«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Түркі тұтастығын аңсаған

Авторы tugurulhan.kz
602 қаралым

Т.Рысқұлов 1894 жылы 26 жел­тоқ­санда Жетісу облысы Вер­ный­ уезінің Шығыс Талғар болысында жылқышы Рысқұл Жыл­қайдарұлының отбасында дүниеге келді. Рысқұл – орта тап болса да, өр мінезді, бай-болыстарға кеудесін бастырмаған тұлға. Нақақ жалаға ұшыраған ол 1904 жылы 20 желтоқсанда Шығыс Талғар болысын­ атып өлтіреді.

Жандармерия Рысқұлдың туыстарын, оның ішінде 10 жасар Тұрарды да, Талғардан Бесағашқа, сосын Боралдайға зорлап қоныс аударады. Жалғыз ұлы Тұрардың тағдырына алаңдаған Рысқұл 30 желтоқсанда полицияға берілуге мәжбүр болды.­ Рысқұл Верный түрмесінің әкімшілігіне шағымданып, ұлын қасына алдыртады. Тұрар әкесімен бірге Верный түрмесінде бір ­жарым жыл өмір сүреді. Түрме ауласын сыпыру, тауық бағу, түрме бастығы Приходьконың балаларын ат ­арбамен гимназияға тасу сияқты міндеттерді атқарады. 1906 жылы 28 шілдеде Рысқұл Қапал-Аягөз-Семей арқылы Сібірге жаяу айдалады.
1907 жылы Тұрарды туыстары­ Әулиеата уезінің Меркі ауылына апарып, Қырғызбаев деген фамилиямен орыс-түздік мектебінде оқытады. Нағашы атасы байлардың үстеме несиелеріне борышкер­ ­болып, қуғынға ұшыраған кезде­ Тұрар да зәбір көреді. Олар атасының сиырларын тартып алып, 30 шақырым жердегі базарға дейін Тұрарға жаяу айдатады. Жол бойы қамшымен ұрып-соғады. Тұрар біраз уақыт тергеуші А.П.Семашконың хат-хабар таратушысы болып жұмыс істейді. Жастайынан қазақ байлары мен келімсек орыс кулактарының қорлығын көрген Тұрар тез есейді. Ұлттық және әлеуметтік езгіге қарсы күрес оның өмірлік мұратына айналды.
Меркідегі ұстаздары Тұрарға ерекше ықылас танытты. Олар оқуын бітірген Тұрардың қолына хат ұстатып, Пішпекке жібереді. Тұрар 1914 жылы күзде Пішпек ауылшаруашылығы училищесін бағбан мамандығы бойынша бітіреді. Білімін жетілдіру үшін Самарадағы бірінші дәрежелі ауылшаруашылық училищесіне емтихан тапсырады. Бірақ комиссия 250 талапкер ішіндегі жалғыз қазақ баласын оқуға қабылдаудан бас тартады. Тұрар 1915 жылы Түлкібастағы туыстарын паналайды.­ Бұл тұста Жетісу теміржолының Арыс-Әулиеата бөлігі салынып жатқан болатын. 1915 жылы теміржолдың Түлкібас бөлімшесінде инженер­ М.Тынышбаев басшылық жұмыстарда жүрген еді. Атақты Рысқұлдың талантты баласы Тұрардың Түлкібаста жүргенін естіген М.Тынышбаев оны өзіне шақыртып алады. М.Тынышбаев Тұрардың ақыл-ойына, біліміне көңілі толып, 150 сом қаржы беріп, оқуға аттандырады.
1916 жылы Тұрар көтеріліске шыққан халық жағында болды. Көтеріліс кезінде Тұрар Ташкенттен Меркіге келеді. Көтерілістің өршіген тұсында Тұрарды жергілікті полиция тұтқындайды, бірақ кінәсін дәлелдей алмай, амалсыз босатуға мәжбүр болады.
Ташкентке оралған Т.Рысқұлов 1916 жылы қыркүйекте Ташкент­ Мұғалімдер институтының ­директорынан қабылдау емтихандарын тапсыруға рұқсат алып, оқуға түседі. Оқи жүріп, бағбандық жұмысын жалғастырады. Қара­жат қыспағынан құтыла алмаған Тұрар 1916 жылы қазан айында институт директорына мынадай хат жазады:
«Его Превосходительству ­Господину Директору Ташкентского учительского института от воспитанника Турара Рыскулова. Прошение. Желая обзавестись, в виду ­наступающей зимы, одеждой, как-то: калошами, одеялом, нижним бельем, а также учебными пособиями, но, не имея сколько-нибудь денег для приобретения таковых, честь имею просить Вась исходатайствовать, сколько можно, мне денежного пособия, так как у меня нет ни родителей, какого-нибудь значительного лица, от которых можно было бы ожидать помощи. 1916 г. 19 октября. Т.Рыскулов». Институт ­директоры жағдайын түсініп, Тұрарға 70 рубль бөлдіреді. Хат мазмұнынан Тұрардың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайының қаншалықты ауыр болғаны айқын көрініп тұр.

Т.Рысқұлов Ресей империясын үш ғасыр билеген Романовтар әулетін тақтан тайдырған Ақпан революциясы хабарын­ Ташкентте жүріп естиді. 1917 жылы көктемде Меркіге келген Т.Рысқұлов үлкен жиынның үстінен түседі. Меркі жанындағы жотада қаруланған мыңға жуық орыс мұжығы, екінші жотада қарусыз 5-6 мың қазақ тұр екен. Ал село жанында Уақытша үкімет әкімшілігі мен халықтың бетке ұстарлары жиналыпты. Т.Рысқұлов қаруланған орыстармен сөйлессе, олар 1916 жылы көтерілісте қазақтар малымызды ұрлап, егінімізді өртеді, сол үшін қазақтардан жарты миллион рубль контрибуция талап етеміз дейді, бермесе қару қолданбақ екен. Т.Рысқұлов орыс мұжықтарын көтерілістен кейін қырғынға ұшыраған қазақтардың малдарын иемденіп, «шығындарын» еселеп­ қайтарып алғандарын, сондықтан да олардың бұл талаптарының заңсыз екенін айтып айыптайды. Ал қазақтарға ешқандай контрибуция төлемеуді, жергілікті басқарманың көшпелі қазақтардан контрибуция өндіріп алу ­туралы әрекетінің заңсыз екенін мәлімдейді. Ызаланған орыс кулактары­ Т.Рысқұловты айырмен түйреп өлтірмек болады. Меркі полициясы Т.Рысқұловты тұтқындап, басқармаға жеткізеді.
Т.Рысқұловтың Меркіге келіп қызу саяси­ істермен шұғылданып жатқанын естіген бала күнгі достары мен сауатты ­жастар Әулиеата, Пішпек, Талас, Шу, Қордай аудандарынан Меркіге ағыла бастайды. Т.Рысқұловтың жанына бірте-бірте Сыдық Абланов, Ысқақ Әсімов, орыс мұғалімі ­Андреев, Кененбай Бармақов, Мақсұт ­Жылысбаев, Кәрімбай Қошмамбетов, ­Мамыров, Жүзбай Мыңғыбаев, ағайынды Жүсіпәлі және Әшімжан Нұршановтар, Қабылбек Сарымолдаев, қырғыз Тұрдалы Тоқбаев, жалпы саны 30-дан аса қазақ, қырғыз және демократиялық көңіл күйдегі орыс жастары жиналады. Т.Рысқұлов саяси тұрақсыздық жайлаған кезеңде көшпелі халықтың саяси құқықтары мен әлеуметтік жағдайын қорғау мақсатымен «Бұқара» атты ұйым құрады. Кейінгі жылдары өзгерген саяси ахуалдың ықпалымен ұйымның аты «Қазақ жастарының революциялық одағы» болған еді деп көрсетілді.
Т.Рысқұлов 1917 жылы жазда ­Ташкентке оралып, саяси процестерге белсене араласады. Ташкентте 1917 жылы 2-5 тамызда­ Түркістан өлкесін мекендеген қазақ пен қырғыз халықтарының алғашқы жалпы жиналысы болды. Қазақ-қырғыз жиналысына Түркістан өлкесіне жақсы танымал көптеген ұлт қайраткерлері, атап айтқанда: М.Тынышбаев (төраға), М.Шоқай, барлығы 84 кісі қатысады. Сырдария облысындағы қазақ пен қырғыздың іс-әрекетін үйлестіру мақсатында құрылған қазақ-қырғыз орталық кеңесіне Т.Рысқұлов, С.Өтегенов, Ә.Көтібаров, Е.Қасымов, И.Тоқтыбаев, С.Қожановтар мүше болып сайланды. Кеңестің төрағалық міндеті Е.Қасымовқа, хатшылық Т.Рысқұловқа тапсырылып, кеңестің құрметті төрағасы ретінде М.Шоқай бекітілді.
1917 жылы 30 тамызда Ташкентте қазақ депутаттарының Түркістан өлкелік кеңесі құрылып, Т.Рысқұлов хатшы болып сайланады. 1917 жылы қарашада Түркістан большевиктері мен солшыл эсерлері қарулы күшпен билікті тартып алады. Түркістанда екі үкімет пайда болады, бірі – Ташкенттегі орыс большевиктері мен солшыл эсерлері билеген кеңес үкіметі, екіншісі – Қоқан қаласындағы мұсылмандар үкіметі. Т.Рысқұлов Ташкент кеңесімен араласпайды, Қоқанға баратын қаржысы болмайды.
1918 жылы қаңтарда Құрылтай жиналы­сының қуып таратылуы, ал ақпан айында Түркістан автономиясының қиратылуы Түркістан қайраткерлерін қиын саяси жағдайда қалдырды.
1914 жылдан бері жүріп жатқан бірінші дүниежүзілік соғыстың қиындықтарына байланысты Түркістан өлкесінде азық-түлік тапшылығы қатты сезіле бастаған болатын. 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісі мен оны қарудың күшімен басу кезінде көшпелі қазақтардың шаруашылығы қатты күйзеліске ұшырады. Ал 1917 жылы қос бірдей революциялық дүрбелеңнің кесірінен азық-түлік тапшылығы орын алды. Әсіресе, Әулиеата уезінде аса ауыр жағдай қалыптасты. Әулиеата уезіндегі саяси-әлеуметтік процестерге өзінің тікелей араласуы қажеттігін түсінген Т.Рысқұлов 1918 жылы көктемде институттағы оқуын уақытша тоқтатып, Әулиеатаға аттанады.
Т.Рысқұлов «Бұқара» ұйымы мүшелерін Әулиеатаға шақырып, саяси жағдайды талқылайды. Ол кезде Әулиеатадағы билік еуропалық большевиктер мен солшыл эсерлердің қолында болатын, олардың арасында мұсылмандар жоқ еді. Т.Рысқұлов қазақ жігіттеріне саяси билік пен әскери күшке ие болып отырған кеңес үкіметіне кіру керектігін, аштан қырыла бастаған қазақ жұртын арашалап алу үшін басқа жол­дың жоқтығын түсіндіреді. Осы күндері Т.Рысқұлов бастаған «Бұқара» ұйымының біраз мүшелері большевиктер партиясына өтеді.
Партия қатарына өткен соң Т.Рысқұлов бастаған қазақ қайраткерлері тез күш ала ­бастайды. Әулиеата уезінің мұсылмандары да, большевиктер мен эсерлер де Т.Рысқұловты беделді саяси тұлға ретінде мойындайды. Уездің аштан қырыла бастаған көшпелі халқына көмектесу үшін Т.Рысқұлов биліктегі орыс революционерлерімен келіссөздер жүргізеді. 1918 жылы 21 сәуірде Т.Рысқұлов Әулиеата қазақтарының тұңғыш съезін ұйымдастырады. 1918 жылы жазда­ Т.Рысқұлов Әулиеата уездік кеңесінің төрағасы болып сайланады.
1918 жылы сұрапыл ашаршылық Әулиеата уезін ғана емес, Түркістан өлкесін де тұтастай шарпыған еді. Ресейдің мақта өсіретін отар аймағына айналған Түркістанда астық аз егілетін. Ал азамат соғысы жағдайында Ресейден келетін астық тоқтап, халық аштан қырыла бастайды. Орыс большевиктері мен солшыл эсерлерден тұратын Түркістан үкіметі өлкедегі бар астықты монополиялап, тек қаладағы орыстар мен солдаттарды ғана асырауға кірісті де, мұсылман халқын азық-түлік қорына жолатпады. Көшпелі қазақтың малы ұстағанның қолында, тістегеннің ­аузында кете бастады. Қолына қару ұстаған кез келген­ кезбе қорғансыз қазақты аяусыз тонауға кірісті. Өлкелік билік бұл қырғынға көз жұма қарады. Бұл қырғынды тоқтатудың жалғыз жолы – өлкелік билікке бару керек екенін Т.Рысқұлов жақсы түсінді. 1918 жылы күзде Ташкентте өткен Түркістан кеңестерінің VI съезінде Т.Рысқұлов ТАКСР ОАК мүшесі болып сайланып, республиканың Денсаулық сақтау халық комиссары қызметіне тағайындалады.
Бірақ Т.Рысқұлов 1918 жылы 28 қарашада халком қызметінен бас тартып, Аштықпен күресетін Орталық Комиссия құрады. Ол кезде Т.Рысқұлов небәрі 24 жаста болатын, жастығына қарамастан қысқа уақыт ішінде үкімет құрамында үлкен бедел жинап, Түркістанға танымал­ қайраткерге айналды. Т.Рысқұловтың ұйымдастырушылық талантының арқасында орыс большевиктері мұсылман жұртшылығы ортасындағы сұрапыл ашаршылықты ­мойындап, азық-түлік пен ақша бөлуге мәжбүр болды. Аштықпен күрес комиссиясының республикалық, облыстық, уездік, болыстық және қалалық бөлімдері ашылып, бүкіл республикада 1200-дей қоғамдық тамақтандыру орындары, жетім балалар үйі, жұқпалы ауруларға арналған емханалар ашылады. Т.Рысқұловтың шақыруымен Түркістан өлкесінің 11 000 отаншыл жас­­тары комиссия бөлімшелеріне тартыл­ды. Бес-алты айға созылған арпалыс­тан кейін 1919 жылдың көктеміне қарай Түркі­станда ашаршылықтың беті қайтты. Статис­тикалық деректерге жүгінсек, төніп тұрған ажал тырнағынан тұп-тура 1 000 000 адам құтқарылған екен. Аштықпен күрес дегеніміз, ең алдымен ұлттың тұқымын сақтау жолындағы арпалыс болатын.
Т.Рысқұлов 1919 жылы ТКП ОК мүшелігіне қабылданады, ал одан ертерек, яғни 1918 жылы желтоқсан айында жасырын түрде «Иттихад-ва-Тараки» (Бірлік және Прогресс) партиясына кіреді. 1918 жылы желтоқсанда Ташкент қаласындағы Сағдулла Тұрсынқожаевтың үйінде белгілі түрікшіл қайраткерлер – Мүнәууар қари және ­Низаметдин Қожаевтармен бірге ­жасырын жағдайда өткен мәжілісте Т.Рысқұлов «Иттихад-ва-Тараки» партиясының ОК-не қабылданады. Яғни 1919 жылы бір мезгілде, ашық және жасырын жағдайда, екі бірдей партияның Орталық Комитетінің мүшесі болды. Осы уақыттан бастап Т.Рысқұловтың саяси күресінің өзегі – Тұтас Түркістан ­идеясы болды.
Т.Рысқұлов 1919 жылы сәуірде Түркістан Компартиясының ішінен жеке Мұсылман бюросын құрады. Ол Мұсбюроны Түркістанды билеп отырған еуропалық большевиктермен тайталаса алатын ұйымға айналдырып, Түркістан мұсылмандарының жеке саяси партиясы дәрежесіне дейін көтереді. Мұсбюро егеменді Түрік ­республикасын, Мұсылман армиясын құру бағытында күрес жүргізді. Мұсбюро 1917-1919 жылдары Түркістанның саяси өмірі мен мемлекеттік басқару жүйесінде орнығып қалған шовинистік дәстүрлердің іргетасына соққы беріп, шовинистердің аса ірі өкілдерін Түркістаннан кетуге мәжбүр етті.
РК(б)П ОК Т.Рысқұлов басқарған Мұсбюроның ұлт мәселесі бойынша ұстанған саясатынан қатты қауіптенеді. Негізгі халқы ислам дінін ұстанып отырған Түркістан өлкесінің тізгінінен айырылып қалудан қорықты. Осылайша, Түркістанның өз ішіндегі саяси күресте жеңіп шыққан Т.Рысқұлов бастаған мұсылман комму­нистері келесі кедергіге, РК(б)П ОК-нің Мәскеуден Түркістанға арнайы жіберген эмиссарлық органы – Түріккомиссияға тап болды. Түріккомиссия 1919 жылы 8 қазанда құрылып, оның құрамына: Ш.З.Элиава, М.В.Фрунзе, В.В.Куйбышев, Ф.И.Голощекин және Я.Э.Рудзутак кірді. Түріккомиссияға жүктелген міндеттердің ең бастысы – Түркістанға коммунизм прин­циптерін енгізу болатын. 1919 жылы 4 қарашада Ташкентке келген Түрікко­мис­сия Түркістан майданының қолдауына сүйене отырып республикадағы саяси-мемле­кеттік билікті өз қолына жинап алуға тырысты.
1920 жылы 21 қаңтарда Т.Рысқұлов ТАКСР ОАК төрағасы болып сайланды.­ Т.Рысқұлов – Түрікатком тарихында төраға болған жергілікті халықтың тұңғыш өкілі. Ол Түрікатком төрағасы болып 1920 жылдың 19 шілдесіне дейін қызмет атқарды. Т.Рысқұлов уақытында Түрікатком Түркістанның тарихи-объективті жағдайын басшылыққа алып жұмыс істейтін органға айналды. Т.Рысқұловтың Түрікатком төрағасы қызметінде істеген жұмысының ең бастысы және маңыздысы – Түркістан Республикасының саяси-мемлекеттік егемендігі жолындағы табанды күресі болды. Бұл саясатты іске асыру үшін Т.Рысқұловқа Түріккомиссиямен, Түркістан майданы Революциялық-әскери кеңесімен және РК(б)П ОК-мен күресуге тура келді. Т.Рысқұловтың есімі – Тұтас Түркістан идеясының баламасына айналды!
РК(б)П ОК-нің ұлт саясатына наразы болған Т. Рысқұлов 1920 жылы Түркістанның егемендігі мәселесімен Мәскеуге ­барып, В.И.Ленинмен қызу саяси тартысқа түскені үшін артынан қатты қуғындалды. Т.Рысқұловпен бірге Мұсбюроның барлық қайраткерлері қуғын-сүргінге ұшырады. Мәскеуде Т.Рысқұлов пен А.Байтұрсынов бірігіп ұлт мәселесі бойынша В.И.Ленинге көлемді хат тапсырады. Сондай-ақ А.Байтұрсынов, М.Сұлтанғалиев және түркі халықтарының он шақты қайраткерлерімен бірге жалпытүркілік мәселелер талқыланған құпия кеңесін ұйымдастырады.
Түрік Кеңес республикасын құру үшін күрескен Т.Рысқұловты РК(б)П ОК 1920 жылы жазда Түркістаннан ­кетуге мәжбүр етті. Т.Рысқұлов 1920 жылы қыркүйекте ­Бакуде өткен Шығыс халықтарының І-съезіне қатысады. Съезде ұлт және отар мәселесі ­бойынша негізгі баяндаманы жасаған РКФСР Ұлт істері жөніндегі халкоматының коллегия мүшесі М.Павловичтің баяндамасына орай болған жарыссөзге қатысып, сөз сөйлейді. Съездің фракциялық мәжілістерінде Т.Рысқұлов РК(б)П-нің ұлт саясатын айыптап, саяси пікірталастар ұйымдастырады. Т.Рысқұлов съезге келген Кавказ, Түркістан, Сібір, Моңғолия, Тибет, Персия және Үндістан делегацияларын ұйымдастырып, Ресейдің Шығыс халықтарына қатысты жүргізіп отырған саясатын қатаң сынға алады. Аталған делегациялардың 23 мүшесінің қолын қойдыртып, В.И.Ленинге хат жолдайды.
1920 жылы 14 қазанда РК(б)П ОК ­Саяси Бюросы «БОАК мүшесі Рысқұловтың жұмысы туралы» мәселені қарап, «Түріккомиссияның барлық мүшелерінің пікірі келіп түскенге дейін Рысқұловты Ұлт істері жөніндегі халкоматы коллегиясының құрамына енгізу туралы шешім кейінге қалдырылсын» деп, оны аталған халкомат құрамына жауапты жұмысқа жібереді. Бірақ И.В.Сталин оған қарсы болып, Т.Рысқұловқа жұмыс бермей, Мәскеуден алыс ұстау үшін 1921 жылы 6 қаңтарда Әзербайжан ХКК төрағасы Н.Наримановқа хат жазып, Т.Рысқұловты орталықпен байланыс үшін кеңес беру құқығы бар комиссариаттың өкілетті өкілі етіп Бакуге ауыстырады.
Т.Рысқұловтың РКФСР Ұлт істері жөніндегі халкоматының Әзербайжандағы өкілетті өкілі қызметін 1921 жылы қаңтар-сәуір айларында ғана атқаруға мүмкіндігі болады. Өйткені Бакуге кетер алдында Мәскеуде Т.Рысқұловтың жұбайы мен үш айлық баласы Ескендір жұқпалы ауру жұқтырып, отбасын Түркістанға әкеліп орналастырады. Т.Рысқұловтың өзі де науқастанады. Бакуде Т.Рысқұлов қосымша өкпе ауруын жұқтырып алады. Қатты науқастанып жүргеніне қарамастан Т.Рысқұлов 1921 жылы ақпанда Әзербайжан Компартиясының ІІІ-съезіне, наурызда Мәскеуде өткен РК(б)П Х съезіне, ­сондай-ақ­ Түркі халықтары коммунистерінің ІІ-кеңесіне қатысып, ұлт мәселесі бойынша баяндамалар жасайды. ІІ-кеңесте РК(б)П ОК-ның түркі халықтарына қатысты саясатын «қызыл империализм» деп айыптайды.
1921 жылы сәуірде науқасы асқынған Т.Рысқұлов қымызбен емделу үшін Бакуден Ташкентке қайтады. Түркістанға келіп 1921 жылы қыркүйегіне дейін емделген Т.Рысқұлов толық жазылмаса да Мәскеуге келеді. Т.Рысқұлов тек 1922 жылы шілде айының ортасынан бастап қана қызметке тұрақты кіріседі. Көп ұзамай, Т.Рысқұлов 1922 жылы 16 тамызда РКФСР Ұлт істері жөніндегі халкоматының Ұлттар кеңесі мәжілісінде ашық дауыс беру жолымен комиссардың орынбасары болып сайланады. Дауыс берген 16 адамның барлығы тек Т.Рысқұловты ғана бірауыздан жақтап шыққан. Осыған қарамай, Саяси бюроның 1922 жылы 24 тамызда өткен мәжілісінде Г.И.Бройдо І-орынбасар, Т.Рысқұлов ІІ-орынбасар етіп бекітілді.
1922 жылы көктемінде қирап бара жатқан Түркістандағы халық шаруа­шылығын қалпына келтіру мен асқын­ған «басмашылықты» тоқтату үшін Т.Рысқұловты Түркістанға қайта жіберу мәселесі көтеріле бастады. И.В.Сталин 1922 жылы 14 мамырда Г.К.Орджоникидзеге жолдаған хатында: «Түркістандық коммунистерді еркелете берудің қажеті жоқ, олар ондай құрметке лайық емес, соңғы екі жыл олардың барлығы жиылып жалғыз Рысқұловқа татымайтындығын айқын көрсетті, мен оның (Түркістанға) қайта оралуына қарсы емеспін» деп, Т.Рысқұловтың қайраткерлік тұлғасына ерекше баға береді. Көп ұзамай, РК(б)П ОК 1922 жылы қыркүйекте Түркістанның қираған шаруашылығын қалпына келтіру үшін Т.Рысқұловты Түркістанға қайтарып, ХКК төрағасы етіп тағайындау туралы шешім шығарады. ТАКСР Халкомкеңесінің 1922 жылы 8 қазандағы №442 қаулысына сәйкес, Т.Рысқұлов төраға қызметіне кіріседі. Бұл кезде ол небәрі 28 жаста еді.
Т.Рысқұлов Түркістан Республикасының мемлекеттік басқару аппаратын қысқарту және оның үйлесімді жұмыс істеуін қам­тамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлді. 1922 жылы күзде республиканың түрліше деңгейіндегі басқару аппараттарында 110 000 адам қызмет атқарған болса, 1923 жылы 1 қаңтарда Т.Рысқұлов штатты 11 170 адамға дейін қысқартады.
Т.Рысқұлов 1922 жылы күзде С.Қожанов­пен бірге И.Сталинге хат жазып, заңсыз тұтқындалған Алаш көсемі Ә.Бөкейхановты Қарқаралы түрмесінен босатып алды. Азамат соғысынан кейін қуғын­далған Алаш қайраткерлері – М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, М.Әуезов және т.б. көптеген тұлғаларға Түркістанға келіп шығармашылықпен, қоғамдық-мәдени істермен айналысуға қамқорлық жасады.
Т.Рысқұловтың ерекше көңіл бөлген саласының бірі – оқу-ағарту мәселесі болды.­ 1922 жылы желтоқсанда Түркістан кеңестерінің XI-съезінде Т.Рысқұлов баяндама жасап, халық ағарту ісіне мемлекеттік бюджеттің 30, ал жергілікті бюджеттердің 24 пайызына дейінгі бөлігін босату туралы шешім қабылдаттырады. 1923 жылы, яғни 1 жыл ішінде үкімет төрағасы Т.Рысқұлов Түркістан республикасында 700 жаңа мектеп салдырып, ескі мектептерді күрделі жөндеуден өткізеді. 1923 жылы 23 қарашада Т.Рысқұлов Халық ағарту ісіне көмектесу бюросын құру туралы шешім шығарады. Бюроның басшылығын Т.Рысқұлов тікелей өз қолына алады. Бюро жанынан Мәдени кеңес ұйымдастырады. Ташкентте қазақ мәдениетін өркендету мақсатымен ­«Талап» қоғамы құрылды. Оның жұмысына X.Досмұхамедов, И.Тоқтыбаев, М.Есболов, М.Тынышбаев, М.Әуезов, Қ.Тыныстанов белсене араласты.
Қысқа уақыттың ішінде Түркістанның экономикасын қайта көтерген Т.Рысқұлов неге 1924 жылдың басында Орталыққа қажетсіз болып қалды? Себебі 1924 жылы Орта Азия мен Қазақстандағы межелеу саясатын жүзеге асыру қарсаңында, Орталықтың Түркістанды бөлшектеу ­саясатына қарсы Т.Рысқұловты кетіруге Орталық тікелей мүдделі болды. Осылайша, 1924 жылы қаңтардың алғашқы күндерінде өткен ТАКСР Кеңестерінің ХІІ-съезінде Т.Рысқұлов ешқандай жауапты қызметке «сайланбай» қалды. 1924 жылы 16 қаңтарда Т.Рысқұлов ТАКСР ХКК төрағасы қызметін өткізіп берді.
Т.Рысқұловтың Түркістанда қызметсіз қалуы оның КСРО көлеміндегі беделіне ешқандай нұқсан келтірмеді. Ол Саяси бюроның 1924 жылы 5 қаңтардағы шешімі бойынша РКФСР және КСРО кеңестерінің съезін өткізуге жетекшілік жасайтын екі ­комиссия құрамына да мүше болып енгізілді. Ал Саяси бюроның 31 қаңтарда өткен мәжілісінде «жолдас Рысқұловқа тек әдеби жұмыстар үшін наурыз айының соңына дейін Түркістанда қалуға рұқсат бере отырып, ­жолдас Рысқұловты Түркістаннан әкету туралы ТКП ОК өкілдерінің бірауыздан жасалған ұсынысы қабылдансын. Шығыс істері бойынша жұмыс үшін ­жолдас Рысқұловты Коминтерннің аткомы қарауына жіберу алдын-ала шешілсін» деген шешім қабылданды. Т.Рысқұлов сол жылы сәуір айының ортасына дейін Мәскеу мен Ташкент мұрағаттарынан Түркістандағы 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісі туралы монографиясына материал жинастырады. Ол 1925-1926 жылдары жарияланған көптеген ғылыми еңбектерін осы айларда жазған еді. Егер қауырт қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметтермен айналыспай, таза ғылыммен шұғылданар болса, бұл салада ірі табысқа жететінін көрсетті.
Т.Рысқұлов 1924 жылы 15 сәуірінен бастап 1926 жылдың 1 сәуіріне дейін ­Коминтерн құрамында қызмет атқарды. 1924 жылы 15 сәуірде Коминтерннің атком хатшылығы шешімімен Т.Рысқұлов Орта-Шығыс бөлімі меңгерушісінің көмекшісі қызметіне тағайындалды. 1924 жылдың тамызынан бастап 1925 жылдың шілдесіне дейін Коминтерннің Моңғолиядағы өкілі қызметін атқарып, Моңғолияның тәуелсіз ел болып қалыптасуына ерен еңбек сіңірді. Оған оның Моңғолия астанасының атын қоюға және Конституциясының қабылдануына атсалуы ғана жарқын мысал бола алады.
БК(б)П ОК Т.Рысқұловтың Моңғолия­дағы қызметіне жоғары баға бере отырып, әбден ысылған саяси қайраткерді одан ары қандай жұмысқа пайдалану керектігін қарастыра бастады. Т.Рысқұлов бұл кезде Түркістан халкомкеңесінің төрағасы болған қызметі арқылы өзін шебер шаруашылық қожайыны, ТКП Мұсбюросындағы жұмысы арқылы қабілетті партиялық ұйым­дас­тырушы ретінде мойындатқан, Моңғолия­дағы қызметі арқылы халықаралық дәре­жедегі сұңғыла саясаткер, шебер дипломат екенін көрсеткен тұлға болғандықтан, оған қай саладан болса да қызмет ұсынуға болатын еді.
БК(б)П ОК Ұйымдастыру бюросы Т.Рысқұловты БК(б)П Қазөлкекомына қызметке жіберуді ойластыра бастады. Көп уақыт Қазақстанда болмаған Т.Рысқұлов та бұған қарсы емес еді. Т.Рысқұловты Қазақстанға жұмысқа жібермес бұрын ­БК(б)П­ ОК Ф.Голощекиннің және Қазөлкеком бюросының өзге де мүшелерінің көңіл күй ауанын байқау мақсатымен Т.Рысқұловты Қазақстанға жұмысқа жіберсек қалай қарайсыңдар деген мазмұнда жеделхат жолдады. Бір қызығы, 1926 жылы 10 ақпанда Ф.Голощекиннің қатысуымен өткен ­БК(б)П­ Қазөлкекомы бюросында «…Рысқұловтың жұмыс істеу үшін Қазақстанға келуіне қарсылық жоқ» деген қаулы қабылданды.
Қазөлкекомның ресми келісімін алған БК(б)П ОК Ұйымдасыру бюросы 1926 жылы 3 наурызда БК(б)П ОК хатшылығының келісімімен Т.Рысқұловты БК(б)П Қазөлкекомының қарауына жіберу туралы шешім шығарды. 1926 жылы 10 сәуірде өткен БК(б)П Қазөлкекомы бюросы Т.Рысқұловты Баспасөз бөлімінің меңгерушісі қызметіне бекітсе, 19 сәуірде өткен бюро мәжілісінде Т.Рысқұлов «Еңбекші қазақ» газетінің ­жауапты редакторы болып тағайындалды. Ол кезде Қазақстанда 29 мерзімді басылым шығып тұратын еді. Оның 16-сы орыс тілінде болса, 12-сі қазақ тілінде, 1-еуі ұйғыр тілінде шығатын.
Бірақ Т.Рысқұловтың басы үнемі кеңестік ноқта мен партиялық жүгенге сия бермейтін. Сондықтан да Ф. Голощекин одан үнемі тартынып, аяғын аңдап басатын. Ф.Голощекин БК(б)П ОК ресми өкілі әрі Қазөлкекомының бірінші хатшысы ретінде Орталықпен ым-жымы бір болғанымен, Т.Рысқұловтың саяси беделі, қайраткерлік қарымы мен тұлғалық мысы Ф.Голощекиннен басым түсетін. Сондықтан да Т.Рысқұловтың Қазақстанда одан ары жұмыс істей беруі деген сөз – Ф.Голощекиннің көп ұзамай қызметтен кетуі болып шығар еді. Ал Т.Рысқұловтың Орталық үшін тиімсіз тұстары көп болатын. Осы жағынан келгенде, Т.Рысқұловты басқа жұмысқа ауыстыру Орталық үшін де, Ф.Голощекин үшін де тиімді болатын. ­Осылайша, Қазақстанға келгеніне екі апта уақыт өтпей жатып, Орталықта Т.Рысқұловты басқа жұмысқа ауыстыру ­туралы мәселе қарастырыла бастады.
1926 жылы 25 сәуірде Қазақ, Татар және Башқұр автономиялық республикалары басшы қызметкерлерінің (Н.Нұрмақов, Ж.Мыңбаев, А.Мұхаметқұлов, Х.Кушаев, Ш.Шаймарданов) қатысуымен өткен кеңесте Т.Рысқұлов РКФСР ХКК төрағасының орынбасары қызметіне ұсынылды. Ж.Мыңбаев осы кеңес шешімін бекітуді сұрап БК(б)П ОК бас хатшысы И.Сталиннің, хатшысы В.Молотовтың, Орталық Бақылау комиссиясының төрағасы В.Куйбышевтың атына жазған хатында бұл шараның Орталық пен шет ұлт аймақтарының арасындағы шаруашылық және саяси байланыстарға жағымды дәнекер болатынын атап көрсетті.
Т.Рысқұловтың жаңа қызметі туралы мәселе Орталықта қаралып жатқан тұста, ол өзінің қарымды қызметін жалғастырып жатқан болатын. Т.Рысқұлов қызметінің нәтижесінде «Еңбекші қазақ» газетінің жазылу­ ақысы 8 миллион сомға дейін көбейтілді, 1927 жылдан бастап «Лениншіл жас» газеті қайта шыға бастады. ­Сондай-ақ Т.Рысқұлов «Қазақстандағы шаруалар көтерілісінің 10 жылдығын өткізу туралы» мәселені көтеріп, Ж.Мыңбаев, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, О.Жандосов, Брудный, Рязанов­ және Хангереевтерден тұратын комиссия құрылды. Осы комиссия жұмысының нәтижесінде 1916 жылғы көтеріліске алғаш рет орынды тарихи баға берілді. Мұның барлығы оның беделі мен іскерлігін көрсететін еді.
1926 жылы 27 мамырында өткен ­БК­(б)П ОК Саяси бюросының мәжілісінде Т.Рысқұловты РКФСР ХКК төрағасының орынбасары қызметіне тағайындау туралы шешім қабылданды. «Еңбекші қазақ» газеті 8 маусымда бұл жөнінде ресми хабар берді. Қазөлкеком бюросының 16 маусымдағы мәжілісі жаңа қызметке тағайындалған ТРысқұловты Орталыққа жіберу туралы шешім шығарды. Осылайша, Т.Рысқұловтың Қазақстандағы қызметі небәрі 2 айға ғана созылды. Осы қысқа ғана уақыттың ішінде Т.Рысқұлов Қазақстан тарихына өзінің өшпес қолтаңбасын қалдырды.
Т.Рысқұлов РКФСР ХКК төрағасының орынбасары қызметінде 1937 жылы 21 мамырында тұтқындалғанға дейін үздіксіз жұмыс атқарды. Бұл – жиырма жылдық саяси-мемлекеттік қызметінде Т.Рысқұлов көтерілген ең жоғарғы қызмет болатын, әрі ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Т.Рысқұловтан басқа қазақ баласы мұндай жоғарғы қызметке көтеріле алмады. Ол осы аралықта өткен РКФСР Кеңестерінің барлық съездерінде осы қызметке қайта сайланып отырды. Сонымен қатар 1929-1933 жылдары РКФСР ХКК жанындағы Экономикалық кеңес мүшесі, орынбасары қызметтерін атқарды. 1926-1930 жылдары Т.Рысқұлов Түркістан-Сібір теміржолының құрылысына Жәрдемдесу комитетін, ­Мәскеу қаласы коммуналдық шаруашылығын жетілдіру жөніндегі комиссияны басқарды. Мәскеуде Т.Рысқұлов Кеңес Одағына танымал­ қайраткерге айналды.
И.В.Сталиннің қолдауымен Қазақстанды сегіз жыл жеке-дара билеп-төстеген Ф.И.Голощекин мен Орталықтың қазақ халқына қарсы қандықол саясатының кесірінен 1932-1933-жылдары тұтас бір ұлт сұрапыл ашаршылыққа ұшырап, этнос ретінде жер бетінен жойылып кетуге шақ қалды. Мәскеудің ет даярлау саясатының нәтижесінде ұжымдастырудың алдында қазақ көшпелілерінің қолында болған 44 млн бас малдан небәрі 4 млн мал ғана аман қалған. Ұлт тағдырына қауіп төнген осындай кезеңде халықты құтқару үшін Т.Рысқұлов И.В.Сталинге қаймықпай хат жазып, ерлік жасады.
1936-1937-жылдары И.В.Сталиннің режимі өзінің шарықтау шегіне жетті. «Лениндік гвардияның» соңғы азулы өкілдері Бухарин мен Рыков та тұтқындалды. 1937 жылы ақпан-наурыз пленумында Т.Рысқұлов делегаттар ортасында үгіт жүргізіп, Бухарин мен Рыковты тұтқыннан босату үшін бірігуге шақырады. Аталған пленумнан кейін іле-шала сталиндік үлкен террордың басталғаны белгілі. Сталин мен Ежов Т.Рысқұловты алғашқы кезекте қуғын-сүргінге ұшырайтын кеңестік саяси­ элитаның тізіміне енгізді. Т.Рысқұлов 1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде тұтқындалып, 1938 жылы 8 ақпанда ату ­жазасына кесілді. Үкім 1938 жылы 10 ақпанда орындалды.
Т.Рысқұлов аса ірі қоғам және ­мемлекет қайраткері ғана емес, аса ірі ғалым болды.­ Ол қым-қуыт мемлекеттік қызметпен қатар қалам ұстап, «Түркістандағы РК(б)П Мұсбюросы», «Жетісу мәселелері», «Ленин және Шығыс халықтары», «Революция және Түркістанның жергілікті тұрғындары», «Орта Азия түздіктерінің 1916 жылғы көтерілісі», «Қазақстан», «Қырғызстан», «Түріксіб», «Жаңа кезеңдегі коммуналдық шаруашылық» және т.б. 20-дай кітап, 200-ден астам ғылыми еңбек жазды. Т.Рысқұлов – түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқының тарихын зерттеумен айналысқан тарихшы-ғалым. Оның Қазақстан тарихына арналған ірі еңбегі тұтқындалған кезде ІІХК қызметкерлері тарапынан қолды болып, ­содан бері табылмай келеді.
Тұрар Рысқұлов – ХХ ғасырдың алғашқы жартысында түркі жұртынан шыққан аса ірі саяси тұлға, қоғам және мемлекет қайраткері болды. Кеңестер Одағы құрамындағы түркі халықтарының саяси бостандығы мен экономикалық өркендеуі үшін көп еңбек сіңірді. Ол өз замандастарының ортасында аса беделді болды. Кеңес Одағының саяси элитасы, түркі-мұсылман қайраткерлері, Алаш зиялылары Тұрар Рысқұловты құрмет тұтты.

Ордалы ҚОҢЫРАТБАЕВ,
Сәбит ШІЛДЕБАЙ,
тарих ғылымының
кандидаттары

Ұқсас жазбалар