«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Теріскейдегі тарихи топонимдерді «тірілтсек»…

Авторы tugurul
887 қаралым

Қытайдың кемеңгер ойшылы Конфуций екі мың жыл бұрын Қытай билеушілерінің біріне мемлекеттегі істерді оң жолға қою үшін атауларды дұрыстаудан бастау керектігі туралы айтқан сөзі бар: «Егер атаулар дұрыс болмаса, сөздердің негізі болмайды. Сөздердің негізі болмаған жағдайда іс те жүрмейді және халық та не істерін білмейді», – деген.

Міне сондықтан да топонимика мен ономастика ұлттық негізде, ұлттық идеологияның аясында қалыптасуы қажет. Ол – біріншіден, тарихтан тамыр тартуы, екіншіден заманауи жағдайларға байланысты болуы керек. Әйткенмен бұл салалардың қазір ақсап тұрғаны баршамызға аян. Әсіресе, еліміздің солтүстік өңіріндегі атауларды айырықша айтуға болады. Көптеген топонимдер әлі күнге дейін орысша аталып келеді.

Солтүстік өңірді кейде «сібір» деп те атаймыз. Ауыз екі тілде «сібірліктер», «сибирянки» деп жатады. Ал «сібір» сөзі тарихтан белгілі, Алтын Орда – Ұлық Ұлыс ыдырғаннан кейін бөлініп шыққан алты орданың бірі – түркі тайпаларынан құралған Сібір хандығы. Оның негізін қалаған Керей мемлекетінің ханы Тұғырыл ханның немересі Тайбұға хан, ал кейінгі билеушілер Тайбұға хан ұрпақтары және Шайбани әулеті (Шибандар) болды. Қазір солтүстік өңірде Тайбұғалықтардың есімдерімен байланысты көптеген жер-су атауы барын көреміз.

«Батыс Сібір қазір кімнің территориясында тұр? Ресейдің мемлекеттік шекарасында тұр. Міне, сондықтан олар шовинистік пиғылда барлығы біздікі деп есептейді. «Сібір татарлары» деген кімдер? «Сібір татарлары» деген атау өте қате. Мұны татардың Файзрахманов бастаған тарихшылары айтып кеткен. Мұны Сібір түркілері немесе Сібір түркі тайпалары деп атауымыз керек. Бұл жерде керей, онгут (уақ), меркіт тайпалары мекендегені белгілі. Ендеше Сібір хандығының жері қайда? «Алтын Орданың территориясы қазіргі Қазақстан территориясынан да үлкен болған деп жатамыз ғой. Өйткені Жошы ұлысына Батыс Сібір жері қараған. Сібір хандығы осы өлкеде Алтын Орда құлағаннан кейін құрылған. Оның территориясы – қазіргі Ресейдің шығыс аймағы: Алтай өлкесі, Кемерово, Курган, Новосібір, Омбы, Томск және Тюмень облыстары. Жерінің аумағы: 2 427 шаршы шақырым. Оның 92 пайызы Батыс Сібір жазығында, сегіз пайызы Алтай тауы, Кузнецк алатауы және Салайыр бұйратында болған. Географиялық жағынан алғанда, бұл жер – тундра. Тундра жұрты дейміз», – дейді Факия Шамшиденова бір сөзінде.

Түмен қаласы хақында тарихшы А. Андреев: «…Шыңғыс хан, Ван (Он) ханның ұлы Тайбұғаны жібер, қай жерде тұрғысы келеді, сол жерде тұрақтасын. Ол Тұра өзенінің бойына келіп, қала тұрғызды, оны Чимгий деп атады, қазір ол жерде Түмен деп аталатын христиан қаласы орналасқан», – деп атап көрсетеді. Бұл қазіргі Тұрғақ өзенінің жағасына орналасқан Түмен қаласының аумағы. Қазақтар бұл өзенді ерте кезде Тұрғақ десе қазіргі орысша атауы Тура. Тұрғақ – яғани тұрғақтар Тайбұға ханның ұрақтары. Бұл деректерге сәйкес, тек Қазақстаның солтүстік өңірлеі ғана емес қазіргі Ресейге қарасы Сібір жерінде де көптеген жер-ау атаулардың қазақтарғы қатысты екенін көреміз. Сондай-ақ, Ресей жерінде Ябалаков атты елдімекен атаулары кездеседі, бұл – Омардың ұлы Абалақ бектің есімімен байланысты деп топшалаймыз. Енді Қазақстан жерінде де Тайбұға хан ұрақтарының есімімен байланысты топонимдерге тоқталсақ. Абылай хан заманында өмір сүрген Бек Берді батыр Жүкейұлы сонау алмағайып заман, қазақ елінің сындарлы сәтінде ерекше ерлігімен танылған XVIII ғасырдың көрнекті қайраткері, даңқты батыр – жер шоқтығы Көкше жеріндегі Бүркүттер тауының бөктерінде, Жөкей көлінің жағасында Сейтен (Сейдақ хан) ауылында (қазіргі Ақмола облысы, Біржан Сал ауданы, Қызылұйым ауылы) дүниеге келген екен. Бүркүрттер тауы – бұл да Тайбұға хан ұрпақтарының рулық атауы. Берді батыр – Орта жүз ішінде Керейдің Тұрғақ руы Бүркүттер тармағынан тарайды. Ол Тайбұға ханның 17-ші ұрпағы.

Сонымен қатар, «1845 жылы Ресей тарапынан картографтар жинақталып қазақ даласын картаға түсіру жұмыстары жүргізілді. Олардың картасында  Бүркүт руымен байланысты топонимикалық атауларды қазіргі Солтүстік Қазақстанның аумағында да кездестіреміз: Теке өзені жанындағы Кебек Бүркүт орманы (Кебек – Тайбұғалық батыр. Бек Берді батырдың арғы атасы. 1428 жылы Бұхар ханы Жұмадық пен Көшпелі Өзбек ханы болған әйгілі 16 жасар Әбілқайыр сұлтанды тұтқынға алған). Ғ. Мүсірепов сипаттаған Теке өзені де Теке жырау атымен байланысты. Көкшетау тауы ертеректе Бүркүттер тауы деп аталғанын осы картадан көреміз» деп жазылған «Атлас Сибири» еңбегінде (Российское географическое общество, 1845 – г. Омск).

Сол секілді Ресейдің Түмен облысындағы Ялуторовский ауданынына қарасты Бүркіт (Беркут) ауылы бар. «Беркутск ауылдық елдімекенінің әкімшілік орталығы. Ауыл Бүркіт көлінің жағасында орналасқан. ХІХ ғасырдың екінші жартысында іргесі қаланған ауылдың нақты пайда болған уақыты белгісіз, 1870 жылы, жазбалар бойынша ол бұрыннан болған” деп көрсетілген ашық деректерде. Мұның да Бүркүттер тайпасымен байланысты екенін дәлелдеуді қажет етпейді деп есептейміз.

Қазіргі СҚО Уәлиханов ауданында Кебек орманы – Тайбұға хан ұрпағы Кебек батыр атымен байланысты екені айтылады. Кебек батыр аты аңызға айналған қолбасшы. Тарихи деректерде Кебек – Қожа Бүркіт деген атпен белгілі. Ол Бұхара хандығына қарсы соғыста тайбұғалықтардың әскерін басқарды. 1428 жылы Бұхара хандығымен болған соғыста жеңіске жетіп, сол арқылы Шығыс Дешті Қыпшақ жерлерін (Сібір жұрты) жат тайпалардан сақтап қалды.

Өлкетанушы Социал Жұмабаевтың «Ел мен Жер» еңбегінде (Петропавловск, 1996. – 498 с) былай деп жазады: «Сургут қаласының архивінен табылған құжаттарда 1896 жылы санақ тізімінде Берді ру басы (предводитель рода) ретінде көрсетілген. Тізімде «Джантось Сейтенов из Джукей-куль» деп жазылған. Мұндай деректі белгілі өлкетанушы Социал Жұмабаев «Ел мен жер» деректер жинағы кітабында да келтіреді – Жөкейкөл, Қотыркөл болысы». Бұл жерде аталған Жүкей батыр да Тайбұға ханның ұрпағы.  Әйгілі әнші, композитор Біржан салдың «Теміртас» әнінде: 

«Жөкейдің ат суардым тұнығынан, 

Ажалдың кім құтылар құрығынан» деген өлең тармағындағы Жөкей (Жүкей) атымен аталған, қазір сол жердері ауыл да Жөкей ауылы деп аталады. Соған жаңын маңда Аңғал батыр (Аңғыш хан)атты жер және бар. Сол секілді Сібірдің соңғы ханы, қазақтар Сәтбек батыр деп атайтын Сейдақ ханның тікелей ұрпақтары Ақмола облысына қарасты Көкшетау, Степногорск, Щучинск қалаларымен қатар, Бурабай, Бұланды, Біржан сал ауданындарында тұрып жатыр. Қазіргі Біржан сал ауданы Қызылұйым ауылы бұрын «Сейтен ауылы» деп аталып келгенін айтады сол жерде мекен еткен көнекөз ауыл ақсақалдары. Сондықтан да бұл тарихи атауларды қайта қалыпына келтіру – ұлттық идеологиямыздың бір бөлігі болып саналады.

Топонимика өздеріңізге белгілі, гректің «топос» – орын, жер, «онома» – атау деген екі сөзінен тұрады, яғни жер-су атаулары деген сөз. Топонимика – ономастиканың жер-су, елді мекен атауларының шығуы мен пайда болуын (этимологиясын), мағынасын, құрылымының дамуын, таралу аймағын, қазіргі жағдайын, грамматикалық, фонетикалық пішінін, жазылуы мен екінші бір тілде берілуін зерттейтін құрамдас бөлігі. Ал ономастика туралы сәл кейінрек ораламыз.

Топонимдерді зерттеудің ғылыми һәм тарихи маңызы жоғары. Топонимиканың тарих ғылымдарындағы маңызы географиялық атаулардың кейбір халықтардың таралу ареалын анықтау, тарихи оқиғаларды зерттеуді түсіндіреді. Топонимдердің, әсіресе, эндонимдердің ең негізгі касиеті – олардың тұрақтылығы, сол үшін де мұндай атаулар адамзат тарихы, мәдениеті және тілі жөнінде көне ғылым мәліметтер береді. Жер, су, өзен, көл, таулардың жалқы атаулары сол жерден ертеде өмір сүрген халықтың тілінен алынады. Бұл атаулар әлгі халықтар сол жерден басқа жаққа кетіп, орнына басқа халық келсе де, алғашқы қалпында сақталып, ғасырлар бойы өмір сүреді. Мысалы, география атаулардың құрамын зерттеу сол аймақты ежелгі заманда қандай тайпалар, халықтар мекендегенін анықтауға, олардың өткен тарихының ерекшелігін қалпына келтіруге, тараған жерінің шекарасын белгілеуге, орын ауыстыру бағытын шамалауға, сауда жолдарын т.б. білуге болады. Осы мағынада топонимдер (жер-су, елді мекен, халықтар аттары) тарих, этнология, археология және тіл біліміне нақтылы мағлұмат береді. Топоним тіл тарихын (тарихи лексико-семантик, лексико-грамматик, диалектол., этим.) зерттеуде маңызды дерек көзі болып саналады.

Қазақстанның топонимиялық жүйесі – осы аумақты мекендеген халықтардың, соның ішінде қазақ халқының заттық және рухани мәдениетінің ғасырлар бойы жинақталып, сақталып қалған көрінісі. Өткен замандардың реликтілік мұралары ретінде тарихи топонимдер аумақтың табиғат жағдайларын, ондағы мемлекеттер мен халықтардың тарихындағы маңызды оқиғаларды «жадында» сақтап, қаз қалпында бүгінгі күнге жеткізіп отыр. Сондықтан топонимдерді диахрондық бағытта зерттеуге топонимист ғалымдар ерекше маңыз берген. Рухани мәдениеттің ажырамас бөлігі болған географиялық атаулардың қалыптасуында да тарихи астар бар.

Топонимдердің тарихи негіздерін анықтауда тарихи жазба ескерткіштер, көне карталар, саяхатшылардың жолжазбалары, мұрағат қорлары белгілі дәрежеде көмек бере алады. Сол себепті тарихи топонимдерді зерттеудің қолданбалы маңызы зор. Мысылы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармаларында аймақтық жер-су атаулары кеңінен сипатталады. Оның айқын көріністерінің бірі мына өлең-шумақтарынан аңғарылады:

«Баянаула қойсайшы жердің атын,

Шыбынды, Батпақ қойсайшы көлдің атын,

Таудың атын Қызылтау, Далба қойып,

Құлболды, Қаржас қойсайшы елдің атын.

Өлеңті, Шідертіні елім жайлар,

Көк орай шалғынына бие байлар» – деп көрсетеді «Ереймен сапары» шығармасында. Мәшһүр Жүсіп өлеңінде айтылған жер атаулары қазір елдімекен атауларына айналып отыр. Яғани тарихи топонимика қазіргі ономастикаға айналып отыр. Сонымен қатар елімізге белгілі ғалым ҚР ҰҒА академигі Мекемтас Мырзахметовтің топонимикалық атауларға байланысты еңбектерін айырықша тауға болады. Мәселен, «Әдебиет және топонимика», «Отаршылдық топонимдер», «Жер тарихы-ел тарихы», «Ов туралы», «Ванновка атауының сыры неде?»,  «Қазақ топонимдері мен антропонимдері (өткені, бүгіні және ертеңі)» бар.  М. Мырзахметов «Түркістанда туған ойлар» атты кітабында топонимдерді 3 топқа бөледі: 1) халықтық топонимдер; 2) тоталитарлық топонимдер; 3) отаршылдық топонимдер. Автор еліміздегі географиялық атаулардың ішінде адам есімімен аталатын жер-су, елді мекендерге назар аударған. (Моминова Г.Т. Қазақстан тарихындағы топонимикалық зерттеулердің кейбір мәселелері).

Академик М. Мырзахметовтің ғасырлар бойы жасап келе жатқан халықтық топонимдердің араб шапқыншылғы кезінде және Патшалық Ресей мен КСРО кезінде қатты отарланып, көп бұрмаланғанын баса жазған болатын. Осыған сай қазір елімізде көптеген жер-су және елдімекен атаулары жүйесіздік басым. Идеологиялық тұрғыда атаулар ескірген. Осыған байланысты Қазақстанның қазіргі ономастикалық кеңістігін кешенді суреттеудің қажеттілігі туындап отыр. Қазақ ономастикасы тарихындағы екінші кезеңде жалқы есімдердің этнолингвистикалық, лингвомәдени сипаттары, көркем мәтіндердегі қызметі, кумулятивтік қызметтері зерделенуі қажет. Бүгінгі таңда қарқындап дамып келе жатқан когнитивтік лингвистика тұрғысынан қазақ онимиясын бағамдай келсек, жалқы есімдердің тек тілдік сипаттарын қарастыру жеткіліксіз болып көрінеді. Жалқы есімдердің бойындағы рухани және материалдық мәдениетті ұлттың танымдық тәжірибесімен сабақтастыра отырып, ментальді-когнитивтік түрде таңбаланғанын қарастырумен ерекшеленеді.

Бақытбек АСҚАР

Материалды қолданған жағдайда, бастапқы 1 немесе 2-сөйлемде malim.kz сайтына гиперсілтеме беруіңізді сұраймыз. Авторлық құқықты құрметтегеніңізге алғыс айтамыз.

https://malim.kz/17769?fbclid=IwAR0jeqz2GqTmw64Wpw1Fh7IQgtHq5pijepnPYkQDx7UO6pnzH5akHLv4xwU

Ұқсас жазбалар