«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

ТАРЛАН ТАРИХ БЕТІНДЕГІ ТАЙБҰҒА ІЗДЕРІ

Авторы tugurul
1188 қаралым

Аңыз бен ақиқат арасындағы далалық шежіренің шертер сыры өте көп. Шыңғыс дәуірінде аты әлемге машһұр болған Тұғырыл ханды көп қауым ел сол дәуірдің шабындысы мен бағындысына ұшыраған күйреген хандық санайды.

Алайда тарлан да, тарпаң тарихтың бізге беймәлім бүге-шігесі де көп. Соның бірі Тұғырылдың ұлы, бір деректе немересі Тайбұға хақындағы тарихи пайымдар.

Ван ханның ұрпағы ретінде деректер Қазақстан мен Батыс Сібірдің этносаяси қауымдастығының даму үрдісінің елеулі кезеңіне айналған Ібір-Сібір ұлысының негізін қалаған Тайбұғыны көрсеткен. Сібір жылнамашыларының қолына түскен аңызға сәйкес Бұхарды (Мауеннахр) тізе бүктірген Шыңғыс хан Есілді билеген Он ханның ұлы (Ван хан авт.) Ертісті тас талқанын шығарған. «Қаза болған хан ұлы, өзге мәлімет бойынша немересі Тайбұға құлы әрі қызметшісі болған Мұрат бидің шын берілгендігінің арқасында ажалдан аман қалады. Тайбұғаның тірі қалғандығын естіген Шыңғыс хан оны чудь тайпаларымен (угорлық тайпалар авт.) шайқасуға жібереді. Тайбұға аталмыш шайқаста ерлік көрсетіп, даңққа бөленеді. Көрсеткен ерлігінің марапаты ретінде Шыңғыс оған жанына еркіндік сыйлайды; сөйтіп бірнеше жерлестерімен Тайбұға Яшыл Тұра деп атау алған қаланы тұрғызады(1). Г. Миллер өзінің негізгі еңбегінде Тайбұға туралы үш аңызды келтіреді. Алғашқысында Есілді билеген ноғай ханы Он ханды өзінің  қол астындағы Чингиді (Шыңғыс хан -ред.) тақтан тайдыртады. Оның ұлы Тайбұғаны Чинги өзіне шақыртып, әскер қолын бөліп беріп, Об бойындағы тайпаларға қарсы қояды. Өткізген сәтті әскери іс-қимылдардан кейін Тайбұға Шыңғыстан «жеке сарай ұстауға» рұқсат алып, Тұра қаласын орталық жасап, жеке ұлыс құрады(2).

Ремезовтің жылнамасында аңыз келесі түрде өрбиді. Есіл бойын басында Он Сом хан басқарса, содан соң таққа Түмен ханы атанған, Шыңғыстан ойсыра жеңілген баласы Ертіс отырады(3). Г. Миллер еңбегінде келтірілген үшінші аңызға сәйкес Тайбұға Мамықтың ұлы Қазақ Ордасының (қазақ авт.) ханзадасы ретінде айтылады. Аталмыш хандықтар Бұхарды жаулап алғаннан кейін Шыңғыс ханның қол астына өтіп, сосын Ертіс, Есіл, Тобыл мен Тұра бойын сұрап алған жерлер деседі(4).

Жоғарыда аталған аңыздарды қорытындылай келе авторлар моңғол шапқыншылығына дейін Батыс Сібірде тәуелсіз мемлекет болғандығын, оның билеуші әулетінің соңғы өкілі Он хан деген пікір айтты(5).

Сібір аңыздарындағы Он ханның прототипі Ван хан екендігі белгілі. Аңыздардың сюжеттік линиясы тарихи дәйектерге сай келеді. Атап айтсақ Шынғысханның вассалдық тәуелдігі – Өзінің сюзерені Он ханға қарсы келуі-Кіші ұлының қашуы – Бұрынғы хан баласының жаңа билеушіге тізе бүгуі.

А.Күзембаев, Е.Аманжолұлы сынды ғалымдардың Сібір хандығы туралы зерттеулері мен біздің аталған мақаламызға ой ортақтығы айтқан уәждерімізді тіпті де растай түседі.

«Көшім 1563 жылы Жәдігер әскерін талқандап, астанасы Ескерді басып алады. Тайбұғының тұқымынан тек Бұқараға қашқан Сейтек қана аман қалады»(6).

Сөйтіп, Сібір хандығында билеуші топ тізгінін керейіттік Ван хан ұрпақтары – Тайбұға әулетінің өкілдері қолына алады. Тайбұғадан кейін билікке келген Ибақты да тайбұғалықтар өлтіреді де сахаралық тақ таласының алма-кезек арпалысқан замандары өтеді.

Осы жайлар хақында Жарылқасын Боранбай «Дешті-Қыпшақтың қиын күндері» мақаласында мынадай деректер келтіреді: «Арғы қазақ, Ғұн, Сақ, Көк Түрік болып тарих табалдырығын аттаған, саны ешқашан сарқылмаған халқымыздың ежелден Алтай тауларын, Ібір-Сібірдің ұлан-байтақ жерін мекендегені, құтты қонысқа айналдырғаны жасырын емес. Бүгінде де ежелгі атаулары ұмытыла қоймаған Байкөл, Енесай, Төмен, Селебе соның айғағы. Түркілік тектен тараған хакас, бурят, саха т.б. сияқты жұрттар да дін аман. Таулы Алтай автономиялық республикасында өмір сүріп жатқан қазақтармен кез-келген уақытта қауыша аласыз… Батыс Сібір аудандарының халқы солтүстік, орталық облыстар, ішінара Шығыс Қазақстан облысы халқымен тұрақты қатынаста болды. ХІІІ ғасырдың шегінде, Шыңғыс ханның шапқыншылығы кезінде көптеген тайпалар Батыс Сібір территориясын паналады. Олар Ертіс пен Обьтің орта бойындағы жайылымы мол жерлерге қоныстанды. Көшпелі өмір салтын ұстанған халық бұдан кейін де, құрғақшылық жылдары сол жаққа үдере көшіп барумен болды. Әсіресе солардың арасында қыпшақтар көбірек кездесті. Кейіннен керейттер де келді. «Сібір шежіресінің» баяндауы бойынша онда ең әуелі Тайбұға династиясы қанат жайды. Олар «Чимги-Тұра» атты қала салды. Ол кейіннен Тюмень деп аталатын қалаға айналды. Тарихи деректер Тайбұғаның ең соңғы тұяғы Сейтақ (Сеид-Ахмад) болды деп төрелік береді. Моңғол шапқыншылығынан кейін Батыс Сібір Жошы ұлысының құрамына енді және Шайбани әулетінің батыс тармағының жері деп аталды. Әйтсе де есте болатын нәрсе, бұл жерлер бір қиянда болғандықтан, негізгі билік тайбұғалық түркілердің қолында еді. Өздері хан атана алмаса да, солардың дегені болатын. Моңғолдық «тәртіп», «өмір салты» аса дендеп ене қоймады. Бірақ олар қалай болғанда да Алтын Орда мемлекетімен байланысын үзген емес. Олардың тарихта ерекше аталатын тұсы – 1398 жылы Едігеден естен тана соққы алған Тоқтамыс ханның сол жаққа жылыстап барып, аз-кем тыныс алуы. Ол тайбұғалықтардан қолдау тауып, Обь, Том, Чулым өзендері аралығынан үлеске жер де алады. Бірақ көп ұзамай өлтірілді. Тайбұғалықтар Едігенің емеурінін бірден түсініп, қайтадан Алтын Ордаға алым-салық төлей бастады. Едіге 1419 жылы дүниеден өткеннен кейін Жошы ұлысының шығыс иеліктерінде саяси күрес бірден қызып сала берді. Оған Ақ Орда хандары араласты. Шығыс Дешті-Қыпшақтан Ақ Орда ханы Барақ тықсырып шыққан шайбани ұрпағы Махмұд-Қожа сол жаққа қашып барып, біраз уақыт хан болды. Қадырғали Жалайридің жазуында: «Едігенің баласы Мансұр мырза оны хан көтерді. Оның бірі – хан, бірі – би болды». Хандықтың астанасы Қызыл Тура болыпты. Ал енді бергі қазақ даласында да қым-қуыт жағдайлар орын алып жатыр еді»(7).

Билік таласының талай қанды кезеңі қазақ хандары дәуіріне қадам қойған тұста, сібірліктерде де талай-талай өзгерістер болды.

Кейіннен Ермак Көшім қолынан қаза болады. Алайда, Көшім жеңістің жемісін көре алмады. 1585 жылы Ескер қаласын Қадырғали Жалаир би мен тайбұғалық Сейд Ахмет бастаған қазақ жасағы басып алады.

Осылайша, Оң ханың ұрпақтары Алтын Орда дәуірінің ұзына бойында байтақ Сібірде билік құрады. Сейдак хан Сібір хандығын қайтарып алып, 1588 жылға дейін хан болып ел биледі. Соңында орыстық отардың алғашқы құрбанына айналып, өмірінің соңы Хан-керменде (Қасымовкіде) өтті.

Батыс шежірелері Тайбұға есімін  Есілде ерте феодалдық Сарғаш мемлекет-княздігінің пайда болуымен және Тура өзенінің бойынан Чимги тұра  қаласының салынуымен байланыстырады.

Сібір хандығы Азияның саяси картасындағы өз орын әйгілей алмаса да, оның құрамында болған хандар әулеті қазақ жерінде тұрып, елдігіміздің ірге тасын қаласты. Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола облыстарын мекендеп отырған керей, арғын, уақ, қыпшақ, т.б. рулар сол ежелгі Тайбұға құрған Сібір хандығының тұрғындары саналады. Солардың арасында Сейдақтан тарайтын хан ұрпақтары да өмір сүреді.

Жалпы, Тұғырыл хан тұқымы Тайбұғаның Шыңғысханның көзі тірі кезінде хандық билікке отыруы көптеген адамдарға жұмбақ секілденеді.

Біз сол кездегі кейбір оқиғалар арқылы оның таққа отыру мүмкіндігін бірнеше мәселеден қарастырғымыз келеді.

Біріншіден, Шыңғыс хан қаншама жерден жаулаушы, басып алушы, шапқыншы бейнесінде көрінсе де, әлемге әділдік, теңдік орнатсам дегенді басты мақсатының бірі санады. Осы тұрғыдан қарағанда, ол өзінің Тұғырыл ханға қарыздар екенін, оған опасыздық танытып, хандығын күйреткенін жақсы сезінді. Сол үшін де Тайбұғаның Сібірді билеуіне қарсы болған жоқ.

Екінші себеп, Шыңғыс ханның ең сүйікті келіні, Шыңғыстың көзі тірісінде де, өлгеннен кейін де бүкіл ордаға әмірін жүргізе білген Сұрғақтан бике (Төленің бәйбішесі) Тайбұғамен әкесі бір туысқан жақын әпкесі еді.

Сұрғақтан бике хақында Рашид ад-дин былай дейді: Ол «Төле ханның әйелдерінің ең үлкені және ең сүйіктісі, әрі олар да Шыңғыс ханның төрт ұлы сияқты мемлекеттің төрт ұстынының дәрежесінде болған, оның төрт ықпалға ие болған ұлдарының анасы болды» (8).

М.Мағауин: Аталмыш Сұрғақтан-бике Шыңғыс ханның кенже ұлы Төленің бас бәйбішесі, ең сүйікті жары болған. Көркі мен ақылына мінезі мен саясаты теңдей екен. Әуел бастан-ақ абыройлы ғана емес, аса құрметті, айрықша беделді. Шыңғыс хан 1226 жылы, өзінің ең соңғы, Таңғұт жорығына аттанар қарсаңда Сұрғақтан-бикеге шешек шығып, қатты ауырып жатыр екен, Төле әкесінен сұранып, әйелінің жанында бөгеліп қалады – темір тәртіп, соғыс жағдайындағы төтенше кеңшілік, өзгеше оқиға. Ақыры, бірер апта бөгеліп барып, қатерлі дерттің райы қайтқаннан кейін ғана аттанады. Ауырып тұрған Сұрғақтанның бетін қорасан дағы шалып, бұрынғы көркінен айрылған екен. Алайда, беделі мен салмағына нұқсан келмепті. Түпкі нәтиже, Шыңғыс хан әулетінің тарихында атақты Бөртеден кейінгі қасиетті екінші әйел саналады.

Сұрғақтан-бике Шыңғыс ханнан кейінгі заман – Өкетай қаған ордасында да әспетті, сыйлы болған, Күйік қаған кезінде де абыройы жоғары екен. 1246 жылы ел астанасы Қарақорымда болған Плано Карпини Сұрғақтан (Сероктан) қатынның бүкіл Татар қауымында императордың (бұл ретте Күйік хан, М.М.) анасынан кейінгі ең ықпалды әйел екендігін атап жазады. Сұрғақтан-бике әсіресе Күйік қағаннан соңғы аумалы-төкпелі кезеңде бүкіл Еке Моғұл ұлысының саяси-әлеуметтік өмірінде айрықша қызмет атқарған. Көреген ақыл парасаты, қатесіз, терең саясаты арқасында Төле әулетін Жошы әулетімен берік одаққа келтіріп, үлкен ұлы Мөңкені қаған дәрежесіне жеткізеді. (Осыдан соң көп ұзамай, 1252 жылы дүниеден өтіпті» (9).

Көрсетілген дерек бойынша, бүкіл әлемді бағындырып, қылышынан қан тамып тұрған Шыңғыс хан 1226 жылғы соңғы жорыққа аттанар қарсаңында Сұрғақтан-бикеге шешек шығып, қатты ауырып жатқандығы үшін сапарға шығуға сақадай-сай тұрған жер қайысқан қалың қолды аттан түсіріп, жорық сәтін кешіктірген екен. Бұдан үлкен құрмет болмаса керек.

Сұрғақтан-бикенің күйеуі Төле түгілі, атасы Шыңғысты аттан түсірерлік ақылына тарихты тамырынан тарта баяндаушы Рашид ад-диннің өзі тәнті болады. «Сұрғақтан бике өте ақылды әрі қабілиетті еді, (осы тұрғыдан пайғамбарлар әйелдерінен кейін) әлем әйелдерінен үстем тұратын. Ол (мейлінше) толық дәрежеде табандылық, сыпайылық, ұялшақтық және пәктілікке ие еді» (10).

Сұрғақтан бикенің Төле өлгеннен кейін де орда ішінде «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болғаны анық көрінеді. «… Басқарушылдықпен, парасаттылықпен ұлдарын, немерелерін, Шыңғыс хан мен Төле ханның артында қалған барлық ұлы әмірлер мен әскерді тәрбиелеп қорғады, олар оған бағынышты болды. Олар оның ақыл-парасаты мен қабілеттерінің (мейлінше) кемел екенін мойындағандықтан ешқашан оның бұйрықтарын бір тал шаш (мөлшеріндей де) аттап өтпейтін еді. … Бір жолы ол Шыңғыс ханның анасынан да төзімдірек болды және табандылықта одан асып түсті» (11).

Атап айтқанда, бұл жолы ол Үкетай (Өгедей) хан Сұрғақтан бикеге «әмеңгерлік» жол бойынша Күйік ханға күйеуге шығуға жарлық береді.

«Қаған жарлығына қалай қарсы шығайын. Алайда менің  мақсатым: балаларымды ес  біліп, өз еркін өздері билегенше тәлімді етіп тәрбиелеу, бір-біріне жат бауыр етпеу, сөйтіп олардың татулығы арқылы қағанатқа қандай да бір септігін тигізу» (12) – деген Сұрғақтан бике ханның жарлығын бұзып, ақылымен сыпайы тойтарыс жасайды. Оған Үкетай да, Күйік те қарсы уәж айта алмайды.

Сөйтіп, Сұғақтан бике Төленің тірі күнінде билікке ашық араласқанын айтпаған күннің өзінде, Төле қайтыс болғаннан кейін хандықтың бар тізгін-шылбырын өз қолына алып, 20 жыл, 1232 жылдан 1252 жылға дейін ел билеген екен.

Сұрғақтан бике заманында атасы Марқұз Бұйрық ханның әулетінен (қырық отаудан өрбіген ордалы елден) далада қалғаны болмаса керек.

«Хатшылар мен деректанушылар айтса – айтқандай, керей қызы Сорқақтан «қара шаңырақтың» да, өзінің «алтын ұрықтарының» да, керей төркіндерінің де  қамын кеңінен қарастырыпты. Осы үш мақсатқа жету үшін,  әрине, өз мүддесіне орай, барлық  бопса мен былғаққа көніпті» (13).

Бүкіл Шыңғыс әулетін ашса алақанында, жұмса жұдырғында ұстап отырған Сұрғақтан бике заманынында, «алтынның сынығы, асылдың қиығы» болған, «жүзіктің көзінен өткендей» өзі жас, өзі бас, бекзат туған Тайбұғаның хандықтың бір бөлегін жеке дара билемеуі мүмкін бе еді. Шыңғыс хан қосының алдыңғы легінде жауға атойлап, қарсы жақтың қабырғасын қақыратып, бүкіл сардар, сарбаздарға ерлік өнегесін көрсеткені үшін де ешкімнің бөтен уәжі болмас еді. Онсызда әскери басқару, лауазым тағайындау сынды әмірлікті қолына уыстаған, азулы жас барыс, жезде ағасы Төленің қасында жүрсе.

Шыңғыс хан өзін де бас идірген ақылды келіннің көңілін аулау үшін болса да, оның «жар дегендегі жалғыз бауырына» тозған керей елінің басын қосып тізгінін беруге (әрине, Төленің ұсынысымен) әбден келісер еді. Тайбұғаны «соғыста көрсеткен ерен ерлігі үшін» деп дүйім жұрттың алдында көтеріп, әспеттеуі де қол астындағыларын тани білетін, бағалай білетін өзінің дара қасиетін де аша түспей ме. Моңғол билігіне қатер төндіретін аумақтан мүлдем шалғай, орда іргесінен аулақ,  қиырдағы Түмен бойынан оған алақандай жер сыйлап, сондағы елді басқартқанынан Шыңғыс неден ұтылар еді!? Ұтылмайды! Ұтты – өзі қанға шылаған хандықтың иелеріне ескерткіш, естелік үшін болса да солай сыйлап, «опалы патшаның» ұпайын көрсетті. Тіпті мұның бәрін өзі қаламаса да бүкіл әскери биліктің тұтқасын ұстап, басқарушыларды тағайындайтын ерекше құқықты Төленің қалауымен (Сұрғақтан бикенің ақыл-ұсынымен) іске асырды.

Шыңғыстың бірнеше жылдан кейін Тайбұға жөнінде естіп, оны қызметке шақырғаны туралы Погодин жылнамасындағы «Сібір хандығының шығу тегі» атты тарауда да Шыңғыстың оны жақсы қарсы алып, өзіне бағынғандардың ішіндегі бірінші кінәз деп атап, оған жеке жер үлесі мен жақсы дайындалған көптеген жасақтардын да бергенін, «қайда тұрғың келсе, сонда тұр» деп, ерекше құрметпен қарағанын жазды (14).

Сөйтіп, Тұғырыл ханның алдындағы Шыңғыстың өтелмей кеткен қарызының бір парасы – тарихқа Тайбұға есімін көтеріп шықты.

Тайбұға таққа отырған 1220 жылдан есептегенде, оның хан ордасын уысына ұстап отырған әпекесі Сұрғақтан бикенің айтқаны орындалып, аналық айбаты асып тұрған шағы.

Сұрғақтан бикенің бірге туған әпкесі Бектумыш фужинді (Бектімұшты) Жошы ханның алғанын еске алсақ, Сұрғақтан бикенің жездесіне айтқан көп аманатының ішінде ежелгі құдасы, кейінгі қайын жұрты – Тайбұғаны да аманаттап тапсыруы әбден мүмкін еді.

Сөйтіп, Тұғырыл хан әулетінің Сібірдегі билігі бірде жығып, бірде жығылып жүріп, 388 жылға (1200-1588) жалғасты.

Тайбұға билік құрған кезеңде оған ешкімнің «тісінің батпауының» сырлары оның хандар тұқымына тән дарабоздық, тектілігінен қалса, міне, осындай туысқандық-одақтық байланыстарды да артқы тірек етті.

Аңыз бойынша Тайбұға Есіл өзені бойында жерленген, бірақ бейітінің тұрған жері әлі күнге белгісіз.

Тұғырыл хан тұқымы болған Тайбұға, Сейдақ хандар хақында Қадырғали Жалайыри, Мұхтар Мағауин, Аманжол Күзембаев, Еркін Аманжолұлы, Қадыржан Абуов, Факия Шамшиденова еңбектерінде де баяндалған. 2019 жылы Алматы қаласындағы «Palitra Press» баспасынан шыққан «Тұғырыл хан» атты тарихи деректер жинағында да көптеген мағлұматтар берілген.

Қазіргі қалыптасып жатқан жаңа тарих көздерін іздеу бағыты бойынша тереңдей зертеуді қажет ететін тақырыптардың бірі тарлан тарих бетіндегі Тайбұғаның іздері болып табылады. Орыс, қазақ патшалары арасындағы қарым-қатынас пен ежелгі қазақ жерінің бір бөлімін басып қалған ресейлік отарлық сынды күрмеуі күрделі көптеген мәселелер осы тақырыптар аясында тереңдей зерттеуді қажет етеді.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Абрамов Н. Сибирские татары//Тобольские губернские ведомости, 1861, № 35

2,3,4.5.Миллер Г.Ф История Сибири. Т.1. –М.,-Л.: Изд-во АН СССР, 1937.

– С.189-190.

6.Файзрахманов Г.Л. История сибирских татар (с древнейших времён до начала XX в.). – Казань, 2002.

  1. Жарылқасын Боранбай. https://turkystan.kz/article/56913-deshti-ypsha-ty-iyn-k-nderi сілтемесінен.

8,10,11,12. Рашид-ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 3-том. Фолиянт, Астана. 2018 жыл. 133, 134, 144 беттер.

  1. Мағауин М. Шыңғыс хан және оның заманы. Деректі тарихи хикая.-Алматы,

2011.-608.

  1. Тұрсын Жұртбай «Кекті бесік немесе «кекті қатындар» мен «кекті жатырда» ұйыған хандық». «Ұлт порталы», 23.10.2016. http://ult.kz/post/tursyn-zhurtbay-kekti-besik-nemes-kekti-katyndar-men-kekti-zhatyrda-uyygan-khandyk.
  2. «Сибирские Летописи». – Спб., 1907. 63 бет.

 

Жәди Шәкенұлы

Жазушы-академик

Ұқсас жазбалар