«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Солтүстікке көшу неге сылбыр?

Авторы tugurulhan.kz
486 қаралым

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бір миллионнан аса қандасымыз тарихи отанына оралыпты. Бұл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың алыстағы ағайынды атажұртына шақыруға арналған көші-қон саясатының үлкен жемісі десек, аталған саясат қазіргі таңда да өз жалғасын тауып, шетелдегі қандасты тарихи отанына оралту маңызды мәселе ретінде мемлекеттік деңгейде қаралып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Егемен Қазақстан», «Айқын» газеттеріне берген сұхбатында «Шетелдегі қандастарымызды («оралман» деген сөзге мен қарсымын) атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз» деп атап көрсеткені – соның айғағы.

Шетелде қанша қазақ бар?

Демографтардың мәліметіне сүйенсек, қазір әлемнің елуден аса елінде 6 миллионға жуық қазақ бар. Әйткенмен бұл да көз мөлшер, көңіл таразысымен айтылған сан, өйткені бұл мәселемен арнайы айналысып жүрген ғалым да, ғылыми орталықтар да жоқ. Ал қандастарымыз қоныстанған елдердің санағына сенейік десек, оның да ойға қонымсыз тұстары көп. Мәселен, осыдан 20 жыл бұрын Өзбекстан мен Қытайда 1,5 миллион қазақ бар делінетін. Содан бері біраз жылдар өтсе де, бұл санда мардымды өзгеріс жоқ. Баяғы сол 1,5 миллион. «Қазақстанға көшіп келіп жатыр» деген күннің өзінде ішкі демографиялық өсім жоқ па деген сұрау суырылып алдыңнан шығады. Сосын да ел аузында Өзбекстанда – 2,5 миллион, Қытайда – 2 миллион, Ресейде 1 миллионнан астам қазақ бар деген болжам жиі айтылады.
Дегенмен шетелде 6 миллионға жуық қандасымыз бар деп ауыз толтыра айтқанымызбен, бұл күнде кейбір елдердегі қазақтардың жағдайы күн санап кері кетіп бара жатқаны да жасырын емес. Атап айтқанда, шетелде күн кешіп жатқан қазақтардың экономикалық, тұрмыстық жағдайы жақсы болғанымен, ұлт ретінде, басқа этностармен терезесі тең деңгейде өмір сүруіне қатер төнген мемлекеттер де жоқ емес. Кейбір елдерде тіліне, дініне шектеу қойып, ассимиляция жасаудың аяқ алысы тездеп кетті. Міне, бұл жағдай Қазақстанның шетелдегі қандасты шақыру саясатының маңыздылығы мен қажеттілігін тағы бір рет анық аңғартқандай.

Қоныс жайлы болмай, дастарқан майлы болмайды

Алыстан атын қомдап, ат арытып келген ағайынның күнкөрістің қамы үшін ауа райы жайлы, қазық қақсаң тал шығатын, түгін тартсаң май шығатын жері шұрайлы өңірлерді таңдайтын себебі айтпаса да түсінікті. Алайда ірге көмген жері кәсіп бастап, тіршілік көруге тиімді болмаса, тамылжыған табиғат ешкімге тамақ болмайтыны тағы бар. Демек, елім деп ентігіп жеткен қазақтың өз тіршілігіне ыңғайлы қоныс табуы да аса маңызды мәселенің бірі. Былайша айтқанда, қандастың Қазақстанға келгеннен кейін тіршілігіне, кәсібіне қолайлы өңірді таңдауы шетелден келген ағайынның өзі үшін де, оларды азаматтыққа қабылдаған Қазақстан үшін де өте маңызды. Өйткені көшіп келген ағайындардың түтіні түзу ұшып, келген еліне «балдай батып, судай сіңіп», аяқтан тұрып кетуі еліміз үшін үлкен ұпай болса, шетелдегі «жылы орнымызды суытып, өскен ел, үйренген жерімізді тастап барғанда күніміз не болады?» деген күдік пен екіұдай ойдың арасында жалтақтап отырған ағайындарға жанды жарнама болары анық. Осы тұрғыдан алғанда, қандасты қоныстандыру мәселесі келген елдің көңілін табатын, келетіндердің жолын ашатын келелі түйін екенінде талас жоқ.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шетелден келген қазақтарға квота беріліп, тиісті қамқорлықтар жасалды. Алайда шетелден қандас­ты шақыру арқылы қазақтың санын көбейту мақсат етілгенімен, ел ішінде өңірлер ара жан санының парқы мен ұлт салыстырмасын теңеу жұмысы мемлекет жағынан ертерек ескеріліп, жоспарлы жүргізілген жоқ. Сосын да шетелден келіп, Қазақстан азаматтығын алған ағайындардың көбі өз таң­дауы бойынша орналасты. Біреу өз тіршілігінің жағдайын ескерсе, енді біреулер аталас туысына, бірге көшіп келген ауылдасына тартып қоныстанды. Шекараның арғы бетінен Қазақстан жағына өтіп қана қоныстанып, «артта қалған туыс-туған бар, тым құрыса туған жердің төбесін көріп отырайық» деп шекарадан өте «жығылғандар» да көп болды. Алдыңғы көшіп келгендер қайда қоныстанса, соңғы көш те соларға қарай тартты. Соның әсерінен Қытай, Өзбекстан елдерімен шекараласатын Түркістан, Шымкент, Алматы, Талдықорған, Өскемен, Семей сынды қала, облыстарға орналасқан қандастар күрт көбейді де, онсыз да жан саны тығыз өңірлердің халық санын еселеп молайтты.

Қандастар қай өңірлерге жиі қоныстанады?

Статистикалық деректерге сү­йенсек, 30 жылға жуық уақытта Отанына оралған 300 мыңнан артық отбасының көпшілігі Өзбекстаннан (61 пайыздан астамы) келсе, 15 пайызға жуығы – Қытайдан, 10 пайызға жуығы – Моңғолиядан, 7 пайызы – Түрікменстаннан, 4,6 пайызы Ресейден келіпті. Ираннан, Ауғанстаннан және басқа елдерден келген қандастарымыз да бар. Олардың басым бөлігі – Оңтүстік Қазақстан облысына (21,2 пайыз), Алматы облысына (16,3 пайыз), Маңғыстау облысына (13 пайыз), Жамбыл облысына (9,4 пайыз) ірге тепкен. Ақмола облысына қоныстанған қандастар да қомақты. Алайда жері кең, тұрғыны көп емес Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына ірге көмген қандастарымыз аз. 2019 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан азаматтығын алған 10700 қандасымыздың 48,5 пайызы – Өзбекстаннан, 36 пайызы – Қытайдан, 6,2 пайызы – Моңғолиядан, 5,4 пайызы Түрікменстаннан көшіп келсе, Ресейден 1,1 пайыз қандасымыз Қазақстанға қоныс аударған. Бұлардың 27 пайызы – Ақмола облысына, 14 пайызы – Маңғыстауға, 9 пайызы Жамбыл облысына ірге тепсе, 8,9 пайызы – Нұр-Сұлтан қаласына, 8,5 пайызы Шымкент қаласына қоныстанған. Қостанай, Петропавл қалаларына ұшқындап барған біраз отбасылар болмаса, бұл өңірлерге көшіп барған отбасылар жоқтың қасы. Соңғы кездері елімізде атқарылған ішкі көші-қон саясаты аясында Павлодар облысына қоныстанған қандастарымыздың саны біраз молайғанымен, ке­йінгі келген қандастың да таң­дауы бірден бұл өңірге түспей тұр. Ендеше «оңтүстіктен басқа Отанымыз жоқ па?» дегендей, неге шетелден келген қазақтар алдымен Алматы облысының төңірегіне топтасуды, одан қалса оңтүстіктегі облыстарға қарай ойысуды оң санайды?

Солтүстікке неге бармайды?

Қандастарымыздың солтүстікке бармауында бірнеше түрлі себеп бар десек, оның бастылары ретінде солтүстік өңірлердің климат жағдайын, инфрақұрылымдарының дамымаған кенжелігін, Қазақстанның экономикасы, өндірісі біршама дамыған өңірлері мен қандастарымыз көбірек көшіп келетін Өзбекстан, Қытай, Моңғолия елдерінің шекарасынан мойны қашықтығын атауға болатын секілді. «Орыс көп, қазақ аз, жергілікті қазақтары орыстанып кеткен» деген үстірт ақпаратқа да шетелден Қазақстанда қазақ болып қалуға келген қандастың үрке қарайтыны да өтірік емес. Оның үстіне, қандастарымыз солтүстік өңірлердің басты артықшылығын анық біле бермейді. Бұл өңірлердің көшіп келген қандастарға жасайтын тиімді саясаттары толық, жан-жақты насихатталмаған, ит арқасы қияндағы «орыстанған өлкеде» далада қалармыз деп те қауіптенетін сыңайлы.

Жер жағдайы мен климат көшкен елдің алдымен ойласатын тү­йіндерінің бірі екенін жоғарыда да айттық. Өйткені Өзбекстан ­сияқты жылы елден келген қандастар сақылдаған сары аязы қатты солтүстікке үйрене алмайтыны анық. Сосын да шығар, Өзбекстаннан келген ағайындардың 26 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысына орналасса, 14 пайызы – Маңғыстау облысына, 11 пайызы – Алматы облысына, 7 пайызы Жамбыл облысына қоныстанған. Олардың солтүстікке қоныстанғаны – небәрі 3,2 пайыз ғана. Ал Қытайдан көшіп келгендердің 38 пайызы – Алматы облысына, 34 пайызы Шығыс Қазақстан облысына орналасса, 8 пайызы Ақмола облысына қоныс­танған. Бұл елден келгендердің де солтүстікке қоныстану салыстырмасы өте төмен. Қостанай облысына қоныстанғандардың саны 0,002 пайызды көрсетсе, Солтүстік Қазақстан облысында бұл көрсеткіш бар-жоғы 0,05 пайызды құрайды екен. Міне, бұл санақтан да Өзбекстаннан көшіп келген ағайындар Өзбекстанмен шекаралас жатқан жылы аймақтарға ат басын бұрса, Қытайдан келген қандастар Қытайдың Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарымен шекаралас жатқан Алматы, Шығыс Қазақстан облыс­тарына көбірек ірге көметінін байқауға болады. Себебі бұл өңірлердің климат, жер жағдайына олар қанық, табиғатының сырын біледі, жаратылыстық ортасына сәйкесе алады. Оның үстіне, артындағы көшіп келген еліне, туған жеріне барып тұрғанына жақын әрі қатынасы қолайлы. Ал солтүстіктегі облыстардан бұл елдерге бару үшін Қазақстан аумағы ішінде бірер күн жүруге тура келеді.

Екінші тұрғыдан алғанда, шетелден келген қандастар ұрпақтың қамы үшін көшіп келгенін ескерсек, олар да қоныс таңдағанда бала оқытуына қолайлы, оқу сапасы біршама жоғары орындарды көбірек ескереді. Ал солтүстіктегі облыс­тардың үлкен қалаларында болмаса, ауылдардағы мектептердің жағдайы мәз емес. Ауылдарды дамытуға ден қойылмаған, ауылда жұмыс болмаған соң, тұрғындардың көбі қалаға көшіп, көптеген елді мекендер қаңырап, бос қалған. Бала саны аз, жағдайы нашар мектептерге жас оқытушылар бармаған соң, оқытушы да жетіспейді.

Ең қызығы, солтүстіктің адамы аз, жері кең болмағанымен, иесіз жатқан жер тағы жоқ. Көп өңірлердегі жерлерді байлар немесе ірі компаниялар әлдеқашан меншіктеп алған. Ауылдың маңындағы мал жайылатын аз ғана жайылым болмаса, елді мекеннің көбінің төңірегінде малды өрістетіп жаятын жайылыс та қалмаған. Ауылдың іргесінде алақандай жерге мыңғыртып қой, шұрқыратып жылқы өсіру қиын болғандықтан, Моңғолия, Қытай сияқты елдерде мал шаруашылығымен шұғылданған ағайындар да бұл өңірге қоныстанғысы келмейді.

Өткен жылы солтүстіктегі облыстарға қоныстанса, «көшіп келген ағайындарға жер береді екен, көші-қон шығынын көтеріп, мамандығы барларды жұмысқа орналастырады екен» деген соң жер берсе, ауыл-аймағымызбен қоныс­танатын, мал өсіріп, егін салатын, тынысы кең қоныс шалайық деп Қытайдан көшіп келгелі жүрген және көшіп келіп алған туысқандарымды ертіп Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарын араладық. Барған жеріміздің бәрі «келіңіздер, жағдайларыңызды жасаймыз» деп қуана қарсы алғанымен, ауыл ақсақалдарының «15 түтін көшіп келсек, бір отбасына 100 гектардан егістік, жайылымдық жер бере аласыздар ма?» деген талабына келгенде кәдімгідей жалтақтап қалады. Сөйтсек, аталған облыстарда игерілмей жатқан артық жер жоқ болып шықты, «жа­йылымдық, егістік жер бар» деген аудандардың өзінде-ақ жатқан 2000 мың гектардан артық жер жоқ. Жерді пайға алған бұрынғы кеңшар мүшелері оны біреуге жалға берген немесе банкке ке­пілге қойған. Бұл туралы Мемлекет басшысы Тоқаев Ақмола облысына сапары кезінде ауыл халқының мал жаятын жер таппай отырғанына алаңдаушылық білдіргені айғақ. Қысқасы, игерілмей жатқан жерді мемлекетке қайтарып алудың да машақаты көп. Сары даланың бәрінің иесі бар, бұған мысал ретінде Солтүстік Қазақстан облысында бір орыс азаматының 39 мың гектар жері бар екенін айтсақ та жеткілікті секілді. Ұзақ уақыттан бері жолдары жасалмаған ауылдардағы мектептердің жағдайы да мәз емес, әбден көнерген мектептерде оқушы саны азайып, кейбірі жабылудың аз-ақ алдында тұр. Мұны көріп «солтүстікке көшеміз» деп белсенді жүрген туыстарымыз «кең айналып мал бағып, егін салатын жері жоқ, мектептері жабылудың алдында тұрған ит арқасы қиянға көшіп қиналғанша, жылы орнымыз­ды суытпағанымыз жөн екен» деп кері қайтты.

Жекеменшік жер ­қандастарға да қажет

Қазір солтүстіктегі облыстар «көшіп келгендерді мамандығы бойынша жұмысқа орналастырамыз, жол шығынын көтереміз, 12 айға дейін коммуналдық төлемдерді және үй жалдау ақысын төлейміз, үй береміз» деген секілді тиімді талаптар шығарғанымен, көштің легі көбеймей тұр. Оған жоғарыдағы айтқан түйінді басты себеп ретінде атасақ, жер мәселесін де жанама себептің біріне жатқызуға болады.

Қытайдан, Моңғолиядан көшіп келген қандастың көбінің көшіп келген елдерінде өзіне тиесілі, 30 жылға, 50 жылға иелігіне алған жерлері болды. Олар үшін бұл жерлер тыныс-тіршілігінің негізгі арқауы саналады. Өз иелігінде алақандай жер болса, соған жем-шөбін немесе астығын салып, өз күнін көріп үйренген ел Қазақстаннан да кеңірек жайылым алып, мал өсіріп, жер жыртып, егін салуға талпынады. Алайда Қазақстандағы қағазбастылық пен жер алудағы қиындықтар, егін салу үшін техника, жайылымдық жер алу үшін шаруа қожалығы болуы керек деген талаптар шетелден көшіп келген көп ағайынның қолын байлап отыр. Себебі бір малды екеу қып, өз кеңірдегінің қамы үшін аздап егін салып күн көріп, сол арқылы тұрмысын құтайтуға талпынған ағайындарға бірден «қызыл дәнді сапырған немесе төрт түлігі тең өскен ферма қожайыны болсаң ғана жер беріледі» деген талап та артық секілді. Әрине, елді мекендердің маңындағы ортақ жерлер азырақ мал өсіруге жететіні шындық. Бірақ өзіне тиесілі жер болса, көшіп келгендердің сол араға біржола орнығып қалатынын да солтүстіктегі облыстар ескергені оң сияқты.

Қалиакбар Үсемханұлы

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жазбалар