«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Пірәдар Иоанн патша: аңыз бен шындық

Авторы tugurul
1095 қаралым

Көптеген ұлт мәдениетінде белгілі бір аңыз-әфсаналардың алатын орны ерекше. Аңыз ұғымы көбінесе миф, әфсана, ертегі, мифология сынды ұғымдармен байланыстырылады. Аңыз – бұл белгілі халықтың пайда болуымен, әлеуметтік – мәдени тұрмысымен, дәстүрі мен діни сеніміне байланысты айтылатын үлкен дүние. Мұнда шындық пен қиял – ғажайып ертегілер жұмбақ түрінде байытылған рухани әлем болып саналады. Аңыз (миф) ежелгі заманнан қазіргі заманға жеткен үлкен рухани мұра.
Жоғарыда келтірілген мәселелер бойынша, әлемде мифологиялық аңыздардың саны көп екені белгілі. Бұлардың қатарында өзінің ерекше құпиялығымен танымал аңыздар әлі күнге дейін өз жауабын таппай келе жатыр. Осындай аңыздардың қатарына, ортағасырлық уақыттағы кресшілер жорығының екінші кезеңінде аты шыққан «Пірәдар Иоанн патша» жайлы аңыздың шығуымен байланысты. Сонымен бұл аты аңызға айналған «Пірәдар Иоанн патша» кім? Нақты қай жерде мекен етіп, билік еткен? – деген сұрақтар көп туындаған. Бұл жұмбақ тұлғаны танып, ашу үшін қаншалықты деректер бар?

Батыс Еуропалық христиан деректерінде, Шығыста билік еткен несториан патшасы Иоанн жайлы аңыз тараған болатын. Бұл аңыз Еуропаға ХІ ғасырда жеткен. Бірақ бұл аңыздың растығына басында мән бере қоймаған болатын. Бірақ екінші крест жорығы уақытында бұл аңыз тез тарап сол жорыққа қатысуышылардың үмітін арттырып, назарын шығысқа аударды. Бұл оқиға бірнеше оқиғалармен байланыстырылып айтылған. Ол туралы былай делінген, белгісіз несториан патшасы Иоанн шығыстағы мұсылмандарды жеңіп, Иерусалим патшалығын мұсылмандардан азат етуге көмекке келе жатыр делінген.

Қытайдың тарихшы – ғалымы, профессор Су Бихай өзінің «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты кітабында осыған қатысты мына деректерді келтіреді: Дәл осы кезде несториан дінінің Орта Азия мен Терістік Қытайда кең тарауы арабтармен соғысып жатқан крест әскері мен христиан дінінің ұйымдарының назарын Шығысқа бұрды. Бүндай жағдайда Шығыс еліндегі теңдессіз христиан мүриті, пірәдар Иоан жайындағы аңыздар да оларға сан құбылып жетіп жатты (1, 241 бет). Тарихи деректерге қарағанда, ең алдымен бұл аңызды Еуропаға жеткізуші сириялық епископ Гобульский (Gabala) болған. Ол 1145 жылы діни орталыққа берген мәліметінде жақында дүниенің бір шетінде жасайтын Иоан деген бір адам, яғни бір патша, ол да несториан мүриті болыпты, ол Мидия мен парсының ағайынды Самиард патшасымен соғысып Экбатан қаласын тартып алып, оны өзіне астана етіпті, сондай – ақ, ол бері қарай келіп, крест армиясының Құдысты (Иерусалимді) қайтарып алуына көмектеспек болып аттаныпты, бірақ оның қолы Тигр дариясына келгенде бөгеліп өте алмапты, содан өзі ауырып қайтып кетіпті дейді (1, 242 бет). Ал келесі мына нұсқа осының қайталанған басқа нұсқасында былай делінген: В 1145 году известный баварский летописец Оттон Фрейзингенский, ссылаясь на рассказ Гуго, епископа Джабалы ( город в Северной Сирии), писал что за несколько лет назад до того царь несториан пресвитер Иоанн из земли восточной страны двинулся походом против мусульман, сразил их и направился дальше на запад, чтобы оказать помощь Иерусалимсому королевству, но он не сумел пересечь Тигр и повернул назад (2, 99 бет). Бұл екі нұсқадағы дерек қаншалықты рас? Ал Лев Гумилев бұл нұсқаның қарама – қайшы жағын деректермен көрсеткен болатын. Бұл оқиға жайлы ол жоғарыда аталаған «Қиял патшалығын іздеу, Пірәдар Иоаннның мемлекеті туралы аңыз» атты еңбегінде жан – жақты тоқталмай, ол туралы автор мына пікірмен шектелген: «Отсыз түтін шықпайды, ал сол сыбыс шығуына себеп болған шын мәніндегі оқиға екеніне қазір ешбір күмән, күдік тумайды» – дейді. Ол – Қидан гурханы Елу Дашы біріктірген ортазазиялық тайпалар қалың қолының селжұқ сұлтаны Санжар әскерін Қатуан шайқасында талқандады. Әсілі, несториандар көшпелі жұрт ортасында болған секілді, бірақ Елу Дашы өз басы бір дінді белгілі дәрежеде тәуір көрсе, буддизмді тәуір көрген. Оның әскері Тигрге дейін жете алмаған, тіпті оған жеткісі келмеген, оның хандығы тек Жетісу өңірін, Жоңғарияның бір бөлігі мен Алтайдың оңтүстік жоталарын қамтып жатқан шағын ғана мемлекет болған; қидан билеушілерінің арасында Иоанның есімі болмағанын айтып, еуропалықтың ойдан шығарған аңызы деген ой айтады (5, 226 бет). Бұл қарама-қайшы деректер қаншалықты шындық. Орта ғасырлық түпнүсқаларда Орталық Азиядағы христос дінді бір елдің ханы, даңқты әулие Жан туралы аңыз бар. Жан деген әулиенің кім екендігі жайлы, зерттеушілер көптеген болжам айтқан. В.В. Бартольдтың жазғаны бойынша бұл Керей ханы (Тұғырыл хан) сияқты (4, 86 бет). Ал мына деректер «Пірәдар Иоанн патша» есімін бірнеше патша есімімен байланыстырады.

Бірінші нұсқаның теориясы бойынша:
1. Herbelot керейіттер көсемі Ван-ханмен байланыстырады;
2. Жербильон — тибет патшаларының бірі десе;
3. Лакроз — Далай ламамен теңестіреді.
4. Фишер — несториандық католикс деп санаған.
5. Густав Опперт мен Царике оны Батыс Ляо билекшісі Елюй Дашимен байланыстырды;
6. Брун —Багратион династиясының билеушісі Димитрий I тұсында ғұмыр кешкен грузин Иван деп санайды (3).
Ал екінші нұсқа теориясында;
1. Керейлердің Уаң ханы;
2. Иелу Дашы;
3. Грузин ханзадасы – Джон Оуэр.
4. Шыңғыс ханның өз басымен байланысты;
5. Үлкен Шиндудың (Үнді) патшасы (1, 242 бет) – деп көрсетілген.
Еуропалық христиандардың «Пірәдәр Иоаннға» үміт артқаны соншалық, осы аңызбен қатар «Папа Александр IV Пірәдәр Иоаннға жолдауы» пайда да болды. Батыс христиандары пірәдар Иоанн кресшілердің Иерусалим корльдігін қолдап, мұсылмандарға қарсы Батысқа жорыққа шығады деп сенді (5, 226 бет). Бұл аңыз еуропалықтардың шығысқа деген аңсарын онан сайын арттыра түсті. Сөйтіп, хрстиан дінінің мүриттері пірәдәр Иоанн мекендеген Шығыс жұртына сапар шеге бастайды. Бірақ Шығыстағы Иоанн есім патша мемлекетін таба алмаған. Ал, кейбіреулері өздерінің пірәдар Иоанның мемлекетіне жеткенін айтып, оны жазып қалдырған. Осыған байланысты әйгілі саяхатшылар Марко Поло мен Вильгельм Рубруктың естеліктері дерек береді. Олар өз жазбаларында өздерінің пірәдар Иоанн тұрағында болған уақытында құлақ естіп, көз көрген жәйттарын айтып өткен. Рубруктың естелігенде, пірәдар Иоанн наймандар ішінде болған десе, Марко Поло оны оңғұт патшасы дейді (1, 242 бет).
Осыған қосымша мына деректер келіп шығып отыр, «Қара қытайлар таулардың арасындағы жазықта отырады. Онда қой бағумен айнаныластын, ешкімге дес бермейтін несториан дінін ұстанатын наймандардың бастығы бар. Оның бұқара-жұрты да христиан дінінің несториан мазхабын ұстанатын. Горхан өлгеннен кейін несториан көшпенділер қолбасшысы өзін хан деп жариялайды. Ол жан-жаққа адам жіберіп, өзін Иоан деп ататты… Оның бір інісінің есімі Вэнке еді, ол өзі қара қытайлардың ар жағында тұрады. Ағайынды екеуінің аралығы екі апталық жол болатын. Вэнке Қарақұрымда тұратын. Тек осы хан (кейін) несториан дінінен безіп, зороастра (отқа тәу ету) дініне сенді… Иоан өлген соң баласы болмағандықтан орнына Вэнке хан болды. Ұлыстың малы мен басы өсіп,гүлденіп көркейді» – делінген(1, 243 бет)
Бұл тұжырымдарға қарап отырсақ, бұл шиеленіскен деректер болып отыр. Рубрук Вэнкені керейлердің ханы деп көрсеткісі келген, бірақ ол бұны тияқнақты дәлелдей алмааған секілді. Ал Марко Поло Рубрук айтқан Вэнкені Еуропаға аңыз болпы тарам кеткен Иоанн есімін бір адам ретінде байланыстырған.
Ал кебір ғалымдар Марко Поло айтып кеткен Вэнке, Иоанн есімін Уаң хан, кейе оңғыт қолбасшысымен байланыстырады. Рашид – ад – Дин мен Джувейни: Найман ханзадасы Батыс Лияу (Қарақытай) мемлекетін құлатқаннан кейін, Горханның қызын алады, ол қыз ханзаданы несториан дінінен айнытып, будда дініне сендіреді деген естелік келтіреді(1, 244 бет). Бұл жерде найман ханзадасы Күшілік ханның (1180 – 1218/1211-1218 жж.билік еткен) моңғолдардан қашып, Жетісу жеріне қашып, қарақытай гурханы Елюй Жилигудан (1118 – 1213/1177 – 1211 жылдары билік еткен.) қолдау тауып, ол ханға қызы Хунь – ху (? – 1218) ханшаны тұрмысқа берген. Бірақ хан, гурханды аң аулап жүрген уақытында тақтан тайдырып, өзін гурхан жариялайды. Бұдан әрі Джувейни мына деректі келтір өтеді: «Бұрын наймандардың көбі христиан дініне сенген» деп жазды. Бұл жерде келіп шығатын бір тұжырып бар, осы Иоанн патша Күшілік есімімен байланысты болу мүмкін. Себебі, Қарақытай билігін тартып алғаннан кейін, жергілікті мұсылмандарды будда және христиан дінің мазхабы несториан дініне кіргізу саясатын жүргізген деректер кездеседі. Бұл жайлы Исай Калашниковтың «Жестокий век» атты тарихи романында осы жайлы жазылған. Хан өзін мұсылман және өзгелердің билеушісі ретінде имам Алай – ад – Динмен арадағы дискуссиясы жазылған. Онда хан имамға өзінің атын қосып хутба оқуды талап етіп, халиф Ан – Насырға (1153 – 1225/ 1185 – 1225 жж. билік еткен) өз атына хутба оқуына рұқсат алып келуін сұрағаны жайлы жазылған. Хан өзінің құдіретті әмірші ретінде халифке өзін тең бәсекелес, мұсылман әлемінің қожасы болғысы келген хорезмшаһ Ала ад – дин Мұхаммедпен тең дәреже ұстағаны белгілі (1169 – 1220/1200 – 1220 жж. билік еткен). Ал ХV ғасырда Африка жерінен осы тектес аңыз таралған.

Осыған сай кейбіреулер Ақсақ Темір Азияны шеңгеліне алған кезде, христиан дінінің ондағы негіздерін түгелімен жойғандықтан, Азиядағы пірәдар Иоанн Африкаға қарай қоныс аударып кеткен болуы мүмкін деген жорамал жасалған(1, 242 бет).


Қорытындыға келе, бұл аты аңызға айналған пірәдар Иоанн патша есімі, сол замандағы орта ғасырлық мұсылман және христиан әлемінің өзара қақтығысы болғанын көрсеткен. Бұл өркениетік қақтығыс сол уақытьа жүріп жатқан ІІ крест жорығы (1147 – 1149) кезінен белгілі болғанын айтып өттік. Бұл аңыздың шығуы Батыс пен Шығыстың өркениеттің тоғысуының бірден бір жолы болып келген деп санаймын.

Пайдаланған әдебиеттер.

1. Су Бихай Қазақ мәдениетінің тарихы. – Алматы, «Дәуір – Кітап», 2013, – 497.
2. Т 12 Тайные войны востока Сост. В.Б. Захаров – Алматы: ИД «Кочевники» 2002 – 248 с.
3. https://ru.wikipedia.org/wiki/%D0%9F%D1%80%D0%B5%D1%81%D0%B2%D0%B8%D1%82%D0%B5%D1%80_%D0%98%D0%BE%D0%B0%D0%BD%D0%BD
4. Жиовонни дель Плано Карпини. Моңғолдардың тарихы / Жиовыанный дель Плано Карпини; Шығысқа бағытқа саяхатым/ Моңғол тілінің ауд. Ш.Тоқтамұратұлы. – Алматы; «Мерекенің баспалар үйі» ЖШС, «Mereke baspasy», 2012. – 264 б.
5. Ғабитов Т.Х. Қазақ мәдениетінің рухани кеңістігі. – Алматы: Раритет, 2013. – 400 б.

Автор: Көбегенов Ғабит Сағиұлы

https://nauka.kz/qzr0pjdsatvgaxec580356hvacre8t7pc5538pauvm

Ұқсас жазбалар