«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Дауылпаз баба – Қожаберген жырау, батыр

Авторы tugurul
632 қаралым

Дауылпаз баба – Қожаберген жырау, батыр
Сейсенбі, 12 ақпан 2013

null

Өз заманында кең байтақ жерімізді, бытырай қонған елімізді қызғыштай қорғаған, халқының бостандығы, болашақ ұрпақтың бақыты жолында қасық қаны қалғанша күрескен қазақтың хас батырлары жылдар, ғасырлар өтсе де ұмытылмайды. Елі­міз Тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен бері олардың тарихтағы орнын айқындау, өне­гелі істерін ұрпаққа үлгі ету, лайықты құрмет көрсету бағытында айтарлықтай жұ­мыстар атқарылуда. Соның бір мысалы, Үкімет үстіміздегі жылы Қожаберген Толыбайұлының туғанына 350 жыл толуын атап өту туралы жақында қаулы қабылдады.

Расы сол, тарих қойнауында қалған баяғының батырларының, би-шешендерінің өмірі мен шығармашылығына қатысты деректерді ғылыми тұрғыдан негіздеу, жүйелеу жеңіл жүріп жатқан жоқ. Сірә, ол ұзақ жылдар бойы қазаққа ерлікті де, білімдарлықты да, шешендікті де, бір сөзбен айтқанда, көп игіліктерді қимаған саясаттың санамызға сіңіп қалғанынан болса керек. Қожаберген бабамыздың аты да көп уақыт қалың елге белгісіз болып келді. XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің бірі Бұқар жыраудың Қожабергенге арналған «Ғадыл ер» деген толғауындағы:

Көшебе Керей ағасы,
Толыбай сыншы баласы.
Қол бастаған Қожекең,
Үш жүздің болды-ау данасы, – деген немесе

«Ұстазыма» деген толғауындағы «Бата алған Бұқармын, Қожаберген асылдан» – деген сөздерді, Қожабергеннің өзі «Елім-ай» дастанында Бұқар жырауға:

Шәкіртім Сүйіндікте Бұқар жыршы,
Ол Бұқар – өзі ақын, өзі сыншы.
Олдағы қарап жатпас аттан салар, –
Сөзіне оның, халқым, құлақ түрші! – дегенін көзге ілмей келдік.

Десек те, зерттеушілердің Қожаберген бабамыздың ғибратты ғұмырына қызығу­шылығы ешқашан да бәсеңсіген емес. Қожабергеннің өмірі мен еңбегі қазақ хал­қының алғашқы ағартушысы Ыбырай Алтынсаринді де қызықтырған. Ыбырай Ал­тынсарин Қожабергеннің атын 1879 жылы Орынбор баспасынан жарық көрген «Қазақ хрестоматиясы» және Қазан қаласында басылып шыққан «Мәктубат» деген кі­табына енгізеді. Қожаберген мұрасына С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, С.Көбеев, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, І.Омаров сынды халқымыздың асыл ұлдарының да ден қойғаны тарихтан белгілі.

Бұларға дейін Қожаберген Толыбайұлы туралы Дәстем сал Қарабасұлы (1677-1752), Жанкісі жырау Көшекұлы (1734-1817), Жанақ Төлекұлы (1743-1821), Баһрам Шақшақұлы (1779-1826), Көрпеш, Сегіз сері Баһрам ұлдары, Шәңгерей Бөкеев (1847-1920), Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазған.

1983 жылы Алматыдағы ғылым баспасынан «Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті» деген еңбек жарық көрді. Осы кітапта Қожаберген жырауға да орын берілген. Міне, содан бері Қожаберген Толыбайұлы туралы бірнеше кітап, жүзден астам зерттеу мақалалар жарық көрді.

2000 жылдың 19-20 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен «Қожаберген Толыбай сыншыұлының ел тарихындағы орны мен рөлі» деген тақырыпта Қызылжар қаласында өткен ғылыми-теориялық конференцияда негізгі баяндама жасаған академик марқұм М.Қ. Қозыбаев Қожаберген мұрасын зерттеу, бүгінгі ұрпаққа жеткізу – замана талабы екенін баса айтқан. «Қожаберген бабамыз көп батырлардың бірі ғана емес. Ол 1688-1710 жылдары 22-23 жыл бойында қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен жасағына қолбасшылық жасаған сардарбек, ордабасы, Орталық Азия деңгейіндегі әскери қайраткер! «Ақтабан шұбырындыдан» кейін Қожаберген ұлы жеңісті шыңдаған стратег», – деген еді сонда атақты академик ағамыз.

Тарихтан бізге жеткен деректер бойынша, Қожаберген Толыбай ұлы 1663 жылы наурыз айының басында қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Благовещенка селосының маңайындағы Гүлтөбе деген жерде, батырлар мекенінде дүниеге келген. Олай дейтініміз, Орта жүздің Керей руынан тарайтын Толыбай сыншы да, ХVІ ғасырдың екінші жартысы мен ХVІІ ғасырдың бірінші ширегінде өмір сүрген Дәулен де (Толыбайдың әкесі), арғы атасы Көшебе де батыр болған. Қожабергеннің:

Арғы атам ту ұстаған ер Көшебе,
Қай батыр тең келіпті Көшебеге,
немесе:
Ол соғыс Есімханның тұсында өткен,
Қалмақты Дәулен атам қырған шеттен, – деуі содан.

Осындай ел қорғаны болған асылдардың тұяғы Толыбайдың аты болашақты болжай білетін көрегендігімен, қара қылды қақ жарған әділдігімен, шешендігімен, ел іргесі сөгілсе, қылышын қынабынан суырар ерлігімен де шыққан. Ол Гүлтөбеде көп жыл бойы қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен әскерін басқарып ел тыныштығын қорғаған, ордабасы – баһадур атанған. Ел ішінде әлі күнге дейін Толыбай сыншыға телінетін нақыл, қанатты сөздер аз емес.

Ал, Қожабергенге келсек, ол ақын-жырау, әнші-күйші, сазгер ғана емес, ел тағдыры таразы басына тартылған қан-майдан жорықтарда қалың қолды бастаған батыр, Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы сияқты тарихи конституциялық пәрмені бар «Жеті жарғыны» жазған жеті бидің бірі. Жүз жасаған Қожаберген өмірінің алпыс жылын елінің тәуелсіздігі үшін күресіп, ат үстінде өткізген. Бұл жөнінде көзі тірісінде ұлт намысы атанған әйгілі заңгер Салық Зиманов 2011 жылы белгілі қоғам қайраткері Сабыр Қасымов бастаған бір топ азаматтың ұйымдастыруымен Қызылжар қаласында өткен Халықаралық конференцияда былай деген болатын: «Қожаберген – біздің тарихымыздағы тұтас құбылыс, бүкіл ғұмырын қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған ұлы тұлға.» Атақты ғалым бұл сөздерді тектен-тек айта салған жоқ. Ол Қожаберген Толыбайұлы, оның «Жеті жарғыны» жазуға қатысқаны туралы өзінің толық шығармалар жинағында да құнды деректер келтіреді.

Белгілі Көтеш ақын Райұлы да өзінің «Жиен жырау» дастанында:
Ақылдасып үш бимен
«Жеті жарғыны» жазған ер.
Кім десеңіз ол бекті:
Қожаберген кемеңгер, – деп жазады.

Қожаберген жасында Үргеніш, Бұхара, Самарканд медреселерінде оқып мол білім алады. Араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгереді. Осындай білімінің арқасында 1683-1688 жылдары Әз-Тәуке ханның елшілік қызметіне 5 жыл басшылық етіпті. Оның:
Тіліне араб-парсы болдым жетік
Оны да қолданбадым өнер етіп.
Көрші елге елшілікке ылғи барып.
Мен жүрдім қазағыма қызмет етіп, – деген жолдары осыны ұқтырады.

Бабамыз – 1688-1710 жылдары қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен қолына әскербасы болып қалмақ шапқыншылығына қарсы ұзақ жылдарға созылған соғыстарда талай рет ірі жеңістерге жетіп, ордабасы атағын алған үлкен баһадур, әскери қайраткер. Оның 23 жыл әскер басқарғаны өзінің «Үш би» атты өлеңінде былай деп көрсетілген:

Басқарып Үш жүз қолын 23 жыл,
Орнымды Бөгенбайға бердім биыл.
Еш сардар қайт қылған жоқ жарлығымды,
Кезінде ұзақ соғыс күндер қиын.

Ендеше, М.Қ. Қозыбаевтың жоғарыда біз сөз еткен конференцияда «Ақтабан шұбырындыдан» кейін Қожаберген ұлы жеңісті шыңдаған стратег. Қожаберген батырлардың батыры, қолбасшы, Әз-Тәукедей дананың оң қолы, қиын замандағы ел қорғаны», – деп саңқылдауы өте орынды. Атақты тарихшы «Дауылпаз баба – Қожаберген» деген еңбегінде Қожаберген жыраудың Әз-Тәукенің тапсырмасымен «Жеті жарғыны» ақ былғарыға жазып, ханға табыс еткені туралы деректер де келтіреді.

Қожаберген жыраудың ұрпаққа қалдырған әдеби мұрасы өте мол. Олардың бәрін жинап, сақтаған – Сегіз сері. Атақты Сегіз сері «Елім-ай» жырын шығарған Қожа­берген жырау екендігін былайша айтып кеткен:

Қожаберген бабамыз
Әріде өткен данамыз.
«Елім-айдай» қисасын
Әнмен шырқап саламыз.
Тұлпар мініп ту алған.
Қожаберген бабамның
«Елім-ай» жырын жаттағам.

«Ата тектей» дастанын
Жадыма мықты сақтағам
«Елім-ай» әнін бабамның
Бала кезден шырқадым.

Ол жыраудың «Күлдірмам-ай», «Қойлыбай көрген», «Қарасары Болат керей», «Соқыр абыз», «Баба тіл», «Жеті Жарғы», «Қабанбай батыр», «Ер Көкше», «Асан ата», «Ер Қосай», «Ер Жәнібек», «Қорқыт баба», «Ер Едіге», «Орақ батыр», т.б. төлтума шығармаларын жинап, өзінен кейінгі ұрпаққа аманат еткен. Осы дастандарының бәрінде де ақын елді сыртқы жауға қарсы азаттық жолындағы күреске шақырып, қазақ халқының бірігіп, іргелі ел болуын армандап, соны жырға қосады.

Қожаберген шығармаларының ең шоқтықтысы, сөз жоқ, – «Елім-ай» дастаны. Жеті бөлімнен, 3683 шумақтан, 14732 жолдан тұратын «Елім-ай» дастанында жырау 1723 жылдың апатын, халықтың қайғы-қасіретін, күйзелісін ашына жазады. «Елім-ай» – ел өміріндегі тұтас бір кезеңді қамтитын тарихи шығарма. Автор бұл еңбегінде Жоңғар империясының дәуірлеп, күшею себептерін, Әз-Тәукеден кейінгі қазақ хандығында болған текетірес, бақталас, алауыздықтың бетпердесін ашады. «Елім-ай» дастанындағы:

Әз Тәуке болса-дағы достыққа ынтық,
Сатпады көрші екі жұрт бізге мылтық.
Жоңғарлар қорғасын оқ жаудырғанда,
Найза ұстап, садақ тартып қарсы шықтық.

– деген жолдардың да астарында көп ой жатқаны анық. Бұл арада әңгіме жоңғарлардың орыстар мен қытайларға арқа сүйегенінде болып отыр. Дастанда Түрікпен, Қоқан, Хиуа, Бұхардың қазақ еліне деген қастандығы, өзбек пен тәжіктің жалтақтығы әшкереленеді. Осы тұрғыдан алғанда, М.Қ. Қозыбаевтың тілімен айтсақ, «Оны тек «дастан» деу аз сияқты. Оның арнасы кең – ұлттың болу, болмауы, Отан тағдыры. Бір ғасырлық тарихты саралап, ұлттың сан ғасырлық салт-санасын, мемлекет билеу жүйесін бағалап, жүздеген мемлекет, әскери, саяси қайраткерлерін жеке-жеке даралап, дүбірлеген оқиғалар болған жерді аралап жазылған ұлы эпопеялық туынды. «Елім-ай шын мәнінде ұлттық сананың биік шыңы, ұлттық сергелдеңге душар болғандағы мұңы, болашаққа құлаш сілтеп, қайсар намысшыл қазақтың ұлт болмысын жаңғыртуға ұмтылысының шаншыла атқан қайнар жыры да сыры. «Елім-ай» – ұлтымыздың Илиада мен Одиссеясындай эпикалық өміршең трагедиясы».

Халқымыздың аяулы ұлдарының бірі, батыр – қаламгер Бауыржан Момышұлы «Елім-ай» дастаны жайлы: «Керей Қожаберген жыраудай бұрың-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі қазақ жұрты жерінің көлемін, шекарасын айқындап берген емес. Ол кісінің «Елім-ай» жыры – әскери дастан! Жас бала кезімде оны әншілердің аузынан талай рет естіп едім. Шіркін, сол әскери дастан қайда бар екен?» – деп жазған екен.

Ірі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ермұқан Бекмахановтың пі­кірі де осыған үндес. Ол өз ойын: «Көшебе Керей Қожаберген ақын Толыбай сын­шыұлының «Елім-ай» дастаны – тарихи эпопеялық жыр. Әрі сол «Елім-ай» ерлік хиссасының бірінші бөлімі – 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған ірі апаттың суретін ел көзіне елестеткен бірден-бір тарихи құжат!» – деп тұжырымдапты. Осы мазмұндас бағаны кезінде академик Әлкей Марғұлан, академик Ақай Нүсіпбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бек Сүлейменов те шегелеп айтқан екен.

Жырау 1710 жылғы жазда өзінің көп жылдарға созылған ауыр соғыстарға үздіксіз қатысып шаршағанын мойындап, Әз-Тәуке ханнан өзін Ордабасы қызметінен босатуды өтініп, орнына шәкірті жас Бөгенбай батыр Ақшаұлын ұсынады. Әз-Тәуке хан арнайы құрылтай өткізіп, Бөгенбайды Ордабасы етіп сайлатады, сол жиында Қожаберген Бөгенбайға ақ батасын береді.

Бұл жайында Бұқар жырау былай дейді:

Қожаберген ғаділ ер,
Қадірін білген қалың ел.
Бөгенбайдай батырға
Билігін берген ардагер.

Қожекеме Бөгенбай
Шәкірт болған жан еді.
Сайлатқан оны ұстазым
Қарадан шыққан хан еді.

Жоғарыда Қожабергеннің өмірі мен шығармашылық қызметіне XIX ғасырда өмір сүрген ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин алғашқылардың бірі болып ден қойғанын айттық. Филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің айтуынша, одан сәл бұрын, 1875 жылы «Записки Оренбургского отдела Императорского русского географического общества» атты кітапта (253 – бетінде) «Қаратаудың басынан көш келеді» әнұранының алғашқы нұсқасы 16 жол көлемінде беріліпті. Сонымен бірге, Түрсекең «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» атты еңбектің бірінші томында «Қожаберген жырау (1663-1763)» атты арнайы тарау жарияланып, қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет «Елім-ай» әнінің авторы жайлы бірқыдыру мәліметтер берілгенін де айтады.

Алайда, кейін ұзақ жылдар бойы Қожаберген есімі аталмай келді. Академик Манаш Қозыбаев оның екі себебін атайды. «Бірінші – Қожаберген баба орыс империясына ашық қарсы, оның «Елім-айы» империяға қарсы туынды. Онда ол орыс империясы қалмақтарға қару сатты, қолдады деп айыптайды… Екіншісі – «Елім-айы» қазақ хандарының төре тұқымынан сайлануына қарсы. Ал, төрелер әулеті қазақ қоғамына ендеп, бойлап араласып, құраласып кеткен-ді».

Қожаберген Толыбайұлы – шын мәнінде, бар қазаққа ортақ тұлға. Сондықтан да оның өмірі мен шығармашылығы жайлы солтүстікқазақстандықтар ғана емес, еліміздің барлық аймағында тұратын зерттеушілер жазуда. Соның нәтижесінде Қожаберген батыр халқына қайта оралды. Оның ерлігі, даналығы туралы көптеген еңбектер жарық көрді. Осындай игі істерге белгілі заңгер Бекет Тұрғараев басқаратын «Жеті жарғы және Қожаберген жырау қоғамдық қайырымдылық қорының» ұйытқы болып келе жатқанын айту жөн. Аталмыш қордың қолдауымен жыраудың туған жеріндегі қорымында жерлестері оған арнап күмбез орнатып, ас берді. Жамбыл ауданының орталығы Пресновка селосындағы қазақ мектебінің алдындағы алаңға есімі беріліп бюсті орнатылды, мектепте мұражайы ашылды. Петропавл қаласындағы № 6 қазақ орта мектебі жырау есімімен аталады.

Иә, айта берсек, қолға алынып жүзеге асырылып жатқан игі істер аз емес. Бірақ, кезегін күтіп тұрған шаруалар да бастан асып жатыр. Осы жайында жақында мен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі С.Н. Ахметовке депутаттық сауал жолдадым.

Онда Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1678 қаулысына сәйкес үстіміздегі жылы 350 жылдығы аталып өтілетін Қожаберген Толыбайұлының мерейтойына дайындық барысында әлі шешімін таппаған кейбір мәселелерге тоқталып, атап айтқанда, балалар мен жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында еліміздің театрларында тарихи деректерге сүйене отырып, Дауылпаз баба – Қожаберген Толыбай сыншыұлы туралы сахналық қойылымдарға бәйге ұйымдастырылып, үздік шыққан сценарийлер бойынша спектакльдер қоюға; тарихи деректерге сүйене отырып, «Елім-ай» жыры мен Қожаберген бабамыз туралы қазақ және орыс тілдерінде бір сағаттық деректі фильм түсіруге және оны еліміздің басты телеарналарынан көрсетуге; «Елім менің» патриоттық әндер конкурсы аясында халық ақынының өмірі мен ерлігіне арналған конкурс ұйымдастыруға; «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Благовещенка елді мекеніне қарасты «Бүркіт қонған» деген орманның маңында орналасқан Қожаберген жыраудың кесенесін мемлекет қамқорлығына алып, қайта тіркеуден өткізіп, кесенеге күрделі реставрациялық жөндеу жұмыстарын жүргізуге; Астана қаласының орталық бір көшесіне Қожабер­ген жыраудың есімін беру және құжаттарын дайындауға; республикалық ақындар, жыраулар байқауын, ұлттың рухын қиын кезеңде де көтере білген тарихи тұлға Қожаберген жырау өміріне арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастыруға; барлық республикалық, облыстық кітапханаларда дауылпаз баба – Қожаберген Толыбай сыншыұлының туғанына 350 жылдығына ар­налған кітап көрмелерін ұйымдастыруға; бабамыздың 350 жылдығына арналған іс-шараларды бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде жариялауды ұйымдастыруға; Қожаберген Толыбайұлының өміріне қарасты тарихи деректерді қайта сүзгіден өткізіп, мемлекеттік тапсырыс аясында шығарылатын әдебиеттер негізінде арнайы кітап шығаруға қаржы бөлуді сұрадым.

Қазақ «Аруақ риза болмай, тірі байыз таппайды» дейді. Олай болса, бабаларымыздың алтын басын төрге сүйреп, олардың рухын асқақтата беру – ұрпақ парызы.

Абай ТАСБОЛАТОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты,
Тарих ғылымдарының докторы, профессор.

p.s.Материал Тұғырыл хан уатсап тобынан алынды.

Ұқсас жазбалар