«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Тәңір сөзінің төркіні

Авторы tugurul
1056 қаралым

Тәңір сөзінің төркіні

Тенгрианство — Википедия

Таң және Іңір
Ертедегі түркі халықтарының “Тәңірге сыйынғанын Қүлтегін, Білге қағандарға арналған балбал тастардағы қашап жазылған жазулардан анық білеміз. Қазірге дейін Тәңір сөзінің этимологиясын іздеушілердің пікірлері әртүрлі болып, олар “Тәңірдің” не себепті “Тәңір” атануын ашып, дәлелдеп бере алмауда. Бірқатар жазушылар “Тәңір” “аспан”, “көк аспан” деген ұғымды білдіреді дегенді айтады. Мифтік аңыздар бойынша, “Таң” және “Іңір” деген екі періште кезектесіп, жердегі тіршілікті күзетеді екен, “Таң” күн ұйықтар орынға кеткенде “іңір” оның орнына күзетке тұрады деген ұғым қалыптасқан. Соған орай “Тәңір” делінген дейді. Біреулері Тәңір “Таң” + “Ра” сөздерінің қосындысы, таңның атуы, ал “ра” ертедегі күннің Египеттегі діни атауы. Міне, осыдан “Танра” делініп, “күннің шығуы” дегенді білдіреді дейді. Тәңір сөзі екі түбірден: “таң” және “ертеден” деген сөздерден тұрады дейтіндер де бар. “Таң” күннің шығар уақыты, ал “ер” күллі түркі тілдерінде, ер, ержүрек, еркек, батыр деген мағынаны білдіреді десе, енді бірі тәңірі атауы екі сөзден: Таң және йер, яки кир /жер/ сөздерінің бірігуі арқылы жасалғанын жорамалдайды. “Тәңір” сөзі қытайдың “Тян” – “аспан” деген сөзінен туындаған деушілер де бар. Қытайлықтар өздерін әліге дейін “Таң елі”, “Аспан асты елі” деп атайды. Оларда цин, хан империясынан соң тан империясы болған, жазба деректерде тян империясы деп жазбаған, тан империясы деп жазылған, сонда қалайша “Аспан асты елі” болады. Меніңше олай емес, “Қытай дуалын” салуға мәжбүрлеген, оларды “таң елі” деп те атаған осы түрік, прототүріктер, олар қытайлықтарды өздерінен қарағанда таң ататын жағында орналасқандықтан “таң елі” деп атаған, ал қытайлықтар олардың “таң” сөзін өздерінше “аспан” деп түсінген болса керек. Тәңірдің дін екенін, оның “Таң” мен “Іңір” сөзінен /құралғанын/ тұратынын, әрі оның біздің аталарымыз түрік, прототүріктердің діні болғанын ашып айтқым келеді. Бұл айтқанымды, қазақ, қырғыз, хакас, бурят, чуваш, карачай, т.б. түрік, прототүріктерден таралған ұлттардың кейбір әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері, ырымдары, діни сенімдері дәлелдейді. “Тәңір” сөзі, қазақ тілінде әліге дейін өзгеріссіз қолданылатын, түрік, прототүрік сөзі болып есептелетін “Таң” және “Іңір” сөзінің қосылып, біріктіріліп айтылуы. Таң+іңір деп айтылғандағы, “іңір” сөзіндегі жіңішке дыбыстың себебінен “Тәңір” болып айтылып кеткен. Махмұт Қашқаридің “Диуани лұғат-ит-түрік” деген түрік сөздігінде: – Таң-таң – таң; таң атар шақ, таң атты. – Іңір-іңір-іңір. Жарық пен қараңғылықтың өзара шарпысып астасуы, деп берілген. Міне, көрдіңіз “Таң” мен “Іңір” сөзі қазақ тілінде өзгеріссіз сол қалпында, сол түсінігінде қолданылады. Демек, “Таң” – бұл таң атуы, ол күннің шығуы емес, оның бірінші сәулесінің, жарығының, нұрының көріне бастауы, аңғарыла басталуы. Жарықтың шығуы, көтерілуі, жоғары көтерілуі. Осы жерде, “ғалымдар мифтік аңыздар арқылы, тәңір этимонын “та” “жоғары” дегенді білдіретін тау, төбе, тақа, таңдай, тамақ, таңқы, /таңқы мұрын/ танау, тамыздық, тамшы т.б. көптеген сөздер арқылы, ал, – ің – “төмен” дегенді білдіретін: еңіс, еңкіш, еңбек, еңсесі түсу, еңіреу, /ін, үңгір/ т.б. сөздер арқылы түсіндіреді” дегенді есепке алсақ, ал “Таң” сөзіндегі “аң” – “жарық”, “сәуле”, “нұр” дегенді білдірсе, онда “Таң” сөзі жарықтың көтерілуі, шығуы дегенді білдіреді. Бұған дәлел Шумерлердің Ан, Анну деп аспанға сыйынды делінуі, сондай-ақ біздегі “Ана” сөзіндегі “Анның” “жарық” дегенді, ал “Ана” сөзінің “сәбиді жарық дүниеге әкелуші” дегенді білдіретіні. Алтай-саян елдері Тәңіріні “Ақ янг”, “Ақ аң” деп те атайды екен. Демек, Шумер “Анымен” біздің “Таңымызда” бірлік бардай, мүмкін ертедегі шумерлер “ан” деп жарыққа, ал анну деп аспанға сыйынған шығар. “Іңір” – бұл күннің батуы емес, оның батқаннан кейінгі қалған жарығының, нұрының, шапағының қараңғыға өтуі. Міне осылайша, жарықты қараңғыға, қараңғыны жарыққа айналдырушы таңмен іңірді, тіршілік пен өлімді реттейтін, жаратушы – ұлы күш “Тәңір” деп, оған сыйынған. Ертедегі түрік, прототүріктердің әрбір тайпа, рулары Тәңірді көз алдарында елестету үшін, өздеріне түсінікті болуы үшін, оның сыйпатына ұқсас (“Таң”-“жарық”-“ақ”, “Іңір” -“қараңғы” – “қара”) “ақ” пен “қараны” теңеу етіп алған. Олар өздеріне көбірек кездесетін нәрселерден Тәңірді елестететін затты белгілеп алған. Солардың бір түрі қазақ, қырғыздағы “ақ”-“қарадан” тұратын “Ала жіп” біз қазірге дейін оны салт-дәстүр деп келдік, оның “ағы” “таңды” – “жарықты”, ал “қарасы” іңірді” – “қараңғыны” білдіріп бізге “Тәңірді” елестетеді екен.
Ала жіп аттамау салты қайдан шыққан?
Біздің есімізде қалғандары: біреудің “Ала жібін” аттамасын, күнә істемесін деген ырыммен, ала жіппен баланың тұсауын кесу; қараңғы түсіп, елсіз жерде, далада қалғанда ала жіпті шеңбер етіп, оның ортасында ұйықтаса тірі жан тиіспейді, ала арқанды қораның айналасына керіп қойса қораға ит-құс, қасқырлар шаппайды деген түсінік. Сондай-ақ өлген кісінің жаназасын шығарудан бұрын дәуір айналдырғанда “ала жіп”, “ала жіп” осы кісінің күнәларын ала жат” деп айтылуы; дау шешкенде, дауласқан екі адамды татуластырғанда, бидің ала жіпті кесіп, әділ шешім шығаратыны; күнә істеді деп күдікті болған адамның кінәсін анықтау үшін “Ала жіптен аттату сияқты ырым-жырымдар. Бұл сөзіміздің бір айғағы бола алады. “Ала атылы йол тәңірі” деген көне түркі жазба ескерткіштерінде “медиатр” термині бар, ол “жол тәңірі” деген сөз екен десек, “ала тау” – оны мекендеген барша халықтар үшін Тәңіртау деген ұғымды беретінін де айта кетсек дейміз. “Көз моншақ” – оны біздің қазақтар көз тимесін деп ырымдап балаларының омырауына, бас киімінің маңдайына тағып қояды. Бұны тіл көзден сақтаушы ырым ғана емес, бұл да Тәңірдің сыйпаты екен, сол белгі арқылы Тәңірден жарылқау тілеу, жар бол деуі екен. Қазақ халқының жауынгерлік каруының бірі қолшоқпар болған, бұл қару “ақ қайың” ағашынан жасалынған. Міне, бұл да ала болып, Тәңірге сыйынып, соның қолдауымен жеңіске жетуге ұмтылудың белгісі. Алтай жерін мекендейтін хакастар – качиндер және бельтирлер деп бөлінеді. Біз бүгін олардың Тәңірісіне қалай құрбандық шалатынын айтсақ, олар да киелі ақ қайыңның ғана түбінде құрбандық шалады екен. Оған тек ер адамдар қатысып, құрбандыққа тек ғана еркек тоқты ғана шалынып, ол ақ түсті, басы, немесе бір шекесі қара болуы шарт көрінеді. Неге ақ қайың дейсіз ғой. Өйткені, “ақ қайың” басқа ағаштардай емес қабығының “ақ-қарасы” бар, яғни ала. Шу-Іле тауында, Тамғалыдағы жартастардағы тасқа қашап салынған ежелгі суреттердің бірінде екі ірі тұлға тұр: бірі, оң жағындағысы таңдидарлы адам қарап тұр, бұл “Таң” – “жарық”. Оны таңдидарлы дегенім, ол жердегі басқа тастарда адам кейіпті күн дидарлы тұлғаның суретінің бар екенінде. Күндидарлы адам кейіпті тұлғаның басы, сыртқа нұр шашып тұрған шеңберінің ішінде сызығы жоқ дөңгелекпен қоршалған. Ал Таңдидарлы тұлғаның басында ішкі және сыртқы шеңбері бар, ортасы сызықсыз дөңгелекпен салынған, ішкі және сыртқы шеңберлер майда дөңгелекшелермен бедерленген. Осы майда дөңгелекшелер күн әлі шықпаған кездегі таңның жарығын меңзеп тұр. Іңірдидарлы тұлғаның басы, азғана нұрлары шеңбер сызығының ішкі жағынан ортасына қарай сызылған дөңгелекпен суреттелген, шеңбердің сыртында бірқатар майда дөңгелекшелер бар, бұл жарықтың қараңғыға өтуі дегенді білдірсе керек. Бұл “Іңір” — “қараңғы”. Жартастағы екінші адам кейіпті ірі тұлға осы “ІҢІР” — “қараңғы”. Екі ірі тұлғаның аяқтарының тұсында екі екіден қара малды көруге болады. Таңдидарлы тұлғаның аяқ тұсында, төменінде бұзау, одан жоғарысында семіз бұқа бейнеленген, ал Іңірдидарлы тұлғаның аяқ тұсында жоғарыда арық сиыр тұр, оның төменінде мүйізі жоқ көтерем сиыр бедерленген. Бұлардың бәрінің астында түрлі айуан бейнесіндегі он екі адам билеп жүр. “Таңның” – алдыңғы тұсындағы бұзау мен бұқа “жарықтың” құдіретінен күш алған тіршілікті – өмірді көрсететіндей, ал “Іңірдің” – алдындағы екі сиыр қартаюды – өлімді суреттегені, астындағы 12 бейне-жылдың 12 айы болса керек. Бұл тастағы көріністе “Тәңір” діні суреттелген. А.Аманжоловтың Тамғалыдағы ежелгі суреттер б.д. дейінгі 2000 жылдың аяғы – 1000 жылдың басында тасқа қашалған дегенін ескерсек, “Тәңір” діні христиан, ислам дінінен бұрын түрік, прототүріктердің діні болғаны анық.
Төреғұл ДӘУЛЕТОВ, медицина ғылымдарының кандидаты.
Алматы. 27 қазан 2010 ж. “Егемен Қазақстан” газетінен

Ұқсас жазбалар