Керейлердің Алтай мен Қаңғой тауы ішіндегі Өрен – Қорық, Құласын, Өтеген, Құбақия деген атақты қыстаулары болған [1, 139 б.]. Осы екі тайпаның қалаларын сипаттағанда Әлкей Марғұлан Махмұд Қашғаридің де еңбегіне жүгінгенін байқауға болады. Махмуд Қашғари бойынша керейлер мен уақтардың жеріндегі үлкен қаланың бірі «Қатун сыны» (Хатынның сын тасы тұрған қала) [1, 139 б.]. «Қатун сыны» М. Қашғари картасында Гоби даласында белгіленген. Осы қалада наймандар мен керейлер, уақтар ұдайы танғұттармен алысып отыратын [1, 139 б.]. Осылайша қалаларға сипаттама жасай отырып, Әлкей Марғұлан осы тайпалардың ірі сауда орталықтарына да ерекше тоқталады. Осы қалалар көбінесе Езен өзені бойларында орналасқан. Мысалы, Езен өзенінің сол жағасындағы әкімшілік және сауда орталығы болған Езен қаласы. Оның үйінділері Гоби аймағынан табылған. Осы Гоби өлкесіндегі келесі бір сауда орталығы Езен өзенінің төменгі оң жақ жағасында орналасқан Хара – Хото қаласы наймандар мен керейттер осында да тұрған [1, 19 б.]. Керейттердің әйгілі Қарақорым қаласы ХІІ соңына дейін өздерінің бас қаласы болса, Орхон өзені бойында Түндік деген қаласы болған [2, 23 б.].
Ә. Марғұлан династиялық некелердің мәдени дәстүрге үлкен ықпалы болғанын да сипаттайды. Шыңғыс ханның балаларын тұрмысқа шыққан керей мен наймандардың қыздары олардың рухани өміріне үлкен әсер еткен. Оқтайдың әйелі Торқын хатун мен Толының әйелі Сұртоқты бикемнің ықпалы күшті болған, Сұртоқты – керей Он ханның немересі. Өзінен туған төрт баласы Мөңке, Құбылай, Алауке, Арық – Бұқаға жақсы білім берген [1, 138 б.]. Керейттердің шаңырағы ортаға түскенде Шауыр бике Шыңғысханның кенже ұлы Тулуйға тұрмысқа шыққан. Шыңғысхан бұл дүниемен қоштасар алдында Шауыр бике қасында болған: «Келін, қарағым, егер ханға әке көз жұмса айнала не болмақ? Ал өзіңнің серігің Тулуй көз жұмса ше?» – деп атасы сұрағанда, Шайыр бике «Оу, қасиетті хан ием, ұлы қағанның көз жұмғаны қалың елінің жесір қалғаны емей немене, ал Тулуй көз жұмса жесірлік тек менің басыма түспей ме?» дегенде, Шыңғыс хан «Келінім тауып айттың, осы алғырлығың үшін мен сені бұдан былай келін демей «Бек тайху» (Тугнусша Бибатима пірім деген сөз) деп атайтын боламын және саған Цахардың сегіз тайпа елін сыйға тарттым», – дейді [2, 40 б.]. Демек, керей қыздарының Шыңғыс алдында беделі жоғары болған деп пайымдауға болады.
Жазу-сызуға, хат тануға деген ынтаның күштілігінен наймандар мен керейлер арасында бітікші абыздар көп болғпн. Керей ханның ұлы бітікшісі Құтты – Бұқа барлық керей елін жазуға үйреткен, ал Шыңғыс хан мемлекеті құрылғанда оның сенімді бітікшілері (абыздары) керейлер мен наймандардан, не уақтардан болған. Шыңғыс ханның ерекше сенген бітікшісі Керей Абушқа (Абуша) абыз, Өктай ханың ұлы бітікшісі Керей Қарыдай (Кәрітай) болған [1, 138 б.]. Осы бітікшілер туралы мәліметтерді Ә.Марғұлан, Рашиден, Марко Поло, В.Бартольд еңбектерін негізге ала отырып талдаған. Ал Мөңке ханның ұлы бітікшісі де Керей ұлысынан болған. Ол Мөңкенің балаларына ойғыр жазуын үйретеді. Екінші хатшысының бірі керей Мұқыр бітікші [1, 138 б.].
Көптеген ғалымдардың пайымдауынша монғолдар мәдениетінің өркендеуіне наймандар мен керейлердің ықпалы өте үлкен болған әрі олардың мәдениетін монғолдар жалғастырған. Ә.Марғұланның айтуынша наймандар мен керейлер Орхон ойғыр алфавитін жақсылап пайдаланған жұрт болған соң, оны көрші елдерге де таратып отырған [1, 138 б.]. Шынғыс хан кезінен бастап монғолдар да ойғыр алфавитін пайдаланып, оны көрші тайпаларға таратқан. Өзі де наймандар мен керейлермен қарым-қатынаста болғандықтан олардың бітік жазуын, мөрі бар екенін көріп таң қалған. Найман ұлысында салық жинау, лауазымды адамдарды тағайындау жөніндегі құжаттар хан жарлығымен бекемделіп, оның ақиқаттығын дәлелдейтін «ханның алтын мөрімен (тамға)» куәландыратын болған [2, 68 б.]. Найман билеушілерінің жазған бітіктерін, мөрін сақтап жүрген атақты бітікші «Тау Тоң» деген кісі наймандар жеңілген соң Шыңғыс хан ордасына келіп, оның балаларын ойғыр жазуына үйреткен [1, 138 б.].
Әлі күнге дейін несториан ағымы тарихшылардың назарын аударуда, өйткені түркі тілдес халықтар негізінен мұсылман дінінде болғандықтан, бұл құбылыс бәрімізді елең еткізетіні түсінікті. Несториандық дін ағымы Дешті Қыпшақ, Алтай-Саян таулары, Жетісудың солтүстік аймақтары, монғол даласындағы көшпелі түркі тайпалары арасында таралған болатын.
Христиан дінінің несториандық тармағы алғаш рет Византиядағы православие шіркеуінде пайда болған. Оның негізін қалаған Нестори (б.з. 380-451 жж.). 428 жылы Рим патшасы оны Византиядағы Константинопольдің патриархы етіп тағайындайды. Ол христиан дінінің дәстүрлі қағидаларына қарсы шығып, «құдай-адам» жайлы мистикалық-христиандық ұғымды сынайды. Несторидің пікірінше, қасиетті қыз Мариядан кәдімгі адам туған. Кейіннен ол адамға тән әлсіздікті жеңіп, тәңірдің ұлы (Миссия) дәрежесіне жетеді. Ал христиан дініндегі Ортодоксты діни ілім адам мен тәңірі бір жаратылған деп есептейді. Сөйтіп, нестори және оны жақтаушылар «дін бұзарлар» деген атпен айыпталып, шіркеуден қуылған. Олар Кіші Азия, Иран, Орта Азия сияқты жерлерге кетіп, дін таратады. Оның қағидаларын жақтаушылар несториандар деп аталады. Несториан діні осылайша бүкіл шығысқа кең тарап кетеді. Бұл дінді таратушылардың көбі сүриялықтар (сириялықтар) болған.
Қазақ жерінде түркі тектес тайпалардың христиан дінімен жақындасуы б.з. VІ-VІІ ғасырларында, яғни Түрік қағанаты дәуірінде болған. Әрине, бұл жөнінде қолда бар тарихи деректер мардымсыз. Француз тарихшысы Шаванс христиан дініндегі түркілер туралы Рим тарихшыларының жазбаларына сүйене отырып былай деп жазады: «Рим тарихшысы Симукатаның жазуынша 591 жылы Шығыс Рим императоры Маврих парсы шахы ІІ Хусроуға көмекке әскер шығарып, Түрік қағанына қарсы соғысады. Соғыста қолға түскен түрік тұтқындарын парсылар Константинопольге алып барған. Сонда маңдайларына крест белгісі салынған түрік жасауылдарын көріп, Рим императоры қатты таңданады. Сөйтіп, тұтқындардың айтуынша, олардың жас уақыттарында түрік елінде жұқпалы ауру тарапты. Христиан миссионерлері аурудың алдын алар деп түрік балаларының маңдайларына крест белгісін салыпты.
ХІ-ХІІІ ғғ. қазақ тайпалары арасына христиан діні екінші рет таралып, өрлеген кезі болды. Алтай, Саян таулары, Дешті Қыпшақ және монғол жерінде өмір сүрген керей, найман, меркіт, уақ т. б. тайпалар несториан дінінің ықпалында болады. Осы тайпалар арасына несториан діни сенімі соғды, парсы, шам саудагер миссионерлері арқылы тараған деп топшылауға болады, өйткені Жібек жолының бойымен бұл елдердің саудагерлері шығыстан батысқа, батыстан шығысқа жүріп жатты.
1009 ж. несториандар уағызшыларының алдында керейттер шоқынып дінге кіреді. Бұл бір кездері ғұндар, түріктер мен ұйғырлар өз мемлекеттерін құрып нығайтқан жердегі, Орхон, Толы мен Онгин бойын мекендеген Орта Азияның монғол тілді халықтарының ішіндегі ең ірі және мәдениеттіс болатын. ХІ ғ. бас кезінде, аңыз бойынша, христиан дінін қабылдаған ересек керейттердің саны 200 мың болған деседі [3]. Демек, балалары мен қарттарын қосқанда олардың саны екі есе көп болған.
Аңызға қарағанда, керейттердің дінге кіруіне себеп болған нәрсе, шөл баябанда адасып кеткен керейт ханына Сергий әулие келіп аян беріп, үйіне апаратын жолды көрсетеді. Хан күллі халқымен бірге шоқынып, Марғұз (Марк) деген ат алады. Бұл жайт дереу Мерв митрополитеніне оразаны (пост) қалай тұтады – деген сауал келіп түседі. Митрополит осынау маңызды канондық шатақ мәселе жөнінен Бағдаттағы несториан патриархы Иоан VI (1011 ж. қайтыс болған) сұрап, керейттерге ораза кезінде еттен ғана тыйылу керек-тағы, сүт тағамдарын жей беруге болады деген түсінік жібереді.
Керейлер арасына тарағаны туралы Рашид-ад-дин былай деп жазған: «Ол кезде олар (керейлер) өзге тайпаларға қарағанда күшті еді. Ғайсаға табыну олардың салты. Олар ғайсаның дініне сенетін» [4]. Ал В. Бартольд «Сүрия хикаяларында керейлердің христиан дініне кіруі айтылады. Онда керейлер христиан дінін христиан саудагерлері арқылы үйренген», – дейді [5]. Қытай тарихшысы Ваң Жылай «Сүрия тарихшысы Барр Хобраудың айтуынша, Мервтегі христиан діні патриархының б.з. 1009 жылы Бағдадтағы христиан попына жазған хатында керейлерден екі жүз мың адам өздерінің ханымен бірге шоқыну салтын өткізді. Хандары христианша ат қойды делінген», -деген деректі келтіреді [6, 16 б.]. Демек, керейлер ХІ ғ. басында несториан дінін қабылдаған. Христианша ат қойғандары да шындыққа келеді. Рашид-ад-дин «Керей ханы Уаң хан Тұғырылдың атасының аты Маркос еді. Оның енді бір аты Бұйрық хан болатын», – деп жазған [4]. Осыған қарағанда Бұйрық хан оның түркіше аты, Маркос діни есімі деп түсінеміз. Марко Поло керейлер еліне барған кезде керей ханының аты Георги – Уаң ханның төртінші немересі болғанын айтады [7]. Бізге әзірше белгісіз керейлердің тағы да бір ханының атын Марко Поло Престер Жохо деп жазған [7]. Қазақ халқы құрамына кірген керей тайпасының тамғасы ашамай немесе креш таңба. Бұл керейлердің несториан дініне кіріп, крест тағып жүргенін дәлелдесе керек. Мұның археологиялық айғағын Ә. Марғұлан көрсеткен. Монғолиядағы Июх-архан өзені бойындағы керейлерден қалған бір құлпытаста бұғы, қабан суретімен бірге ашамай немесе крест таңбасы қойылған. Онда орхон жазуымен «Марымыз, Шадымыз» деген сөздер жазылыпты. Мұндағы «Мар – христиан дініне үгіттейтін ұстаз (сүрия тілінде), Шад – ел басқарушы (түрікше) деген сөз» [1, 139 б.].
Найман, керей және т.б. тайпалардың ата жұрттары Монғолия жері мен Алтайды, Тарбағатайды тастап бүгінгі Қазақстанның жеріне, жалпы евразиялық далалық аймаққа қарай қоныс аударуларын ХІІІ ғ. басындағы Шыңғысхан шапқыншылығымен түсіндіреміз. Бұл туралы ортағасырлардағы парсы тарихшысы Рашид-ад-дин өзінің «Джами-ат-тауарих» еңбегінде жақсы айтқан [8, 135-140 бб.].
Сол кездерді зерттеген орыс ғалымы, монғолтанушы Б. Владимирцов былай деп жазады: «После разгрома Чингисханом найманы в 1204-1205 г.г. уходят в Дешт-и-Кипчак, а ойраты стали постепенно продвигаться на запад, занимая, опустевшие кочевья на Алтае» [9, 149 б.].
Бұл жағдай наймандардың, сол сияқты керейлердің Еуразия далалық кеңістігіндегі ХІІІ-ХІV ғ.ғ. аралығында жүрген саяси және этникалық процестерге кең араласуына жол ашты. Бұл туралы белгілі ғалым Сәбетқазы Ақатай: «Алтай мен Қара Ертісті қоныстанған қыруар жұрт жаңа империяға бағынып, Шыңғысхан әскерін толықтырды. Халықтың бір бөлігі ата-жұртын тастап Жетісуға, Тянь-Шанға, Орталық Аияға, Еділ бойына қоныс аударды. Бұл тайпалар тарихтың қалауымен Алтын Орда ыдырағаннан кейін, қазіргі елімізді мекенден отырған халықтардың негізін құрады немесе құрамына енді», – деп жазады [10, 89 б.].
Біз ХІІІ ғ. басындағы осы оқиғалардан кейін, Алтай жерінің және Тарбағатайдың терістігінің бірнеше ғасыр бойы тарихта «ойрат», «жоңғар» деген аттармен кездесетін батыс монғол тайпаларының мекеніне айналғанын көреміз. Осының бір белгісі сонау түркі заманынан келе жатқан түрікше жер атауларының бірте-бірте монғолшаға айналуы (Бүгінгі Шығыс Қазақстан жеріндегі өте көп кездесетін монғол атауларын ХVІІ-ХVІІІ ғ.ғ. жоңғар заманымен ғана түсіндіру дұрыс болмас еді). Мысалы, «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу» жырының көне нұсқаларының бірінде Қарабай сұлу Баянды жетім бала Қозыға бермеймін деп қашатыны айтылады, сонда ол жылжып-жылжып отырып:
«Ертіс басы қара дін жерге кетті,
Бейне теңіз дейтұғын көлге жетті» делінеді [11, 81 б.].
Міне осы жердегі «Бейне теңіз» атауы түрік, одан қала берді найман заманындағы Зайсан көлінің ескі атауы. Ал «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу» жыры оқиғасының орын алған жері Аякөз өңірі екені, сол сияқты туындының ерте түрік дәуіріне жататыны ғылымда белгілі және оқиғада найман тайпасына кіретін балталы мен бағаналылар айтылып отырады.
Әрине бүкіл Тарбағатай өңірін бірден батыс монғолдардың мекеніне айналды деу қисынсыз болар еді. Бұл негізінен Тарбағатайдың терістік өңірлеріне қатысты. Ал күнгейі кейіннен ғана барып алдымен ойраттардың, кейіннен жоңғарлардың иелігіне өткенін байқауға болады. Тарбағатайдың күнгейіне жататын бүгінгі Үржар, Мақаншы, Таскескен, жартылай Аякөз өңірлерінің бір кездерде, ХІV ғ. ортасында құрылған күшті түркі мемлекеті Моғолстанның (Бүгінгі қазақ мемлекетінің де тарихи бастауларының бірі) құрамында болғанын деректер айтады. Бұл туралы Мухамед Хайдар Дулатидың «Тарихи Рашиди» еңбегінде «(Моғолстанның) шығыс шеті қалмақтар жеріне тіреледі, және (оған кіреді) Барс-көл, Еміл және Ертіс. Солтүстігінде ол Көкше теңізбен, Буммен және Қараталмен,… шектеседі», – деп атап көрсетеді [12, 217 б].
Рашид-ад-дин Он ханның өзіне тиесілі жайлауын атап көрсеткен. Олар мыналар: Талан-Гусэур, Дабан және Наур; оң қанатта әскері орналасқан жұрты: Илат, Тарат, Айджиэ, Кутукэн, Урут, Укурут, Йилет, Тертит. Ал қысқы тұрақтары Отекен-мурэн, Орон-Куркин, Тош, Барау-Ширэ, Кулусун, Отку-Кулан, Джелаур-Кулан [8, 126-127 бб.].
Сол кездегі тайпалардың ішінде сыйлы, қуаттысы осы керейлер болған. Есугей баһадур мен Шыңғыс хан тұсында керейлерді Он хан басқарды. Шыңғыс ханның әкесі де, өзі де Он ханға көмектесіп, үнемі қолдау көрсетіп отырған. Кейіннен жауласып, араларында соғыс та болып, керейлер Шыңғысхан қолына тұтқынға түседі [8, 127 б.].
Темучин каған болып жарияланғанда ол қуанып, «сендер, монғолдар, қалай қағансыз боласыңдар? Жалпы келісіммен қабылдаған шешімдеріңді өзгертпеңдер» деген.
1201 ж. Жамуханың айналасына Шыңғысханға бағынғысы келмеген тайпалар жиналады. Олар керейттің Он ханын да өз жауы деп есептейді, өйткені Темучин де, Он хан да енді үлкен көшпелі мемлекет құруға ұмтылған еді. Аргун өзені бойында Жамуха-сечен гурхан титулымен өзін таныған тайпалар мен рулардың жаңа коалициясының билеушісі болады. Сөйтіп Жамуханы қолдаушылар ішінде демократиялық элемент пайда болып, олар Шыңғыс хан мен Он ханның өрлеп кетуінен қауіптенді [9, 159 б.]. Өз кезегінде Жамуханы да жақтаған ақсүйек топтар болды. Көп ұзамай Жамуха мен Он хан және Жамуха мен Шыңғыс хан арасында қақтығыс басталып, Жамұха үшін жақсылыққа әкелмеді. Оған бағыныштылардың көбі қашып кетті де, өзі ұлысымен бірге Аргун өзенін төмен бойлай тез көшуіне тура келді, өйткені Он хан мұның ізіне түскен еді.
Шыңғыс хан татарларды жеңгеннен кейін, өзі қуатты болып келе жатса да, Он ханға бағына берді, оған көмектесті, Он хан арасын алшақ ұстағысы келсе де, керейт ұлысының вассалы болып қалды. Он хан жаулап алған жерлерінен түскен олжасын Шыңғысханмен бөліспеді, Жамухамен келісімге келді. Он ханмен бірге Шыңғысхан наймандармен шайқасты.
Есугейдің тірі кезінде Тоғұрул онымен ағайын-бауырдай болып кетеді. Мұндай жақындықты анд деп атаған. Мұны біз ант деп түсінеміз. Ант – жеке тұлғаның ең қасиетті нәрсемен өзге бір адамды не адамдар қауымын өзіне адал ниетіне салтанатты түрде сендіру, уәде беру, куәлік ету. Қазақ дәстүрінде тіршіліктің ең негізгі нәрі нан мен қасиетті құран алдында ант беру рәсімі кездеседі. Жаугершілік замандарда сарбаздар елдің бостандығы, намысы үшін жан аямасқа серттесіп, қылыштың жүзін сүйіп ант берген. [210, 72 б.] Әдет-ғұрып – дәстүрге айналған, жалпыға бірдей қалыптасқан қоғамдық тәртіп, салт-сана. Ал соның ішіндегі ант беру ежелден пайда болған дәстүр деп түсінеміз.
«Қазақ тілінің орфографиялық сөздігіне» ант, ант атқан, ант беру, ант су ішу, ант сүйек, ант ұрған деп жазылған [13, 38 б.].
Анд болудың себебі Уан хан өз әкесі Хурчахус-Бұйрықтың інілерін өлтіріп, ағасы Гур-ханмен байланысып, ол қашып кетіп, Хараун-хабчал жартасына барып тығылады. Ол жерден жүз адаммен шығып, Есугей Баатурға келеді. Есугей өзі жарыққа шығып, Гур-ханды Хашинге қуады да, оның жеңілген әскерлері мен дүние-мүліктерін Уан ханға береді.
Осы оқиғадан кейін Уан ханның інісі Эрке-Хара ағасы тарапынан қауіп төнгеннен кейін найманның Инача-хан жағына шығып кетеді. Наймандар Уан ханға қарсы қол жібергенде, ол Гур-хан Хара-Китадқа Гурбан-балахат арқылы кетіп қалады [14, 54 б.]. Уан ханның жай-күйі бұл кезде ішерге тамағы, киерге киімі жоқ қиын еді. Шыңғыс хан әкесі Есугей мен Уан хан арасында бауырлас келісімнің бар екенін ескеріп, оған екі елші жібереді. Қарсы алуға өзі де алдынан шыққан. Күреніне алып, өз есебінен қамтамасыз еткен.
«Құпия шежіреде» Оң ханның мына сөзі берілген: «Йесүкей батыр аңдам бытырап кеткен ұлысымды біржолата құтқарып берді. Темүжін ұлым тағы бытыраған ұлысымды құтқарып берді. Осы әкелі-балалы екеуі де бытыраған ұлысымды қиындықпен маған кім үшін жинап беріп қиналды? …Темүжін ұлымды, Сеңгүмнің ағасы етіп, екі ұлды болып өтсем мен» деп Шыңғыс қаған мен Оң хан Туыл өзеннің Қара-Түн деген жерде жиналып әке мен ұл болысқан еді» [31, 187 б.].
Есугей өлгеннен кейін, оның анд болған, серттескен ағайыны жетім қалған балаға әке орнына әке болып, соның арқасында Шыңғыс хан әкесінің жұртын орнына келтіреді.
Шыңғыс хан 1198 жылы өзінің ата жауы татарлар сол кезде Қытайға билігін жүргізіп отырған Шүршіт династиясы (Цзин) мемлекетімен жауласам деп шүршіттерден жеңіліп Улз өзенінің бойында шегініп келеді деген хабар алысымен ортақ ата жауы татарға неге бірлесе соққы бермеске деп Тогорилге жаушы аттандырады [1, 28 б.]. Шыңғысханның бұл ұсынысын қолдаған Тогорил оның алдынан шығады. Суыт аттанған екі анда Улз бойындағы Хусуту Шитуэн, Нарату Шитуэнде бекінген татарлардың төбесінен түседі. Шыңғыс хан мен Тогорил татардың Мегужин Султ ханын өлтіріп, одан біраз олжалы болып қайтады. Екі анда осы бір ерлігі үшін шүршіттің әскери қолбасшысы Ванган Чисаннан «Чаутхури» және «Ваңхан» атағын алған [1, 28 б.]. Осы кезден бастап Керейттің Тогорил ханы «Тогорил Ваңхан» деп аталған.
Керейттер VІІ-ІХ ғғ. Байкөлдің солтүстігінде Орман елімен бірге тұрса, кейіннен монғол даласына қарай ойысқан. Керейттер монғол жеріне Сібір, Кем өзені бойынан келген. Х ғ. Шығыс Сібірден Халха жеріне монғолдармен бірге әуелі Бикин одағы, одан кейін найман, керейттер келіп қоныстанған [15, 386 б.]. Ол ары қарай 1007 ж. Керейт атын атап, керейттер шығыстағы түркі тайпалары ішінде бірден бір көзге түскені Абуль-Фараджының еңбегінен үзінді келтіреді [16, 114 б.]. Олар Х ғасырда Шығыс Сібірден Халха жеріне монғолдармен қатар әуелі Бикин одағы, содан кейін Найман, Керейттер келіп қоныстанған [15, 386 б.]. Рашид-ад-дин Бикин одағының билеушілері басында Ваң хандық керейттер, Таян хандық наймандар және басқадай тайпалардан гөрі мәртебесі биік болған, бірақ бара-бара соңғы аталған тайпалардың мәртебесі биік болған дейді [16, 114 б.].
«Монғолдың құпия жинағында» керейттерді жат жердің ұрпағы деп атайтын себебі осыдан. Яғни, керейттер Сібір жерінен келгендіктен осылай айтқаны тайға таңба басқандай айқын көрініп тұр.
Уан ханның ұлы Сенгун тақтан дәмеленіп, Шыңғысханның өрлеуіне қызғанышпен қарап, әкесін онымен ұрыстырғысы келді, алайда бұл ойы іске аспады [17, 19 б.]. Осындай жағдайлар ел ішінде ірткі түсіріп, жеңіліске ұшыраған Уан хан 1203 ж. батысқа қарай қашып, найман ханы Байбұқаның қолына түсіп, ақыры, оның әскерлері өлтіреді [17, 19 б.]. Сөйтіп, осы жылы керейлер Шыңғысханға бағынса, ал бір бөлігі жеңіліске ұшыраған меркіттермен бірге батысқа қашады. Меркіттердің қолын Шыңғысхан Торғай даласына дейін қуып, осы жерде соңғы рет 1216 ж. талқандалады. Жетірудың құрамына кірген керейлер осылар болу керек деген болжам бар [18 б.]. Біздің зерттеу міндетіміз жетіру керейлері болмағандықтан, оған терең тоқталмаймыз.
Аристовтың айтуынша, Хайду-ханның әскерінің көбі керейлер мен наймандардан тұрды. Керейлердің көбі Қара Ертістің жоғары жағында, ал Темірдің жорығы кезінде керейлер Қара Ертістен Алакөл көліне және Жирен Қабырға тауына дейін мекендеген [17, 19 б.].
Фишердің «Сібір тарихында» 1639 ж. Алтайда Неверовты туба қырғыздарының ерекше тобы керейттер тұтқынға алғаны жазылған [19, 509 б.]. Сонда керейттер Сібір жерінен монғол даласына қоныс аударған.
Керей елі мал шаруашылығы мен егіншілік және қолөнер кәсібімен айналысқан. «Керейден ұл туса, ағаштың күні туады» деген мақал осы кәсібіне байланысты айтылған. Ата-бабалар мекендеген Сібір өлкесі Қожаберген жыраудың көзіне ыстық көрінеді:
«Атанған бабам Ғали-Ашамайлы,
Өсірген мыңдап тайлақ, құнан-тайды.
Сібірге ұрпақтары қоныстанып,
Ел болып ерте кезден қанат жайды.
Шалқар көл, ну орманды Сібір жері,
Сібірді мекен еткен Керей елі.
Егін сап, күн көрудің қамын ойлап,
Бас қосып кеңес құрған би мен бегі» [20].
Керейлер қоныстанған, Сібір өлкесі орманды дала. Шоқ-шоқ қайыңды-қарағайлы, жалпақ жапырақты орман жиі кездеседі. Бұлардың аралықтары – негізінен бозды-бетегелі, шытырлы бөде өскен шүйгін дала. Керейден ағаш шеберлері: балташылар, ағаш ұсталары, ершілер, үйшілер, шыбық өріп тоқушылар көп шықты. Қазақтың әшекейлі ағаш үйлерін, кебеже асадалдарын, бесік, ат арба, шана, ер тоқым, соқаларды жасап керейлердің ұсталарының даңқы алты алашқа жайылды.
Керейдің батырлары «көк найзаның ұшымен, көк семсердің күшімен» ұлан-байтақ территорияға ие болған. Керей тайпасы негізінен Алтай, Тарбағатай тауларын, Зайсан көлінің атырабын, Ертіс бойын және Солтүстік Қазақстан жерлерін қоныстанған. Керейлердің едәуір бір бөлігі Батыс Монғолияның Баян-Өлгий аймағы мен Қытай Халық Республикасының Шыңжаң провинциясын мекендеді. Орыс ғалымы Н.А. Аристовтың (1847-ө.ж. белгісіз) айтуынша, ХІХ ғасырдың орта кезінде Керейлер Қазақстанда 13-15 мың, Моңғолияда 12 400, Қытайда 12 000 тарта түтін болған.
Керейлер Сыр бойында қыстап, жазды Сібір жерінде өткізген. Қысы жылы жылдары Сібірде де қыстаған. Бұған куә Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жыры:
«Тұтас ел бытырамай орнаған бақ,
Баласы Орта жүздің Керей – Уақ.
Құт қонып, қыдыр дарып ерте кезден,
Мекендеп Сібірді оларды тұрған ұзақ.
Тоғайын Омбы өзені жұртын қыстап,
Баптаған алғыр тазы, бүркіт ұстап.
Бес жүз жыл Керей қоныс еткен Сібір,
Қорғаған жаудан халқын қару ұстап.
Ертіске екі беттеп елім қонған,
Төскейге қой мен жылқы, түйе толған…».
Керейлер Қазақстан жерінде бес жүз жыл мекен етіп тұрды да, 1723 жылы жоңғарлардың жасаған шабуылы қазақ даласын қанға бояды.
«…Керейден Омбы өзенін тартып алды,
Ертіске орнап қалмақ жатып алды.
Көк шалғын қазақ жерін қанға бояп,
Жауыздар сахарамда асыр салды.
Бес ғасыр ата-бабам қоныстанған,
Орманда іші алаңға қыстау салған.
Ертіске Омбы өзені құяр жерін,
Айнала тоғайын қалмақ алған.
Амалсыз Ертіс бойын тастап шықтық,
Дұшпанның бой бермесін әбден ұқтық.
Ор қазып, Есілкөлде жолын бөгеп,
Соғысып қолма қолда қалмақты ұттық…».
Қорыта айтқанда наймандар мен керейлер туралы Ә. Марғұлан тарихнамалық тұрғыда жүйелей отырып, өзінің ғылыми тұжырымдарын жасаған.
Тайбұғалықтардың руы түркі тайпаларының тегінен шыққан. Ол керейлердің ата тегі. Есілде Шыңғысхан жорығы кезінде тұрған Он (Онсом) осы рудың негізін қалаушы екенін жылнамалық деректер дәлелдейді. Солтүстік Қазақстан бөлігіндегі керейлер монғол шапқыншылығы кезінде әрі ертедегі керейіт мемлекеті күйреген кезде келген солтүстік керейіттердің ұрпақтары болып саналады. Сібірде Тайбұға руының мекендегені, яғни осы керейіттер жөніндегі алғашқы мәліметтер Сібір жылнамаларында жазылған. Строганов жылнамасындағы Иван патша туралы аңызды керейіттердің Он хан туралы әңгімесі деп қарауға болады: «Сібір еліндегі Есіл өзенінде Магмет заңындағы (мұсылман діні – авт.), тегі татар Иван атты патша болған Шыңғыс бастаған қарапайым татарлар… оны өлтірді… Тайбұға патшазада қалды…» [21, 17 б.].
Шыңғыс бірнеше жылдан кейін Тайбұға жөнінде естіп, оны қызметке шақырғаны туралы Погодин жылнамасындағы Сібір хандығының шығу тегі» атты тарауы дәлелдейді: «…Есіл өзенінде Магмет заңындағы Он атты патша өмір сүрді. Тайбұға – Онның ұлы. Шыңғыс оны жақсы қарсы алып, өзіне бағынғандардың ішіндегі бірінші кінәз деп атап, оған жеке жер үлесін берді.
Кінәз Тайбұға Шыңғыс патшадан соғысуға жасақ сұрады… Шыңғыс патша жақсы дайындалған көптеген жасақтарды жинап, Тайбұғаны Ертіс өзенінің төменгі ағысымен Обь өзеніне жібереді, ал бұл жерде чуд деп аталатын халықтар тұрған.
Шыңғыс патшаға қуанышты хабармен қайтып келді. Шыңғыс патша Тайбұға кінәзға үлкен құрметпен қарады, және Тайбұға Шыңғыс патшадан өзі тұрғысы келетін жер сұрады. Шыңғыс патша «қайда тұрғың келсе, сонда тұр» деп жібереді. Тайбұға кінәз бүкіл өзінің руымен Тұра өзеніне кетіп, сол жерде Шымға қаласын көтерді. Түмен қаласы сол жерде. Тайбұға мұнда ұзақ тұрды, осында өлді. Одан кейін Онның ұлы Ходжа тұрды, содан соң Онның ұлы Мар тұрды. Мардың балалары – Адер және Абалақ» [54, 63 б.].
Сібір жылнамаларының ішіндегі Есипов жылнамасында да «Сол жерде, яғни Обьта Он өлтірілді. Тайбұға оның ұлы. Тұраға келіп қала салды, қазіргі Түмен», – деп жазылған [21,18 б.].
Байқап қарасақ, бұл жылнамаларда Шыңғыс пен Он сияқты екі жеке адам туралы айтылған. Оқиғалар Батыс Монғолияда деп жазылмаған, Россияға жақын территорияда, бір жағдайда Ертісте, екіншісі Обьта болғаны баяндалған.
Шыңғысхан Бұқараны жаулап алғаннан кейін Қазақ Ордасының патшазадасы Мамықтың ұлы Тайбұға монғол билеушісінен Ертіс, Тобыл, Есіл және Тұра өзендерінің бойынан жер беруді өтінеді. Бұл өтінішін Шыңғысхан орындайды. Одан кейін де Тайбұға ұрпақтары сол жерлерді иемденген. 1760 жылы Тобыл воеводасы Петр Иванович Годуновтың бұйрығымен құрастырылған «Ведомостардың» мәліметтері шындыққа жақын. Ол Сібір жылнамаларындағы кейбір түсініксіз жәйттерді анықтауға мүмкіндік береді.
Шыңғысханның өзінің бұрынғы жауларының ұрпағына Сібір өзендерінің бойынан жер беруін былай түсіндіруге болады: Қытай шекарасынан бастап Шығыс Европаға дейінгі жерді алып жатқан кең байтақ монғол империясының құрылуы әкімшілік құрылысты нақты ұйымдастыруды талап етті. Жаулап алған жерлерді жауланған халықтардың ішкі азаттық қозғалысынан әрі сыртқы жаудан қорғап, өз қолында ұстау керек болды. Шыңғысханға өз империясының шекарасында күші жағынан шамалас феодалдық иеліктер құру қажет болды. Әрі Он ұрпақтарын керейіттердің ата тегінің жерінен алыс жіберуді мақсат етті деп пайымдауға болады. Ертістің бойындағы жерлерді жаулап, Тайбұға «Тара өзеніне келіп қала салды, оны Шымғы деп атады», – деп жазылған сібір жылнамаларында [21, 54 б.]. Бұл қазіргі Түмен қаласының орны. Шыңғысханның құрметіне керейіттерге сыйлаған жерде Шымғы қаласының салынуы Сібір жеріне Тайбұғаның келгенін дәлелдейді.
Г. Миллердің мәліметтері бойынша қала арқылы ағатын және Тұра өзеніне құятын Туменка өзенінің қалалары арасында қаланың қалдығы бар. Жергілікті тұрғындар бұл қаланың қалдығын Шымғы немесе Шымғытұра деп атайды, яғни «Шыңғыс» атауына ұқсас [22, 192 б.]. Сібір жұртында тайбұғалықтардың үстемдігі ХVІ ғ. аяғына дейін, яғни Тобыл воеводасы Данило Чулков тайбұғалықтардың соңғы тұяғын тұтқындағанға дейін орнады. Бұл жөнінде Погодин жылнамасы былай дейді: «Ескі Сібірдің кінәзі Сейдақ, Қазақ Ордасының патшазадасы Саптан қараша үлкен әскери отрядымен Москва қаласына жіберілді» [23, 97 б.]. Ал олардың 500 адамы болған [23, 95 б.], кейіннен Борис Годунов патшаның сарайында едәуір роль атқарған [24, 286 б.].
Онның ұлы Тайбұға Тайбұға мемлекетінің негізін қалаған. Аңыз бойынша Тайбұға иелігін Ходжа мұраға алған. Орталығы Есіл мен Ертістің иелігіндегі қиылыстағы Қызыл төре қаласы болды. Одан кейін Тайбұғалықтар иелігі Марға мұраға қалды.
Тайбұғалықтардың ата тегі олардың шежіресіндегі бірден-бір хронологиялық бағыт болып табылады. Он ХІ ғ. басында өмір сүрген. Сонымен бірге тайбұғалықтар хронологиясындағы екінші мәселені анықтауға болады: Қазан патшасы Упақтың орнына жалғыз үміткер Сайид Ибрагим Ибақ хан болды. Нақ соны 1494 немесе 1496 ж. басында Мұхамед бек өлтіреді. Сөйтіп, 1220-1496 жж. арасында Тайбұғалықтардың алты атасы ауысқан (275 жылдың ішінде). Көптеген зерттеулер шежіреде жүз жылда орташа есеппен бес ұрпақ ауысатынын көрсетеді. Сөйтіп не Онның жаулауымен хронологиялық қатынасының дәлелдігі, не тікелей Тайбұға шежіресінің алты атадан болғаны. Шежіре деректері қысқартылған да болуы мүмкін деп ойлаймыз. Себебі жазбалар Тайбұғалықтардың өмір сүруі тоқтаған кезде жазылған, ал халық аңыздары Он мен Тайбұға сияқты ата-баба аттарын ғана есте сақтаған және ХV-ХVІ ғғ. Тайбұға шежіресінің дербес мемлекеттік құрылым болғанын айтады.
Түмен хандығында өз ықпалын нығайту үшін Ибақ кінәз Марға қарындасын беріп, Тайбұғалықтармен сүйек жаңғыртып, құда болады. Погодин жылнамасында «Упак (яғни Ибақ дегені – авт.) өзінің күйеу баласы Марды өлтірді және Шымғы қаласын талқандады, ол жерден Сібір патшалығының қойнауына кетіп, Ертісте өз қаласын салды, оны Сібір қаласы деп атады, қазір Ескі Сібір деп аталады, Тобыл қаласынан Ертіс арқылы жоғары 12 шақырым. Ал Шыңғыс хан көп жыл өмір сүріп өлді, міне сол кезде Есіл өзеніндегі патшалық құлады», – деп жазылған [23, 65 б.].
Мамет Тобыл мен Ертістің орталық ағысы бойларындағы татар ұлыстарын біріктіріп, Ертістің жағасындағы угорлықтардың ескі бекініс селениесін өзінің ставкасы қылды. Ол «Сібір» немесе «Қашлық» деп аталды. Осыдан келіп саяси одақ «Сібір хандығы» деп аталады. Кезінде Г. Миллер де Искер қаласында болған. Ол Ертістің оң жағалауында Тобылдан шығысқа 19 км Ертіс пен Сибирка өзенінің қосылған жерінде орналасқан. Қазіргі кезде толығымен жойылып кеткен.
Өкінішке орай Сайид Ибрахим ханды өлтіру Мұхамед бек Тайбұғаның билігінің жалғыз ғана белгілі актісі. Мемлекеттің одан қарай ХУІ ғ. ортасына дейінгі тарихы мүлдем белгісіз болып қалған. Тайбұғалық билеушілердің есімдері Көшім ханға Федор Иванович патшаның берген грамотасында аталған: «Сенің атаң Ибақ патшадан кейін Сібір мемлекетінде Тайбұға руының кінәздары Магмет кінәз, одан кейін Қазым кінәз болды», – деп жазылған Строганов жылнамасында [21, 14 б.]. Осы грамота мәтініндегі титулдардың қалай қолданылғанына көңіл бөлсек, Ибақ Көшім сияқты «патша» деп аталса, Тайбұғаға «кінәз» (бек) термині қолданылған. Себебі тайбұғалықтар Шыңғыс тұқымы болмағандықтан, хан титулына құқы болған жоқ. Сондықтан Тайбұға мемлекетіне қатысты «Сібір хандығы» деген мемлекет атауын қолданған дұрыс емес деп тұжырымдаймыз. Бұл мемлекеттік құрылымды Сібір» немесе «Искер» деп атаған жөн.
Қазіргі кезде Тайбұға мемлекетінің билеушілерінің жүйелігін нақтылау күрделі. Федор Ивановичтің жоғарыдағы грамотасында айтылған Мұхамед бек, одан кейін оның ұлы Қасым (Қазы бек), одан ұлдары Едігер (Йадигар) және Бекболат билеуші болған. Сібір жылнамаларында Мұхамед пен Қасым арасында тағы да бір бек – Агуштың (Ангши, Агаш) – Абалақтың ұлы, яғни Мұхамед бектің болғанын жазады. Ремезов жылнамасында Қасым бектен кейін ағасы Саинбахта және Сауысқан бектің болғаны айтылған [21, 14 б.]. Ал олардың оның алдындағы билеушілерге қатысы түсініксіз. Осы билеушілер жөніндегі мәліметтер Сібір жылнамаларынан басқа деректерде жоқ. Бұдан басқа Сауысқан мен Агуштың әкесі Абалақтың аттары Искер ауданындағы мекендердің атымен сәйкес келеді. Осы атауларды түсіндіру үшін халықтық этимология қолданылған болу керек. Семен Ремезовтың өзі мұндай этимологияларды қолданған. Мысалы, Сүзге, Тұра, т.б. Сүзге атты Көшімнің әйелі болған [21, 14 б.]. Сонымен бұл жорамалдар негізсіз емес екенін байқаймыз.
Едігер бектің билік құруы Тайбұға мемлекетінің тарихында өзгерісті кезең болды. 1552-1558 жж. Орыс мемлекетіне Поволжье жерлері енгеннен кейін Солтүстік Оралда ғана емес, жұрттың бүкіл батыс шекарасында Орыс иеліктерімен Сібір жұрты тікелей көрші болды. Орыстардың Сібірді басып алу жолында Алтын Орданың қалдығы Сібір жұрты мемлекеті қарсы тұрды. Бұл жартылай көшпелі патшалық. Тайпалық иеліктерге бөлінген және өз қол астына татар, остяк және вогул князьдарын, мұсылман дініндегілер мен пұтқа табынушыларды біріктірді.
Сібір жұртының территориясы ХV-ХVІІ ғғ. аймақтық-саяси құрылым болды. Ол тарихи түрде пайда болып, әр түрлі кезеңде өзгеріп отырды. Бұл территорияны нақтылау үшін «Сібір жұрты» ұғымына тоқталған жөн деп санаймыз. Монғол шапқыншылығы кезіндегі Батыс Сібір, ХІІІ-ХІV ғғ. Жошы мемлекетінің құрылуы және құлаған кезіндегі «Сібір жұрты» термині белгілі бір территорияны білдіретін ұғым ретінде қолданылмады, алайда түп деректерде Сібір жайлы Шыңғысхан жорықтары кезінде-ақ айтылған болатын. Мысалы, Рашид-ад-дин Сібір Жошы мен Бату ханның батысқа жорығының алғашқы объектісі болғанын айтады [217, 120 б.]. Ал Жошы ханның жұрты Ертісте болған. Муин ад-дин Натанзидің айтуынша, Сібір билеушілері жошылықтардың оң қанатына жатқан [218, 127 б.]. ХІV ғ. басында, яғни Натанзи жазған уақытта болашақ Сібір жұрты территориясының бөлігіндегі үстемдікті шайбанидтер алса керек.
Шайбанидтер – Шыбан ұрпақтары, Жошының бесінші ұлы. Оған 1238 ж. Бату хан көшіп қонуға оңтүстік Орал мен Қазақстаннан үлкен жер үлесін бөліп берді: «Сен тұратын жұрт менің жұртыммен үлкен ағам Ичен жұртының арасында болады: жазда сен Жайықтың шығыс жағында мекенде, Ырғыз өзенімен – Сусук, Ор, Іліктен Орал тауына дейін, қыс бойы Арақұмда, Қарақұмда және Сырдарияның жағалауымен Шусу, Сарысу өзендерінің сағаларында мекенде» [25, 160 б.]. Сөйтіп, Шыбанның алғашқы иеліктері Оңтүстік Орал мен Батыс Қазақстан иеліктерін алып жатқан болатын. Бұл жерлерді Шыбан ұрпақтары иемденді. Олардың өкіметін Жошы мемлекетінің оңтүстік қанатының билеушілері нығайтып, бекітті. Мысалы, Мангу Тимур хан бұл аудандардағы иеліктерін Шыбанның ұлы Баһадурдың атына бекіттті. Шыбан ұлысы билеушілерінің өкіметті нығайту тәртібі Жошы мемлекетінің оңтүстік қанатына енгенін дәлелдейді. Осыдан кейінгі кезеңдерде Сібір жұрты кімге тиесілі болғаны әзірше түсініксіз әрі белгісіз сияқты деп түсінеміз. Батыс Сібір Жошы мемлекетінің сол қанатының иелігінде – Орда Ичен мен Тоқа Темірдің ұрпақтарының иелігінде болса керек. Темір талқандалғаннан кейін Тоқтамыш ханның Сібірге қашуы осының қосалқы дәлелі. Бірақ ХІІІ-ХІV ғ. бірінші жартысында «Сібір жұрты» деген ұғым болған жоқ. Ол Батыс Сібір мен Солтүстік Қазақстан территорияларында дербес және жартылай дербес мемлекеттік құрылымдардың пайда болуымен қабаттас шықты. Сібір жұртының қалыптасуы Жошы мемлекетінің Шыбан ұлысының дамуымен тығыз байланысты. Өкінішке орай, деректер ХІІІ ғ. екінші жартысы – ХІV ғ. шыбандықтардың тарихын терең баяндамайды. Біртіндеп шыбандықтар өз иеліктеріне Қазақстан мен Батыс Сібір территорияларын қосты деп пайымдауға болады. ХV ғ. басында Сібір жұрты шыбандық хандар мен сұлтандар иемденген территория ретінде толығымен қалыптасқан: оңтүстік-батысында маңғыттар ұлысынан, солтүстік-шығысында Бараба даласына дейін және солтүстігінде Ертістің сағасынан оңтүстігінде Арал теңізіне дейінгі иеліктер [26, 29 б.]. Деректердің жағдайы территориялардың нақты шекарасын көрсетуге мүмкіндік бермейді. Бұл иеліктер Шайбанидтер әулетінің жеке өкілдері арасында бөліске салынған болатын: Мұстафа хан Дәулет шеих оғлан, Жұмадүк хан, Махмұд Ходжа хан араларында. Алайда тарихи оқиғалардың дамуы осы билеушілердің иеліктері сол кезде тұтас ел (Сібір жұрты) ретінде қарастырғанын дәлелдейді. Шайбанид билеушілері Сібір жұртында Шайбанидтер арасында біртұтас өкімет үшін табанды түрде күрескен. ХV-ХVІ ғғ. бойы «Сібір жұрты» ұғымы үнемі таяздана берді. Жошы мемлекетінің үйіндісінде пайда болған басқа мемлекеттік құрылымнан маңызды ерекшелігі оның табиғат жағдайы мен халқының өзгешелігі болды. Оңтүстік аудандармен қоса Сібір жұртына угор халқы кең орманды далалар мен тайга кеңістіктері енді. Сібір жұртының орталығы да біртіндеп солтүстікке жылжып, ақыры қазіргі Тобыл қаласының аудандарына жетті (Искер).
Сібір жұртының территориясында бірнеше түрік мемлекеттік құрылымы қалыптасқан: ХV ғ. шайбанидтер тұқымының бір тармағы Өзбек хандығын құрды. Әбілқайыр хан оңтүстікке Батыс Сібірге көшкеннен кейін өкімет басына шайбанидтердің басқа тармағы келіп, Сібір жұртының территориясында Шайбанид мемлекетін құрды. ХVІ ғ. басында бұл мемлекет құлап, оның орнына жеке түрік (сібір-татар) феодалдары мен Искер бектері бастаған угор тайпалық князьдары иеліктерінің федерациясы – Тайбұға мемлекеті пайда болды. ХVІ ғ. ортасында тайбұғалықтар шайбанидтермен соғыста жеңілгеннен кейін Сібір жұртының территориясы Шайбанид державасының солтүстік ұлысы – Сібір хандығына енді. Сібір хандығына Ертіс пен Обь жағалаулары, Бараба далалары, Шығыс Орал, Есіл далалары, Солтүстік Қазақстан енді. Нақ осы шекарамен Сібір жұрты Россияның құрамына енген болатын.
М. Тынышпаев 1370-1400 жж. керейлер Қара Ертіс, Еренқабырғадан Алакөлге дейінгі өлкеде мекендеген десе [17], М. Мұқанов олар ХІV-ХV ғғ. Жетісу, Тарбағатай, Ертіс бойы, Зайсан көлінен Ом және Тобыл өзендеріне дейінгі өңірде қоныстанғанын жазады [27]. Көне қытай жазбаларында керейттер VІІ-ІХ ғғ. Байкалдың солтүстігіндегі Орман елімен аралас тұрып, ІХ ғ. соңында басқадай көшпелілермен бірге монғол даласына қоныс аударғаны айтылады [2, 10 б.]. Зардыхан Қинаятұлының пікірінше, ХVІ ғасырдағы төменгі (Тюмень) Сібір бойында кездесетін керейт тобы Жақақамбының үрім бұтағы болуы мүмкін [2, 44 б.]. Жақақамбы Тогорилдің інісі. Тогорил «Ваңхан» лауазымына ие болған Керейт ханы. Монғол жеріне Сібір, Кем өзендері бойындағы керейттер қоныс аударған [2, 43 б.]. Х ғ. шығыс Сібірден Халха жеріне монғолдармен қатар ең алдымен Бикин одағы, одан кейін Найман, Керейттер келіп қоныстанады. 1007 ж. керейт аты аталып, шығыстағы түркі тайпаларының ішіндегі бірден-бір көзге түскен елеулі тайпаның бірі осы керейттер екенін Абуль-Фараджы еңбегінде атап өтілген [15, 386 б.]. Рашид-ад-диннің айтуынша Бикин одағының билеушілері біріншіден, Ваңхандық керейттер, Таян хандық наймандардан гөрі мәртебесі жоғары болған [8]. Басқа жұрттан ауып келгендіктен керейттер Боданчар (Шыңғыстың 13 атасы) әулеті үшін жат адамның ұрпағы екендігі «Монғолдың құпия шежіресінде» айтылған. Сондықтан керейттердің шыққан ізі деген мәселенің сырын ашуға тарихшы З. Қинаятұлының талдауы ұтымды тұжырым деп есептейміз [2, 44 б.]. «Құпия шежіреде» «Бадай мен Кішілік екеуі менің жанымды құтқарып, үлкен жәрдем еткендіктен, жаратқан тәңір жар болып, Керей елін күйретіп, мәуелі мәртебеге жеттім мен. Осы кезде және болашақта, тұқымымның тұқымына дейін, менің лауазымымды жалғастырушылар осы екеуінің көрсеткен марқабатын мәңгі-бақи есте тұтып жүріңдер», – деп Шыңғыс хаған жарлық еткен [28, 118 б.].
«Керейлерге дес бермей,
Ешкімнен де сескенбей,
Елін бөліп алыстық.
Түбеген тобын қорқытып,
Түгін қоймай шошытып,
Түгел бөліп алыстық.
Жарты кешке жеткізбей,
Жаныштап Олан дұңғайтты,
Жаппай бөліп алыстық.
Қанды қырғын сүйетін,
Қатал жүркін әулетін,
Қаптап бөліп алыстық», – деп жырланады «Құпия шежіреде» [28, 118 б.].
Осы жеңілістен кейін В. Бартольдтың айтуынша керейттер Еділдің батысына емес, шығысына қарай босқан [29, 505 б.]. Бұл топшылау шындыққа жақын деп түсінеміз, себебі Шыңғысханнан жеңілген керейттерге батысқа қарай жүретін жол жабық еді.
Керейт ұлысында жазба заңдар болған жоқ, көшпелілерге тән әдет-ғұрып нормаларына бағынды. Сатқындық жасағандарға кешірім болған жоқ, әсіресе ата жауына сатылғандарды ауыр қылмыс жазасына кесті. Ал «керейт» және «керей» атаулары жөнінде деректерде түрлі тұжырымдар айтылғанмен, екеуі де заты бір тайпаның аты [2, 46 б.].
Тайбұғалар үшке бөлініп көшкен: Сібірде; Жемге көшкені жетіруға енді. Алтайға; Алтай керейлері қазақтарға енді. Шығыс Қазақстанға көшкені Орта жүздің құрамына кірді.
Шайбанид мемлекеті құлдырағаннан кейін ХVІ ғ. Сібір жұртында Сейд Ибрахим ханның ұрпақтары өздерінің Орта Азиядағы жекжаттарынан пана тапты. 1500 ж. мұнда Мұхамед Шайбани хан, Шах Будаг сұлтан бек, Абу-л-хаир Убайдаллахан негізін қалаған Шайбанид мемлекеті өмір сүрді. Шайбанидтердің Сібір тармағы өкілдерінің Батыс Қазақстанда қандай да бір иеліктері болуы мүмкін, бірақ бұл жөнінде нақты дерек жоқ. 1550 ж. басында сібір шайбанидтерінің мұрасы үшін нақты қарсыластар шықты. Мұртаза сұлтанның ұлдары Көшім сұлтан мен Ахмед Герей сұлтан. Мұртаза сұлтанның қандай да бір маңызды саяси ролі болмаған болу керек деп ойлаймыз, бірақ оның нақты іс-әрекетін көрсетпесе де Сібір жылнамалары мен сібір-татар фольклоры ірі билеушілердің біріне жатқызады. Сібір татарларының тарихи аңыздарында Мұртазаны тіпті «Үлкен Бұхарияның ханы» деп атайды [22, 196 б.]. Қалай болғанда да ХVІ-ХVІІІ ғғ. Мұртаза сұлтанның Орта Азияда не оңтүстік Қазақстанда керемет иелігі болды деуге бізде негіз жоқ. 1555 ж. шамасында оны өлді деп пайымдауға болады. Дәл осы кезде оның белгілі төрт ұлы арасынан Көшім сұлтан суырылып шығады. Әкесі өлгеннен кейін ол тайбұғалықтарға қарсы күреседі. Бұған негіз болған жағдай мынау: 1555 ж. Едігер бек ІV Иваннан көмек сұраған және Әбілғазының шежіресі бойынша Көшім хан билігін нақ осы 1555 жылға жатқызады [30, 156 б.]. Орта Азиядағы шайбанид билеушілерінің қайсысы оған қолдау жасағаны жөнінде қазіргі кезде дәлелдеп айту қиын.
Н. Базылхан аудармасындағы «Монғолдың құпия шежіресінде»: «Шыңғыс қағанды хан болдырдық деп Керейдің Тұғырыл ханына Тақай, Сүкекей екеуін елші етіп жіберді.
Тұғырыл хан:
«Менің Темүжін ұлымды хан көтеру өте орынды. Моңғол хандарсыз қалай болмақсыңдар.
Бірлік-берекелеріңді бұзбаңдар,
Еп, тірліктеріңді үзбеңдер,
Аға-жағаларыңды жыртпаңдар» деп қайтара жауап жіберіпті [31, 142 б.].
Демек, Темучин Тұғырыл ханның тәрбиесінде болған, яғни түркі тайпасының менталитеті басым болды. Шыңғыстың хан болып көтерілуіне көп ықпал жасаған. 1202 ж. Темучин татарларға күйрете соққы беріп, жеңіп, ата-бабасының кегін қайтарады. Он ханның қасында жүріп, осылайша Темучин Шығыс Монғолиядағы ірі қолды басқарған күшке айналады. Шыңғысхан жаулаған жерлерде монғол тілі үстем болатындай дәрежеге жеткен жоқ. Монғолдар мен керейлер андалық достықта болған. Бұл екеуі Алақай бұлақ одағына қарсы тұрды. Ал, ғылымда жинақтап Сібір татарлары деген атауды біз Сібірдегі түркі тайпалары деп түсінеміз. Тайбұғалықтар Сібір хандығын құрды. Монғол шапқыншылығы қарсаңында керейлер Сібірді мекендеді. Сібір хандығының территориясы қазіргі солтүстік және шығыс Қазақстан аймағымен түйісіп жатты. ХІV ғ. бастап Қазақстанның бұл аймақтарына ашамайлы мен абақ керейлер келіп орналасты.
Әдебиеттер
- Марғұлан Ә. «Тамғалы тас». Орта ғасырда қазақша тасқа бедерленген белгілері // Жұлдыз. 1984 № 1. – 132-146 бб.
- Қинаятұлы З. Монғол үстіртін мекен еткен соңғы түркі тайпалары: ІХ – ХІІ ғасыр. Астана, 2001. – 200 б.
- Гумилев Л. Қиял патшалығын іздеу. Пірадар Иоанның мемлекет туралы аңызы. – Алматы, 1992.
- Рашид-ад-дин. Сборник летописей. Т. 1. Кн. 2. – М. –Л.: Наука, 1952. – 300 с.
- Бартольд В. Краткая история Средней Азии. Соч. Т. 7. – М.: Наука, 1967. – 540 с.
- Шаванс. Батыс түріктер тарихы туралы деректер (қытай тілінде) // Сұңғатай С. Несториан дінінің ортағасырлық қазақ тайпалары арасында таралуы. Қазақ тарихы. 2002 № 2.
- Марко Поло.
- Рашид-ад-дин. Сборник летописей. Кн. 2.
- Владимирцов Б. Чингиз хан. – Берлин-Пг-М: изд. З.И. Гржебина, 1922. – 176 с.
- Ақатай С. Найман хандығы. – Алматы, 1993.
- Қозы Көрпеш – Баян сұлу.
- Мұхамед Хайдар Дулати. Тарихи Рашиди. – Алматы:
- Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі.
- Сокровенное сказание: Монгольская хроника 1240 г. под названием «Юань чао би ши». «Юань чао би ши» Пер. С.А. Козина. – М.-Л.: Наука, 1941. – 410 с.
- Грум-Гржимайло Г.Е. Западная Монголия и Урянхайский край. -Т. 2. – Л., 1926. – 260 с.
- Рашид-ад. История монголов. Введение.
- Тынышпаев М. Великие бедствия…(Ақтабан шұбырынды). – Алма-Ата: Жалын, 1992. – 152 с.
- Арженовский И.В. Региональный рынок: воспроизводственный аспект. – Нижний Новгород, 1997. – 120 с.
- Фишер И.Э. Сибирская история с самого открытия Сибири до завоевания сей земли российским оружием. – Спб., 1774. – 500 с.
- Қожаберген жырау Толыбайсыншыұлы
- Сибирские Летописи. – Спб., 1907.– 280 с.
- Миллер Г. История Сибири. Т. 1. -М.-Л., 1941.
- Летописи Сибирские. – Новосибирск: Наука, 1989. -200 с.
- Вельяминов-Зернов В.В. Исследование о касимовских царях и царевичах. – Спб., 1884. Ч. 2.
- Абуль-Гази хан. Родословное древо тюрков. – Казань, 1906.
- Ахмедов Б. Государство кочевых узбеков. – М.: Фан, – 160 с.
- Муканов М.С. Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза. Алма-Ата: Наука КазССР, 1974. – 200 с.
- Монғолдың құпия шежіресі. (ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы көшпелілер шежіресі) Ауд. М. Сұлтанияұлы. – Алматы: Өнер, 1998. – 224 б.
- Бартольд В. В. Общие работы по Средней Азии. -М.: Наука, 1963. – 468 с.
- Әбілғазы. Түрік шежіресі. – Алматы, 1993.
- Монғолдың құпия шежіресі. Аударған Н. Базылхан. // Қазақстан тарихы туралы монғол деректемелері . – 1 т. – Алматы: Дайк-Пресс, 2006. – 400 б.
Шамшиденова Ф.М.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің
қауымдастырылған профессоры, т.ғ.к.