«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

СІБІР ӨЛКЕСІ АРҚЫЛЫ ҚАЗАҚ ЖЕРІН ОТАРЛАУ

Авторы tugurul
1824 қаралым

Шыңғыс әулеттерінің айбынынан ығысқан орыстық отарлау идеясы Көшім мен Сейдақ тұсына келгенде барынша ашыққа шықты да, оның алғашқы құрбандарының бірі болып – Ораз Мұхаммед, Қадырғали Жалайыри, Сейдақ хан (Сейд-Ахмет) Бекболатұлы Мәскеу тұтқынына жөнелтілді.

Осы тақырыптар төңірегінде Қадырғали Жалаири «Жылнамалар жинағында», Мұхтар Мағауин «Аласапыран» романынында біршама баяндайды.

Қ.Жалаиридің «Жамиғ ат-тауарихының» негізгі тарауларын алғаш орысшаға аударып, оған түсінік берген ғұлама ғалым, көрнекті ағартушы Шоқан Уəлиханов. Ол: «Күмəн жоқ, қазақтар туралы ең алғаш дерек Березин бастырып шығарған «Жылнамалар жинағында» кездеседі. («Жылнамалар жинағы» (Жалаири). Шығыс тарихшыларының кітапханасы. Издание профессора И.Н.Березина, т. II, ч. I, Казань, 1854). Осы басылым қазақтардың өткені туралы ең құнды, алғаш жазба ескерткіш. Мұнда нақты тарихи деректер аз болғанымен, қазақ хандары мен сұлтандарының ата тегі бар…. Қазіргі қолда бар деректерді, ел аузындағы аңыздармен, ноғайлармен қарым-қатынас жайлы орыстың елшілік актыларды Жалаиридің «Жамиғат-ат-тауарихымен» салыстырған жөн. (Қадырғали Жалаири – орта ғасырдағы қазақтың ғұламасы … Серия «История. Философия». № 3(75)/2014 87)

Жылнамалар жинағы» Ораз-Мұхаммед Қасым қаласын билеп тұрғанда, һижраның 1000 жылында, Борис Годуновтың патшалығы соңында жазылған. Жылнама авторы Қасым қаласы билеушісі Ораз-Мұхаммедпен бірге болған, аты-жөні белгісіз…, бұл жылнама таза араб тілінде жазылған, аударма сөзбен… жəне тілмен, дегенімен, өзбектердікі (XV–XVI ғасырларда қазақтарды өзбек деп те атаған), далалық теңеулер мен мəтелдерге тұнып тұр. Елден алыстағы қайғы, сағынышын Ораз-Мұхаммедпен бөліскен автор, ханның хатшысы сайланады. Автор былай дейді: «Бұл жылнаманы Борис Годунов патшаның жебеуші, қонақжайлылығы құрметіне арнап жаздым…

Кейіннен Қасым қаласының билеушісі болған ОразМұхаммед сұлтан – Ондан сұлтанның баласы, қазақ пен қалмақтардың ханы Тəуекелдің немересі. 1587 жылы Ораз-Мұхаммед жəне Сібір ханының баласы – ханзада Сейтекті Даниил Чулков деген əскер басы тұтқындайды. «Сібір жылнамаларында» Ораз-Мұхаммедті – ол Қазақ Ордасының ханзадасы, сұлтаны дейді. Сол жылы тұтқындар Москваға жөнелтіледі, Борис патша оларды өте жақсы қабылдап, бірнеше жылдан соң Ораз-Мұхаммедті Қасым қаласының ханы етіп тағайындайды. Жылнама-кітап авторының сөзіне қарағанда, ол Ораз-Мұхаммедтің жерлесі болса керек жəне автордың (тарақ таңбалы) Жалайыр руынан екені айтылады. Борис Федоровичтің ханзадаға деген кішіпейіл ілтипаты мен мейрімі арқасында осы кітап дүниеге келді дейді автор. Автордың өзі туралы осы сөздеріне жүгінсек, оның Ораз-Мұхаммед сұлтанның жерлесі, шыққан тегі тарақ таңбалы, ең басты жалайыр руынан екенін білеміз. Жалайырлар қазақтың ең басты руы, Ұлы жүз құрамына кіреді», – деп жазған. (Уəлиханов Ш. «Таңдамалы». – Алматы: Жазушы, 1985. – 560 бет).

Осы оқиғалардың басында «олар (Қадырғали мен Оразмұхаммед) Көшім, Сейдақ (Сейтек) сұлтандармен бірігіп, Сібірді жаулауға келген Ермак əскерлеріне қарсы күреседі. Бұл күресте, əсіресе, Қадырғали Қосымұлы ерекше тапқырлық көрсетеді.Ұмытылмас есімдер» / Құраст. Б.Ысқақов. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 224 бет).

Қадырғали Қосымұлы Сібір князі Сейтектің (Сейдақтың, Сейдектің) де кеңесші биі болған. Кейіннен Көшім ханға қарсы шығып, ол Ораз-Мұхаммедпен бірге Сейтекпен жақындасқан. Сөйтіп, оның мəртебесін көтеріп, беделін арттырған. («Қазақстан тарихы». Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2006. – 768 бет).

Сейдекке (Сейтекке) «Қазақ ордасының бір ханзадасы (Ораз-Мұхаммед) мен Қараш мырза (бұл арада Қадырғали Жалаири осылай аталып отыр) келгеннен кейін, ол күшті болып алды…». («Қазақ Совет энциклопедиясы». Т. 7 / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. – Алматы: Қазақ Сов. энцикл. Бас ред., 1975. – 648 бет).

Орыстың «Сібірді жаулап алу» жылнамасында осы оқиға былай сипатталады: «Летом 709 (1588) году случилось князю Сейдяку (последний хан Сибири – Сеидахмед) с салтаном Казачьей Орды (Ораз-Мухаммедом) и с мурзой Карачею (Кадыргали Жалаири) и с 500 человеками татар на берегу реки Иртыш забавляться ястребиной охотою… И понеже сие происходило в виду от города, то письменный голова Чулков тотчас о том увидал и послал к князю, чтобы его с товарищами просить к себе на обед, причем о мирных договорах советовать можно будет». (Мақалақов Т.Ж. «Қадырғали Жалайыр – танымал тарихшы, мемлекет қайраткері» мақаласынан).

Ораз-Мұхаммед Даниил Чулковқа қолды болғаннан кейін «Қазақ ханы Тəуекел өз туысы Ораз-Мұхаммедті сұратып, орыс патшасына сан рет елші жібереді. Бірақ орыс патшасы Ораз-Мұхаммед пен Қадырғали Қосымұлын өз еліне қайтармайды. 1588 жылдан 1598 жылға дейін олар Мəскеуде, патша сарайында болады. Оған себеп болған нəрсе тағы да Ораз-Мұхаммед сұлтан. Өйткені, ол Ресей патшасының қарамағына келгеннен кейін шведтерге қарсы, Қырым хандығына қарсы жасалған көптеген жорықтарға қатысады. Осы жорықтарда ерлік көрсетіп, көзге түседі. Соның үшін Ресей патшасы Борис Годунов Оразмұхаммедті Қасым қаласына əмір етіп сайлайды. («Мұсылман ғалымдары» / Баспаға əзірл. Д.Тоқмырза. – Алматы: Шапағат-Нұр, 2006. – 104 бет).

Шын мәнінде жоғарыда айтылған Ораз-Мұхаммед, Қадырғали Жалаири, Сейд-Ахмет (Сейдақ) тағдырлары – орыс отаршылдарының түркі жұрты болған Сібір хандығы арқылы бүгінгі қазақ даласын жаулауының алғашқы баспалдағы болған еді. Осындан кейін де он жылға жуық қарсылық көрсеткен Көшім соғысы тарихи өзгеріс жасай алмаған еді. Соның ішінде Тұғырыл хан, Шыңғыс хан сынды көкжалдар тұқымына ауыз салу түбі бір түркіліктің бірігуіне жасалған зұлымдықтардың жалғасы болды. Сөйтіп, Патша үкіметі 1552 жылы Қазанды, 1556 жылы Астраханды басып алды да, содан бастап түркі халықтарын, олардың ата қоныстарын бірінен­ соң бірін жаулап ала бастады. 1588 жылдан кейінгі Сібірлік билік қаншама рет қарсылықтар жасап, бас көтеруге тырысса да орыстық өктемдікті аударып тастай алмады.

Қазақ даласын отарлау атақты Петр І­дің дәурен құрған жылдарында тіпті де өрши түсті. «1704 жылы Петр І қол жеткен жердегі қазақ елінен түгел салық алу туралы жарлық шығарады. 1708 жылы Орта жүз қазақтарына бұғауды біржола салу үшін Сібір губерниясы құрылады. Орталығы Тобыл қаласы болады. 1713 жылы Сібір губернаторы князь Гагарин император Петр І­ге Ертіс бойын өрлеп бірнеше бекініс салу туралы ұсыныс жасайды. Оның жоспары осы бекіністер жүйесін Жоңғария арқылы Жаркентке дейін созу еді. 1716 жылы Сырдария өлкесін бағындыру ойластырылады. Осы жылы Каспий маңы зерттеліп, Индияға шығатын жол іздестіріледі. Жоңғар шабуылы күшейіп бара жатқан соң Орта жүз қазақтарының елшілері Сібір губернаторы Гагаринге тізе қосып қорғану жөнінде ұсыныс айта келеді. Петр І­дің әмірімен Омбы қамалы салынады. 1718 жылы атақты Тәуке хан өмірден өтті. Ол Ресеймен оңтайлы байланыс орнатып, жоңғарларды тойтара алған еді. Өзінен кейінгі елге әйгілі «Жеті Жарғыны» аманат етіп кетті. Сол жылы Семей бекінісі салынды. 1720 жылы орыс әскері Өскеменге мықтап бекінді, қамал тұрғызды. 1752 жылы Петропавл бекінісі салынып, Сібір қорғаныс жүйесі Ертіс жүйесімен жалғастырылды.». (Алдан Смайыл. Шығармалары. Көп томдық. Тарихи зерттеулер – Астана: Фолиант, 2015. ISBN 978-601-302-229-1 Т. 3. – 320 б).

Осылайша, ежелгі түркі жұртындағы қазақ далалары – Ертіс өңірінің көп бөлімі, Сібір өлкесі арт-артынан орыс отарына айналды.

Ресейдің Қазақстан территориясына экспанциясы нәтижесінде 1752 жылдан бастап Ертістің жоғарғы ағысындағы Үлбі, Бұқтырма және Нарын бойындағы жерлердің Ресейге қосылғаны туралы ресми түрде жарияланды.

Сібір — Уикипедия

Ресей империясы қазақ жерін отарлау саясатын барған сайын күшейтті. Шекаралық өкімет билеушісі И.И.Неплюевтің «бөліп ал да билей бер» принципіне негізделген идеялары мен жоспарлары қолданысқа кірді. Қазақ руларының Жайыққа, Жайық қалашығы мен бекіністерге  жақын жерлерде көшіп жүруіне  тиым салу туралы 1742 жылы 19 қазанда жарлық шықты.  Кейін ол 1756 жылы толықтырылып, түгел Жайық пен Еділ арасында қазақтарға көшіп-қонуға тиым салынды.

Шекаралық үкімет органдары қазақтарды шекаралық аудандардан ығыстырып тастау жөнінде көптеген шаралар қолданды. 1755 жылы Сыртқы істер алқасы Сібірдің өкімет орындарына  қазақтар «бұлайша еркін өту олардың дағдысына айналмау үшін Ертістің оң  жағына өткізілмесін» деген нұсқау  берді. 1764 жылы қазақтардың Ертіске 10 шақырымнан және орыс бекіністерінен 30 шақырымнан жақын жерде көшіп жүруіне мүлде тиым салынды. Осылай 1730-1740 жж. Кіші және Орта жүз билеуші топтарының Ресей бодандығын қабылдауы нәтижесінде солтүстік батыс Қазақстан жері Ресей империясының отарына айналды.

Бейне, Мұрат Мөңкеұлының:

Еділді тартып алғаны,

Етекке қолды салғаны.

Жайықты тартып алғаны,

Жағаға қолды салғаны.

Ойылды тартып алғаны,

Ойдағысы болғаны,

Қоныстың бар ма қалғаны? – деп жырлағанындай болды.

XVIII ғасырдын 50-60 жылдары Ертіс, Тобыл, Есіл, Үй өзендері алқаптарындағы Орта жүздің қазақтары өздерінің мекендеген жерлерінен ығыстырылды.

Патша үкіметі түркі халықтарының, соның ішінде қазақ жерін отарлаудың алуан түрлі жоспарын жасады. Мысалы, осы бір мақсатты іске асыруда «әйел патша ІІ Екатерина да түпкі ойын өзінің құпия жарлығында ашық атап көрсетті:

  1. Қырғыз-қазақ халқының бір ру басшысын екінші ру басшысымен араз етіп, бір-бірімен қас етіп, бірінің етін бірі жеуге себеп болыңыз.
  2. Сұлтандардың бірімен-бірін араз қылып, бірімен-бірін иттей тартыстырып, бірінің етін бірі жеуге себеп болардай іс қылыңыз.
  3. Қырғыз-қазақтың басшы адамдарын сұлтандармен араз қылып, сұлтандарды оның өз қоластындағы ақсақал адамдармен араз қылсаңыз, арасына от түскен уақытта жанып кетердей көкір-сөкір даярлай беріңіз. Осылайша арасына от жағып, береке-бірлігін алсақ, азып-тозған қырғыз-қазақ жұрты бөтен патшалықтың қоластына көшіп кетуге дәрмен болмас. Өз-өздері қырық пышақ болып қырылысып, жеңілген жағы жеңген жағынан өш алу үшін, күш алу үшін Ресей патшалығына жақындар, басқа патшалыққа қорғалар. Сол уақытта Ресей үкіметі араларына төре болып, төрелік ретіне қарай не анаусын, не мына жағын қуаттап тұру керек. Түрлі амалмен сұлтандардың күшін кетірсек, өзімізден озып ешқайда кете алмас. Келетін, кететін жері өзіміз боламыз. Тілегеніңізше қақпалап жортармыз». («Егемен Қазақстан» газеті, 1992. 17 қазан).

1870 жылы Ресей  империясының  халық ағарту  министрлігі  шет аймақтағы отар халықтарға білім беру туралы заң қабылдайды. Бұл заң бойынша шет аймақтағыларды орыстандыруды көздеген миссионерлік педогогика жүйесі енді. Ресей патша үкіметінің басты мақсатының бірі, орыс емес халықтарды жаппай орыстандыру, шоқындыру еді. Бұл саясаттың іске асыру жолының негізі қазақ-орыс школдары болды. (Сол школдардан бүгінге дейін арыла алмай келеміз) Жаңа миссионерлік педагогика жүйесінде былай деп жазылыпты:

– Мұсылман елдерін ыдырату, арасына от жағу. Яғни, пантүркішілдік пен панисламдылыққа қарсы күресу. Қазақ елінің ағартушылық қозғалысын татардың ықпалынан, мұсылман дінінен алшақтату:

– Халықты ата-баба тарихынан, өнерінен, ұлттық мәдениетінен қол үздіру. Яғни, қазақтардың ғасырлар бойы қолданып келе жатқан жазу таңбаларын жою, олардың орнына аралас орыс-қазақ мектептерін ашу, кейін бұлардың бәрін таза орыс тіліне көшіру.

Құлдық пен езгі, отарлау мен жаулау бар жерде оған қарсылық та үнемі туындап отырады. Түркі жұрты қай дәуірде болмасын өзін отарлаушы, құлданушыларға қаратқан қарсылығын жоғалтқан жоқ.

«Түркістан  қаһармандары арыстанша арпалысып, қайрат көрсете жүріп, жанымен, ділімен Отан қорғау жолында жүз мыңдап құрбан болды. Бірақ орыстарға келетін шама-қуатының жоқтығы, дұшпан қуатының көптігі бізді сарсытты. 1921-1931 жылдары қызыл жаһангер Совет орыстары отарына өтті. Орыстар өздерінің басқыншылық сипатымен қылмағандары қалмады. Ислам мәдениеті мен түрік мәдениеті және олардың ескерткіштері құлатылды. Дініміз, ұлтымыз масқаралауға, шапқыншылыққа душар болды. Мешіттеріміз, жұма намаз оқылатын орындарымыз коммунистік құлып – қызыл отауларға айналдырылды. Мыңдаған мешіт, медреселеріміз зинақорлық орындарына, кафелерге, ойынханаларға, әскери казармаларға айналды. Әуелгі тұрмыс, салт-дәстүрлеріміз жойылды. Бүкіл қауым өз құқықтарынан мақрұм етілді. Советтердің құлы болуға мәжбүрленді. Неше жүз мың ғалымдарымыз, үлкендеріміз, жас қызметкерлеріміз қой секілді бауыздалды. Әр жерде большевик мектептері ашылды. Мектептерде дінсіздікке, құдайсыздыққа үйретілді. Күнәдан пәк балалардың саф таза миларына коммунизм зәрі сіңірілді. Ата-аналарына қарсы дұшпандық ниеттерін тудыра бастады. Орыстандыру, дінсіздендіру жоспары алға қойылды». («Қазақ ұлт азаттық қозғалысы», 8-том, 46-47-бет. Абдулазиз Шыңғыс ханның 1939 жылы 15 тамызда Мысырда өткен Ислам бауырластық кеңесінде оқылған «Түркістан  туралы» лекциясынан. Астана:«Астана полиграфия» АҚ, 2008).

«Ресей отаршылдары қазақ жерiн бiр жарым ғасыр бойы жаулағанда, олар отты қарумен, тұрақты армиямен қаруланса да, әр жердегi қазақ батырларының қол бастаған жанкештi қарсылығына ұшырап, алға жылжи алмай келдi. Мұның басты себебiн орыс тарихшысы Аничков қазақтардың елiне, жерiне деген махаббатынан туындаған ұлттық санасының жоғары деңгейде болуында деп атап көрсеттi. Ал өзбек хандығының қарсыласуы тез арада тойтарылып, екi-үш жыл арасында жеңiлiс табуы оларда ұлттық сананың жоқтығын көрсеттi. Өйткенi отаршылдарға қарсы бiрде-бiр не өзбек, не сарт, не тәжiк батырының қол бастап қарсылық көрсетпеуi – осының айғағы едi.

Осы себептердi ескере отырып, патша үкiметi түрiк халықтарының iшiнде алдымен қазақтарды ерекше қыспаққа алып, жер бетiнен сыпырып тастау әрекетiнен тайынбады. 1865 жылғы наурыз айында Александр I патша ерекше мәнi бар мәселеге өз қолымен жазатын раскриптiнде қазақтарды шоқындырып орыстандыру туралы саяси құжатқа ресми түрде қол қойды. Бұл байлам жергiлiктi билiк арқылы құпия түрде бiртiндеп, асықпай жүзеге асыруға бағыт алды. Қазақтарды шоқындырып орыстандыру мәселесi Святой синодқа тапсырылып, миссионерлiк саясат үшiн мемлекет тарапынан орасан зор қаржы бөлiндi.

Бұл iстi жүзеге асыру үшiн алдымен қазақтардың мың жыл бойы қолданып келе жатқан араб жазуын кириллицаға ауыстыру мақсатын жедел қолға алды». (М.Мырзахметұлы. «Түркістан», 2007 жыл, 15 ақпан).

Қазақтың ділін, тілін құрту, жерін отарлау мақсатындағы орыс отаршылдары ойына келгенін істеді.

Айталық, патша үкiметiнiң ерекше iстердi жүзеге асыратын чиновнигi,  шоқынды Балкашин Жетiсу, Семей губерниясын аралап, жарамды жерлердi орталықтан келген қара шекпендерге беру үшiн зорлыққа басқанда, оған Потанин қарсылық пiкiрiн бiлдiредi. Сонда Потаниннiң қарсылығына Балкашин «империяға жер керек, қазақтар қайда кетсе онда кетсiн» деген екен.

Патшаның  1891 жылы бекіткен «Дала ережесінің» («Степное положение») 119 –статьясында:  Қырғыздар (қазақтар) мекендеген жердің бәрі мемлекет меншігі болып табылады. Қажет болған жағдайда мемлекет оларды  бұл жерден қуып жіберуге құқықты» деп жазылған. Сөйтіп, кең даланы, оны мекендеген қазақ халқын басқару жөніндегі жаңа «Ереже» бойынша көшпенділердің барлық жері қалағанынша тартып аланып, Ресей мемлекетінің меншігіне берілді.

«Отаршыл Ресей үкіметінің ең қауіпті, ең қасіретті қылмысының бірі – Орта Азия мен Қазақстан, жалпы түркі халықтарының ұлттық санасын құлдануға күш салу еді. 1881 жылы Түркістан әскери округінің комендантының көмекшісі, патша генералы Мациевский Ташкентте жұмысқа кірісе бастаған Шығыстану қоғамының мүшелеріне былай деп хат жолдайды: «Шығыстану қоғамының міндеті – Шығысты зерттеу емес,  Шығыс халқын орыстандыру». Патшаның саясаткер ғалымдары орыстандыруды тоқтаусыз жүргізу үшін саяси-ғылыми айналымға «панисламизм», «пантуркизм» деген терминдерді енгізсе, Кеңес үкіметі жылдарында жергілікті халықты ата тарихынан, ата дәстүрінен, ана тілінен, ұстанған дінінен безіндіру үшін неше түрлі қитұрқы теорияны жан-жақты жетілдірді». (К.Р.Аманжолов. «Түркі халықтарының тарихы», Алматы: «Білім», 2005, 1-том, 89-бет).

1883 ж. казак-орыс әскери басшыларының талабы бойынша Ресей үкіметі зорлықпен Жайықтың сол жағыңдағы 10 верстік алқапты казак-орыстарға берді, ал бұл байырғы халық – қазақ ұлтына істеген көп озбырлықтардың бірі еді. (Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2002 ISBN 9965-607-02-8).

Сібір жерінен басталған жаулау Ертіс пен Еділдің ұлтанды бөліктері арқылы қазақ даласына ауыз салды.

«Қазiргi Ресейдiң Қорған облысына қарасты Половинка, Лебяжье, Макушено, Мокроусов, Петухов аудандарының жерлерi, Түмен облысының Қазан ауданы, Омбы облысының қазақ жерi жағындағы шеткерек аудандары бұрын қазақ жерi болса, ендi жаңа шекара бойынша бұл жерлердi Ресей өзiне қаратып алды. Бұл жерлерде қоныстанған қазақтарды (Керей-Уақ рулары) зорлықпен, алдаумен Ертiс өзенi сыртындағы Құлынды даласына көшiрдi.

 

Осы бiр оқиға туралы Сегiз серi:

 

«Құлындыға төрт жүйе елiң көшiп,

Баласы Керей-Уақ бағың тайды.

Ол жерге барғаннан соң, тұрып қалмай,

Алтайға ауамыз деп тартты қайғы, – деп жазған». (Социал Жұмабаев «Есiмi ел есiнде». Петропавл – 2006 жыл).

Сібір жерін мекендеген қазақтардың көп бөлімі орыстық отарлықтың қанды шеңгелінен амалсыз ығысып, қазіргі Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстарына қарай жылжи қоныстанды.

Қазақ ұлтшылы Міржақып Дулатов «Қазақтың жерлері» атты өлеңінде:

Кір жуып, кіндік кескен қайран жерлер,

Мұжыққа, қош аман бол, барасың ба?

Қасиетті бабамыздың зираты,

Қалды ғой көшесінің арасында.

Моншаға зираттың тасын алып,

Ағашын отқа, мұжық, жағасың да.

Таба алмай бір барғанда еш белгісін,

Көзден жас көлдей болып ағасың да, – деп күңіренді.

Ежелден түркі жұртының майлы пұшпағы болған қасиетті даланы орыс отаршылдарының шойын табаны таптай бастады.

Жәди Шәкенұлы

Жазушы,

Академик.

 

 

Ұқсас жазбалар