«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

https://adyrna.kz/post/57069?preview_id=57069&preview_nonce=0b571d6dac&post_format=standard&_thumbnail_id=57071&preview=true

 

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаның назарына!

«Қазақстандағы 20 жыл: 5 жыл университетте оқыдым, 10 жыл Ас-Ай-ға қызмет еттім, 5 жыл Ас-Аймен соттастым. Ас-Ай мені ақыры 8 жылға соттап, одан ақталып шығып отырсам, міне, тағы да сот…» Салтанаттың фейсбук парақшасындағы осылай деп айтқаны бірнеше оқырмандарын толқытқан еді.

   ” Бас прокурор отставкаға кет!” – деді адвокат Айман ханым

Біраз жылдан бері әлеуметтік желілерде Салтанат Кусманкызының жаламен нақақтан 8 жылға  сотталғанына дүйім қазақ куә болған еді. 2019 жылы 9 ай уақытша изоляторға тоғытылған Салтанатты, кейіннен апелляциялық шағым түсіріп, 2020 жылы наурыздың 31-күні 419-шы баптың 2-ші тармағы бойынша ақталып шыққан болатын. Қусманкызы Салтанаттың адвокаты елімізге белгілі Айман Омарова және «Атажұрт» еріктілері, Серікжан Біләш бастаған бірнеше топ осы күнгі сотқа арнайы қатысқан болатын. Сөйтіп, Салтанатты ҚК-нің 254-ші бап бойынша қайта саралап, яғни, «өзінің қызметіне салғырт қарады» деп 2 жылға шартты түрдегі жазалауға ауыстырылды.

Алайда, 2020 жылдың 10 желтоқсаны күні Салтанат Кусманкызына ҚР бас прокуратурасынан мынадай мазмұндағы хат келіп түсті. «Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 31.03.2019 жылғы Салтанат Қусманкызына қатысты шығарылған қаулысы мен ақтау үкімінің күштерін жойып, Алматы қаласы, Бостандық аудандық  №2 сотының 12.07.2019 жылғы үкімін күшінде қалдыруды сұраймын», – депті. Сонымен бірге ҚР Жоғарғы сотынан қаңтардың 5-күнінде онлайн арқылы сот болатынын мәлімдепті. Бас прокуратурадан келген бұл хаттың хабары барша әлеуметтік желіні қолданушыларды, онан қалса ел-жұртты түгел елең еткізгендей болды.

Неге? Әлеуметтік желідегілер Салтанаттың 5 жыл бойы «Ас-Ай» ЛТД қытай компаниясымен соттасып жүргенде қант диабеті ауруына шалдыққаны, фейсбукте Салтанаттың парақшасында ауыр халде Қалқаман шағын ауданы №7 ауруханасына жеткізілген видеосының жарияланғанын және де қызына нақақтан жала жабылған соң, осының кесірінен әкесінің құсадан бақилық болғандығын айтып жатты. Неде болса Салтанат Құсыманқызына Алла сабыр берсін деген жұртшылық  – «Неліктен қытай компаниясының қазіргі басшысы қытай азаматшасы Чжанг Вэй Салтанатқа жала жауып отыр. Чжан Вэйдің мақсаты не?» деген заңды сауалдарын қояды.

Осы жағдайларға байланысты желтоқсанның 30-ы күні тікелей эфирге шыққан адвокат Айман Омарова: «Біздің бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов Жоғарғы сотқа не себепті наразылық білдіреді. Неліктен Салтанаттың 7 ай бойы үш судьяның қараған сотын «дұрыс емеске» шығарып, бірден жоғарғы сотқа өзінің наразылығын жеткізіп отыр. Прокурор бұл наразылықты Салтанат Кусманкызының адвокаты болған маған да ескертпеген. Біздің білуімізше бас прокурор ешқашан жоғарғы сотқа наразылық түсірмейді. Бұл жерде шикілік көп. Ал прокурор Нұрдәулетов мұны 2021 жылдың бірінші жұмыс күніне, яғни, қаңтардың 5-ші күніне қойыпты! Бұл жерде прокурордың кассациялық сотқа беру себебінде бір сенім бар! Осы істі қайта ұйымдастыруға тамыр-таныстары, сыбайластары бар деп ойлаймын. Себебі, Кусманкызы Салтанатқа таққан айыптарын зерделей қарасақ, осы күнге дейін артқы күндермен жасалған жалған қағаздарға, кассациялық ордерге Салтанатты алдап қол қойдырған алаяқтардың ісі неге тексеруге алынбайды?

Ол қағазда 77 млн. 400 мың теңге тұр дейді. Ал бухгалтерияда мұндай ақшалар болмаған. Чжанг Вэй ақшасын доллар күйінше үйінде сақтаған. Бір айта кетерлік жәйт – осы қытайлықтар мәселесіне келгенде біздің прокуратура ылғи заңға қайшы әрекет жасап отырады. Осы жерде қытай және қазақ бизнесі «Ас-Ай» ЛТД компаниясындағы осынау былықтарды прокурор неге қорғап отыр? Кусманкызының сотын прокурор 5- қаңтарға қоюы да тек емес. Өйткені, алдағы 10-шы қаңтарда сайлау болмақшы. Егер Кусманкызының соты дәл 5-ші қаңтарға қойылатын болса бұған халық қарсы болатынын бас прокурор неге білмейді? Әлде халықтың билікке наразылығын тағы да бастасын деп отыр ма? Әрине, біз заңсыздыққа бармаймыз. Бірақ бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтың бұл жердегі кассациялық сот процесі орындалуы мүмкін.

Егер прокурордың бұған сенімі болмаса мұндай қадамға бармас еді. Бұл жерде бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов қытай компаниясындағы заңсыз әрекеттерді жақтап отыр! Бас прокурор отставкаға кет!»,-дейді Айман Омарова ханым. Сондай-ақ, бүгінгі тікелей эфирге қатысқан «Атажұрт» еріктілерінің бірі Ербол Дәулетханұлы прокуратураға тиесілі тағы бір жәйтті айта кетті. Ербол Дәулетханұлы: – «2015 жылы 2-ші қаңтарда Асқар Жакулиннің үйінде болған ұрлықты прокуратура неге тексеруге алғызбайды?! Неліктен Жакулиннің үйінде болған ұрлық ісі қозғалмай жабық күйінше қалды?! Алматы қалалық сотының Кусманкызына шығарған әділетті үкімін бас прокурор неге бұзып отыр? Мұның соңында не тұр? Бас прокурордың әділетсіздікті жақтауы – ұлтымыздың болашағына балта шабу деп білеміз! Әділетсіздікті жақтау – бұл қылмыс!» деген уәждерін айтты.

Әпкесі Бағдат Кусманқызы 2020 наурыз айындағы аппелияциялық сотынан кейінгі берген мәлімдемесінде мынадай бір шындықты айтқан еді: «Асқар Жакулин Салтанатты қарындасы ретінде сыйлады, Салтанат болса Асқар Жакулинді аға тұтып жүрген. Салтанат олармен араласа жүріп компанияның қалай жұмыс атқаратынын біледі. Асқар Жакулин қайтыс болған соң Чжанг Вэй Салтанаттың үстінен арыз жаза бастады. Себебі, Чжанг Вэйдің компаниядағылардан жасыратын дүниелерінің барлығын Салтанат біледі, – дегенді айтса, Салтанаттың қорғаушысы Айман Омарова: –  «2015 жылдың 2- қаңтарында ақша ұрланатын кезде есікті Салтанаттың кілтімен ашылмағандығын сот экспертизасы анықтап отыр. Кілт дубликат немесе кілтті қолданушы ұрлықшының таңдап, талдап отырып ашқан кілті, немесе көптеген уақыт қолданылмаған үй иесінің өзінің кілті.

Ал Салтанаттың қолындағы  кілтпен ол үйдің есігінің ашылмағандығын сараптамада айтып отыр. Сосын Чжанг Вэй ақшасының жоғалғаны жайлы қылмысты не үшін бір жылдан бері қозғамай, Асқар Жакулин қайтыс болған соң екі айдан кейін өзін «Ас-Ай» компаниясының директорымын дей отырып сотқа арыз берген. Заң бойынша екі айдың ішінде Чжанг Вэй «Ас-Ай»-дың ресми түрде директоры болған емес. Бұған Чжанг Вэй сотқа нақты жауап айта алған жоқ. Чжанг Вэйдің өзі сотқа жалған мәліметтер беріп отыр. Арызда Салтанат Кусманкызын еш дәлелсіз айыптап отыр. Себебі, компанияның қазіргі басшысы Чжанг Вэй салық төлеуден жалтарғысы келетін ниеті бар», – дегенді айтады.

 Куәгерден күдіктіге айналдым!

Салтанат Кусманкызы: “Мен 2005 жылы наурыз айында, Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық университетінің күндізгі оқу бөлімінің, «Технологиялық үрдістер мен өндірістерді автоматтандыру» мамандығы бойынша 5 курста дипломдық жұмысқа дайындалып жатқан кезде «Компания Ас-Ай ЛТД» және «МинметалсКазахстан» ЖШС-не компания директоры – Жакулин Асқардың жұбайы Чжанг Вэйге көмекші болып орналастым.  Мені жұмысқа Асқар Жакулин қабылдады. Ешқандай ресми құжаттар толтырылған жоқ,  тек қана ауызша келісім бойынша жұмыс істей бердім. Бірақ 2006-2007 жылдары «Ас-ай» компаниясының директор орынбасары қызметіндегі Шакреева Мархабат мені – «Ас-Ай» ЛТД және «Минметалс Казахстан» ЖШС-не   штатқа «экономист» ретінде ресми түрде тағайындады. Сөйтіп, менімен еңбек келісім шарты және материалдық жауапкершілік туралы келісімшарт жасады. Бұл келісімшарттың бәрі де орыс тілінде жазылады. Ал мен Асқар Жакулинге сеніп еш ойланбастан қол қойып жүрдім.

Және де менің жұмысым қаржыға, экономикаға еш қатысы жоқ болды, «экономист» қызметі бойынша ешқашан жұмыс жасаған емеспін. Маған тек Чжанг Вэйдің күнделікті қарапайым тапсырмаларын орындау міндеті ғана жүктелді. Мен техникалардың қытай тіліндегі паспорт, сертификат сияқты құжаттарды аударма агенттігіне апарып аударма жасатамын және кеңсеге керекті заттарды сатып әкеліп жүрдім. Ал Чжанг Вэй Қытай Халық республикасының азаматшасы және Ас-Ай компаниясында ресми түрде ешқандай қызмет атқарған жоқ. Штатта болмаса да, ҚХР-мен байланыс бойынша компанияға түскен қаржыларды тек өзі қадағалап отыратын. Бұл компания ірі техникалармен  және қосалқы бөлшектерді сатумен айналысады. Мен доллармен түскен ақшаны Асқар Жакулин мен Чжанг Вэй айтқандай өздерінің пәтерінде жинап жүремін. Чжанг Вэй жасырын журналға үйдегі жиналған ақшаны растап қол қойып береді.

Сонымен, соңғы рет, 2014 жылғы қараша айында келіп, Чжанг Вей ақшаларын қабылдап алып, журнал бойынша салыстырып, барлығы дұрыс деп, желтоқсан айының басында, маған үйдің кілттерін беріп, ақшаны бұрынғыдай жинай бер деп тапсырып, өздері тағы да Жапонияға кетіп қалды.

Кетер алдында, Чжанг Вей маған 16 297 000 теңге ақша қалдырып, оның 10 000 000 «Минметалс Казахстан» ЖШС-нің есеп шотына банк арқылы сал, 1 195 620 теңгені логистик Дастанға ресми емес түрде, жасырын журналға қол қойдырып бер деп, қалғанын қайда қалай жұмсау керектігі туралы нұсқауларын беріп қалдырып кетті.

10 000 000 теңгені мен банктің жұмыстарына жауапты бухгалтер Гулзираға немесе Нурманбаева Шамшаға, Дәулетханқызы Мөлдір арқылы беріп жібердім. Ол кейін, осы сумманы банк арқылы ЖШС-ің шотына салғаны туралы құжаттың көшірмесін әкеліп берді.

Осы желтоқсан айында спецтехникалар, қосалқы бөлшектер сатылудан, жалпы 510 350 АҚШ доллары, және арендаға берілген ғимараттардың ақысы ретінде, қосалқы бөлшектердің сатылуынан түскен, және ЖШС «NUR Сервис Бек», ИП Тохтахунов Б.М, ИП Нурекенов Т.С., ИП Асемов К. –лерден обналичка үшін түскен шамамен 211 183 351 теңгемен ақшалар болды.

510 350 АҚШ долларының 149 800 долларын Ниатбаев Серік үшке бөліп Мөлдірге әкеліп берген. Осы ақшаны «Ас-Ай»-дың Қытайдың Үрімші қаласындағы филиалы Синомаш компаниясының бухгалтері арқылы Түркияға және Германияға жібереліп отырады. Ол бұл ақшаларды қайдан алып жүргенін, не үшін Чжанг Вейге әкеліп берген себептерін мен білмеймін. Бұрын Жакулин мен Чжанг Вей екеуі жұмыста жүрген кезде де әкеліп беріп жүрген. Қалған 360 550 АҚШ доллары спецтехникаларды сатқаннан түскен ақшалар. Осы жалпы 510 350 АҚШ долларының 76 550 доллары әртүрлі мақсатта, доллар күйінде жұмсалды. 23 900 АҚШ долларын мен Бауыржан, Бағлан, Айман, Айгерім, Фарида  және тағы басқа техника сатқан менеджерлерге «бонус» ретінде таратып бердім.

27 150 АҚШ долларын логистик Дастанға, кедендегі шығындары үшін бердім. Алматыға контейнермен келген қосалқы бөлшектерге, караларға, шиналарға растоможка жасау үшін 5500 доларды  Әсем және Әлібек деген логистиктерге берілді. Тағыда 7000 долларды, HOWO деген Қытай компаниясының өкілі Zhang Gun деген адамға бердік. 1000 доларды Қытайдан қосалқы бөлшектер тасымалдау үшін жалданған жүк машинасының ақысы ретінде Иминов Радж деген жүргізушіге бердік. 2000 долларды Қытайдың башенный кранный механигіне айлық ретінде берілді.

10 000 АҚШ долларын теңгеге айырбастап, ұстап отырдық (доллар курсы сол кезде 182,65).

Сонымен, қалған 430 000 АҚШ долларын Чжан Вейға, ол келген кезде тапсыру үшін өздерінің пәтеріндегі гардероб бөлмесінде сақтап қойдым.

211 183 351 теңгенің – мөлшері 180 000 000 теңгесі «Минметалс Казахстан» ЖШС-нің БТА дағы есеп шотына салынды. Қалғандары әртүрлі қажеттерге жұмсалды. Қажет болған жағдайда, қайда, қандай мақсатта жұмсалғанын айтып бере аламын.

Бұл жерде мен көрсетіп берген ақшалардың кіріс-шығыстары ешқандай ресми құжат толтырусыз жасалды. Осындай қаржылық жасырын операциялар мен жұмыс жасаған кезде болып жүрді.

Мен тек қана бір – желтоқсан айындағы жағдайды айту себебім, осы айдағы жасырын журналдың көшірмесі менде қалып қойған. Сол себепті нақты дәлелім бар жағдайлар бойынша айтып отырмын.

22.12.2014 жылы мен Чжанг Вэйге WeChat әлеуметтік желісі арқылы казірге дейін жиналған ақшаның 157 300 АКШ доллары болғанын айттым және «оны АҚШ доллары күйінде сақтау керек пе әлде теңгеге ауыстырып компанияның банк есепшотына салу керек па» деп сұрағанда, ол кісі «сол күйінде қалдыра бер» деді. Сол күні кеште ол кісілердің бала күтушісі Мухамадиева Назым  екі баланы (Айдана мен Айқұт) алып ҚХР-ге кетті, ертесі күні үй жұмысшысы Мусалиева Жанар да жаңа жылдық демалысқа Кентауға ауылына кетті. Сонымен ол пәтерде менімен сіңлім екеуміз қалдық. Олардың пәтері Сәтбаев көшесіндегі жаңадан салынған ғимараттардың ішінде еді. Бұл үйде бейнебақылау, күзет бар. Сырты қоршалған үйлерге кім көрінгенді кіргізбейді. Ол үйге кірген адамның барлығының тізімін жасап отыратын вахтада арнайы кісілер де бар. Осыны ескеріп, Чжанг Вэйдің өзі маған: «Мұндағы пәтерлердің бәрі күзетпен, бейнебақылаумен қамтылған. Сен еш алаңдамай осында тұра берсең де болады. Біз тек жанымыздағы адамдардан ғана сақ болуымыз керек» дегенді айтып кеткені барды.

430 000 доллардың ұрланғанын себепсіз жауып қойғанына не себеп…?

Сонымен, мен 31- күні әкемнің жағдайын біліп қайтайын деп сіңлім екеуміз кеттік де, содан 2015 жылдың 2- қаңтарында түс қайта сағат 18-дерде келдім бұл үйге. Келсем үйде теледидар қосулы тұр екен. Мен кетерде бұл үйдің есік терезесін түгел тексеріп кеткен едім.  Мен теледидардың қосулы тұрғаны көргенде маған үрей туды. Бірден жатын бөлмедегі кілтпен ашып гардеробты аштым. Қарасам мен жинап жүрген долларлар жоқ! 43 пәшкеден тұратын 430 000 доллардың салынған қораптардың бәрі де бос тұр. Ал басқа бөлмелерге еш зақым болмағанын, үйдің есік терезелері де еш бүлінбегенін байқадым. Дереу директордың орынбасары Шакреева Мархабатқа хабарласып ұрлық болғаны жайында айттым, ол кісі жаңа жыл тойлап ауылда жүргендіктен келе алмайтынын және бас бухгалтер Атыраубаева Айнагүлге хабарласып, оны жіберетінін айтты, ал маған бірінші қабатқа түсіп ұрлық болғаны жайында вахтершыға айтуымды және полиция қызметкерлеріне хабарласуымды тапсырды.

Мен бірден бірінші қабатка түсіп вахтершыға айтып, 102 қызыметіне хабарластым. Участкелік полициялар келіп бөлмелерден саусақ іздерін алды, есік терезелерін тексерді. Полициялар тексеріп жатқанда бас бухгалтер  Атыраубаева Айнагүл де үйге келді. Сосын Атыраубаева Айнагүлмен бірге Жакулинге WeChat желісі арқылы видеозвонок жасап, үйде жиналған 430 000 АҚШ доллары ұрланғанын, одан басқа ешнәрсе жоғалмағанын, үйдің ішінде басқа ешқандай заттардың ақтарылмағанын айттым. Жакулин менен сейфтің ашылған ашылмағанын сұрады. Мен сейфтің ашылмағанын айттым. Сосын маған «Чжанг Вэймен сөйлес, ұрланған ақшаның сомасын айт» деді, мен Чжанг Вэйге 430 000$  ұрланғанын айттым.

–   Есік, терезе ашылмаған ба? Үйдің іші қандай көріністе еді?

–   Үй іші қопарылмаған, есік пен терезе ашылмаған. Мен өзім есікті Чжанг Вэй берген кілтпен аштым ғой. Үй іші тап-таза. Ең соңы 31- күні қоқыс салынған шелекті де тазартып кеткем. Мен екі күн бұрын тазалап кеткен шелекте екі келілік ұннан босаған қағаздың сырты жатқан екен. Кілт менен басқа үй қызметшісінде болды. Үй қызметшісі кетерде кілтін маған беріп кеткен. Тағы бірін үйге кіре берістегі дәлізде сувенирдің ішінен бір кілтті полицейлер тексеріп кеткен соң көрдік. Бір кілт сол жерден табылды. Содан соң гардероб жақтағы полкадан карточкасымен тағы бір кілтті тауып алғанбыз. Тауып алынған кілттер пәтердің сыртқы кілттері. Гардеробтың кілтінің маған бір данасын ғана берген. Мен басшылардың тағы басқа кімдерге үйдің кілтін бергенін білмеймін. Ал олар Қытайдан келген сайын мен кілттерін өздеріне беріп жүргенмін.

–  Үйдегі бейнебақылау үйге ұры түскен күнді анықтап бере алмады ма?

–  Біз төменгі этажда отыратын вахтадағы кезекшілердің бәрінен сұрастырсақ, «бейнебақылау орнатылған, бірақ жазбаны сақтамайды» деген жауап алдық! Сөйтіп, олар осы үйге қашан, қандай адамдар келгенін жазып отыратын  журналды көрсеткен. Олар – вахтерлерге көрінбей бөтен адамдардың кіруі мүмкін еместігін, кім келсе де бірінші үй иесіне хабарлайтынын және келушілердің құжатын журналға тіркеп отыратыны айтты. Желтоқсан айының 31-мен 2015 жылдың 2-қаңтар күні аралығында Жакулиннің пәтеріне ешкімнің келмегендігін журналдан көрсетті. Бірақ Асқар Жакулиннің көлік жүргізушісі Есенғалидің айтуынша, паркингке көлікті қойған соң, сол жерден жеделсаты арқылы төртінші қабатқа көтеріліп кетуге болатынын тергеушіге берген жауабында айтқан еді. Ал ол кезде вахтер ол жақтағы адамды көре алмайды.

–  Полицейлер де сол күзетшілердің, вахтадағылардың жауабына қанағат тұтып қоя салғаны ма?

–   Солай деген соң олар да ештеңе деген жоқ.  Сонымен, тергеуші менен түсініктеме алып жатты.Сонда бас бухгалтер Айнагүл Атыраубаева мені балалардың бөлмесі жағына шақырып алып былай дегенді: –  «Сен бұл ақшаны компанияның ақшасы деп айтпа. Мұны бастығымыз Асқар Жакулиннің өзінің үйіне қойып кеткен ақшасы деп айта сал. Мұны бастық өзінің салып жатқан үйінің жөндеу жұмыстарының ақшасы деп айта сал тергеушіге. Біз доллармен ақша қабылдауға болмайды. Компанияға проблема болады» деп нұсқау берді. Мен өзім сол күні ұрлық болған жағдаймен өмірімде бірінші рет кездесіп отырған жайым бар. Өзімнің сол кездегі қандай күйге түскенім өзіме ғана белгілі. Оның үстіне он жылдан бері сол компанияда біздер бастықтар не айтса соны орындап үйренгендігім бар. Сөйтіп, тергеушіге Атыраубаева Айнагүл айтып үйреткендей түсініктеме бердім. Бірақ бұл түсініктемеге туыстарымның бәрі маған ұрысты.

«Бұл ақшалардың барлығы  журналда жазулы тұр ғой. Неге ол бухгалтер Атыраубаева Айнагүлдің айтуы бойынша жазасың» деген соң, ертесіне полицейге барып қайтадан түсініктеме бердім. Ол жерде журналдағы ақшаның бар есебін жазып бердім. Сөйтіп мен бұл жерде тек куәгер ретінде жауап берген едім. Сонымен, тергеу ары қарай «үйге ұры түсті» деген қылмыстық іс бойынша жүргізіле берді. Мен «Ас-Ай» компаниясында жұмысымды жалғастырып жүре бердім. Бірақ басшылар сол күнге дейін декретте болған Камал Түсіпханды шақырып алды. Ал мен күнде таңертеңнен кешкі 6-ға дейін жұмысқа келем. Ешнәрсе істемесем де босқа отырып қайтамын. Ешкім менімен сөйлеспейді, араласпайды. Сөйтіп, бұл тұрғыда маған әбден психологиялық қысым түсті. Бәрін әдейі істеп отырғандығын іштей білемін. 2015 жылғы қаңтар айында, Чжанг Вейдің кассадан тыс ұстап жүрген 430 000 АҚШ доллары ұрлануына байланысты, осы компанияның қызметкерлері, атап айтқанда директордың орынбасары Шакреева Мархабат және Нурманбаева Шамша,  2015 жылғы наурыз айының 16 күні мені Шакрееваның кабинетіне шақырып алып, «Бізге 2014 жылдың жылдық отчетін жабуымыз керек.

Салық орындарынан, қаржы полициясынан тексерулер келеді, бухгалтерлік есепті ретке келтіруіміз керек. Егер тексеру кезінде, ұрланған ақшалардың ресми түрде біздің кассаға кірістелмегенін полиция біліп қойса, бізге жақсы болмайды. Сондықтан расходный ордерлерге сен ақшаларды подотчетқа алдым деп қол қой. Кейін тексерулер аяқталғаннан кейін, бастықтар келгенде бұл шаруаны өздері шешеді» деп айтты. Мен Асқар Жакулинге сеніп қол қойып бердім. Кейіннен, сол шығыс кассалық ордерлер 2014 жылдың желтоқсан айының 18, 19, 22, 23, 24, 27 күндерімен, яғни өткен күндермен жасалған жалған құжаттар екенін түсіндім.

Осы ордерлерге алдап қол қойдырып алғаннан кейін, мені ЖШС-ке  77 400 000 теңгеге қарыз етіп қойып, менен азаматтық сот арқылы сол соманы өндіріп алуды талап етті. Алайда, мен екі серіктестіктің кассасынан ешқандай қаражат алмадым. Осылай мені алдап шығыс кассалық ордерге қол қойдырған болатын.

– Ордерде басшыңыз Асқар Жакулиннің аты жөні болды ма?

– Жоқ, болған жоқ. Біз бұл ордерге сараптама жасатқанда мұның да қолдан жасалған қағаздар екендігін дәлелдеп берді. Біріншіден, Асқар Жакулиннің аты-жөні, сосын қолы болуы керек. Ал бұлар тек өздерінің аты жөндерімен ғана қол қойдырып отыр. Онымен тұрмай, сол жылы май айында мені заңсыз жұмыстан шығарды. Содан 2015 жылдың қазан айынан бастап Алматы қалалық Әуезов ауданының сотынан хат келді. «Сен «Ас-Ай» компаниясынан 77 млн. 400 000 теңге алып, бірақ осы күнге дейін қайтармапсың» деп азаматтық іс қозғады. Сол азаматтық сотта менің мойныма «осы соманы төлейсің» деп іліп қойды. Судья Кудабаев Т. Ә. және прокурор Мекешов Н. сотта тағы да бірқатар заңбұзушылықтар орын алды. Біріншіден, судья екі серіктестікке аудиттік есеп тексеру жасаудан бас тартқызды.

Екіншіден, черная кассаға жасалған экспертиза қорытындысын іс қағазға тікпеді, яғни қарастырмады. Үшіншіден, бірнеше компания клиенттерінің техника сатып алған кезде АҚШ долларымен есептескенін нотариалды түрде растайтын құжаттарды да қарастырмады. Төртіншіден, куәгерлердің түсініктемелерінде көптеген қарама-қайшылықтар бар. Мысалы, шығыс кассалық ордерлерге 77 400 000 теңгені маған берілді деп қол қойған Шакреева М., Атыраубаева А., Нұрманбаева Ш. сотта ол ақшаны кассада болғанын мүлдем жоққа шығарды.

Одан кейін мен қалалық сотқа да шағымдандым. Бірақ олар менің арызымды қанағаттандырған жоқ. Содан соң 2016 жылы ақпанның 2-сі күні Асқар Жакулин қайтыс болды. Ал оның жұбайы Чжанг Вэй осы күнге дейін қытай азаматшасы бола тұра, компанияның ешқандай қызметкері болмаса да, Жакулин қайтыс болғасын бар жоғы 2 айдан кейін өзін «Ас-Ай» компаниясының директорымын деп сотқа «алаяқтық жасады» деп менің үстімнен арыз берді. Чжанг Вэйдің тап қазір «Ас-Айға» директор болатыны заңды емес, Асқар Жакулин қайтыс болған соң 6 айдан кейін ғана «Ас-Айды» басқаруға құқығы бар. Бостандық ауданы тергеушісі Жасұлан Бекбалаев Чжанг Вэйдің заңсыз арызын біле тұра қабылдады. Бірақ мұны біз осы кезге дейін құзырлы органдарға айтқанмен ескеріп жатқан ешкім жоқ. Есесіне, менің үстімнен ұрлық бойынша бір қылмыстық іс, сосын алаяқтық жөнінде тағы да бір қылмыстық іс қозғап отыр. Басында куәгер деп танып, соңынан осылай күдіктіге айналғанымды өзім де білмей қалдым. Менің түсінбейтінім – «Ас-Ай» компаниясындағылардың менің сол ақшаларды ұрлады деген дәлелдері қайда сонда? Тағы бір түсініксіз жәйт –  тергеушілер 2015 жылғы 2-қаңтарда болған пәтердегі 430000 доллардың ұрланғаны жайлы қылмыстық істі 2017 – 18 жылдар аралығында белгісіз себеппен жауып тастады.

Тіпті, «2015 жылы 2-қаңтар күні Асқар Жакулиннің пәтерінде ұрлық болмаған. Ол жерден ешқандай 430000 доллар жоғалған жоқ. Сен полицияға жалған ақпарат бердің» деп өзімді 419-шы баптың 2-тармағы бойынша, тағы да 176 баптың 4-ші тармағы бойынша мені 2018 жылы желтоқсан айында Алматы қалалық, Бостандық ауданының сотына берді. Бұл 2019 жылдың қаңтарынан бастап шілде айына дейін 36 сот процесі өтті. Сол кездегі адвокатым Буханова Эльвира деген өз ісіне адал, тәжірибелі болды. Алайда, Буханованың дәлелдері мен зерттеу жұмыстарын судья Кудабаев қабылдаған жоқ. Адвокат Буханова жан жақтағы облыстарға сатылған техникалардың құнын және қай күні қанша бағаға сатылғандығы, әрі ол ақшаларды біз тараптан кімнің қабылдап алғандығы жайлы мағлұматтарды сотқа анықтап тапсырған. Өзге облыстардағы бізден алған тауар алушы клиенттер мұның бәрін нотариустан растайтын анықтамаларды беріп жіберген. Ол жерде өздерінің жіберген ақшаларын Дәулетханқызы Мөлдірдің қабылдап алғандығын растайтын құжаттар тұр.

Соның өзінде де судья бұл дәлелдерді қабылдаған жоқ. Бас бухгалтер Атыраубаева мен кассир Нурманбаева Шамша – «біз доллар қабылдамаймыз, тек теңгемен жұмыс жасаймыз, мынау журналдарды Салтанат қолдан жасап алған» деген жаласынан танбай жүрді. Егер мен компанияға тиесілі сомалардың журналдарын қолдан жасайтын болсам, компания клиенттері мен қызметкерлерінің әрқайсысының қойған қолдары қайдан жүр? Сонда менің журналымдағы қойған қолын растайтын 2-3 куәгерлер де келіп, осы журналға қол қойып, ақшаны Мөлдірден алатынын айтқан болатын. Осы журналдардың бәріне сараптама жасалғандығына назар аударған сот болмады. Керісінше, жоғарыда айтылған екі баппен мені 8 жылға соттамақшы.

– Чжанг Вэй шын мәнінде Асқар Жакулинмен некеде болған әйел ме? Әлде азаматтық некеде ме?

– Асқар Жакулин мен Чжанг Вэй Қытайда жүргенде некелескен. Бірақ Чжанг Вэй осы күнге дейін Қазақстан азаматтығын алған емес.

– Сенімен 10 жылдан бері бүкіл отбасымен араласып жүріп, Чжанг Вэй саған қалай сенбейді?

– Ия. Осы күндері небір қарғысқа толы хаттарын маған лақтырып жүр. Бұдан бұрын Әуезов аудандық азаматтық соты болып жатқан кезде замдиректор Шакреева мен бас бухгалтер Атыраубаева Айнагүл екеуі Асқар Жакулиннің халін сұрауға 2015 жылдың қараша әлде желтоқсан айында Пекинге барып қайтқанды. Атыраубаева мен Шакрееваның айтуынша  – сол кезде Асқар Жакулин бір жапырақ қағазға мынадай деп  түсініктеме жазып берген дейді.

Ол қағаз орыс тілінде компьютермен теру арқылы жазылған мәтінді қысқаша айтар болсам былай деп жазылған екен: «Настоящем заявляю и потверждаю, что в декабре 2014 года мною было дано устное распоряжение Кусманкызы Салтанат получить в кассах компаний денежные средства в размере эквивалентном 500 000 долларов США, необходимые мне для оплаты лечения за границей. Об этом была поставлена в известность мой заместитель – Шакреева М. Я получил ей оформить первычные кассовые документы на выдачу наличных денег из кассы. Однако ни каких денежных средств от Кусманкызы Салтанат я не получал. О том, что сумма в размере эквивалетном 430 000 долларов Кусманкызы С. Хранила в моей квартире, я не знал», – дейді де, ең соңына Асқар Жакулиннің қолы қойылған қағазды алғашқы өткен Әуезов аудандық  азаматтық сотына алып келіпті. Бірақ мен судьяға бұл қағазға сенбейтінімді ә дегеннен айттым.

Себебі, Асқар Жакулин көбінесе жан жақта іссапармен көп жүретін болғандықтан қарамағындағылар көптеген тап таза қағаздарға қол қойдырып алып қалатыны бар. Біріншіден, бұл сол қағаздардың бірі, себебі, мәтін Асқар Жакулиннің өз қолымен емес, компьютер арқылы орысша терілген. Сосын Жакулин қол қойғанда «Аскар» деген сөзді қытайша әріптермен жазып барып бастайды. Ол кісінің қолы маған таныс. Оның үстіне Асқар Жакулин бұл кісілер айтқан уақытта маған звондап 500 мың долларды жеке шотына салу туралы ешқашан  айтқан емес. Оның үстіне, Үрімшіде «Ас-Ай» компаниясының филиалы бар. Егер Жакулин қаражат керек болса несіне біздер жаққа звондап ақша алдыруы керек? Мен жұмыс істеген 10 жыл бойында Асқар Жакулин Қазақстаннан ақша алдырған емес.

Менің Салтанат Кусманкызы Қазақстан Республикасы Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов мырзаға айтарым  – не үшін маған қарай ұйымдастырылған осындай жалған құжаттарды тергеуші дұрыс тексеріп, тергемейді? Судья менің дәлелдеріме неліктен назар аудармайды?

Осы күнге дейін «Ас-Ай» ЛТД компаниясындағылардың маған жауып отырған жалған жалалары – Асқар Жакулиннің атынан жазылған жалған хатты тергеушілер  неге тексермейді? Бостандық ауданы тергеушісі Жасұлан Бекбалаев Чжанг Вэйдің заңсыз арызын біле тұра қабылдады. Бірақ мұны біз осы кезге дейін құзырлы органдарға айтқанмен неге ескермей отыр? Бекбалаевтың заңсыз арызды қабылдауының себебі неде? Сосын, Асқар Жакулиннің пәтеріне паркинг арқылы да 4-ші қабатқа көтеріліп кетуге болатынын, ол жерде бейнебақылау жоқтығын көлік жүргізушісі Ембергенов Есенғали айтып отырса да осындай негіздерге неліктен тергеушілер назар аудармайды?

Мұнан да басқа – 2015 жылдың 2-қаңтар күні Асқар Жакулиннің үйінде тоналған 430 000 долларды тергеушілер «ешқандай ұрлық болған жоқ» деп жоққа шығарып отырғаны. Бұл жерде тергеушіге кімнің ықпалы болып тұр?

Маған тағылған тағы бір айыпта – 77 миллион 400 000 теңгенің «Ас-ай» компаниясының бухгалтериялық кассасында мүлдем болмаған суммадағы теңгелерді мені алды деп еш дәлелсіз қылмыстық жауапқа тартып отырғаны.  Менің қолымдағы шығыс кассалық ордердің жалған екендігіне де судья мән бермеді. Тіпті, мойындамайды да. Асқар Жакулиннің орнына замдиректор Шакреева Мархабаттың қол қоюы да заңға сәйкес келмейді. Компания басшысының орнына неге замдиректор қол қоюға тиісті? Сосын Бостандық аудандық сот процесінде осы үшеу – Атыраубаева Айнагүл, Шакреева Мархабат пен Нұрманбаева Шамша: «Біз Кусманкызы Салтанатқа 77 миллион 400 мың теңгені берген жоқпыз» деп айтқан. Бұл жауаптарды судья естімей ме сонда?

Мен сіздерден осы іске араша сұраймын. Жоғарыда айтып кеткенімдей сот отырыстарында әрдайым заңбұзушылықтар орын алып, әділетсіздік болды. Сондықтан, ҚР сотына сенімім өте аз. Оның үстіне, Ғ. Нұрдәулетовтың арызы Жоғарғы Сотқа бағытталғандықтан, олардың шешімі шешуші болмақшы.

Мен ұрлықты жасамасам да, сол жағдай болғалы бері күйзеліске душар болдым, денсаулығым бірте-бірте нашарлай берді. Ақыры қант диабетінің 1 типіне шалдығып, өмір бойы инсулинге тәуелді болдым. Менің ғана емес, отбасым да қатты уайымға батты. Әкем мені 8 жылға соттағаны туралы хабарды естігенде құсадан қаза болды. Бұл жағдай өз денсаулығымнан түгілі, жақындарымнан айырды, 6 жылдан бері уайымға салып, тыныштығымызды қашырды. 

Жазықсызбын!- деп қан жылаған Салтанат Кусманкызы осылай деп көз жасына ерік берді. Салтанат Кусманкызының сотқа берген дәлелдері ескерусіз қалып  отырғанына осы бүгінге дейін барша жұрт куә болып отырса да, алдағы соттың қаңтардың 5-сі күніне қойылуы күмән туғызады екен. Қаңтардың 5-сі жаңа 2021 жылдың алғашқы жұмыс күні. Ал ҚР Жоғарғы соты мен бас прокуратура Салтанаттың сот процесін неліктен тығыз уақытқа қойып отыр? Адвокат Айман Омарова айтқандай расында халық тағы да билікке өз наразылығын көрсетсін дегені ме? Әлде…. Осы күнге дейін ҚХР азаматшасы болып саналатын Чжанг Вэйдің расында салық төлемеудің амалынан шыққан Салтанат Кусманкызына жапқан жаласы ма? Олай демеске ше? Пәтерден жоғалған 430 000 доллар тергеушілердің жылы жауып қоя салатын кішігірім  сомасы емес қой.

Дәл қазіргі уақытта – «Жазықсыз Салтанат Кусманкызына бостандық берілсін!» деген әлеуметтік желілердегі ұлардай шулаған халық үніне Қазақстан Республикасының Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов мырза назар аударады  деп үміттенеміз! ҚР құқық қорғау органдарының осы істі жылдар бойы созып, нақты ұрлықшыны табудың орнына кінәсіз Салтанат Кусманкызын негізсіз айыптаумен айналысып жүргеніне қарап, тек өз халқына үміт артып отыр.

Шара ҚҰРБАНОВА.

https://adyrna.kz/post/57069?preview_id=57069&preview_nonce=0b571d6dac&post_format=standard&_thumbnail_id=57071&preview=true

 

Ұқсас жазбалар