«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Абайды тұңғыш рет баспасөзде танытқан тұлға

Авторы tugurulhan.kz
819 қаралым

Әлихан Бөкейхановтың аса мол еңбегінің бір саласы қазақ хал­қы­ның тарихы мен мәдениетіне арналған.

Атақты орыс ғалымдары П.Семенов Тянь-Шанский мен академик В.Ла­манскийдің басқаруымен «Россия. Полное географическое описание нашего Отечества» атты көптомдық кітап шыққаны белгілі. Сол көптомдық кітаптың 18-томы қазақ халқының тарихына арналып, ол – «Киргизский край» деп аталған. Бұл кітап 1903 жылы Петербургта басылып шыққан (көлемі 478 бет). Осы 18-томды жазуға қатысқан орыс ғалымдарының ішінде қазақтан жалғыз Әлихан Бөкейханов.

Кітаптың Әлихан жазған тарауларын бұл арада түгелдей атап айтып, талдап жатпаймыз. Қазақ халқы және оның мәдениеті жайындағы қорытып айтқан қысқаша ой-пікірін ғана келтіреміз: «Среди тюрков, кочующих в Азии киргиз-казахи наиболее культурный народ, и несомненно, что ему предстоит лучшее будущее: количество его увеличивается, и он оказывается восприимчивым к культурным приобретениям…

О сравнительной культурности киргиз-казахов можно судить от части по характеру языка, по способности и форме излагать свои мысли, по богатству народной литературы и наконец по состоянию развития искусств» (стр. 20).

Қазақ халқының рухани мәдениет байлығын баяндай келіп, ауыз әдебиетінің түрлеріне тоқталады. Халық дастандарына сипаттама беріп, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанын талдап, оның көркемдігін жоғары бағалайды. Шортанбай, Но­ғай­бай сияқты жеке ақындарды атап айта келіп, Абайға ерекше тоқталады. Абайды қазақтың жаңа әдебиетінің көшбасшысы деп біледі: «Наконец, как представителя нового течения в киргизской поэзии, следует назвать Кунанбаева (кітапта: «Кнонбая» деп басылған. – Қ. М). – автора многих стихотворений изя­щ­ных по форме и поэтических по содержанию (особенно описания природы). Этому же автору принадлежат хорошие переводы «Евгения Онегина» (Пушкина – Қ.М) и многих стихотворений Лермонтова (который оказался наи­более понятным для киргиз), таким образом у семипалатинских оленши (певцов) можно слышать, например, «Письмо Татьяны» распеваемое, конечно, на свой мотив».

Сөйтіп, тұңғыш рет баспасөз жүзінде, 1903 жылы, ақынның көзі ті­рісінде, Абайды қазақтың жаңа жазба әдебиетінің атасы деп, ардақтап атап, бүкіл Россияға әйгілеген адам – Әлихан Бөкейханов.

Әлихан Абайдың ақындық өнерімен 1899 жылдан бастап жақсы таныс болған. Абай қайтыс болған соң, Әлихан Бөкейханов ақынның өмірбаянын орыс тілінде жазып, Семей қаласында шығып тұратын «Семипалатинский листок» атты газетте 1905 жылы жариялады.

Содан екі жыл өткеннен кейін
1907 жылы «Записки Семипалатинского Подот­дела Западно-Сибирского отдела Императорского русского географического общества» деп аталатын кітапта Абайдың өмірбаяны ақынның 1896 жылы түскен фотосуретімен бірге тағы басылып шықты.

«Түркістан», №32. 9 тамыз. 1995

Ұқсас жазбалар