26 желтоқсан. Нұр-Сұлтан. Tugurulhan.kz – Ұлттық кітапханада тарихшы, профессор Мәмбет Қойгелдінің «Я себя совершенно не признаю виновным!» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасаған tugurulhan.kz тілшісі.
Аталған жинаққа 1960-1980 жылдары Советтік режимге қарсы шыққан адамдар жайлы деректер енген. Олардың көбі кезінде КСРО Бас прокуратурасының, қазіргі Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі архивінде сақталған құжаттар.
«Бұл кітапқа Махмет Құлмағамбет, Қожан Ахметов жайлы деректер енді. Ресей архивінде осы екі кісі жайлы дерек өте көп жиналыпты. Мәскеуде Азамат Жақыбаевқа қатысты құжаттар бар екен, алайда оны бермеді. Бірақ осы уақытқа дейін жабық болған өзге құжаттарды берді», – дейді тарихшы Мәмбет Қойгелді.
Тарихшының айтуынша, кітаптағы тың деректерді Ресейдің мемлекеттік архивінен тапқан.
«Архивте Міржақып, Ахмет туралы деректердің бәрі сақталған. Біз 1960-1980 жылдары Совет үкіметіне қарсы шыққан жандарға қатысты дерек іздедік. Ресейліктер қазақтар Советтік жүйеге ешқашан қарсылық танытқан жоқ дейді. Қазақстан Одақтың ыдырауына қарсы болды деп жазады. 1960-1980 жылдардағы бұл құжаттар бізде де орталық жүйеге қарсы наразылық болғанын көрсетеді. Қазақстанда азаматтық қозғалыс болды, Тәуелсіздік үшін қозғалыс еш уақытта тоқтаған емес. Махмет Құлмағамбет басы дауға қалып Батыс еліне кетіп, сол жақта көз жұмды. «Я себя совершенно не признаю виновным!» деген сол кісінің сотта айтқан сөзі», – дейді Мәмбет Қойгелді.