«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Ресейдегі Сібір татарларын «Сібір түркілері» деп атауымыз керек – тарихшы

Авторы tugurul
23 қаралым

Материал https://kaznews.mn/sibir-turkileri/  сайтынан алынды.

 

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы Сібір татарларының қазаққа туыстығы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақтың тарихын қазақтың бүгінгі территорясы шеңберінде ғана зерттесек, толық мағлұмат ала алмаймыз. Әсіресе қазақтың ортағасырлық тарихын зерттегенде, оның географиялық шеңбері Алтайдан Карпат тауларына дейін болуы керек. Орта ғасырларда Қыпшақ пен түркі тайпалары біртұтас халық болған. Кейін орта ғасырдың соңына қарай, 15-16 ғасырда біртұтас Түркі халқы өз алдына отау болып, бөлініп-бөлініп кетті. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген мақал бар. Сөйтіп, 18-19 ғасырда отаршыларға жем болдық», – деді тарихшы «Ұлы Даланың жеті қыры: Сібір ұлысы және Тайбұға Қазақстан тарихында» ғылыми-практикалық конференциясында. А. Күзембайұлы Сібір деген үлкен ел бар екенін, бүгінгі қазақ Сібірді бөтен ел, бөтен жер деп есептейтінін айтты. «Бүгінгі қазақ Сібірде тұрып жатқан түркілердің хал-жағдайын білмейді. Өзім Сібірді көп араладым, Түмен қаласынан келгеніме бір апта болды. Ол жердегі халықты «Сібір татарлары» дейді. Олар «Сібір татарлары» емес, «Сібір түркілері». Олардың Еділ бойындағы Қазан татарларынан айырмашылығы жер мен көктей. Тілі де, түбі де, түрі де, антропологиялық бет-әлпеті де, тілі де, діні де біздің қазаққа ұқсайды. Тілінде ерекшеліктер бар, оның өзінде де Сібір татарлары бірнеше диалектімен сөйлейді. Оның ішінде Тобылдың солтүстігінде Саз татарлары (Заболотные татары) бар, олар таза қазақша сөйлейді», – дейді А. Күзембайұлы. Маманның айтуынша, қазіргі негізгі мәселе – Сібір хандығымен қай кезде жолымыз бөлінгенін анықтау.

«Ноғаймен бөлінгенді білеміз, «Он сан ноғай айырылды» деген Кетбұға жыраудың шығармасы бар. Ал Сібірдегі ағайыннан қай кезде бөлінгеніміз беймәлім. Қазір негізгі мақсат осы, Сібірдегі түркілерінің тарихын зерттеу. Бүгінде Сібірдегі түркілер ешкімге қажет емес, қазаққа ғана керек, себебі олар біздің бауырларымыз. Өткен жылы ешкім елеген жоқ, Сібір хандығының, Тайбұға жұртының құрылғанына 800 жыл болды. 1220 жылы Тайбұға деген 12 жасар бала Алтайдан келіп, Ертіс, Тобыл өзендерінің бойында мемлекет құрған. Оны Ресей де, Қазақстан да атап өткен жоқ, өздері де білмейді.

Тобыл қаласының жанында бұрын Искер деген қала болған. Оны біздің бабаларымыз салған. Сол Искерде Сібір түркілері жыл сайын «жиын» деген шараны өткізеді екен. Осы жерде өздерінің шерін тарқатып қайтады екен. Соған біздің Қазақстаннан бір ғалым, журналист немесе ақын-жазушы барған емес. Соңғы сапарымда осыны ойға түйіп қайттым. Сондықтан бұлардың тарихын терең зерттеп, қазаққа да, Сібірдегі түркілерге де сіңіретін болсақ, біздің ұлысымыз кеңейеді, «Елге ел қосылса – құт» деген қазақтың мақалы бар. Сондықтан, алыстағы ағайынды ішке тартып, толып жатқан мәдени шараларымызға ноғай, қарақалпақ, Сібірдегі түркілерді де шақырсақ, одан біз ұтпасақ, ұтылмаймыз», – деді тарихшы.

Айта кетейік, Тайбұға – Керейдің Тұғырыл ханының ұлы Ұйқыдан тараған ұрпағы, алғашқы Сібір хандарының бірі. Маманның айтуынша, тайбұғалықтар 100 жылға жуық Сібірді биледі. Осы кезде Шибан әулетінен шыққан Көшім хан Сібірдегі билікке таласады. Тақ таласы 300 жылға созылып, екеуі де Мәскеу патшалығының құрамына енген. «Тарихи сана – патриотизмнің негізі.

Тарихи санасы жоқ адам ешқашан патриот бола алмайды. Ал тарихи санасы бар адам патриот болмай тұра алмайды. Сондықтан, тарихи сана – біздің қоғамның іргетасы. Осы іргетас берік болуы керек. Оны өзіміз ғана біліп қоймай, басқа халықтарға да білдіру керек. Сібірді, Солтүстік Кавказды, Орталық Азияны мекендеп жатқан – бір халық, ол Түркі халқы деген ұғым болуы керек. Қазақ, қырғыз, өзбек болып бөлінетін болсақ, тарихтан ойып тұрып орнымызды ала алмаймыз», – деді Аманжол Күзембайұлы.

Ұқсас жазбалар