«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Шоқан Уалихановтың Қытайдағы іздері

Авторы tugurul
1906 қаралым

                  Шоқан Уәлихановтың қытай сапарына ең алғашқы рет тереңдей үңілген жазушы Сәбит Мұқанов болды. Сапар жайында Сәбең: «Шоқан  Қашқарияда  10  ай  14  күн  тұрған шағында  бұл  елдің  тарихы,  экономикасы, саяси  халі,  әдет-ғұрпы,  салт-санасы  туралы қисапсыз  көп  материал  жинап,  сапарынан қайтқан  соң  бұл  тақырыпта  көптеген  еңбек жазған   адам» деп   тұжырымдайды да, одан ары сапар мәнісіне егжей-тегжейлі тоқталады.  Әсіресе ұйғыр  халқының  тарихы  мен  мәдениетіне, саяси     жай-күйіне     үңіле отырып, Шоқан іздерін жіті сабақтайды. С.Мұқанов   талай   оқиғаларды   баяндай келіп,  Шоқанның  гуманистік  ойын  көрсете кетуді  де  ұмытпайды.  Өйткені  ұйғырлардың азаттыққа    ұмтылған    қадамдары    ылғи сәтсіздікке  ұшырай  бергенін  білген  Шоқан «бұлардың   қолы   толық   бостандыққа   еш уақытта  жеткен  ел  емес.  Сондай  құлдық  пен тәуелділіктің  салдары  мінезіне  де  әсер  етіп, олардың   кескінінен   ылғи   көңілсіздік   пен үмітсіздіктің ізі көрініп тұрады» деу арқылы өз халқының  да  жай-күйінен  емеурін  танытып қояды.    Сөйтіп    Шоқанның    гумантистік көзқарасынан хабар береді. С.Мұқанов, Шоқан «қай   халықтың   тұрмысын   зерттесе   де, ғылымның қай тарауын  сөз  қылса  да  ең алдымен сол зерттеген объектісіне байланысты тілді  түсінуге,  білуге  тырысқан.  Бұл  жайда оның  жетістіктері  де  аз  болмаған»  деп  ең алдымен алғаш оқуға келгенде орысшадан бір ауыз   сөз   білмей   келіп,   азғана   уақытта жанындағы шәкірттерді ғана емес, бастықтарды, оқытушыларды таң қалдырғаны, тіпті  кадет  корпусында  оқымаған  француз, неміс,  латынды  біліп  алғанын  дәлелге  келтіре отырып,  «барған  өлкесінің  жергілікті  тілін білуге  Шоқанның  қатты  тырысқандығын  біз оның  1856  жылы  Құлжаға  барғанда  жазған күнделіктерінен  білеміз»  деген  ойын  Иакинф Бичураннің  ғылыми  ізденістерімен,  жалпы Қытай тілі  мен  тарихына  ұластырып  жіберіп, Шоқанның    шын    ғалым    екенін    көзге көрсеткендей  болады Қашкарияда болған  уақытта  ұйғыр  тілін үйренгені,   сондай-ақ,   «Шоқанның   қолына архон жазуы түспегенмен, Кашқарияда тұрған күндерінде   монғолдың   жазуы   мен   тілін үйренгені,  «Тарихи-Рашиди»  аталатын,  дүние жүзіне  әйгілі  шығарманы»  оқығанын  жіпке тізіп көрсетеді. Шын мәнінде Шоқан Уәлиханов XIX ғасырдың орта шенінде Қытай жерінде, соның ішінде Шынжаңда екі екі рет сапарда болған екен. «Менің саяхатымды» деп жазады Шоқан Уәлиханов: «жүрген жерімнің сипатына қарай екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең Жоңғариядағы бірінші рет 1856 жылы сапарда болуым. Онда полковник Хомевскийдің Ыстықкөлге жасаған бірінші экспедициясына қатынасым. Содан соң Құлжада үш ай тұрдым, Жоңғарияда бас-аяғы бес ай болып, бұл өлкенің Алакөлден Тянь-Шаньға дейінгі аймағын түгел аралап шықтым». Қытаймен болған сауда-сатықты қалпына келтіріп, талас-тартыс тудырған мәселелерді шешу сынды күрмеуі күрделі дипломатиялық мәселе Шоқан Уәлихановқа тапсырылып, 1856 жылы Құлжаға аттанады. Жолшыбай қытайдың бірнеше бекеттеріне соғады. Шоқанға сыртқы істер министрлігі нұсқау беріп: «Барлық әрекеттер Құлжадағы консулмен кеңесіп жүргізілісін! Мақсат – достық жолмен келісімге келіп, үзілген байланысты тездетіп қалпына келтіру» – деп тапсырылады. («Шынжияңның қысқаша тарихы» 2 бөлім, 47-48 беттер). Сол кездегі патшалық ресей мен қытай арасындағы белгілі талас-тартыстан туындаған мәселені шешуде Шоқан ерекше қызмет атқарады. Дипломатиялық маңызды тапсырманы ойдағыдай орындап, күздің соңғы айларында Омбы қаласына қайтады. Әлкей Марғұлан: «А.К. Гейнттің өкілдік етуі бойынша Шоқан Уәлиханов Құлжаға жасаған сапары Тарбағатай келісіміне және Құлжамен Шәуешекте консулдық ашуға негіз салған» – деп жазады. Сөзіміздің басында С.Мұқанов баяндағандай Құлжа сапары кезінде Шоқан Уәлиханов Шынжаң халықтарының елеулі тарихи кезеңдерін, мәдениетін, көне дәуірден XVI ғасырға дейінгі мәдени байланыстарын, тұрғылықты халқықтардың хал-күйін егжей-тегжейлі қағазға түсіреді. Онда шекаралық Жоңғарияны мекендеген қазақ, сібе, солаң, моңғол, қырғыз, ұйғыр, қытай сияқты халықтардың тұрмысын жанды бейнелеп қана қалмастан, өзіндік ой-тұжырымдарын да жасай білген. «Құлжадан бір жыршы карияны тауып алдым, одан алыста қалған жоңғар ертегілері, әндерін тыңдадым… Құлжаның көшелерінен беттерін бояп алған әппақ сұлу қыздар мінген күймені көрдім және оларсыз бірде-бір қонақасы өтпейді екен» – деп жазады Шоқан Уәлиханов. Ол Таңбалытас (Іле өзені), Шолақтаудағы және Жоңғар қақпасы маңынан тасқа қашалған суреттерді, балбал тастардың түр-кескіндерін қағазға түсірген. Шоқан Уәлиханов Құлжадағы дипломатиялық сапарынан қайтып барғаннан кейін «Қытайдың батыс өлкесі туралы» атты еңбегін жазады. Шоқан Уәлиханов осыдан кейін, атап айқанда, екінші рет – 1858 жылы Қашқарда экспедициялық сапармен 28 маусымнан бастап 6 ай жүреді. Қашқария ол кезде Ресей жағынан зерттелмеген бейтаныс өлке болатын. Қоқан қандығының Қашқардағы сауда консулы әрі саяси резидентінің көмегімен Қашқарияның географиясы, тарихы, саяси жағдайы, мәдениеті жақтарындағы ерекшеліктерін зерттеу Шоқан Уәлихановқа міндеттеледі. Оның Қашқарияға барғандағы бүркеншік аты Әлімбай, кәсіби саудагер ретінде жасанған болатын. Шоқан Уәлиханов Қашқарға тек мұсылман болғандығы себепті ғана кіре алған. Ислам діні бойынша Қашқарда үш айдан артық тұрса сөз жоқ уақыттық үй ұстап, әйел алуы керек-ті. Сөйтіп, Шоқан ұйғырдың ай жүзді, қаламқасты қызмен некеленеді. Осы жайларға тоқталғанда С. Мұқанов «жеңгемізді» Шынаргүл деп атаған. Шоқан ерекше міндетпен жүргені себепті әуелде уақыттық әйеліне көп сеніңкіремей, үй қызметшісі ретінде қараған. Кейіннен оның парасаттылығына, көркіне қызыққан. Өйткені, уақыттық әйелі оның әдеттегі жәй ғана саудагер еместігін танып, құпиялығын сақтай білген әрі кейбір қауіптерден де сақтап қалған. Шоқанның оған көңілі аууының бекер еместігі осыдан болар. Кетерінде оны өзімен бірге алып жүре алмайды. Себебі, қайтар жол өте ауыр еді. Ұйғыр қызы Шынаргүлды С. Мұқанов аса көрікті, хат таныған, білімді дұттар тартып, ән айтатын, Шоқанды құлай сүйген әйел екендігін жазады. Шоқан өзі туралы былай дейді: «Белгісіз жердің тарихын көп зерттеуіме мүмкіндік бермеді. Суреттерді де сыза алмадым, азғантай құпия белгілерім мен сызбаларымнан қатты сақтандым. Өзіме күдік келтірмеу үшін тіпті, үйленуіме де тура келді. Уақытша әйел алу осы жердің салты екен. Бұл жерде өткен алты айда алаңдаумен болдым». Біз Шоқан Уәлихановтың Қашқар сапарының қаншалықты қиындығын осыдан-ақ аңғарамыз. Шоқан Уәлиханов Қашқар сапарынан қайтқаннан кейін «Алты шаһардың жәй-жапсары» атты әйгілі еңбегін және басқа да зерттеу естеліктерін жазды. Ол кезде алты шаһар деп солтүстіктегі ТяньШань, өңтүстіктегі Күнлүн тауларымен қоршалған Қашқар, Ақсу, Үштұрпан, Иыңсары, Яркен және Қотан қалаларын атаған. Шығарма сол заман ғылымының ең жоғары деңгейінде жазылған әлемдегі тұңғыш зерттеу еді. Көп ұзамай ол Англия, Германияда жарияланады. Ф.Р. Остен былай дейді: «Материалдарды жинау үшін Шоқан Уәлиханов аянбай еңбектеніп, қажыр жұмсады. Өз халықының аңыз, жыр-дастандарын мұқият жазып алып жүрді. Орталық Азия диялектілерін зерттей жүріп, көне мұраларды қымбатқа сатып алды. Өлімге басын бәй тігіп жүріп, бұдда мұнасырларынан сирек кездесетін қолжазбаларды алды». Қытай жазушысы Ло Яңху: «Манас ана өзенім» атты мақаласында: «Қазақтың әйгілі ғалымы Шоқан Уәлиханов экспедициялық сапармен Шынжияңда болған кездерінде Манас өзенін бойлай келіп, көрінісі көз тартатын елді мекенде біраз уақыт тұрыпты. Кейін мұндағы қазақтар ғалымның құрметіне осы жерді Шоқан атап кетіпті» деп жазады. Кезінде патша шенеуніктері Шоқан Уәлихановтың ғылыми бастамаларына кедергі жасап, Қашқар экспедициясының нәтижелерін төмендетіп көрсетуге тырысты. Сөйтіп, Шоқан Уәлиханов кейінгі кезде патшалық отаршыл саясаттың қатыгез де айуандық әрекеттеріне орай жұмыс жасағысы келмей 1864 жылдың шілде айында М.Г.Чернияевке наразы болып Верный қаласына қайтады. Сонымен сапар барысындағы өзі танып жеткен, аяқ ізін салған жерлердегі ұлт тағдырына қатысты болған мәселелер мен қазақ даласының тұнып тұрған тың байлық көздерін, бағалы тарихи мұраларын қаламынан қағыс қалтырмай, болашақ ұрпақтарға жеткізуге құлшына кірседі. Тарихшы Көшім Есмағамбетов: «Шоқан Уәлиханов Ресей империясы сыртқы барлау қызметінің офицері болды. Осыған орай әрекет етті. Рас, барлаушылық жұмысының үнемі бақылауда болатынын жақсы ұққан ол басқа не айта алар еді? Бірақ, талай сырын айтып, жазып та кетті. Оның баға жетпес бай мұрасын барлаушылық қызметімен шатаструшылық та белең беріп келеді. Бұл кеңес заманында қалыптасқан үрдістерден арылмаған көзқарас» дейді. Қытай   сапарынан   соң   Сәбит   Мұқанов «Алыптардың  адымын»  және  Шоқан өмірінен де деректі және көркем шығармалар жазды. Шоқан өзі жасаған дәуірді, тума халқын және Шынжаңдағы түркі халықтарының хал-күйін толығынан таныды. «Шығыс Түркістан саяхат күнделігінде»: Шығыс Түркістанды мекендеген халықтар Цин үкіметьі шенеуніктері мен жергілікті феодалдардың әлеуметтік және отаршылдық езгісінің салдарынан сұмдық мұқтаждықта отыр», – деп жазды.

                   Демек, Ш.Уәлихановтың қытай сапары әлі де болса тереңдей зерттеуді қажет етеді. Әсіресе империялар иедеясына бағытталған зерттеу іздері мен оның әдебиеттерде таңбалануы шындық біиігінен қайта қарауға мұқтаж екенін ұмытпауымыз керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

 Ш.Уәлиханов шығармалары

Сәбит Мұқанов. «Алыптың адымдары»,- Алматы, 1959.

Сәбит Мұқанов. «Жарқын жұлдыздар». -Алматы, 1964.

Күлаш Ахметтің «Сәбит Мұқанов Шоқан ізімен» мақаласы.

Абай атындагы ҚазҮПУдың Хабаршысы, «Филология гылымдары» сериясы, Ко2 (32/,2010ж

«Шынжияңның қысқаша тарихы» 2 бөлім, 47-48 беттер.

Әлкей Марғұлан еңбектері

Мақсұт Бекетайұлының «Baq.kz» сайтында жарияланған «Шоқан Уәлихановтың Шынжаң сапары» мақаласы.

Уәлиханов.Ш. Таңдамалы. «Шығыс Түркістан саяхат күнделігі», жазбалары мен зерттеулері. Алматы, 1980 жыл. 30-бет.

 

Жәди Шәкенұлы

Жазушы-академик

 

Ұқсас жазбалар