«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Латын әліпбиіне көшу реформа емес, ұлттық алфавитті қалпына келтіру

Авторы tugurulhan.kz
1399 қаралым

1991 жылдың 18-20 қарашасында Ыстамбұлда Мармара Университеті Түркітану  нститутының басшылығымен өткен Заманауи түркі әліпбилері атты халықаралық симпозиумға ішінде Қазақстан да бар, түркі әлемінің әр түрлі елдерінен 28 тіл ғалымы қатысты. Ғалымдар түркі тілдері үшін қазіргі күнде ең ынғайлы алфавиттің латын әліпбиі екенін бір ауыздан қабылдады. Сондай-ақ әр елдің бір келкі латын әліпбиіне өтуінің бауырлас елдер арасындағы түсіністік пен байланыстарды қолайластыратынына байланысты бүкіл түркі тілдеріне жарамды 34 таңбалық бірыңғай ортақ латын алфавитін белгіледі. Бұл шешім, Кеңес Одағының 1991 жылы желтоқсан айында ыдырау қарсаңында қабылданды. [1]

Осыдан кейін Әзірбайжан кириллицадан латын әліпбиіне өткен бірінші ел болды. 1991 жылғы 25 желтоқсанда осындай шешім қабылдаған Әзірбайжаннан кейін латынға 1993 жылы 12 сәуірде Түркіменстан және 1993 жылғы 2 қыркүйекте Өзбекстан өтті. [2, 107] Бұлардан 24 жылдан кейін 2017 жылғы 26 қазанда Қазақстанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын әріптеріне көшу туралы шешімге қол қойды. Осылайша, КСРО ыдырағаннан және 1991 жылы ұлттық республикалар тәуелсіздік алғаннан кейінгі 27 жыл ішінде Қырғызстаннан басқа барлық елдер кириллицадан латынға көшкен болды.

Түркия болса, араб графикасынан 29 таңбадан тұратын латын алфавитіне 1928 жылы 1. қарашада өткен еді. Сондай-ақ 1991 Ыстамбұлда бүкіл түркі тілдері үшін жарамды деп қабылданған 34 таңбалық түркі тілдес халықтардың латын әліпбиі сырттай қарағанда осы алфавитке бес таңба қосумен толықтырылған нұсқасы болып көрінеді. Сондықтан кейбір тіл мамандары 1991 жылы ұсынылған түрік әлемінің ортақ латын әліпбиін түрік алфавитіне негізделген алфавит деп санайды.[3, 452]

Алайда түркі елдерінің латын әліпбиіне өту тарихына үңілгенімізде мұның қате түсінік екенін, 34 әріптік алфавиттің негізін 1927 жылы Кеңестік түркі республикалар ғалымдарының қалағанын, кейін ІІ. Дүниежүзілік соғыстан кейін мұны Германиядағы Азаттық радиосында жұмыс істейтін қазақтардың жетілдіргенін көреміз.

Егер осы ортақ латын әліпбиіне қай елдің негіз болғанын нақты айту керек  болса, онда ол Түркия емес, Әзірбайжан. Өйткені бұл алфавиттің ең алғашқы нұсқасын әзірбайжан зиялылары 1922 жылы дайындаған және осы әліпбимен “Йени жол” газеті жарық көрген еді.[4, 134]

Ұқсас жазбалар