«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

ҚОЖАБЕРГЕН БАТЫР – АБЫЛАЙХАННЫҢ АДАЛ СЕРІГІ

Авторы tugurul
1977 қаралым

Қожаберген Жәнібекұлының тарих сахнасына көтерілген кезеңі қазақ, жоңғар, қытай қарым-қатынастарының шиленісті тұсына дүп келді. Абылай Қабанбай, Жәнібек, Қожаберген сынды батырлары арқылы тарихи шешуші сәттің ұпайын өз жағына бұрды.

Тарих ғылымының докторы, профессор, көрнекті ғалым Светлана Смағұлова: «Қазақ тарихында зерттеуді аса қажет ететін тақырыптардың қатарында кешегі өткен тарихта халық арасында аты мәлім болған, бірақ әлі де болса өз деңгейінде зерттелмей жатқан тарихи тұлғалар жетерлік. Оған, әрине, деректік қордың жетіспеушілігін немесе ауызба ауыз жеткен мәліметтердің шынайылығына күмән келтіретін жайттарды алға тартып жатамыз. Қазақ – жаугер халық. Өзі өзгеге тиіс­пейді, тиіскенді сөзімен де, күшімен де отырмайтын, жері, елі үшін өмірін қиюға дейін баратын батыр халық. Ел арасына әділдігімен танылған, саяси беделі жоғары биі де, ерлігімен аты шыққан батырлары да көп…

Батырдың беделі – ел басына қатер төнгенде білінеді. Қазақ халқының басынан ежелгі заманнан жері үшін, елі үшін небір қатерлі соғыстар, ұрыстар өтті. Халықты қорғау жолында батырлардың жаугершілігі осы кезеңде танылды…»[1] дей келіп, Қожаберген батырға арнайы тоқталады. Ол сөзінде: «XVIII ғасыр қазақ халқының дәуірінде Абылай дәуірі, Абылай ­заманы болып есептеледі. Себебі Шоқан Уәлиханов ­«Абылай» атты мақаласында келтіргендей, «аласапыран кезеңде ­Абылай батылдығымен, тапқырлығымен және ақылдылығымен» ерекшеленген. Дүйім халықты соңынан ертіп, жоңғарлардың шапқыншылығын тойтарып, қытайлардың қазақ жерін басып алмау жолында түрлі дипломатиялық тактикаға барған. Академик М.Қозыбаев жазғандай, Абылайдың кезеңі – ғажайып батырлардың, ұлы қолбасшылардың, жоғары дәрежедегі мемлекет қайраткерінің, көреген дипломаттың өмір сүрген кезеңі.

Осы Абылай заманында өмір сүрген Абақ Керей Қожаберген Жәнібекұлының қазақ тарихындағы орны ерекше»[2] деп ой түйіндейді.

Қытай деректерінің мәліметінше Абылай мен Қожабергеннің қарым-қатынасы және олардың шығыс өлкені жаудан тазартып, шекаралық сызығымызды қорғап қалудағы еңбегі ерекше көзге көрінеді.

Орыс пен қытайға тең мәміле ұстай отырып, олардың ойлағандарынан да өзгеше жол қарастыру Абылайдың таңдауы болды. Сөйтіп ежелгі мекенге елді қоныстандырып, қазақ көшін шығысқа еппен жылжыту үрдісі Абылайдың қасындағы қайратына ақылы сай ер жүрек батырлары арқылы іске аса бастады. Бұл кездегі қазақ сұлтандарының бәрі де Абылай бастаған осы саясатқа бірден ат салысты. Нәтижесінде Абылай хан 1757 ж. Шағыр, Өмір баcтаған он бір кіcілік елшілік тобын Чиң патшасына жіберсе, осыдан кейінгі жерде ілгерінді-кейінді Төле би, Нұралы хан, Әбілмамбет, Әбілпейіздердің елшілері де Чиң патшалығымен әр түрлі байланысқа шықты.

Бұл байланыс жалпы қытай аумағының батыс шекара өңірін тыныштандыруда да өте маңызды болғандықтан Чиң патшалығы елшілерді жылы лебізбен қарсы алып отырды. Ал Абылай шығыcтағы ірі көршіcімен терезеcі тең дипломатиялық қарым-қатынаc орнату  cияқты аcа маңызды мәcелелерді шешуге қадам жасады.

Шын мәнінде әр екі жақта бірінің бақай қулығын бірі сезіп отырды. Тіпті жоңғар хандығының күйреуі қазақтар үшін бұрын жау қолында қалған мекендерін, өріс-қоныстарын қайтарып алуына мүмкіндік туғызғанмен, Чиң патшалығы бұған іштей жол бермеуге тырысты. Тіпті Жоңғарияны иеленіп алған Чиң әскерлері Зайсан көлінен Іленің орта ағысына дейін қарауыл топтарын орнатып, бұрын Жоңғарлар иеленіп кеткен жерлеріне қазақтар қайта қоныстануына мүмкіндік бермеуге бағытталған шараларды іске асыра бастады.

Кезінде қазақ халқын талай қанды зұлматтарға ұшыратқан жоңғарларды хан Абылайдың кұшақ жая қарсы алуы және оған Жәнібек, Қожаберген сынды батырларын шеберлікпен араластыруында өзіндік есептер жатты. Оның нақтылы себептеріне келсек: біріншіден, отқа май құйып, шиеленісті одан әрі ушықтыра түсу; екіншіден, қазақ халқының жоңғарларда кеткен кегін қанды жорықтармен емес, қалмақтардың өз қолдарымен қайтару еді; үшіншіден, кезінде жоңғарлардың қолтығына су бүркіп қазақ даласына айдап салып, осы қалмақ қолдары арқылы қазақ жеріне өз билігін жүргізуді көксеген қытай билеушілеріне қазақ халқының оңай шағылар жаңғақ емес екенін көрсету; төртіншіден, тарих сахнасында бұл ойынды қытай, жоңғар, орыс еншісіне қалдырып, өзін оңаша қалдырудың жіңішке жолдарын қарастыру болды.

«Абылай үшін жоңғар тұтқынында болған уақыт із-түссіз кеткен жоқ.

Ол ойрат тілін, жазуын үйренумен қатар, ол  елдің  ішкі  жағдайларымен мұқият танысып,  сонда жүріп жоңғар ханзадалармен кедескен. Хандықтың  мықты және осал тұстарын байқап, өзімен пікірлес адамдар тауып, Дауашы, Әмірсана деген нояндармен жақсы қарым-қатынас қалыптастырған. Мұнын бәрін кейін өз саясатына мейлінше пайдалана білген»[3]. Мұндай мүмкіндіктер оның жоңғар ойынында оң ұпай алуына тиімді шарт-жағдай жасады.

Моңғол тарихи деректерінде Абылай ханнан кейін қазақ батырлары арасынан тек Қожаберген (моңғолша Хожибэргэн) батырдың аты ғана аталады. Абылай ханның жоңғар ханы Қалдын Сереннің тұтқында болған кезінде Әмірсана секілді жоңғар ханзадаларымен жақын қарым-қатынас орнатқаны осы тарихи деректерден[4] белгілі.

Абылайдың Қалдан Церенмен, Әмірсанамен жақындасуы, достасуы, кейіннен Қожаберген батырдың Әмірсанамен достығы бәрі де тосын болған оқиға емес. осының өзінен-ақ біз Абылай мен Қожаберген арасындағы байланыстың жай ғана хан мен батыр арасындағы қарым-қатынас емес, терең дипломатиялық одаққа құрылған жауынгерлік, мемлекетшілік сынды ортақ мұрат жолындағы таңдаулар екені байқалады.

Ең бастысы «топалаңнан тоқаш іздеп», қайшылықтар қақтығысының қалтарысынан жол тауып,  қазақтарды байырғы атамекені Алтай,Тарбағатай аймақтарын қайтарып алу ойы оны ерекше мазалайтын. Осындай мақсаттармен Дауашы мен Әмірсананың төңірегіне топтасқан қалмақтың жасағына Қожаберген бастаған қазақтың сайдың тасындай іріктелген қолын қосты да «1753 жылы басында Абылай Лама Доржидың әскери жорығын күтіп отырмай өзі қалың қолды бастап қалмақ жеріне енді»[5]. Осындай шағын құпия жорықтың нәтижесінде «1753 жылы 13-ші қаңтарда Дауашы хұнтайшы тағына отырды»[6]. Бұл жорық нәтижелі болғанмен, Абылайдың Жоңғарияға өз ықпалын жүргізу мақсаты толығынан орындалмады.

Оған себеп-жоңғарлар арасында қайта басталған алауыздық пен таққа таласу болды. Енді хұнтайшы тағына отыра алмаған Әмірсана өзінің бұрынғы одақтасы Дауашыға қарсы шықты. Ойрат тайпалары тағы да аласапыран жағдайға тап болды. Бұл соғыста Дауашыдан жеңіліп қалған Әмірсана Еженханға (қытай императоры Цянь Лунь) қашып барып паналады. Әмірсананың бұл әрекетінен өзін емес Еженханды паналауынан) сескенген Абылай ендігі қауіптің алыстан келетініне ешқандай күмән келтірмеген еді. Жоңғар еліне төнетін негізгі қауіп қазақ хандығынан емес олардың түбіне жететін ең үлкен апат шығыстан екенін Әмірсана жақсы түсінбеген. Ол азулы айдаһар Жоңғария мен Қашқарияны ғана жұтып тоят  тапса жақсы, оларды қанағат тұтпай қазақ даласына қол созатыны тек Абылайға ғана емес, барша қазақ халқына мәлім еді. Сондықтан, әлі де болса шығысқа қарай ілгерілеп, қазақтың байырғы ата-қоныстарын қайтарып, алда болатын үлкен саяси дауға сақадай сай тұру қазақ халқы үшін өте қажет болатын. Бұл арада қазақ хандығы үшін Жоңғарияның өз мемлекетін сақтап тұруы да тиімді еді.

Осындай та-таласқан қайшылықтар ортасында Абылай шығысқа бағыттаған көшті тоқтатқан жоқ. Жәнібек батырды бас етсе, Қожаберген мен Әмірсана арасындағы достық қарым-қатынасты негізге ала отырып, жаңа қадамдар жасауға ақыл-айла қарастырды.

Осылайша, шығысқа Алтай, Тарбағатайды азат етуге аттанған Абылай қалмақтардан Алтайды азат етіп қана тоқтаған жоқ, жоңғар қақпасы арқылы Бұратолаға асып түсіп, Дауашының ордасын шапты.

1753 жылы желтоқсанда Абылай 5 мың жауынгерімен жоңғар әскерлерімен шайқасып, бірталай қазақ жерін азат етті. 1754 жылы сәуірде Абылай бастаған 1700 қазақ әскері 10 мың қалмақпен соғысуға мәжбүр болса, сол жылдың шілде-тамыз айында 4 мың әскерімен Жоңғарияға жорық жасап, 3000 қалмақты тұтқынға алып келді.

«1753-1754 жылдарда Жаңатай, Қабанбай, Бөгенбай, Керей Жәнібек, Мүйізді Өтеген батырлар бастаған қазақ қосындары қысы-жазы демей әлденеше рет жоңғарды шауып қайтады»[7]. Демек, бұл соғыстардың бәрін де Жәнібек бастаған сарбаздар қосынындағы бас батырдың бірі Қожаберген Жәнібекұлы болғанында еш күмән жоқ.

Ал ел аузындағы ескі шежірелерде Абылайдың: «Өзеннің басын алмай, өлке сенікі болмайды» деген сөзі бойынша Қабанбайдың Іленің басына, Жәнібектің Ертістің басына найза шаншып қайтқаны туралы айтылады. Соның куәсі болып, Іленің басында «Қабанбай шоқысы», Алтай тауларында «Жәнібек асуы» немесе «Жәнібектің найза шаншыған жері» аталған тарихи іздер бар.

«Керейлердің нағыз дәуірлеген тұсы  − Абылай хан заманы. Батыр Жәнібек Абылайдың оң қолы болды. ХVІІІ ғасырдың басында Абылайдың рұқсатымен Жәнібек батыр керейдің үлкен тобын бастап, бұрынғы атамекені – Өр Алтайға қайта қоныс аударуына байланысты керейлердің жаңаша орналасу географиясы қалыптасты»[8].

Қожаберген Абылай жасағының белді батырларының бірі, беделді ел ағасы ретінде 1740 жылдардан бастап тарихи құжаттарда көріне бастайды. Одан кейінгі құжаттарда Қожаберген есімі Қабанбай, Дәулетбай батырлармен, Әбілпейіз сұлтанмен қатар «ел ағасы, беделді қазақтар» қатарында аталады[9].

Қожаберген батыр бастаған Керейлер көші жайында орыс тарихшылары Г.Н.Потанин, Карл Струвен, Н.А.Аристов. И.Вельяминов-Зернов қатарлы тарихшылар өз еңбектерінде жазып қалдырған. Бұл деректерде Қожаберген батыр 1750 жылы Керей руларын бастап Хабарга-Базар өзеніне жеткені баяндалады[10]. Қарғыба-Базар деген қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданындағы өзен атауы. Бұдан кейін Керей көшінің Қара Ертісті бойлай Убинур (Үліңгір) көліне дейін алқапты жерге жеткені айтылады[11].

Қожаберген батыр бастаған Керейлер көші туралы орыс тарихшысы Вельяминов-Зернов қазақ тарихын зерттеу барысында кездескен құжаттарға сүйеніп былай деп жазады: «…Абылай ханмен бірге Қытайға қарсы соғысқан қазақ көсемі Қожаберген 1750 жылы керей руын басқарды. Орынбордан табылған деректерге қарағанда, 1752 жылы Абақ керейдің ел ағасы деп аталған Қожаберген осы болуға тиісті. Ол кезде Қожаберген Есіл өзенінің бойындағы өзге керейлерден шығысқа қарай қоныс тепкен еді»[12].

Тағы бір тарихи деректерде, 1757 жылы Қожаберген батыр бастаған ІІІыбарайғырдың бір мың түтіні Ертіс өзенін өрлей келе, Алтай-Сауырды мекендеп қалғаны айтылса, екінші бір деректе, 1760 жылы Қотырақ батыр Қалбадан Жәнтекей ауылдарының үлкен шоғырын бастап Ертісті өрлеп көшкенін, бұлармен қатар Бұқарбай бастаған Ителілер, Қожаберген бастаған Шыбарайғырлар да жылжи-жылжи Кішкене тау, Маңырақка жетіп тоқтағаны туралы айтылады.

Г.Н. Потанин өз деректерінде: «Қазақтар Алтайға келіп, XVIII ғасырдың 70-80 жылдарында Қара Ертіс бойымен Тарбағатай, Сауыр тауының солтүстігі мен Алтайдың оңтүстігін мекендейтін болды» деп жазады[13].

Аталған жылдар ішінде Жәнібек, Қожаберген батырлар ІлеБалқашҚаратал өңірлерін жаудан тазарту шайқастарына белсене қатынасады. Осыдан кейін де олар қазақ батырларымен тізе қоса отырып Қарақол, Нарын, Ұржар, Қатынсу, Алакөл, Барлықты азат ету шайқастарында атойлай шауып, іле-шала Баспан-Базар, ШорғаМаңырақ шайқастарында болып, Зайсан, Марқакөл, Күршім өңірлерін жаудан босатуға да ат салысты.

1755 жылы Әмірсана мәнжі-қытай әскерімен бірге жоңғар тағына отырған Давациды тақтан тайдырады. Әмірсананы жоңғар ханы болғызбай тек хойд тайпасының басшысы ретінде қалдырып, Жоңғария толық мәнжі-қытай билігіне өтеді. Давациды құртып өзі жоңғар ханы болуды армандаған Әмірсана 1755 жылы тамыз айында Үліңгір маңында Цин патшалығына қарсы көтеріліске шығып Құлжадағы әскерін жеңеді. Осы себептен Цин патшалық армиясы 1756 жылы наурыз айында екінші мәрте Құлжаға басып кіреді. Мәнжі-қытай әскерінен жеңілген Әмірсана бастаған жоңғарлар тағы бір мәрте қазақтарды паналап, олардың көмегін сұрайды.

1755 жылы тамыз айында қазақ жеріне, дәлірек айтқанда орталық Қазақстанға қытай әскері басып кіруі мүмкін екенін болжаған Абылай алдын-ала дайындық жасап, Сібір шебінде дайын тұрған қазақ әскерлерін шығысқа қарай топтастырды. Қожаберген батырмен Құлеке батыр өздері, ал Құлсары батырдың қолын Қарғабай батыр бастап, Ертіс бойындағы Жәміш, одан әрі Железин бекіністерінің тұсынан өтіп барып, шығыстан келуі мүмкін қытай-шүршіт әскерлерін күтті. Бұл соған байланысты стратегиялық шоғырлану еді[14]

1756 жылы мамыр айында Әмірсана абақ-керей руының басшысы Қожабергеннің жеріне жетеді. Қожаберген Абылайға адам жіберіп, Әмірсананың келгендігін хабарлайды. Абылай Қожабергенге: «Әмірсана сенде тұра берсін. Мен сонда барып кезігермін. Шүршіттердің армиясы келіп жатса, мен өзім қол бастап сендер жаққа барармын»[15] – депті

Қытай деректеріне қарағанда, манжы-қытай билігіне бас ұрмаған жоңғар қонтайшысы Әмірсананың соңынан қуа соғысқан қытай әскері 1756 жылы Қазақ жеріне басып кірген. Қытай әскері «Шаған Оба» маңында Танғұтай тайшыны қуып жүріп, қазақтың мыңдығымен қақтығысқа түскен. Осыдан кейін-ақ қазақ сарбаздары мен қытай әскерлері арасында қанды шайқастар басталып кеткен. Қазақтар ескі ата-бабаларының дәстүрімен қаша соғысып, қытайдың әскерін соңына ерте Сарыарқа төскейіне қарай шегіне берген. «Батысты бағындырушы» қытай әскерлерінің қолбасшысы Дардананың Ежен ханға жазған хатында: «Жауларымызды қуып Нұра аталатын өзенге жеттік. Әскери сап құрып әрі аттандық. Осы жерде екі мың қарақшымен (қазақ сарбаздарымен – ред) соғыстық, сұрастырсақ бізге қарсы соғысып жүрген Әмірсана мен Қожабергеннің жасақтары екен, – десе, Манжы-қытай әскерлерінің тағы бір қолбасшысы Хадаха әскери кеңеске жазған хатында: «Абылайдың Бөгенбай батыр бастаған жасағымен де шайқастық. 20 адамды өлтіріп, бір адамды тірі қолға түсірдік, 40 шақты ат олжа болды», – дейді. Осы хатта Хадаха Қожабергеннің Әмірсананы ертіп Сарыарқа төсіндегі Нияз тауына барып бекінгенін жазады[16].

Демек, қазақ батырлары хақындағы аңыз-әңгімерде айтылатын 1756 жылғы Аякөз өңірінде өткен қазақ-қытай соғысында да Ер Жәнібек бастаған, Қожаберген қостаған ерлер егей ерлігімен көзге түсіп,  ел мен жерін қорғаудың өшпес өнегесін көрсетті дейтін хикаяда да тегін айтылмаса керек.

Қытай мұрағатында сақталған бір құжатта: «Абақ керейдің бір мың отбасы Қожаберген батырдың қарауында» екені жазылған[17].1756 жылы қазақ-шүршіт соғысында ойрат нояны Әмірсана екеуі қол бастап, манжы-қытай басқыншыларына қарсы Баянауыл, Қу, Қарқаралы тауларының аңғарында болған қанды ұрыстарда Бөгенбай, Жауғаш сияқты батырлармен қатар ерекше көзге түседі. 1758 жылы сәуір айында жоңғар жеріндегі махачиндермен (жоңғар қалдықтарымен) соғысып, Ертістен Аярақ көліне (Манас көлі) дейінгі аралықты 1000 әскерімен шолып шықты, – деген құжат сақталған[18]. Қытай дереккөзінен табылған бір дерек бойынша Қожаберген батыр 1766 жылы Үржар, Тарбағатай жайлаулары үшін қытайлармен шайқасыпты[19].

Қытай деректерінде осы оқиғалар хақында: «Әмірсананы қуғындау үшін қазақ жеріне ішкерілей енген Дардана, Хадаха генералдар Әмірсананы ұстай алмады, олардың сылбырлығынан Қазақтың Абылайы да құтылып кетті. Сол үшін екі генерал ауыр жазаға тартылуы тиіс…»[20] деген жолдар кездеседі. Осы деректер мәлімдегендей Чин империясының табысы көп, шығыны аз болса екі генерал ауыр жазаға тартылмас еді деген ой түйіндеуге болады.

Осы жылдар ішінде Абылайдың 6 мың әскері Қытайдың 40 мың әскерімен шайқасқан соң, қытайлар Абылайдан бітім сұрағаны айтылады. Абылай бірде Қалдан Серенмен бітімге келсе, бірде Дабашыны (Давациды) шауып, бірде оны және Әмірсананы өзіне паналатты. Сөйтіп, Ойрат ұлысының бөлшектене беруін көздеді.

1756 жылғы оқиғаның қай-қайсысын алып қарасаңыз да Абылай мен Қожабергенді соқпай өтетін бірде-бірі жоқ. Соңғы жылдары елімізде жарық көрген «Қазақ хандығы мен Чиң империясының арасындағы қарым-қатынастарға байланысты құжаттарда» бұл оқиғалар тайға таңба басқандай хатталып отырған.

Қытай жағындағы шекараны орнықтырушы кіші генерал Хадаханың 1756 жылы  27 қыркүйектегі мәлімдемесінде мынадай жолдар бар:

«… Даржа, Бейшілер шекара қарап жүріп: «Қазақтардың мыңдай адамы Баянтаудан батысқа кетті» деп хабарлады. Біз оларды шабуылдау үшін  600 шерік… аттандырдық. Іле-шала өзімізде әскер бастап, қазақтарды екі жақтан жеңдік.  100-дей адамын жер жастандырып, аттарын және басқа заттарын олжа еттік. Бес адамын тірідей қолға түсірдік. Тұтқындардың айтуынша әскерді бастап, соғыс салған Абылайдың өзі. Әмірсана мен Қожаберген мыңдықтың бірін алып, батысқа қарай кеткен…»[21].

Дәл осы күнгі (1756 жылы  27 қыркүйек) қытай генералы Дарданың мәлімдемесінде тағы да:

«Біз бір мыңдықпен келе жатып, Жарлы деген жерде жаудың екі мыңдай адамымен кездестік. Әскерлеріміз жауға қарсы ерлікпен шайқасып, 570 адамын өлтіріп, 11адамын тірідей қолға түсірдік. Ал оқ тиіп жарақат алғандары тіпті көп.

Оларды қуып Нұра деген жерге келгенде тағы да жаудың екі мыңдай адамын кездестірдік. Олармен аянбай айқасып,  340-тай адамын өлтірдік. Бүлікші Әмірсананың жайсаңы Жананбур сияқты он адамын қолға түсірдік.

Қатаң  тергеу барысында бұлардың Әмірсана мен Қожаберген бастаған топ екенін және үлкен әскердің тегеурініне төтеп бере алмаған Әмірсананың біздің адамдарымыз танымасын деп, үстіндегі киімін ауыстырып қашып кеткенін білдік…»[22] деген жолдар бар.

Жамбыл Омаридың «Бұқар жырау» деген кітабында: «1756 жылы Ойраттың Әмірсанасы Аршаты бойында Абылаймен жолықты, жанында 20 нөкерімен. Бұл жер Аягөз, Қара Ертіс, Тарғын өзендері арасы. Қазақтың Қабанбай, Бөгенбай, Қожаберген сияқты аруақты ерлері Әмірсанаға болысып, тағдырлары таразыға түсіп тұрғанда қаншама рет құтқарды… Қожаберген батыр 1756 жылы Әмірсанамен бірігіп Цин мемлекетінің әскерімен соғысты»[23] деп жазды .

Осы оқиғалардың бәрінде де Қожабергеннің тарихи рөлінің аса көрнекті болғаны моңғол деректерінен де көрінеді.

Моңғолдың тарихи дереккөзінде Әмірсана мен Қожаберген батырдың 1756 жылы манжы-қытай әскерлерімен арада болған соғысы төмендегідей нақты деректермен берілген: …1756 жылы тамыз айында Амырсанаа (Әмірсана) Қазақ батыры Хожибэргэн (Қожаберген) мен бірге манжы-қытай армиясымен бір апта бойы қатты шайқастарға барса да, екі жақ бір-бірін жеңе алмады. Сол жолы Қазақ ханы Абылай Хадаханың армиясымен арада болған соғыс кезінде ауыр жарақат алып, кейін шегінуге мәжбүр болды, – деп жазылған. Моңғолиялық жазушы Б.Монголхүү кітабында: …Жоңғар ханының тағы үшін қанша күрессе де, өз ойлаған ойына жете алмаған хойд ханзадасы Амарсанааның Манжы билігіне қарсы ең соңғы күресін қолдап, соған көмектесу мақсатында Қазақ ордасынан 2000 әскерді Хожаберген (Қожаберген) батыр бастап барды. 1756 жылы Амарсанаа әскерімен қол біріктірген Қожаберген батыр басқарған қазақ күші Нора (Нұра – ред) деген жерде өздерінен саны неше есе мол манжы-қытай әскерімен қатты соғысып, Қазақ жеріне қарай кейін шегінуге мәжбүр болды…» деп жазыпты.

Қазақ пен қытай әскері арасында болған соңғы шешуші соғыс Шідертінің жоғарғы ағысында жүрілді. Уақыт өте келе бұл жер «Шүршіт қырған» деп аталды. Абылай хан бастаған Қабанбай, Бөгенбай, Қожаберген батырлар басқарған қазақ сарбаздары Қазақ даласын қытай әскерлерінен тазартады. Сібір шекара әскерін басқарған генерал В. Якоби бұл қырғын туралы: «Батыс жорығына аттанған қытайдың жиырма мыңынан Селенгі шекарасына тек мың алты жүзі қайтып келді» деп жазады.

Сондай-ақ орыс мұрағаттарында, 1756-57 жылдары манжы-қытаймен арада болған соғысты жеңіспен аяқтаған соң, Қожаберген батырдың бастауымен кіші керейлердің (абақ керейлер) көші Қазақ елінің шығысына қарай Ертісті өрлей көшіп, Керейдің басқару-тайпаларына қосылып, Тарбағатай, Алтай тауларын мекен еткендігі жазылған. Орыс тарихшысы Н.А. Аристов: XVIII ғасырдың екінші жартысының басындағы жоңғарлармен соғыс жөніндегі қытай деректерінде керейлер туралы мәліметтердің кездесетіндігін, Абылай хан мен бірге жоңғарларға қарсы күрескен Қожаберген батырдың 1757 жылы Қытай билігімен жасасқан келіссөзге қатысқаны туралы жазады.

Осы оқиғалар төңірегінде сөз өрбіткен қазақ тарихшысы Жамбыл Артықбаев қытай мұрағаттарынан алынған мынандай бір деректі ұсынады: «Қытайдың шекара әскерінің басшысы Жаохуэй 1757 жылдың қазан айында Шыбарайғыр руының басшысы Қожабергенді қонаққа шақырды. Қожабергеннің ұлы Байдалы (Байтайлақ) мен Қожабергеннің кіші інісі Болат Мәме бастаған Абай Керейдің 70 адамы Айтаңсық өзенінің бойында Қытайдың шекара әскерінің басшысымен кездесті, өздеріне таңсық қытай тамағынан татып, жібек шапан жамылып қайтты. Тойдың соңында қытайлықтар садақ атудан, күрестен, алтын қабақ-мергендік жарыстарын өткізіп керейлерді мәз қылды. Сонымен қазақ-қытай бейбіт қатынасының негізі салынды». Мынжы-қытайдың тағы бір дерегі бойынша, Қытай елшісі Амбан Агуй қытай билеушісіне жолдаған хатында: 1758 жылы мамыр айының ортасында Ертіс өзенінің айрығынан ары 6 күндік жерде отырған Қожаберген батырмен кездескені туралы жазыпты.

1760 жылы Қытай шекарасына жақын барған орыс барлаушысы Сафир Сәлиев: «Қытай шекарасына жақын маңда Абылай сұлтан бастаған екі мың, Қабанбай батыр бастаған екі мың, Қожаберген мен Қошқарбай батыр бастаған екі мың, Көкжарлы Барақ бастаған екі мың әскер тұр», – деген мәлімет берген.

Абылайдың Қытай мен Ресей патшалығына бас имей, дербес, тәуелсіз хан болғандығы айқын. Ел мүддесі жолында астарлы да айлалы саясат ұстанған сақ саясатшы, көреген көсем белгілі бір тығырықтан шығу жолында ғана келісімге барып отырған. Мұны А.И.Левшин бүкпесіз шындық ретінде дәлелдеп береді: «Уверенный в своих достоинствах, он искусно привлекая к себе приверженцев важностью своею и признавал себя, смотря по нужде, по подданым русским, то китайским; а на самом деле был властитель совершенно независимый»[24].

Ақыр соңында Жоңғар хандығы, Манжұр-цин патшалығының қатыгез саясаты салдарынан құрып бітті.  Қытайлықтардың  аса басым  әскерлерінің қанды жорығы   жоңғар ерлерін, әйел, балаларын, қарттарына дейін жер бетінен қырып тынды.

1755 жылдан бастап Абылай хан жоңғарлардың қолында кеткен ежелгі мекендерді қайтарып алу үшін жаңа қадамдар жасай бастады. Қалдан Цэрэнмен арадағы бейбітшілік келісімнен кейін-ақ, шығысты ежелден мекендеген кейбір руларды жоңғарлардың шекарасына қарай көшіре бастады. Олай дейтініміз, Қазақтың ауызша тарихнамасы бойынша ХVІІІ ғасырдың қырқыншы жылдарында бұрын жоңғарлар иеленіп алған жерлерінің оңтүстік батыс және батыс бөлігіне қазақтар жаппай келіп мекендене бастағаны белгілі. Бұл дәуір жоңғарлардың әлсіреген кезімен тұстас келеді[25].

М.Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» атты еңбегінде: Лама Доржы 1752 жылы қыркүйек айында Сайын Белек (ойратша: Сайн Билиг), Батур Обашы (ойратша: Баатар Уваш) дейтін қолбасылары бастаған жиырма мың әскерін атқа қондырып, ел шетіне келіп тиеді. Әуелгі соққыны керей, найман рулары көтеріп алады,  – деп көрсетілген[26].

Демек, Ер Жәнібек Бердәулетұлы, Қожаберген Жәнібекұлы сынды батырлар бастаған ел 1740 жылдардың өзінде-ақ жоңғарлардың батыс шекарасына келіп болған.

Абылайдың сенімді серігі, ақылгөй данасы, жаудан қайтпас батыры болған Бердәулетұлы Жәнібектің: «Қоныс толы елі, өріс толы малы бар, жер қайысқан қолы, желкілдеген туы бар кімге болса да есесін жібермейтін, еселесетін қуаты бар он екі Абақ керей атанған ел болдық. Жаудың өтінде, жасақтың алдында, найзаның ұшында зорлықты күшпен алыса жүріп, зобалаң күндерді басымыздан кешіре отырып, осы күнге жеттік. Толқымалы мына заманда толықсыған елді алаңсыз өмір кешіретін жайлы мекенге қоныстандырғанымыз жөн сияқты. Ата-бабамыздың от жағып, күл төккен жері Алтай, сол Алтай тауына жеткеніміз жөн»[27] деп ел көшін бастауы тегіннен-тегін болмаса керек.

Жоңғарияны иеленіп алған Манжұр-цин әскерлері Зайсан көлінен Іленің орта ағысына дейін қарауыл топтарын орнатып, бұрын жоңғарлар иеленіп кеткен жерлеріне қазақтар қайта қоныстануына мүмкіндік бермеуге бағытталған шараларды іске асыра бастады. Мұндағы қаңырап бос қалған, қазақтар келіп қоныстанады-ау деп топшылаған ұрымтал жерлерге негізінен манжұр, дұнған, моңғол, қытайларды қоныстандырып, басқа жұртты ие болғызу  саясатын жүргізіп іске асыра бастады. 1761 жылдан осы өңірдегі манжұр-қытай әскерінің қолбасшысы Агуй болса,  Іле мен Тарбағатайда ағаш отырғызып, тас үйіп, кейінде қарауыл топтарын орналастыратын жерлерді белгілейді[28].

Ресей патшалығы болса, Қазақ даласының  солтүстік және солтүстік шығысына ендей кіріп, әскери бекіністер сала бастады. Сөйтіп, Алтай-Тарбағатай даласы – қытай, орыс, қазақ сынды үш ел қатарынан көз тіккен бір кесек майлы етке айналды.

Қазақ елі үшін Алтайдың стратегиялық жақтан болсын, байлық жағынан болсын маңыздылығы ерекше еді. Шындығында, Алтайды қытай мен ресейдің еншісіне бере салу тарихқа үлкен қиянат болар еді. Абылай аттан түспей күрес жүргізсе, бұл міндетті адалдықпен атқару Ер Жәнібек, Қожаберген батырлар еншісіне тиді. Дегенменде, Алтайға ел қондыру Жәнібек, Қожаберген сынды батырлар бастаған елге оңай болған жоқ. Біраз жылдардан бері мекендеп келе жатқан моңғолдардан бұл қоныстарды қайтарып алуға біршама уақыт мен күш-қайраттарын сарып етуге тура келді. Манжұр-цин патшалығының 1759 жылғы жарлығында: «Ертіс бойындағы бұл жерлерді қазақтар басып алғаннан гөрі ұрианхайларды көшіріп қоныстандыру тиімдірек»[29], – деп жазуы мұның айқын дәлелі болады.

1757 жылы 30 қыркүйекте Железин бекінісінен түскен мәлімдемеде: …Өзеннің дала жағынан кімдікі екені белгісіз көп әскер көш түрінде көшіп келіпті… Сол әскерден алты салт атты адам, екеуінің мылтығы бар, келіпті. Исет Мұратов деген татар арқылы Захарин сұрап білсе, олар былай депті: «Біз Абылай сұлтан әскеріміз, басшымыз Қожаберген батыр. Бір мың түндікпен Ертісті жоғары бойлап көшіп барамыз. Бұл жерде екі күн тұрамыз да, Осморыж бекінісіне және одан әрі Құлсары батыр әскеріне қосыламыз. Оның он мың әскері бар, Ертістің жоғарғы ағысында тұр…»[30]. Бұл қазақтардың Цин патшалығымен келісімге келген соң, Қожаберген бастаған қазақ руларының әскери тәртіппен Ертісті өрлей шығысқа көшкен көші еді.

Жоңғар күресі жеңіске жеткеннен кейінгі оқиғалар да қазақ халқының тарихы мен тағдырына қатысты осындай оқиғаларда Қожаберген батырдың есімі жиі аталады. «Қазақ хандығы мен Цин патшалығының саяси-дипломатиялық қатынастары туралы қытай мұрағат құжаттарында» да көптеген мәліметтер кездеседі.

1758 жылы 27 қаңтардағы Шундененің патшаға жазған мәнжу тіліндегі хатында: …патшаның бұйрығы бойынша Абылай мен Қожабергенге сыйлауға тиісті айдаhар бейнесімен айшықталған торқа Бейжіннен бері жіберілмеген. Аталмыш торқалар келмеген соң, Цин ұлықтары Жаохуэй мен Фуде, Бөркөл жеріндегі әскери қоймадан 6 топ айдаhар бейнесімен айшықталған, 8 топ жай торқа алдырып, Абылай мен Қожабергенге сыйлау үшін шекара басшыларына жібереді. Сыйлықтар Шундене, Нұсан сынды шекара әскер басшыларына жеткенде, олар сол торғын-торқаны бөліп екі адам емес, бес адамға, яғни Абылай, Қожабергенмен бірге Әбілпейіз, Қабанбай және Дәулетбай сынды қазақ билеушілеріне сыйға тартқандығын мәлімдейді[31]

1758 жылғы 3 мамырда қытайлар тарапынан жазылған Дорги-амбан Хошочи қатарлылардың «қазақ елшілері қорғалып өз жерлеріне апарылды» деген мазмұндағы мәлімдемесінде мынандай жолдар бар:

«… Біз, патшаның құлдары, 2-айдың 16 сы күні алдымен аттанып кеткен соң, іле-шала артымыздағы қалған қосын арнаулы адам жіберіп, Қаламбай сынды 11 қазақты бізге жеткізіпті. Біз, патшаның құлдары, Қаламбайлардан мән-жайды сұрап едік, олар былай деп жауап берді: «Қожаберген 1000 сарбазды бастап Ертіс пен Аярақ көліне дейінгі жерді барымталап шықты. Жорықта Қолымызға түскен тұтқындар мардымсыз болды да Қожаберген ауылына қайтып кетті. Ол «ұлық патшамен дидарласуға барған елшілеріміз жақында қайтып оралар» деп 11 адамнан құралған бізді Қара Ертіс пен Қу Ертіс жерлеріне жіберіп, қайтып келе жатқан елшілерімізді күтіп алдырмақ болды. Біз үңгірден кіріп сіздердің іздеріңізді қуып осында келіп қалдық…»[32].

Осы жылы, яғни, 1758 жылғы 29 тамыздағы тағы бір құжатта – Хебей амбан Агуйдың қазақтар Хэшоциді қалай әкеліп тапсырғандығы және Хэшоцидің Бейжіңге жіберілгендігі жөнінде мәлімдемесінде:

«… Сөйтіп мен сол күні орайын тауып, әлгі жерден қашып шығып, Ертіс өзенінің айрығынан өтіп барып бір шілікке тығылдым да, түн жамыла өзеннен өтіп, әрі қарай 6 күндік жолды артқа тастап қазақтарға бардым да Қожабергенмен кездестім. Сонда мен Букучағанды қузап келген Наваңның қазақтар арасында екендігін білдім …»[33] деген баян бар.

Осының бәрінде қытай жағының қазақтармен санасқаны, олармен жақсы мәлімерлік қарым-қатынас ұстауға тырысқанын көрсетеді. Әрі аталған оқиғалардың бәрінде де Қожаберген батырдың тілге тиек етілуі оның жай ғана батыр емес, екі елдің арасындағы негізгі тұлғаның бірі болғандығын көрсетеді.

Қытай мұрағат құжаттарында бұған дәлел боларлық мәліметтер өте көп. Қытаймен болған сауда-саттық істерінде де Қожаберген басты тұлға ретінде көзге түсіп отырады. Демек, мұның бәрі Абылай аманаттаған ел мен жердің парызын адалдықпен атқарған нағыз қазақ сардарының тұлғасын мүсіндейді.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін сондай құжаттардан да бірер мысал көрсете кетейік.

1758 жылғы 31 тамыздағы Шет аймақты тыныштандыру армиясының оң қол орынбасар цзянцзюні Чебенжабтың «улет Бұқұчаган қатарлыларды тұтқындаған қазақтарға сый-сияпат берілді» деген мазмұндағы мәлімдемесінде былай делінеді:

«… Пақырыңыз мен Бұқұчаганды тұтқынға алған және елшілікке барған көк қауырсынға ие солаң Делұнбаомен бірге Бұқұчаганды айдап Байбұрақ, Жанқозы, Қонысбай сынды 3 қазаққа, ондай-ақ, Бұқұчаганның әйелін ұстаған Жайкісі есімді қазаққа бір-бір топ кәти, бір-бір топтан самсайы сыйладым. Бұдан тыс, мен, патшаның құлы, Бұқұчаганды айдап келген Әли қатарлы 10 адамға, сондай-ақ маған белек жылқысын сыйға тартқан Қожаберген, Дәулетбай және Санияз қатарлы 3 адамға бір-бір топ торғын сыйладым…»[34].

1758 жылы 9-қазандағы Нұсанның қазақ Қабанбайдың ұлымен жылқы саудасын жасағандары туралы мәлімдемесінде: «…Біздің ұғысуымыз бойынша, Қабанбай – Орта жүзінің Қожаберген сынды 4-5 адамының ішіндегі мәртебесі биіктеуі. Былтыр патшаның құлдары Шундэна мен Нұсан мәлімдеме жазып, [патшадан] рұқсат алып, патшаның Абылай мен Қожаберген екеуіне сыйлық ретінде берген оқалы тон тігуге арналған молун торқасының біразын Қабанбайға бөліп бергеннен соң, патшаның шапағатына бөленген Қабанбай риза болды… Бұдан тыс, Наван әлі Қазыбектің жерінде болып, Абылайға кезіге алмапты. Бұл туралы біз патшаның құлдары, былай деп ойлаймыз: Наван Абылайдың өзімен кездесе алмағанымен, Абылайдың бауыры Әбілпейіз және Дәулетбай, Батыр, Қожаберген сынды адамдардың барлығы біздің шекарамыздың маңында тұрады, сондықтан Наван соңғы аталғандармен де кездеспей қалмас» – деп хабарлаған[35].

Осыған мазмұндас – 1759 жылғы 26 қыркүйектегі Халхадағы орынбасар цзянцзюнь Чеңгунжаб өзінің қазақ елшілерімен өзара сый-сияпат жасағандықтары туралы жазған түсіндірме хатында мынадай жолдар бар:

«Қазақ Қара Барақ бізді қарсы алып алдымыздан шыққанша бізге, патшаның құлдары Чебденжаб, Фулу, Чинұхұн, Чемчукжаб және Улден қатарлыларға бір-бірден белек ( сыйлық ) жылқы берді, біз де қару ретінде оған бір-бір топтан торғын бердік. Сонан соң Дәулетбай өзі келіп менімен кездескенде де маған, патшаның құлына 1 жылқы сыйлады, мен де оған қару ретінде бір топ торғын сыйлап бердім. Бұдан тыс, Әбілпейіз , Қожаберген де арт-артынан адамдарын жіберді. Әбілпейіз пақырыңыз Чебденжабқа 1 жылқы, пақырыңыз Чемчуккабқа 1 жылқы сыйлады, біз де оларға қару ретінде бір-бір топ торғын сыйладық…»[36].

Бұдан басқа да сауда-саттық және басқа да байланыстар аясында жазылған хаттар да Қожаберген батырдың есімі жиі аталады.

1758 жылы 29 наурызда жазылған Железин бекінісі комендантынан:

К.Л. Фрауендорфқа майор Кондырев жазған құжатта орыс бекінісінің жеріне қазақтардың малы түскені үшін олардың иелерін тұтқынға алғандығы туралы айтылады. Тұтқындағылар Қожаберген батырға қарайтын ауылдардың адамдары екен. … Наурыздың 2 күні Ертістің арғы жағынан мылтықсыз төрт адам келді. Кіші Керей болысы Қожабергенге қарайтындар екен. Ішінде Ханғали Қойбас және Мәнгел Қонысбай деген ақсақалдары бар. Олардың Болпақ Қойбас, Өтел Қойбас жіберіпті. «Осында тұтқында жатқандарды тез босатыңдар, неге ұзақ ұстайсыңдар, олар кісі өлтірген жоқ қой, – депті.

Жылқы табындарын шекара ішінен айдап әкетсек те, босатпапсыңдар». Біз оларға: «жоғары жақтан нұсқау келсе, босатамыз» – деп айттық. Қонысбай айтты: «Енді төрт күнде босатпасаңдар, шабамыз, кісілеріңді алып кетеміз», – деді. Біз осындай сөздері үшін оны тұтқынға алдық. Ол: «Мені қамасаңдар ертең 20, бүрсігүні 100 кісі келеді» – деп қоқан-лоққы жасады. … 23 наурыз күні Кіші Керей болысының ақсақалдары Болпақ Қойбас, Ханғали Қойбас қарусыз, аз кісі болып келсе Қожабергенге кісілерін қайтарамыз дедік (Құжатта бұл қазақтардың төрт мылтығы бар екендігі айтылған)[37].

1759 жылы 11-тамызда Үрімжіге саудаға келу жөнінде Қалқаның орынбасар цзянцзюні Цэбдэнжабтың жолдаған мәлімдемесі (мәнжу тілінде): … Біз, патшаның құлдары, оған былай дедік: «Осыдан бұрын біздің Жаохуэй есімді цзянцзюніміз сіздердің Абылай, Әбілпейіз, Ханбаба, Қабанбай, Қожаберген және Дәулетбай қатарлы адамдарыңызбен ақылдасқаннан кейін барып Үрімжіде сауда базарын ашу жөнінде патшамызға мәлімдеме жазған. Былтыр, патшамыз ол істі құптаған соң Үрімжіге көп мөлшерде тауар апарылып базар ашылған»[38].

Мұның барлығы Абылайдың елдің шығыс шетін ежелгі мекенге жеткізудегі әр түрлі іс-әрекеттері екені және де оның оңайлықпен іске аспағанын көрсетеді. Басында қатты болып қан төгіскен, соңында дос болып тығыз-қарым қатынас орнатқан әр түрлі байланыстарда Абылайдың шеберлікпен ойласытрған саясатын орындауда Қожаберген сынды батырлардың қаншалықты маңызды қызметтер атқарғаны айтпаса да түсінікті.

Қытайлар қандай кедергі жасауды қарастырса да қазақ қолы түрлі жолмен алға қарай ілгерлей берді.

1760 жылдары Қожаберген батыр мен оның елі мәнжу-қытай мұрағат деректерінде: Тарбағатайдың шығысыдағы Қара Еміл, Шорға, «Улисуту», «Темір-Чорға» деп аталатын жерлерде қоныстанғанын келтіреді. Тиісті деректердегі мәліметтерге қарағанда аталған жерлер Қожаберген елінің қыстауы болған. Қожабергеннің 1760 жылдардағы қонысының бірі болған «Улисуту» қазіргі қазақ-қытай шекарасындағы Бақты бекетінен солтүстікке қарай жүріп барып тауға тірелетін жерлер. «Темір-Чорға тауы» – қазіргі ҚХР СҰАР Дөрбілжін ауданы аумағына созылып кіретін Тарбағатай тауының шығыс сілемі. 1766 жылы Қожаберген елі Зайсан көлінің жағалауы, Шорға жерін мекендеген[39].

Сөйтіп, Чиң ордасы 1760 жылдан бастап, Тарбағатайдағы иен бос жерлерді өзімдікі деп жариялағанымен іс жүзінде пәрменді иелік ете алмаса да қазақтар қайта қоныстануға бөгет жасауға тырысып бақты. Олар Жоңғардан қалғанның бәріне біз иелік етеміз деп қазақ билеушілеріне хабарлады. Қазақ жағы болса көшіп-қону жөніндегі өз бағыттарын дұрыс деп көріп жоңғарлардан азат болған ежелгі мекеніне бет алуын тоқтатпады. 1760 жылы Чиң ордасына келген Орта және Ұлы жүз елшілері әкелген хатта, олардың аталас рулары шындығында, Тарбағатай мен қатар Барлық, Алтын Емел, Чорге, Қаратал, Көксу сияқты жерлерде қоныстанып отырғанын айтады. Бұл Бейжіңге нақты жағдайды ескерту арқылы қоныстану ісін одан ары бекемдеуді ойластырған қазақ билеушілерінің ойларынан туындаған жағдай еді. Тіпті мұнымен қоймай, енді Іленің жоғарғы ағысына қоныстану ниеттері бар екенін де қазақтар жасырмай баяндайды. Қазақтардың бұл тілек талабын Чиң ордасы суық жүзбен қарсы алады. Олар өздерінің ұстанып отырған бағыт бағдарламаларын 1760 жылы мамырдың тоғызыншы жұлдызында Әбілмәмбет, Абылай, Әбілпейіз, Ханбабаларға жолдаған хатында айқындап жазады. Онда, біріншіден – Жоңғарды Чиң патшалығы әскері ешкімнің көмегінсіз жаулап алды; екіншіден – қазақтар онысыз да мал жайылымнан тарығып отырған жоқ; үшіншіден – қазақтарға жер бөліп беретін негіз жоқ дей келіп, қырғыздар да осындай тілектер қоюда, «ұлы армияның, жаулаған жерлерін барлығына бөліп беруіміз керек пе? Төртіншіден – Іле, Тарбағатайдағы бұрынғы Жоңғар жерлері мүлде иен емес» – делінген[40] .

Шынжаңдағы әскери әміршілдер патшаның «дәлелдерін» бетке ұстай отырып, «шекаралық» деп есептеген өлкелерде тексерулер жасап, егер қазақтар кездесетін болса кері қуамыз немесе тұтқындаймыз деген лақап таратып, қоқан-лоққы жасайды. Хун Ли патша ауылдарын қайта көшіріп алуын қазақ билеушілерінен неше мәрте тақауырлайды. Сонымен қатар, қазақ жеріне төнген жоңғар шабуылының бұлтын сейілтіп «тыныштық» орнатқаны үшін қазақ халқы Чиң патшасына алғыс айту керек екенін де ескертіп үлгіреді.

Қытай деректерінде айтылуынша, қазақ елшілері Құттыбай (Құтыби), Абылайлардың талабы бойынша қазақтар 1760 жылы мамырда өз кезінде ойраттар жаулап алған Көксу, Барлық, Алтынеміл сияқты жерлерге, одан ары асып Іле өңіріне дейін мал өткізіп, ептеп көшіп келе бастаған.

Қазақтардың шығыс және шығыс оңтүстік бағыттағы көші Іле, Тарбағатай, Алтай сынды ежелгі мекендерін көздеп, ақырын-ақырын жылжи берді.

Ер Жәнібек, Қожаберген сынды батырлардың бастауымен Сырдан ауып Орға келген, одан Бақанас, Балқаш, Шыңғыс бойын жайлаған керейлер қазіргі Шығыс Қазақстанның Қалба тауына бауыр басады. Ертісті өрлей көшіп Самар, Көкбекті, Күршім, Марқакөл, Зайсан жерін мекендеп, Жеменей арқылы қазіргі Қытай жеріне өте бастайды.

1760 жылы 19 мамырда Орта жүздегі Құлсары батырға барып келген орыс тыңшы Сафар Салиевтің айтқандарынан: … Қытай шекарасына жақын жерде Абылай сұлтан бастаған екі мың, Қабанбай батыр бастаған екі мың, Қожаберген мен Қошқарбай батырлар бастаған екі мың, көкжарлы Барақ батыр бастаған екі мың әскер тұр…[41]. Бұл көкжал Барақ батырдың Цин патшалығына қарасты уранхайларды барымталағаннан кейінгі шекаралық келіспеушілікке байланысты оқиға. Қытай әскерлері басып кіруі мүмкін деген хабар алып Абылайдың алдын-ала қам жасап, мүмкін боларлық басқыншылыққа қарсы үлкен қол жасақтап стратегиялық шоғырлануы еді. Кейін дипломатиялық жолмен бұл мәселе шешіледі.

Цин ұлықтары шекара қарауылдарынан шығысқа қарай ішкерлеп көшіп орналасқан қазақ руларын кері Тарбағатай, Зайсан ойпатынан ары қууды қолға алады. Осындай шекаралық аймақтарға талас жүріп жатқан уақытта қазақ рулары шекара маңына әскери тәртіппен шоғырланған. Қытай әскерлері қазақтарды қайтадан кері қуып шығу үшін жазалау операцияларын бірнеше рет жүргізеді.

1761 жылы 25 қыркүйекте Агуй бастаған Цин әскери отряды кенеттен Тарбағатайдың шығысындағы Улиясутай жеріне жетіп келгенде, бейбіт жатқан ел үдере көшкен. Келесі күні Агуй отряды солтүстікке қарай шарлап барып Улан-Ерхе жеріндегі Қожабергенге қарасты ауылдарды өз жерлеріндегі қоныстарын тастап батысқа қарай көшуге мәжбүр етеді. Содан кейінгі 20 күндей Тарбағатай тауы мен Зайсан көлі маңын шарлап,  қазақтардың өрістегі малдарын, әсіресе жылқыларын «иесіз қалдырылған малдар» деген сылтаумен жинап алады. 1761 жылы 14 қазанда Агуй әскері, солтүстіктен оңтүстікке қарай Зайсан көлінің батыс жағалауын бойлап келген өзге цин әскери отрядымен Бұғаз жерінде бас қосып, әр жер-жердегі қазақтарды Аягөздің батыс жағына қарай қуып жіберуге кіріседі[42].

1761 жылы 18 қазандағы Сібір губернаторы Соймоновтың мәлімдемесінде: орыс офицерлері қыркүйек айында Зайсаннан үдере көшкен қазақ ауылдары мен табындарын байқайды, бұл Қожаберген ауылдары екені белгілі болады[43]. Агуй сынды Цин патшалық шекара қолбасшылары қазақтарды батысқа қуумен бірге, олардың малын мейілінше тонап алу амалын қолданған. Олар, осындай тонауға ұшыраған қазақ жұрты қытайдың айбарынан сескеніп аталмыш өңірлерге оралмайды деп ойлаған. Қыс түсіп, қытай шекара әскери күші шегінген кезде қазақтар мекендеген жерлеріне қайтадан қоныстанған. Сонымен қатар, адам жіберіп Цин патшалық өкілдерінен тоналған мал-мүліктерді кері қайтаруды талап етеді. Осыған байланысы Әбілмәмбет хан сонау Түркістан жерінен елші жіберіп, Цин патшалығына аталмыш іс туралы наразылығын білдіріп хат жолдап, цин билеушілерінен қазақтардың малын қайтарып беруді сұраған. Осындай кейін Цин патшалық шекара басшыларына Абылай сұлтан осы іске байланысты наразылық білдірген. Қазақ елі басшыларының дипломатиялық араласуынан кейін Цин патшасы Цяньлун шекаралық аймақтағы қолбасшыларына «алынған жылқы-малдарды қайтарып беріңдер» деген бұйрық түсіреді.

Қожаберген батыр елі 1762-1763 жылдары Цин әскерінің орналасқан жерінен 15 күндік қашықтықта, Зайсан көлі маңын мекендеген[44]. Яғни Цин патшалығы қанша рет батысқа қарай ығыстырып отырсада, қазақ көші бір қадам болсада шығысқа қарай жылжуын тоқтатпаған.

1763 жылғы орыс мұрағат құжатында: «Өскемен бекінісінен 30 күндік жердегі Шыңғыстаудан ары Аягөз өзені бойында қытайлар қала салып, сол таудың жанына бекініс салмақ болған. Бірақ Қожаберген батырдың қарсылығынан сала алмады» дейді[45]. Цин патшалығының қазақтарды Тарбағатайдың батысынан бері асырмау жоспары іске аспай қалады.

1763 жылы наурыз айында Цин патшасы Цяньлун шекара қолбасшыларына: «Тарбағатай қатарлы жерлерге мал бағып жүрген қазақтарды кері қуудың қажеті жоқ» – деген бұйрық түсіреді. Содан соң патшадан тағы бұйрық келіп, онда: «Миңжу сындылар мен жіберген әлгі бұйрығыммен танысып болған соң, оны дереу осылай кері жіберсін. Сол бұйрығым осылай жеткізілген соң, оны Орда істер басқармасына апарып тапсырыңдар. Осы бір құжатты мұрағатқа апарып сақтаудың қажеті жоқ» делінген екен[46] . Осылай Цин патшалығының Тарбағатай өңірінде 1761-1763 жылдары бекініс салып орналысып, тың игеру ісін қолға алмақ болған жоспарлары сәтсіз аяқталады. Оның бірсыпыра себептері болды, басты себебі – шығысқа беттеген қазақ көшінің одан әрі қарқынды жүргізілуі еді. 1762-1765 жылдары қазақ-қытай арасы тыныш шиеленіс болмай сауда-саттық қарым-қатынас дами түсті.

Цин патшалығының ірге кеңейту саясатына байланысты қолға алынған шараның тағы бірі – қазақтың қоныс жерінде қала салу. 1761-1763 жылдары бұл жоспарлары орындалмаған соң, Цин патшалығы екі жылдан кейін, яғни 1765 жылы Яр (Үржар) жерінде қала салу ісін қолға алып, 1767 жылы әскер шоғырландырмақ болады. Цин ұлықтары осылайша «Яр (Үржар) жерінде қала салынып, әскер шоғырланған соң, қазақтар сөзсіз алысқа қашып кетеді» – деп ойлаған. Осы мақсаттарын іске асыру үшін 1765 жылдың күзінде, сол кездегі Цин патшалығының Тарбағатай жеріне жіберген Удай бастаған қытай шекара әскерлері қазақтардың жеріне әскери шарлау жасайды. Осы 1765 жылы күзде Цин армиясының Тарбағатай, Зайсан өлкесіндегі жерлерді шарлау барысындағы ең үлкен оқиға Қожабергенмен байланысты болған.

Удайдың қазақтарды қарауыл бекеттерінен ары қууға жіберген әскерлері: «Біз Зайсан көлінің жағалауында тұратын 500 түтіннен астам қазақтарды қуып жібермек болған едік, олар жылжымай қойды. Біз қайта-қайта барып олардың малдарын әрі қарай айдағанбыз. Арт-артынан келіп біздің бұрынғы орнатқан қарауылдарымыздың бергі жағына қоныстанып жатқан осы қазақтарды тоқтата алмаған соң, біз оларды қорқыту үшін оларға қарсы оқ ату жөнінде садақшыларымызға нұсқау бердік. Алайда, олар мұныда елемей қойды. Олар тіпті еліріп тұрып: «Біздің Қожаберген батырымыз 1000 әскер даярлап, осында келіп қоныстанған. Сендердің бұл азғантай әскерлеріңнен кім қорқады» дегенді айтты. Бастап келген әскерлеріміз арқылы қазақтарды қууға біздің шамамыз жетпей-ақ қойды»[47] – деп қайтып келеді.

Бірнеше күннен кейін 1765 жылы 2-қарашада іске басшы боп жүрген цин ұлығы Удайдың жіберген әскері: «біздің ұлығымыз сізбен кездеспекші» – деп Қожабергенді ауылынан алдап алып шығып Удай тұрған жерге әкеледі. Содан соң Удай арнаулы әскер шығарып, Қожабергенді кепілдікке алады. Қожаберген елі батырларын осылай әкетілуін Цин тарапының өздеріне көрсеткен құрметі деп қабылдаған. Өйткені ауылдарына олардан кейін келген қытай әскерлеріне «ұлықтарыңыз адам жіберіп, батырымызды осыдан бұрынырақ әкеткен» деп жайбарақат жауап берген.  Қожабергенұлы Жандәулет әкесін іздеп Удай тұрған әскери лагерге барағанда оныда кепілдікке алады. Цин шекара әскері басшысы Удай Қожабергенді кепілдік ретінде ұстап, Жандәулетті өз әскерлеріне аманат ретінде ертіп, Темір-Шорға, Улиясуту және Қара Еміл жерлерінде тұрып қалған қазақ ауылдарын қуғындайды. Қазақтардың жылқылары мен басқа да мал-мүліктерін тартып алып, мол олжаға бөленеді де Қожабергенді босатады[48] .

Осы жағдайға байланысты Әбілмәмбет хан, Абылай, Әбілпейіз сұлтандар қытай шекара басшыларына бірнеше рет елші жіберіп наразылықтарын білдіріп, олжаланған жылқыларды басқа да мал-мүліктерді қайтаруды талап етеді. Қазақ хан сұлтандарының наразылық хаттарынан кейін Тарбағатай өңіріндегі қыстаулық жерлерден қазақтарды қудалаған Цин шекара ұлықтарының асыра сілтеушілігі өз патшалары тарапынан қатты тексеріске түседі. Сонымен қатар Цин патшалық әскерлері кейін шегінген кезде қазақтар қайтадан Тарбағатай, Үржар, Зайсан өңірлеріндегі өздерінің қыстаулық жерлеріне оралады. Қазақтар Цин патшалығының қала салу мақсатында әскерлерін шоғырландырып жатқан Үржар жеріне дейін келіп, одан ары қоныс аудару жөніндегі талаптарын қояды. Қытай ұлығы оларға «сендер уақытша Үржар жерінде тұра беріңдер» дегенді айтумен бірге өз патшасына «мыналардың Жұлдыздыдағы бос жерге қоныс аударуына ұлықсат берсек» деген өтініш хат жазады»[49].

Қожаберген батыр еліне байланысты оқиғалардан кейін, Тарбағатай өңіріндегі мүмкіншіліктеріне қарап Цин патшалығы Үржар жерінде қала салу жоспарынан бас тартып, Шәуешек жеріне қала салуды ұйғарады. Осыдан кейін қытайдың әскери күші Тарбағатайдағы қазақ жерінен біршама шегініп кетті. Осы оқиға келешектегі қазақ-қытай шекарасының ресми түрде қалыптасуына ықпалын тигізді. Бұл, құрамында Қожаберген батырға қарасты Абақ Керей Шыбарайғыр руы болған Қазақ елінің тарихтағы ұлы жеңістерінің бірі еді[50].

1766 жылы қыркүйек айында Қожаберген батыр, Құлжа жеріне саудаға барады. Содан бір жыл өткеннен кейін, яғни 1767 жылы қыркүйекте Қожаберген батыр ұлы Ертісбайды ертіп Құлжаға сауда бастап барады[51].

Осы оқиғалардың барлығы қазақтар мен Цин патшалығы арасында мәміле-келісім құрылып, екі ел қайтадан бейбіт қарым-қатынаста тіршіліктерін жалғастыра бастағандықтарының белгісі.

Дегенменде, жарастықты пайдаланған қазақтар жағы мысықтабандап, ежелгі өз мекенініне қоныстану бағытын еш өзгерткен жоқ.

«Қытай тарихи деректеріне қарағанда, Қытайдағы қазақтар Іле, Тарбағатай, Алтай сияқты атамекендеріне 1767 жылдан кейін қауырт оралған. 1766 жылы 17 сәуір күні Чиң патшалығы үкіметі Іле генералына «Іленің жері ұлан байтақ, егер қазақтар келіп көшіп-қонып мал бақпаса болмайтын жерлер болса, тіпті келіп тұрақтап қалуды қаласа, оларға рұқсат етілсе болады. Қазірдің өзінде Татабай бастатқандар Жар өңіріне (Ұржар өңірі – ред) келіп орналасыпты. Бұдан кейін келушілер де сол Ұржар маңына орналастырылса болады» деп бұйрық берген еді[52].

1767 жылы 26 қыркүйек күні Қожаберген мен оның руласы Қазыбек өз ұлдары Жандәулет пен Бекмырзаны елші етіп, Шәуешектегі қытай ұлығы Улденге жіберіп, оған жылқы тарту етеді. Солармен бірге барған болса керек, Кіші жүз сұлтаны Ералының елшісі Атантай, Айшуақ сұлтанның елшісі Бодамбай да дәл сол күні қытай ұлығы Улденге барған[53]. Ералы сұлтан мен Айшуақ сұлтанның елшілері өздерінің сонау шалғайдағы Кіші жүз жерінен Шәуешекке келгендіктерін былай түсіндірген: «Біздің Ералы сұлтанымыз бен Айшуақ сұлтанымыз сіздердің әскери күштеріңіз Үржар жерінен Шәуешекке көшкендігін естіді. Жеріміз алыс болғанмен көңіліміз жақын. Сол себептен сұлтандарымыз сәлемдесуге жіберіп отыр. Сіздерге Ералы сұлтан екі жылқы, Айшуақ сұлтан екі жылқы тарту еткен. Біздің келуіміздің басқа себебі жоқ». Цин патшалығының Үржар жеріне қалашық салып, әскери күшін шоғырландыру жоспары сонау шалғайдағы Кіші жүз қазақтарында алаңдатқан. Яғни қазақтардың шығыстағы көне жұрттарына оралу үрдісі тек Орта жүз бен Ұлы жүзге тән емес, ол тұтас қазақ халқының ортақ мүддесі еді.

1767 жылы тамызда Чиң патшалығы үкіметі Абылай ханға «қазақ малшыларының Іле өңіріне келіп көшіп-қонып мал шаруашылығымен шұғылдануына болатындығын» ұқтырған еді. Сондықтан сол жылдың өзінде Абылайға қарасты 300 үй Тарбағатай өңіріне көшіп келді.

Абылай ханның Чиң патшалығы үкіметімен жан-жақтылы қарым -қатынас жасауын кезінде Қабанбай мен Жәнібек батырлар да батыл қолдаған. Үйсін қазақтары сонау 18-ғасырдың 60-жыларында-ақ Іле өңіріне көшіп келе бастаған. 1770 жылы (Чиянлұң жылнамасының 35-жылы) орта жүзден он екі абақ керейдің мың үйлі жаны Жеменей, Қобықсары өңіріне көшіп барған. 1790 жылы керей төресі Көгедай Пекинге барып Чиянлұң ханның қабылдауында болып гүңдік мәнсап алып қайтқан.

1771 жылы Өскемен бекінісінен Ертіс өзенінің арғы бетіндегі Шар-Гурбан өзеніне және аталған өзеннің жоғарғы жағындағы Бұланай немесе Ұлыны аталатын жотаға, одан әрі Бөкен, Шегелек өзендерінің жоғары жағындағы шатқалдар мен тағы басқа жайттардың кейбіріне құпия тыңшылық жүргізуге жіберілген казак атаманы Волошин басшылығындағы топтың деректерінде «…шілденің 9-күні Қарасу өзенінде түнеп шығып, таңғы алтылар шамасында тегістеу келген тау беткейімен жүрісімді жалғастырдым, ол арадан ұзағаннан соң, қолымның сол жағындағы жері жазықтау болып келетін бір қырды асып сай арқылы Шар-Гурбан өзені ағып жатқан алқапқа шығып, сол арқылы Қызылжар аталатын тастақты жерге бардым. Ол жерде керей болысының старшыны Қожаберген батырға қарасты ұлыстары көшіп жүр екен. Олардан өткен соң бес аршын жер жүріп, аталған өзеннің бойына тыны­ғуға тоқтадым және сол арада жүр­ген екі старшын Аралбай батыр мен Қазы­бек батырды өзіме шақырдым, оларға өзім­нің арнайы жіберілгендігімді және барар бағытымды айта отырып, сөз ара­сында бүлікшіл-қалмақтар, қытай мен қазақтардың кен орындарын іздестіруі жайлы ақпараттарына барлау жасадым», деп жазылған.

Абылай мен Қожаберген арасындағы қарым-қатынастың соншама тығыз екендігін Б.Бежанханұлы «Қожаберген батыр» еңбегінде атап айтады: Цин патшалығының саясаты қалай қүбылса да, Әмірсана бәрібір қазақтардың қолымен Цин патшалығына тапсырылмады. Ол ақыры Ресей жеріне өтіп барып, қызылша ауруынан қайтыс болады. Дегенмен, Әмірсананы қудалау ісі мәнжу-қытайлардың қазақтармен жақын танысуларына мүмкіндік туғызды. Осы арада олар қазақ қауымының ішкі жағдайымен танысып, қазақтардың кейбір тұлғалары туралы нақты түсініктерін қалыптастыра бастады. Олардың көздеріне түскен қазақ көсемдерінің арасында Қожаберген де бар еді. Олардың Қожабергенмен арадағы байланысы сонау 1756 жылы шілде айында, яғни екі жақ соғысудан бір ай бұрын басталған көрінеді. Кейін, Цин патшалығы Қожабергеннің Әмірсанамен жақын байланыста екендігін, сондай-ақ оның қазақ арасындағы абыройы жоғары екендігін байқап, оған бұрынғыдан да көп назар аудара бастаған. Әмірсананы қудалаған шақтағы қалыптасқан бірсыпыра Цин ұлықтарының мәлімдемелері мен патша бұйрықтарында Қожаберген Абылаймен бірге аталатындығы осының дәлелі. Ал мұндай жағдай қазақ-шүршіт соғысынан кейінгі кезеңде да жалғасын тапқан»[54].

Әмірсана мәселесі төңірегінде өрбіген оқиғалар да қытай жағы қазақтарға «оны ұстап беріңдер» деп қыцсы көрсетуге дейін барады. Бопсалау, үркітіп-қорқыту, алдап-арбаудың бәрінде Қожаберген Абылай ұстанған ақ жолдан жаңылмайды. Қытайлардың өз істегендерін өздеріне істеп, олардың өз жаратылыстарына бейімделіп, бәріне мақұлдық берген сыңай танытады.

«Қожаберген мен Қара Барақ екеуі шамалары келсе «Әмірсананы ұстап беруге дайын екендіктерін, егер күштері жетпей жатса, оларға елші жіберетіндіктерін» айтып сендіреді. Қонақасына шақырған қытайларға Қожаберген 130-дан астам қазақтарды бастап апарған. Сол жерде дәм татқы­зып, сый-сияпат жасап, әскери өнер­лерін тамашалатқан. Құрметпен қабыл­дағандарына риза болған Қожабер­ген Әмірсананы ұстап әкеліп берсе, қытай әскерлері тұрған жерлерді қайтаруын және тұтқындағы бала-шағаларды (қалмақ) босатуды өтінген. Осы келіссөзден біз, біріншіден, Қожа­бер­геннің дипломаттық қырының шебер­лігін көре аламыз. Екіншіден, ел тыныш­тығын, бүтіндігін сақтауда тактикаға барғандығын да байқаймыз. Үшіншіден, қытайлардың Қожабергенді Абылаймен қатар қойғандығын аңғарамыз. Бір ретте оған қытайлар сенімсіздік те танытып, Қара Барақ екеуінің арасына от жақпақ та болған. «Сенің қай жерің Қожабер­геннен кем? Әмірсананың тұтқын­­дал­ғандығы туралы хабарды алдын ала жет­кізсең, сыйлықты өзің алмайсың ба?» деген­деріне Қара Барақ: «Қожаберген де мен сияқты адам ғой» дей келе, қайсысы ұстаса, сол сыйлыққа ие болатындығын баса айтқан. Дегенмен, Қожаберген мен Қара Барақты Абылай мен Қабанбайдан кейінгі ел басқаратын адамдардың қатарына жатқызып, олардың ел арасындағы беделін жоғары бағалаған. Абылай сияқты Қожабергенге де оқалы тон сыйлаған»[55].

Мұндағы «қытайлардың Қожабергенді Абылаймен қатар қойғандығын аңғарамыз», «Дегенмен, Қожаберген мен Қара Барақты Абылай мен Қабанбайдан кейінгі ел басқаратын адамдардың қатарына жатқызып, олардың ел арасындағы беделін жоғары бағалаған. Абылай сияқты Қожабергенге де оқалы тон сыйлаған» деген жолдар екеуінің арасындағы қарым-қатынатстың терең болғандығын тіпті де айқындап тұр.

1757 жылы 27 тамызда қытайдың шет аймақтарды тыныштандыру армиясының оң қол орынбасар генералы Жаохуәйдың патшасына жазған мәлімдемесінің ішінде қытай жағы мен Қожабергеннің ұлы Байтайлақтың арасындағы диалогта былайша делінеді:

«…Келесі күні, яғни 7-күні, айдаһар уақытында, Далишан Қожабергеннің Байтайлақ259 есімді ұлы және Қара Барақтың інісі Мәми сынды 10 адамды Нарит асуы арқылы осында бастап әкеліпті. Сонда Қожабергенніңұлы Байтайлақ былай деді:

«Абылай әскер бастап осында келіп, ұлы армияларыңызбен қауышқан екен. Ол өзі барша қазақты бастап ұлы Еженмен қарым-қатынас орнатқандығы260 туралы хабарды хат арқылы біздің барлық ру-тайпаларымызга жеткізген. Осыдан хабардар болған соң біздің Қожабергеніміз әскер бастап қашкын Әмірсананы тұтқындауға шықты. Ол мені сіздер, цзянцзюнь-ұлықтармен кездесіп, сіздерге сәлем беруге жіберіп отыр. Бізде хат жазатын адам жоқ, сондықтан мұнда біз өзіміз келіп, өз аузымыз бен өз тілімізді сенім хат ретінде пайдаланбақпыз»[56].

Бұл жолдардан Абылайдың қол астындағы хандарынан, батырларынан, қарашасына дейін бір ауыздылықты сақтап, өздерінің ішкі саясатынан айнымағаны анық аңғарылады.

Осыдай кейінгі мәлімдемеде 9-күні Қожаберген мен Қара Барақтың 60-тан астам адамдарын бастап қытай жағына кездесуге келгені баяндалады.

«… Шай ішу барысында біз Қожаберген мен Қара Барақтың осында келулерінің мақсатын сұрап едік, олар былай деді:

«Біздің әскер бастап келгендегі мақсатымыз кырғыннан қашқан жоңғар тайпаларын барымталап, олардың қашып шыққан адамдарын олжалау болатын. Біз шекарамызды шарлай келе, сіздердің ұлы армияларыңыз Тарбагатайдың күнгей жағында болар деп ойладық та, сіздердің шекарамызға жақын келгендіктеріңізді білмеппіз. Келе жатқан жолымызда біз Абылай батырдың ұлағатты Еженмен қарым-қатыныс орнатып, Әмірсананы тұтқындауға кіріскендігін естідік. Біз өзіміз де Қазақ жеріндегі мәртебелі адамдармыз. Мен, Қожаберген, 10 000 түтін баскарамын. Ал мына Қара Барақ 20 000 түтін басқарады. Абылай ұлы Еженмен карым-қатынас жасау үшін елші жіберіп, хат көтергенімен, алдыларыңызға өзі келмеді. Ал біз болсақ, сенімділігімізді хатпен емес, өз тілімізбен білдіру үшін осында келіп, сіздермен қарым-қатынас жасап отырмыз. Абылай ұлы Еженге жақын болса, міне, мен сіздерге жақын болдым»[57].

Аталған сөз алмасудан көріп отырғанымыздай, Қожаберген бұл арада оларға Абылай туралы ерекше ескерту жасайды. Атап айқанда: «Абылай ұлы Еженмен карым-қатынас жасау үшін елші жіберіп, хат көтергенімен, алдыларыңызға өзі келмеді. Ал біз болсақ, сенімділігімізді хатпен емес, өз тілімізбен білдіру үшін осында келіп, сіздермен қарым-қатынас жасап отырмыз. Абылай ұлы Еженге жақын болса, міне, мен сіздерге жақын болдым» деу арқылы, «сендер Абылаймен тең емессіңдер, ол патшаларыңмен ғана сөйлеседі, керек болса хат жазысады, ал мен өздерің дәрежелес әскери басшымын. Дәрежем сіздермен тең» дегенді тұспалдайды.

Мейлі қазақтардың шығысқа беттеген көші болсын, мейлі қытаймен болған барлық байланысында болсын Абылайдың ең сенімді адамының бірі – Қожаберген батыр болғанын тарихи құжаттардың бәрі де растап отыр.

«Қожаберген – өз заманының саясаткері, қайраткері. Абылай сұлтанмен үзеңгілес болып, қазақ елінің тыныштығын сақтауға, қытай елімен бейбіт өмір сүруге бет бұрған. Оны ел арасында ғана емес, қытайлар да құрмет тұтып, қадірлеп, сыйлап, Абылаймен тең көрген. Сондықтан оның есімі батыр ретінде, стратег ретінде тарихтан өз орнын алуға тиіс. Қожаберген батырдың өмір тарихында бізге беймәлім тұстары өте көп. Оның ішінде жоңғар шапқыншылығы кезіндегі күресін зерттеу маңызды»[58].

Қытай-қазақ сауда қарым-қатынастары туралы сөз болғанда да қытай деректі құжаттарында аты аталатын қазақтар мен шүршіт-қытайлар арасындағы сауда байланысының басталуы Абылай хан, Әбілпейіз сүлтан, сондай-ақ Қабанбай, Қожаберген және Дәулетбай сынды қазақтың көрнекті тұлғаларымен тікелей қатысты болып отырады. Бүгінгі сөзбен айтқанда Абылай бастаған қазақ мемлекетінің сауда-саттық істеріндегі басты адамның бірі – мемлекеттік деңгейде іс атқарушы Қожаберген батыр болғаны көрінеді.

Қожаберген батыр Жәнібекұлының тұтас өмірі мен күрес жолынан қарағанда – оның қазақ ұлтының азаттық, теңдігі жолында Абылайға адал серік болып қазақ жерінің Шығыс қақпасын жаудан босатып, халықтың сол өңірге қоныстануына ерекше еңбек еткені көрінеді.

Демек, Абылай сынды қайталанбас дипломат, ерен тұлғаның көп істі Қожабергенге сеніп тапсыруы жайдан-жай болмаса керек. Абылай тұлғасының асқақ болғаны сияқты Қожабергеннің де жай батыр емес, саяси тұлға ретінде сомдалғаны айқын аңғарылады.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

[1] «Ана тілі» газеті. http://anatili.kazgazeta.kz/news/49909

[2]  Бұл да сонда.

[3] Әбуев Қ. Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» беттерінен. – Алматы, 1994 жыл.

[4] БНМАУ-ын түүх, 2-р боть, Улаанбаатар хот. 1968. 146 бетте

[5]  Бұл да сонда.

[6]  Мыңжани Н. Қазақтың қысқаша тарихы. – Алматы, 1994 жыл.

[7] М.Мағауин, «Қазақ тарихының әліппесі», Алматы, 1995 ж, 115-бет.

[8] «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы» (ежелгі және ортағасырлық кезең). Монографиялық зерттеу. – Алматы: «Адамдар» ЖШС. 2007 жыл. 232-233 бет.

[9] З. Тайшыбай. Қазақтың ханы – Абылай. Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдар. Бірінші том. –Алматы, 2011. 478 б.

[10] Путешествие на озеро Зайсан и в речную область черного Иртыша до озера Маркакуль и горы Сарытау летом 1863 года Карл Струве и Григория Потанина СПб.1867. с 507-508.

[11] Аристов Н.А. Заметки об этнографическом составе тюрских племен//Живая старина вып. ІІІ-IV..1892. с 315.

[12] Вельяминов-Зернов И. Исторические известия о киргиз-кайсаках за 1748-1765 года. Уфа, 1853. с.113-114

[13] Г.Н. Потанин. Очерки Северо-Западной Монголии. т.ІІ. Спб.1881.с2

[14] Қазақтың ханы – Абылай: Дәуірі өмірі мен қызметі//Ғылыми басылым, құрастырған З. Тайшыбай. – Алматы: Ел шежіре, 2011. Т.1 – 456, 533-534 беттер.

[15] Еженханұлы Б. Қожаберген батыр (1756-1767 жылдарда қалыптасқан мәнжу-қытай мұрағат құжаттары негізінде). – Алматы: Арыс, 2017. – 496 бет.

[16] Кытайская империя и казахские ханства XVIII-XIX вв. Сборник документов и материалов. – Алматы,, 1989. -.1.с.109-112

[17] Б. Еженханұлы. Қожаберген батыр. – Алматы, 2017.

[18] Бұл да сонда.

[19] Бұл да сонда.

[20] Қазақстан тарихы: зерттеулер, құжаттар. 100 құжат. Алматы, Санат, 1998 ж. 30 бет.

[21] 100 құжат. «Қазақ хандығы мен Чиң империясының арасындағы қарым-қатынастарға байланысты құжаттар». Алматы,  «Санат» баспасы. 1998  жыл, 21-22  беттер.

[22] Бұл да сонда. 22-23 беттер.

[23] Жамбыл Омари. «Бұқар жырау» 172-176 беттер.

[24] Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. – Алматы: «Санат», 1996 г. 254 с.

[25] Мұхаметхан Н. Қытай қазақтарының қоғамдық тарихы 1860-1920. Алматы: Қазақпарат, 2000. 103-б.

[26] М.Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі», «Қазақстан» баспасы, Алматы, 1995 жыл.

[27] Абақ керей шежіресі. Күйтін: Іле халық баспасы, 1994. 29 бет.

[28] Кузнецов В.С.Цинскаяимперия на рубежах Центральной Азии.Новосибирск, 1983, 29 бет.

[29] Бұл да сонда.

[30] Қазақтың ханы – Абылай: Дәуірі өмірі мен қызметі//Ғылыми басылым, құрастырған З. Тайшыбай. – Алматы: Ел шежіре, 2011. Т.1 – 456, 503 бет.

[31] «Қазақ хандығы мен Цин патшалығының саяси-дипломатиялық қатынастары туралы қытай мұрағат құжаттары» І том. No39 құжат,    (Еженханұлы Б аудармасы), «Дайк – Пресс» баспасы, Алматы. 2009 жыл, 190-192 беттер.

[32] Бұл да сонда. 47-50 беттер .

[33] Бұл да сонда. No53 құжат . 75-76 беттер.

[34] Бұл да сонда, №54 құжат, 77-78 беттер.

[35] Еженханұлы Б. Қазақ хандығы мен Цин патшалығының сауда қатынастары туралы қытай мұрағат құжаттары. I том. – Алматы: Дайк-Пресс, 2009 – 40-41 беттер.

[36] «Қазақ хандығы мен Цин патшалығының саяси-дипломатиялық қатынастары туралы қытай мұрағат құжаттары» І том. No99 құжат,    (Еженханұлы Б аудармасы), «Дайк – Пресс» баспасы, Алматы. 2009 жыл, 161-162 беттер.

[37] Қазақтың ханы – Абылай: Дәуірі өмірі мен қызметі//Ғылыми басылым, құрастырған З. Тайшыбай. – Алматы: Ел шежіре, 2011. Т.1 – 456, 533-534 беттер.

[38] Еженханұлы Б. Қазақ хандығы мен Цин патшалығының сауда қатынастары туралы қытай мұрағат құжаттары. I том. – Алматы: Дайк-Пресс, 2009 – 60-61 беттер.

[39] Еженханұлы Б. Қожаберген батыр (1756-1767 жылдарда қалыптасқан мәнжу-қытай мұрағат құжаттары негізінде). – Алматы: Арыс, 2017 жыл. 71-79 беттер

[40] Нәбижан М. Қытай қазақтарының қоғамдық тарихы 1860-1920 …104-б.

[41] Қазақтың ханы – Абылай: Дәуірі өмірі мен қызметі//Ғылыми басылым, құрастырған З. Тайшыбай. – Алматы: Ел шежіре, 2011. Т.2 – 92 бет.

[42] Еженханұлы Б. Қожаберген батыр (1756-1767 жылдарда қалыптасқан мәнжу-қытай мұрағат құжаттары негізінде). – Алматы: Арыс, 2017. – 79 бет.

[43] Хафизова К.Ш. Степные властители и их дипломатия в XVIII-XIX веках. Монография. – Нур-Султан: КИСИ при Президента РК, 2019. – 401 бет.

[44] Бұл да сонда.

[45] Бұл да сонда.

[46] Еженханұлы Б. Қожаберген батыр (1756-1767 жылдарда қалыптасқан мәнжу-қытай мұрағат құжаттары негізінде). – Алматы: Арыс, 2017. – 308 бет.

[47] Бұл да сонда. 90 бет.

[48] Бұл да сонда. 91 бет.

[49] Бұл да сонда. 101-102 беттер.

[50] Жұлдызбек Қойшыбайұлы «Қазақ батырларының тағдыры. Қожаберген Жәнібекұлы»

[51] Еженханұлы Б. Қожаберген батыр (1756-1767 жылдарда қалыптасқан мәнжу-қытай мұрағат құжаттары негізінде). – Алматы: Арыс, 2017. – 410-414 беттер.

[52] Ж.Шәкенұлы «Қытайдағы қазақтар» – зерттеулер, Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2007 жыл.

[53] Еженханұлы Б. Қожаберген батыр (1756-1767 жылдарда қалыптасқан мәнжу-қытай мұрағат құжаттары негізінде). – Алматы: Арыс, 2017. – 418-420 беттер.

[54] Бұл да сонда. 33 бет.

[55] Светлана Смағұлова мақаласы.  «Ана тілі» газеті. http://anatili.kazgazeta.kz/news/49909.

[56] Бахыт Еженханұлы «Қожаберген батыр», «Арыс» баспасы, Алматы, 2017 жыл.

[57] Бұл да сонда.

[58] Светлана Смағұлова мақаласы.  «Ана тілі» газеті. http://anatili.kazgazeta.kz/news/49909.

Жәди Шәкенұлы

«Тұлпарлар дүбірі» кітабынан

Ұқсас жазбалар