«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

ТҰҒЫРЫЛ ХАННЫҢ МЕКЕНІ МЕН СОҢҒЫ ӨМІРІ – 1

Ежелгі ел мекені

Керейттер өз тұсында өзімен көршілес көшпенді тайпалармен мүлдемге салыстыруға келмейтін, аса қуатты, төңіректің төрт бұрышына танылған ірі мемлекет құрған ел.

Олардың жалпақ жаһанға мағлұм болғандығының мысалын дін және сауда-саттық істері жағынан да айқын көре аламыз.

«Керейттерде сауда-саттық біршама дамыған. Қытай, парсы, мысыр, византия, ұйғыр, қаңлы, қыпшақ саудагерлері найман, керейт, онгуут, /уақ/ жері арқылы батыстан – шығысқа, шығыстан – батысқа үзілмей қайшыласып жіріп жатты. Керейттер  алтын бұйымдарын батыс саудагерлерінен; күміс бұйымдарын, торғын-торқа және түрлі-түсті маталарды Қытайдан кілем, жүзім, шайды т.б Орталық Азия, Мәуереннахр, Парсылардан алып тұрды. Сауда-саттық эквиваленттік тұрпатта болды. Алтын қоры керейттің бас ордасында сақталды»[1].

Керейлердің бір бөлімінің аз мезгіл несториан дініне сенгені хақындағы әдебиеттерде Орталық Азия, Түркістанға орныққан Визания және Мысыр миссонерлері мен саудагерлері арқылы аталған діннің әсер-ықпалы болғаны айтылады. Бұл туралы Абульфараджи деректемелеріне сүйене отырып, Н.А.Аристов керейт билеушісінің христианға бет бұрғаны туралы Мерн метрополиті Патриарх Ебеезуге хабарлағанын[2] айтады. Бірақ керейт өлкесінде несториан шіркеулері де, монахтары да болмаған. Несториан дінінің тамыр тартқаны туралы еш дерек жоқ. Плано Карпини 1246 жылы найман, керейт өлкесін басып өткен тұста аталмыш жұрт тек Тәңірге табынатын халық болған[3]. Алайда діндік ықпалдың өзі көптеген халықаралық қарым-қатынастардан дерек береді.

Керейттер ел болған соң, қамал салуды үйрене бастады. Әйгілі Қарақорым ХІІ ғасырдың соңында керейттердің бас қаласы болды.

«Қара хорум» (Қарақорым)[4] . Бұл – аталмыш мекеннің географиялық пішін-бедеріне орай ертедегі түріктердің қойған аты. Жерінің шұрайлылығына қоса, екі жағы қара қорым жартаспен қоршалғандықтан, сырт жаудан қорғанудан қолайлы болған. Ханзу тілінді «Но-Ііп» деп атайды. Қарақорым – ертедегі түріктердің ескі жұрты. Заваа Дамдин өзінің «Алтын дэвтэр» атты еңбегінде «Қарақорым VІІІ ғасырда пайда болған», – деп жазады[5]. Бірақ Қарақорымның іргесіндегі Ноян тауында жүргізілген археологиялық қазбалардың қорытындысына қарағанда, бұл қаланың іргетасы Хұн дәуірінде қаланған. Қаланы түрік тектес халықтардың барлығы дерлік басып өтті. Оны ХІІ екінші ғасырдың соңында керейттер мекендеді[6].

Керейттің және бір белгілі қаласының аты – Түндік. Ол Орхон өзенінің сағасында болыпты. Л.Р.Кызласов керейттер моңғол жерінде Цэцэй тауының қойнауында және бір қала тұрғызғаны, ол қаланы кейін Шыңғыс хан талқандағаны туралы хабарлайды[7]. Сөз болып отырған осы мекенде қазір Моңғолияның Өмнөговь аймағының Цогтцэцэй Самонының орталығы орналасқан[8].

Жоғарыда аталған жерлер – керейттің отырықты мекендері. Ал Ваңхан жорық кезінде сегіз дөңгелекті хассақ арбаға жасақталған есік, кереге, уық, шаңырағы алтынмен апталған «алтын үй – ордада» отырған. Ваңхан ер-тұрманын алтындатып, асты да алтын ыдыстан ішкен. Ваңханның Идэрхэн деген елшісі ер-тұрманы шымқай алтыннан құйылған қара сәгүлікпен жүргені туралы айтылады[9].

Керейт ханы мен оның қарамағындағы елдің өзіндік иелік жері болды. Жерге, ел, аймақтарды билеген хан ұрпақтары: бұйрық, шад, дархандар иелік етті[10]. Иелік жерге малын бағып, отын жаққаны үшін қара халық, жалшы-малшылар орталық және жергілікті билеушілерге азық-түлік салығын төлеп тұрды. Әр қосынның қыстау, жайлауы аталып берілетін болыпты. Тіпті керейт мемлекетінің аумағына кіретін өзге де көршілес тайпалар оларға алман-салық тапсырып, бағыныштылығын білдіріп отыратын болған. Бұл жайында Марко Поло: «Ваңханның даңқының артқаны соншалық, татарлар (моңғолдар – ред) Ваңханға он малдан бір мал салық төлейтін болыпты». – деп жазды[11].

«ХІ-ХІІ ғасыр аралығында керейт тайпасы Яг Явган (Заг Завхан), Тула, Сэленгеден шығыс моңғол құмына дейінгі сайын далада, батысы найман, солтүстігінде меркіт, оңтүстігінде ежелгі моңғолдар, шығысында Таңғұт (Си Ся) мемлекетімен іргелес жатқан ерте феодалдық хандық болды»[12].

«Керейлер X-XIII ғасырлар бедерінде көшпенді мал шаруашылығын негіз етті. Олар Хангай тауы мен Кентай тауының арасындағы ұлан-қайыр, суы мол, шөбі шүйгін керемет табиғи жайылымды алқаптарда көшіп-қонып жүрді. Олар жылқы, сиыр, қой, түйе түліктерін өсірумен айналысты… Керейлер малшаруашылығын негіз еткенімен, диханшылыққа да ден қойған халық… Керейлердің қол өнеркәсібі едәуір дамыған әрі жоғары шеберлікке ие. Олар да өзге этностар секілді алтынды айрықша бағалайды… »[13].

Әлкей Марғұланның айтуынша, «керей елінің мал шаруашылығы да, егіншілігі де, орталық қалалары да болған. Оң ханның орталық қаласы Исақ моңғол Алтайында тұрған, екінші астана қаласы Борсықатар өзені бойындағы Қара-Хото. Кеңес ғалымы Б.К.Козлов осы қаланың жұртын қазып зерттеген. Оңдағы христиан дініне табынатын шіркеу абаттардан қағазға, жібекке орхон үйғыр, сирия жазуымен жазылған жазулар кеп табылган… Оларды түркі тілінде, сирия тілінде жазған… Керейлер ғұн (һүн) әдеті бойынша бұғы-маралды ерекше қадірлеп, оған табынып жүрген… Алтай, Жоңғар даласында, Енисейде жоғарыда көрсетілгендей орхон жазуы бар қүлпы тастар кездеседі, олардың көбін жазған керей мен оңғыттар (уақтар) … Керейлерден қалған орхон жазуы бар құлпы тас Биук-тұран өзенінің бойында тұр. Оған: «Алтын ілгек кісені білімге бұғұндым» (Алтын ілгекті кісені беліме буындым) деп жазылған[14].

Ә.Марғұланның аталған шағын деректерінен өте үлкен географиялық аймақтың картасын көреміз.

Біріншіден, екі ірі қаласы болғандығы –  Исақ,  Қара-Хото.

Екінші, Керейлердің ғұн (һұн) әдеті бойынша бұғы-маралды ерекше қадірлеп, өздері қоныстанған байтақ аймақта – Алтай, Жоңғар, Енисей  далаларындағы қүлпы тастарға Орхон жазуымен белгілер қалдырғандығы, жартастарына бұғы-маралдың суретін салғандығы. Соның бір мысалы ретінде:  «Керейлерден қалған Орхон жазуы бар құлпытас Биук-тұран өзенінің бойында тұр. Оған: «Алтын ілгек кісені білімге бұғұндым» (Алтын ілгекті кісені беліме буындым) деп жазылғанын» айтады.

Б.Батсүрэн[15] «Моңғолиядағы байырғы мемлекеттердің мекен жайы»  деген еңбегінде  Керейлердің мекенін орталық Моңғолияда екенін көрсетеді.

Моңғол тарихшысы А.Амардың жазуына қарағанда, қазіргі Тула өзенінің шығыс бойын керейттер мекендеген. Осы күнгі Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласы орын тепкен әйгілі Богда тауы кезінде керейттің хан ордасы орналасқандықтан, «Хан тауы» атанған[16]. Бұл кезде керейт елі әскери құрамы тұрғысынан екі тарапқа бөлінетін. Тогорил Ваңханның оң қолы Тулсутан, Жолсутанда, сол қолы Илат, Тарат (Тариат), Аиджие, Күтукен, Урут, Укрут, Ийлет Тертитте орын тепкен[17].

«Тоғырылхан тұсында Керейттер ұлысы солтүстікте – Селенганың жоғарғы бойынан, оңтүстікте – Хуанкеге дейінгі, батыста – Хангай тауынан, шығыста – Халкин Голге дейінге жерлерді еркін жайлаған»[18].

Көрсетілген деректер бірін-бірі толықтап, сол тұстағы керей мемлекетінің соншама кең аймаққа құшақ жайып жатқанын көрсетеді.

Түркі жері немесе қазақ жері мен қазақ мемлекетінің іргетасын қалаушы ірі тайпалар қатарындағы керейт, найман мемлекеттерінің териториялық аумағы сөз болғанда – біз оны тұтас түркі даласымен қарастыруымыз қажет.

Тұғырыл ханның мекені, Шыңғыс ханның орда тіккен жерлері, Тайбұға құрған Сібір мемлекеті және халық ішіндегі аңыз-әпсаналар біздің мекеніміздің бүгінгі териториялық аумағы бойынша алып айтқанда – моңғолия жерін, ресейдің солтүстік аймағын, қытайдың батыс аймағын, батыста Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан сынды елдерге дейін тіреп жатқан байтақ алапта, тарихи оқиғалар тұсында төңкеріле аунап көшіп-қонып жүргенін көрсетеді. Соның ішінде аңғарлы Алтай тауы, еміренген Ертіс өзені қамтыған бай аймаққа керей, найман әулеттері ұзақ бауыр басқан.

Алтай аймағындағы керей тайпасынан шыққан шежіреші Мәми керей ұлысының арғы тегін мынадай сегіз тайпадан таратады: Шеп, Сеп, Байлау, Қойлау, Елдей, Көлдей, Изен, Жусан. Осы Мәми айтқан тайпалардың аты VII-VIII ғасырлардағы Жұңго (Қытай – ред) жылнамаларында да бар, олардың көбі қазіргі Жоңғарияны мекендеген Телі тайпаларының қатарында аталады. VII гасырдың басында Жоңғариядағы Шеп, Сеп, Байлау, Қойлау тағы басқа тайпалар Шығыс түрік қағанатының үстемдігіне қарсы көтеріліс жасап, 607 жылы Шеп тайпасының бастығы Керін Еркінді хан көтеріп, «Изен Баға қаған» деп атаған. Оның хан ордасы Танхан тауында (қазіргі Боғда тауында) болған. Ол Жоңғариядағы тайпаларды бастап соғысып, түріктің Чоро қағанын жеңіп, Құмыл, Қарашары қатарлы жерлерді бастықтырған[19].

Аталған әдебиеттер Әлкей Марғұлан дерегін одан ары растап – Жоңғар (Жоңғария) даласын Боғда тауы, Құмыл, Қарашары сынды жер атауларымен толықтырады.

А.Күзембайұлы, Е.Әбіл, Т.Әлібектердің «Орта ғасырдағы Керей хандығы» еңбегінде:  «Керей хандығының жері Селенгінің жоғарғы жағынан солтүстікте Хуанке өзенінің оңтүстік бас­тауына, Хангай тауынан батыстағы қоңырат пен татардың Бұйыр-нор мен шығыстағы Халкин-голға дейінгі жерді алып жатты. Солтүстікте керейлер монғол тілді ойрат және меркітпен, батыста найманмен оңтүстікте Си-Ся мемлекеті таңғұттармен және өздеріне бағынышты тоған немесе «аша» -мен шекараласқан» деген жолдар бар[20].

Оң ханның (Түғырыл ханның  – ред) тұсында керей елі мейлінше күшейіп, ұланғайыр өріске көсіле шалқыған.

«Оң ханның жеке жазғы жайлаулары: Талан Дабан, Гусаур, Науыр.

Оң қанатты әскерінің жұрты (тұрақтау орны): Тулсутан, Жалсутан.

Сол қанаттың (жұрты): Илат, Тарат, Убжийа, Кутиган, Урут, Укурут, Йллат, Тартат.

Қыстаулары:  Утукин муран, Уруан, Туш Барауу, куркин, Шира Кулусун, Утку Кулан, Жилаур Кулан. Олардың руларынан шыққан құрметті патшалары болған. Ол замандарда (керейт) сол аймақтағы өзге руларға қарағанда үлкен күш пен құдіретке ие болған… Олардың өмір сүрген мекені Ұнан мен Килураң (өзендерінің бойы), Мұғулстан жері және бұл аудандар (яғни Мұғулстан жерінің бір шеті) Қытай уәлаятының шекарасына жақын (бірақ онымен шекараласпайды. (Қытай уәлаятының шекарасымен шекарласпауының себебі, олардың арасында басқа тайпалардың қоныстары орналасқан – аудармашыдан)[21].

Рашид ад-дин жоғарыдағы деректен қалса, Тұғырыл ханның әкесі Құрша құз Бұйрық ханның жұрты туралы мынадай да дерек айтады:

«Басқа бір мұғул кітабынан келесідей (дерек) табылды: Қурчақуз Бұйрық (Құршақұз Бұйрық) ханның Урта Балғасун (Орта Балғасұн) өңірінде жұрты болған екен. Және Гурхан мен Оң ханға Йағ Йабғаннан (Жақ Жапқаннан) жұрт (мекен) берді. Ал Тайтимур (Тайтемір) тайшы мен Йула Мағусқа (Жыла Мағұсқа) Қарағас Буруғус (Қарақас Бөріқұс) өңірінен (орнын берді)[22]. Рашид ад-диннің бүкіл томдарын жітілей ақтарар болсақ, бұдан басқа да мекендік белгілер көптеп табылады.

«Юаньши», «Шэн у цинь чжэн лу», «Юань чао би ши» мен Рашид ад-дин шығармасы сияқты қытай, моңғол және мұсылман деректерінің барлығында Тұғырылдың бір реткі соғыста ауыр соққы көріп, шетелге қаңғып кеткендігін жазған[23]. Тарихи деректердің барлығы Тұғырылдың бұл жолғы ең соңғы барған жері ретінде Шу өзенінің бойындағы Баласағұн қаласын  көрсеткен. Ендеше, жоғарыда айтылған «Қурчақуз Бұйрық (Құршақұз Бұйрық) ханның Урта Балғасун (Орта Балғасұн) өңірінде жұрты болған екен» деген деректегі  Урта Балғасун (Орта Балғасұн) Шудың бойындағы осы Баласағұн қаласын меңзеп тұрған жоқ па деген де ой туады. Қалай болған күнде де қазіргі Моңғол даласы мен Қазақстан аумағындағы сол тұстағы түркі тайпаларының бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста екендігі байқалады.

«Жаһанды жаулап алушының тарихы» атты кітабында Жұуейин мынадай мәлімет келтіреді: Шыңғыс хан шабуыл жасап Оң ханды өлтірген соң, Оң ханның інісі Сенгүн керей елін бастап, Бесбалық өңіріне қоныс аударады. Олардың елінің өрісі Күшар өңіріне дейін созылып жатты дейді. «Марко Полоның саяхатнамасында»: «керей ұлысы Шыңғыс ханнан жеңілген соң оган тәуелді елге айналды. Керейлердің біл бөлегі батыс жаққа (Шығыс Қазақстан жеріне) қоныс аударады. Олардың астанасы Тенді деген қалада болды. Керейдің билеушілерін моңғол қағаны тағайындап отырды. Қаған (Шыңғыс хан) керей елінің билеушілеріне хан әулеті қатарында мәміле жасады, өзінің ханшаларын оларға беріп келді» дейді. Марко Поло керей еліне келгенде Оң ханның шөбересі Керегі хан керей елін билеп тұрған екен[24].

«Қытайдың батыс Хан дәуіріне келгенде ғұндар Алтай даласына дейін қанат жайған. Ғұн тәңірқұтының билік иелері – Әжік, Хагат, Тезек, Хоханше, Қағиян секілді тәңірқұттар Алтай даласын бірінен соң бірі билеп тұрған. Ал осыдан кейінгі кезеңдерде бір мезет батыс түріктер, қарлұқтар дәурендеген. Шыңғыс ханның қанды жорығына дейін Алтай тауының негізгі иелері керей, найман тайпалары болған»[25].

Түркі әулетінің Алтайдағы өмір тарихы біздің заманымыздан бұрынғы ІV-V ғасырлардан басталады. Түркілер алтын, күміс, темір қорытып, дулыға, сауыт-сайман, түрлі қару-жарақтар соға бастаған. Археологтардың Алтайдан VІ ғасырда темір қорытқан орынды табуы осының айғағы. Алтай түркілерінің Дулағат («Дулыға қалпақтылар») тайпасынан шыққан Бумын 552 жылы «теміршілер көтерілісін, басқарып, Хангай жотасынан Қарпатқа дейін қанат жайған Түрік қағандығының негізін қалады. Түрік қағандығы 200 жыл салтанат құрды.

Орхон-Енисей тас жазуында: «Ол йылқа түргіс тапа Алтун йышыг тоға, Ертіс үгүзік кече йордымыз» («Сол жылы түргешке қарсы Алтын қойнауынан аса, Ертіс өзенін кеше жорыттық») – деген жолдар бар[26] Бұдан Түрік қағанаты өмір сүрген VІ-VІІ ғасырларда Алтай тауы Алтын қойнау (Алтын тау) аталғанын көреміз. Сонау Геродот заманындағы Алтынтағ өз мәнін өзгертпей келген деп тұжырым жасауға болады.

Түрік қағандығы тарағанымен оның халқы бір жаққа көшіп кеткен жоқ. Әлкей Марғұланның жоғарыдағы дерегі бойынша қарағанда, әрине, түркінің күл төккен жұртындағы тастарды таңбалаған керпейлердің сол байтақ алапта қоныстанғаны анық.

«Қазақстанның көне тарихында» араб авторы Әл-Маруазидің мынандай дерегі келтірілген: «Қарлықтар бұрын Тулис тауын (Алтайды) мекендеп, тоғыз-оғыздарға тәуелді болған. Кейін олардың үстемдігіне қарсы көтеріліс жасады. Одан соң түргеш елін жаулап алды да, мұсылман елдеріне жорық жасады»[27] Мұндағы тоғыз-оғыздар да керей елін құраған байырғы тайпаларды меңзейді. Осы өңірлерде бой көтерген керей хандықтары да күллі әлемге танымал болған.

Кейінгі дәуірлердегі орыс, қытай, моңғол болып ұлттық, мемлекеттік жіктерге, шекараларға бөлінуге байланысты ежелгі ел-тайпалардың шекера сызықтарын шектемемен көрсететін мүдделік идеяның көріністері көп.

Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» атты көп томдығын түпнұсқадан қазақшаға аударып, түсініктемесін жазған Оразбай Зәріпбай Жұманұлы аталған еңбекті қайтадан саралай келе, «Керейт және найман тайпаларының өмір сүру аймағы» тақырыбында арнайы тоқталып, деректер негізінде былайша тұжырым жасайды:

«… Қарастырылған дәйеккөздерден керей халқының Ертіс өзенінің оң жағалауында Алтай тауларының батыс тарапындағы баурайында өмір сүргені және олардың өмір сүрген мекендеріне «Мұғулстан жері» деп аталған аумақ та іргелес екендігі белгілі болды. Сөйтіп, керей халқының жерінің батыс шекарасы – Ертіс өзені, солтүстік-шығыс шекарасы – Алтай тауларының батыс баурайында, оңтүстік-шығыс шекаралары – Мұғулстан жеріне дейін созылған еді.

Ұнан мен Килураң аймақтарының керейлерге іргелес аумақтарда орналасқандығы да үлкен маңызға ие, себебі бұл мекендер – Шыңғыс ханның туып-өскен аймағы, оның ата жұрты…

Керей мен найман тайпаларының өмір сүру мекендері мен аймақтарын Ертіс өзені мен оны тағы да Көк-Ертіс өзені деп атайтын, Зайсан көлінің жағалаулары бөліп тұрған…»[28].

Рашид ад-дин еңбегіндегі мына жолдар да ерекше назар аударуға татиды: «Шыңғыз хан мен Оң хан Улқуй Шилугалжит аймағынан көшіп Унгу (Үнгу) (қорғаны) жағына қарай кетті. Ол жер Қараун Жидунның (Қарауын Жидүнның) шекарасындағы Наачар ақа (аға) жұрты болатын. Ол Үнгі (қорған) Ескендірдің қорғанына ұқсайды, Қытай уәлаятының шекарасында тұрғызылған.

Оң ханның ұлы Сангун (әскердің) қанатында еді. Ол одан (таудан) түскен кезде (аталған) қорғанға ұштасатын орманға келіп жетті. Ол оған (қорғаннан өзіне) әлі жетпеген еді, (сонда) Бұйрық хан (оларды байқап қалып): «Бұл мұғулдардың руы. Біз олардың барлығын бірден қырып саламыз», – деді.

Сөйтіп, наймандардан, олармен бірге мұғул руының қатаған руынан шыққан Оқыш баһадүр мен меркіт патшасы Тоқтабектің бауыры Құуды (әскерімен) алға жіберді. Олар Санунге дейін жетіп, соғысуға сап түзеді, алайда шайқаспай, қайтып оралды.

Сангун да қозғалып Үндіге (қорғанның қасына) келді…»[29]

Мұндағы Унгу (Үнгі) – қытайдың Ұлы қорғаны аталған қамалын меңзейді.

Қазіргі кезде қытайдың Ішкі моңғол автономиялы аумағында қоныстанып отырған өздерін қазіргі моңғол ұлты санайтын байырғы керей, наймандардың да санының аз емес екенін ескерсек, олардың өз дәуіріндегі хандық мемлекеттерінің бір қанатының қытай Ұлы қорғанына дейін тірелгені шындықтан алшақ кетпейді. Шын мәнінде қорғанның Ғұндардан сақтану үшін салынғанын назарға алсақ, одан кейінгі түркі дәуірі және оның заңды мұрагерлері – керей, найман, т.б.лардың сол өңірге дейін кереге жайғанына таңдануға да болмайды.

Моңғол зерттеушілері мен қаламгерлері қазірде өздері қоныстанған аймақтың ежелгі иесі түркілер болғанын жоққа шығармайды.

«Қазіргі Моңғолдың териториялық аумағы ежелгі моңғолдардың қоныстануынан бұрын түркі тектес ұлыстардың неше мың жылдар бойы мекенденген ұйығы. Оның нақты дәлелі жер-судың атауларының көбісі түркі тіліне құралғандығы. Байқал – Байкөл, Хөвсгөл – Көк сулы көл, Увсы – Шөпті, Ачит – Ащы көл, Алтай – Алатау, Отгонтэнгэр – Оттәңір, Хэнтий – Кенді тау, т.с.с.

Сондай-ақ Идэр, Онон, Орхон, Туул, Байдраг, Хэрлан дарияларының атауларының сөз төркіні түркі сөзінен. Аталмыш жер-судың түркілік атаулары – адамзаттың өзі қойған байырғы сойы. Күндер өткенде бұл жерде қандай да бір ұлт, ұлыстардың мекендеп, қоныс тебуіне қарамастан ауыздан ауызға жалғасқан аумақтың ат-жөнін қалпынша ұласып бүгінге жеткен[30].

Жоғарыдағы Н.Мыңжани дерегіндегі байырғы керейлерді құраған Шеп тайпасының бастығы Керін Еркіннің «Изен Баға қаған» атты хан аталғаны мен оның хан ордасының қазіргі Үрімжі маңындағы Боғда тауында болғанына назар салсақ, сол тұстағы керей мемлекетінің аумағының аса кең болғандығын немесе керейт мемлекетінің бір ірі хандығы (мемлекеті) болғанымен оның басқада ұсақ бектік, сұлтандық сынды шағын хандықтары болғанын байқаймыз.

Мұндай басқару дәстүрі Құршақұс Бұйрық хан тұсында да болған екен. «Керей хандығының хан тағында Құршақұс Бұйрық хан отырған кезде, ол келешек хан тағына мұрагер аға-інілері мен мұрагер ханзадалардың билікке болған таласын болғызбау мақсатында ұлыс территориясын жекелеген иеліктерге бөліп, оларға бөліп берген… Ұлысты бұлайша жекелеген иеліктерге бөліп басқару көшпенділердің  мемлекеттік жүйесіндегі ертеден келе жатқан үлгі саналады»[31].

Кейбір тарихи әдебиеттер қазіргі қытай аумағына қарасты Гансу (кей деректе Кеңсу) өлкесінің және онымен қанаттас жатқан Чиңхай өлкесінің, ондағы Көкнур (Көккөл) аумағының ежелгі керей жұрттары болғанын тілге тиек етеді. Тіпті осы өңірлердің батыс  қапталының Гималайға дейін тірелетін тибеттіктер қоныстанған Таңғыт таулары баурайында да керей іздері көп.

«Моңғолдың құпия шежіресінде» бір реткі ағайын ара тақ таласта әкесінің інісі Горханнан жеңіліске ұшыраған Оң ханның «Ұйғырдың, Таңғыттың  қалаларынан өтіп бес ешкінің сүтін суалғанша сауып, түйенің қанын қанап ішіп әбден шалдығып» Тибет жерінде (қазіргі Чиңхай, Шизаң өлкесі) болғаны сөз болады. Қытайлық қазақ тарихшысы Жақып Мырзаханұлы өзінің «Қазақ халқы және оның салт-санасы» еңбегінде қайта атқа қонған Тұғырыл Ясукейдің көмегімен Горханды жеңіп, «оны өзеннің батысына қуып жібергенін» жазады. Әрі осындағы өзен атауына түсініктеме беріп: «өзеннің батысы – қытай тіліндегі деректерде Хуаңхының батысындағы өңірлер»[32] дейді. Хуаңхының батысы қазіргі қытай аумағындағы Гансу, Чиңхай өлкесін меңзейді. Гансу, Чиңхай, Шизаң өлкелері қытайдың қазіргі Ішкі моңғол автономиялы өлкесінің батыс және батыс оңтүстік қанаты есептеледі. Былайша айтқанда ежелгі ғұндардың, түркілердің қоныстанған аймақтары – Ұлы қорған атанған қытай қамалының сыртындағы аумақтар.

Рашид ад-дин: «Кірайдайды (Керейдай – Жағамбу – ред) жастық шағында таңғыт руы тұтқынға түсірді. Біраз уақыт бойы ол олардың арасында қалып, (ол жақта) құдіретті және құрметті болды. Ол ақылды және қабілетті болғаныдқтан, оған Жағамбу деген лақап ат берді. Яғни «Жаа» (сөзінің мағынасы) – уәлаят, ал гамбу – ұлы әмір, яғни (қоса айтқанда) «уәлаяттың ұлы әмірі»»[33] дегендерді баяндайды. Сол Кірайдайдың (Жағамбудың) бір ұрпағының – «Тангуд (таңғұт Алашаға қызмет еткен Ван ханның ағасы Джака Канбудың ұрпағы)»[34] аталуы да таңғыттармен болған қарым-қатынастарға байланысты болса керек. Тұғырыл ханның ұлы Сангуннің соңғы өмірі хақында да оның жоғарыда айтылған Ұйғыр, Таңғыт жеріне қарай қашқаны сөз болады.

Демек, мұның барлығы керейлердің Тибет өңірімен, таңғыттармен тығыз  байланыста болғанын көрсетеді.

Керейлердің тұтас Ертіс бойында, Алтай тау сағаларында көшіп-қонып жүрген ескі әпсаналары мен Тайбұға арқылы Түменнен бой көтерген керей мемлекетінің мұрагер  хандығы да көп ойларға жетелейді.

Қорыта келгенде, керей, найман мемлекеттерінің гүлденіп-көркейіп, күллі әлемге мағлұм болып тұрған шағындағы териториялық аумағы түркі қағанаты мекендеген аймақтың ұлтанды, шұрайлы бөлегін қамтығанын көрсетеді.

Демек, империяларға бағынышты болған әдебиет түркілер және олардың мұрагер тайпаларының мекендік карталарын барынша қысып, тарайтып, өздерінің жаулап алған жерлерінің шекарасынан ішке қарай кіргізгізі келмеуінен көптеген қате ұғым-түсініктердің қалыптасқаны байқалады. Энциклопедиялық анықтамалықтарда керей, найман, қоңырат, қыпшақ, жалайыр сынды тайпалар сөз болғанда: «олардың байырғы отаны – қазіргі моңғолия аумағы» дейтін сыңаржақтылы көзқарас бар. Сондай көзқарастар мен түсініктерді тудыруға бағытталған, айналымда жүрген әдебиеттермен ондағы мекендік көрсеткіш карталарына сенудің өзі қиын. Тіпті оқулықтарға да кіріп үлгерген ескі әдебиеттік үлгілер өрісімізді тарылтып, өз мүддемізді басқаға байлауға бейімделген.

Сондықтан да өзгелер жағынан жазылған, өз түп төркінімізге тікелей қатысты болған тарихтың барлық парағы түркілік ортақ идея тұрғысынан қайта қарауды, саралап-сараптауды қажет етеді.

Жалғасы бар…

 

Пайдаланған әдебиеттер:

[1] «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы» (ежелгі және ортағасырлық кезең). Монографиялық зерттеу. – Алматы: «Адамдар» ЖШС. 2007 жыл. 221 бет.

[2] Аристов Н.А. Усуни и кыргызи или каракыргызи: очерки истории и быта населения Западного Тянь-шаня и исследования по его исторической географии. «Кыргызстан». 2001.С.387.

[3] Плано Карпини и Гильом де Рубрук. – Алматы. 1993. С.64-65.

[4] (Бичурин) Иакинф, История первых четырех ханов из дома Чингисова.

[5] Заваа Дамдин. «Алтын дэвтэр» қолжазбасы. 122-б.

[6] «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы» (ежелгі және ортағасырлық кезең). Монографиялық зерттеу. – Алматы: «Адамдар» ЖШС. 2007 жыл. 223 бет.

[7] Кызласов Л.Р. Очерки  по Сибири и Центральной Азии. -Кр. 1992.С.130.

[8] «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы» (ежелгі және ортағасырлық кезең). Монографиялық зерттеу. – Алматы: «Адамдар» ЖШС. 2007 жыл. 223 бет.

[9] Монголын иууц товчоо, -УБ., 1990.184-бап,143-б.

[10] Д.Гонгор. Халх товчоон, т.1.-УБ., 1978.96-б.

[11] Марко Поло, Путешествия, – Л., 1940. С.58.

[12] «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы» (ежелгі және ортағасырлық кезең). Монографиялық зерттеу. – Алматы: «Адамдар» ЖШС. 2007 жыл. 215 бет.

[13] Су Бихай «Қазақтың жалпы тарихы», 2-том. Ауд: Т.З.Қайыркен. «Асыл кітап» баспа үйі, Алматы. 2019 жыл. 244-245 беттер.

[14] Әлкей Марғұлан. «Тамғалы тас жазуы» // «Жұлдыз» журналы, № 1, Алматы,

1988 жыл.

[15] Батсүрэн Б.  Монголын эртний улсуудын нутаг дэвсгэр (түүхэн газарзүйн шинжилгээ).-Улаанбаатар, 2003. -148.

[16] Амар А. Монголын товч туух.-УБ., 1989. 114-115 бб.

[17] Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 1-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл.

[18] «Қазақстан тарихы пәні» оқулығы. «Найман және керей ұлыстары». https://studfile.net/preview/2459846/page:12/. «Тұғырыл хан». Алматы, «Palitra Press»,

2019 жыл. 209 бет.

[19] Н.Мыңжан. «Қазақтың көне тарихы». Алматы: Жалын, 1994 жыл. 158 бет.

[20] Күзембайұлы А, Әбіл Е, Әлібек Т «Орта ғасырдағы Керей хандығы» (http://edu.e-history.kz/ru/publications/view/418). «Тұғырыл хан». Алматы, Palitra Press», 2019 жыл.

221-222 беттер.

[21] Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 1-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл.

116-117 беттер.

[22] Бұлда сонда. 120 бет.

[23] Сун Лянь. Юаньши (Юань патшалығының тарихы). – Пекин: ЧХШЦ,  1976. 6 б.(Sòng Lián: «Yuánshǐ», Běijīng: Zhōnghuá shūjú jiàokān běn, 1976 nián); Ошан Ж., Еженханұлы Б. Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. – V том. – Әулеттік тарихи жылнамалары. – 3-бөлім. – Алматы: Дайк-Пресс, 2005., 39 бет.

[24] Н.Мыңжан. «Қазақтың көне тарихы». Алматы: Жалын, 1994 жыл. 164 бет.

[25] «Алтай аймағының жалпы жағдайы», Шынжаң халық баспасы, 1989 жыл.

[26] Жолдасбеков М. (аударма). «Йоллығтегін. Күлтегін. Көне түрік жазба ескерткіштері». – Алматы: «Білім», 1994 жыл.

[27] «Қазақстанның көне тарихы». Алматы: Жалын, 1993 жыл.

[28] Оразбай Зәріпбай «Ұлы даланың ұлы тарихы». Алматы, ВRK Рress, 2019 жыл. 96 бет.

[29] Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 2-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл. 62 бет.

[30] Баабар «Моңғолдың тегі» мақаласы. С.Рахметұлы аудармасы. Моңғолия. «Шұғыла» 2016 жыл. №4 – 191. 3-4 беттер.

[31] Қазақ ру-тайпаларының тарихы. XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл. 58-59 беттер.

[32] Жақып Мырзаханұлы. «Қазақ халқы және оның салт-санасы», Шынжаң халық баспасы, 1992 жыл. 207 бет.

[33] Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 2-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл. 46-47 бет.

[34] Қазақ ру-тайпаларының тарихы. XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл. 116 бет.

Жәди Шәкенұлы

«Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» кітабынан

Ұқсас жазбалар