіргі Тарбағатай аймағының өзара шекараласып жатқан Дөрбілжін, Қобықсары аудандарының біріне жерленгенін меңзейді. Күйік ханның бір ордасының Қобықта болғанын еске алсақ, соңғы байлам шындыққа жақын келеді.

Қытай жазбаларының дерегіне негізделгенде Алтай тауы өңірі заманымыздан бұрынғы 5-6 ғасырлар шамасында сақтардың мекені болған[58]. Ал ежелгі грек авторларының деректемелерінде сақтардың ішіндегі армиясып тайпасы исседондардың солтүстік және шығыс солтүстік жағында, Алтайдың батысындағы сілеміне дейінгі жерлерде тұрғандығы айтылады[59].

Қазақ тарихын зерттеуші Қытай ғалымы Су Бихай Алтай өңіріндегі ежелгі молаларға талдау жасай келіп, ол өңірде жасаған халықтар және олардың өзге өңірлермен болған байланысы туралы мынадай деректер айтады: «Қарасук дәуірінен кейін Алтайдағы ұлыстардың мәдениетінің дамуы көптеген жақтардан тагар ұлыстарының ахуалына ұқсап кетті. Нарын өзенінің басындағы маним (майем) сахарасынан Бұқтырма өзенінің аяғындағы Солонеч – Берк маңынан, Черновая қыстағы маңынан алынған қазбалардың нәтижелері бұл араларда Алтайдың біршама соңғы дәуірдегі әйгілі тас обаларынан (қорымдарынан) сырт, тас пен балшықтан жиналған (қаланған – Ж.Ш) обаларда болғанын сипаттады. Обаның астынан ашылған төрт бұрыш көрдің шығыстан батысқа ұзындығы 2.05 метр, кеңдігі 1.5 метр, тереңдігі 2.75 метр. Көрден мынадай заттар шықты:

Ұзын қайрақ тас, құстаспен немесе шағылмен төрт қыры қырланған, тесікті тұтқасы бар, іліп байлауға болады. Мұндай ұзын тастар Алтай мен Орал өңіріндегі скиф – сармат дәуірі молаларынан өте көп кезігеді…

Тұяқты 6-номерлі моласынан қазып алынған мола иесінің сүйегін зерттеуге негізделе отырып, бұрынғы кеңес одағының палеоантропологы Дебец былай дейді: «мұнысы қазақтардың бас сүйегіне ұқсайды, бұл ертедегі сол заманда «біздің жыл санауымыздан бұрынғы IV-V ғасырларда шығыс оңтүстіктегі ұлыстардан кемінде некен-саяқ адамдар Алтайға келгенін түсіндіреді»[60].

Демек, біз бұл деректерден жыл санауымыздан бұрынғы IV-V ғасырларда Алтай тауы өңірінде қазақты құраған ежелгі тайпалардың болғанын көре аламыз.

Қазақ халқының ерте заманда Қытайдың батыс өңірін, Алтай, Тяньшань таулары мен Жоңғар ойпатын, Жетісу өңірі мен Сырдария алабын және Дешті қыпшақ даласын мекен еткен ежелгі түркі тілдес тайпалардың, атап айтқанда, сақ, үйсін, қаңлы, алан, қимақ-қыпшақ, дулат, түркеш, қарлық, оғыз, арғын, найман, керей, уақ, қоңырат, жалайыр, алшын т.б. да тайпалардың тұқымы екенін ескерсек, осынау жалпақ жаһанның төсінде көшіп-қонып жүргені де жасырын емес»[61].

Тарих ғылымының докторы, профессор М. Оразбай «Керей мемлекеті» атты еңбегінде былай дейді: «Керейлер деп аталған қазақ ұлтын құраған рулар бірлестігі, өте ертеден ірі рулар бірлестігі ретінде қаралады. Олар жөнінде жазылған тарихи жазба дерек өте көп… тарихи деректердің көбі, осы керей елінің тарихи мекенін, дәлірек айтқанда, олардың территориясын Байкалдың батысынан бастап, Алтай тауларының шығыс сілеміне дейінгі аумақта деп белгілеп көрсеткен»[62].

Айтылған деректерге жүгінсек, біз толық байыбына бара алмай отырған қабірдің иесі не сақ, не ғұн, не түркі, не Тұғырыл болып болжанады. Тіпті бүгінгі қытай саясаты мен тарихына аса ұнай қоймайтын тақырыпқа тамыр тартатындығы себепті оның сыры әліге дейін жария болмай отырған жоқ па? –  деген күдік те туады.

Қалай болған күнде де Тұғырылдың сүйегінің ұлы Алтай тауының бір сілемінде жатқандығы шындыққа бір табан жақындайды. Егер бүгінгі моңғолия жерінде жатқан болса, «Шыңғыстың сүйегі анда жатыр, мұнда жатыр» деген дақпырт тарағаны сияқты, «Тұғырыл ханның сүйегі пәленбай жерде жатыр» деген аңызддан да бір үзік естір едік. Өзіміз көзіміз көріп куә болған жайлар бойынша Тұғырылдың сүйегі жатқан жері түгілі оның орда тіккен ескі жұртын әліге дейін әспеттеп ақтық байлап отырған моңғол жұрты (шын мәнінде моңғолдасқан керейлер) қабірдің қайда екенін білсе, бүркемелемей ашыққа шығарар еді.

Жоғарыда аталып өткен «керей-найман қатынастары» тақырыбы аясынан қарағанда, ежелгі көрші, туысқан екі тайпаның бірінің ұлы Алтайдың басын, бірінің орта-төменгі аңғарын мекендегенінен аталған аңыздағы «Тұғырылдың қабірі» тұрған жердің аса алшақ кетпейтіні байқалады. Тіпті Маркопола жазбасында және «Сібір жылнамалырында» баян қылынғанындай Тұғырыл ханнан кейінгі керей мемлекетінің Ертістің төменгі ағарында (Түменде) Сібір хандығы болып бой көтергенін еске алсақ, аталған әпсаналар шындыққа өте жақын келеді.

Елімізде қолға алынып жатқан «қасиетті жерлер» сынды қазақстандық жаңа жоба-бағдарламалар бойынша аталған қабірді шетелдегі қазақтардың қасиетті нысандары ретінде қарастыруды да ойластырған жөн.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

[1] З.Қинаятұлы «Шыңғыс хан» Алматы, «Арда», 2008 жыл. 181 бет.

[2] Қазақ ру-тайпаларының тарихы XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл. 67-68 беттер.

[3] Бұл да сонда. 68 бет.

[4] Ошан Ж., Еженханұлы Б. Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. – V том. – Әулеттік тарихи жылнамалары. – 3-бөлім. – Алматы: Дайк-Пресс, 2005 жыл.

[5] Қазақ ру-тайпаларының тарихы XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл. 69-70 беттер.

[6] Моңғолдың құпия шежіресі  (көне моңғол тіліндегі түпнұсқалық транскрипциясы, ғылыми мағыналық аудармасы мен түсіндермелерін, көрсеткіштерін жасаған Нәпіл Базылхан). Серия «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері». I том.  -Алматы:Дайк-Пресс, 2006.186 бет.

[7] Қазақ ру-тайпаларының тарихы XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл. 70-71 беттер.

[8] Бұл да сонда. 71 бет.

[9] Бұл да сонда. 72 бет.

[10] Ошан Ж., Еженханұлы Б. «Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері». – V том. – Әулеттік тарихи жылнамалары. – 3-бөлім. – Алматы: Дайк-Пресс, 2005. 44 б.

[11] «Моңғолдың құпия шежіресі»  (көне моңғол тіліндегі түпнұсқалық транскрипциясы, ғылыми мағыналық аудармасы мен түсіндермелерін, көрсеткіштерін жасаған Нәпіл Базылхан). Серия «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері». -I том.  -Алматы: Дайк-Пресс, 2006.162 бет.

[12] Бұл да сонда,  162-164 беттер.

[13] Қазақ ру-тайпаларының тарихы XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл. 73 бет.

[14] Рашид ад-Дин.Сборник летописей / перевод с персидского О.И. Смирновой, примечания Б.И. Панкратова и О.И. Смирновой, редакция проф. А.А. Семенова.– М.-Л.: Издательство Академии наук СССР, 1952 . – Т. I, кн.2. 118 б.

[15] «Моңғолдың құпия шежіресі»  (көне моңғол тіліндегі түпнұсқалық транскрипциясы, ғылыми мағыналық аудармасы мен түсіндермелерін, көрсеткіштерін жасаған Нәпіл Базылхан). Серия «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері». – I том.  – Алматы: Дайк-Пресс, 2006.188 бет.

[16] Ошан Ж., Еженханұлы Б. «Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері». – V том. – Әулеттік тарихи жылнамалары. – 3-бөлім. – Алматы: Дайк-Пресс, 2005. 44-45 беттер.

[17] «Моңғолдың құпия шежіресі»  (көне моңғол тіліндегі түпнұсқалық транскрипциясы, ғылыми мағыналық аудармасы мен түсіндермелерін, көрсеткіштерін жасаған Нәпіл Базылхан). Серия «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері». – I том.  – Алматы: Дайк-Пресс, 2006.204 бет.

[18] Кычанов Е.И. Жизнь Тэмужина, думавшего покорить мир.  с. 126.

[19] З.Қинаятұлы «Шыңғыс хан» Алматы, «Арда», 2008 жыл. 191-192 беттер.

[20] Тото. Цзиньши (Цзинь патшалығының тарихы). – Пекин: ЧХШЦ,  1976. 9 ц., 11 ц.,

93 ц.  (Tuōtuō. Jīn shǐ, Běijīng: Zhōnghuá shūjú jiàokān běn, 1976 nián).

[21] Н.Мыңжан. «Қазақтың көне тарихы». Алматы: Жалын, 1994 жыл. 163 бет.

[22] Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 2-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл.

[23] «Моңғолдың құпия шежіресі»  (көне моңғол тіліндегі түпнұсқалық транскрипциясы, ғылыми мағыналық аудармасы мен түсіндермелерін көрсеткіштерін жасаған Напил Базылхан). Серия «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері» – I том.  – Алматы: Дайк-Пресс, 2006 жыл.

[24] Бұл да сонда.

[25] Бұл да сонда.

[26] Әбілғазы «Түрік шежіресі». Алматы, «Ана тілі» баспасы. 1992 жыл.

[27] К.Р.Аманжолов. «Түркі халықтарының тарихы», 1-том. Алматы:«Білім», 243 бет.

[28] Жақып Мырзаханұлы. «Қазақ халқы және оның салт-санасы», Шынжаң халық баспасы, 1992 жыл. 197 бет.

[29] Мағауин М. «Шыңғыс хан және оның заманы». Деректі тарихи хикая.-Алматы,

2011.-608.

[30] Юань чао би ши/ Қазақша аудармасы Базылхан Н. Қазақстан тарихы туралы монғол деректемелері. – Т. І: Монғолдың құпия шежіресі. – Алматы: Дайк-Пресс, 2006. 209 бет.

[31] Қазақ ру-тайпаларының тарихы XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл. 57 бет.

[32] Әбілғазы «Түрік шежіресі». Алматы, «Ана тілі» баспасы. 1992 жыл.

[33] Бұл да сонда.

[34] Чэнь Дэчжи. ХIII ғасырдың алдындағы Керей хандығы // Монғол, Юань дәуірі тарихы туралы зерттеулер. – Пекин: Жэнь мин чу бань шэ, 2005 (Chén Dezhī. Méng yuánshǐ yánjiū cóng gǎo, Běijīng: Rénmín chūbǎn shè, 2005 nián), 228 бет.

[35] Мағауин М. «Шыңғыс хан және оның заманы». Деректі тарихи хикая.-Алматы,

2011жыл. 608 бет.

[36] Қазақ ру-тайпаларының тарихы. XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл. 128 бет.

[37] Мағауин М. «Шыңғыс хан және оның заманы». Деректі тарихи хикая.-Алматы,

2011жыл. 608 бет.

[38] Су Бихай «Қазақтың жалпы тарихы», 2-том. Ауд: Т.З.Қайыркен. «Асыл кітап» баспа үйі, Алматы. 2019 жыл. 242 бет.

[39] «Юань чау би ши» – қытайша «моңғолдың құпия шежіресі» 224  бет.

[40] Қазақ ру-тайпаларының тарихы. XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл. 68 бет.

[41] Сун Лянь. Юаньши (Юань патшалығының тарихы). – Пекин: ЧХШЦ,  1976.

120 ц.(Sòng Lián. Yuánshǐ, Běijīng: Zhōnghuá shūjú jiàokān běn, 1976 nián.

[42] Ж.Ошан. «Керей хандығы қытай деректемелерінде» – X-XIII ғасыр. Дайк-Пресс баспасы – ЖШС, 2014 жыл. 186-187 беттер.

[43] Су Бихай «Қазақтың жалпы тарихы», 2-том. Ауд: Т.З.Қайыркен. «Асыл кітап» баспа үйі, Алматы. 2019 жыл. 270 бет.

[44] Қазақ ру-тайпаларының тарихы. XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл. 84 бет.

[45] Лю Ци. Бэй ши цзи (Солтүстікке елшілік сапар естеліктер). Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. – Саяхатнамалар мен тарихи географиялық еңбектерден таңдамалылар / Қытай деректемелерін аударған, түсіндірмелері мен ескертулерін жазған Б. Еженханұлы, Ж. Ошан, С. Сұңғатай. Ғылыми редакторы Б. Еженханұлы.– Алматы: Дайк-Пресс, 2005. – Т. І.  68-71 бб.

 [46] Сун Лянь. Юаньши (Юань патшалығының тарихы). – Пекин: ЧХШЦ,

  1. 121 ц.(Sòng Lián. Yuánshǐ, Běijīng: Zhōnghuá shūjú jiàokān běn, 1976 nián).

[47] Аристов Н.А, Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности. СПб, 1897. 182-с.

[48] Қ.Жанабылұлы «Ізденіс іздері», Іле халық баспасы.2002 жыл. 337-338 беттер.

[49] Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» Фолиант, Астана. 2018 жыл.

[50] «Шіңгіл ауданының тарихи материалдары» 2 кітап. Шіңгіл, 2009 жыл.

[51] «Алтай аймағының жалпы жағдайы». Алтай аймақтық жергілікті шежіре кеңсесі. Алтай қаласы. 1989 жыл. 44 бет.

[52] Ш.Құмарұлы. «Тұғырыл хан» тарихи романы, Шынжаң халық баспасы. Үрімжі.

2002 жыл. 355-356 беттер.

[53] Қ.Жанабылұлы «Ізденіс іздері», Іле халық баспасы.2002 жыл. 337 бет.

[54] З.Сәнікұлы «Тұғырыл хан», тарихи деректер жинағы – Алматы: «Palitra Press»,

2020 жыл.110 бет.

[55] М.Қожанайұлы «Шіңгіл ауданының жалпы жағдайы» мақаласы. «Шіңгіл ауданының тарихи материалдары» 1-кітап. Шіңгіл, 2002 жыл. 5 бет.

[56] Қ.Мұхаметсыдықұлы, Қ.Сыдықұлы «Шіңгілдегі тарихи мұралар» мақаласы. «Шіңгіл ауданының тарихи материалдары» 1-кітап. Шіңгіл, 2002 жыл. 116 бет.

[57] Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 3-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл. 157-158 бет.

[58] «Алтай аймағының жалпы жағдайы», Шынжаң халық баспасы, 1989 жыл.

[59] Н. Мыңжани. «Қазақтың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, Үрімжі.

1987 жыл.

[60] Су Бихай. «Қазақ мәдениетінің тарихы», Шынжаң халық баспасы, Үрімжі. 2005 жыл.

[61] Ж.Шәкенұлы «Қытайдағы қазақтар» – зерттеулер, Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2007 жыл.

[62] М. Оразбай «Керей мемлекеті» «Қазақ батырлары» газеті, тамыз, 2004 ж., №8.

Жәди Шәкенұлы

«Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» кітабынан

Ұқсас жазбалар