Елбасына жолданған хат және Ер Жәнібек көшесі
Тарихтағы кейбір мәселелер толғағы жеткенде табиғат заңымен өз шешімін тауып жатады. Шын мәнінде Жәнібек Бердәулетұлының есімін ұлықтау да уақыт тудырған қажеттілік еді.
2006 жылдың 9-маусымында Алматы қаласындағы Ғалымдар Үйінде – Жәнібек Бердәулетұлының рухына арналған «Еліне ұран болған Ер Жәнібек» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Іс-шара соңы құран хатым аударып, ас беруге жалғасты. Бұл шын мәнінде Жәнібек Бердәулетұлы 1792 жылы қайтыс болғаннан кейінгі батыр рухына арналған тұңғыш көлемді, дабыралы іс-шара болатын.
Жасыратыны жоқ, «Еліне ұран болған Ер Жәнібек» атты конференцияда көп кісілер «керей Жәнібек» деген сөзді қолданғысы келмегендей бүгежектей берген еді. Алайда Тұрсекең (Т.Кәкішев) күндей күркіреп, «тар шеңбердің» тас талқанын шығарды:
«Үлттық рухымыздың мәртебесін көтеру аса қажет болып отырған бүгінгі таңда батырларымызды жоқтау, олардың атын атап, аруағын аунату ешқандай үлыстық, рулық түс алмайды. Сол үшін де қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, шапырашты Наурызбай, Шақшакұлы Жәнібек және керей Ер Жәнібек есімдері ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан рухымыздың биігі болып келе жатыр. Қазақтың толарсақтан қан кешкен қиын күндерінде олар елі үшін жанын шүберекке түйіп, жаумен бетпе-бет жекпе-жекке шығып бүгінгі үланқайыр даламыздың тұтастығын сақтап қалды.
Ендеше оларды ана рудың, мына рудың батыры деп бөлу ұлттық ұйытқымызды ірітетін жетесіздік деп білемін. Керей Ер Жәнібек керейдің батыры ғана емес – қазақтың ұлы батырларының бірі. Жәнібек керей болғандығына еш кінәлі емес!» деп бастап еді сөзін Тұрсынбек ағамыз.
Өз ойларын сабақтаған Тұрсекең сөз соңында: «бұл жұмыстарды атқару үшін керек десеңдер батыр атында қор құлыуы керек!» дегенді де шегелеп айтты. Конференциядан кейін «Ер Жәнібек Халықаралық қоғамдық қорының» құрылуын, оған менің басшылық етуімді бір кісідей қадағалады.
Айбын Әубәкірұлы, Жеңіс Түркияұлы, Шағанбек Қанжарбайұлы, Қойшыбек Мүбарак, Жәди Шәкенұлы, Мұхаметхан Омаров, Ақбай Жексенбаев сынды жеті адам қор құрылтайшылығына тартылды.
Осы оқиғалар жайында Т.Кәкішев кейіннен «Жұлдыз» журналында жарияланған «Қоян жылғы Саяхат» естелігінде: «Осыдан 5-6 жыл бұрын Керей Ер Жәнібек атындағы халықаралық қор құрылып, жұмысқа кірісті. Оған тікелей араласым бар. Қазір жұрттың бәрі ата-бабасын, ру-тайпасын іздеп жатқанда бір-бірімен бастары оңайлықпен қосыла қоймайтын Керейлерді ұйымдастыру үшін Қытайдағы абақ керейден келген жігіттер, әсіресе Жәди Шәкен деген азамат Қазақстан ғылым академиясының ғалымдар үйінде ғылыми конференция өткізді. Бардым» деп еске алады.
Қор жұмысын қолға алғаннан кейінгі бірінші жұмысымыз Ер Жәнібек Бердәулетұлының есімін ұлықтау мақсатында Елбасына және Шығыс Қазақстан облысының әкімі Жәнібек Кәрібжановқа хат жазу болды. Хаттың нұсқасын дайындап болғасын, оны Тұрсынбек Кәкішев ағамызға көрсетіп, қандай кісілердің қолын қойдыратындығымыз жайында ақылдастым.
Тұрсекеңнің жол-жорығы бойынша әуелі қазақтың атақты тарихшысы, академик Кеңес Нұрпейісовтың, сосын ҚР халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Әзілхан Нұршайықовтың үйіне бас сұқтым. Алдын ала хабардар болып отырған ағалар екі айналдырмады. Хат мәтінімен таныса сала қол қойып берді. Қазір ойласам қолын ұстауға үлгеріп қалған сол ұлы тұлғалармен болған қас-қағым сәттің өзі тарихқа айналып барады екен.
Хатты жағалатып жүріп барлық кісінің қолын қойдырдық. Астана жағындағы қол қоюшыларды Тұрсекең өзі қадағалады.
ҚР президентіне жазылған хаттың толық мәтіні төмендегідей:
Қазақстан Республикасының президенті
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа
Құрметті Елбасы!
Сіздің елімізді отаншылдыққа үндеген ұлы пәрменіңіз қаншама ұрпақтың санасына нұр сыйлады. Сондықтан да елім деп еміреніп өткен батырлар өз тарапыңыздан ұлағтталып, халқымен қайта қауышып жатыр.
Ер Жәнібек Бердәулетұлы (1714-1792) қазақтың таяу заман тарихындағы әйгілі батыр. Ол Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлармен бірлікте Абылаймен тізе қоса отырып, жоңғарларды жеңуде ерен ерлік көрсеткен.
Қазақтың тәуелсіздігі жолында басын бәйгеге тіккен дара тұлғаның еңбегі бүгінгі ұрпақтарды отаншылдық, ерлікке баулудың тамаша үлгісі саналатындығ еш дау туғызбасы анық.
Батыр есімін ұлағаттау мақсатында 2006 жылдың 9 маусымында Алматы қаласында Қазақстан орталық мемлекеттік мұражайы, «Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қоры», Қазақ мемлкеттік қыздар педагогикалық инситутының Қазақстан тарихы кафедрасы бірлесе отырып, «Еліне ұран болған Ер Жәнібек» атты халықаралық ғылыми конференция өткізген болатын. Конференцияға Қазақстан, Түркия, Моңғолия, Германия, Қытай елдерінің көптеген ғалымдары мен қаламгерлері қатысып, баяндамалар жасады. Әрі әлі күнге дейін ұлағатталмай келген батыр есіміне байланысты ұсыныс-талаптар келіп түсіп, ол конференция шешімі ретінде қабылданған еді. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы талап-тілектердің бастылары мынадай:
- Шығыс Қаазқстан Обылысы Жарма ауданының орталығы Георгиевкіге батырдың есімін беру.
- Астана, Өскемен, Алматы қалаларынан батыр есіміне көше беру. ескерткіш қою.
- ШҚО-ның Жарма ауданында жәй ғана төбешік болып жатқан батырдың басына көрнекті кесене тұрғызып, күмбез орнату. Жарма ауданынан мұражай ашу.
- Оқулықтарға енгізіп, отаншылдықты дәріптеу.
Осылайша Абылай сынды айтулы қолбасының тапсырмасымен еліміздің шығыс қақпасын жаудан қорғап, сүйегі жаудың өтінде, жердің шетінде қалған Ер Жәнібек батыр әлі жоқтаусыз жатыр.
Сіздің Ер Жәнібек есіміне байланысты жоғарыдағы ұсыныс-талаптардың іске асуына ықпал етуіңізді сұраймыз.
Қол қоюшылар:
Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов
Қазақстанның халық әртісі Ермек Серкебаев
Қазақтың атақты тарихшысы, академик Кеңес Нұрпейісов
Профессор, ф.ғ.д. Тұрсынбек Кәкішев
Атақты ақын, қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов
ҚР парламентінің депутаты Нұртай Сәбильяанов
Ақын Несіпбек Айтұлы
ҚР Орталық мемлекеттік орталық
мұражайының директоры Нұрсан Әлімбай
ақын, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері Жәркен Бөдешұлы
«Қазақстан мектебі» журналының
бас редакторы Сайраш Әбішқызы
«Ер Жәнібек халықаралық қорының» президенті Жәди Шәкен
Хатқа қайтарылған жауаптың бір данасы Алматы қаласының әкімдігіне жіберіліп, көше атын беру солардың шешіміне қалдырылып еді.
Олар президентке жазған біздің талап-тілектерімізді ескере келе, Алматы қаласы мәслихатының 2008 жылғы 2 тамыздағы №129 шешімі мен Алматы қаласы әкімдігінің 2008 жылғы 14 тамыздағы Ма 3/558 қаулысы бойынша қалаға қарасты Әуезов ауданындағы «Қалқаман-2» ықшамауданынан шағын да болса бір көшенің атын берді.
Сөйтіп, «Ер Жәнібек Бердәулетұлы көшесі» Алатау баурайындағы қазақтың қарт қаласынан орын алып, көптен күткен ел арманы орындалды.
Әзілханның әдепті өтініші мен Тұрсекеңнің тұщы сөзі
Ел басына хат жолдағаннан кейінгі екінші жұмысымыз батыр есіміне байланысты Шығыс Қазақстан обылсының әкімдігіне де осы мазмұндас жазылған хатпен кіру еді.
«Ер Жәнібек Халықаралық қоғамдық қорының» тұсаукесерінде Тұрсекең аузынан жазып: «батыр бабамызға қатысты әрқандай істе мені алдыға салсаңдар кез-келген есікті теуіп ашуға дайынмын» деп қалып еді. Осы сөзін алдына көлденең тастағанымызда ағамыз арық аттай қиқаңдамады. «Есили, што, айтсам не болыпты, дайынмын» дегені. Әрі жалғыз емес, жанына атағын ат көтере алмас – ҚР халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Әзілхан Нұршайықовты ертіп алатынын білдірді.
Мен екі ағама Өскеменге баратын ұшақ белетін алып беріп, өзім алдын ала барып алдарынан шығып тұратын болып, 2007 жылдың 23 сәуірінде машинаммен жолға шықтым. 25 сәуір оларды Өскемен әуежайынан күтіп алдым. Қонақ үйге орналасқан соң «демалып аласыздар ма?» десем, ағаларым оған көнбей, жұмысқа кірісуді өтінді.
Сөйтіп, сол күні-ақ Жарма ауданына тарттық. Аудан әкімінің орынбасары қарсы алды. Бірақ қабақтарынан аса жылылық аңғара алмай қоңылтақсып қайттық. Бабамыздың басына дұға жасауды да ұмытқамыз жоқ.
26 сәуір күні Шығыс Қазақстан обылысының әкімі Жәнібек Кәрібжанов мырзаның қабылдау бөлмесіне келдік. Осыдан бір апта бұрын әкімнің қабылдауында болатындығымыз жайында хатшы қыздарға ескерту жасап, олар осы күнді белгілеп еді. Әкім қабылдауындағылар бізге кезек күтіп отырған аудармашы, қаламгер ағамыз Кеңес Юсұповты да бірге кіруге қосты. Сөйтіп төрт кісі Жәнібек мырзаның алдына кірдік.
Аман-сәлемннен кейін Әз ағаң биязы, жұмсақ сөйлейтін әдетімен бұйымтайын да білдіре бастады:
– Тарихта бірнеше Жәнібек болғанын өзің де жақсы білесің. Бәрі де жаман болмаған, халық үшін қажыр-қайратын арнап еңбек етіп келген. Соның соңғысы болып мына орын тақта өзің отыр екенсің. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деп, Жарма жерінде жатқан Ер Жәнібек батыр Абылай заманындағы ел қорғаған атақты тұлғаның бірі болса да әлі ескерусіз жатыр. Мен өзім де сол Жарманың тумасымын. Батырдың басына күмбез орнату, ескерткіш қою, көше атын беру секілді көптеген жұмыстар күтіп тұр. Осыған қалай болған күндеде өзің секілді жөн біліетін азаматтар ат салысады деген өітіншімізді айтайық деп мына Тұрсекең бар ту сонау Алматыдан келіп отырмыз. – осы мазмұнда ұзақ сөйлеген Әзілхан ағаның сөзіне әкім жымия жауап берді.
– Ол айтқандарыңыз жөн ғой. Дегенменде оның бәрін қалалық ономостика комитеті шешеді. Шынымды айтсам, ондағы отырғандардың басым көбінің басқа ұлт өкілдерінен болуына байланысты Абайдың өзіне әзер көше бергенбіз. Бұл мәселені де солардың қарауына тапсырамыз. Оны ішкі саясат бөлімі қадағалайды.
Әкімнің екі ұшты жауабына Тұрсекең шыдамады. Шорт кетті.
– Несі бар, жоқтап отырғанымызда Жәнібек, келіп отырғанымызда Жәнібек. Обылысты уысына ұстап отырған сенің қолыңнан келмейді дегенге кім сенеді. Жәнібек жеке бізге керек емес, халыққа керек үлкен тұлға. Сол халықтың біреуі мына отырған Әз ағаң, біреуі мен, біреуі өзіңсің…
Тұрсекеңнің төтелей тартқанына қысылып барамыз. Ағамыздың аз тыныстай қалған сәтінде жазып әкелген өтінішімді алдына қарай сырып, «өтініштеріміз осы хатта көрсетілген» деген болдым.
Тұрсекең бәрі бір айтарын айтып тынды. Қыл қысқасы «Георгиевка қайсымыздың атамыз еді!?» дегенге дейін барды.
Мұндайда Әз ағаңның қалжың-шыны аралас айтатын тапқыр сөздері болады. Түсі қуара қалған Кәрібжановтың өңін Әзілхан ағаның сөздері қайта жылтты. Әңгімеміздің аяғы жайма-шуаққа бет бұрғанына бәрімізде кеңіп қалдық.
Осы сапар жайлы сөз болғанда Т.Кәкішев «Жұлдыз» журналының 2011 жылғы 11-12 сандарында жарияланған «Қоян жылғы саяхат» деген ұласпалы естелігінде былай деп еске алады: «Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов, Ер Жәнібек қорының президенті Жәди Шәкен үшеуімізді Шығыс Қазақстан облысының әкімі, таяуда ғана Қытайдағы елшіліктен оралған Кәрібжанов Жәнібек қабылдады. Тіпті Өскеменнің өзінде де ескерткіш орнатсақ артық болмас еді деген соң Әзілхан өзінің жанға жайлы сөзімен бұл игі ниетті құптап, көңілін көтеріп тастады. Мен өзіме тән ашықтықпен бір кезде Ресейге қосамыз деп бірсыпыра облыстық депутаттар әлек салған қалаға ескерткіш орнатқан дұрыс та болар еді, әзірге олардың ең болмаса құлағына құя бергеннің артықтығы жоқ. Аудан орталығы Георгиевка арғы атамыз емес қой, соны Жәнібек деп өзгертейік, – деп ем Жәнібектің оң қабағы түйіліп қалғандай болды да, – уақыт бар ғой, жата-жастана көреміз ғой, – деп былқылдата бастады. Айтқанымнан дұрыс-бұрыс болсын қайтпайтын әдетіме бағып, бұл пиғылға разы еместігімді тіпті рабайсыз жеткіздім. – Қазір Қазақстанда іс басына келгендер, шен таққандар ең әрі кеткенде екі-үш жылдан аспай ауысуда. Қолда билік тұрғанда жасамаған соң аяғы қой болады ғой, – деп ем, Жәнібек маған алая қарауымен кездесуді аяқтады. Жарты жылға жетпей Жәнібек парламент мәжілісі төрағасының орынбасары болып ауысты да, ауыздан шыққан ойлар сол күйінде қалды».
Сөйтіп біз Тұрсекеңнің әңгімесінде баяндалғанындай әкімнің толық шешім айта алмағанын аңғарып, «соңын күтейік» деген үмітпен орнымыздан тұрдық. Әкім Ішкі саясат департаментінің директоры Бәну Ғаниқызы Нұрғазиеваны шақырып алып, біздің жұмысымызды қадағалауды тапсырды. Жол-жөнекей Бәнуге де өтінішіміздің мән-жайын баяндап, көмектесуін өтіндік.
Біз осы сапарымызда обылыстық «Дидар» газеті сияқты бірнеше жерде болдық. Газет ұжымы ыстық ықыласпен қабылдап, батыр рухын ұлықтауға қатысты материялдар беретінін айтты.
Айтпақшы, бұл рет бұдан бұрын құлағымызға шалыққан Ер Жәнібек атында Өскемен қаласынан тағы бір қор құрған Серік Жүнісбекұлы Самарханов деген азаматты жолықтырдық. Жүрегі ақ болғанмен істің жолын таба алмай шаршап жүргенін айтып, бұдан кейін қор жұмысын тоқтатып, Алматы жағымен бір ауыздылық сақтайтынын білдірді.
Шығыста болған күндеріміздің жетістігінің бірі – Ер Жәнібек сынды батыр тұлғаның артынан іздеп жүрген мүйізі қарағайдай қаламгерлер мен жаңадан құылған халықаралық қор бар екендігін жалпақ жұртқа жария ету болды.
Мен ағаларымды аттандырып салып, қайтар жолымда Жарма ауданының орталығы Георгиевкаға тағы соқтым.
Жармада әкімнің орынбасарының қабылдауында болғанымызда облыс әкіміне қалдырған өтінішіміздегідей Жарма әкімдігіне де батыр баба есімін ұлықтауға байланысты талап-тілек білдіргенбіз. Менің қайта соғуым сол істі ары қарай індетіп, жауабын білу еді.
Әкімшіліктің ономостика бөлімінің жауаптысы Нұржамал Алдамжарқызы деген әйел екен. Әкімдер соған қарай сілтеді. Ол кісі Жарма ауданына қарасты Өскемен жолы бойындағы Василовка деген ауылды батыр баба атына берейік деп көп жүгіріп еді, әлде кімдер жағынан бір кеште ұйымдастырылған жасырын жиналыстың шешімі бойынша оны ұлы отан соғысының батыры Қапайдың есімімен атау ұйғарылыпты.
Осылайша тұрғылықты халықтың батыр туралы білетіні аз болғандықтан ішінара адамдардың рушылдық ұранын көтеруіне байланысты керей руынан шыққан баһадүр Ер Жәнібектің есімін бірден көтеруге дәрменсіз адамдар да табылды.
Жармадағы алғашқы ас
2006 жылдың 9 масымында Алматы қаласында өткен «Еліне ұран болған Ер Жәнібек» атты конференциядан кейін Шығыс Қазақстан жеріне көп рет сапар ұйымдастырдық. Соның алғашқыларының бірі – жоғарыда баяндалған Әзілхан Нұршайықов, Тұрсынбек Кәкішев бәріміздің шығыстағы сәуір сапарымыз еді.
Алматыға барғаннан кейін ағайындармен бас қосып, Шығыс Қазақстанда Ер Жәнібек есімін көтеруге байланысты дүркін-дүркін шара өткізу қажеттілігін айттым. Басқалар пікірімді қолдап, іле-шала екінші сапарға шықтық.
Осы мақсатпен Жарма жерінде қолға алған алғашқы іс-шарамыз батыр бабамызға арнап арнайы жиналыс ұйымдастыру, ас беру, әрі жақынғы күндерде бой көтеруге дайындалып жатқан батыр баба кесенесінің орнын белгілеп, көпті ынталандыу істері болды.
2007 жылы 26 мамырда «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының құрамында мен – Жәди Шәкенұлы, Ахмет Тоқтабай, Ақбай Жексенбаев бәріміз Жарма ауданына ат басын тіредік. Өскеменнен бізге қолдау білдіріп Тоқтасын Ерубаев, Қыдырбек Торғаев, Серік Самарханов секілді біраз кісілер келді.
27 мамырда Жарма аудандық мәдениет үйінде батыр бабамызды ұлықтауға арналған жиналыс өтті. Жиналысқа Мұхаметқазы Мұхамедияұлы бастаған зиялы қауым өкілдері, аудан әкімшілігіндегі қызметкерлер, ауыл тұрғындары қатысты. Жәди Шәкенұлы баяндама жасап, Ахмет Тоқтабай, Мұхаметқазы Мұқамедияұлы, Тұрымтай Мүсірбайұлы және аудан әкімінің орынбасары Аманкелді Жамелұлы сөз сөйледі. Жиналыс соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Осыдан кейін Ортабұлақ жерінде жатқан бабамыздың басына құран оқып, болашақ қаланатын ескерткіштің ірге тасының орынын белгілеп, алдағы істерімізге ақ жол ашудың ырымын жасадық. Сати Рахымжанұлы деген іскер азамат өзінің кесене орнатпақшы болған жобасын да көрсетті.
Жарма ауданында батыр баба есімін көтеруге ат салысып жүрген Тұрымтай Мүсірбайұлы, Нұрсейіт Сейітқазыұлы бастаған азаматтар біздің өтіншіміз бойынша арнайы ас ұйымдастырған еді. Көпшіліктің асқа отырған орайында батыр бабамызға арнап аудан имамдары хатым түсірді. Әрі жиналыста сөз кезегін ала алмаған адамдар өз ойларын білдіріп, батыр рухына жақсы лебіздер айтылды.
Біз батыр рухын ардақтауға аз да болса қолғабыс жасаған Мұхаметқазы Мұқамедияұлы, Нұрсейт Сейітқазыұлы, Тоқтасын Ерубаев бастаған біраз кісіге шапан жауып, алғыс хат ұсындық. Соның ішінде осы шараның өтуіне көмек қолын созған – Мәкен қажы Кенжетайқызы, Сати Рахымжанұлы, Қыдыр Рауаянұлы, Бейсен қажы Қанапияұлы, Оралхан Ұзатов, Аманжол Төлеубекұлы, Ерған Қанафия, Нұрбек Мұхаметжанұлы, Нұралла Өзбекұлы секілді кісілердің де аты аталды.
Алдыңғы рет Өскемен жолы бойындағы Василовка деген ауылды батыр баба атына алу талпынысымыз жүзеге аспай қалғандықтан осы ретте сол істі қайта қозғаған едік. Алдыңғы рет құр қол қайтарып, «ұялып отырған» аудан басшылары Георгиевка қалашық орталығындағы орта мектептің біріне батыр атын беруге уағда берді. Оған да тәубе дедік. Кейіннен аудан орталығы емес, сол Василовка ауылы (жаңа аты – Қапай батыр ауылы) орта мектебіне батыр есімін беру жайында шешім шығарды.
Осының бәрі шын мәнінде Ер Жәнібек есімін тани бермейтіндердің көптігін ескеріп, аудан халқына осы топырақта жатқан батыр баба туралы алғашқы сабақ өтуіміз еді. Тіпті шығыс өңірінде жасап жатқан кейбір адамдар Жәнібекті осы жерден жолаушылай өтіп бара жатқанда қайтыс болған деп біледі екен. Біздің бастамамызды қолдауға батына алмағандар сондай дәйексіз әңгімелердің ықпалына ұшыраған көрінеді. Осы реткі ұйымдастарған шараларымыз бен жұрт алдында сөйлеген сөзімізден кейін көпшіліктің санасына батырдың шынайы бейнесі қалыптаса бастады.
Тарихи оқиға ретінде қарағанда бұл жолғы Жарма жерінде жатқан Ер Жәнібек Бердәулетұлының қабірінің басына жүзден аса адам болып дұға бағыштауымыз 1792 жылы қайтыс болып, өлімі екі жыл кешіктіріліп 1794 жылы ғана жария болған батырдың зиратының басына екі ғасырдан (213 жылдан) кейінгі көп әулет болып бас қосуымыз еді.
Ер Жәнібек жайындағы алғашқы кітап
Ер Жәнібек Бердәулетұлының өмірдерегін негіз еткен Шынжаңдағы алғашқы кітап – Шәміс Құмарұлы жазған «Ер Жәнібек» романы болса, Сұлтан Тәукейұлының «Ақыр Жәнібек» тарихи романы Моңғолиядағы алғашқы еңбек еді.
Ал батырдың тұлпарының тұяғының дүбірі қалған, ерлік іздеріне толы, бүгін де сүйегі жатқан қазақ топырағында бұл тақырып жайында арнайы кітап жарық көрмеген болатын.
Осы бостықты толтырған «Ер Жәнібек» атты деректі зерттеулер кітабы Жәди Шәкенұлының құрастыруымен, «Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қоры» жағынан 2008 жылы сәуірде Алматы қаласында жарық көрді. Кітаптың жарық көруіне ұлтжанды кәсіпкер азамат Болат Шәріпұлы демеушілік жасады.
Осы жылдың 16 мамырында ҚР Мемлекеттік орталық мұражайында аталған кітаптың салтанатты тұсау кесері өтті.
Аталған шарада Мәмбет Қойкелді, Тұрсынбек Кәкішев, Нәбижан Мұхаметханұлы секілді ғалымдар құнды пікірлер білдіріп, Ер Жәнібектің бір рудың батыры емес, тұтас қазаққа ортақ тұлға екенін ел есіне салды.
Халықаралық музей күніне орайластырған бұл шараның соңы көңілді кешке ұласты.
«Ер Жәнібек» кітабы Алматы қаласындағы кітапханалар мен зиялы қауым өкілдеріне тегін таратылды. Әрі қор президентінің сапар сәті мен қор қонақтары арқылы Түркия, Қытай, Моңғолия еліндегі ағайындардың қолына да тиді.
Қазақ халқының ерлік шежіресі осылайша тағы бір кітаппен толықты.
Тағы бір Жәнібектің дүниеге келуі
Алматыдағы «Мақсат» компаниясының директоры, қажы Құрманбек Төртбаев Шығыстағы көп күндеріміздің екі реткі сапарында бізді өзінің жип көлігімен арнайы алып шығып, «барамыз, көреміз» деген жердің бәрін аралатты.
Соның бірі Ер Жәнібек Бердәудетұлы жайында құжатты фильм жасауға арналған шығыс сапарымыз еді. Жанымызда камера көтеріп, бар сапарымызды жазып жүрген жас оператор Айдын Мақсатұлы деген азамат бар.
Зайсан – Құрманбек ағамыздың өз ауылы. Менің аталарымның сүйегі де осында жатыр. Одан қалса тәуелсіздік алғаннан кейінгі Ер Жәнібек баба есімін алғаш рет ұлықтап, тұңғыш рет көше атын берген аудан. Сөйтіп, ат басын шекарадағы осы қалаға бұрып, ең әуелі аудандық әкімшіліккке бас сұқтық. Өтінішіміз бойынша аудан әкімі Әнуарбек Мұхтархановтың қабылдауында болдық. Жылы жүзбен қарсы алған әкім Ер Жәнібек есімінің Республикадан қала берді аудан халқына әбден таныс екенін мақтанышпен ауызға алды.
Біз батыр бабамыздың портретін тарту етіп, аудан көлемінде Ер Жәнібек есімін жалғасты ұлықтау жайында өтініш білдірдік.
Әкімнен шыққасын қала ішіндегі батыр баба көшесін кескінге түсірдік.
Зайсандағы жұмыстарымыз ыңғайланған соң, ендігі беталысымызды батыр баба жатқан Жарма жеріне тураладық. Екі ара біраз жер, Зайсаннан шыққанша да күн төбеден ауып қалып еді. Жол-жөнекей батыр жүрген байтақ даланының көрінісін тағы да алдық.
Ендігі жоспар келесі күні ертемен Ер Жәнібек кесенесінде болып соның көріністерін алу еді. Сондықтанда Жарма ауданының орталығы Георгиевкаға түн ортасында барғаннан көрі жол бойындағы ауылдардың бірінен қоналқы табу ыңғайлы көрінді. Осының алдында ғана Өскеменнің Ұлан ауданында тұратын немере інім Тұрымбек Болтайұлына хабарласқанымда: «аға, жүрістеріңізге ыңғайы келіп жатса, жол бойында Қызырбек деген қайынағамның үйі бар, бөтен емес құдаңыз ғой, сол үйді соғып шай ішіп аттаныңыздар. Өзі де сізді іздеп отырған. Ертеңгі күні батырдың кесенесін тұрғызатын болсаңыздар жақыннан жәрдемі де керек болатын шығар» деп еді. Енді сол Қызырбектікін іздеуге тура келді. Түнгі сағат он бірлер шамасы болса да телефон нөмерін тауып, ақыры көрмеген құдамыздың босағасын аттадық. Біздің келгенімізге мәре-сәре болысты. Келіншегі аузы-мұрнынан шығып отырған екі қабат екен. Күні таяу сыңайлы.
Аман-сәлемнен кейінгі әңгімеміз тағы да Жәнекеңе аунады. Қытайдың Қаба ауданынан көшіп келген Қызырбек құдамыз да қолдан келер көмегі болса аямайтынын айтты. Әрі осы маңдағы біраз оралмандарға да сөзінің өтетінін де білдірді. Шаршап келе жатқанымыз себепті жастыққа тез қисайып таңертең ерте тұрдық.
Қызырбектің келіншегі түнімен қыңқылдап шықса керек. Біз жолға бет бұрғанда толғағы келген келіншегін дәрігерге апаруға қамданды. Мен аттанарда әзіл-шыны аралас:
– Біз құт қонақпыз, келіншегіңіз аман-есен бір ұлды болады. Атын Жәнібек қойыңыздар! – дедім. Мүмкін Алла аузыма салған шығар. Қобалжыған көңілдері азда болса орнына түскен жас жұбайлар көңілденіп «әмин!» десті.
Біз аттанып кеттік. Бірнеше күннен кейін Қызырбек телефон шалды:
– Шүйінші, сіздің айтуыңыз бойынша келіншегім аман-есен босанып шекесі торсықтай бір ұл тапты. Атын Жәнібек қойдық, – дейді.
Менің де көңілім толқыды:
– Бауы берік болсын, әуелі Алла, сосын батыр рухы дем берсін, бақыт тілейміз! – дедім.
Ер Жәнібек батырдың атақ даңқы шығып, ел мен жерге қорған болған әпсанасы қазақ даласына қалай тараса, талай ата-ана ұрпағына да батырдың есімін беріп соның рухын тілеп келді. Біз білмейтін мыңдаған, жүздеген Жәнібектер бар шығар. Ал менің куә болғаным – бабасы жатқан топыраққа кіндік қаны тамған осы сәби. «Бұл да ел мен жері үшін аянбай еңбек ететін айтулы азамат болса екен деймін!» іштей күбірлеп.
Қазақ деген ырымшыл халықпыз ғой. Тағы бір Жәнібектің дүниеге келуін жақсылыққа жорыдым.
Осы сапарымызда жол-жөнекей Қадыр Мырзалиев, Несіпбек Айтұлы ағаларымызбен бұйрықша кездесіп, суретке түстік.
Қанат Сүлейменовтың қанаттандыруы
Халқының батыры Ер Жәнібекті еліне қайта табыстауымыз сәтті қадаммен жүріп жатса да ендігі үлкен мәселе батыр бабамыздың басына көрнекті кесене қою еді.
Бұл мәселе де арманымыз көп, дәрменіміз аз болды. Қор төңірегіндегі азаматтардың көмегімен жиналған қаржының көбі кеңсе жалақысы мен ұйымдастырылған іс-шаралардан аспады. Қалай болғанда да елміз ғой деген намыспен нар тәуекелге бел буып, Кенжебай Жарқайұлы ұсынған нұсқаның қаржы көлемі біздің іс жүзіндік жағдайымызға үйлеседі деп шешкен едік.
Сөйтіп, 2008 жылы бұл жұмысты қалайда қолға алу қамына кіріскенбіз. Деседе, кесененің немесе кесенемен қатар бой көтеруге тиісті ескерткіштің жайы жатсақ-тұрсақ жанымызды мазалай беретін.
Сондай күндердің бірінде, кешкісін жастыққа басым тиер-тиместе телефоным шырылдады. Көтерсем, қорға көмек қолын созудан шаршамай жүрген ұлтшыл азамат Айбын Әубәкірұлы екен:
– Жәке, біздің «Шаған» ресторанға тез келе қаласың ба. Өзіңмен кездессек деп бірнеше жігіттер іздеп отыр, – дегенді айтты.
Мен маұлдық білдіріп тізгін ұшында жеттім.
Іздеп келгендер Қанат, Мұхтар, Әнуар сынды үш азамат екен.
Аман-сәлеммен басталған таныстықтан кейін әңгімеміз жарасып шүйіркелесе кеттік. Мұхтардың таныстыруымен Дәулет Тұрлыхановқа іні болып жүрген белгілі спорт шебері, ат баптау өнерінің де үздігі Қанат бауырымыз әдептен озғысы келмей кішірейе сөйледі. Өз ойларын қысқа қайырып:
– 2006 жылы күзде Шұбартау жерінде Шақантай батырға ас берілді. Сол аста әкем Серікқазының жыр мүшайрасына тіккен темір тұлпары ақын Несіпбек Айтұлына бұйырды. Ақын ағамызбен сырласа келе ол кісі бізге Ер Жәнібек батырдың мүрдесі Жарманың Қалбатау өңірінде елеусіз жатқанын айтты. Қолымызға «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ер Жәнібек есімі неге елеусіз?» деген мақаласын да ұсынды. Әкем әрі толқып, әрі қуанып: «Расында біз батыр бабаның қайда жатқанын білмей келіп едік. Мынауың жақсы болды, батырдың қабірі елеусіз жатса, біз оны шамамыз келсе көтереміз, көрнекті белгі қоямыз», – деп рухтанды.
Сөйтіп, Шақантай асынан үлкен әсермен қайттық. Жай ғана емес, Аламан бәйгеден атымыз бірінші келіп, олжалы болдық. Әкем осының бәрін жақсылыққа ырымдап, Ер Жәнібек бабамыздың басына ескерткіш-белгі орнатуды ойластыра бастап еді. Өкінішке орай, 2007 жылдың 8 сәуірінде ол кісі күтпеген жерден көз жұмды.
Әкемнің тірі кезінде көп аманаттап кеткен сөзінің бірі Ер Жәнібек батырдың басына кесене орнату еді. Енді, міне, сіздердің қор құрып ескеткіш қоюға талпынып жатқандарыңызды естіп, тіпті де шабыттанып отырмын. Дегенменде батыр жайында аса көп жазба материялдар қолымызға түспей жүр. Шынжаң жағында Асқар Татанайұлы деген кісінің кітабын тапқанбыз. Ол арабша, танымаймыз. Ең әуелі батыр жайында жазылған кітаптар бар ма? – соны білейік деп едік. Екіншіден сіздер рұқсаттап ақ баталарыңызды берсеңіздер батыр бабамыздың басына кесене, ескеркіш қоюды өз мойныма алсам ба деп едім, – дегенді айтты.
Қатты толқыдым, көзіме жас келді. «Алла көктен сұрағанымызды жерден берген екен ғой» деп жігіттерге батыр баба жайында қазірге дейінгі жазылған еңбектер мен істелген жұмыстар жайында ұзақ баяндадым. Әрі өзім құрастырған «Ер Жәнібек» кітабын сыйладым.
– Айналайын, Қанат жан, саған рұқсат түгілі алғыстан басқа айтарымыз жоқ, Алла ісіңе сәттілік сыйласын. Қолымыздан келсе қасыңнан табылып қабырғаңа сүйеу болуға бармыз! – деп тебірендім. Айбын да ерекше қуанып, өз көңіл күйін сүйсіне ақтарды.
Әңгімеміз түннің бір уағына дейін жалғасты. Алғашқы кездескен таныстығымыздың естелігі ретінде суретке түстік.
Әрі Айбынның ұсынысымен бірнеше күннен кейін осы ресторанла басқа да ағаларымызбен бірге көп болып тағы бір мәрте бас қосуға келістік.
Осы уағда бойынша Тұрсынбек Кәкішев ағамызды араға алып, аз күннен кейін Айбынның қонағы болдық. Олар кесене мен ескерткішке қатысты өз жобаларын ала келді. Ескерткіштің мүсіншісі Жаннұр Әлімбаев болса, сәулетшісі Шаймұрат Өтепбаев екен. Қанаттың таныстыруына қарағанда батырдың қос бөріні қасына алып жаяу тұруы – Абылайға атын түсіп беріп, жауына қасқая қарсы қарап тұрған жас кезін бейнелесе керек. Біздің тарапымыздан бөтен пікір болған жоқ.
Әңгімеміз жалғасып, ендігі мәселе бабамызға Алматы қаласында арнайы ас ұйымдастырып төрт қара көз түгел отырғанда қалың қауым алдында сендерге рұқсатымызда да батамызды да берейік деп келісу болды.
Дегенменде, Ер Жәнібек есімін көтеру шарамызға достық ниетпенде, ағайын арасының сынымен де қарайтындардың көптігін ескеріп, Қанаттың бастамасын қазірше құпия ұстап, астың соңында ғана тосын сый ретінде көрсетуді жөн санадық.
Айбын Әубәкірұлы батыр бабамыздың суретін көптеп шығарып-тарату, қорға кеңсе беру, ас өткізу секілді істерімізді бастан-ақыр қолдаушының бірі және бірегейі еді. Бұл жолғы ас қимылын ұйымдастыруға да көлдей көмек жасады.
Алматы қаласындағы Райымбек даңғылының бойындағы «Шаған» ресторанында көпшілік болып бас қосып, іс-шарамызды құран хатыммен бастадық.
Бас қосуға Қанаттың шұғыл жұмысы шығып қалғандықтан өкілі болып Мұхтар мен Әнуар қатысты. Кесененің жобасын да ала келді.
Ер Жәнібек батыр жайында әркім әр түрлі пікірлер білдіріп жатқанда астың соңын ала ортаға Мұхтар мен Әнуарды шақырдық. Олар алдыға шығып, өз ойларын білдіріп, батырға арналған ескерткіштің алғашқы жобасын көрсеткенде бүкіл қауым қуаныштан толқып кетті. Көздеріне жас алғандар да болды.
Бас қосудың тағы бір жаңалығы – Базарбек Атығайдың Ер Жәнібек атына көше берілгендігі жайындағы Алматы қаласы әкімінің шешімін көпшілікке оқып беруі болды.
Сөйтіп, біз көптің алдында оларға ақ батамызды арнап, көтерер туымыздың ортақ Ер Жәнібек екенін айтысып, ерленіп шықтық. Бас қосудың бәрі естелікке алынды.
Батырдың басына ескеркіш қоюға байланысты ШҚО-дан шығатын «Ертіс өңірі» газетінің тілшісіне берген бір сұхбатында Қ.Сүлейменов осы жайларды еске алып: «Жалпы, біз іске кіріскенге дейін «Ер Жәнібек қоры» басқа да ұжымдық жұмыстар, батыр төңірегінде әдеби-ғылыми жұмыстар жүргізіп келген екен, жалғасып та жатыр. Бірақ, батырдың басына ескерткіш орнату үлкен қаражатты талап етеді ғой. Сондықтан, Ер Жәнібек ескерткішін орнатуға қатысты бүкіл шаруаны тұтасымен көтеріп алуыма тура келді. Ер Жәнібек төңірегінде жұмыс істеп жүрген ел ағаларының, басқа да азаматтардың алдарынан өтіп, оларды өзімнің арнайы жобаммен таныстырдым» дегенді айтады.
Осылайша Қанат Сүлейменов есімі ерліктің жалғасы іспетті баршамыздың бойымызға мол күш-қуат сыйлап, қанаттандырып тастады. «Азамат болсаң Қанаттай бол!» десті үлкендер.
Жармадағы екінші ас және ескерткіштің ірге тасын қалау
Қанаттың бастамасын естіген бар ағайын қуанды. Қор құрылтайшысы Айбын Әубәкірұлы Қытайдағы күндерінде Қанатты Үрімжі қаласындағы ағайындармен арнайы таныстырды.
Жеңіс Түркияұлының ұйымдастыруымен Шәміс Құмарұлы бастаған ағалар ат салысып, Жеңіс Қалиязымұлы қытайдан құйылып әкелінетін батыр тұлғасына қатысты қаржы топтап көп көмек көрсетті. Аталған азаматтардың жұмыла жүгіруінің арқасында құйылатын мүсінді қадағалау, оны шекарадан аман-есен өткізу сынды әлегі мол шаруалар әйтеуір сәтімен орындалды.
Жеңіс Қалиязымұлының азаматтығына дән риза болған Тұрсынбек Кәкішев бастаған ағаларымыз оның Алматыға келген орайында арнайы алғыс хат ұсынып, ақ батасын берді.
Ер Жәнібек батырдың басына көрнекті кесене, ескерткіш қою оның есімін ұлықтауға ұмтылған халқының ұзақтан күткені еді. Ақыры ол күнде жақындады. Осы орайда Қанат екеуіміз талай мәрте кездесіп, алдағы өтетін іс-шаралар жайын ақылдасып отырдық.
Соның алғашқысы ескерткіштің ірге тасын қалау байланысымен Жарма жеріндегі батыр бабамыздың басына жиналып ас беруіміз болды.
Қанаттың барлық керекті құрылыс материялдарын бабамыз жатқан топыраққа жеткізуіне байланысты Алматыдан арнайы жолға шықтық. Бізден бұрын жеткен Әнуар бастаған азаматтар бір киіз үй тіккен екен. Біз бір киіз үй дайындадық.
Сөйтіп, 2008 жылдың тамызында «Ер Жәнібек халықарлық қоғамдық қорының» ұйымдастыруымен батырға арнап шағын ас беріліп, құран бағышталды. Асқа Астана, Алматы, Өскемен қалаларынан – ШҚО көші-қон департаментінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша комитетінің бастығы Дүйсенбай Селиханов, ақын Несіпбек Айтұлы, тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлы сынды сыйлы қонақтар келіп, аты-затына сай салынып жатқан алып ескерткіштің жобасына ризалықтарын білдірісті. Қонақтарға «Ер Жәнібек» кітабы сыйға таратылды.
Бұл бас қосуымыз Жарма жеріндегі екінші ас болып, дүниеден өткеніне 216 жыл өткен батыр бабамыздың басына орнағалы жатқан жаңа кесене-ескерткіштің ірге тасын қалап, құрылыс жұмысын бастауға арналып еді.
Жас та болса, бас болып, істелер істің бәрін ың-жыңсыз атқарып жатқан Қанат Сүлейменов бауырымздың арқасында кешенді жұмыс өзінің көздеген бағыты бойынша жалғасын тапты.
«Кемедегінің тілеуі бір», «баласы атқа мінсе анасы тақымын қысады» деген мақал-мәтелді тудырған халықтың ұрпағы болуымызға байланысты батыр баба есімін ұлықтауда ешкім де атақ-абырой жинау үшін емес, ел мен жері үшін қан төккен ерлерін ұлықтап, рухын ұрпағына сыйлау үшін жүгіреді ғой. Сондықтан да бойында қазақы қаны бар адамдардың қай-қайсысының болмасын осы ізгі бастамаға алғыстан басқа айтары жоқ еді.
Ер есімі – ел мерейі
«Ер өзі үшін туып, елі үшін өледі» деген. Сондай баһадүрдің бірі Ер Жәнібек Бердәулетұлы болса да қазақ сынды қарт халық өзінің Кеңестік зұлмат дәуірінде сондай талай оғландарын жоғалтып алған болатын. Ұрпақтарының қытай асып кетуіне байланысты батыр есімі де аздап қана ауызға алынып, елім деп еміренген талай пенденің жан жарасын сыздатып келген еді. Алланың ұзағынан берген тартуы – тәуелсіздігіміздің арқасында өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді. Ошағымыз үрленіп, жыртығымыз бүтінделді. Қазақ елі айдай әлемге қайта танылды.
Осындай елдік пен ерліктің асқақ тұлғасындай Ер Жәнібек батырдың басына қойылған бұлт тірерлік биік ескерткіш бір жағы орыс, бір жағы қытай болған тоғыз жолдың торабына ерекше айбатпен орнады.
2009 жылдың 23 қыркүйегіндегі салтанаттты да сәлиқалы күннің қуанышын бүкіл қауым болып атау бақыты баршамызға бұйырды.
«Көп түкірсе көл болады», «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей бүгіндері Семей қаласының әкімі болып қызмет атқарып отырған Айбек Кәрімовтай пысық жігіттердің арқасында үйлер қаз-қатар тігіліп, ас көлемінде өтетін бәйге, балуан секілді қимылдардың бәрі де ойдағыдай орналастырылды.
Салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов, профессор Тұрсынбек Кәкішев сынды қазақтың көптеген қайраткерлері келді. Мен ол кезде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында жұмыс атқаратынмын. Осы орайда қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев менің ұсынысымды жерге тастамай, аталған шараға арнайы қатысты. Ескерткіштің ашылу сөзіне орай кезегі келгенде Әз ағаң белгісіз бір сырды бүккендей:
– Ер Жәнібек бабамыздың есімін ардақтауға қатысты жұмыспен бұдан бұрын да Жарма жерінде болғанмын. Жақсы жауап ести алмаған соң бұл жерге екінші келем бе, келмеймін бе деп ойлап жүруші едім. Ақыры, міне, арманымыз орындалып батыр бабамыздың ескеркіші бой көтеріп жатыр. Қуаныш ұзағынан сүйіндірсін! – деген мазмұнда жұмбақтай сөйлеп еді.
Ә.Нұршайықовтың бұл сөзінің мәнін біреу білді, біреу білмеді. Мұнысы біздің шығыс жеріне жасаған алғашқы сапарымызда обылыс әкімі Жәнібек Кәрібжановқа білдірген өтініштеріміздің орындалмағанына білдірген ішкі реніші еді.
Десе де «ештен кеш жақсы». Қанат Сүлейменов сынды азаматтың нар тәуекелге бел байлауы мен халқының ақ тілегі осы бір абыройлы жұмысты аяғына дейін жеткізді. Әуелі Семей қаласында Ер Жәнібек рухына арналған «Қазақ халқының жауынгерлік дәстүрі және ұлттық құндылықтарды қалыптастыру» атты ғылыми конференция өтті. Онан соң батыр бабаның ескеркіші ашылып, соңы асқа арналған ат бәйге, балуан сынды дүбірлі додаға ұласты.
Аталған шара ақпарат көздері арқылы төңіректің төрт бұрышына хабарланды.
Кеше ғана Ер Жәнібектің аты аталғанда оған аса елеңдеп кетпейтін ел енді өзіне қорған болған нар тұлғасымен қайта қауышқанына марқайып, аңыз бен ақиқат арасындағы батыр есімі Алтай мен Арқа, Ертіс пен Кәспи арасында қайта дүбірледі.
Ерлік рухтың егей үлгісі, елін, жерін қорғаудың атойшыл өнегесі енді ұрпағының көмейінде ұранды жыр болып, елінің мерейіне айналды. Қазақ халқының жоңғарларға қарсы соғыс дәуіріндегі атақты батыры Ер Жәнібек Бердәулетұлы тарих сахнасына қайта көтерілді.
2014 жылы Ер Жәнібек Бердәулетұлының 300 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өтті. «Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қорының» менен кейінгі президенттері Мақсұт Темірбаев, Жеңіс Түркияұлы сынды азаматтардың жетекшілігімен көптеген іс-шаралар атқарылды. Батыр рухына арналған том-том кітаптар жарық көрді. Сол кітаптар қатарында менің «Жәнібек батыр» кітабым (2013 жыыл) және Н.Түсіпханұлы екеуіміз құрастырған «Ел ұраны – Ер Жәнібек» кітабы (2014 жылы) жарық көрді.
Енді артқа қайрылсақ, соның бәрі тарих болып таңбаланып қалған екен. Пәниден бақиға көшкен ағаларымызда тек қана аңыздың кейіпкері сияқты.
Осылайша, уақыт атты төреші қазақ деген халық барда енді оның асыл туған бегзат ұлдарын тарихтың тас тұғырынан ешкімнің де тайдыра алмайтындығын тағы бір мәрте дәлелдеп еді.
Жәди Шәкенұлы
Жазушы,
академик