Керейлер тарихындағы елеулі мəселелер
Қазақ халқының құрамындағы тайпалардың бірі — Керейлер екі үлкен этникалық бірлестіктен: Ашамалы Керей, Абақ Керейден тұрады. Ғылыми əдебиеттерде осы атаулардың төркіні туралы айтылған пікірлер аз емес.
Керейлер тарихындағы елеулі мəселе — ол Қазақ халқы құрамындағы Керейлер мен Керейттердің арақатынасына байланысты əр түрлі көзқарастардың орын алулары дер едік. Бұл екеуін бір тайпа ретінде қарастыратын ғалымдар арасында Н.А.Аристов, В.В.Бартольд, М.Тынышбаев, Р.Г.Кузеев, М.Мұқанов бар. Сонымен қатар оларды екі бөлек тайпа ретінде қарастыратын ғалымдар да бар екендігін айта кеткен жөн. Олардың қатарына мысал үшін Х.Ховорс, Грумм-Гржимайло жатады. Шындығына көшсек, «Керей» этнонимімен «Керейт» этнонимінің арасында елеулі алшақтық жоқ.
Көне түркі тілінде «-т» қосымшасы «-лар», «-лер» деген мағынада жұмсалған. Демек, «Керейт» — «Керейлер» деген сөз [1; 157]. Осының өзі-ақ Керейлер мен Керейттердің тарихи тамырларының ортақ екендігін аңғартады.
Олай болса, «бұлар (Керей мен Керейттер) неге бөлінген, қашан бөлінген?» деген заңды сауал туындайды.
12-ғасырдың аяғында Керейлер (Керейттер) монғолдарға қарсы күресіп, олардан жеңілді. Керейлердің бір бөлігі Шыңғыс ханға бағынғысы келмей, Дешті Қыпшақ даласына ауып барып, Жошы ұлысына кірді де, кейіннен Батый ханның Шығыс Еуропаға жасаған жорықтарына қатысты. Өзбек хандығы тұсында Мұхаммед Шайбанидың Орта Азияны жаулап алуына атсалысты. Олар өздерінің ежелгі атын (Керейт) сақтап қалды. Кейін Кіші жүздің құрамына «Керейт» деген атпен кірді.
Керейттердің (Керейлердің) енді бір үлкен тобы «Керей» деген атпен Орта жүзге қосылды. Осы айтылғандар, Қазақстанның батысындағы, Арал теңізі бойындағы Керейттер Шыңғыс ханның Керейлерге жасаған 1203 жылғы жорығынан кейін батысқа бөлініп көшкендер деп жүргендердің пікірінің шындыққа жақын келетінін байқатады.
Ғалымдардың күні бүгінге дейін басын қатырып келген тағы бір мəселесі, «Керейлер монғолтілдес болған ба, жоқ əлде түркітідес пе» деген сауалға жауап іздеу. Айта кеткен жөн, оларды түркітілдестерге жатқызатындар арасында Рашид-ад-Дин, Əбілғазы, Н.А.Аристов, Х.Ховорс, Н.Потанин, М.Тынышбаев, Ə.Марғұлан, С.Аманжолов, М.Мұқанов, С.Козин тəрізді кісілер бар болса, ал оларды монғолтілдестер деп ойлайтындар арасында В.Бартольд, Б.Владимирцев, С.Киселев, Н.Поппе, Г.Санжеев, В.Трепавлов тəрізді ғалымдар бар. Егер аңдап қарар болсақ, алғашқы топты құраушыларды негізінен ежелгі түркілердің жəне кейінгі қазақтардың дəстүрлі деректерінен, рулық шежірелерінен біршама немесе жақсы хабардар зерттеушілер құрайтынын байқай аламыз. Ал екінші топтағылар — керісінше, дəстүрлі деректерден алшақ тұрғандар. Осының өзінен-ақ өмір шындығы кімге жақын екендігі аңғарта түседі [2; 4].
Рашид-ад-Дин ертедегі Керейлер қауымының сегіз тайпадан тұрғанын хабарлайды да, оларды келесі реттік тəртіппен орналастырады: «керейт, жарқын, қоңқайт, сақайт, тумаут, албат, харашін, хиркүн». Керейттер осы құрылған қауымда үстемдік жүргізуші тайпа болған. Елді басқарып отырған хандардың əулеті солардан шыққан. Мемлекет те сол əулеттің атымен аталған [3; 24].
Рашид-ад-Дин Керейттердің жайлау-қыстауларының Онон, Керулен, Бұрхан-Халдун, Қалайыр, Селенга, Баргуджин-Тоқум тəрізді өзендер мен көлдер бойларында орналасқандарын атап көрсетеді. Бұл жерлерде монғолтілдестер де көшіп-қонып жүрген. Егер де Керейттер о бастан-ақ монғолтілдес болса, онда олар осындай ақуалда бірден-ақ монғолдарға айналып кетулері керек еді. Алайда олай бола қоймады. Оның себебі Керейттер түркітілдестер ұрпақтары болатын [2; 4].
Белгілі шығыс зерттеушісі Грумм-Гржимайло Керейлер IX ғасырдан бастап тарихқа əйгілі болған десе, Н.Аристов X ғасырда Керейлердің жан саны 900 мың адамға жеткен дейді [1; 159].
Н.Аристов Хайду хан (Үгедейдің немересі) əскерінің дені Керейлер мен Наймандардан тұрғанын айтады (1270–1301). Керейлер бұл кезде Қара Ертістің жоғары ағысында тұратын. Темір жорықтары кезінде (1370–1400) Керейлер Қара Ертістен Алакөлге дейін жəне Ерен-Қабырға тауларын мекендегенін білеміз. Жоңғарлардың күшеюі 1399–1400 жылдарда басталғаны мəлім. Моғолстан ханы Уəйіс (1408–1428) жоңғарлармен 61 рет шайқасып, тек бір рет қана жеңіске жетті. 1420–1430 жылдары жоңғарлар қазіргі Лепсі уезінің жерін басып, Керейлерді жан-жаққа бытыратып жібереді.
Керейлердің бұдан кейінгі тағдыры Арғындарға ұқсас. Олардың Ашамайлы руы Барақтың Ташкент пен Ходжентке қарсы жорығына (1420 ж.) қатысты. 1723 жылы Керейлер (Арғындар сияқты) басқаларға қарағанда аз шығынға ұшырады [4; 20–21].
Шежіре қазақ ішіндегі Керейлерді Бозанжар биден (Ақсақал) таратады. Одан Ойық, Тілік деген екі тармақ өсіп-өнеді.
Ойық тармағы Уақ ішіне өтіп кетеді. Тілік тармағынан Жаншаулы, Құлдаулы, Саужайлы деген үш ата шығады.
Саужайлы атасы Кіші жүздегі Керейттерге қосылады. Құлдаулыдан Тоқымбет, оның лақап аты «Арбалы». Бұлар Ашамайлыға қосылып кетеді. Жаншаулыдан — Ашамайлы, Шөмішті, Ерші. Ашамайлының ұраны — «Шибай». Таңбасы — «Ашамай» [5; 34].
Этнограф-жазушы Ақселеу Сейдімбек «Абақ Ана жəне Керейлер» жайлы келесідей деректер келтіреді: «Абақ Ұлы жүз Үйсін ішіндегі Сарымырза деген кісінің қызы екен. Керейдің немересі Дана бидің баласына Абақ тұрмысқа шығады. Шымыр атты бір бала дүниеге келген соң, Абақтың күйеуі қайтыс болыпты. Жесір қалған Абаққа сол кездің əмеңгерлік жолымен Уақтың немерелері сөз салады. Алайда сөз салғандарға Абақ жолын беріп, Керейдің шаңырағын құлатпай, түтінін түтетіп отыратындығын айтады. Осыдан кейін Уақ ұрпақтары Абақты шетқақпайлап, қағажу көрсете бастайды. Содан, əбден шыдамы таусылған, Абақ төркініне көшіп кетеді. Төркіні Абақты құшақ жая қарсы алып, əлпештеп ұстайды. Əсіресе жиені Шымырды Ұлы жүз елі еркелетіп, бетінен қақпай өсіреді. Бұл кезде тоқтасқан Сарымырза қарт Шымырға алабөтен бауыр басып, ел ішіндегі тойларда, бас қосуларда жанынан қалдырмай өзімен бірге алып жүреді. Мұндайда Сарымырзаның ықыласы түскен балаға сырт көздің де назары ауып: «Бұл қай балаңыз?» — деп сұраса, Сарымырза: «Менің Ашамайлы Керейім ғой», — деп жауап беретін көрінеді.
Шымыр нағашысынан жақсы тəрбие алып, ел аузына ілінген азамат болып, ұрпағы өсіп-өнген бір арыс елге айналған. Алайда «Шымыр» аты ұмыт болып, нағашысы Сарымырзаның дуалы аузымен айтылған сөзді былайғы жұрт та қайталап, «Ашамайлы Керей» деп атап кетіп еді дейді. Сөйтіп, одан тараған кейінгі ұрпақтары да «Ашамайлы Керей» атанып кетеді.
Абақ бəйбіше бетіне қарап отырған жалғыз баласы Шымырды жас кезінде оқу оқытып, білім беруді арман етеді. Сол кезде Үйсін елінде арғы тегі не түрік, не өзбек Нəзір деген молда болған екен. Абақ бəйбіше баласы Шымырды қолынан жетелеп Нəзірге алып келеді. Нəзір молда мəн-жайды сұрап алған соң былай дейді: «Ислам дінінің шариғаты бойынша жас əйелдің некесіз жүруіне болмайды, міндетті түрде некелесуі керек. Күйеуі жоқ некесіз отырған жас əйелдің қолынан тамақ ішу де харам. Тіптен, ондай əйел су алған бұлақтың етегінде отырған елдің сол бұлақ суымен дəрет алуына да болмайды, дəреті бұзылады. Сондықтан біреумен некелесуің керек, сонсоң ғана балаңды Құдай жолымен тəрбиелеуге болады».
Нəзір молданың мұндай пəтуасынан кейін Абақ ана əрі ойланып, бері ойланып келеді де: «Молдеке, мен мынандай бір ойға келдім. Мен төркін жұртымда отырмын, сөз салатын əмеңгерімнің жоқ екенін білесіз. Сондықтан перзентімнің болашағы үшін өзіңіздің етегіңізден ұстасам ба деген ойға келдім. Алайда бір шартым бар, Сізбен некелескен соң тапқан ұрпақты «Керей» деп атауға мақұл болсаңыз ғана, некелік парызыма тоқтаймын», — деген тілегін білдіреді. Абақ ананың бұл тілегін Нəзір молда қабыл алып, некелеседі.
Абақ пен Нəзірдің арасынан туған бала «Керей» деп аталады. Кейбір шежіре дерегінде Керейдің өңі қара болған соң, оны Қарақожа (Құттықожа) деп те атаушы еді дейді. Ержете келе Керейдің қадірі артып, төңірегі Қара би деп атап еді деген де сөз бар.
Міне, осы Керейден (Құттықожадан, Карақожадан) — Майқы туады. Бұл Шыңғыс хан заманындағы Майқы би емес. Майқының кейінгі ұрпақтарынан он екі ата Абақ Керейлер тарап еді дейді» [6; 252–253].
Қазақ шежіресіндегі Абақ Керей мен Ашамайлы Керей аттарының шығу тегін тергеген тұстарына үңілсек, Абақты Керейдің Ақылбай атты ұрпағының бəйбішесінің аты еді деген түсіндірмеге жолығамыз. Оның есімі əуелі Аппақ екен, келе-келе Абаққа айналған. Қазір «12 ата Абақ» деп жүрген бірлестік əу баста сол Абақ бəйбішенің өзі тəрбиелеген он екі немересінен өрбіген делінеді. Ал Ашамайлының əуелгі аты Ғали екен (енді бір шежіреде Ақберді), əкесі ашамайға мінгізіп барып келіншек алып бергендіктен, Ашамайлы атаныпты делінеді.
Ашамайлы Керейлер
13-ші ғасырда монғол қысымынан ығысып, Ертісті бойлай, солтүстік-батысқа ауып, одан Тобылға жеткен Керейлердің бөлігі. Тобылдан өткен шағын тобы XV ғасырда Кіші жүз құрамына енген. Ашамайлы Керейлер қарақалпақ, өзбек халықтарының құрамында да бар. XIX ғасырда Ашамайлы Керейлер тайпасы Семей, Павлодар, Қарқаралы, Петропавл, Омбы, Ақмола уездерін мекендеген [7; 621].
Ашамайлы Керей үлкенді-кішілі мына рулардан құралған:
Тарышы — рулар бірлестігі. Тарышыдан — Смайыл, одан — Ақсары, Құлсары (Құрсары), Тоқымбет, Матақай (Манатай), Самай, Еменəлі (Семенəлі), Нұралы, Нұрымбет, Ақымбет. Бұл аталар XIX ғасырдың бас кезінде бүгінгі Орталық, Солтүстік Қазақстан, Омбы жерін мекен еткен. 1824 жылы Көкшетау округы ашылғанда, мұнда Құлсары — 870, Еменəлі (Семенəлі) — 895, Самай — 795 түтін болған [8; 570].
Мəшһүр Жүсіп Көпейұлы Тарышы — Смайылдың екі атасы (Құрсары (Көрсары) мен Ақсары) туралы мынандай қызық деректі ұсынады: «Құрсары (Көрсары), Ақсары «Төрт сарының нəсіл- жұрағаты»: «Орысқа қарамаймыз!» — деп, Алатау, Алтай тауларынан асып кеткен. Олар бұл күнде Қытайға қарап қалды: «Мейлінше бай болған, бодамсыз Керей» атанады», — дейді.
Құрсары, Ақсарыны Тұрлыбек орналастырған Ақмола облысына. Құрсарыдан: Есбол, Есенəлі; Есенəліден: Құдайқұл, Қодас, Жібек. Құдайқұлдан — Құдайберді; Жібектен: Жаңбыршы, Жəнібек. Мұнан Жанғабыл, Досай туады. «Соқыр Жанғабылдан» алтау туады. Бірі — Сүйінбай, Сүйінбайдан Ақыл бес ағайынды болған. Тау-Көтібақ баласы: Қызылтауда тұрғандықтан, атын «Тау» қойған. Ақыл-Күлік: Ақыл Сексен ішінде туғандықтан, атын «Ақыл» қойған. Өз заманында Ақыл «Тау» атанған.
Ақылдан тоғыз: бəйбішеден төртеу, тұңғышы — Асаубай. Асаубайдың кенжесі «Бəзіл қажы» атанған, қыстауы Сілетіде: Ешкіөлместе. Бəзіл қажыдан: Ғұбайдолла (Ғұбайдолда), Бопкен. Бопкен балалары: Жиыпалла (Жепла), Нұрхамит. Бұл екі баланың «қара орманын» сыпырып алып, Ғұбайдолланы Омбыға, Бопкенді Семейге жер аударған. Бұл Бопкен: «Семей барамын» — деп, Қызылтау бауырында атын ұрлатып, жаяулап қайтып, Ескелдіде отырған, Құдай рахмет қылсын Мəшһүр Жүсіпке кез болып:– Қатын-балаңды тауып ал, — деп, — бір шабдар атты басыбайлы өзінікі қылып, мінгізіп қоя берді» [9; 380].
Сарман — Ашамайлы Керейдің рулар бірлестігі. Шежіре деректеріне қарағанда, Сарманнан Болат, Қорған деген рулар тарайды. Ертеректе олар Петропавл уезін мекендеген. Егіншілік, мал шаруашылығы, аңшылық, саятшылық, қол өнерімен шұғылданған [8; 33].
Сибан (Сибан Керейлер) — рулар бірлестігі. Шежіре деректері бойынша, Сибаннан — Ерімсары, Күнкене, Шимойын, Қорқыт, Шоқматор. 1822 жылға дейін Сибан Керейлер Петропавл уезін мекендеген. 1822 жылдан кейін Ерімсары, Күнкене рулары қазіргі Қостанай облысына; Шимойын, Шоқматор рулары Павлодар, Семей облыстарына қоныс аударған. Сибандар егіншілік, аң жəне балық аулаумен, мал шаруашылығымен айналысқан [8; 147].
Сибанның Қорқытынан (Қортығынан) — Қошқарбай, одан — Байжігіт, Ақпанбет, Тоқпанбет. Ақпанбеттен — Сейіт. Тоқпанбеттен — Беспай, Шыныбай, Сəдір, Қуат, Қадыр. Шыныбайдан — Жолғұтты (Жолымбет), одан — Еламан, одан — Əсіреп, Мүсіреп, Кенжетай. Мүсірептен — Ботбай, Кəжімбай. Кəжімбайдан — Махмұт, Ақан, Мақан, Самырат. Махмұттан — Ғабит (Қазақтың ұлы жазушысы Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов) [10; 187].
Шимойынның бірнеше аталары Шығыс Қазақстанның Қатонқарағай аудандарындағы Наймандармен аралас қоныстанған. Шимойыннан — Байназар, Қайназар, Есназар, Ерназар, Жаназар, Маназар, Алданазар, Жолдыбай, Жылқыбай (Жылыбай), Досай, Отарбай деген он бір ата өрбіген.
Отарбайдан — Қосай, одан — Сырымбет, одан — Байбарақ, одан — Бектемір, одан — Шүкей.
Шүкейден — Мұқан, одан — Сəбит (атақты жазушы Сəбит Мұқанов) [10; 186].
Балтадан — Көшек, одан — Айтуған — одан Қошқыл, одан — Жəдік, Байқожа, Жарылғапберді. Жəдіктен — Мұратəлі, Құрманəлі, Ырсымбет, Сырлыбай, Дəулетберді, Сырымбет, Баталы. Жарылғапбердіден — Қара, Сары, Қожагелді, Дүйсенбі [11; 36].
Таз — Айтуар, Хангелді, Шаң, Естай, Достан деген аталарға бөлінеді. XVII ғасырда жоңғар шапқыншыларына қарсы азаттық жолындағы күресте қол бастаған Қара батыр осы Таз Ашамайлы Керейден шыққан [8; 515].
Көшебе — «Көшебелі көп Керей көше алмайды Сибансыз» деген атау алған. Көшебеден — Жауынгер, Жауғашты, Жалайыр, Шəукер (Шəукер Керей).
Жауынгерден — Бағлан, одан — Асылболат, одан — Байбол, одан — Аңдаспан, одан — Шілікті, одан — Жаңбыршы. Жаңбыршыдан екеу: Жоламан, Таузар.
Жауғаштыдан — Құдайназар, одан — Əлмембет [11; 36].
Ашамайлы Керейдің Көшебесінен тараған үлкен ру — Шəукер Керей. Ол — Қаратоқа, Жантоқа, Байтоқа, Жанұзақ, Жасұзақ, Байұзақ, Малдыбай, Барлыбай, Өтеміс, Бегімбет болып он атаға бөлінеді. Олар бұрынғы Петропавл уезін, көлденең Есілдің теріскей бетін, Ресейдегі Тюмень облысының Есіл, Есет өзендерінің алқаптарын, Қорған облысының Лопатинский ауданын, Петропавл қаласын мекендеген. Ертеде аңшылықпен, балық аулау, саятшылықпен, егіншілікпен, қолөнерімен, мал шаруашылығымен шұғылданған [12; 210].
Сақал Керейлер. Олар, шежіре деректері бойынша, Асан, Үсен, Сапар деген үш атаға бөлінеді. Сақал Керейлер ертеде Петропавл уезін, көлденең Есіл бойындағы Жолдыөзек өңірін, Омбы облысының Есілкөл ауданын мекендеген. Олар егіншілікпен, аңшылықпен, қолөнерімен, мал шаруашылығымен шұғылданған [13; 617].
Сағындық Керейлер — рулар бірлестігі. Шежіре деректері бойынша, Сағындық Керейден: Тоқсары, Аю, Тұрлыбек, Көтеней, Есбол, Қамысбай, Қамшыбай, Қалпақ, Тамшыбай, Жолаушы деген рулар тараған. Петропавл уезін, көлденең Есілдің теріскей бетін, Еманалы болысын мекендеген. Сағындық Керейлер егіншілікпен, мал шаруашылығымен, аңшылықпен, саятшылықпен жəне қолөнерімен шұғылданған [13; 607].
Қазақ шежіресі бойынша, Ашамайлы Керейден — Ошыбай, одан — Баһрам, одан — Төбей, одан — Тұрсынбай, одан — Жарбақ, одан — Жанай, одан — Бекарыс, одан — Наурызбек, одан — Қажығали, одан — Əлмұхамед, одан — Пархат, одан — Танаш [11; 33].
Этнографиялық зерттеулерде Танаш жиі аталмай, оның жоғарыда қарастырылған кейінгі ұрпақтары (Тарышы, Сарман, Сибан, Балта, Таз, Көшебе, Сақал, Сағындық Керейлер) туралы көз жазылған.
Абақ Керейлер
Он екі арыс Абақ Керей — Орта жүзге кіретін Керей ұлысының үлкен бір тайпасы.
Ашамайлы Керейден Қара бидің қызын Үйсін Абақ батыр (Майқы бидің немересі) алып, Керей жерлерінде тұрып қалады. Одан өрбіген ұрпақ «Абақ Керей» атанып кетеді. Олар негізінен Қытай, Монғол жерінде [5; 35].
Осыған ұқсас оқиғаны А.Сейдімбек өз еңбегінде былайша баяндайды: «Ел аузындағы шежіре сөздің бірінде Дана деген биден Керей туып еді дейді. Керей ел көзіне ертерек түскен, ақылына дəулеті сай адам болыпты. Алайда, Керей жігіт шағында қайтыс болып, жаңа қаз басқан баласы жетім қалады. Керейдің жетім баласын ашамайға мінгізіп жүргенде көз көргендер «Керей мырзаның ашамайлы баласы ғой» дейді екен. Содан, ол бала ел ішінде «Ашамайлы Керей» атанып кетеді.
Ашамайлы Керей үш əйел алып, олардан он жеті бала көріпті. Солардың ішінде кіші əйелінен Қараби жалғыз туыпты. Қарабиден Абақ туыпты. Абақтан он екі ата Абақ Керейлер өрбиді» [6; 270].
Бүгінде Абақтан тараған ұрпақтар он екі арыс ел болады. Олар: Жантекей ұрпақтары ертеде Өскемен, Зайсан уездерін мекендеген. Ұрандары — Шақабай [14; 271].
Жəдік ұрпақтары да бұрын Өскемен, Зайсан уездерін мекендеген. Олардың ұраны — Жантай [14; 347].
Қарақас ұрпақтары бұрын Шұбартау, Шұбарайғыр, Жауыр, Жорғабайтал тауларын; Бақанас, Дағанды өзендерінің бойын мекендеген. Ұрандары — Үшбай, таңбасы — Ашамай.
Шұбарайғырдан: Балта, Қабыл, Бөлек, Төлек, Өтес, Құланшаш аталары тараған. Шұбарайғырдың арғы атасы — Жаната. Бірде ол өрісте жүрген Шұбарайғырдың үйірін айдап алып, малданған екен. Осы себеппен Жанатадан тараған ру Шұбарайғыр аталып кеткен деген аңыз бар. Олар Қара Ертістің сол жағалауын қыстап, жазда Сауыр мен Көксүне тауларының шалғынды алқаптарын жайлаған. Шұбарайғыр ұрпақтары негізінен мал өсіріп, пішен шапқан. Кей жерлерде суармалы егіншілікпен айналысқан [12; 298].
Ителі — Тоқтағұл, Елтоқ болып екіге бөлінеді. Ертеде бұл рудың жайлауы — Алтайдың оңтүстік беткейі, Қара Ертістің жоғарғы ағысындағы «Китің арша» жайылымы. Ал қысқы мекені — Бурылтоғай, Шіңгіл өзенінің жағасы. Ителінің ұраны — Бұқарбай. Кейде күллі Абақ Керейге ортақ Жəнібекті де ұрандай береді [15; 145].
Шерушіден — Бақат, Ұзынмылтық, Құрман аталары тараған. Олар кезінде Өскемен (Нарын, Үркер бөктерін), Зайсан (Оңтүстік-Шығысында) аймағын мекендеген. Жалпы саны 850 түтінге жеткен. Шерушілер қыста Қара Ертіс, Ұрынға, Кран, Кемерши, Күртіні (қазіргі Монғолияда) мекендеп, жазда Абақ Керейдің басқа руларымен бірге Оңтүстік Алтайдың биік тау алқабындағы көгалдарда көшіп-қонып жүрген. Олардың негізгі кəсібі мал өсіру, суармалы егіншілікпен де айналысқан. Шерушілердің негізгі бөлігі осы күнгі Монғолия мен Қытайда тұрады. Ұраны — Байтайпақ [12; 243].
Меркіт-Лепсі, Шағыр, Мыңлы, Сақау деген аталарға бөлінеді. Бұл жерде Үйсіннің Қойылдар тармағына жататын Мың, Албанның Қызылбөрік руына жататын Сақау аталары осы Меркіттегі «Мыңлы, Сақау» аталарымен туыс емес пе екен деген сұрақ туады [5; 35].
Молқы, шежіре деректері бойынша, Мошан, Қошан, Айтуған, Ботабай болып бөлінеді. Молқы ұрпақтары ертеде Зайсан уезінің Қара Ертіс бойын мекендеген [16; 109].
Жастабан. Одан екеу: Бекназар (одан Шақантай, Құдайберді, Қожакелді); Қосай (одан Рысбек, Күтке, Төлеке) ұрпақтары тарайды [4; 21].
Көнсадақтан төртеу: Атақозы, Бойкөбек, Жаулан мен Қожаберген [11; 33].
К.Жолмұханбетовтың «Ғасырлар белесі» атты кітабында Абақ Керейден тағы екі ру таратылады: Қолқа мен Құлтайболат [5; 35].
С.Жұмағали «Керейлер жайлы бірер сөз» деген мақаласында: «…Біздің əкелеріміз күні кешке шекара ашылғанша Құлтай-Болаттан ұрпақ жоқ деп келді. Ал біз бүгін елге оралған ағайындардың ішінен Құлтайболат бабамыздың ұрпағы бар екеніне көз жеткіздік» [11; 32], — деп толғанады.
Абақ Керейдің ұраны — «Жəнібек». Таңбасы — «Абақ».
Абақ Керейлердің Монғолияға көшу себептері
Қазақ сахарасында, Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз деп бөлінген халықтың, Абақ Керей Орта жүздегі аса ірі тайпасы болған.
Бір жылы Орта жүз жерінде үлкен той болады. Тойға Ұлы жүз бен Кіші жүздің тайпалары да шақырылады. Тойдың қымызы ішіліп, табағы тартылып болған соң, жұрт ойынға ойысады. Өкінішке орай, қызықтың қызуы қосылып, ойыннан от шығады. Тойда Арғын мен Керей жігіттері бір нəрсеге келісе алмай, ерегісіп төбелеседі. Көп адам сойылға жығылады. Бөгде атаның балалары арашаға түсіп, «ес кетіп, жан шықты» дегенде екі жақты айырады.
Сойылға жығылғандардың ішінен Арғынның Ақмырза деген жігіті өліп, жаласы Керейге артылады. Арғын мен Керей жауласады, мал қуып, барымта алып, өштеседі. Ел басшылары мен жұрт жақсылары кеңес құрып, «Қазақ жолы» бойынша Керейден құн əперіп, Арғынның аяғына жығып, екі жақты бітімге келтірмек болады. Оған Керей жағы: «Біз адам өлтіргеннен саумыз, өз арасындағы өштігін осы араға жасап, бірін-бірі өлтіріп, жаласын бізге жауып отыр. Кісі құнынан артық малымызды барымталап тартып алды. Ақ іске құн тарта алмаймыз. Бұларың Арғынға бұрғандарың», — деп ырық бермейді. Арғын жағы іргелі, белгілі тайпа болғандықтан, «құн алмай қоймаймыз» деп қасарады. Керіс барған сайын күшейіп, насырға шабады.
Арғын кез келген жерде Керейдің адамын тарпа бас салып сабап, малын қуып, берекесін кетіреді. «Арғыннан қорлық-зорлық көрдік, ара ағайын əділдік айтпай, Арғынның сөзін сөйледі. Іргеден қадау, белдеуден жау шығып, түбіміз бір болса да көңіліміз кір болды» деседі. «Қастық қалып, өштік өшіп, естен кетіргенше, мойны ұзақ бір жерге қоныс аударғанымыз рауа көрінеді» деп, Керей бұл маңнан аууға бекиді. Ол 1771 жыл екен.
Ол заманда іргенің бүтіндігінің сақталуы, береке-бірліктің күшті, ел ішінің алалықта болмауы бəрінен маңызды саналған.
Қазақ өз ішінен қырқысып, Керейдің ауа көшуі қалған елге жеңіл тимейді. Ел қамын ойлаған қасқа мен жайсаңдар бас қосып, «Керейді тоқтатайық» деп кеңес құрады. Бірақ, кеңес тиянақ тапқанша, Керей көшіп береді. Кеңестің соңғы шешімі олардың соңынан елші жіберіп көшті ақылмен, көнбесе күшпен қайтарып келу болады. «Бұл аса қиын іске басы бағалы, аузы дуалы, əрі Арғын» деп əйгілі Бұқар жырауды тағайындап, қасына сарбаздар қосып аттандырады.
Көш Сырдарияның бойын бойлай суыт тартып, үдере жылжиды. Ақыры Бұқар жырау Сыр бойын жағалап, жебелей қуып көшке жетеді. Елдің еңкейген кəрісінен, еңбектеген жасына дейін жұдырықтай жұмылып, қуғыншы-елшінің келе жатқанын көреді. Бұқар нөкерлеріне: «Елдің сұрқы суық екен, дес берер түрі жоқ. Енді қызыл тілдің күшімен бір іліп көрейін. Ілдірсе — істің оңғарылғаны, ілдірмесе — істің құрығаны», — дейді:
Керей, қайда барасың,
Сырдың бойын көбелеп.
Сендер қашсаң, мен қойман,
Арғымақпен жебелеп.
Енді алдыңнан шығайын,
Жауған күнше себелеп.
Ақмырзамды өлтірдің
Ақ сойылмен сабалап.
Мен Арғын деген арыспын,
Азуы алты қарыспын.
Сен бұзау терісі шөншіксің,
Мен өгіз терісі талыспын.
Абылай алдында бітіссең,
Құдандалы таныспын.
Егер Абылай алдында бітпесең,
Атасын білмес алыспын.
Көшің кетер бір жаққа,
Өзің кетерсің бір жаққа,
Көш соңынан салпақтап,
Есің кетер сол шақта.
Жар басына қамалып,
Жарты лашық тігерсің.
Аузыңдағы асың кетер,
Көздеріңе жасың келер,
Бұл қылығыңды қоймасаң,
Сонау кеудеңдегі қалқайған
Дулығалы басың кетер, —
деп [17; 49], көшті тоқтады. Бірақ көшбасшылары: «Арғынның қылығына орай, Керейдің малына сұрау болмаған соң, өкпелеп аудық. Енді қайырыла алмаймыз», — деп мəн-жайды ұғындырып, Бұқарларды жолға салады. Көш Қалба, Маңырақ таулары, Жайсаң, Кішкене көлдері бар өңірге келіп, ірге теуіп, Сауырдың тұмсығынан Үлеңгір көлінің бойына дейін жайыла қонып мекендейді. Бұл Керей тайпасының ежелгі қонысы екен. Жаугершілік заманда əрі ауып, бері ауып мекендеген бұл өлкенің Тарбағатай жағында Найман рулары, өр Алтай жағында Торғауыт болады.
Жүре келе Абақ Керей елі Найман, Торғауыт тайпаларымен жанаса қонып, жарыса жайылып, ақыры бір күні жайылымға таласып қалады. Қолдарында өзіне қарасты орынды дəлелдейтін ханнан алған таңбалы қағазы да болмағандықтан, Абақтың билерін Торғауыт, Найман тайпасы ілтипат етіп танымайды. Олар: «Төресіз ел, төбесіз жер болмайды. Қолдарыңда белгі хаттарың да жоқ, бұған қарағанда қашқын көрінесіңдер, ұры, өтіріктерің де бар екен. Билеріңде əділдік болмағандықтан билігі өтпейді, біріңді-бірің басқара алмасаңдар, бүйткенше хандарыңды тауып алыңдар», — деген екен. «Сондықтан хандарыңнан таңбалы қағазы мен төрелікке бір баласын əкеліңдер, не болмаса біздің бірімізге ел болып бірігіп, басқаруымызда болыңдар», — деп салмақ салады. Олардың бұл өңірде тоқтатпауға айналған сыңайына көз жүгірткен соң, Абақ елі толғана келіп, дербестігімізді сақтайық деп келіседі. «Қашан да кірмесің деп көзге түрткі қылады» деп, Абақ Керейлер Монғолияға аууға шешім қабылдайды.
Осылайша тарих тепершігінің шырғалаңында ғұмыр кешкен Керей елінің ұрпақтары, 1840 жылдарда Шыңжан өлкесі, немесе Алтайдың күнгей бетін мекендеген, Абақ Керей елінің Молқы, Жантекей, Шеруші руларының біразы қазіргі Баян-Өлгий (қазақша аты Бай-Бесік) аймағының оңтүстік-батыс шекараларын асып келіп, Қобда беткейіне қоныс тепкен.
Жоғарыда келтірілген деректер журналист Ш.Білгішбайқызының «Орталық Қазақстан» газетінде «Біз Керей тегіненбіз» деген мақаласынан алынды. Бұған біздің қосарымыз, əрбір азаматтың басты мақсаты — өз əулетін жұртқа, көпшілікке өрем жеткен жеріне шейін таныту. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген аталы сөзді біз ешқашан да қаперімізден шығармауды жөн көруіміз керек.
Керей тайпасынан шыққан, тарихтан алар орындары бар қадір-қасиеті мол жандар
Керей тайпасынан заманның, уақыттың өзі данасы мен батырын, бағланын тарих бетіне шығарды. Олардың үлгілі өмірі өз алдына бір төбе болса, келешек ұрпақтың дұрыс өсіп-өнуі үшін нағыз тəрбие көзі, асыл мұрасы, тəлім құралы:
Қожаберген жырау Толыбайсыншыұлы (1663–1763) — Абақ Керейден шыққан.
Абақ Керейдің ішіндегі Шұбарайғыр руы 1400–1500 жылдары аралығында қалыптасқан екен. Шұбарайғырдан — Өтес, оның ұрпағы — Дəулен. Дəуленнен — əйгілі Толыбай сыншы. Ол кезінде əрі би, əрі атақты сыншы болыпты. Толыбай сыншы деген атағы жайылып, одан көп ұрпақ өрбіген екен. Ең кенжесі — Қожаберген тек Шұбарайғыр руының ұраны ғана емес, үш жүзге аты шыққан, ту ұстап, тұлпар мініп, жаумен алысқан, домбыра ұстап, күй шерткен, қобыздан жыр төккен батыр, күйші-жырау болған.
Қожаберген батырдың мекені — қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданындағы Гүлтөбе деген жер. Сонда дүниеге келген, ұлы дүрбелеңдер мен ұлт бостандығы үшін жанкешті айқастарға толы бір ғасыр өмір сүріп, ақтық демі де сол Гүлтөбеде үзілген. Ол Үргеніш, Бұқара, Самарқан медреселерінде оқып, өз заманының ең ғұлама адамдарының бірі болған. Төрт-бес жұрттың тілін білген. Жаумен өткізген шайқастарда қатардағы сарбаздықтан Ордабасы дəрежесіне дейін көтерілген. Елшілік қызметпен айналысқан. Тəуке ханның «Жеті жарғысын» құрастыруға да қатысқан. Өзі айтқандай, оны бұзау терісіне өз қолымен көшіріп жазған.
Қысқаша айтсақ, Қожаберген жыраудың қазақ халқының тарихында алар орны ерекше. Елі үшін сіңірген өзге де еңбектерін былай қойғанда, исі қазақ халқының басты əніне айналған «Елім-ай» əні мен ұлтымыздың бір ғасырлық дерлік қасірет пен ерлікке толы шежіресі боларлық «Елім-ай» дастанын айтсақ та жеткілікті.
1759 жылы жаздың басында жеңіспен елге оралған батырлар арнап келіп, мүлдем қартайған Қожаберген жырауға сəлем беріп, қазақ əскерінің жеңіске жетіп, жер-суды қайтарып алғанын айтып, қарт қолбасшыны қуантады. Сонда Қожаберген жырау қолына қобыз алып «Жеңіс» атты тарихи толғау шығарыпты [18; 30].
Қожаберген Толыбайұлын даңқты Бұқар жырау ұстаз санаған. Атақты Абылайханның өзі бата алған, ақылгөй, дана тұтқан. Бауыржан Момышұлы «Қожаберген жыраудай бұрын-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі қазақ жұрты жерінің көлемін, шекарасын айқындап берген емес. Ол кісінің «Елім-ай» жыры — əскери дастан», — десе, белгілі тарихшы Ермахан Бекмаханов: «Елім-ай» дастаны — тарихи эпопеялық жыр. 1723 жылы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған ірі апаттың суретін ел көзіне елестеткен бірден-бір тарихи құжат», — деп бағалаған. Академик Манаш Қозыбаев: «Оны тек дастан деу аз сияқты. Оның арнасы кең — жырға ұлттың болу-болмауы, Отан тағдыры арқау болған. «Елім-ай» шын мəнінде ұлттық сананың биік шыңы, ұлттың сергелдеңге душар болғандағы мұңы, болашаққа құлаш сілтеп, қайсар, намысшыл қазақтың ұлт болмысын жаңғыртуға ұмтылысының шаншыла айтқан қайнар жыры, сыры», — дей келіп, «Илиада», «Одиссей» секілді мифологиялық шығармалармен қатар қойған. Əйгілі ақын Кəкімбек Салықов
«Жеті жарғы» ашыпсың жарқын мəнін» деген толғауын Қожаберген жырауға арнаған:
Ерен тұлға бабамыз Қожаберген,
Ер екенсің уақыттан оза желген.
Ел жаңарды, ақталды ақ сенімің,
Болашаққа қолыңды соза берген.
Ойран салған жан едің ойраттарға,
Ел шебінде тұрғанда ойлантты Алла.
Ойлы сазға орадың жырларыңды,
Зар заманда зобалаң толғантқанда.
Сегіз қырлы, бір сырлы байқағаным,
Үлгі болды ұрпаққа бай талабың.
Əз-Тəукенің əйгілі заманында
Тайдырыпсың сан рет жау табанын.
Тарих сырын кең аштың, асыл бабам,
Жау қалмапты қазақты басынбаған.
«Елім-аймен» жеткіздің мұңға бөлеп,
Қазағымның көл-көсір жасын маған.
Бар қазаққа ерекше жақын адам, Ұ
стаздығың ешқашан басылмаған:
Қаршадайдан жабыссам домбыраға,
«Елім-айдан» бастатты ақын ағам.
Ұстаз болып Бұқарға қарқындадың,
«Жеті жарғы» ашыпсың жарқын мəнін.
Бұрын өткен Шыңғысхан жорығынан, Алаша ханын қазақтың айқындадың.
Кім сыйламас сендей зор ғұламаны,
Терең жаздың «Алқакөл сұламаны»,
Бүгін басқа күн туды: дербес елміз,
Басқан ізің болардай жыр алаңы.
Бір қуансақ ескерткіш қойып алып,
Сені атадық тарихтан ойып алып.
Шырт ұйқыдан, Қожеке, аунап түсші,
Болып жатыр бір үлкен тойың анық.
Даңқы сарбаздығымен де, сардарлығымен де, ақын-жыраулығымен де алты Алашқа əйгілі болған Қожаберген батыр 1763 жылы қазан айында 101 жасқа қарағанда ауырып қайтыс болған. Оның сүйегі «Бүркіт қонған» деген орманның маңындағы əкесінің есімімен аталатын «Толыбай сыншы» бейітінде жерленген.
Біржан сал Қожағұлұлы (1834–1897) — қазақ поэзиясы мен өнерінің тарихында алатын орны ерекше, даңқты халық композиторы, асқан əнші, дарқан ақын.
Біржанның руы — Ашамайлы Керей, оның ішінде — Тарышы. Тарышыдан — Смайыл, одан — Нұралы. Нұралыдан — Батыр, одан — Кенже, одан — Бертіс. Бертістен — Қожағұл, одан — Тұрлыбай, одан — Біржан сал. Ол əкесі Тұрлыбайдан гөрі, елдің билігіне, шешендік сөзіне үнемі араласқан атасы Қожағұлдың тəрбиесін көбірек көріпті [19; 11].
Бойында əншілік дарыны бар, домбырада шебер ойнайтын Біржан жастайынан қазақ даласына танымал болған. Ол бірегей сазды-поэтикалық шығармаларды дүниеге келтірген. Ел аралап, алуан түрлі айтыстардың ортасында жүрген. Айналасына дарынды жастарды жиып, өзіндік көшпелі театр құрған.
Кезінде Біржан сал қазақ жерінің барлық түкпірін аралайды. Ел көреді, жер көреді, талай той- думандардың сəні, көркі болады. Жүрген жерлерінің бəрінде бүгінге дейін ел аузында жүрген, халқымыздың өшпес мəдени қазынасына айналған əндер шығарады. Бүгінгі əншілеріміз айтып жүрген «Лəйлім шырақ», «Теміртас», «Жайма шуақ», «Айтбай», «Бурылтай», «Айбозым», «Асыл- Ақық», «Керкекіл», «Ақ серкеш», «Мəті-Дəулен», «Алтын балдақ», «Телқоңыр», «Аққошқар»,«Көкек», т.б. əндері — мəңгі өлмейтін туындылар. Бұлардың бəрі бұрын жеке дауыста орындалса, ұлы композиторымыз Мұқан Төлебаев біразын «Біржан-Сара» операсында пайдаланған. Арқаның ақиығы Біржанның Жетісу бұлбұлы атанған ақын Сарамен айтысы да — өлмес қазынамыз [20; 236, 237].
Ақиық ақын К.Салықов өзінің «Біржан сал жайлы толғаныс» атты мақаласында ұлы əнші, ақтангер ақын туралы ойын былай түйіндейді: «Көкшетау өңірі, Сырымбеттің етегінде, Есілдің жағалауын жас кезімде еркін жайлап өскендіктен анам жағынан Үкілі Ыбырайға, ата жағынан Ақан Серіге жəне олардың аға деп сыйлаған ұстаздары Біржан салға деген сүйіспендік ана сүтімен дарыды десем, артық болмас. Үш алыпты бір елдің, бір атаның ұлдарындай көріп Көкшетау Есіл өңірінде сал, серілер үмбетін құрып мектебін ашқандай көріп, өлеңдерін ертеден айтып жүрдім.
Ол кезде керей, уақ, атығай, қарауыл деп бөлінбейтінбіз. Өз басыма Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ бəрі де туған аталарымдай көрінетін. Оған қоса халық ақыны, əкемнің жақын ағасы Молдахмет Тырбиұлы жəне Үкілі Ыбырайдың немересі, өзімнің туған бөлем əнші ақын Мұса Асайыновтар бұл төрт дүлдүлдің арасына рулық жік салмайтын. Үш жүзге бөлінгендерді жек көріп, «Атамның берген ақылы» деген өлең жазып, бөлімпаздардың кесірін де татқанмын. Қазір ғой, тəуелсіздіктің бір жетістігіндей шежірешіл болып алдық, үш жүз бе, үйді-үйге бөлініп теріс қарайтындар да табылып жатыр. Айтайын дегенім де: Біржан сал атамыз да керейдің ұлы екен, Үкілі Ыбырай бабамыздың «Атыңнан айналайын, керейім-ай, құдайдың арнап берген мерейін-ай» деп сыйлаған өлеңі де еске түсті.
Біржан салдың қанына сіңген даналықтың бір мəйегі — ел бірлігін сақтау. Ол Ақсары болысының беделді биі болған мың жарым жылқылы атасы Қожағұл Бертісұлын қанша арқау етсе, «Ақсары, Тоқсары мен екі Керей» деп қана өзі шыққан керей елін ғана емес, қатарлас өскен атығай, қарауылды бауыр тартып бəрінің бастарын қосуға тырысқан. Ол, ол ма ойшыл ақын: «Сайраған Орта жүздің бұлбұлымын» деп шалқып, кейде «қазақ жоқ Біржан десе нанбайтұғын» деп бүкіл елге қызмет еткенін алға тартады. Осы ойды Сəкен Сейфуллин:
Қазақта кім білмейді Біржан салды,
Ағызған қызыл тілден шекер балды.
Сан ақын жарысқанда талай тойда,
Үздік боп бəйгіні ақын Біржан алды, —
деп үлкен сүйіспеншілікпен жырға қосыпты. Біржан сал ел төңірегінде қалып қоймас ұлы өнерін шет елдерге жеткізуді армандайды. Сонда:
Қырымға қарайтұғын ақиықпын,
Аң алмай жерге бекер қонбайтұғын.
Тұлпармын Көрғұлының ғиратындай,
Алдына жүгірсе мал салмайтұғын, —
деп асқақ арманын қосып тасқындата жырлайды. Азаматтық үлкен мінез білдіріп, ел бірлігімен бүкіл елдің ұлағатты ұлдарын паш етеді: «Қарқабат, Қарақожа ата-бабам» деп керейін де ұмытқандай болады. Ол өз ата-бабасын ешқашан ұмытқан жоқ, ол елде бар асылдарды сүйеу етеді. Қалай десек те, көз көрген үлкендер Біржан салды Сегіз серіден кейінгі қазақтың сал, серілерінің шоқтығы биік ағасы, əншіліктің атасы санайтын. Міне, сол ұғымды өмір бойы көкейіме сақтап, бұлтартпай ұлағаттап келемін» [21; 133].
Рулық-патриархалдық əдет-ғұрыпқа қарсы шығып, жырына əйел теңсіздігін, əлеумет күйін арқау еткен өнерпаздың өмірі қиындықтар мен мұқтаждыққа толы болды. Қуғынға ұшырап, ауруға шалдыққан Біржан сал 1897 жылы дүниеден өтті.
Сəбит Мұқанов (1900–1973) — қазақ əдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі. Ол 1922–1926 жылдары Орынбордағы рабфакта оқыды.
1923 жылы публицистік жəне əдеби қызметпен айналыса бастады. С.Мұқанов «Абай — қазақ əдебиетінің классигі», «Жамбыл — Қазақстанның халық ақыны», «Сəкен Сейфуллин» мақалаларын жазды.
1935 жылы Мəскеу Қызыл профессура институтының əдеби бөлімшесін бітіреді.
«Адасқандар», «Теміртас», «Өмір мектебі», «Жұмбақ жалау» (кейіннен өңделіп «Ботагөз» деп аталады), «Балуан шолақ», «Сырдария», «Тыңдағы толқындар» сияқты повестері мен романдары жарияланды [21; 202, 203].
Сəбең өзінің «Халық мұрасы» атты тамаша еңбегінде қазақ шежіресі туралы ойын былай түйіндейді: «Шежіре соншалық көп болғанымен, өрісі оншалық кең болмайды. Мысалы, Нұртаза маған: «Сенің əкең — Мұқан, оның əкесі — Шүкей, оның əкесі — Бектемір, ол — Байбарақтан, Байбарақ — Сырымбеттен, Сырымбет — Қосайдан, Қосай — Отарбайдан, ол — Шимойыннан, Шимойын — Сибаннан, ол Керейден туған» деп сегізінші атамен мені қазақтың ең көне руының бірі Керейге апарып тірей салды.
Мұндай шежіренің бергі жағы дұрыс болғанымен, арғы ескілікті жағы жаңылыс сияқты. Өйткені Керей тарихта соңғы мыңжылдықтың аржағынан мəлім. «Ашамайлы», «Абақ» болып бөлінетін Керей мың жылдан астам (мүмкін, одан көп болар) жасаған өмірінде, егер жүз жылда орта есеппен үш ата жасайды деп мөлшерлесек, кемінде отыз ата болып бұтақталады. «Абақ» негізінде Қытай мен Монғолияда, «Ашамайлы» — Совет Одағында, Октябрь революциясына дейінгі əкімшілікте 50 болыстан астам ел болған. Бұл Нұртаза айтатын есептен əлдеқайда көп.
Керей жайлы осылай болса, оның бергі бір бұтағы Сибан, көне кездегі Италияның белгілі саяхатшысы Плано Карпинидің (1182–1252) Орта Азия көшпелілері жайында жазған еңбегінде аталады. Сонда бір ғасырда үш ата жасайды деп жорамалдасақ, тарихта мəлім кезінен бастағанда, Сибан мен менің арам 20–22 атаға созылады. Одан арғы Сибандар қайда?
Ауызша айтылатын шежірелердің бəрі де осындай. Қандай шежіреші қазақ болмасын (хат танымайтындары) жеті атасына дейін жақсы біледі де, одан арғысын бұлдыратып жібереді.
Кейде аталардың бұрынғы-соңғылары алмасып та кетеді. Мысалы, қазақ шежіресінде «Күрлеулі» (Қостанай мен Баянауылда) қазақтың, қыпшақтың бергі бір атасында саналса, біздің мың жылдықтың басында жасаған тарихшы Рашид-ад-Дин жазған «Жамғу-əт-тауарихта» Алшын бар, оны біз Кіші Жүздің бір бұтағына санаймыз. Рашид-ад-Дин кезінде «жүздер» болмаған.
Жалпы алғанда «қазақ» аталатын шежірелердің нұсқалары көп жəне өзара қайшылықтары да аз емес. Қазақтар бергі аталары мен арғы (түпкі) аталарын бір келкі айырады да, ортадағыларын шатастырады.
Кейбір рулар ауысып та келеді. Мысалы, «Қаракесек» немесе «Бике» аталатын, тағы сондай рулар Орта жүзде де, Кіші жүзде де бар. Бір жорамалда: Кіші жүзде «Керейт» аталатын румен Орта жүздегі «Керей» бір тұқым. Тіпті Сібірдегі «Корея» аталатын ұлтты да осыларға қосып қояды. Мəшһүр Жүсіп бұл жайда: «Аржағын Алла біледі», — деп тұңғиыққа тіреледі» [22; 21, 22].
Сəбит Мұқанов — тамаша əңгімеші, кейіпкерлерді əлеуметтік-психологиялық сипаттаудың шебері болды. Ол қазақ романының дамуына үлкен үлес қосты [23].
Ғабит Мүсірепов (1902–1985) — қазақтың əйгілі жазушысы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері. Туған жері — қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы.
Ғабең Орынбордағы рабфакта оқып жүргенде өзінің тырнақалды туындысы — «Тулаған толқындар» повесін жазады. Содан былай қарай баспа орындарында, партия, кеңес мекемелерінде жауапты қызмет атқара жүріп, шығармашылық жұмысын толассыз дамыта береді. Соның нəтижесіндей болып, «Қос шалқар», «Көк үйдегі көршілер», «Шұғыла», «Талпақ танау» əңгімелері мен «Бір адым кейін, екі адым ілгері» повесі жыл аралатып барып, бірінен кейін бірі жарық көреді.
Шығармашылық жолының бір белесін аналар туралы əңгімелер топтамасымен түйіндеген жазушы енді кең тынысты туынды жазуға кіріседі. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғын ала ол өзінің тұлғалы туындысы — «Қазақ солдаты» романын жазады. Роман тың тақырыбымен, образдарының көркем бейнеленуімен, сюжет құру шеберлігімен, тартымды тамаша тілімен таңдаулы қазақ романдарының қатарына қосылады. Бұдан кейін ол араға біраз уақыт салып барып, өзінің ең ірі салалы да салиқалы шығармасы «Оянған өлке» романын жариялайды.
Ғабит Махмұтұлы «Кездеспей кеткен бір бейне» кітабы үшін Абай атындағы республикалық сыйлық алады. Араға бес-алты жыл салып барып, прозадағы соңғы елеулі туындыларының бірі —«Ұлпан» повесін жариялайды.
Сонау отызыншы жылдарда-ақ үлкен драматург екенін танытып, «Қыз Жібек» операсының либреттосын, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесасын берген Ғ.Мүсірепов кейінгі жылдарда да бүкіл қазақ драматургиясының тамаша туындысы болып табылған «Амангелді», «Ақан сері-Ақтоты» пьесаларын жазады. Оның шығармаларының негізінде кинофильмдер түсіріледі [20; 191].
Академик Серік Қирабаев «Ғабең романдары — рухани мəдениеттің озық үлгісі» атты мақаласында: «Ғабит — қазақ көркемсөзінің айтулы шебері. Оның тіл байлығы, əр сөзді орын- орынына қоя білуі, тілінің тазалығы кімді де болса ғажап қалдырады. Бұл тұрғыда онымен тең келетін жазушы біздің ұлттық əдебиетімізде жоқ. Оның тіл мəдениеті көп жазушыға үлгі бола алады. Əрине, жазушылық шеберлік деген тек тіл байлығы ғана емес, «Ғабит суреткер» деген ұғымға жоғарыда сөз болған шығарма идеясының терең ашылуы, əлеуметтік өмір шындығынан туатын тартыстардың нанымды өрістеуі мен шешілуі, образ жасаудың дəлдігі, көркем тілдің бейнелілігі — бəрі кіреді. Ғабит — осы жайлардың барлығын тең шеше білген жазушы. Ол заман талабын, өзгерістер заңдылығын ерекше сезінді, əлеуметтік күштердің ара салмағын дұрыс пайымдады, болашақты болжай алды, өткеннің бағасын дəл ұғынды. Осы тұрғыдан да ол үлкен суреткерлікке көтерілді. Адам бейнесін ашуда үлкен образдармен шектелмеді, эпизодтық бейнелердің өзінде аз сөзбен, жеке бір көріністе оны жарқ еткізе түсу — Ғабит өнеріне тəн дүние. Жазушы жасаған монологтар, ішкі монолог, диалогтар, əр кейіпкердің сөзінің ісімен сəйкестігі де жазушы шеберлігінің құрамына кіреді.
Ғабит — ХХ ғасырдағы қазақ əдебиетінің ірі өкілдерінің бірі. Оның шығармалары халықтың осы дəуірде туған рухани мəдениетінің озық үлгілеріне қосылады», — деп, Ғ.М.Мүсіреповтің шығармашылығына өте жоғары баға береді [24; 4].
Сөз соңында мына бір қызық ақпаратты жұртшылық есіне сала кеткен жөн сияқты. Ғабит Мүсіреповтің шығармалары əлем халықтарының 34 тіліне, олардың ішінде француз, ағылшын, неміс, испан тілдеріне аударылған. Екі жүз томдық əлемдік əдебиет кітапханасына қазақ жазушыларынан М.Əуезовтың «Абай жолы» эпопеясы мен Ғабеңнің «Этнографиялық əңгімесі» ғана еніпті.
Р.С.Каренов
Материал Қарағанды университетiнiң хабаршысынан алынды.
Əдебиеттер тізімі:
- Қазақтың көне тарихы / Дайынд. М.Қани. — Алматы: Жалын, 1993. — 400 б.
- Омарбеков Т. Байырғы Керейлер (Керейттер) // Қазақ тарихы. — 2012. — № 4. — 2–5-б.
- Ақанов М. «Керей», «Ашамайлы» жəне «Абақ» этнонимдері туралы // Қазақ тарихы. — 2007. — № 3. — 23–29-б.
- Қазақ шежіресі. Үш тараудан құралған жин. — Целиноград: «ҚАЛАМГЕР» шығармашылық алқасы, 1991. — 92-б.
- Жалмұханбетов К. Ғасырлар белесі. — Астана: «Ақарман-медиа» ЖШС, 2010. — 278 б.
- Сейдімбек А. Қазақтың ауызша тарихы: Зерттеу. — Астана: Фолиант, 2008. — 728 б.
- Қазақ Совет энциклопедиясы. — Т. 1 / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Совет энцикл. Бас ред., — 648-б.
- Қазақ Совет энциклопедиясы. — Т. 10 / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Совет энцикл. Бас ред., 1977. — 648-б.
- Көпейұлы М.Ж. Ит дүние. Таңдамалылары. — Алматы: Халықаралық Абай клубы, 2008. — 416 б.
- Үсенбаев Т. Қазақ шежіресі. — Т. 2. Орта жүз — Жан Арыс. — Алматы: «Полиграфкомбинат» ЖШС, 2007. — 376 б.
- Жұмағали С. Керейлер жайлы бірер сөз // Азия-Транзит. — 2003. — № 9(42). — 32–36-б.
- Қазақ Совет энциклопедиясы. — Т. 12 / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Совет энцикл. Бас ред., —600 б.
- Қазақ Совет энциклопедиясы. — Т. 9 / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Совет энцикл. Бас ред., — 640-б.
- Қазақ Совет энциклопедиясы. — Т. 4 / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Совет энцикл. Бас ред., — 672-б.
- Қазақ Совет энциклопедиясы. — Т. 5 / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Совет энцикл. Бас ред., — 656-б.
- Қазақ Совет энциклопедиясы. — Т. 8 / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Совет энцикл. Бас ред., — 664-б.
- Бұқар жырау Қалқаманұлы. Шығармалары. — Алматы: Полиграфия, 1992. — 96-б.
- Тінəлі: Шежіре / Құраст. Б.Смағұлов. — Астана: «Полиграфкомбинат» ЖШС, 2012. — 544-б.
- Біржан сал Қожағұлұлы. Өлеңдер. — Алматы: Жазушы, 1967. — 228-б.
- Тарихи тұлғалар / Құраст. Б.Тоғысбаев, А.Сужикова. — Алматы: «Алматыкітап» ЖШС, 2006. — 376 б.
- Салықов К. Біржан сал жайлы толғаныс // Жұлдыз. — 2013. — № 9. — 131–139-б.
- Умарова Г.С., Шарабасов С.Ғ. Қазақ əдебиетінің тарихы: Оқулық. — Астана: Фолиант, 2007. — 244 б.
- Мұқанов С. Халық мұрасы: Тарихтық-этнографиялық шолу. — Алматы: Жазушы, 2005. — 304 б.
- Қирабаев С. Ғабең романдары — рухани мəдениеттің озық үлгісі // Егемен Қазақстан. — 2002. — 26 сəуір. — 4-б.