«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Құбылай хан тұсындағы түркінің көрнекті тұлғалары

Авторы tugurul
1131 қаралым
Әйгілі Шыңғыс қағанның алып империясы құрамына талай түркі тайпалары кіргені белгілі. Сол тайпалардан империяның жоғарғы билік буынында қызмет еткен танымал тарихи тұлғалар шықты. Бұған ұлы қағанның сенімді серігі, әскерінің бас қолбасшысы болған Мұқалы дәлел.

Ал, Үгедей мен Мөңкеден кейін империя тағына отырған Құбылай хан заманында да түркі нәсілді мықтылар көп болды. Қытай мемлекетінің аумағын негіз еткен «Юань» патшалығын құрған Құбылай дәуірінің Шыңғыс қаған тұсынан көп өзгешелігі бар. Көшпенділіктен гөрі қалалық басқаруға бейім болған Юань дәуірінде хат-қағаз жазып, оқымыстылықпен тарихта қалған түркілер недәуір еді. Енді, солардың біразына шолу жасап көрейік.

Құбылай құрған Юань патшалығы кезінде мәдениет, көркемөнер, ән-жыр айтарлықтай дамыған. Юань дәуірінде отыз мың шумақ өлең жазылып қалдырылған дейді деректер. Бұған әрине, түркі жұртынан шыққан қаламгерлер де зор үлес қосқаны анық. Солардың бірі – Қаңлы ақыны Бұқұм. Ақын 1255-1300 жылдар аралығында жасаған. Оның өлеңдері көп емес. Бірақ, аз жазса да, атаулы  қаламгер ретінде танылыпты. Ақындығымен қатар ол, композитор да болған. Бұқұмның Құбылай ордасына қалай келгені туралы мынадай дерек айтылады. Оның әкесі Қайранбай Керей тайпасының ханы болыпты. Шыңғысхан Керей тайпасын жеңген соң, балаларын тұтқынға алған. Бұқұм Қайранбайдың екінші ұлы еді делінген. Алайда, бұл жаңсақ дерек болуы мүмкін. Себебі, ол кездегі Керей хандығының басшысы Тұғырыл хан екені тарихтан белгілі. Сондай-ақ, деректерде Бұқұмның он алты жасында-ақ, Қытайдың тарихын толық біліп, өлеңдерін жаттап алғаны айтылады. Қалай десек те, қытай тілінде қалам тербеген ақынның өз дәуіріндегі үздік таланттардың бірі болғаны даусыз.

Қаңлыдан шыққан тағы бір дарын иесі – Тото Яқияұлы. Ол да Юань дәуірінде, яғни 1272-1327 жылдары ғұмыр кешкен. Өз ортасына саяси қайраткер, колбасшылық даңқымен танылған адам. Құбылай ханға кеңесші болған. Орданың әскери істер жетекшісі, оң қол уәзір, Жияңжы әкімшілік аймағының сол қол уәзірі лауазымдарына тағайындалған.

Шығыста орналасқан қытайлар батыс өңірде қоныс тепкен түркі жұрты аумағын «Батыс өңір» деп атаған. Сол Батыс өңірдің талантты тумаларының бірі – Сағидолла. Деректерде «Батыс өңір ақыны Сағидолла» деген атпен қалған қаламгер, 1272 жылы өмірге келген. Қайтыс болған жылы туралы мәлімет жоқ. Оның шыққан тегі туралы жазылған деректер де бірізді емес. Ол кей жазбаларда қыпшақ, енді бірінде мұсылман, тағы біреуінде сейім деп айтылады. Арғы атасы Сарбұқа, бергі атасы Алаш деп те жүр. Қалай делінсе де, Сағидолла Юань патшалығының дауылпаз ақыны әрі білікті композиторы саналған. Бірнеше жинақ та шығарыпты. Сол кездегі Жуан Уынган деген зерттеуші Сағидолланың шығармашылығын бағалай келіп, оған «аспанның боранындай ұйтқып, теңіздің толқынындай аласұрып кететін, аспанның айдаһарындай айбат көрсететін, Тайсан мен Хуасан тауындай еңселі, сахараның алып қарағайындай дара тұратын» деген сипаттама беріпті. Бүгінге дейін ақынның 789 өлеңі табылған. Оның ұрпақтары да ірі ғалым, қаламгерлер болған.

Дулат тайпасынан шыққан танымал ақынның бірі – Хы Тянтиң. Бұл адамның түрктік аты туралы дерек жоқ. Ақын 1247-1313 жылдары өмір сүрген. Туған жері байырғы Үйсін ордасы аталатын Дұнхуаңның шығысы делінеді. Қаламгердің бес кітабы шыққан. Сонымен бірге ол көрнекті әскери қолбасы болыпты.

Құбылай заманындағы атақты әскери қолбасы әрі саяси қайраткердердің бірі – Тото Мазартай баласы. Тоқтай деп те айтылады. Даиұң деген жанама аты да бар. Меркіт тайпасынан шыққан. 1314-1355 жылдар шамасында өмір кешкен. Оның оқымыстылығы да бір төбе. Қытайдың классикалық шығармаларын сарқа оқыған. Білім өресі жоғары Тото қытайдың Ляу, Жин, Сұң патшалықтарының тарихын жазу бұйрығы түсірілгенде, осы ауқымды шараның сарапшы ұлығы болып тағайындалған.

Түрк нәсілді келесі дарынды тұлға – қаңлы Сәрсен. 1295 жылы туылып, 1345 жылы қайтыс болған.  Ол – Бұқұмның ұрпағы. Қытай деректерінде Сәрсен-Зысан, Наунау деп те аталады. 51 жасында Юань патшалығының астанасы Ханбалықта қайтыс болады. Аз ғұмыр кешсе де артына көп мұра қалдырған. Бірақ, өмірінің соңында жоқшылық күй кешіпті. Тіпті, жерлеуге кебін табылмаған. Сәрсен ақындығымен қоса тадантты хаткер, (сиялы қауырсынмен жазатын көркем жазу шебері-редакция) болған. Қытайлар оны хаткерліктің негізін қалап, ережесін жазып кеткен тұлға ретінде әлі күнге есімін ардақтайды. «Солтүстікте Зысан, оңтүстікте Жау Мыңжау – екі дегдар, қос гауһар» атанған.

Хаткерлердің қатарына қаңлы Бұқаны қосуға болады. Ол да Құбылай құрған Юань патшалығы заманындағы көрнекті көркем жазу шеберінің бірі. Шансиу деген жанама аты бар. Бақылаушы ұлық болған. Қытай мәдениеті мен ғылымына үлес қосқан тұлға.

Хаткерлер қыпшақтардан да шығыпты. Юань дәуіріндегі көркем жазу өнеріне атсалысқандардың бірі қыпшақ Тайбұқа.

Ал, ақындар туралы жалғастырар болсақ, Қарлұқ тайпасының өкілі Ташанның соңына мол мұра қалдырғанын көреміз. Оның 239 өлеңі сақталған. Ижы деген қосалқы аты бар ақын қытай тілінде қалам тербеген. Ол туралы «Ташан ән-музыкаға өте шебер, суырып салма, бір егей талант иесі» деп баға берілген.

Қарлұқ тайпасының тағы бір тумасы Найжан да ақындығымен көзге түскен. Әуелі оның шығармаларын жұрт таласа-тармаса оқыған. Себебі, ақын халықтың көңіл-күйін, ауыртпалығын, мұң-мұқтажын өзек еткен өлмес өлең жазған. Найжанның қазірге дейін 158 өлеңі бар. Сондай-ақ, ол  Онда ежелгі жер шежіресі, құрылыс шежіресі қатарлы дүниелер жазылған 16 томдық мұра қалдырған.

Келесі айтулы тұлға – Асабұқа. Қазіргі заман қытай тарихшысы Су Бихайдың «Юан хандығының тарихы» деген кітабы бар. Тарихи деректерге сүйеніп жазған автор сол шығармасында империя гвардиясының ішінде арнайы «қаңлы қолы» болғандығын айтады. Міне осы жасаққа қаңлы батыры Асабұқа басшылық етіпті. Сонымен қатар, қолбасшының батырлығы мен ерлігін жан-жақты баяндаған.

Қаңлы тайпасынан шыққан көрнекті адамдардың бірі – Алтын Қара ақын. Ол ақын ғана емес, сықақшы да болған. Алайда оның да көп өлеңі кейінге жетпепті. Юань патшалығының тағы шайқалған тұста ол Тоғантемірмен бірге терістікке аттанған. Бірақ, содан кейінгі тағдыры белгісіз.

Бұлардан өзге де батыс өңір ақыны Алсейн, қарлұқ ақыны Жалеш, арғын ақындары Нағыбай, Жанқиса, қыпшақтан Сабан, Дадиос, Дадуке, Тайбұқа тағы басқа қаламгерлер болған делінеді.

Қысқарта айтқанда, бір ғасырға жуық билік жүргізген Юань патшалығы дәуірінде түрк тайпаларынан шыққан талай кемеңгер тұлға тарихқа із қалдырған. Өз заманының мәдениетіне, өнеріне үлкен үлес қосқан. Олардың халық алдында, патша ордасында ұлықталуы да тегін болмаса керек. Себебі, алып Юань империясының тағанын қалаған Шыңғысхан немересі Құбылай да поэзияға жақын, тіпті өрнекті өлең жазатын адам болған. Қалай десек те, қытай аумағын негіз етіп құрылған Юань патшалығы қытай тарихы мен мәдениетіне үлкен серпіліс, жаңару жасап кеткені анық. Осы бағытта түркі нәсілінен тараған тұлғалардың үлкен үлес қосып, аты ардақталып жатуы соның айғағы.

Ескерту: Мақалада Қытай жазбалары, Зейнолла Сәнік, Сұлтан Жанболат, Су Бихай секілді тарихшы-қаламгерлердің еңбектерінен мәліметтер алынды. Сондай-ақ, Қайрат Ғабитханның аудармалары пайдаланылды.

«The Qazaq Times»

https://qazaqtimes.com/article/93

Ұқсас жазбалар